Өлеңдер ✍️

  12.01.2022
  175


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

ТАҒДЫР

(Естен кетпес естелік)
Есетін Қарақолда жүздерінен мерей лебі,
Аякөз ауданының керейлеріБіз онда тұратынбыз фермасында,
Қарақол совхозының,
Семейдегі.
Қазыкей әжем,
Шағат атам менің,
Қыздары сыйға тартқан жаһан демін.
Содан бері мен бармын тіршілікте,
Қазақпын,
Қазақстан атанды елім.
Ата өлген,
Әжеме еш жоқ талабым,
Айтуға тек жағдайын оқталамын.
Төлеухан мен АуданханЕкі қызы,
Қалған екен ішінен көп баланың.
Күрсінісі көп,
Бірақ берік адам.
Кішкентайдан өскенбіз сеніп оған.
Бауырында қалған қос қыздың біріАуданханы болыпты менің анам.
Азайса да күші оның білектегі,
Жоғалсын деп дүниеден тілеп пе еді?!
Ұлдарынан айырылу оңай боп па,
Сол азаптың уы ғой жүректегі.
Күрсінгенде,
Шыққандай бүкіл демі,
Шашалтқандай адамды түтіндері.
Біліп тұрып оның сол ауыр халін
Жүрегім талай рет лүпілдеді.

Кейбір де жан сияқты нұр сіңірген,
Ада болар қайғыру, түршігуден
Бірақ та көбінесе,
«Уһ!» деп алып,
Жүрек жара танбайды-ақ күрсінуден.
Қазыкей әжемнің бар,
Құрдастары,
Бар оның өз қатары,
Сырлас бәрі.
Отыратын бір үйге жиналып ап,
Басталар еді сонда жыр бастауы,
Көңілді тым,
Езулер жиылмайды,
Өлеңнің неше түрі құйындайды.
Секіріп біз жүреміз ортасында,
Кеш батқанша әлгі күй тыйылмайды...
...Бір күні хабар келді көрші ауданнан,
«Жетіңдер!»-
Деген суық белгіменен.
Өзге ой,
Басқадай іс,
Шаршау қалған.
Шама жоқ болсам дейтін енді немен.
Әжемді алып,
Ата-анам жүріп кетті,
Аллаға тапсырды да бізді кенет,
Көз жасына малынтып тұнық бетті,
Үйлі жанның үмітін үзді дер ек.
...Тәңірберген ағамыз,
Жұмыстағы,
Жақын жерге барамыз үйге депті.
Қош айтқысы келді ме,
Ырыс бағы,
Төлеухан омырауын түймелепті,
«Жаңа ғана еміздім,
Енді ұйықтайды,
Сыртқа шығып ойнаңдар, басқаларың,
Оятып жібермеңдер бұл құйттайды,
Шақырғанша келмеңдер асқа бәрің»,-
Деді де,өзі кетті жолдасына,
Тамағын беріп келмек өз қолынан
Білмейді ғой апаттың ол басы ма?!
Хабары жоқ оған қол созғанынан.
Арада өзен оны жатыр бөліп,
Өтті дағы
Қарады,
Қайта айналып

Қарады ұзақ,
Биледі ақырғы ерік,
Көрді оны Әдәлі,
Жай таңданып.
Бір кезде бұрылды да,
Жылдам басып,
Жөнелді.
Барар жері таяп қалған.
Сезді кенет,
Көңілі тұрған тасып,
Білмей қалды,
Қай жерде аяқталған.
Жаны сезді болатын тосын жайды
Лүп-лүп соғып жүрегі дірілдеді
Алғаш рет сезгені осындайды,
«Алла, өзің сақта!»-деп, күбірледі.
Ол келіп кірді есіктен алдындағы,
Иен үй,
Қаңыраған бөлмелері.
«Қолда тұрса,
білінбес бардың мәні,
Айтпақшы, тітіренткен ол не мені?!»
...Төлеухан келген үйдің пешін бұзып,
Тас кірпішін алмақшы,
Жолдасы оның.
Бірақ та осы арада кесілді жіп,
Тұр екен ар жағында аңдаса өлім.
Ешкімнің ойында жоқ бірақ, ондай,
Жаман ой,
Жанға қаяу түсірердей.
Дегенмен көңілдегі, сірә, болмай,
Бұл тағдыр аһ ұрғызар ісімен кей.
Іс бітіп,
Отырды олар астарына,
Үш адам,
Болды бәрі дастарханда.
Қандай ой болды олардың бастарында
Жетпеді-ау тым болмаса ас тарқарға!
Кенеттен Тәңірберген бар даусымен,
Айғайлап,
Тұра зытты:
«Қашыңдар!»-деп
Асықпай,
Ас ішкенде аңдаушы ма ең?!
Атқандай болды екеудің басын дәлдеп
 Жүгірген Тәңірберген үлгермеді.
Бір аяғын қабырға қалды басып.
Аналар үлгермеді-ау
Үлгермеді-ау!!!
Жатты ол ес танғанша салғыласып...
ХХХ
Жоқ болды ана сол сәтте-ақ,
Тілге келмей,
Ол бейне жас босанып жүрмегендей,
Ол бейне жеті-сегіз бала туып,
Солар үшін тәтті өмір
Сүрмегендей.
Ананың әлдеқайда аттанды ойы,
Шынымен бітті ме есте сақтар тойы?!
Сәбиі жылай-жылай жан тапсырды,
Шырқырап,
Сол орнында жатқан бойы.
Үш адам өтті өмірден,
Бір-ақ күнде,
Амалың жоқ,
Барасың сұрап кімге?!
Қандай күш үйден оны сүйреп шыққан,
Жас босанған ананы сұлаттың не?!
Бітпепті ғой сол бір жыл мұнымен де,
Әжемді алып ұрған шынымен не?!
Жатты ол кісі, нәр салмай, ай бойына,
Сырқат келген таныс-ақ бұрын елге,
Қымыз еді, әжемнің аңсағаны.
Соны айтса ескендей таң самалы.
Соны ішсе кетердей тамақ жүріп,
«Шіркін-ай,
Бір жұтсам,»-деп тамсанады.
Қыс кезі,
Ауыл жақтан таптырмады,
Кеткен шығар шалғайға бақтың бәрі,
Әкем менің Нұрсапа кетті іздеп шықты,
Тапты,
Бірақ болды әжем нақ құрбаны.
Әжесі,
Қызы,
Сосын немересі,
Бір жылы қайтты үшеуі,
Неге деші?!
Үшеуі үш буынның өкілі еді,
Келіспей қалды екен неменесі?!
ХХХ
 (Үржарда)
Осылай басталады өмір Үржардағы,
Жылаумен өткен күнді күн жалғады.
Бір кезде алға қарай тартты жайлап,
Жүректің жарық беріп ізгі арманы.
Ояндық,
Келдік қайта қалпымызға,
Бүтінделді алдымыз.
Артымыз да
Бір күні орталыққа мамам келіп,
Қарады біздің шама-шарқымызға
Оқу жылы басталған,
Ай боп қалды.
Киінетін күй қайда, ойлап барды?!
Қараған бізге үнсіз келбетінен,
Анамның ақ жүрегі айғақталды.
Азат пен Гакку, Жәзен төртеуміз де,
Ештеңе аңғармайтын,
Селкеуміз бе?!
Жоқ әлде ана жанын сездік пе екен.
Қиын соқты әлде оны өртеу бізге.
Әйтеуір жалғыз соның соңындамыз,
Соның ғана оңында,
Солындамыз.
Не киеміз,
Не жейміз, не ішеміз
Тілек көп,
Әйтеуір сіз орындаңыз.
Дегенмен бір ой көңіл дүрліктірген.
Менің өз айтарым бар сыр ғып мінген
Бірақ та ауызымды аша алмадым.
Көп сырын білмеймін ғой тіршіліктің мен.
Әлі де кішкентаймын,
Баламын мен,
Ата-ана айтуымен аламын дем.
Солардың дегендерін істеп ылғи
Сөздерін қайтармайтын бола білгем.
Сол ма екен бір себебі,
Түсінбедім,
Айтпадым білгенімді,
Ішімде мұң.
Бірақ ешкім сезбеді жан сырымды.
Ақтаруға жетпеді күшім менің.
Түсінем
 Жай күй емес,
Күлкі кеміп,
Келмейді ешкімді де сілкілегім.
Мамамның өзі жақсы біледі ғой,
Болғаны орындалса бір тілегім.
Гакку мен Жәзен жүр ғой дәл жанымда,
Солар не ойлайды деп болжадым ба?!
Шығармай дыбысымды жүре бердім.
Қазірге дейін жатты сол жанымда.
Дүкенге кірдік тағы шұбатылып,
Білмейміз біз күтуді,
Тұра тұрып,
Қатар-қатар тізіліп,
Пальтолар тұр,
Әсіресе көгі бар.
Сірә, тұнық..
Сия түстес,
Көк пальто алдымдағы,
Көз ала алмай мен содан қалдымдағы,
Мамамның жанына мен тез-ақ жеттім,
Сол бойда кері қайттым,
Бардымдағы
Бір-ақ нәрсе,
Бір-ақ күй мәлім маған,
Қарсылық жоқ оларға қабылдаған,
Өлшеп жатты Гакку қыз бір пальтоны,
Қалай айтам,
«Алшы,-деп бәрін маған!»
Айтпадым...
Айта алмадым анама мен.
Айтсам ше?!
Айтсам – жанын жаралар ем.
Анасы қайтыс болған жанға тисіп,
Тас жүрек,
Безбүйрекке саналар ем
Бірақ та сол сәт менің мәңгі есімде,
Өшпейтін ескерткіш боп қалды есімде.
Қыс күні,
Сары аязда киіп барып,
Шешініп жатқандаймын бал кешінде.
Сия көк түсті сол пальто жарқыраған,
Қарайтындай көз сүзіп әркім оған,
Жетпейді ғой ақшасы анашымның,
Болмаса да кез оны талқылаған...
...Жаз шыға ауырдым мен салқын тиіп,
 Интернатта жатамын жанып-күйіп.
Сап-сау едім,
Жаныма қаяу түсіп,
Аласарды арманым алып, биік
Ғайып болып ой-қиял жараса аққан,
Алыс кеттім зиялы парасаттан.
Атпайтұғын сияқты енді ешқашан,
Күліп шығып алдымнан тамаша ақ таң,
Он екі жыл құлынша шапқылатты,
Содан кейін тағдырым атқылапты.
Арманға қол созатын тұсқа жетпей,
Ауырғаным жаныма қатты батты.
Жетпейтін жоқ дейді шын талаптанса,
Обалы өзіне кім қарап қалса
Жататынмын төсекте ұйқы көрмей,
Аңқам кеуіп,
Ағарып таң атқанша
Талай күндер өтті ғой мына бастан,
Дей алмаймын көтердім,
Жыламастан,
Бірақ келдім мен міне алпыс беске
Бір жығылып, бір тұрып,
Құламастан.
Осындай күй тағдырым еншілепті.
Өзгеше болуды ол ерсі депті.
Ей, Алла,
Бұйырғаның осы болса,
Жастарыңды бере бер,
Бер тілекті.
Сол жылдар өшпестей боп қалды есімде,
Мүмкін мен жолықпас ем сан кесірге
Мүмкін мен өлең оқып жүрер едім,
Бақытты, шат күндердің әр кешінде
Болмады...
Қалды кейін шат күндерім,
Жетпедім ернеуіне бақ, жүлденің.
Аяусыз аяқасты болды ақыры.
Армандап, аялаған ақ гүлдерім.
Таскескенде
Жан әжешім жетпей-ақ келер күзге.
(Бұл сөзін көп көргенге теңер мізде?!)
«Жаз шығып,
Ел аяғы кеңіген соң,
 Таскескенге көшіңдер!»-деген бізге.
Таскескенге жаз шыға келдік көшіп,
Бұйырған шығар бізге сондай ннесіп.
Үйіме мәңгі тұрақ болды ақыры ол,
Баллары құйылатын желдей есіп.
Өскемен, Ақтауы бар,
Алматысы,
Семей мен Аякөздің бар қатысы.
Талдықорған жеріне қонғаны бар,
Таскескен бәрінің де ардақтысы.
Қалды сонда ата-анам,
Қалды мәңгі,
Мәңгі мекен етуге жарлық алды.
Таскескен сол себепті қымбат маған,
Кешіріңдер дейтұғын бар кінәмді.
Көрмеппін мен ешқашан ұзақ тоңып,
Шошығам жоқ еш жерден тұзақ көріп,
Бірақ менің
Есіме түседі ылғи
Сия көк түсті
Сол пальто сызат болып.
Ешкімнің жазығы жоқ бұл арада
Бірақ та көңіл айтпай тұра ала ма?!
Анамның жанына бұл батқан болса,
Ол үшін мені ешқандай кінәлама.
Әдемі сұлу шақтың әр кешінде,
Кисем оны
Ұрынбай сан кесірге,
Жүрер ме едім,
Кім білсін,
Сара жолмен,
Сия көк түсті сол пальто мәңгі есімде




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу