Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
14.01.2022
136
Кездесу
Мен кеткенімде көбелек қуып,
Далдалап қалған ерменді бір түп.
О, бала сезім, керемет тұнық,
Ояттың қайта кеудемді жұлқып.
Жүрегім алғаш құшқан мұңымды,
Есімде мәңгі мен ғашық көктем.
Жолықтырдым сол құштарлығымды,
Тайыншаға мініп белді асып кеткен.
Ол кезім қандай!
(аң-таңмын бүгін,)
Тағдырдан бөлек сый көретінмін.
Отау үйім қып там-тамның түбін,
Күніне үш-төрт үйленетінмін.
Арамызды ешбір бөлмейтін егес,
Пәк іңкәрлікті ұят қалқалап.
Ғұмырлық асым
Өлмейтін елес,
Жасап бергенің қияқтан тамақ...
Уақыттың құнын сезе алмай мүлде,
Беу, солай, қайран, өткен балалық.
Қараймын бүгін көз алмай гүлге,
Кірпігімді ыстық көктемге малып.
Мен сағыныштың аралы болдым,
Аңсарым сол бір ертегі қыстақ.
Тек қолын бұлғап барады ол күн,
Басқа кеменің желкенін ұстап...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter