Өлеңдер ✍️
МОЛА БАСЫНДАҒЫ МОНОЛОГ
Қобызын күңірентіп
шал Уақыт,
Толғайды «өлмес»
күйін аңыратып...
Мезгілсіз мезетте аға,
келіп тұрмын,
Мезгілдің жаныма
ауыр табы батып.
Тыншымас тоқсан торап
Тірлік тегі,
Тыншымас ақын жүрек
дүрлікпелі...
Басыңда тұрмын міне,
басым қатып –
Көмейден аңқ-аңқ етіп
Шындық демі...
Ойым – нұр,
сөзім – жалын, дәтім – жасын,
Өлеңмен дұғаланған
пақыр басым...
Тағдырдың
кедір-бұдыр көшесімен
Сандалып келем
Сендей ақын Қасым.
«Астана»...
сол баяғы астана әлі,
(Өліктің өңіндей түр, қас-қабағы,)
Сенделген төсінде кең «серкелері»,
Сенделген төсінде кең
«қасқалары»...
Қимайтын адамдайын
жаз құстарын,
Қимаймын көңілімнің
мәз құштарын...
Аспаннан өлең аулап,
жыр жазып жүр,
Бүгінгі данасынған
«жазғыштарың»!
Жерініп Ғалам-Заттан
саудаланған,
Өлеңмен көкірегімде
қаулады Арман.
Керіліп керқұлжадай
Ғасырым жүр,
Сол ғасыр...
өзің көрген — аулақ ардан!
Сөз өлген құлағында
керең ғалам,
Күйбеңмен күн кешуде
елең де алаң...
Сан Тағдыр
баспанасыз балпаң басты,
(Қойшы оны,
өткен іс қой...сенен де Ағам!)
Оралып иығыма
Сөз білегі,
Санамды ойлар жаншып,
езгіледі...
Жанымда
қызылшеке іңір отыр,
Көзімде үнсіз тынып
мезгіл өлі.
Өткеріп ғазиз бастан
«солқылды» мың,
Осылай толқи берер
толқын-күнім...
Жыландай иіріліп
жатыр шұбап,
Таусылмас
өлгенімше жол-тірлігім...
Біздерде солай Аға,
ғұмыр бағы,
Семсер Сөз қайраулы тұр
қынында әлі.
Біздегі Өмір бірақ,
жай түс қана –
Сіздегі Өмір ғой
Хақ шынындағы.
Қобызын күңірентіп
шал Уақыт,
Толғайды
«өлмес» күйін аңыратып...
Мезгілсіз мезетте аға,
келдім, сөкпе,
Мезгілдің
жаныма ауыр табы батып...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter