Өлеңдер ✍️
Замандасқа сыр
(толғау)
Сізге айтамын сырымды, замандасым,
Самал шамдар тербетсе баған басын.
Аппақ сәуле қаптаған кеңістігім
Тоқтай қалып, бұрады маған басын.
Сырласпаса бола ма сыршыл адам,
Тілектес боп сыртымнан жүрші маған.
Тербетпесе болмайды тіршілікті,
Тербелумен дүние тұрсын аман.
Мені көрсе дүние қалт тынады,
Тілге салып жырлауды салт қылады.
Айналамын, ұлы өмір, мен өзіңнен,
Сан бояуы құбылған қалтқыдағы.
Жылы леп боп іргеден жел ескенде,
Қызғалдақтар құлпырды белес-белде.
Тербелемін айналып ақ қайыңға,
Теңселемін күн мен түн теңескенде.
Мен кеткенмін айналып ақ қайыңға,
Туған жердің жап-жасыл тақтайында.
Өмір, өмір, сен жайлы жыр жазайын,
Сағынышты жүрекке сақтайын да.
Қауышқанда сағыныш мекенімен,
Мөлдіретіп мұңымды өтемін мен.
Керуендей тізілтіп көш құрадым,
Желпіп жеткен жылдардың жетегімен.
Құлпырғаны несі екен мұнша белдің,
Лықсығаны несі екен мұнша көлдің?
Махаббаты жанымды тұр жылатып,
Алақаны осынша жұмсақ елдің.
Мен жылаймын, емес ол мұңайғаннан,
Жыламасқа қоймады мына-ай жалған.
Жөңкіп аққан бұлттарды көргеннен ол,
Сұлу күнді көргеннен шыр айналған.
Аумайды өмір «былғары шегіреннен»,
Сөзден ғана жүдеймін, семірем мен.
Емеуріннен ұғатын ел болмаса,
Тереңдерім несіне тебіренген?
Аяғыма кигенім алтын етік,
Мұхиттардан барамын шалқып өтіп.
Бар бояуын дариға дәуренімнің
Жарық күнге апарам жалқын етіп.
Ақ бұлақтар ағады бұрқылдаумен,
Сағат тілі тұрады сыртылдаумен.
Көк кептерге айналып көлбей ұшып,
Бара жатыр, дариға, шіркін, дәурен!
Жұпар аңқып жастықтың жалын бағы,
Жаз келгенде жаңбырым қалыңдады.
Қанатымен қарлығаш су сепкенмен,
Оңайлықпен қамалдар алынбады.
Ұмыта алмай жүргенде күрес- күнді,
Күрсіндіріп жүретін жыл ескірді.
Санамайтын қадамын қайран уақыт,
Желбіретіп желбегей ілестірді.
Желпілдейді желбегей желге неге?
Жібектеулі астары сенде деме.
Қара түтін шұбатып бара жатыр,
Ақ желкенін көтеріп көлде кеме.
Сырымды айтқым келеді неге менің?
Мен сөйлесем, рақатқа бөленемін.
Дақпырттардан өз даңқын асыруға
Кернейлерін созады кемедегі үн.
Кеме даусы өз даңқын асыруда,
Толқын біткен толғанып бас ұруда.
Көмейіңе кептелген дыбыс болса,
Жасыруға болмайды, жасыруға!
Кеме даусы өз даңқын асыруда,
Тыныштықтың мазасын қашыруда.
Кеме кетер, қалады бірақ үні
Келешектің керемет ғасырында.
Кеме жүзіп кетеді алыстарға,
Керней үні жетеді ғарыштарға.
Естиді оны, кемені еске алады
Бейтаныс та, кездейсоқ таныстар да.
Тез адымдап жетсе де лекпенен,
Өкінеміз жылдарға гүл екпеген.
Тағдыр бетін өзіне бұрар бәрі
Жүрекпенен және де тілекпенен.
Алса-дағы мұңайып, күрсініп дем,
Жалықпайды адамзат тіршіліктен.
Жаз-ғұмырды жырлайды құстар-дағы,
Аз ғұмырды жырлайды жыршы біткен.
Жұпар-ғұмыр жайнаса гүл-кешенде,
Тамаша боп кеттің-ау мүлде сен де.
Қара түнге қамыққан қайыр тіле,
Жарқыраумен шығатын күнге «есен» де.
Оралғасын үлдемен, бүлдемен де,
Тамаша боп кеттім-ай мүлде мен де.
Өксіп-өксіп өзенім аққаннан соң,
Өмірімді қосамын күнде өлеңге.
Тамаша боп кеттім-ау мүлде мен де,
Жырмен сәлем жолдаумен мұңды әлемге.
От пен судың жүргесін ортасында,
Қаңтармен де қауыштым, шілдемен де.
Тамаша боп кеттім-ау мүлде мен де,
Шашырайды жарығым мың көлемде.
Шабытпенен шалқарым шайқалғасын,
Мұхитпен де қауыштым, жылғамен де.
Шабытпенен шалқарым шайқалғасын,
Мен айтамын өзгенің айта алмасын.
Қап-қара боп тұрса да түнге сенем,
Барар таудың бағыты байқалғасын.
Қап-қара боп тұрса да түнге сенем,
Түнге сенер болмасам кімге сенем?
Кеудесінде күні бар замандасым,
Көз айырғым келмейді мүлде сенен.
Бұлқынады жүрегім, бұрқанады,
Салтанаттың шаттығын шырқағалы.
Ей, адамдар, кірпішін мұңнан қалап,
Жырдан салғым келеді бір қаланы.
Жұпар жаңбыр маусымда бұрқыраған,
Шымшық дауыс бақтарда шырқыраған,
Өлеңдетіп ұлы өмір тұрған кезде,
Өлмейтұғын болсайшы, шіркін Адам!
Адамдардың ғұмыры қысқа неге,
Тербеледі тіршілік тыста неге?
Топыраққа көміліп қалғанынша,
Айналмайды алтындар мысқа неге?
Қызықтырып қызғалдақ қанжығада,
Сарғаяды сарғалдақ сан жұмада.
Емеурінмен айтпасаң есті ойыңды,
Ерініңе елеусіз бал жұға ма?
Қаққан кезде қара түн қақпаларды,
Оқу керек түн жазған тақталарды.
Жанарына самала жарқыратып,
Тербетеді дүние аппақ арды.
Қара сулар қапталдан қаптағанда,
Қызыл гүлдер тапталып жатты алаңда.
Жауқазындар, гүлдеді, жайнады кеп
Жалын жырын жастықтың жаттағанда.
Ғаламатты жазамын ғұмырдағы,
Шамырқанды, шымқай көк шымырлады.
Терек болып жайқалып бара жатыр
Жер ананың төсінде жұмыр дәні.
Кеудесінде болғасын тұрақты әні,
Жылытады жанды үміт жырақтағы.
Ертеңіме қояды ұмтылдырып,
Мынау мәнді өмірдің мұраттары.
Құшағында ымырттың мүлгиді әлем,
Қою іңір жетеді ылдименен.
Шықпайды ылғи түсімнен жасыл дала,
Баурайында бұралып гүл билеген.
Тереңдерді бола ма тұнық деуге,
Жартыларды бола ма сынық деуге?
Әлсіздігін жауының байқағасын,
Оқ тессе де, тұрады күліп кеуде.
Әлсіздігін жауыңның байқағасын,
Жеңіс жырын сен-дағы айта аласың.
Замандасым, оңай деп ұқпа, бірақ,
Көлеңке мен күнгейдің тайталасын.
Ойшыл адам болады уайымшыл,
Кірпіштері алтыннан құрайын сыр,
Сені салқын сарайға шақыруға,
Тотықұсты ұстайын, қуайын шіл.
Сені салқын сарайға шақыруға,
Қымыз көлім сабасын сапыруда.
Аппақ арман кеменің кенересі
Ақбас толқынн жалдарын жапыруда.
Әріппін мен, қарамен, ақпенен тер,
Асықпа тек, сабырлы баппенен тер.
Тұратынын білемін мені күтіп,
Болашақтың үйінде бақ пенен төр.
Замананың жартасы құламалы,
Мұң ағады, ағысты күн ағады.
Жүрегімнен ойылып шыға келген
Менің жырым сөздердей дұғадағы.
Ақ бұлақтар ағады бұрқылдаумен,
Сағат тілі тұрады сыртылдаумен.
Көк кептерге айналып көлбей ұшып,
Бара жатыр, дариға, шіркін, дәурен!
Ой да басқа, пікір мен заман басқа,
Сыр айтамын құлшынып замандасқа.
Аспандағы жолдадым күннен сәлем
Үзеңгілес бауырға, қаламдасқа.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter