Өлеңдер ✍️

  04.02.2022
  190


Автор: Жарасбай Нұрқанов

АРАЙЛЫ ТАҢ

Арайлы таң, нұрлы күн,
Өлеңдетпей, кім шыдар,
Ерте оянып мен бүгін,
Желпінуім жөн шығар.
Ерте тұрған жігіттің
Ырысы артық өйткені,
Оңай емес, сүйіктім,
Мынау кезең өтпелі.
 Кедергіге келгенде,
Бөгелместей екпінім:
«Не тілейсің?» дегенде,
«Сүт əкелші» деп күлдің.
Мен оянып едім-ау,
Бір əдемі ойменен;
«Сүт əкелсең, – дедің-ай, –
Құймақ құйып, шай берем».
Құр бекерге сөйлесең,
Келмес еді жобаға,
«Құймақ» десең, «шай» десең,
Жүгірмеске бола ма?
«Жұмсадың ғой» демейін,
Ол да қызық ақынға.
Сүт əкеліп берейін,
Мен келгенше – əн тыңда»
Арайлы таң, нұрлы Күн,
Бүгін – сенің мерекең!
Өтінішің – бұйрығың,
Түсінбейтін мен бе екем?
Арайлы таң, нұрлы Күн,
Армандап ек аңсаумен;
Күндегіден сен бүгін
Көркейгенің жөн, сəулем.
Наурыз – думан таңында.
Шырт ұйқыда оянып,
Шарайнаның алдында
Отырсың ба боянып?
Аялаған кезіңде
Сылап-сипап бетіңді,
Шарайнаның өзі де
Саған ғашық секілді.
Жүзіңдегі əжімің
Азайсын деп тезірек,
Гүл сыйлауға əзірмін,
Өзінше бір мезірет.
Құрмет-сыйын қолдағы,
Азырқан ба, сынама,
Ұнаса тек, болғаны,
Бағасын сен сұрама.
Қынама бел, қысқа жең,
Көк көйлегің əдемі,
Білегімнен ұстап ең,
Көңіл байғұс дəмелі.
Бұдан артық не дейін,
Айттың, деме, тек қашан;
Ол да сенің мерейің,
Ел көзінше мақтасам.
Арайлы таң, нұрлы Күн,
Бүгін – ғажап мереке,
Бəріне де құрбының
Тілеймін құт, береке!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу