Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
04.02.2022
131
ҚЫСҚЫ АХУАЛ
Жүрдек əке
Жегіліп құйттай шанаға,
Құйғытып таңнан шабамыз.
Жеңілтектік санама,
Бақшаға кетіп барамыз.
Жұмыстан үйге орала,
Кешке де бəйек қағамыз.
Жүгірмеске бола ма,
Шу-шу десе баламыз.
Тұмылдырық
Бұл күндері бар дүкеннен
Көретінің бір ғажап:
Аузы-басын ақ дəкемен
Тұрған қыздар тұмшалап.
Тұмаудан да ада болып,
Тұмшалауды еркін тартармыз.
Тұмылдырық мода – болып,
Қалама деп қорқамыз.
Тік тізе
Біздің ауыл клубы
Ашық тұрған албардай.
Кімнің болса тұлыбы,
Соған арнап салғандай.
Қызықтырып киномыз
Əлдеқашан біткенмен,
Жинай алмай отырмыз
Тіземізді тіктенген.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter