Өлеңдер ✍️

  15.01.2022
  192


Автор: ЖОМАРТ БАЙМҰХАН

БІЗДІҢ ЖАҚТА

 


Зау-зау көкпенен таласқан,


Ақ бұлттардан әрі асқан.


Кеудесін құрсап ақ сауыт,


Ақ шәлі басқа жарасқан.


Етегін сәндеп кестемен,


Бұлағы салған есті өлең.


Тектілік болған тұғыры,


Тәкәппарлығынан түспеген.


...Таулар жоқ біздің ауылда.


 


Басында сағым сандалған.


(Басымды сүйеп сан барғам)


Арқасын әбден кептірген,


Аңазақ есіп аңғардан.


Жыңғыл өсетін шеңгелмен,


Жидесі маңғаз тербелген,


Мен ғана аңсап жусанын,


Иісімен жұпар емделгем.


...Қырлар бар біздің ауылда.


 


 


Жал-жал жындысы жарды ұрып.


Жағасы жатар жаңғырып.


Көбікті маржан күмістей,


Тізетін күнде сән қылып.


Түлен түрткендей түрге енсе,


Таудай толқыны түрігелсе,


Тартып кететін тереңге,


Тақымың титтей сыр берсе.


...Теңіз жоқ біздің ауылда.


 


Қамысы базар құстарға.


Сағынып келіа құшқанда


Қылғынып кейде қалады,


Алқымнан аптап қысқанда.


Саяздан балық ұратын,


Сазына үйшік құратын.


Көктемде шалқып,жаз бойы.


Балдырға бөгіп тұратын.


Көлдер бар біздің ауылда


 


Ауылда менің азығым.


Болса да қысы жазы мұң,


Әлемді шарлап кетсем де,


Айналып соғар қазығым.


Құмдауыт қырға иеміз.


Құмығы көлдер киеміз.


Әйтеуір осы ауылды,


Жусан екеуміз сүйеміз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу