Аңыздар ✍️
Орақты батыр
Әлқиса, Әзірет Сұлтан жерінде биттің қабығына қан құйған екі қу болады. Өздері қауын егіп, қақ кептіретін диқангерлеу екен. Олармен көршілес жан баласына жамандығы жоқ, ақ, адал, дегдар, әрі әулиелік қасиеті бар тақуа бір адам да өмір сүріпті. Әлгі қулар алдымен әулиенің қалыңдығына су бермей қинап, артынша оның жар дегендегі жалғыз баласын өлтіріп, басын кесіп, пісіріп, "алыңыз" деп алдына тартыпты. Мұны сезген әулие Бәддұға оқып, екеуін ауыздарынан қан-жыны төгілген Ақ және Қара түсті құбыжық итке айналдырып жібереді. Екеуі бір-біріне өлердей өш болып, ар-гүр етіп, алыса кетеді. Алыса жүріп, алдарындағы ұшырасқан адам баласының бәрін жайпап, талайды тамақ етеді. Мұны естіген жұрт олардың жолдарынан дүркірей көше береді. Алданып, қуып жете алмасын деген оймен халық әлгі тажалдардың жолына бір қыз, бір қойдан байлап, олардың жанына бір қарыннан май тастап кетіп отырады.
Орақты батырдың жорықта жүрген кезі болса керек, кезек оның қарындасы Оралбикеге жетіп, бір көшкен жұртқа май мен қойға қосылып ол да байланады. Айдай сұлу, ажарлы, ақылды қызды анасы да, ел де қимай, жылап, еңіреп қоштасады. Алайда ажалсыз себеп көп, осы арада Орақты батыр келіп қалып, таянған тажалдарды бірінен соң бірін атып түсіреді. Сұпы би сонда жанында екен, әлгі Ақкөбік, Қаракөбік атанған тажалдардың құлақтарынан ба, әйтеуір бір жерінен кесіп алып, үдере көшкен елдің соңынан жетеді. Кесіп, шауып алған белгілерін көрсетіп, тажалдардың көздері жойылғандығына сендіреді.
Есін жиған ел "батырға не сыйласақ екен" деп ақылдаса бастайды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter