Өлеңдер ✍️

  06.02.2022
  113


Автор: Саян ЕСЖАН

* * *

Жол бар ма адаспауға,
жаңылмауға,
Өмірдің жаңа ғұрпын
қабылдауға?!
Махаббат парақтарын
тағы ақтарып,
Тым болмаса
өзіңді сағынбауға.
Төзімнің жүзін тырнап
мыстан-қайғы,
Өң түгілі,
тынымсыз түсте арбайды.
Жәдігөйдей
жалаңдап қалың күдік,
Не кетпейді,
не келіп ұсталмайды...
 
Үнсіздігің тілсіз
қып жібергесін,
Дым қалмады
түгендер бұл елде шын.
...Жаныма бір жұбаныш –
жырым ғана,
Жалғыздық –
сырларымды білер досым.
Түн сайын
жауап таппай сұраққа мың,
Тағдырдан
күттім үнсіз бір ақпарын.
Жақындаған сайын
мен жүрегіңе,
Неге ғана Жарығым,
жырақтадың?!
Үнсіз кеттің...
Ақыры үндемедім,
Келер деп
елеңдеумен бір дерегің...
 
Үндемедім,
әдейі үндемедім,
...Болмағаны шығар-ау
шын керегім?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу