Ертегілер ✍️
Ерте атқан таң
– Енді қалай бұрыламыз? Сенде карта бар ма еді өзі? – деді Бекен зымыран қала аспанын артқа тастаған кезде.
– Ондай нәрсені мен қайдан білейін. Бірақ жұлдыздарға қарап, жер жайын бағдарлаудың түк те қиындығы жоқ.
Баланы ептеп тыныштандырған да көгершіннің осы сабырлы жауабы болды.
Шырқап биікке көтеріліп алған зымыран түнгі кеңістікті тіліп, заулап келеді.
– Менің атым Шапағат, сенің ше? – деді көгершін серігіне бір қарап қойып. Оның да көңілі ептеп орнына түскен секілді, даусы орнықты шықты.
Бекен жайшылықтағы дағдысына басып, сөйлей жөнелген. Өзінің екінші сыныпта оқитынын, суретті кітапшаларды да, мультфильмдерді де, компьютерлік ойындарды да жақсы көретінін, папасы мен мамасының дүниедегі ең жақсы адамдар екендігін, қарындасының ойынқұмарлығын – бәрін бірер минуттың ішінде тізбелеп айтып шықты.
Мейірлене қарап қойғаны болмаса, Шапағат оның әңгімесін бөлген жоқ. Ішінен «Мына бала барып тұрған сөзуар екен» деп ойлап отыр ма, кім білсін.
Бір кезде алдыңғы жақтан аспанның етегі сөгіліп, айнала лезде бозара бастады.
– Бұнысы несі? Таң қалай тез атып қалды? – деді Бекен жан-жағына алақтап қарап.
– Өйткені біздің бет алған бағытымыз – күн шығыс жақ, – деген Шапағаттың сабырлы, нәзік үні естілді. – Яғни Жердің айналу бағытына қарсы ұшып келеміз. Енді Жердің өз кіндігінен айналатын жылдамдығына зымыранның жылдамдығын қос.
Сондықтан таңның тез атуы да заңды.
Аудио нұсқасы:
Бекен иллюминаторға жабысып, жер бетіне үңіле қараған.
Айнала қандай әдемі еді. Сонау төменде ирелеңдеген өзендер, көгілдір көлдер мен таулар көрінеді. Әр жерде қалқыған мамық бұлттар мақтаның қауызындай ілініп тұр. Ауа тұп-тұнық, тап-таза. Осынау әдемі әлемде тыныш өмір сүруден артық не бар екен десеңші.
Көңілін белгісіз қуаныш бөлеп, тәтті қиялға беріле бастаған баланың ойын Шапағаттың:
– Ананы қарашы! – деген үрейлі даусы бөліп жіберді.
Сөйтсе, бұлар соғыс жүріп жатқан Дән елінің үстіне келіп қалған екен. Зымыран екпінін тежеп, дереу құлдилай бастады.
Орманды ораған өрт, қыстақтардың шаңын бұрқыратып жарылып жатқан бомбалар құлдилай бастаған зымыранның иллюминаторынан айқын көрініп тұр.
Шапағаттың тарыдай ғана көздері жасқа шыланып шыға келіпті.
– Мына ойраны шыққан жерге қарауға дәтім жетер емес. Тезірек жаңағы үлкен бастығына барайықшы, – дейді жыламсырап сөйлеп. Сөйткенше болған жоқ, бұлардың зымыраны қызу ұрыс жүріп жатқан майдан даласының үстінен шыға келді. Айнала –
тарс-тұрс, гүрс-гүрс. Әуеде айқыш-ұйқыш зулаған соғыс ұшақтары. Бұлардың зымыраны ә дегенше солардың ортасына кіріп те кетті.
Сол екі арада, неге екені белгісіз, жау ұшақтарын жанталаса атқылап жатқан зениткалар бір сәт тыныштала қалып еді. Достар ес жиып үлгергенше, зымыран майдан шебінен ұзап та кеткен.
– Олар атысты неге тоқтата қойды? – деді Бекен таңырқағанын жасыра алмай.
– Жау ұшақтарын атып жатқан біздің әскерлер болатын. Олардың атысты тоқтатқан себебі – зымыран ішіндегі екеумізді байқап қалған ғой. Бейбіт елдің әскері әрқашанда мейірімді болады.
Жаңағы қанды шайқасты көріп, бойы мұздап кеткен баланың осы сөзден кейін көңілі бірден сергіп сала берді. Төбеден жауған бомбаға қарамастан, атысты тоқтата қоюдың өзі неткен ерлік.
Жымиған қалпы артына қарай бергенде, үрейлі даусы қоса шықты:
– Ой, Шапағат! Ананы қарашы! Бізді қуып келеді.
Бұлардың соңына түскен жаудың ұшқыр жойғыштары болатын. Майдан шебін кесіп өткен зымыраннан қауіптеніп, қуып келе жатқандары анық.
Шапағат тырнағымен жасыл кнопканы басып қалғаны сол еді, зымыран кеңістікті тіліп, жұздыздай ақты – Біз Бүлік елінің үстіндеміз, – деді ол арттағы қатерден құтылған соң. – Жүрегім
сезіп келеді, біз енді сақтанып жүруіміз керек. Бұл елде бейбіт тірлікке қаны қас, ниеті бұзық адамдар көп сияқты.
Келесі минутта «Зымыран» Бүлік елінің астанасын бетке алып, қонуға дайындала бастады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter