Өлеңдер ✍️
Көгілдір әлем. Көктемді аңсау
Көгілдір әлемің
Сөнбейтін аңсарым еді,
Қан жайлауымды сағындым таңсәрідегі.
Қыс қажап,
Жүйке жүргенде жұқарып көптен,
Көгілдір сәуле көзімде тұтанып кеткен.
Селт етпегенмен әзірге сұсты мекенім,
Сол Сәуле от боп өртейді қыстың етегін.
Қызғалдақтардың керуенін жетегіне ерткен,
Ертең-ақ жұмақ мекенге жетеді көктем.
Бақыттың құмыр бұлбұлы төбеге қонып,
Көгілдір әлем жатады кереге керіп.
Ибалы қыздың жүзіндей қан күреңденіп,
Тау табалдырықтан аттаған таң кірер келіп.
Құнандар ұйтқып жотада, дөнен желігіп,
Заулайды көңіл ат емес, өлеңге мініп.
Қыраттан төмен күнге еріп мың елес құлап,
Шаттықтан шегі қатады күлегеш бұлақ.
Көгілдір әлем бақытқа құт ұя сынды,
Құм ішке бүгіп жымияр құпия сырды.
Сағымның балы езуін сілекейлеген,
Керілер күннің астында күнекей-белең.
Көп сырға куә түнімен жатпаған айдың,
Боп-боз боп өңі кетеді батпаған айдың.
Содан соң...
Бір қыз түнемел күзеткен қойды,
Көтеріп қырға шығады сыз өткен бойды.
Мен болсам бүкіл аймақты жалт қаратқызып,
Бел асып бара жатамын ақ боз ат мініп.
Сыңсыған ән боп қыз жақтан жетеді үн талып,
Көкжиек күннің қанына етегін малып.
Көгілдір әлем төгеді тегін бір әуен,
Елжірей тыныс алады жеңіл күнәмен.
Ақжалын атты тұсай сап бір дөңге шығып,
Пәруана болып жоғалам гүлдерге сіңіп.
Қыземшек төбе көгілжім жейдесін керіп,
Аппақ арудың аспаннан бейнесін көріп.
Шалқамнан жатам қиялым жаңаша маздап,
Шөпті тістелеп, ақылдан адаса жаздап.
Әзірге құрғақ қиял ғой бәрі де мұның,
Қосып тұр әлі долы қыс кәріне жынын.
Көрсетпей тұр ғой қыс көзге тұтып ақ перде,
Тәтті елестерді жел кетеді түтіп ап демде.
Көмекейінен әр үнді сиқырлап төккен,
Келе жатыр-ау, бір жерде қиқулап көктем.
Жыр-әнімменен,
Жандағы Жұмағымменен.
Қызғалдақ-дәурен көшеді мына қырменен.
Жалбарғанымды есітіп менің Дұғамен,
Күтірлеп сеңдер түнімен сөгілді, бәлем!
Бозала таңнан біз бүгін күбіндік тұрып,
Кемпірқосақтан Тау жатыр Шымылдық тігіп.
Көгілдір әлем, көрінді ме әрең, көгілдір әлем!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter