Эсселер ✍️
Эссені қалай жазады – барлық ережелер
Шығармашылық сипаттағы өзіндік жұмыс түрлерінің бірі эссе. Алайда, жанрдың бұл түрін көбі шығармамен шатастырып, дұрыс жаза бермейді.
Сіздер эссенің құрылымы қандай болуы керек екенін, эссені басқа жанрлардан қандай белгілері ерекшелеп тұратынын, тақырыпты қалай таңдайтыныңызды және өз ойыңызды қағазға сауатты түсіруді білетін боласыздар.
Эссе дегеніміз не?
Көпшілігі эссе бұл қарапайым шығарма деп ойлайды. Алайда, олай емес.
Эссе прозалық әдеби жанр. Француз тілінен аударғанда «очерк» немесе «нобай» деген мағынаны білдіреді. Эссе автордың дара әсерін, белгілі бір мәселеге қатысты көзқарасын көрсетеді. Ол белгілі бір сұраққа толық жауап бермейді, тек сол мәсеге қатысты өз ойын немесе әсерін көрсетеді.
Эссе жазу кезінде логика, ойды дәйектеу мен ақпаратты сауатты жеткізу қабілеті жақсы дамиды. Баяндау стилі көбіне сөйлеуге бағытталған.
Эссенің сипатты ерекшеліктері
Эссені дұрыс жазу үшін, алдымен оны басқа жанрлардан ажырататын ерекшеліктерді ескеру қажет.
Эссенің негізгі белгілері:
Мәселені қамтитын және оқырманның ойлануына ықпал ететін белгілі бір қысқа тақырыптың болуы.
Субъективті авторлық ұстаным. Эссені ерекшелейтін нәрсе онда қандай да бір мәселеге тоқталған автордың көзқарасы, оның әлемге деген қатынасы, сөйлеуі мен ойы болады.
Сөйлеу стилінде жазылады. Эсседе күрделі тұжырымдар мен тым ұзақ сөйлемдер болмауы керек. Оқырманмен байланыс орнату үшін еркін стильді ұстану маңызды. Сонымен қатар, эссені іші сленгке толған сапасыз мәтінге айналдырып, артық кетудің қажеті жоқ. Мәтінге әртүрлі интонация қолданылған қысқа, қарапайым және түсінікті сөйлемдер жақсы эмоционалдық өң береді.
Мәселеге толық талданым жасау. Жеке көзқарасты нақты деректерге сүйене отырып көрсетіп, дәлел келтіру керек.
Салыстырмалы түрде қысқа болғаны жөн. Қанша бет болатынына қатысты ешқандай шектеулер жоқ, бірақ эссе шағындығымен ерекшеленеді.
Құрылысы еркін болады. Эссе қандай да бір нақты шеңбердің аясында жазылмайды. Мәтіннің құрылысы мәселеге әртүрлі жағынан қарауға тырысатын автордың логикасына бағынады.
Көзқарасты жеткізу логикасы. Еркін құрылысқа қарамастан, эсседе ішкі тұтастық, пікірін білдіретін авторлық мәлімдемелердің дәйектілігі болуы керек.
Осылайша, эссе баяндаудың ерекше стилімен ерекшеленеді, оның мақсаты оқырманның ойлануына түрткі болу. Эсседе автор өзінің көзқарасына көндірмейді, ол өз ойы арқылы оқырманды ойландырып, мәселені талқылауға шақырады.
Эссе қалай жазылады?
Эссені дұрыс жазу жанрдың ерекшеліктерін түсінуге байланысты. Жазудың негізгі принциптері мен ұсыныстарын ұстанып жазса, эссе қызықты болады.
Тақырыпты қалай таңдауға болады
Егер жалпы бағыт бойынша таңдау керек тақырыптар тізімі жоқ болса, онда эссенің қандай аудиторияға керек екенін ескеру қажет. Мұнда нұсқалар әртүрлі болуы мүмкін: университет оқытушысы, комиссия, әдеби қауымдастық, жұмыс беруші болуы ықтимал.
Презентация жасау: 7 пайдалы кеңес >>>
Егер эссені мұғалімге өткізу үшін жазса, онда қандай қасиеттердің бағаланатынын ойлану керек. Осыған байланысты тексеруші автордан күтетін түпнұсқалық, сөйлемдерді қисынды түрде қалыптастыру қабілеті, сауаттылық, кәсіби қасиеттер және т.б. секілді қабілеттерді көрсету мүмкін болатын тақырыпты таңдауы қажет.
Ұсынылған тізімнен эссе жазатын тақырыпты таңдағанда, белгілі бір білім, ой-пікір бар немесе қатты қызығушылық тудырған тақырыпты таңдаған жөн.
Егер эссе жұмыс берушіге бағытталса, онда эссенің тақырыбы мен мазмұны автордың сипатын, оның шынайылығын, біртумалығын, адамгершілігін және даралығын көрсетіп тұруы қажет.
Эссені қалай бастайды
Жиі сөзшең және өз ойын қағазға түсіру қабілетіне ие адамдарда шығарманы, соның ішінде эссені бастауда қиындық туады. Бірақ, эссені қалай бастауды ойлап отыра берсең айтарлықтай көп уақыт кетеді, ал бұл шығармашылық жұмыстың үрдісін едәуір тұмандандырады.
Сондықтан, эссені қалай бастау керектігі туралы ұсынған кеңестерімізді пайдаланыңыз.
1-кеңес. Эссе жазуды бастамас бұрын, идеяны тұжырымдап, мақсатты анықтап, және жұмыс үшін ақпарат көздерін тауып алу керек.
2-кеңес. Еркін жазу әдісін қолданыңыз. Оның мәні болып жатқан нәрселерді миға редакциялаусыз және грамматика, пунктуация, стиль секілді т.б. ережелерге бағынбай-ақ жазуда. Бұл шығармашылық дағдарыспен күресуге және керемет идеяларды табуға көмектесетін тамаша тәсіл.
3-кеңес. Кіріспе бөлімге тоқтап қалмау керек. Алғысөзді негізгі бөлім жазылғаннан кейін де жазса болады. Бұл жағдайда эссенің не туралы жазылғаны түсінікті болғандықтан, кіріспені де жазу оңайырақ болады.
4-кеңес. Эссе жазудың барынша кеңінен тараған танымал нұсқаларының бірі бірінші сұрақтан бастап, оған жауап жазу.
Эссеге қалай жоспар құруға болады
Бірден мінсіз жоспар құруға ұмтылуға болмайды. Өйткені, ол жұмыс барысында редакциялануы мүмкін. Оның үстіне эссе жазу кезінде жоспар құру мүлдем қажет емес, сонымен қатар құрастырылып қойған жоспарға да сүйенудің қажеті жоқ. Шектеулер мен қатаң шеңберлердің болмауы осы жанрдың артықшылығы болып табылады. Егер авторға қатаң жоспарға сүйену оңай болса, онда оны құрастыру үшін де уақыт қажет.
Сондай-ақ, барлық негізгі ойлар жоспардың тармағы түрінде көрсетілуі керек. Одан кейін, әр тармақты тармақшаларға бөліп, ойды толығымен егжей-тегжейін ашып, жеткізуге болады.
Содан кейін жоспарды қайтадан оқып шығып, әр тармақ өз орнында тұр ма және жеткілікті түрде ашылды ма, соны тексеріп шығыңыз.
Эссенің құрылымы неден тұрады
Эссе жазу тәртібі әдетте үш қадамнан тұрады.
Кіріспе бөлім
Кез келген жазбаша жұмыс секілді, эсседе де кіріспе бөлім немесе кіріспе болады.
Жақсы жазылған кіріспе оқырманның қызығушылығын оятып, эссені аяғына дейін оқуға қызықтырады. Кіріспе бөлімде мәселенің тұжырымдамасы және оның маңызы, риторикалық сұрақ, дәйексөз және т.б. болуы мүмкін. Сондықтан, ерекше эмоционалды түрде ойлана отырып, оқырманды қаралатын мәселеге алып келу маңызды.
Негізгі бөлім
Басты бөлімде қарастырылып отырған мәселе бойынша әртүрлі көзқарастар келтіріп, мәселенің тарихын қозғауға болады.
Әдетте негізгі бөлім әрқайсысында үш бөлім болатын бірнеше тармақшалардан тұрады: тезис (дәлелді пікір), дәлелдеу (тезисті дәлелдеу үшін пайдаланылатын дәлелдер) және тұжырым (негізгі мәселеге ішінара жауап). Дәлелдер оқырманды қандай да бір көзқарастың шынайылығына сендіру үшін айтылған пікірлер болып табылады. Бұл өмірден алынған түрлі жағдайлар, ғалымдардың пікірі, дәлелдемелер және т.б. болуы мүмкін.
Дәлелдеме келесі ретпен жасалуы мүмкін:
Пайымдау
Түсіндіру
Мысал
Қорытынды пікір
Тұжырым
Қорытындыда негізгі бөлімде ұсынылған және әр тезис бойынша тоқталған барлық тұжырымдар біріктіріледі. Ал оқырман берілген дәлелдер негізінде қисынды қорытындыға келуі керек. Соңында, мәселе қайта қайталанады және қорытынды шешім жасалады.
Егер кіріспе бөлімнің мақсаты оқырман қызығушылығын тудыру болса, онда соңғы сөйлемдердің мақсаты жалпы суретке (ой) тұтастық қосып, жұмысты оқырманның есінде қалдыру және ойлануға итермелеу болады.
Эссенің шығармадан айырмашылығы
Дұрыс жазылатын эссе кәдімгі шығарма жазудан ерекшеленеді. Сондықтан, егер эссе жазу керек болса, онда оны басқалардан ерекшелейтін, жанрлық сипатты ерекшеліктерін ескеруіңіз қажет.
Көркем туындыны талдайтын шығарамаға қарағанда, эссе авторлық көзқарасты және оның осы мәселеге қатысты ұстанымын қамтиды.
Сондай-ақ, эссені шығармадан ерекшелейтін ерекшеліктердің бірі оның қарама-қайшылықты (парадокстылық) болуы. Яғни, жарқын бейнелер мен афоризмдерді және тосын пікірлерді қолдану арқылы оқырманды таңғалдырып, оған әсер ету.
Эссе жазу бойынша кеңестер
Барлық эссе ережелері ұсынылатын кеңес түрінде болады. Жоғарыда берілген ақпараттарды ескере отырып, эссені қалай жазу туралы кеңестерімізді пайдаланыңыз және оқырманға бей-жай қалдырмайтын эссе жазыңыз.
Кеңестер:
Эссе жазу кезінде қысқа фразаларды ұзын сөз тіркестерімен кезектестіріп қолдану керек. Бұл жағдайда мәтін оңай оқылуға жеткілікті серпін болады.
Эсседе күрделі және түсініксіз сөздерді қолданбаңыз, әсіресе сөздің мағынасы шала таныс болса.
Мүмкіндігінше жалпы сөйлемдерді (фраза) аз қолданыңыз. Эссе автордың жеке басын көрсететін бірегей, жекеленген жұмыс болуы керек.
Әзілді өте мұқият қолданған жөн. Өйткені, сарказм және дөрекілік оқырманның ашуын келтіруі мүмкін.
Жеке тәжірибе, естеліктер мен әсерлерді көрсету өз көзқарасыңды және оқырманның сенімін растаудың тамаша тәсілі.
Тақырыпты және негізгі идеяны ұстаныңыз, және одан ауытқымай, қажетсіз мәліметтерді сипаттаудан аулақ болу қажет.
Эссені толығымен аяқтағаннан кейін, баяндаманың барлық жерінде ойдың дұрыс жеткізілгеніне көз жеткізу үшін, оны қайтадан оқып шығыңыз.
Эссені деректер мен зерттеу нәтижелерін пайдалана отырып жазу сенімділік танытудың керемет мүмкіндігі.
Эссе жазуда жиі жіберілетін қателіктер
Ең жиі кездесетін қателерді біле жүрген дұрыс. Себебі, олар эссені өзің жазған кезде сол қателерді жібермеуге көмектеседі.
1-қателік: Түсініксіз болып қалу немесе керекті әсер бере алмау секілді жеке қорқыныштардың кесірінен автор эсседегі барлық көрнекті ойларды алып тастап жатады. Осыған байланысты эссе өз даралығын және ерекшелігін жоғалтады.
2-қателік: Мәліметтердің жеткіліксіз дамуы. Көп кездесетін қателік автор өз тұжырымдамасында мысалдар мен дәлелдерді жеткілікті мөлшерде көрсетпейді.
3-қателік: Эсседе көрсетілген мәселенің мәнін түсінбеу немесе тақырыпты дұрыс түсіндірмеу.
4-қателік. Авторды көрсетпестен өзгелердің пікірін қолдану және эссе жазған адамның өзінің жеке көзқарасының болмауы.
Жалпы, эссе жанрының артықшылығы қатаң шектеулердің болмауында. Шығармашылықтың толық еркіндігі, өз пікіріңді білдіру және ойыңмен бөлісу мүмкіндігі, мәселені қалыпсыз шешу бұл керемет идеяларды шығаратын шығармашылық адамдарға осы жанрды тартымды ететін эссеге тән ерекшеліктер болып табылады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter