06.02.2022
  281


Автор: Сарбас Ақтаев

Соңғы сөз орнына немесе Абылайдың Ақ үйі

Абылайдың Ақ үйі аңызға айналғалы қашан. Ақ үй тұрсын, ол түндік көтерген Қызылжар қаласының іргесі қалануы да тұнып тұрған аңыз болатын. Ауыздан-ауызға ауысып, ұрпақтан-ұрпаққа ұласып, жылдар жотасын көктей өткен сол аңыздардың біріне зер салсақ, бағзыда бір орыстың Петр, Павел деген екі кәсіпкер жігіті қазақ ханы Абылайға келіп, қала салатын құнан өгіздің терісіндей ғана жер беруін өтініпті. Өгіздің терісіндей жерге моласын салмаса, кент тұрғызып не жарытады, бұл кәпірлер, деп ойлаған ұлан қырдың билеушісі әлгілердің бетін қайтармай, бірден рұқсат беріпті. Әбжіл жігіттер табанда малмаға салған өгіз терісінен таспа тіліп, онымен атшаптырым жерді орап ап, айнала қазық қағыпты. Қазіргі Қызылжар қаласы ерке Есілдің әсем иінінде алғаш осылай еңсе көтеріпті дейді.


Әуелі ол Қасиетті Петр қамалы аталып, орыс отаршылдарының Арқа алабына билік жүргізіп, қамшы иіріп отыратын табан тірер берік бекінісі болған көрінеді. Алаяқ кәсіпкерлердің алдап соққанын соңынан сезген сұңғыла хан орыс ұлықтарының ұлы даланы билеп-төстеп, ойына келгенін істеп, еркінсіп кетуіне жол бермей, оспадарлықты тежеп отыру үшін жаңа кенттен өзіне дербес үй салып беруді талап етеді. Орыс патшайымы Екінші Екатеринаның әмірімен Қызылжар қаласында он сегізінші ғасырдың алпысыншы жылдары қазақ ханы үшін арнайы


 


ақшаңқан зәулім үй салынады. Оның бөлек кеңсесі, моншасы, қонақ түсетін жеке жайы және болады. Қыста жағатын отынын, қолға қарайтын малға қажет пішенін дайындау жергілікті ұлықтардың мойнына жүктеледі. Бұның бәрі кезінде қағаз бетіне түсіп, құжаттармен бекітіліп отырған. Деңгейі мұндай болмағанымен, осындай мекен-жай Ертіс бойынан Керекуге жеті шақырымдай жерде Абылайдың арғын-қыпшақ, керей-уақтың төресі болған ағасы Сұлтанбекке де салынған.


Ұлы хан қыс айларын көбіне осы Ақ үйде өткізіп, кезек күттірмес мәселелер женінде ақылдасқанда да қырдың жақсы мен жайсандарын, әкім-қара, би- шораларын осында жинап отырған сыңайлы. Ал жазды ұдайы Көкшедегі Қылшақты өзенінің бойында Қызылағаштағы Хан ордасында өткізген. Абылай көзі тірісінде өз тағын мирас еткен үлкен ұлы Уәли хан да Ақ үйде жиі болғанға ұқсайды. Оның шаруалар көтерілісінің көсемі, өзін Үшінші Петр патшамын деп жариялаған Емельян Пугачевтан ұлы ханға сенімхат әкеп, жаушылап келгенде оларды «Абылай өз атын өзі шақырған көкекті ешқашан патша деп танымайды және қанішер жексұранмен ешқандай қарым-қатынас жасамайды» деп қайтарып жібергені де осы үй болса керек.


Жалпы, жасы ұлғайған сон Абылай бар билікті баласы Уәлиге беріп, тағын да соған тапсырып, өзі Түркістан жаққа көшіп, әулие-әмбиелер топырағында дүние салғанға дейін Ақ үйден қазақ қырының игі жақсылары ат ізін суытқан емес. Одан әрі «байтал түгіл бас қайғы» дегендей, ханның ордасы тұрсын, хандық атақтың өзіне қауіп төнді. Араға отыз жыл салып, қазақ даласында хандық билік жойылып, қыр елі жеке-жеке дуандарға бөлініп, оларды аға сұлтандар басқарды да, Қызылжардағы хан ордасы, талай жезтаңдай жыршылар мен арынды ақындардың өлең-жырына арқау болып, аты аңызға айналған Абылайдың Ақ үйі иесіздікке ұшырады. Бертін ол әскерн гарнизон ауруханасына айналды.


Ал ханның заты тұрысн, атынан кірпідей жиырылып, қарадай шошитын кешегі кеңес өкіметі кезінде Ақ үй абақтыға да айналды. Оның қалындығы бір құлаш кірпіш подвалында менің әкем ғана екі мәрте жатты. Алғаш «халық жауы» деген жалған жала жабылып. Қолымаға айдалғанша қамалды да, айдаудан қайтқан соң үш тәуліктің ішінде әскери есепке тұрмағандықтан тағы да төрт ай жатты. Әйтеуір, әскер қатарына алынып, майданға аттанатын боп пәледен әрең құтылды. Сол соғыс жылдарынана бастап, бұл үй бертінге дейін тозығы әбден жеткенше әскери бөлімнің казармасы болды. Қеңес өкіметі қайткенмен де оның хан ордасы екенін халық жадынан өшіру үшін амал-айланың бәрін қолданды.


Бірақ бұқара халық, ұлы әміршісінің қанды көйлек жолдастары мен сырлас- сыйлас серіктерінің ұрпақтары қазақ қырының киесі сынды Ақ үйді естен шығарған жоқ. Тіпті оны мемлекет қорғауына алынған ескерткіштердің тізіміне де кіргізіп қойды. Тәуелсіздігіміздің торқалы тойының төлбасындай болып Абылай ханның туғанына 280 жыл толуын атап өтер тұста Ақ үйді қалпына келтіріп, ел тарихының ескерткіші ету жөнінде мәселе де қозғалды. Алайда үй сыртынан сыпсың сөз жүгіртіп жаман үйренген кейбір керауыз келімсектер


«Абылайдың Ақ үй деген аңыз ғана, болса оның құжаттары неге жоқ?!» деп байбалам салып ере тұра келді. Есіктен кіре сала төр менікі деп, үй иесін де енгізісі келмейтін, арын аттап, ұятын таптаған ондай ождансыздарды сол өңірдің


 


орыс тілді басылымдары қолдап, шулап қоя берді. Олар белгілі ғалым В.Басиннің


«XVI-XYIII ғасырлардағы Ресей мен Қазақ хандығы» атты кітабыңдағы Абылай хан үшін Есіл өзеніне таяу жерде бөренеден бұрап, ағаш үй салып берілді, деген бұлтартпас дерегін де қаперге ілмеді. Сол кезде Қызылжар, Көкшетауда тұратын қаламдас, қадамдас бауырларымның қалай күйзеліп, қатты күйінгені күні бүгінге дейін көз алдымда.


Сөйтіп, танауынан арғына көрмейтін үйкүшік шалахат өлкетанушылардың


«Қызылжарда хан сарайы болмаған» деген тоғыршалық байбаламы салдарынан Абылайдың Ақ үйі қараусыз қалып, құлауға айналды. Үстіңгі қабаттың бөренелері мен тақтайлары ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп, астыңғы қабаттың қызыл кірпіштен соғылған қалындығы сала-құлаш қабырғалары ғана қалды қаңқайып.


Сәтін салып, бітер істің басына білікті басшы тап келмегенде, Ақ үйдің кейінгі тағдыры қалай болатынын кім білсін. Бұдан бес жыл бұрын басқа ағайындар басым түсіп, баса көктеп үстемдік етіп тұрған облысқа ұлтжанды жаңа басшы Тайыр Мансұров келіп, тарихи мұраға бірден назар аударды. Облыс басшылығы Ақ үйдің тарихын зерттеп, іздестіру жұмыстарын кеңінен өрістетті. Ресейдің бүкіл мұрағаттарына сұрау салынды. Жауап та көп күттірген жоқ. Ресей империясының Мәскеудегі сыртық саясат архивінен Санкт-Петербургтің, Омбы мен Орынбордың мемлекеттік мұрағаттарынан табылған тарихи құжаттарынан Ақ үй құрылысының қолға алынғанынан бастап 1765 жылы аяқталғанына дейінгі жұмысының барлық кезеңдері алақанға салғандай сайрап жатты. Тіпті Канцлер М.Воронцовтың Сенат пен Сыртқы Істер алқасына Абылай сұлтанға салынатын ғтмараттың шекарадан алыс болмауын ескерткені де ап-айқын. Құжаттарға қоса құрылыстың жоспары кейбір ғимараттардың сипаттамасы мен сызбалары да жіберіліпті.


Мұны көрген мамандардың басым бөлегі Зансарайы қалпына келер болса, қаңқайып тұрған қабырғалар мен ірге тасты түгел сыпырып тастап, жобаға қарап отырып, ғимаратты жаңадан салу керек деген ұсыныс айтысты. Құрылыс жайын мамандардың біразын жақсы білетін облыс әкімі мүмкін-қадерінше ғимараттың ежелгі сұлбасын сақтап, тарихи бейнесін бұзбау керек деген байлам жасады. Бірақ бұл жобалардың қайсы болсын қыруар қаржы, жоғарғы жақтың қолдауы мен рұқсатын қажет ететін еді.


2005 жылдың ақпанында Тайыр Аймұхамедұлы Елбасымыздың арнайы қабылдауында болып, Абылай ханның Ақ үйінің жай-жапсарын бастан-аяқ баяндады, оны қалпына келтіру жөніндегі ойларын ортаға салды. Ел тағдырына байланысты мәселеге елең ете қалатын Нұрсұлтан Әбішұлы оның әңгімесіне ынта қойып, ықыласпен тындай келіп, аталмыш ескерткішті қалпына келтіру халқымыздың мәдени мұрасын сақтаудағы маңызы зор оқиға болатынын атап айтып, істі дереу қолға алуды тапсырды.


Құрылыс жұмыстары екі жыл бойы іркіліссіз жүргізіліп, осы жаздың аяғында жеріне жеткізілді. Тамыз айының соңына таман «Абылай хан резиденциясы» атты тарихи-мемориалдық кешеннің ашылу салтанаты өтті. Оған Елбасының өзі қатысып, Ақ үй алдынан бой көтерген биіктігі сегіз метр тас


 


тұғарда арындаған асау тұлпардың үстінде семсерін сілтеп, Шығысқа қарап тұрған Абылай хан ескерткішінің жібек бауын қиып кешінді ашты.


Сол салтанатта сөйлеген сөзінде Елбасымыз: «Әрбір халықта есімі ешқашан ұмытылмайтын дара да дана тұлғалар болады, - деп атап айтты. – Біздің қазақ халқы үшін Абылай сондай есім. Ол әрі дана қолбасшы, әрі батыр, әрі үлкен өнер иесі, әрі ғажап дипломат болған жан. Абылайдың елге сіңірген еңбегін жоғары бағалаған ақындар мен жыраулар оны ғасырлар бойы айбынды сүренмен еске алып, халықтың рухани рухын көтеретін жалынды ұранға айналдырып жіберді. Еліміз егемендік алып, тәуелсіз болған соң ғана біз Абылайды халқымызға қайтара алдық... Енді бізді ұлы бабамыз Абылайдың айбынды рухы қолдап елемез гүлдене берсін!».


-Абылай хан резиденциясы «Мұражай кешеннің ашылу салтанатында еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұлы хан қала салып, халқымды отырықшы қыла алмадым, елімді егіншілікке үйрете алмадым, үш жүздің басын біртұтас ете алмадым деп өкінген екен, біз қазір соның бәріне қол жеткіздік деп еді, - дейді облыстың бүгінгі басшысы Серік Біләлов.


Шынында да, соның бәріне бейбіт өмірдің, ұлттар мен ұлыстардың берік ынтымағының арқасында қол жеткені айдан анық. Оның айқын мысалын облысымыздың өмірінен-ақ көріп отырмыз. Тыныштық пен татулық бар жерде табыс мол, талпыныс зор болмақ.


Абылайдың Ақ үйі қазір қазақтың ұлы ханының қастерлі қызметі мен ғибратты өмірінен шежіре шертетін тарихи мұражай. Оның табалдырыңын тебіренбей, толғанбай аттай алмайсың. Мұражайдың әсем безендірілген залдарынан даланың дарабоз данасы болған данғайыр ханның қазақ жерінің тұтастығы мен тәуелсіздігін сақтау жөніндегі ересен еңбегі мен ерлігін куәландыратын құжаттар мен ол туралы баяндалатын тарихи кітаптармен танысасың. Бұл қастерлі құжаттар орыс –қазақ қатынастарының қалай қалыптасқанын, қиындықтарын жасырмай, қасіреттерін асырмай, еш боямасыз баяндап береді.


Ханның қонақ күтетін, демалатын бөлмелеріне кіргенде өзіңді бұдан үш ғасыр бұрынғы ел өміріне, халықтың тұрмыс-салтына сүңгіп кеткендей сезінесің. Аруақты ханның ел ағалары мен ру ақсақалдарымен кеңес құратын мәжіліс бөлмесінің терінен тақта отырған Абылайдың балауыз мүсініп көріп дір ете қаласың. Қабырғаларға ілінген қару-жарақтары мен ат-әбзелдерін көріп, оның ғаламат талғамына тәнті боласың. Ел тарихынаң дақ түспес, тот шалмас осынау бірегей ескерткіші халық зердесінің уақыт дауылы мызғыта алмастай тамыры ту тереңде жатқанын паш етеді.


Сайып келгенде, Абылай хан қазақ тарихында теңдесі жоқ айрықша тұлға. Ол орыс елі үшін де он сегізінші ғасырдың орта шенінде екі халықтың арасындағы қарым-қатынасты айқындаған басты тұлға болып, Ресейдің Шығастағы саясатының табысты шешілуіне әсер еткен қайраткер. Оны қытай билеушілері исі қазақтың ханы деп танып, ұдайы ілтипат білдіріп отырған. Ал Абылай болса, орыс аюы мен қытай аждаһасының арасында екі алыпқа да алдырмай қазақ елінің тәуелсіздігі мен қазақ жерінің тұтастығын сақтай білген шын мәніндегі кемел ойлы кемеңгер басшы. Оның ұлы істерін жалғастыруды өз өмірінің мұраты санайтын Елбасымыз мұражайдың қадірлі қонақтарға арналған тілек кітабына бірінші болып пікірін білдіріп, осы ойды байыта түсіпті.


«Қазақтың Ұлы ханы Абылайды еске алу тарихымызға тағзым ету болып табылады. Абылай хан армандарын орындаған біздің буын өткен тарихтан тәлім алып, қазақ халқының бірлігін мәңгі сақтауымыз қажет. Сонда ғана ел тәуелсіздігі мәңгі болмақ.


Бабалар аруағы әрдайым бізді қолдасын! Н.Назарбаев» деп қол қойыпты. Сол кітапқа біз де өз қолтаңбамызды қалдырдық.


Бұл күндері Абылайдың Ақ үйіне жиі ағылады. Оларды ат үстінде ұлы ханның өзі қарсы алып, «Қош келдің, көп күткен кенже ұрпақ!» деп тұрғандай. Өз басым Ақ үйді қалпына келтіріп, көртің кәдесіне асыру аймақ жұртшылығының ерен еңбегі, бұрынғысы бар, кейінгісі бар – облыс әкімдерінің азаматтық ерлігі деп білемін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу