Өлеңдер ✍️
МЕҢТАЙ ДОСТЫҢ МЕРЕЙІ
(актер Меңтай Өтепбергеновке)
Жұлдызың жарқыраған өнерлі дос,
Ақ тілек, əзіл сөзге құлағың тос.
Туған күн, думан тойың құтты болсын,
Елуге жаңа келген молокосос.
Əлі жас, əжімі жоқ екі бетің,
Ойнайды білеуленіп бұлшық етің.
Жараған бауырынан бəйге атындай,
Құпия бар секілді құдіретің.
Бикешті жəукемдеген жапон мырза,
Керемет өнеріңе жаным ырза.
Дүние қыз-қыз қайнап кетер еді,
Жігіттің бəрі сендей жайнап тұрса.
Уақыт зымырайды, тыным бар ма,
Елу жас – биік белес, ұғынғанға.
Елуге биыл келіп қалғаныңды,
Білдірмеу керек еді сұлуларға.
Əуелден қадіріңді біледі Айша,
Жаныңда бұлаңдаған асау тайша.
Бақытың балдан тəтті сол емес пе,
Алыстан келгеніңде құшақ жайса.
Қос қанат, екеу екен ұлың сенің,
Сол деймін – үлкен үміт, үлкен сенім.
Алпысқа, жетпіске де жеткейсің сен,
Күнде той, думан болып жүрген жерің.
Сөзімнің басы қызық, соңы даулы,
Əзілдеп, қалжыңдауға көңілім ауды:
Келсең де сексен беске сен ұмытпа,
Өзіңнің əйеліңе қырындауды.
Өнерің жұлдызға тең жарқыраған,
Алдыңда – əдемі күн, арайлы таң.
Сол үшін, Меңтай достың мерейі үшін,
К черту, дəл осыны ішпеген жан.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter