Өлеңдер ✍️
Толғаныс
Неге ғана істерің кетті жаңсақ?
Деп күрсініп қояды күдік демім.
Тас жүрегің еритін сәтті аңсап,
Үзіліп бара жатыр үміттерім.
Арманымның тереңіне бойлаймын
Кім болды екен менің анам өрі асқан?
Құс боп ұшып кетсем деп те ойлаймын,
Пәк бейнеңді көрсетер деп көк аспан.
Есейгенде айналып күрегіңе,
Алғысыңды айтар ең жас балаңа.
Сыймадым ба мен сенің жүрегіңе?
Сыймадым ба мен әлде баспанаңа?
Тастап мені далаға, қыр астың ба?
Қоқыс па едім мен саған жанып кеткен?
Бықсымадым мен бірақ күл астында.
Тумаса да басыма жарық көктем!
Көл болады жастарым ағып кеткен.
Теңіз болар тамшылар әр жыл аққан,
Сен емес пе сәбиді ғаріп еткен?!
Сен емес пе сәбиді зар жылатқан?!
Телміріп тұр көкке қарап кей қыздар,
Ұлдар да көп, жатқан жоқ қой азайып.
Тілектерін қабылдар деп жұлдыздар,
Күтеді олар әр күн сайын ғажайып!
Ұл мен қызды бақытынан айырған,
Аналарға өткел бермес қара бел.
Жауыздарды төбесінен жай ұрған,
Көтеріп жүр қалай ғана қара жер?!.
Баз кешеді кейбіреулер анасыз,
Ал біреулер ұғынбаса не шара?
Тастанды ол – сәби емес шарасыз,
Тастап кеткен аналар ол – бейшара...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter