Өлеңдер ✍️

  04.02.2022
  160


Автор: Жарасбай Нұрқанов

КҮЗГІ ДАУЫЛ

Теріскейден соққан жел
Несіне дейді мұны мизамшуақ,
Толассыз көк жүзінде бұлттар шұбап;
Бетінен түгі шығып түнерді аспан,
Қарғалар ерсіл-қарсыл улап-шулап.
Сүйреңдеп,
сумаң қағып,
ызғар шашып,
Жел жетті əлдеқайдан асып-сасып.
Əп-сəтте жер мен көкті кеулеп,
Қалғандай дүниенің есігі ашық.
Тентек жел терезеден ысқырады,
Ызақор,
өз-өзінен ышқынады.
Əлде бұл жанжал тілеп тұрған жандай:
«Шық кəне, сыртқа шық!» – деп күш қылады.
Əлкен де əрең отыр ыза буып,
Жұлқынып шығуға енді бұ да жуық.
– Болсаңшы,
қайдасың? – деп қалғанында,
Сенектен жұбайымен кірді суық.
Ыстық ас – қара шөген тұрған пеште,
Шөгеннен сырлы аяққа құйды кеспе.
Еріне жас келіншек жəудірейді:
– Күн жаман, қонамысың,
болды кеш те...
...Ай болды Əлкен үйге келмегелі,
Күндіз-түн егін орып,
ерлегелі.
 Бүгін бір аса зəру тетік іздеп,
Еріксіз елге қарай жөнелгелі.
Отырып серіктесі комбайнға,
Əлкеннің өзі тартты Дəуқайыңға.
Ойына алған істі тындырғанша
Тынымсыз,
шыдамсыздау əрдайым да.
Бұрқылдап мотоцикл артында шаң,
Бұл келсе, қойма жабық,
кілтші масаң.
Қоймашы ағайына салды дігір,
Бола ма керек затты таптырмасаң.
Əлде сол болды қозғау алқынғаны:
Жел тұрып,
жедел өршіп, қарқындады.
Əлгінде жадыраңқы тұрған күннің
Ыңғайы жаман мына қалпындағы.
Кенеттен құбылғандай күн райы,
Əлкен де қалды бірден тымырайып.
Бір ойы:
«Қайтайын тез, зымырайын»,
Бір ойы:
«Үйге соқ» – деп, қыңырайып.
Жанына бейтаныстың бара түсіп,
Таңырқап қарайтындай қара күшік...
Төбесі Əлкентайдың көрінгеннен
Балшекер бəйек болды құрақ ұшып.
Үйінен үзілмейтін от қашанда,
Тұр екен шөген қайнап шоқта сонда.
Əдейі қиястанды əйеліне:
– Асыңды, айтшы, кəне, көп тосам ба?
 – Жоға! – деп, əйел жорта күлімдейді,
Ақырын басқан ізі білінбейді.
– Желдетіп келуіңе көрінген ғой,
Қабағым тарта берген бүгін, – дейді.
Əлкенге сырлы табақ кеспе берді:
«Күн жаман, кеш» – дегені есте ме еді?...
...Елжіреп күйеуіне тұрды қарап:
– Айтпақшы, елге... байғұс...
Доскен келді.
Əкесі барған екен «кел» дегесін,
Алып кепті,
ауруы меңдегесін.
Мен-дағы жылап-жылап қайттым мана,
Деп жатыр: – Ертең-бүгін сен де келсін.
Алайып Əлкен сол кез қараған кеп:
– Сен неге,
неге айтпайсың манадан?! – деп.
Ертерек естігенде Доскен жайын,
Барардай келген бетте даладан тек.
Маңдайға түскен шашы ұйпа-тұйпа,
Отырды басын шайқап қайта-қайта.
Астынан су шыққандай атып тұрды:
– Жүр, кеттік.
Киін жылдам!
Отты байқа...
Сарт етіп жабылды есік.
Тым-тым қатты.
Сыртқы əйнек,
сынды білем,
сыңғыр қақты.
 Болмағай бір сұмдықтың хабаршысы,
Жел деген ұйтқи соғып,
үдеп апты.
Ұли ма,
зіркілдей ме,
өкіре ме? –
құлия ұтырғандай дөкір неме.
Дүбілтіп дүниені ойда жоқта,
Уһілеп соған өзі өкіне ме?
Не керек,
бір долының келгені анық,
Өңмеңдеп,
келген беттен кердең қағып.
Етектен жұлқып жатыр Балшекерді,
Əлкенді екі бірдей жеңнен алып.
Үйіріп тартты гуіл құшағына,
Құлақшын, ұстамаса,
ұшады да.
Екеуі бірер аттап,
қалды тоқтап,
Қаңтарып қойды ма өзі,
тұсады ма?
Сүренсіз, сусылдақ бір күй термелеп,
Тежейді кеудеден жел итермелеп.
Əлдене азынай ма,
өзі қайда? –
Əйтеуір басқа-көзге тұр пергілеп.
Шіреніп ауыр арба тартқан аттай,
Тұқырып,
Тұрған жерден əзер аттай;
 Əлкеннің алға қадам басқаны сол,
Жан даусы шықты əйелдің:
– тоқта, тақта-əй!
Оң қолы бос қарбанып ербең-ербең,
Ілгері баса алмай тұр əлгі жерден.
Əйелді жел ұшырып əкетердей,
Қол созып,
ұстамаса Əлкен жеңнен.
Қолтыққа Балшекерді қысып алды,
Біршама бұрынғыдан пысып алды.
Бір шана отынды да ойдан өрге
Итеріп шығаратын күші бар-ды.
Бой берер емес бірақ мына пəлең,
Күшіңді сынап көрші,
болса дəмең.
Бір арба шөп сырғытқан секілденіп,
Аттайды алға қарай əрең-əрең.
Манағы манағы ма,
барады үдей,
Суылы гу-гу еткен қара дүлей.
Буыны дір-дір етіп келіншектің,
Күйеуі сүйрелейді:
«Бол, бол, жүр-ей!»
Шама жоқ Балшекерде тілдескендей,
Əлкен де əлтек-тəлтек құм кешкендей.
Көруге достың жүзін асыққанда
Алдынан жел ұйытқумен егескендей.
Біресе ентелетіп,
еміндіріп,
Біресе кері итеріп,
шегіндіріп;
 Кім білген,
ауыл үйдің арасында
Осылай салады деп желің бүлік.
Ағынға қарсы жүрген сияқтанып,
Тізелер діріл қағып,
аяқ талып;
Əлкендер арсы-күрсі боп келеді,
Доскеннің үйіне де таяп қалып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу