Өлеңдер ✍️
ҮЛПІЛ ҚАР
Бір салқын сезіп едім іңірде мен,
Қар жауып қалған екен түніменен.
Мойынға ауыртпалық түскен жандай,
Бұта жоқ қалың қардан бүгілмеген.
Ақ көрпе айнала дүз жамылыпты,
Дүние əктелгендей жаңғырыпты.
Мен тұрдым төңірекке көз жіберіп,
Сүйсінбей сұлулыққа нағылыпты?
Ақ қайың сеңсең бөркін баса киіп,
Зорайып көрінгенмен, емес биік.
Үстіңе секер саулап төгілердей,
Түбінен ақ қайыңның қалсаң түйіп.
Аспаннан жерге жеткен сəлемдеме,
Сəн көрсем көбік қарды, жөнсіз деме.
Үлпілдеп ақ ботақан, боз інгендей,
Кіршіксіз болмайды екен əлем неге?
Қаланың көрсең түрін қара түтін,
Келмейді түнде ұйқың, күндіз күлкің.
Көшенің уын алып, шуын басқан,
Ақша қар жауса, жаусын дүркін-дүркін.
Тəңірден келген сыйды қарсы алғандай
Ол бір кез таза қарға тамсанғандай.
Осылай деген едім кезінде бір,
Сұлулыққа таңырқап, қағып таңдай.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter