Өлеңдер ✍️
Арылу
Сағыныш мені таласа келіп.
Күнім еңкейсе қарашаға еніп.
Аттанып кетем ауылға қарай,
Аспаннан жұлдыз тарата беріп.
Таңдайыма кеп талғам бұрыңғы.
Әкем дарытқан жалғанды күнгі.
Бітіміне қарап танимын сосын.
Ақтанау айғырдан қалған құлынды.
Селеулеп қана сыз берсе таңым.
Желге жайылып түзге өрсе сағым.
Аралап кетем дархан даламды.
Қойынымда бір күлше наным.
Жалғанның мына жұмағын көрмей.
Тайғанақ тағдыр тұрағын бермей.
Қол жайып ұзақ қорымда жүрем.
Әкем қасынан ұзағым келмей.
Кеудемнің қатқан кілтін ашқанда.
Көзімнен моншақ іркіп аспанға.
Ілкіден бір ой қозғайды келіп.
Көзім шалдырсам құлпытастарға.
Тағы бір көріп түлкі жалғанды.
Санама оны түртіп алғамды.
Бетімді сипап әкбарымды айтам.
Үш рет оқып құлхуалламды.
Толқыны асау теңіздей терең.
Телқара шешем мені іздейді екен.
Әкем мал баққан жер еді ғой бұл.
Әйтеуір елегзи берем.
Сәресі бітіп күлгенде күнгей.
Көбесі кетіп көңілде бір күй.
Ақтарам келіп ақ тамақ өлең.
Өмір-ай өмір,өмір деп ылғый.
Арылып мына күнәһар күйден.
Шерді қалдырып жүз атан түйген.
Тазартып болып тозаңын жанның.
Тау кесе айран сұратам үйден.
Күн жамбастаса қыратқа барып.
Ауылға қайтам жыраққа барып.
Алдымда тұрады ақтанау құлын.
Екі аяғын суатқа малып.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter