Әңгімелер ✍️
КҮНІМЖАН ХАНЫМ
Үлкен ауыл көктеуге жуық арада қонғанына қарамастан ертең ұлыстың ұлы күні деп үйлерінің іші-сыртын тазартып, көрпе-жастығын, киім-кешегін сілкіп, шаң-тозаңын қағып, таң атқаннан әбігер тұғын. Жер ошақтар қазылып, қазан көтеріліп, наурыз көже де әзірленіп жатыр. Қыр халқының той десе елеңдеп тұратыны қандай, төңіректегі ауылдардан жарапазан айтып, жастар жиналып, қызық-думан әлден-ақ қыза бастаған. Қыздар алтыбақан кұрғызып, дала төсін ән- күй тербеді. Ер балалар бәсіре тайларын ерттеп мініп, өзінше бәйге ұйымдастырып, қырды қиқуға бөлеп, мәре-сәре. Кешке бір топ нөкерін ертіп, аң аулап қайтуға кеткен ханның өзі оралса, наурыз мейрамы шынымен-ақ қызып, екі-үш күнге созылғалы тұр.
Осылай елең қағып отырған елдің көзіне Ақшиті адырынан бері қарай бет түзеген бір көш көрінді. Көштің алдында Кенесарының жасыл туы желбірейтін сияқты. Хан қосын қарсы алуға асыққан жастар адырға қарай тұра шапты. Алда
— сұлтанның есейіп қалған үш ұлы. Оларды көріп көрші ауылдан да жұрт ордаға қарай ағылды. Жүрісін жеделдете түскен жаңағы көш жақындай берген жастарды оқжаудырып қарсы алды. Қарсы алушылар жалт бұрылып тым-тырақай жан- жакқа қаша жөнелді. Бағанадан бері жол бастап келе жатқан салпы тұмақты салпаң қазақтарды қос қапталында ұстап, қаруларын көрсетпей ортада зеңбірек тасасында бой тасалаған қазақ-орыс әскерлері қылышын жарқылдатып қашқындарды тұра қуды. Әйтеуір аттары әлді, өрі жүйрік хан балалары мен жанына ерген серіктері қашып құтылды да, қалғандарының көбі қылышқа түсті, окқа ұшты. Сөйтіп, тапайдың талтүсінде айналасы бірер сағаттың ішінде жүзге жуық бейкүнә жан қырылды да қалды. Жасақ бастығының бұйрығымен жер жағдайын жақсы біледі деген қазақ жігіттері қашып кеткендерді ұстап әкелуге жіберіліп еді, олар аттары болдырып, алыс ұзай алмай қайтып келді...
Бұл Омбыдан шыққан төтенше тапсырмалар жөніндегі шенеунік А.Сотников бастаған әскери жасақтың Кене ханның бәйбішесі отырған үлкен ауылын алардағы бір ғана сойқаны еді. Көтерілісшілердің бет алысын байқап, жүрген жерін барлауға арнайы жіберілген ол Қорғалжындағы жазалаушы жасақты нығайту үшін зеңбірек әкеп, қасындағы қазақтарына есаул Рыбиннің жүздігін қосып алып, қырға із кескелі шыққан-ды. Жансыздары арқылы хан ордасының Жезді өзенінің Қара-Кеңгірге құяр сағасында отырғанын біліп алып, түн пердесін жамылып, тура солай тартқан. Жол-жөнекей Кенесарыға қарсы жақтың жігіттерін
ертіп алып, солардың жол көрсетуімен күндіз жылға-жылғада бой тасалап, түнде суыт жүріп отырып, айтулы Ақшитіге де иек артқан-ды.
Ақшитіге он шақырымдай қалғанда олар хан төлеңгіттерінің алғашқы ауылына тап болды. Қырық-отыз үйлі ауыл ұйқыдан енді оянып жатса керек. Хан келіп қалды деп аттылы-жаяу көштің алдынан шықты. Жаза басқанын олар жақындағанда атылған мылтықтан үш адам мұрттай ұшқанында бір-ақ білді. Кері бұрылып қаша жөнелгенмен урядник Смирнов бастаған қарулы жиырма қазақ- орыс әскері сүңгімен шаншып, қылышпен шауып, мылтықпен атып бәрін де жаусатып түсірді. Аббас төренің Тәукесі мен Торсанының ауылдарына да осылай тұтқиылдан тарпа бас салып, шаңырақтарын ортасына түсіріп, күлін көкке ұшырды. Көзіне түскен жанды түгел қырып, үйлерді түндігін түріп қойып сабақты жіп қалдырмай түгел тонап алды. Бөлтірігін баулыған бөрідей урядник әскер қатарына жақында келген жас қазақтарға білгенін істетіп, қызығына қарап, қарқылдап күлді де тұрды. Әудемге бармай үш-төрт ауылды тып- типыл қылған қанқұмарлар Ақшитінің төбесіне шыққанда күн түске тырмысып қадған-ды. Айнала төңірек алақандағыдай көрінетін адырдан қарағанда ұзындығы отыз, ені он бес шақырымдай алқапта ығы-жығы қырық-елу ауыл жатыр екен. Соның жан- жақтан жұрт ағылып жатқан ақшаңқан үйлі ортанғысы ханның үлкен ордасы еді. Қарулы қазақ жігіттерін алға салып, қос қапталға да соларды қойып өз жауынгерлерін көзге түсірмей, ортада ұстап, ту көтерген зымиян жасақ енді тура солай қарай бет түзеді. "Құланның қасуына — мылтықтың басуы" дегендей, ауыл жақтан ат қойып бір топ адамның шыға келгені ғой. Бейкүнә аңқау бишаралар босқа опат болды.
Ауылды бәлендей қарсылықсыз әп-сәтте басып алған А.Сотников қасына қырық шақты қазағын қалдырып, жасаққа ерген қазақ жігіттерін хан тұқымының күллі жылқысын айдап әкелуге аттандырды. Ал бұл кезде есаул Рыбин өз қорқауларымен қалған ауылдарды түгін қалдырмай тонап, талап, қарсылық көрсеткендердің қанын судай шашып, аяусыз қырумен болды. Әлде бір мезетте Жаулыбай болысының қазағы Жауғашар Алыбаев пен тілмаш Иван Безверхиев, қайдан іздеп тапқаны белгісіз, жасақ басшысының алдына Кене ханның бәйбішесі Күнімжан ханымның өзін алып келді. Қараторының қисапсыз сұлуы саналатын ханшаның жүзі сұрланып, ыза-кектен жарқ-жұрқ еткен жанары от шашады. Бір баласын қолынан ұстап, біреуін қатты қысып құшақтап алған. Жақұттары жалт- жұлт етіп көз арбаған алқасындай асыл тас орнатқан үзбелі білезігіне бір солдат қол соза беріп еді, "Это же султанша!.." деп Сотников дойыр қамшымен оны жауырын ортадан тартып кеп жіберді. Дәл қазір өзіне ешқандай қатер жоғын сезсе де ханым түк көрмегендей болып түс бермеді. Бірер сұраққа сүлесоқ жауап қатты да, қайтып тіс жармады. Сол тұні ол өзінің үлкен ордасында қонып шықты. Бірақ берік күзет, кішкентай балалары батыл байламға бел буғызған жоқ. Кешкісін қазақ- орыстар таяу өрістегі түйелерді түгел айдатып алып, ауылды айнала алқақотан шөгеріп, өзіндік бір қорғаныс шебін жасады. Жылқыға жіберген жігіттер де келіп, жылқының бері Жезді-Кеңгір қырқасынан асып кеткенін, оған жетеміз деп жүргенде жасақтан көз жазып, жазым болармыз деп қорыққанынан кері қайтқандарын айтты. Олар келіп жайғасқан соң адырдың басынан қараңдаған
біреулер көрінді. Кенесарының қолы қуып келіп қалды ма деп олар зеңбіректі оқтап, қару-жарағын сайлап, әуре-сарсаңға түсті де қалды. Айдап әкелген азын- аулақ жылқысымен қазақ жігіттерін де әлгі шөккен түйелерден жасалған қоршаудың ішіне енгізіп алды. Бірақ түнде түшіркеніп ұйықтаған бірі жоқ.
Келесі күні жағдайдың шетін екеніне көзі жетіп, бүлікшілер тарпа бас салса, қашып құтылуға болмайтынын білген олар бірден жолға қамданды. Үлкен орданың бүкіл дүние- мүлкін буып-түйіп, алаша-текемет, терме-кілем дегендерді түйелерге тендеп артып, наурызға сақтаған сүрдің бәрін жиып-теріп жолазыққа алып, аттанып та кетті. Жол бастап келген қазақ жігіттеріне көрші ауылдан қалағандарыңды алып, қалғанын өртеп кет деп тапсырды. Тек үлкен ауылға тиіспендер, деді. Ордага жиырма шақты тұтқын әйелді қамап, ханның тоқалдан туған төрт айлық қыз баласын қалдырып кетті. Сәби асқазанын сүңгі тесіп кетіп, ауыр жаралы еді. Ал осыдан бес шақырым жердегі ауылын жазалаушылар шапқанда анасы Жаңыл ханым қонақшылап төркініне кетіп, жау қолына түспей аман қалыпты. Қажетін алған қазақтар үйді өртеп, қатты жараланган нәрестені тұтқын әйелдерге қалдырмай үлкен ауылға өздерімен ала келіпті.
"Жасақ барлығы отыз шақты әйелдер мен балаларды тұтқынга алды, — деп жазады Орынбор генерал-губернаторына жолдаған баянхатында губерниялық хатшы, жасақ бастығы А.Сотников. — Олардың бәрі де жасақтың жанында, арнаулы айрықша тізімі бар. Тұтқындардан екі ер адам бар еді, бірі — Байболды хат жазып, Кенесары Қасымовқа жібердім. Қолға түскен жиырма түйе, екі жүз жылқы, бес жүздей қойды айдап әкелдік. Үлкен үйден алынған дүние-мүлік тегіс тізімделді... Жасаған жорығымыз пайданы аз түсірсе, бұған бізден гөрі жоғарыда айтылған дуан басшыларының қарекетсіздігі кінәлі". ("Қазақ халқының Кенесары Қасымов бастаған үлт-азаттық көтерілісі". Алматы. "Ғылым" баспасы. 1996 ж.). Қанша қарбытса да жұтқыншағына жұқ болмайтын, ындыны бір тоймайтын отаршылардың обырлығын осының өзі-ақ айтып тұрған жоқ па? Нақақ төгілген қан, жазықсыз опат болган жан олар үшін әдеттегі үйреншікті құбылыс сияқты.
Артына қанжоса қып-қызыл із тастаған сол Сотниковтың содырлы жасағы суыт жүріп отырып, наурыздың соңғы күндерінің бірінде Ор бекінісіне де жетті. Әрине, әскери жасақтың ең басты олжасы Кенесарының бәйбішесі Күнімжан ханымды қолға түсіруі еді. Оған ең алдымен патша әкімшілігі қуанды. Қандай тор құрсаң да түспей сытылып шығып, қанша айлаға бассаң да түлкібұлаңға салып ұстатпай құтылып кетіп, жүз қолданып қару жұмсасаң, құйындай ұйтқып барып, ойламаған жерден ондырмай ұрып, қан кақсатып, қаусата жаздап жүрген сұлтанға еңді қатын-баласы арқылы әсер етудің сәті түскен секілді. Күнімжанды іле Орынборға шақыртты. Онымен Шекара комиссиясы төрағасының өзі әңгімелесті. Патша әкімдері Күнімжан ханымды, шынында да, құшақ жайып қарсы алды деуге сиятындай. "Орынборда әскери губернатор тарапынан да, сондай-ақ Шекара комиссиясының төрағасы жағынан да Күнімжанға жылы шырайлы, шын ықыласты қабылдау жасатты. Ол өзіне де, балаларына да қыруар тарту-таралғы алып, сый-сияпат көрді. Оған жылышырай танытып, ілтипат көрсете отырып, шекара басшылығы ханымды өз жағына тартып, осы арқылы Кенесары сұлтанға ықпал етпек болды. Ханымның өзіне жаз шығып, жол ашылған соң қырға қайтып
баратыны хабарланды. Расында да, жол қамы жасалып жатты деп жазады А.Рязанов деген патша шенеунігі. (А.Рязанов. "Кенесары". Тарихи очерк. Алматы. "Айқап" баспасы. 1993 ж.). Алайда қырға күні ертең-ақ қайтарамыз деген уәде ұзын арқан, кең тұсауға түсіп жылдан астам уақытқа созылды.
Содырлы Сотников жасағын іле-шала қуғанмен сай-жыраның бәрі тасып кеткен көктемгі лайсаңда жете алмай, көз жазып қалған Кенесары бөлтірігін алдырған арландай аласұрып, кімге соқтығарын білмей басын тауға да, тасқа да ұрды. Жасақты бастап келген жаппас жігіттерінің ауылын шапты. Айналадағы Алтай-Қарпық, қыпшақ ауылдарына да маза бермеді. Ақыры, ол сол 1844 жылғы рамазан айы — қыркүйектің он бірі күні Орынбор шекара комиссиясының жаңадан келген төрағасы генерал-майор М.Ладыжинскийге арыз айтуға мәжбүр болды. “Арызымыз сол: мың да сегіз жүз отыз тоғызыншы жылы Орынборда тұратын әскери губернатор жандарал Генс бізге хат жіберген екен. Падишаһ Ғали ишан хазірет әрбір қылған ісіңізді манифест деп мейірбаншылық жасады дейді. Біз бұл мейірбаншылыққа иланып, оқ атып, қылыш шаппай падишаһтың кең етек, тар қойнын да бастыртпай тұрып едік, — деп жазады Кене хан. — Ал өткен шаһбан (ораза айында келетін айдың аты) айының жиырма бесіне Баймұхамбет, Арыстан, Ахмет сұлтандардың үшеуі үш жерден шығып, құжылдық қылып, Торғай бойында бізді ала алмай қайтты. Оны да көңілімізге алмай, оқ атып, қылыш шауып, падишаһқа қарсылық қылғанымыз жоқ. Биыл өткен наурыз айының жиырма бірінде өзіміз үйде жоқ болып, аңға кеткен уақытымызда Омбы облысы тарапынан бір бөлек жасақпен шыққан законшы Сотников, алтай тайпасы Аққошқар — Сайдалы Құдаймендеұлының, аға сұлтаны Қоңыркұлжаның шағымымен келіп, ауылымызды шауып, бір бала, бір қызымды Күнімжан атты ханыммен қосып алып кетті.
Сібірдің бұл қылған қиянатын Орынбордағы үлкендерге арыз етіп айтайық деп Ырғызға келгенде майор Лебедев пен сұлтан Ахмет екеуі қарауындағы жасағымен алдымыздан шығып, бізді орай өтіп барып, Байқадам батырдың ауылын шапты. Бұдан соң бір құдайдың рақымы болмаса, орыстың үлкендерінен мархаббат жоқ екен деп біраз қияс іс қылғанымыздың себебі сол. Орынбордағы бұрынғы үлкендерден үмітімізді үзіп едік. Сол уақытта сіз келіп, Орынборға түсті деген соң мұнша арызымызды өзіңізге айтып, мағлұм қылдық. Орыстың үлкендерінен зорлықтан басқа көргеніміз жоқ- ты. Енді сізден мархабатшылық болар деген үміт бар. Біздің бұл арызымызды падишаһқа жеткізіп, бұрынғы өмірімізді өзімізге қайтарып алып берсеңіз, орыс, қазақтың көз жасының сауабына қалар едіңіз. Бұл тілегімізді мархабат етіп, орындап берсеңіз, қандай уағада қылсаңыз да бармыз. Бұдан бұрын Қарабай сұлтан ағамызды жіберіп едік, оны кері қайтармай қойды. Сол себептен өзіңіздің қол астыңыздағы молда Баймұхамед Иманшаұлымен бір орыс, бір башкұртгы елші ғып жібердік" ("Қазақхалқының Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық күресің. Алматы. "Ғылым” баспасы. 1996 ж. Кезіндегі татаршасы аралас тілде жазылған хат сәл-пәл өңделіп алынды. — С.А.).
Өзінше жоспар құрып, жоба жасап жатқан орыс ұлықтары хатқа жауап қайтарған жоқ. Ал Күнімжан ханым болса туған жерін, сүйген жарын сағынып,
ауыл-аймағын, ағайын-туғанын аңсап, санамен сарғайып, екі көзі төрт болды. Қаншалық құрмет көрсетілгенмен тұтқынның аты тұтқын. Бірақ бұрынғы ерке наз, еркін мінез қалғанымен, оның еңсесі түскен жоқ. Тобылдағы бір бай татардың үйінде тұрған ханымның сәндігі де, өрлігі де қаз-қалпында "...Сұңғақ бойына жарасқан тіп-тік, қос жұдырықтай қос анары, алтын жамбылы алқасын тырсылдата керіп, аш белі үзіліп кетердей талып, мықынынан төмен бура санды бөксесін мейлінше айқындап тұрады. Үстіндегі шытырман ақжібек көйлек, көгілдір торқа, оқалы қамзол, оның сыртынан шетін құндызбен әдіптеген дүрия қызыл шапан, басында ақ меруерт өрген алтын теңгелері қабаққа түсе сылдыр қаққан қызыл барқыт сәукеле. Сыртынан ақ торғын шәліні көмілдіре жамылды. Құлағына таққан үш буынды сырғалары мен арқасында жарыса түскен тоқпақтай бұрымының ұшындағы төрт қатар шолпысы кілең бір сомдық алтын теңгеден түзілген". (І.Есенберлин. "Қаһар" роман.) Оймақ ауыз, құмай көз хас сұлудың осы келбетін көргенде арнайы іздеп келген Жантөренің Ахметі аузын ашып, аңырды да қалды. Аузына сөз түспей:
- Кенесары бұлдаса бұлдағандай екенсің! Қатыгез қарақшының бәйбішесі боп не таптың, одан да маған ерке тоқал бол, — деп әзіл-шыны аралас әлдебірдеңені міңгірлеген еді, оқты көзімен атып жіберердей қадалған ханым:
- Төремнің шұлғауының исіне татымайтын саған тоқал боп барғанша, аузы түкті шоқынды хахолға-ақ бармаймын ба! Ойыңдагыны айтып тұрсаң, қойныңа кірген күні кеудеңе мынау қадалады! — деп алтын сапты алмас кездігін қалтасынан суырып алды. "Астапыралла!" деп шошып кеткен әлжуаз Ахмет төре үйден атыла жөнелгенін өзі де аңғармай қалды.
Ханымның осы өрлігін орыс ұлықтары да жақсы біледі. Сондықтан қойған талап, айтқан тілегін екі етпей орындайды. Тұтқынга бірге түсіп, қасына еріп келген он жеті қыз-келіншекті баракқа қаматпай, Сібір ведомствосына қарасты қазақтардың үйлеріне орналастыртты. Әрі олармен ауық-ауық кездесіп, мұң- мұқтаждарын біліп тұрады. Сол себепті оларға баса-көктеп қиянат көрсету ұшырасқан жоқ Ал Күнімжанның жай-күйін, тұрмыс-тіршілігін патша ағзамның арнайы нұсқауымен үкімет ұлықтарының өзі қадағалап отырды. Оның азық-түлігі мен тұрғын жайына жұмсалатын тәуліктік шығыны жетпіс бес тиынға көтеріліп, күтушісіне ғана күніне жиырма бес тиын төленетін болды. Ғұмыр бойы тұрмыс тапшылығы дегенді білмеген ол тұтқында да не ішемін, не киемін, балаларға не беремін деп алаңдаған емес. Тек мұны жүдетіп, іштей жегідей жеп жүрген — жарға деген сағыныш. Оны ойласа көз алдынан сағымдай сыландап, небір көріністер көлбең кағады...
...Алтайдың Әлке-Байдалы әулеті Есілге құятын Терісаққан бойын жайлайтын-ды. Жаз жайлауында отырған ауыл қыздарының ыстықта өзенге түсіп салқындайтын әдеті. Сол дағдымен бұл құрбы қызы екеуі суға шомылып жүр еді. Кенет өзеннің арғы жағынан:
- Армысыңдар, арулар!? — деп біреу дауыстады. Қапелімде абыржып қалған қыздар киім-кешегі жатқан жағаға қарай малти жөнелді де, құрбысы кетіп қап, бұл сәл кідіріп, жігітке көз қырын тастады. Сұңғақ бойлы, екі иығына екі кісі мінгендей қақпақ жауырынды биік қабақ. Жанары өткір ақсары жігіт тіке тұрып
аяқ-қолын бірдей есіп, бір орында қалқып, судан басын шығарып, бұрымын жайып жіберген бұған қадала қалыпты.
Бар боларсыз, мырза! — деп сәлемдескенше жігіт жанына серіктері де келіп қалды. Оның Кенесары екенін естігенде жүрегі бір бұлқып, селк ете түсті де есін тез жинап алды. Жігіт тобы әзіл-қалжыңын араластырып,тілектерін орындамаса арғы жағаға өтіп, көйлектерін алып кетеміз деп қорқытты. Еріккен жігіттердің оңайлықпен кетпейтініне көзі жеткен Күнімжан:
- Мырза, сонда сіз менен не қалайсыз? — деп, жас төренің тура көзіне қарады.
- Қалағаным қиын болса да, сөзде тұрар ма едің, қарындас?
- Сөзімде тұрмайтын қатын емеспін, айтыңыз.
Қыз аузынан шыққан "қатын емеспін" деген
сөзді дәл өз мағынасына түсінген төренің бүйрегі бүлк ете қап, жүрегі қатты тулап кетті.
- Жарайды, сөзіңде тұрсаң, біз кеттік. Тек соңымыздан қуып жетіндер. Қалауымды сонда естисің. Уәде ғой?
- Уәде.
Өзен бойлай жөней берген Кенесары тобын көп ұзамай екі қыз қуып жетті. Уәдесін жұтпай, бейтаныс жігіттерден қорықпай келген уыздай ғана екі бойжеткеннің батылдығына жас төре дән разы болған. Сол кездесуден-ақ Кенесары Күнімжанға көңілі ауғанын жасыра алған жоқ Он жетіге келіп, толған айдай толықсыған бұл да оған құлап түсіп, айтқанына көніп, айлы күнде бақыт құшағында балқыған. Оған өмірінде өкінбейді де. Қайта бақытына бастаған сол бір батыл қадамын қастер тұтады. Әйтпесе, қалың малына үш үйір қаракөк жорғаны матап берген Қоңыркұлжаға тоқал боп кете бармас па еді. Көп кешіктірмей Кенесары да: " Күнімжанды маған берсін" деп кісі салған. Бұл тілекті ой-таразысына тартып Байболат ақсақал алдымен ұлы Тұрсын екеуі ақылдаса отырып, Қоңыркұлжадан келген керді көріп алуға бел байлап, немересінің төлбасы Күнімжанды батырға беруге келіскен. Ұзамай исі Әлке-Байдалы, Аққошқар-Сайдалы болып, тоғыз нарға жасауын артып, күмістеген қара пәуескеге көсем жегіп, ырғалтып-жырғалтып Күнімжанды Көкшетау бауырындағы Қасым төренің ауылына ұзатып салған. Иншалла, есіктен кіре көркімен ұнаған бұл жүре келе жұртқа құлқымен де жақты. Ең бастысы, ақылымен де, ажарымен де баураған бұның бір сөзін Кенесары аяқсыз қалдырған емес. "Айтқанымды екі етпейді" деп, ерін бұл да тізгіндеген жоқ. Ер жарының ғана емес, елінің де игілігі, жалқының емес, жалпының иелігі екенін бек білетін бұл қызғаныш деген қызыл желді жүрегіне әсте дарытпаған-ды. Әмеңгерлік жолымен сұлтанға босаға аттамай жатып жесір атанган Жаңылды қосқанда, қолды-қол ұзартады, емшекке емшек сеп, ұрпақ өрбітуге осы дөп — деп титтей де қарсылық танытпаған. Одан туған ұландар жатыры басқа демесең жатар орны бір болып, бұның балаларымен үлкен үйде бірге өсіп, бір тәрбиеде түлеп келеді. Тірі болса түбіне тартып, шетінен сен тұр, мен атайын дейтіндей сайып қырандар болатын түрі бар.
Сұлтанның сөзге тоқтамаган, сөзде тұрмаған сәті сірә болмаған шығар. Айтпайды, айтса сөзінде сертке ұстаған семсердей қатады да қалады. Баяғы
бозбала кезінде жел көрік жастықтың желігімен, кейбір ерегіскен ауылдарын шауып кететін шалдуар мінезі болса керек. Бірде әлде біреулердің айдап салуымен, қасында он шақты серігі бар, Қанай бидің баласы Итқара шешеннің ауылына келіпті дейді. Жүрісі суыт, жүздері суық жігіттердің аңысын бірден аңдаған шешен:
Көзімізді сығыр қылдың, Сөзімізді сыбыр қылдың. Өзімізді ығыр қылдың, Малымызды айдап әкеттің, Жанымызды байлап әкеттің.
Қарауылда тағы не аласың бар, төрем?! — депті.
Қатты ұялған жас төре нөкерлеріне: "Қайтып бұл ауылдың маңын басушы болмандар” деп, атын бұрып алып жөнеле беріпті деп жұрт аңыз ғып айтады. Қайтып өзі де ауыл арасындағы дау-шарға «араласпаған сыңайлы.
Кейінгі кезде Кенесары қатыгез деген қауесет жиі естіліп қалып жүр. Әлгі әлжуаз Ахмет төре тіпті "қатыгез қарақшы" деп те салды. Қайтсін, шен-шекпен жауып, биліктің исіне исіндірген орыс қожаларының аузына салып шайнап бергенін айтып көкиді де. Жай жатқан жыланның құйрығын басып, еркін жайылған құланның қыр соңынан қалмай ашындыратын — өздері. Аңдысқан жауда аяушылық бола ма, сосын ханның қолы батып кетсе, ойбайын салып, атандап шыға келеді. Елін ірітіп, жерінен үркітіп, даласына баса-көктей кіріп, қалаларын қаптатып жатқан қаскөйлерге қарсы бас құрап, бетін қайтарайық десе, аз күн тыныштыққа мәз жайбасар момын жұрт аузы бірікпей, бет-бетіне жайылады. Амалсыздан өз ағайының болса да кейде, ондайларға қатты айтуға, тіпті күш көрсетуге де тура келеді.
Рас, бірде ұр да жықтау Құдайменде сұлтанның "Исі Қарауылға іріткі салып, ханнан іргесін аулақтатып жүрген Әлібектің Кенжеболатының ең жақын серігі деп Сәрке Медеке батырды тура орданың алдында жазалағаны бар. Алпамсадай аптал азаматты екі қолын артына байлап, тізерлетіп қойып, шекесіне қылбұрау салып:
- Кәне, көрсетші, осы тұрғандардың арасында Кенжеболат бар ма? — деп кісімсіді бір жендет.
- Шыққыр көзім шықпаса, бұл арада Кенжеболат жоқ, — деді ауырсынса да басқа үн шығармай тісін шықырлата қайраған қайсар батыр. Жендеттер қылбұрауды қайта қысқалы тап бергенде топты жарып кеп есік пен төрдей көшелі тобылғы торы ақбақай аттан қарғып түскен қақпақ жауырынды қыран қабақ қошқар тұмсық қараторы жігіт.
- Кенжеболат керек болса — келдім, міне. Әзер болса қанымды ішерсіңдер, бірақ қарулас серігімді қинап, жанымды шырылдатпаңдар. Босат, батырымды! — деп жендеттің қолын қағып жіберді де, жанары жарқ етіп жалт бұрылып жезбен зерленген бұзаутіс тобылғы сапты қамшысын ханның алдына тастай беріп:
- Датым бар, тыңда тақсыр! — деді. — Сыйынар аруағы, сүйенер боздағы жоқ жан емен, артымда құнымды жоқтар қалың елім, қасымда намысымды
жоқтар өрендерім бар. Ерсем төріңді бермеймін, ермесем елімді бермеймін. Сыпсың сөзге ерме, жазықсыз жазаға берме, босаттыр анау батырымды!
- Түсін тез суытып алып, беліндегі қылышының сабына қолы барып қалған ханға сонда бұрыла беріп Күнімжан: "Жолдасы үшін өз басын құрбан қылғалы тұрған мынау ердің сертіне сен де, елін еркіне бер, төрем" деп күбір еткен. Айтар ақылы қашан да діттеген жерді дөп басатын жарының сөзін сыйлады ма, әлде қастассаң қастығыңа, достассаң достығыңа татимын деп тұрған батырдың тілегін қимады ма, хан келтесінен қайырып:
- Босатыңдар батырын! Жолымыздың дұрыстығын күшпен емес, іспен көрсетейік, — деген екен.
Содан бастап, оспадар жаза, орынсыз дүре деген тиылып келе жатыр еді. Ордасы ойрандалып, ошағы тапталып, қатын-баласы тұтқында кеткелі бері алтыбақан алауыз елінің басын кұрай алмай онсыз да зығырданы қайнап жүретін хан қазір не күйде екен? Осыны ойласа Күнімжанның ет-бауыры езіліп, егіліп, көкірегі қарс айрылады. Көз алдынан қайдағы бір көріністер көлеңдеп, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмейді. Ел жақтан хабар күтіп, өлеңдеп ескен желге кұлақ түреді, шыққан күнге көз сүзеді. Осылай жаз өтті, күз өтгі, қыс өтті, тағы бір көктем келді. Ақыры елге қарай бет түзейтін де күн туды-ау. Патша ұлықтары Күнімжанды еліне қайтаруды да өз пайдасына шешуге тырысты. Кенесарының қолында жорықта тұтқынға түскен бір қыдыру орыс солдаттары бар-тын. Күнімжанды және Орынбор түгқынындағы бірді-екілі қазақ батырларын хан ордасына алып барып, айырбас ретінде орыс солдаттарын алып қайту керек болды. Бұл ойды жүзеге асыру үшін алдымен ханымның көңілін табу шарт. Сол себепті басқа тарту-таралғы өз алдына, оған арнап, торқамен тысталған кәмшат ішік тіктірді. Оның бір өзінің ғана бағасы алпыс сом, яғни жиырма жылқының құнына түсті. Күнімжанның көшін бастап бару орыс әскерінің поручигі Герн мен Мұқаметқали Оспанов деген тілмашқа тапсырылды.
Аттанардан біраз бұрын генерші Ладыженский Гернді оңаша алып отырып, арнаулы сапарының жоба-жоспарын жасасты. Кенесарының орыс үкіметінің уәдесіне сенбейтінін, сондықтан осының алдында арнайы хатпен жіберілген елшіні айламен құрылған тұзақ деп оған шекесінен қарайтынын алдын ала болжап, ханымы қолына тимейінше сұлтанның беті бұрылмайтынына көз жеткізіп, поручиктің атқарар міндеттерін белгіледі. Ең алдымен оған Кенесары “тобырының ұзын-санын, олардың негізінен қай рудан шыққанын, сұлтанның өз қабілет-қарымын, ел арасындағы абырой-беделін, оның сенімді адамдарын, бүлікшілер арасында қашқын орыстардың бар-жоғын біліп қайту" тапсырылды. Онымен де тынбай, ханымды қадірлеп, ауылына жеткізіп, сұлтанның сеніміне кіріп, Ұлытау жақты аралап, оған жаңа әскери-экспедиция шыға қалса, Торғай даласынан баратын жолды анықтап, жаңадан бекіністер салатын қолайлы орын қарастыру жүктелді. Сөйтіп, Герннің керуені Ор бекінісінен 1845 жылғы сәуірдің жиырма алтысы күні шықты. Қырға қайтар алдында Күнімжан ханым комиссия төрағасынан өзімен бірге тұтқын боп келген он жеті қыз-келіншекті түгел босатып, тиісті сый-сияпатын жасап, бірге аттандыруын талап етті. Комиссия кешірім жасалған соң оны ақырына дейін жеткізу керек деп, күллі тұтқындарды
босатып, бірге ертіп жіберді. Күнімжан өз ордасына көтеріңкі көңілмен оралып, ерінің орыс елімен ымырласуына ықпал етермін деген сеніммен келіп еді.
Бірақ бұлардың алдында ғана келіп кеткен Долгов елшілігінің сапары, ол әкелген хатта қойылған талаптар Кенесарының шымбайына батып, қатты шамырқандырған екен. Ханның қарекет-қимылына шек қойылып, басқа мекемелермен Ресейдің рұқсатынсыз қарым-қатынас жасамауы, өз сарбаздарына атақ-дәреже беруіне тыйым салынуы, өз жеріне өз билігінің жүрмеуі, шынында шамдандырар да, ашындырар да талаптар еді. Оның үстіне еш келісімінсіз Торғай бойына бірнеше бекеттер салынуы сұлтанның шыдамын шарасынан асырып жіберді. Айға атылған арыстандай аласұрып, қала түсірмеймін, бекініс салғызбаймын деп қанша қарманғанымен, қара бұлттай қаптап келе жатқан қанқұйлы отаршыларға қайрат көрсеткенімен қайран қыла алмады. Орынбор мен Сібір беттен біртіндеп қабындаған патша әскерлерінің көтерілісшілерді жан- жақтан қыспаққа алуына орай жағдай қиындап бара жатқан соң Ұлы жүздің жеріне ойысуға тура келді. Сөйтіп, хан Кене кіндік қаны тамған Сарыарқаны тастап, Шу өзенінің алқабына көшіпті. Отаршылардың озбырлығы мен обырлығына көзі жетіп, патша үкіметіне әбден көңілі қалған Күнімжанның да ерінің ырқына көніп, соның тілеуін тілеп, соңынан ере беруден басқа лажы қалған жоқ.
"Кенесарының бәйбішесі Күнімжан азаттық күрестің барлық дерлік өрісті уақиғаларының куәсі болды. Патша үкіметінің отаршылдық азабын бірдей тартып, ханның басына түскен ауыртпалықтың бәрін, өмірдің ыстық-суығын бірге көтерді. Жапар, Тайшық, Ахмет тәрізді хан мирасқорларының анасы Күнімжан балаларын халық үшін күрестің мүддесіне шыңдады деп жазады белгілі тарихшы, профессор Жанұзақ Қасымбаев "Кенесары хан" кітабында (Алматы "Қазақстан" баспасы. 1993 ж.). Шынында да Кенесары бастаған ұлт-азаттық күресін Күнімжаннан туған һәм тәрбиесінде болған Тайшық, Сыздық, Ахмет сұлтандар өткен ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін жалғастырған жоқ па?! Сонда бір ғана Кенесары әулеті патша үкіметінің отаршылдығына қарсы жарты ғасыр соғысып, азаттық үшін алысқан болып шықпай ма?! Сондай алыптар туған аналардан айналсақшы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter