Шығармалар ✍️
Менің қарындасым
Менің 2 қарындасым бар. Олар Мақпал мен Марал. Екеуін де қатты жақсы көремін. Менің міндетім осы екі қарындасыма өмірімнің соңына дейін қамқор болу, оларға қарасу, жақсы азаматша болып өсулеріне ықпал ету деп білемін. Қарындастарымның барына үнемі шүкіршілік айтып жүремін. Олар менің айтқан тілімді екі етпейді. Ағалары ретінде қатты жақсы көреді, сыйлайды. Менің қолымнан келе бермейтін істер қолдарынан келеді өздерінің.
Олардың анама қолқабыс болып жүргендеріне қатты қуанамын. Өздері өте ақылды, асқан сабырлы. Үнемі бірін-бірімен сырлас-құрлас болып, үнемі жаңа дүниелерге үйреніп жүреді. Олардың ондай қалпына мен де өте қуаныштымын. Бауыр деген қанша жерден де ең жақының ғой. Сәл ауырып қалса, мен де солармен бірдей ауырғандай боламын. Қалай емдесем екен, кімнен көмек сұрасам екен деп шыр-пыр болатыным бар.
Олар маған Алланың аманаты деп білемін. Аға дегеннің қандай болуы керек екендігін, өзіме артылған бар жауапкершілікті толықтай сезінемін. Өздері менің достарымдай. Күлдірсем күлкіге қарық болады. Кейде осылардың мәз-мейрам болып күлгенінен асқан қандай қуаныш бар деп ойлаймын. Себебі жүздері жадырай қалса, бүкіл әлем нұрлана түседі. Қарындастарымды қатты жақсы көремін. Олар менің жандарым, барларым.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter