29.01.2022
  309


Автор: Қалихан Ысқақ

Сыншыға мінез де қымбат

Зейнолла шабытына мінсе, тыңдаушы оның сөзінің бас-аяғын жинай алмай қалатын. Бұл соңғы оншақты жылдарда. Бұрын алқа-қотан отырыстарда көп сөйлемейтін, көптің ырқына көне бермейтін, жымиып қана отырып, әңгіме-дүкенге жылғалап қана араласатын жібектей жігіт еді. Сонан соң ба адам боп қалдық дейтін, бір өлеңі, бір әңгімесі «Пионер» газетінің пұшпағына басылса да көңілі көк тірегендей болатын алпысыншы жылдардың ботатірсектеріне қалай ілесіп кеткені менің есімде жоқ. Әйтеуір ортамызға жылғалап кірсе де, жымиып кірсе де жұрттың бәріне сүйкімді болатын. Сол мінезінен әлі де танған жоқ.


Ара-тұра Асқардың үйінде болғанымызда Айтотам:


— Әй, Зейнолла, жұрттың аузы сөзден босамай жатыр, сен оқта-текте жағаңның кірісін ашпа, ең болмаса тұшпарадан ала отырсаңшы, — деуші еді.


Бүгінде бақсам, бұл нағыз сыншының мінезі екен. Сыншы аудиторияны айғайлап емес, абаймен алады екен. Бірақ, бір қызығы, Зейнолла ең алғаш біреуді сынап емес, сыналып аты шыққан. Сынаған мен едім.


Елуінші жылдардың аяғы, алпысыншы жылдардың басында жақсы бір дәстүр бар еді: газет, журналдардың бетінде жаңа көріне бастаған жас авторлардың өлеңдері мен әңгімелерін жинап алып жинақ етіп шығаратын. Бүгінгідей қағаздың қымбаттығынан, қаражаттың жоқтығынан емес, жас талапкерлерді болашақтан дәмелендіру үшін, талантын ұштау үшін. Баспа редакторлары, құрастырушылар ағайындікін, өзінікін тықпалаудың орнына өзгенікін іздеп жүріп тауып, алғы сөзімен ақ батасын беретін. Мұхтар Әуезовтің 27 желтоқсанындағы «Жыл келгендей жаңалық сезінеміз» дейтін тарихи сөзі осы жинақтардың әсерінен туған.


1961 жылы Сәуірбек Бақбергенов ағамыздың ұйымдастыруымен «Жол басы» дейтұғын балаң прозаиктердің әңгіме жинағы жарық көрді. Көбіміз кітапқа енгенімізді білмей де қалдық. Жинақта Зейнолла Серікқалиевтің де әңгімесі жүр екен. «Қазақ әдебиеті» газетінде Әкім Әшімов екеуін қосақтап қойып сынайын. Сөйтсем, кезінде газет бетінде шығып кеткен, көркемсөзге сүйреп қосуға келмейтін шикілі-пісілі дүниелерінің жинаққа енгенінен екеуі де бейхабар болып шықты.


Құдайдың құтты күні ас-суымызға дейін бір табақтың үстінде тоғысатын дос-жараннан қашсаң құтылармысың, мақала жариялаған күні-ақ жыл көріспегендей бір-бірімізді іздеп жүріп табысып едік. Зейнолла бірдеме десе мен де едірейіп шыға келетін шығармын деп едім, ол түк болмағандай, түк көрмегендей жымиып келіп қолымды қысты. Зейнолланың қолы қатты, қысса темірден де тер шығарады. Есесіне сөзі майдай.


Қалай дегенмен де біздерді табыстырған, жолымызды ашқан «Жол басы» еді. Осыдан-ақ бір топ үміткерлер жолымыздың бір екенін, бір мұң, бір мақсатқа телініп, қайтар жолдың қақпасын жауып тастағанымызды сезіндік. Күні бүгінге дейін. Күні бүгінге дейін еншімізді бөліскен жоқпыз. Әлдекімдер жақтан басты айырғандай қып жатса, ұяты мойнында. Бәріміз де сын жаздық. Бірақ, сын жанрын өнер тұтқан біздің замандастарымызда үш-ақ жігіт: Зейнолла, Асқар, Төлеген. Бәріміз де сын жаздық, бірақ соның бәрі рецензияның дәрежесіндегі ой-толғаныстар еді. Әлгі бір "атышулы" әңгімесінен соң Зейнолла прозаға қайтып оралған жоқ.


Сын да жеке-дара шығарма. Басқа жанрдан айырмасы — арқаны бар. Ол — сыналып отырған объектіден шыға алмайтын шеңбері. Оның үстіне автордан білімділікті, сезімталдықты, ойдың озығын, биік интеллектіні талап етеді. Онсыз мінегеніңе де, мақтағаныңа да, ақтағаныңа да ешкім иланбайды. Зейнолла рецензияның шеңберіне көп аялдаған жоқ. Сол кездегі әдеби процесстің ыңғайымен өзекті деген мәселелерге ден қойды. Не туралы жазса да, кім туралы жазса да уақытқа, елдің рухани өміріне тели отырып, әдебиет ағымынан бөліп тастамай, соған жалғастыра отырып, құлашты кеңге салып, ойды тереңнен қарпып тұтас бір қоғамдық құбылыстың сырын ашуға тырысты. Жазушының оқушыға жетпей қалған астарлы ойын аршып, әдіптің астында алған өрім-таспалы лейтмотифті автормен жарыса тарқатқан сәттері коп болды. Кейбір сыншылар жақсыны мақтаса — жайдары, жаманды даттаса — қазымыр, кейде тіпті қақалып-шашалып жатады. Зейнолла ешуақытта эмоцияға берілмейтін, сырт қарағанда тым салқынқанды, қаламы қатқыл сияқты, соған қарамастан айтар ойын жібектей ширатып отырып жұлыныңа дейін жеткізеді. Ең бір жақсы қасиеті, сынап отырып объектісін қорлап, тіл тигізген емес. Бұл кез-келгеннің интеллектісінен табыла бермейтін мінез.


Көп ретте әдебиет зерттеушілерін сыншылардың қатарына жұмсайтын әдетіміз бар. Түбі төркіндес болғанымен екі сала екі жанр екенін ескере бермейміз. Болмаса сынды «жауынгер жанр» дейміз де қоямыз. Жауынгер дегеніміз кешегі қызыл цензурадан туған жаргон. Мұның түбі айтақ деген сөз. Зейнолла айтаққа көнбейтін, өзіндігі болмаса жетекке жүрмейтін, бос хронологияны қойыртпақтап, әр нені бір шалулап, жалпылама, жадағай, айдалаға сөйлемейтін сыншы. Пәлен уақытта пәлен шығарма туған, түген тақырыпта түген шығарма жазылған деген Зейноллада бос информация жоқ, өткенге де, бүгінге де өзінің бүкпесіз пікірі, нық позициясы бар.


Сын жанрында Зейнолла Серікқалиевтің бірнеше кітаптары жарық көрді. Солардың бәрі де әдеби процесімізге жасалған байсалды анализ. Қай автордың шығармасын талдауға салмасын, оның творчествосын толық қамти отырып, зерттей отырып, әркімнің биігіне қарай, алқымына шақтап тұтас әдеби тұлға жасады. Зейнолланың Хамза Есенжанов творчествосы хақында кезінде күнделікті баспасөзде, кейін кітаптарына енген зерттеулері күрделі де құнды еңбек. Ол Есенберлин шығармаларын да назардан тыс қалдырған жоқ. Ілекең тарихи тақырыпта ұлт алдындағы өз борышын артығымен өтеп кетті. Жетпіс жыл бойы бұғып, үндей алмай келген өткенімізге сусап отырған жұрттың көкейіндегісін тауып, армандағысын айтып берді. Бір шығарма оқушыға, әдеби қауымға ұнай қалса, соған шыбық жолатпай шыр қағатынымызды несін жасырамыз. Зейнолла «Алмас қылышты» сынағаны үшін шетімізден өре — түрегеліп едік. Сыншы романды қай қырынан төңкеріп қарап отыр? Мәселе осында емес пе. Тарихи туындының аса қажеттігін айта отырып, оның мазмұн — салмағына тиіспей, Зейнолла шығарма тілінің кебірлігіне, кейбір асығыстығына, баяндаудың бір сарынды құрғақтығына мін таққан сияқты еді. Сол кезде көркемсөздің кемшілігін бүркеу үшін «роман — хроника» деген жанрды да ойлап таптық. Жанрдың аты жанр, қалай бұлқынсақ та ол проза, оның түбі — көркемсөз, көркемсөзге талап біреу-ақ, ол — сурет пен ой, образ.


Алпысыншы жылдары мазмұн мен тұр туралы болымсыз бір айтыс болды. Айтыс та емес-ау, әркім өз ойындағысын білдіріп, пікірлерін ортаға салды. «Жұлдыз» журналының бетінде әуелі Асқар сөйледі, оны өзімше мен сынаған болдым. Үшінші санында Зейнолла сөз алып, жігіттер, асықпаңдар, тур деген қашпас, тоқпағы мықты болса киіз қазық жерге кіреді, талант мықты болса форманың бәрі жорға, бірақ түбі аумайтын, төкпейтін, ғасырлар бойы көлік боп келе жатқан академиялық формаға қайтып келесіңдер дегендей басу айтты. Айтқанындай солай болды. Ұтымды бір тәсілді таппағандықтан емес, артық айталық, кем айталық, әйтеуір «желік» басылып, бәріміз де жарау қалпымызға қайтып оралдық. Ұтылған ешкім жоқ.


Сыншы да, сыншы еңбегі де қадірсіз дейміз. Бекер сөз. Барымызды жұптайтын, жоғымызды жоқтайтын сыншы еңбегі. Уақыт өтер, сонда біздің малымызды түгендеп беретін де сыншылар болады.


Кімнің жолы ауыр — сыншының жолы ауыр. Мінезі жібектей болмаса да қаламының ұшы қасқайып тұратындықтан шығар. Оқушы көңілі бір басқа, сыншының қолы бір басқа. Ойы одан да қымбат. Түптеп келгенде біздің рухани мұрамыздың бағасын беріп қана қоймай, оны системаға келтіретін де сыншылар, сыншының еңбегі.


Әлдекім: Қалихан қасында жүрген досын қолпаштапты дер болса, сол қасымда жүрген досым 60 жасқа жеткенше мен туралы баспасөзде алты ауыз сөз айтқан емес. Қасындағы досыңды көзін бақырайтып қойып мадақтаудың да ерсі, әрі қиын екені рас. Демек, бір ауыз сөз осы ілтифатта ешқандай қарымта да, жағымпаздық та жоқ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу