Өлеңдер ✍️
МАҢҒЫСТАУҒА АРНАУ
Талпынған саламын деп жыр шаһарын,
Қызымын Абай керей Нұрсапаның.
Дем беріп қасиетті Маңғыстауым,
Басталды сенде өмірге шын сапарым.
Жинақтап тіршіліктің сан ақпарын,
Алыппын сенен өмір сабақтарын.
Ұмтылып, бірде жылжып, бір сүрініп,
өзінше жүзді ілгері талаптарым.
Жақсыны, жаманды да тыңдап бәрін,
Қойныңда өмір ырғақтарын.
Адайға келін болып келсем-дағы,
Абайдың қызы болып бұлғақтадым.
Бұрып болашаққа алып кемем,
Жаңа заман нарық деген –
Алдым бірге сенің құшағыңда,
Үміт пен күдік толы халықпенен.
Қойныңда құлаш ұрып көк теңізге,
Ес біліп, ой жүгірттім өткен ізге.
Жолықтым тілі менен дінін іздеп,
Ойды өртеп, жан шыжғырған от лебізге.
Десем де қайтем тағып қоғамға мін,
Келгенде жағасына соны арнаның.
Өзіңмен бірге менің көзім көрді,
Алыптың партиядай жоғалғанын.
Октябрь салушы еді жылда дүбір,
Сол еді көздегі от, жырлағы – нұр.
Елеске айналса да сенім талай,
Ұлы той көппен көрген бұл-дағы бір.
Тарихың мың сан тарау, жолдарың да,
Көп ұлтты қойның қыз бен толған ұлға.
Көтердің сен де еңсе, Маңғыстауым,
Тәуелсіз қазақ елің болғанында.
Алданып, құшып қалған көк сағымды,
Ұрпағың қызу қанды, от жалынды,
Намыстың туын ұстап Жаңаөзеннен,
Түгендеп шықты сенің жоқтарыңды.
Әкелді жаңа заман әркімге үміт,
Ұлт біткен қуанысты жарқын күліп,
Өзінің кім екенін таныды олар,
Ананың тілін, дінін, салтын біліп.
Көрген көп мазағын да, азабын да,
Пісіріп өмір әбден қазанында.
Жаңа күн сәуле құйып санасына,
Оянып келе жатыр қазағың да.
Толғанар азамат көп сен дегенде,
Болымсыз болса да еңбек берген елге.
Риза бол, Маңғыстауым, топырағыңа,
Тамшыдай тамса егер тер менен де.
Төсіңде талай есім тұр – емендер,
Мекенім – талай заман түлеген жер.
өсірді мәртебең мен мерейіңді,
тайшықтар, Ержігіттер, Тілегендер.
Кеудеңде жаңа заман ашты гүлін,
Жадырап қайта оралды жастық үнің.
Шығарды сені әлемдік аренаға,
Мұнайдан теңіз жасап Жақсылығың.
Секілді түбектегі дара қайың,
Аялап, әлпештеген бар ағайын.
Мұнайдың банкін ашып тұңғыш рет,
Әкелді бір жаңалық Жаңабайың.
Халқына істерінің бәрі ұнаған,
Сақтаған пенделіктен жанын аман –
«Маңғыстаумұнайгаздың» зор тұтқасын,
Ұстады елі сенген Сағын ағам.
Халқына десе егер жанашыр кім,
Бейнесі көрінгендей дара шыңның,
Таратқан құбырлардан қазынаңды,
Есімі аталады Тарасыңның.
Маңғыстау, алда әнің көп басталатын,
Ақтауда иемденген астана атын.
«Ертеңдер – ұрпақтардың қолында!» - деп,
Серіктей жарқырайды жас қанатың.
Биіктеп жылдан жылға шығар белің,
Толтырды олқылықты, сыңар, кемін,
Біріккен кәсіпорын «Арманымен»
Тың іске құлаш ұрып Құралбегің.
Өр талап бар ұрпақтың түрлерінде,
Үмітің көп келешек күндерінде.
Өз атыңнан сөз алып астанада,
Қайроллаң тұр Мәжіліс мінберінде.
Үнімен жібіткендей ғасыр мұзын,
Жүрекке ән, күй болып басылды ізің.
Арқасында Күрішің, Ізбасарың,
Сержан, Роза, Рухия – асыл қызың.
Тұрғанда мұнайыңның ағысы аман,
Қол созар талай биік әлі саған.
Жалғасып абыройың шыңдарына,
Шырқаған Кекілбаев Әбіш ағам.
Іздеумен есеюдің тың арнасын,
Ұсынар әлі талай шығармасын.
әйтеуір ізгі ниет жолындағы
армандардың шалмасын мұнар басын.
Жазылар әлі талай дастаның да,
өтеді заманалар қас-қағымда.
Үстейтін мәртебеңді мәңгілікке
Жұлдыздар азаймасын аспаныңда...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter