06.02.2022
  169


Автор: Сарбас Ақтаев

СҰЛТАН ШЫҢҒЫС

 


Саясаттан сұмдық сұрқия күш жоқ шығар, сірә. Қалай бұлқынсаң да иығыңнан жаншып ырқына көндірмей, қалай қарсылассаң да айтқанын жасап, айдауына жүргізбей қоймайды. Күні кешегі кеңестің қызылкөз саясаты арғы тегіміз тұрсын, ата-бабамызды да ауызға алдырмай, бұрынғының бәрін белден басып, естен шығарып жіберген жоқ па?! Сондықтан әкемізден арғыны айтуға қарадай үрейіміз ұшып, шетімізден тексіз, түпсіз, дүбәра болып шыға келдік. Зәуде бір бұрынғының адамын ауызға алсақ заманнан оза шауып, қоғамына олжа салған қайраткердің етжақын етене туысы болған соң ғана атадық. Атағанда да әкесі болса, жаңаға жол бермейтін кертартпа жауыз еді деп, баласының бітіспес дұшпаны етіп көрсетуге тырыстық. Амал жоқ, жақсының әкесі болған соң ғана аты аталып, санаттан қалмай жүр дегенге сайғыздық. Сондай солақайлықтың салдарынан атақты Шоқан ағамыздың әкесі сұлтан Шыңғыстың өзі кейде көк есекке теріс мінгізіліп келді. Әйтпесе оның да тарихымыздағы дара тұлғалардың бірі, халқымыздың қалаулы ұлы болғанында дау жоқ. Оған қатарынан оның алты мәрте әр дуанның аға сұлтаны боп сайланып, отыз жылдан астам қырдағы биліктің тізгінін қолында бекем ұстағаны, содан соң да өлкенің бас әкімінің ресми кеңесшісі боп, ғұмыр бойы жерінің жанашыры, елінің ақылшысы болудан таймағаны айғақ.


Хан ордасында дүниеге келген Шыңғыс төрт жасқа толар-толмаста әкесі қайтыс болып, негізінен ана тәрбиесінде түлеп қанаттанды. Ерінен алты ұл, екі қызбен отыздың ішінде қалған жас ана әке орнын жоқтатпай, балаларының барлығын абыройлы азамат қып өсіруге жанын салады. Алайда өзінен туған баланың бәрін бірдей көрмейтін әрбір ата-анаға тән міннен ол да ада емес еді. Шешен болар баланы таңдайынан танитын, көсем болар баланы маңдайынан танитын сұңғыла халықтың қызы Айғаным төртінші ұлы Шыңғысты өзгелерден ерекше көріп


 


кішкентай күнінен-ақ, оған үлкен үміт артады. Кім білсін, бәлкім мұның да өзіндік бір себебі бар шығар. Ел жадында сақталған естеліктерге қарағанда Айғаным осы ұлына толғатып жатқанда ордаға оның ағасы Пірәлі қожа келсе керек. Ертеңіне қарындасы аман-есен босанып аппақ сазандай ұл туады. Хан Уәли қайын ағасына:



  • Қуанышымыздың ақжолтай куәсі болып жақсы келдің. Енді жиеніңнің атын өзің қой, — деп қолқа салады.

  • Онда жиеннің аты елге ежелден танымал Шыңғыс болсын, — дейді мейман.

  • Апырай, бұл төре тұқымына көп тараған есім еді, оның үстіне түп атамыздың да аты осы ғой! ? — деп екі ойлылау болып қалған ханға қожа:

  • Әлгінде таң алдында қатты ұйықтап кетсем керек, түсіме әулие атам кірді. "Қарындасың ұл туады, атын Шыңғыс қой. Хандардың әуелгісі де, ақырғысы да Шыңғыс болуға тиіс" деп аян берді. Иншалла, елдің ендігі иесі осы жиен болар,


— деп себебін айтады.


Сонан ба екен, әйтеуір Айғаным басқа балаларынан бөлек бір төбе санап, бұған туғанынан-ақ өзгеше бейіл, ерекше мейір танытады. Сонысына қарай бала да зейінді зерек, ақылды, алғыр болып өседі. Хадимше хатты да басқалардан артық игеріп, көне кітаптар мен қисса жырларды көп оқиды.


Оқығаны, тоқығаны едәуір Айғаным такқа ресми отырмағанымен, қайтыс болған хан орнын жоқтатпай, билік тізгінін қолына алып күллі әулетті өзі өргізіп тұрғызады. Жеті жұрттың тілін меңгерген зерделі де білімді әйел өмір ағымын, замана ауанын жете аңғарып, жіті бағып отыратын сұңғылалығы арқасында орыс үкіметімен тез-ақ тіл табысып алады. Сырымбеттегі ордасын жаңғыртып, мешіті, медресесі, моншасы, құттыхана, жатақ жайлары сайма-сай орыс ақсүйектерінің үлгісіндегі сәулетті мекен-жай жасатып алды. Оның отырықшылыққа көшіп, мәдениетті мекен-жай салғызу, жер өңдеп егіншілікпен айналысу, мектеп ашып, бала оқыту жөніндегі ойы Петербургте де қолдау тауып, бұл жөніндегі жарлыққа ақ патшаның өзі қол қояды.


Патша өкіметінің өктем саясатын жете түсініп, орыс әкімшілігінің төрешілдік мінезін біліп алған ол мөр мен қағаздың құдіретін өз онтайына орынды пайдаланып, қазынадан жалақы алып, пыруа ыңғайымен Тобыл немесе Омбы барғанда қолақыға дейін төлетіп отырады. Айғанымның тілегін қашанда тіл қайтармай орындайтын орыс ұлықтары оның баласын оқытам деген ниетіне қуана қолдау көрсетеді. Сөйтіп ол көп үміт күткен ұлы Шыңғысты он төрт жасқа толғанда Омбыға алып келіп шекара училищесінің Азия мектебіне орналастырады. Онда басқа ұлттың балаларына орыс тілін үйретіп, болашақ тілмаштарға ғылымның кей түрінен мағлұмат беретін-ді.


Сібір қазақтары туралы жарғыға сәйкес ІІІыңғыс училищенің өзіне тікелей түсіп, қазына есебінен оқуына да болатын еді. Орыс өкіметі сұлтандар мен рубасыларының балалары үшін мұндай жеңілдік жағдай жасаған да. Алайда мектепке келгенде Шыңғыс орысша бірауыз сөз білмейтін, оның үстіне жатақханада жатып басқа діндегі шәкірттермен бір дастарқаннан ас ішуіне ислам салты және жібермейді. Сөйтіп, ол амалсыздан пәтер жалдап, дәрежесі сәл төмен, дәрісі де таяздау мектепте оқуға мәжбүр болады. Есейіп ержетіп, бозбала боп


 


қалған жас төреге мектептегі оқу алғаш оңайға түскен жоқ. Барлығын тастап, туған даласына кетіп қалуға талай мәрте бел байлады ол. Алайда айдынды ананың айбыны оны тырп еткізбей білім теңізін сүзгізді. Ақыры 1834 жылы ол оқуын ойдағыдай аяқтап та шықты.


Білімнің қонуы да, толуы да отырған орнына емес, оқыған адамына байланысты емес пе. Оқуын бітіргенде Шыңғыс орысша емін-еркін сөйлеп, өз ойын тәп-тәуір қағазға түсіре алатын дәрежеге жетті. Сондықтан оған Омбы қауымы бірден көз тігіп осы өңірдегі орысша оқыған алғашқы қазақтың бірі деп қарады. Әрине, ол кездегі Омбы қауымы да әр жерден келіп, әр тектен бас құраған ала-құла болушы еді. Сібірге атақ-даңқ іздеп, байлық қуып Ресейдің орталық, еуропалық бөлігінен келушілер аз болмайтын. Астаналық дау-дамай дүрмектің көрігін үрлеп, әбден ығыр болған соң жанға маза іздеп бой тасалап жүргендер де көп кездесетін. Кейбір пысықайлар осы өңірдің ысқаяқ ауасынан байлықтың ыстық буын сезіп, пара алып жұртты жеп, нәпақаға белшесінен батты. Бірақ келгендердің бәрі бірдей содырлы сойқан, ашкөз алпауыт емес. Ізгі ниеті, озық пікірі үшін опық жеп, жер ауып келген абзал жандар да жеткілікті еді. Жас төреге олардың да ықпалы болмай қалған жоқ. Не керек, ол мектеп бітіргенде білігіне білімі, қажырына қабілеті сай, оң-солын әбден танитын сындарлы азамат болып шығады.


Кәрі құлақ қариялардың айтуына қарағанда ол ел басқару ісіне де ерте араласқан сияқты. "Шыңғысты керей мен уақ рулары он сегіз жасында Айғанымнан хандыққа сұрап алған'' деп жазады Сәбең, кәдімгі Сәбит Мұқанов ("Жарқын жұлдыздар”. Алматы. Мектеп баспасы, 1964 жыл. 27-бет). Бұл Шыңғыс оқу бітірген 1834 жылға тұспа-тұс келеді. Сол жылы Есіл мен Тобыл өзенінің аралығындағы елді басқаратын Аманқарағай дуаны ашылады. Орта жүз жерінен ашылған басқа дуандарға қарағанда Аманқарағай етек-жеңі тап-тұйнақтай ықшам, әрі басқаруға оңтайлы болды. Әрине, оның ұйымдастырылуына ханша Айғанымның ықпалы аз болмағаны айдан анық. Өйткені Ғұбайдолла мен Зілғара, одан Ғаббас балалары басқарып, Көкшетау өңірі уысынан шығып кетті. Екіншіден, бір-бірімен бақталас сияқты ұдайы іріңкезек туғызып тұратын Орынбор мен Батыс Сібір әкімшілігінің шекарасындағы елдің ретсіз көшіп- қонуына, бас көтеріп толқуына да жол бермейтін бір билік нүктесі керек болады. Аманқарағай асылы сондай дуан болуға тиіс. Ал енді оған отарлау саясатына келгенде орталық әкімдерінің алдын орап, алдағыны күн ілгері бағдарлап қияндағы мақсатына көз жүгіртетін Омбы ұлықтары Шыңғыстан ақ адал қолайлы кісі жоқ деп біледі. Сөйтіп күзде жаңа дуанның аға сұлтаны етіп ханзада Шыңғыс Уәлихановты сайлады да жіберді.


Аманбасы шоғынан басталып, шығысқа қарай жүз шақырымдай желі тартып тұтаса созылып жатқан қалың жыныс Аман-Қарағай орманының бір ұшы кеп кең шалқар Құсмұрын көліне жете бере көмкерілетін тұста 1834 жылы тамыздың аяғында әп-сәтте ақбоз үйлі ақшаңқан бір қалашық пайда болды. Айнала өңірдің халқы солай қарай ағылып аға сұлтан сайлауына келіп жатты. Алайда сайлауға қарапайым халық жіберілмей би төрелер мен рубасылары ғана қатысты. Олар осы төңірекке танымал жас төре Шыңғысты аға сұлтан ғып сайлап,


 


хан тұқымына лайық ғұрыппен ақкиізге сап көтерді. Және ырым үшін оның үстіндегі киімін жыртып бір-бір жапырақтан қалтаға тығып жатты. Сонан соң үш орыс ұлығы куәландырып алып келген аға сұлтан сайлауы жөніндегі қағазға өз таңбаларын басты. Әдеттегідей Шыңғыстың иығына шенді шекпен жабылды. Қазақ ақсүйектері мен атқамінерлерінің шешімін Омбы әкімшілігі іркілмей бекітіп, "Жарғыға" сәйкес аға сұлтанға бірден әскери майор атағын берді.


Жаңа қызметті жедел жүргізіп алып кету жас жігітке алғаш ауыр да соқты. Жоғары жақ дуан шекарасын белгілегенде қазақтың көші-қон жайын, көш жолын есепке алмаған екен. Қазақ ауылдарының қай жерді жайлы көрсе, солай қарай көшіп жүре беретіні бар емес пе. Осыдан келіп жер дауы деген өмірі бір басылмайды. Оның үстіне басқыншылардан бас паналағандар тайпа-тайпасымен басқа өңірге және босып жатады. Өз ішіндегі барымта-сырымта шапқыншылық деген тағы бар. Осыларды жөнге салып тәртіп орнату үшін жас Шыңғыс жатпай- тұрмай көп жұмыс атқарды. Оның оң ісіне сүйінгендер де, күйінгендер де аз болған жоқ. Озық елдің жаңа тәртібін енгіземін деп ол досын да, қасын да жеткілікті тапты.


Соның салдарынан жаңа дуан ашылғаны жарияланып, аға сұлтан сайланған ақбоз үйлі қалашық хан базары бар үлкен елді мекенге айналмай, ‘‘Хан түскен" деген ғана атымен қалып орталық кезінде салынған Құсмұрын бекінісіне ауысты. "Хан түскеннен" түстікке таман "Шетбұлақ" деген қайнардың тұсынан басталып, шығысқа қарай он бес шақырымдай созылатын ақ балтыр қайыңды аласа адырлардың "Басбұлакқа" кеп тірелетін жеріндегі тас дуалмен қоршалған бекініс қауіпсіз болатын және гарнизоны тікелей аға сұлтанға бағынатын. Шыңғыс жас жұбайы Зейнеппен алғаш, осы бекіністе арнайы салынған үйде тұрды. Бекіністен батысқа қарай бірер шақырым жерде еңістен шыққан айналасы ақ қайың, көк терекпен көмкерілген "Ортабұлақтың" басына ақбоз үйлі ауыл қондырып, жазда аға сұлтан сонда отырды. Ауыл ортасынан ақ мешіт салғызып, мектеп ашқызды. Сондықтан ол жерді жұрт "Мешіт" атап кетті. Шыңғыс сұлтанның тұла бойы тұңғышы атақты ғалым, айтулы саяхатшы Шоқан, міне, сол "Мешітте" дүниеге келген деген сөз бар.


Жігерлі жұмысымен жас төре бірден көзге түсіп, барымтаға қарсы бітіспес күрес ашып, телі-тентектердің біразын жөнге салып, жер дауын дұрыс шешіп, жұртқа жағып қана қоймай, Омбы ұлықтарына да ұнап қалып еді. Кенет бұрқ ете қалған ұлт-азаттық көтерілісінің дауылы дүйім даланы дүр сілкіндіріп сеңдей соғылыстырды, оның алапат құйыны аға сұлтанның да жан жүрегін алай-түлей аласапыран етті. Көтеріліс көсемі кәдімгі Қасым төренің қайсар ұлы — Кенесары, өзінің етжақын туысы, яғни немере ағасы. Былайша алғанда, қазақ ешкімге кіріптар болмай, баяғы Абылай заманындағыдай бөлек хандық болсын деген пікір көңілге қонады, бірақ одан бері де дүние шыр айналып, бәрі өзгеріп кеткен жоқ па. Дәл қазір қазақтың дербес мемлекет бола қоюы неғайбыл. Оған тарихи да, саяси да, әлеуметтік те негіз жоқ сияқты. Бәрі-бәрін уысына жинап алып, орыс үкіметі шеңгелін босатар емес. Қайта дала төріне қанды тырнағын терең қадап, қолы жеткен жерге қала салып, бекініс орнатып, әскерін топырлатып, бекініп алғаны мынау, дәл осындай жағдайда жалаң қол байрақ ұстап бас көтеру — айға


 


атылып мерт болған арыстанның кебін кию. Неде болса, нар тәуекел деп дүрмекке қосылып кетейін десе, ақ патшаға адал қызмет етуге ант беріп қойғаны және бар. Сөйтіп, Шыңғыс ойда жоқта екі оттың ортасында қалды.


Былай бұрылса арба сынар, олай жүрсе өгіз өлер алды биік, арты жар тығырықтан қалай шығарға білмей дал болып алғаш ол қатты абдырады. Оның үстіне көтерілісшілер жағына шығып кете ме деп қауіп ойлаған патша әкімшілігі де түп ізіне түсіп қалт басқан қадамын аңдып бұра бастырар емес. Жайшылықта іш тартып, арқадан қағып жүретін жаны ізгі деген ұлықтардың өзі сырт айналып дөң айбат танытуды шығарды. Бірде сондай ұлықтардың бірі өз сезігін жасырмай:



  • Кенесарыны күні осы уақытқа дейін ұстап беруге не себептен бел байламай жүрсің? — деп сұрайды. Шыңғыс қарсы сұрақ қойып:

  • Кең далада ерсілі-қарсылы ескен желді ұстауға бола ма? — деп сұрады.

  • Жоқ.

  • Ендеше Кенесары да сол ұйытқи соққан жел. Жел емес-ау алай-түлей құйын. Қазір кұйғытып бір жерден шықса, көзді ашып-жұмғанша жүйткітіп әлденеше белден асып кетеді. Оны құр қолмен ұстау мүмкін емес, — деп жауап береді.


Кезінде оған ауыз әдебиетінің інжу-маржандарын жинап, халқыңның дарын-қабілетін танытуға атсалыс деп қамқорсып жүретін Сібір қазақтары облысының шекара бастығы полковник М.Ладыжинский бекіністен қия басып шығушы болма дей отырып, сыртынан Аманқарағай дуанының шекара бастығына "аға сұлтанның намысына тимей, сенімсіздікті сездіріп алмай, оны қырағы қадағалап, ұдайы бақылауда ұстау керек, сезікті бірдеңе байқасаң бірден маған жеткіз!" деп астыртын тапсырма береді. Ал Батыс Сібір генерал-губернаторы, Сібір әскерлерінің қолбасшысы князь Горчаков аға сұлтанның тікелей өзіне жолдаған хатында түлкі бұлаңға салмай тіке кетеді. "Полковник Горскийдің арызын алып, мархабатты мырза, сіздің оның сан мәрте шақырғанына қарамай, Сібір кайсақтары бастығының қызметін атқарушы адамның өкіміне құлақ аспай, бүкіл жаз бойы біздің әскерлердің маңында болудан бұлтарып, талап етілген жол көрсетушілерді және Жарқайың жасағының жанында болатын адамдарды жібермей отырғаныңызды біліп, өзіңіздің қылығыңызбен патша ағзамға деген адалдығыңызға әрі оған жан-тәніңізбен қызмет ететіндігіңізге күдік келтіргеніңізді хабарлаймын, — деп жазады ол.


-Мұндай әрі-сәрі, тәртібі күмәнді қызметкерге төзе алмаймын. Сондықтан да Жарқайыңға дереу сенімге әбден лайық елу адам жіберуді жүктеймін. Олардың тәртібі үшін өз басыңызбен жеке жауап бересіз. Артық-ауыс кешірімпаздықтың кезі өткен. Болмаған жағдайда орныңызға сенімдірек басқа бір адам тағайындауыма тура келеді".


Енді осындай қаһарлы хаттан кейін бұра тартып бұлтақтап көр. Ал анасы Айғаным мен қайын ағасы Мұса Шорманов Кенесарының қарекет-қимылын хандықты ғана көксеген биліккұмарлық деп ұғып, одан іргесін ал беттен аулақ салған. Сол себепті Шыңғыс қанша солқылдағанымен, Кененің жаушыларымен сөйлеспей қойған. Кенет оның қарындасы Бопай бастаған бүлікшілерінің қолдау көрсетпеді деп Айғанымның Сырымбеттегі мекен-жайын талқандап тонап-талап


 


кеткені құлағына жетті. Онымен де қоймай Кенесары Көкшетауды шауып, аға сұлтан болып отырған Ғұбайдолланы үй ішімен тұтқындап алып кетіп артынан дін аман қайта әкеп салады. Астыртын байланыстары бар деп күмәнданған патша әкімшілігі онсыз да күдікті көрінген Ғұбайдолланы баласы Болатпен бірге ізінше қамауға алып, Итжеккенге жер аударып жібереді. Амалы таусылған Шыңғыс лажсыздан атқа қонып, патша жасағы жағына шығуға мәжбүр болады. "Құсмұрын дуанының аға сұлтаны Шыңғыс Уәлиханов ақыр аяғында әскери қимылдарға қатысты", — деп жазады сол кездегі орыс газеттерінің бірі. Көтерілісшілерді өз аймағынан аластап, бүлікті басуға сіңірген еңбегі үшін ол мойынға асатын Александр лентасына тағылған алтын медаль алып, подполковник атағына ие болады. Ал екінші Александрдың таққа отыру рәсіміне қатысқан оған кейін полковник атағы берілді.


Патша әкімшілігінің сенімді қызметкері ретінде Кенесары қолын Арқадан қууға атсалысқан Шыңғыс оның жақын жұртына көзі тірісінде қол ұшын беруден танбаған тәрізді. Кезінде оның Қасымның екінші әйелінен туған інісі Көшек төре бодандық сұрап келгенде әскери губернаторға жолығып, Омбыға өзі алып барып шаруасын тындырып береді. Петерборда жүрген Шоқанға жазған бір хатында ол Кенесарының ағасы "Саржанның баласы Қошқарбай Катениннің жәрдемімен патша ағзамға кетті" деп хабарлап көретін болсаң қол ұшын беретін боларсың деп емеурін танытады. Оның осы ізгілігін Кенесарының соңына шырақ алып түскен сонау бір жылдары қатеге теліп, атақты ағаларымыздың бірі "Шыңғыс қоғамдық істерде екіжүзді болғанға ұқсайды" деп жазды. Ал бүгінгі күннің күмбезінен көз тастасақ Кенесары тұқымына жақсылық жасаудың мәні туысқандықтан тереңірек жатқан тәрізді. Жалпы, Шыңғыс әулетінің хан Кене балаларымен байланысы көпке дейін үзілмеген көрінеді.


Өз басым, 1959 жылы Көкшетаудың "Қаратал" ауылында Шыңғыстың Жақыптан туған тұңғыш немересі жасы сол кезде тоқсаннан асып қалған Құлыш қариямен кездесіп сұрағанымда: "Атам қайтыс болған жылдары, яғни осы ғасырдың басында Түркістан, Ташкент жағынан Кенесары ұрпақтарынан он шақты адам арнайы келіп бата қылып бір айдай аунап-қунап жатып кеткен. Кейбіреулерінің сол жолы ата қонысы — Көкше жеріне көшіп келмек ойы да бар еді. Бірақ төңкеріс болып, дүниенің астан-кестеңі шыққан жоқ па. Ағайын-туған іздеу былай тұрсын, ата-бабамыздың атын айтуға да қорқып іштен тынып ішқұса болдық қой. Сөйтіп, олар сол Ташкент жағында қала берді. Сырт естуімше, үрім- бұтағы баршылық сияқты", — деген еді. Ал осы екі асылдың сынықтары бір- біріне магниттей тартылып, бертін тіпті тамырласып кетсе, ол кемел ойлы, кең пейілді бауырмал да ғазиз жан Шыңғыстан қалған үрдіс.


Мейлі Шыңғыс мың жерден патшаға калтқысыз қызмет етсе де, ел мүддесін сатып елпектеп ешқашан құлақ кесті құл болған кісі емес. Қашанда халқының қамын ойлап оның өнер-білімге қол жеткізуін көксеп, жүрген жерінде мектептер ашқызып, жастардың татарша болса да, хат тануына қол ұшын береді, қамқоры болады. Қазақтың қабілет дарыны еш халықтан кем түспейтінін таныту үшін ел аузындағы қисса жырларды жинатып қағазға түсіртеді. Оған төрт жасында-ақ отбасында оқып үйреніп, кейін бұл ашқызған Құсмұрын қазақ мектебінде жазуды


 


тез игерген Шоқанды да тартып, оның ержеткенде әдеби қазыналардың зерделі зерттеушісі боп шығуына себепші болады. Қол өнерінің де үздік үлгілерін жинап, 1850 жылы орыс жағрапиялық қоғамына жеткізеді. Олардың ішінде көк торқамен тысталған түлкі тымақ, төбесіне үкі тағылған кәмшат бөрік, кестелі барқыт тебетей, өңіріне құндыз ұсталған қозы жарғақ, күміспен өрнектелген қалта, күміс шегемен әрленген биік өкше етік, күміс қынды кездік, күміс шақпақ пен күміс оқшантай, халықтың алтын қолды зергерлерінің өнерін паш ететін тағы басқа сирек заттар бар еді. 1865 жылы ол мұражайға шаңырақтың ең қымбат қазынасы


— Уәли ханның қалқаны мен дулығасын тапсырады. Ориенталистердің Петербургте өткен халықаралық конгресіне де қазақ тұрмысының біртуар бірегей бұйымдарының біразын жіберді. Сол арқылы қазақ қолөнерінің келешегі мол екенін паш етті.


"Жамғу-әттауарих", "Тарихи Рашиди" тәрізді кітаптарды, Әбу Жағыпар Аттахауи, Мұхамед Хайдар Дулати, Жамалидден Ауғани сияқты Шығыс ғұламаларының шығармаларын зерттей оқып зердеге түйген ол Насыр Хұсырау, Ақсақ Темір, Бабыр, Ұлықбек, Әбілғазыдай хакімдердің еңбегі мен өмірін де жетік білді. Әбілғазының "Хандар" және "Түрік шежіресіне" еліктеп, өзі де қазақ шежіресін жинап алғаш тәртіпке келтірді. Орыс елінің тарихын да тәуір білетін ол жоғары жақтан келген ұлықтарды таңдандырып та жүрді.


Әлбетте бақ пен тақ ешкімге де мәңгі бақи меншіктеп берілмек емес. Шыңғыстың да үзбей он сегіз жыл билік құрған Аманқарағай дуанымен қош айтысуына тура келеді. 1858 жылы анасы отырған Сырымбеттегі ордаға көшіп келіп екі жылдай Омбыдағы Сібір қазақтарын билейтін басқарманың кеңесшісі болады. Арада екі жыл өткен соң Көкшетау дуанына аға сұлтан боп сайланып, онда 1868 жылға дейін, қашан аға сұлтандық дәреже жойылып, қазақ арасындағы болыстан басқа билікті патша әкімшілігі түгел өз қолына алғанша істейді. Яғни, табаны күректей отыз бес жыл бойы ол билік басында болады. Одан әрі ресми қызмет атқармай өз ауылында ағайын-туыс, үрім-бұтақ, зәузатының ортасында батагөй ақсақал болып өмір кешеді. Қолында ресми билігі болмаса да, халқы хан тұтқан оған қашанда ағылып келіп мұң-мұқтажын айтып, ақыл-кеңес алып қайтып жатады екен.


"Адамның бір қызығы бала деген, баланы оқытуды жек көрмедім" деп ұлы Абай айтқандай, Шыңғыс жастарды өнер-білімге үндеп оқуына ұйытқы болған кісі. "Шыңғыстың аға сұлтан кезінде патша өкіметі қазақ ауылдарынан орыс мектебіне бала сұрағанда, әкесі бар балаларды жібере алмай, біраз жетімдерді жібереді. Солардан халыққа пайдалы кісілер (әсіресе дәрігерлер) шықты", — деп жазады Сәбең "Шоқан Уәлиханов" деген ғылыми еңбегінде. Көкшетау төңірегіне осы ғасырдың басында кеңінен танымал болған Бүркітбай, Темірбек тәрізді дәрігерлер сол толқынның түлектері. Өзгелерге өз өнегесімен үлгі көрсету үшін ол ең алдымен өзінен туған жеті ұлдың жетеуін де орыс оқуына берген Қазақ тарихында ғана емес, орыс ғылымында да бірегей құбылыс болған Шоқанды былай қойғанда, оның Мақы деген ұлы Петербургтің көркемсурет академиясын, ал Махмуды Омбының әскери гимназиясын бітірген. Декабрист достары Н.Басаргин, С.Семенов, Б.Штейнгелъмен өмір бойы байланысын үзбегені сияқты,


 


Шыңғыс балаларының, әсіресе, Шоқанның жолдас-жораларымен өле-өлгенше тығыз қарым-қатынаста болғанға ұқсайды. Оған достарының Шоқан жайындағы естеліктері де куә.


Атақты саяхатшы, іргелі ғалым Григорий Потанин Шыңғыс дүние саларынан аз-ақ бұрын арнайы іздеп сәлемдескелі келеді. Жасы сексен беске келіп қалғанына қарамастан қарт сұлтан атқа әлі өзі мініп, салт жүреді екен. Төренің ауылымен жайлауда ала жаздай бірге көшіп-қонып жүріп әнші-күйшілердің өнерін тамашалап, жыр-дастандар мен аңыз ертегілерді жазып алып, аттанар алдында қоштасқалы ханзаданың ордасына соғады. "Аттануға барлығы әзір болғанда, қоштасып шыққалы Шыңғыс сұлтанның ақбоз үйіне кірдім, — деп жазады “Қазақтың соңғы ханзадасының ордасында” деген естелігінде ол. — Шыңғыс Уәлиұлы орнынан тұрып кеп сақалымнан ұстап, өзіне тартты да, біз ұзақ сүйістік. Зайыры бұл қазақ дәстүрінде айырықша бір ілтипат-ықыластың белгісі болса керек. Бәлкім, ол менің жүзіме емірене елжірей қарағанда Шоқанның серігі болған досынан ұлының өзін көрмесе де, көзін көргендей болды ма екен. Әйтеуір Уәлихановтар әулетінің ең бір қимас қымбат естелігі Шоқан жайында ғой. Ал ол осы отбасының ғана әрлі тұтқасы емес, қазақ халқының арасынан күні осы уақытқа дейін шыққан ең мәнді тұлғасы еді”. Шыңғысты берісі қазаққа, әрісі бүкіл адамзатқа осындай абзал ұл сыйлағаны үшін де пір тұту керек қой, пір тұту керек.


Әдетте биік тұғырдағы адам көзге де, сөзге де бұрын ілігеді. Билік тұғырындағы кісі жұрттың бәріне бірдей жаға беруге тиіс емес. Жұрттың бәріне жағамын деп жалпақтай берген адамнан жартымды басшы шықпайды. Сондықтан орынды жерінде қатал да, қаһар да бола білу керек. Жайшылықта жайма-шуақ жайдарман болып, өзін елден ерек ұстамаған әкім әркез ұтады. Шыңғыс та осы екі тізгінді тең ұстап әдептен озбаған, астамшылыққа бармаған ел ағасы. Кезінде кейбір жұрт оны "қатал, жауыз әкім" болды деп те соқты. Оны дәлелдеу үшін Қарауыл Көшен ақынның:


Бұл залым елден кісі таңдады ғой, Қайдағы бай кісіні жандады ғой.


Тауықтан қалғаныңды Шыңғыс алып, Балаңнан басқа нәрсең қалмады ғой,


— деген өлеңін алға тартады. Шыңғыстың көзін көрген, сөзін тыңдаған кәрі құлақ қариялардың естелігіне ден қойсақ, бұл сыңарезу солақайлау сын сияқты. Ол адамның жасын емес, басын сыйлаған, күштілігін емес, кісілігін қадірлеген, анау төре, мынау қара деп бөлмеген болса керек. Оның айғағы ел аузында әлі күнге шейін айтылатын аңыз әңгімелер. Солардың бірі менің бабам Кенжеболатқа байланысты.


Кенжеболат мыңғырған малы көп болмағанмен, жаны жомарт мырза кісі екен. Айтылған жерде сөзі, ұстаған жерде қолы қалатын қайсарлығы да осал болмаған секілді. Сол мінезі үшін құрбылас, тұрғылас азамат ретінде Шыңғыс та қадір тұтса керек. Бір жұт жылы Кенжекең алты жүз жылқысын Қараой жаққа айдатыпты. Бірер жылқышыға бас боп барған немересі менің атам Ақып сонан небары он алты-ақ жылқы аман әкепті. Сонда бабамыз: "Оқасы жоқ, балам да он алтыда, әкелген малы да он алты, есесін алла берер" депті.


 


Сырымбеттен Көкшетауға шыққан аға сұлтан жолай екі Қоскөлдің арасында отырған шонжар Шөбек Байсариннің ауылына соғады. Дастарқан басында әңгіме- дүкен құрып отырып ол “биыл Кенжеболат та жұтап қалыпты. Ауылы жолда ғой, мырзалығы малға біткен бе екен, жанға біткен бе екен — соға көремін" депті. Шөбектің бәйбішесі Жарасбай Кенжеболатгың тете ағасы Күрдектің қызы Шыңғыстан қоныс сұрай барғанда кіші Қоскөлді ал десе: "Хан-ием, менде екі ұл бар еді. Бірінен бірін айырғандай екі көлді бөлгеніңіз қалай?" деп үлкен Қоскөлді қосып алған уытты еркін әйел намысқа шауып ағасының ауылына екі қап ұн, екі бас қант, екі бас шай, өрік-мейіз тәттілерімен қосып бірер жігітке бөктертіп астыртын хабар жібереді. Сұлтан келгенде қарақұлақтанып қалған бір құлынды алып ұрып сойып жіберсе ақ майы ақтарылып түседі. Шайы, майы, бауырсағы, жеміс-жидек, өрік-мейізі, тәттісі үйіліп, дастарқан да жайнап кетеді. Сонда сұлтан: "Кенжеболаттыкі малға емес, жанға біткен мырзалық екен ғой" деп кетіпті дейді.


Сол Кенжеболат бірде жерге таласып қап, Оңтай деген төрені таяққа жығыпты. Ол тұста төре тұқымына қол тигізу — алды сотталып жер аударылатын, қалды әлденеше тоғыз айып төлейтін үлкен қылмыс. Зәресі ұшқан Жаулыбай ұрандастары жиналып Кенжеболатқа кешірім жаса деп Шыңғысқа барса жағдайды сезген сұлтан "Жарайды, тентекке таяқ сабақ болсын, ұрыс- керістің аяғы сол-ақ болсын" деп кұтқарып жіберіпті. Адамды төре деп жақтамайтын, қара деп даттамайтын әділдік емес пе бұл. Сұлтан Шыңғыстың өмірінен қарапайым халықпен етенелікті айғақтайтын мұндай мысалдар көп-ақ.


Лайымда, оның осы өнегесі кейінгілерге де жұғысты болып, ел ұстаған азаматтар өзі еместі өкпеге теппей, жұрттың бәрін бірдей бауыр тұтып, бауырына тартса ғой, шіркін!


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу