Өлеңдер ✍️

  04.02.2022
  157


Автор: Жарасбай Нұрқанов

АЗАМАТ ҮНІ

«Мен – бұрын сыршыл, күйшіл жас ақының,
Жанымның жалынымен жазатыным.
Кіл, өңкей өлеңі еді махаббаттың,
Сұлуға иіс судай шашатыным,
Ұсынып нарт гүліндей абат бақтың.
 Мен – енді азаматың, ойшылыңмын,
Тоқтаусыз айналдырам ой шығырын.
Аумаған арып-талмас нар түйе анық,
Мүддесін жұмыскер мен қойшы ұлыңның»
Деп жырлап ем заманында партияның.
«Түйеге теңелуің – деме, ағаттық»
Түйенің тегеуріні нелер аттық.
Болатын техниканың зəруінде,
Заттарын заводтардың тиеп – арттық,
Кешегі индустрия дəуірінде.
Таппайсың қазір оны терістіктен,
Түйенің тұқымы жоқ,
тегіс біткен.
Арқада азайды ғой аруана!
... Далиған дəйім мақтан – теріс тіптен,
Көп əлі ұқыпсыздық шаруаға.
Саудагер салады үйін ыждағаттап,
Тамдай ғып тамамдар ек біз де баптап.
Мұрша жоқ –
«Совхоз салған пəтер үй ал»
Жел гулеп, іргесіне мұз да қатпақ.
Қор болған қоғамдық мол материалдар!
Бастықтың басы байлы үйі қандай!
Назарың нақышына ұйығандай.
Білдей бір бөлімшенің клубы жоқ.
Жұмыс қып жүрген жұрттың күйі қандай,
Көкейін көптің білмек қулығы жоқ.
Қалғандай əкесінен мирастыққа,
Бекітіп берілгендей би-бастыққа,
Халықтық мекемені меншіктеніп,
Бар тіпті басатындар бейбастыққа –
Кезінде келдектеуден кешікпелік!
 Тиіспес тыңайтқышың тезек-қиға,
Келмесе жоғарыдан директива.
Бар тағы бастықсымақ – қоян ез бір,
Түйеге емес, өзіне керек бұйда,
Бұйданы жеткен жоқ па жояр мезгіл!
Бастыққа бастым тісті –
кегім емес,
«Бұзылар бастан балық» дейді халық.
... Кемшілік кетті көзге кейбірі анық,
Жақсыны, жаманды көз көру үшін,
Мəселен, менің туған облысым.
Алсашы əрдайымда бірінші орын,
Жазар ем жарқын жырды соның үшін.
(Маздаса «махаббат» деп бұрын шоғым).
Ақындық – сан мамандық дипломым,
Мінекей, мінездеме – екі қолым,
Қабылда қатарына еңбекшінің,
Иненің жасуындай кетік орын,
Болса тек, қақ сынадай сіңбекшімін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу