Өлеңдер ✍️

  23.01.2022
  172


Автор: Бақтыбай Жайлау

Оғыландыға барғанда

Қырларды басып,
Таулардан асып,
Басыңа келдім, Пір Бекет.
Асыға күткен,
Мақсатқа жеткен
Ниетімді қабыл ет!
Ұрпақтың тілімен,
Табыну үнімен
Жыр арнайын, Ер Бекет.
Жанымды сырмен,
Жалынды жырмен
Сезімімді тербеп өт.
Өзіңе арнап,
Сөзіме жалғап,
Әр кез саған бас ием.
Сиынарым Хақ,
Сенерім әруақ,
Бір сенсің, Бекет Әулием!
Қырларды басып,
Таулардан асып,
Басыңа келдім, Пір Бекет.
Асыға күткен,
Мақсатқа жеткен
Ниетімді қабыл ет!
Ниетімді қабыл ет!
***
Мен ылғи сүйсінемін балалыққа,
(Бұл менің бойымдағы шалалық па?)
Сондықтан болар бәлкім өмірдегі
Ұқсауға тырысамын сан алыпқа.
Разы етіп елімді әр ісіме,
Жете алсам мерейлі мәресіне.
Бақыттымын талап пен тұлғама сай
Жарап жүрсем елімнің кәдесіне.
Мен ылғи талпынамын биіктерге,
(Жетелеген арман мен үміттерге).
Айға шауып сал болған арыстандай
Қаламын бұл сезімнен үркіп кейде.
Аңсамас тірісінде биікті кім?
Биіктікпен өлшенер жүйріктігің.
Қиялымның жалғанған жетегіне
Тағдырым тек үзбесін үміт жібін.
Мен ылғи күрсінемін қиындыққа,
(Бірақ ол бірлік барда бұйым боп па?)
Содан шығар арқамда жүк салмағы
Білінбей келе жатыр ұйым топта.
Taп қылар алуан-алуан даңғылына,
Лаж бар қандай жазмыштың жарлығына?
Төзімім, таусылмай сәл сабыр етсең,
Ұласады түн де ақыр таң нұрына.
Мен ылғи өкінемін пенделікке,
(Жүрміз ғой пенде болып сенделіп те).
Енді арылтып ондайдан бойымызды,
Түзу жолмен барғаймыз егделікке.
Жасыңда білместікпен есір мейлі,
Бірақ жүре түзелсін көш ілгері.
Келешекке қам жасап серпіл, жүрек,
Егделік пенделікті кешірмейді.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу