Өлеңдер ✍️
Экспромт
(Күйші Роза мен әнші Нұрияшқа)
Аққайыңның жөні бөлек жай талдан,
Періште-өнер сыбаға алмас сайтаннан.
Маңғыстаудың мақтаны хас майталман!
Тартам деген тереңінде тарта алған,
Айтам деген биігінде айта алған.
Күйінен — күн, әуезінен ай тамған —
Сендерді олқы дей алады қай талғам!
Тас төбеңнен мың шағала шулатқан,
Дауыл күнгі телегейдей сайқалған.
Басқа әлемнен мың бұлбұлы үн қатқан,
Сәуір мұңды жазғы бақтай шайқалған!
Қиырыңа көз тігем деп ой талған,
Талған ойды зорықтырмай қайтарман.
Тау көзінен тамбай қалған сәуледей
Сендердегі үн — түн тылсымнан байқалған!
Сендер деймін — сипаса жел арқамнан,
Шырқаса көл —
көмейінен бал тамған...
Тұнық үнге қала берем тұншығып,
Жұлдыздарды санап жатып шалқамнан.
Аспанымда, асқарымда басылып
Қалғай мәңгі күй-мөрлерің, ән-таңбаң.
Анталаса қаума, құрма, алқа алдан,
Пірлі өнерге бас игізіп ант алған —
Айрылма, елім, осылардай қалқаңнан
Антына адал, сертіне сай жұрт болса
Қаратаудың қатпарынан күй қашып,
Манатаудың жақпарынан тарқар ма ән?!
Ұшанына жетемін деп жел талған,
Айналайын, абыз дала — дарханнан...
Қаратаудың халал болса құралы,
Манатауым аман болса мұралы,
Күй күңірсіп, ән ыңырсып тұрады:
Кебіндері жидіп кеткен қаңқамнан,
Кеуіп қалған Кенеземнен, Аңқамнан.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter