Өлеңдер ✍️
ƏР НƏРСЕНІҢ ҚАДІРІ
Сен, əрине, шахмат ойнай білесің,
Білсең, айтшы, неден бастап жүресің?
Шахмат ойнай білетінің шын болса,
Ең əуелім, дұрыстап жүр, жүргесін.
Ақпен ойнап, кезекті сен алсаң да,
Қара таспен кезек күтіп қалсаң да;
Маған бірден қол созасың, бауырым,
Мен əзірмін шабуылға қашанда.
Мен пешкамын, менен бастап жүресің,
Неге ендеше «пешка» десе, күлесің?
Мен болмасам, королің де жалаңаш,
Мен жүрмесем, піл жүрмейді, білесің.
Мен – жауынгер, мені бірден жүресің,
Мен бастаймын ақыл-ойдың күресін.
Сенің ғажап жеңісіңе түбінде
Аз болмайды менің қосар үлесім.
Ə дегеннен алға басып, бек жүрем,
Белдесуге шықпай, қалай тек жүрем.
«Қарсы жақтың король тұрған төріне
Қайтсе де бір жетпей қойман!» деп жүрем.
Ең алғашқы екі аттауға не жетсін,
Алғашында – адуынсың, өжетсің!
Əттең, мені жібермейтін еркіме,
Ойын заңы неменеге қажетсің?!
Мен баяулап, мен бөгелдім, тежеліп,
Жүрер жолдың қиындығын сезелік.
Қарсы алдымда қарсыласым тұр менің,
Текетірес бола қалдық безеріп.
Аттар анау, орағытып жүргені,
Айқұш-ұйқыш жүгіреді пілдері.
Шаршы бойлап, тіке жүрмек мен ғана,
Ұмтылумен тек ілгері, ілгері.
Оңнан, солдан төнгендермен сыйыспай,
Қайшыласып тұрам өткір қылыштай.
Ұстасқанмен ұстасуға даярмын,
Шегінуге, жалтаруға тырыспай.
Мен, əрине, бостан босқа ерсінбен,
Бейнетқормын телпегіме тер сіңген.
Əр бейнеттің бір зейнеті болардай,
Əр пешканың үміті бар ферзіден.
Кейде жолым кедергіден ашылып,
Алға қадам басарым бар асығып.
Алты қырдан асқан кезді айтсаңшы,
Қарсыластың зəре-құтын қашырып,
Жеті белге жетуім мұң сабылып,
Жан-жағымнан қоя берер жабылып.
Шын биікке шығармауға келгенде,
Көрген емес есептен жұрт жаңылып.
Бүкіл соққы сонда маған төнеді,
Ұра берсе, құдайың да өледі.
Жастығымды ала кетем əйтеуір
Əлсіретіп король тұрған төбені.
«Өз еркімен құрбандыққа барған» де,
Мейлі мені: «ферзі шықпай қалған» де.
Кəдуілгі пешка болып тұрып-ақ,
Қарсы жақты қалтыратсаң, арман не!
Мүмкін менің бұл сөзіме күлерсің,
Мүмкін тыңдап, құлағыңа ілерсің.
Шахмат ойнай білетінің шын болса,
Əр нəрсенің шын қадірін білерсің!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter