Өлеңдер ✍️

  04.02.2022
  474


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ШƏКЕН АҒА

Күмбір-күмбір ой мен қыр, бүкіл дала,
Күмбірлеп тұр дүние, бермен қара!
Шəкен аға төске өрлеп келе жатыр,
Екі Муза қастерлеп екеуара.
Шіркін, сахна – сағыныш айықпаған,
Неткен өжет кинодан қаймықпаған.
Аққан жұлдыз тəрізді аяулымыз,
Əспеттеуге, əрине, лайықты адам.
Қалың қазақ, барша жұрт-көрермені,
Туған елі сүйсінген көп еңбегі.
Халқымызға қадірлі Шəкен аға,
Шынға келсек, өнердің кемеңгері,
Іштей егес, бəсеке – оң мен солы,
Оңай емес кімге де өнер жолы.
Елестейді біздерге дəйім сонау
Мерейлі сəт құшағы гүлге толы.
«Тебіренткен ойнымен елден ерен,
Актер кім?» деп сұрайды ел кейде менен.
Еске сонда түседі Шəкен аға
Ақан сері зердесін бейнелеген.
Веронадан келгендей жаңа ғана,
Еркіндеген сабазың жайдарлана.
Бас білгізіп, асауға тұсау салған,
Өктем бекзат қайда сол, қайран аға!?
Сіз ойнаған кинода Жамбыл ақын,
Көзге жылы, көңілге сондай жақын...
... Аңыз болып жетеді кейінгіге,
Ашық-жарқын, ойнақы жүрген қалпың.
Үлкеннің де кішінің əр кез досы,
Еркелеуің өмірге, бəлкім, осы.
Қызғаныштан өртеніп жалын құшқан,
Қайталанбас қазақтың Отеллосы!
Тақиялы періштең үйленбесе,
Күледі жұрт, Тайлақ деп əсіресе.
Əзіл-қалжың, қулыққа бейім аға,
Өсе келе болдыңыз Алдар Көсе.
Тіршіліктің сеземіз дəмін кермек,
Жанға тыным бермейді əбігерлеп.
Күмбірлеп тұр дүние: Шəкен аға –
Нағыз біздің сүйікті дəрігер! – деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу