Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
06.02.2022
156
«АЛМАТЫ-2». ҚОШТАСУ.
Ботам,
қазір Сезім де бір, Серт те бір,
Шалығына шалдықтырды,
ә дертті Өмір...
Қарс айрылған жүрек –
жалын, лаулап тұр,
Әр деміңнен
үдей түскен өрт көңіл.
Лаула,
лаула...шаттығымның жалыны,
Бұл іңкәрлік –
шын іңкәрлік анығы.
Алпыс екі тамырымды
бойлап өт,
Қараң жалған көзіндегі
Жарығы!
Құшағымда
тербеткендей ғаламды,
(Сәттер үнсіз
тыныштыққа оранды.)
Вокзал...
Перрон...елемедім еш үнді,
Ғалам келіп жанарыңа қамалды.
Дүр дүние
қарашыққа құйылып,
Ең бір ауыр
қоштасудың күйі ұмыт.
...Дірілдеген қос еріндер –
қос Әлем,
Тынған іштен
үнсіздіктей бұйығып.
Тәңір өзің
сүйген жанды сүйікті ет,
Сезімдерден
тұру үшін биік боп.
...Мен кетермін,
ол қалады...не шара,
Тек қалмасын
өміріміз күйік боп...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter