Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
20.01.2022
117
Күреңіте күрсінген күз....
Күреңіте күрсінген күз демінен,
Жапырағын жасыл бақ үзді өзінен.
Тағдырымның жазуын аспандағы
Қайтқан құстың оқыдым тізбегінен.
Періштедей құстар да күнді айналған,
Өкініш бар кеудемде қимай қалған.
Көздеріммен көңілге жаздым өлең,
Өлең — ол да өмір ғой шимайланған.
Талғам қандай, бүгінгі таным қандай?
Өткен күннен бір белгі табылғандай.
Әлденені боламын іздегендей,
Әлдекімді боламын сағынғандай.
Сырласарға жан таппай жер бетінен,
Әуеніне сезімнің тербетілем.
Сірә, күзді сезінбес мұңсыз ғана
Күй ойнаған сезімнің пернесімен.
Жадыраған жазбенен кеткен қызық,
Қатал қыс та қоштасар өктем жүріп.
Оянады күзгі бақ ұйқысынан,
Оянады түсіне көктем кіріп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter