Өлеңдер ✍️

  14.01.2022
  148


Автор: Ерлан Аманқожаұлы

Нағыз ерлер жыламайды десең де

Нағыз ерлер жыламайды десең де,
Нағыз ерлер құламайды десең де,
Құласам да,
Жыласам да бәрібір,
Не керегім қалды менің осы елге?
Жаңбыр жауса, көкек айын күттірмей,
Мен де ішімнен өксігімді жұттым ғой.
Терезеңді тамшы қақса түнімен,
Теріс қарап ұйқыға шом, түк білмей.
Жаңбыр емес, жанарымнан күй төктім,
Ұмыт бәрін,
Тірлігіңді сүй, тектім.
Жүрек деген не, тәйірі, бір кесек,
Сөзін тыңдап не қыламыз шикі еттің?
Ақыл да бар, сезім де бал бір сендік,
Жел үрлемей,
Ел үндемей құр сөндік.
Керімім-ау, мен жылайын кінә артпа,
Жылайды ғой жаны жүдеп, күлсем жұрт.
Біздің көңіл халқын сүйгіш ер еді.
Тағдырына көнбей тұрып көнеді.
Біздің ғұмыр жыламаса, жылайды,
Біздің жүрек ауырмаса, өледі.
(Бізге соңғы тост айтуға болмайды,)
Кім елесін қойшы, қалқам, ондайды.
Біздің сорды кеше алмайды өзгелер,
Біздің бақты ұшырмаса, қонбайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу