Әңгімелер ✍️
ҚАРАСАМ, ҚАТЫНЫМ ЖОҚ...
Сіздерді қайдам, өз басым қатынымды «қатын» деп атаймын. Еркелеткенде:
«Қатынушка», «Қатынжан...», «Сүйікті қатыным менің!» деп кете беремін. Мейлі, сіз мені дөрекі, анайы, жабайы дегендей, жерден алып жерге салып, үстімнен бүлдізермен тегістеп өтсеңіз де, жалпиған күйі орнымнан тұрып айтатыным:» Қа-а-ты-ы-ын...»
Бір күні ерте тұрсам, көшеде кетіп бара жатқан бір кеңкелес орыс көзін қысып: «Как дела?» деп қояды. Көзімді жұмып, қайта қарадым. Құдайым-ау, біздің үйдің терезесі үлкейіп, холға айналып кеткен бе өзі? Жан-жағыма қарадым, жеті балам пырылдап
ұйықтап жатыр. Қарасам, қара қатыным жоқ! Құйрығыма қара қазық қағылғандай, орнымнан атып тұрып, апыл-ғұпыл киініп жатсам, көшеде өтіп бара жатқан бір топ қыз сықылықтап күлгені... Сөйтсе-ем, үйіміздің көше жақ қабырғасы құлап қалыпты! Әдемі құлаған! Біреу екі метр пышақпен төрт бұрышты етіп кесіп ала қойғандай... Сасып қалған байғұс басым есіктен де емес, тесіктен де емес, құлаған қабырға тұстан көшеге атып шықтым... Бәсе, жәпірейген үйімнің қабырғалары ырсиып, фундамент деген «гәлөші» қисайып кеткен еді...
Құлаған қам кірпіштердің арасынан бір аяқты көрдім! Әйелімнің аяғы! Аспанға қарап қалыпты! Жүрегімді жын-шайтан жұлып алып, шашлық пісіріп жатқандай, жама-ан әсерде болдым. Жүгіріп барып, аяқты құшақтай жыладым... Сөйтсем, ол аяқ емес, аяққа ұқсайтын таяқ болып шықты. Қорыққанға қатыны да қос көрінеді деген осы да. Ескі үй есімізді шығарды, үй аламыз ба деп жүргенімізде, үйіндінің астында қала жаздаппыз-ау! Уайым саунасына шомылып отыр едім, көршім көрінді.
--Біздің қатынды көрдің бе?—деп сұрадым салған жерден.
--Астананың туған күнін тойлауға кетті...
--Тойға? Үйдіңі құлағанын көрді ме?
--Жоқ, автобусқа отыра бергенде, қабырға гүрс етіп құлап түсті...
--Бұрылып та қарамады ма?
--Қарады. Қарады да ернін жалады.
--Сосын?
--«Есікті айқара ашық қалдырыппын-ау»...—деп ернін тістеді де қойды...
Әне, жұрттың бәрі Астана тойын тойлағалы бара жатыр. Кеше қатыным: «біз де барайықшы!» деп қыңқылдаған. «Тойға аш құрсақ барғаннан не пайда? Бәріміздің атымыздан өзің бара сал!» деген едім. Дереу ұялы телефоныммен хабарластым. Жаны жай таппай, жетіп келді. Келді де, кеңірдегін қасып:
--Өлә, авто мойка сияқты болып қалыпты ғой...—деді.
--Машина жуатынның айқара ашылатын есігі бар, біздікінің есігі де жоқ!—дедім мен.
--Үйіміздің бір бөлме болғаны қандай жақсы болған!
--Неге?
--Келесі бөлмеге кетіп қалсақ, мына бөлмедегі заттарды ұрлап кетпейді ме?
--Бас қалада басың, Шымкентте шашың, Қарағандыда қасың қалсын!--деп қарғадым өзімше,--Астана күні сенсіз тойланбай қалар деп пе едің?
Ашуым –айғыр... Ақылым албасты болып тұр. «Қаз ашуын тырнадан алады» дегендей, шенеуніктерді, өзіміздің үкіметті үтіктеп тастадым. «Жыл сайын Астана тойы! Не деген таусылмайтын той! Жер бетінде қала күнін тойлайтын тентек бастар біз ғана шығармыз? Мәскеудің туған күні өткенін естідіңіз бе? Париждің туған күні? Нью-Иорктің тарихи күні? Берлин? Токио? Ал, қазекеңдер тойға жерік... Тойға кеткен миллиардтар мен сияқты баспанасыздарға бұйырса ғой шіркін! Жыл сайынғы тойдан жалығып кеттім!»
Амал «который» деп, көше жақ бетке мата тұтып қойдық. Бір күні кешке бір «Джиппен» мойнын май басқан, жүрегінен иман қашқан бір миллиардер келді.
«Машинамды бөлмелеріңізге кіргізіп қоя тұрайыншы. Мына жерге кіремін де шығамын...» дейді. Ақысына мың теңге беріп кетті. Сол кеткеннен мол кетіп, таңертең келді. Машинасының астында жатып, өлейін деп қалдым. Балаларым капотының үстіне, бірі төбесіне жайғасқаны құрысын, бір қарасам, қара сирақ қатыным жоқ! Сөйтсем, машинаның астында менімен бірге жатқан еді, глушитіліне жабысып қалыпты... Мойнын май басқан миллиардер дереу тоқтап, қорыққан қатынымды қорықпастан түсіріп кетті...
Бір күні түнде шошып ояндым. Қарасам, қара сирақ қатыным жоқ! Есесіне айналамда жеті-сегіз әйел жатыр... Біреуі бөксесімен итеріп: «Агай, ари жатинизши...» деп қояды. Қаптаған қатындар! Менікі біреу-ақ еді... Кім көбейтіп жіберген? Жаным мұрнымның ұшына келіп, секріп түскелі тұр. Сөйтсем, мына жатқандар Ауғанстаннан, Сириядан, Ирактан келген босқын әйелдер екен! Полиция машинасына артып әкетті. Бір кезде қағынып, қатыным келді. Қалалық әкімшілікке жағдайымызды айтып барған екен. Үй беретін болыпты! Неткен қуаныш! Бірақ жүз жылдан кейін... Жүз жылдан кейін қоныс тойына келіңіздер, ағайын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter