Эсселер ✍️

  19.01.2022
  208


Етікші

Баяғыда бір етікші өмір сүріпті. Ол өзі етік тікпепті. Тек жыртылған етіктерді жамап, табаны түскенін жөндеп күнін көріпті. Етікші деген атауды оған халық беріпті. Ортаңқол тіршілік етіпті. Бір күні алғашқы қар жауып, сол күні етікшінің жұмысы көп болыпты. Таңның атысынан күннің батысына дейін тынымсыз етік жамап, табысты да мол тауыпты. Санап көрсе бір аптада табатын табысы екен. Қатты қуанған етікші ең соңынан күн бата келген бір кісінің етігін жөндеп болып:


- Бұл қызметіме ақы алмаймын, - дейді.


Анау адам таң қалып:


- Неге алмайсың? - деп сұрайды.


- Бүгін мол табыс таптым. Сол үшін бір адамға жақсылық жасаймын.


Әлгі адам алғысын жаудырып, кетіп қалады.


Бір күні жұмысына келген етікші, есік алдында тұрған бірнеше түп жеміс ағашының көшеттерін көреді. Жерге отырғызса бірден бүршік жаруға дайын тұр екен. Әрқайсысын мәпелеп күткені көрініп тұр. «Біреу қоя тұрды ма екен?» деп жан-жағына қанша қараса да ешкім көрінбейді.


Етік жөндейтін кішкентай ғана лашығының есігін ашқанда табалдырықта жатқан тілдей қағазды көреді. Қағазға «Мынау жеміс ағаштары тегін еңбегіңнің қайтарымы болсын» деп жазылыпты. Етікші бұл ағаштар қыс басында етік жөндеткен кісінің сыйы екенін түсіне қояды.


Сол күннен бастап етікші артық табыс тапса, жұртқа тегін етік жөндеп, жақсылық жасауды әдетке айналдырады.


Бір күні таң ата бір әйел ерте келіп:


- Мына екі пар етікті кешке дейін жөндеп беріңізші. Кешке алып кетемін, - деп етіктерін тастап кетеді. «Қазір жөндеп беріңізші», «Тез жөндеп бере қойыңызшы» деген өтініштер көбейіп, етікші таңертең әкеліп тастаған әйелдің етігін ең соңынан жөндейді. Сол күні де ол көп табыс табады. Етігін алып кетуге келген әлгі әйелге:


- Сізден ақы алмаймын. Себебі бүгінгі табысым мол болды, - дейді.


Әйел қуанып, алғысын айтып шығып кетеді.


Бұл оқиғаны етекші сол сәтте-ақ ұмытып кетеді. Ал әлгі әйел ұмытпайды. Ол ұстаз еді. Етікшінің мектепке биыл ғана барған кішкентай ұлының жан-жақты білім алуына көп көмектеседі. Оны етікші жыл соңында ұлы мақтау қағазымен марапатталып, мерейі өскенде бір-ақ біледі.


Өте ұқыпты, әрі сапалы ісіне сүйсінген жұрт алыстау жерде тұрса да осы етікшіні іздеп келіп етіктерін жөндететін. Бір күні оған бір бай кісі мәсісін жөндетуге келеді. Жұмыс соңы болатын. Етікші әдеттегідей көңілді. Мәсінің жыртығын тігіп, иесіне ұсынып тұрып:


- Бүгін сізден бұл жұмысыма ақы алмаймын, - дейді.


Әлгі ер адам таңданысын жасыра алмай:


- Не үшін? - деп сұрайды.


Адал етікші:


- Көп табыс тапқан күні бір адамға тегін етік жөндеп беремін, - дейді.


- Е-е-ее, оның жөн екен. Рахмет саған. Жұмысың табысты болсын, - деп батасын беріп, қатты риза болып кетіп қалады. Арада бірнеше күн өткенде әлгі адам тағы келіп:


- Бүгінгі табысың қалай? - деп сұрайды. Етікші:


- Шүкір, - деп жауап берді. Ойланып-ойланып тұрып, бірақ ештеңе айтпай шығып кетеді. Араға бір апта салып тағы келіп:


- Бүгінгі табысың қалай? - деп сұрайды. Ойында ештеңе жоқ етікші:


- Күшті! - деп жауап береді.


- Е-е-е-ее, - деп қуанып кеткен адам: - Қазір, - деп жылдам шығып кетіп, жарты қап бірдеңені көтеріп қайта кіреді де:


- Мынау біздің үйдегі балалардың етігі еді. Табысың мол болса осыларды тігіп берші, - дейді жымың-жымың етіп.


Етікші аузын ашып қалады. Мына адамның жылпос, сараңдығына басын шайқап:


- Ұятты шүберекке түйіп қойып жиған ақшаңды бір күні тастап кететін күн болатынын білмейсің-ау! - дейді.


Етікшіден мұндай сөз күтпеген әлгі адам жер шұқып қалады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу