Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
04.02.2022
145
КӨНЕ КҮЙТАБАҚ
Сақталған неше жылдан көне табақ,
Жатталған көкейіме күйі тарап.
Ойнатып ауық-ауық, соқса зауық,
Сыралғы мұңдасыма жүрмін санап.
Ескіріп қайран табақ қалса дағы,
Құлаққа таныс əуен – таң самалы.
Əуелеп ұшқан қаздай ала жаздай,
Жанымның биік еді аңсағаны.
Айналып күйтабақпен біз де бірге,
Құрбымен түсіп едік небір күйге.
Бұлдырап жазғы сағым, жастық шағым,
Тосырқап қалғандаймын енді биге.
Болады əр кезеңнің өз талабы,
Кейінгі көп қызықтан көз талады.
Жылдарды жалғастырып, алмастырып,
Арманның айнала бер күйтабағы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter