Өлеңдер ✍️
Ұлт сарбаздарына
Жаңғыртып сөздің салтын көнергеннің,
Көнені жаңартса екен өр өлеңім.
Көсемдер топ алдында сөз бастаса,
Қол бастайтын осы ғой өрендерім.
Төскейде мал баққан ел қауға салар,
Билерім бар екпінді дауға салар.
Қазіргінің айбынды батырлары,
Осы міне жігіттер жауға шабар.
Қиқулайды қамшылап намыстарын.
Апайтөс адуынды арыстарым.
Елім аман,
Заманым тыныш болсын,
Жаттығуың оң болсын, жарыстарың.
Екі елді бір-бірімен талас құрған,
Билерім табыстырған, жарастырған.
Ханафидің жолында жүрген елді,
Неге бүгін жат ағым адастырған?!
Қайран жұртым нәр алып шаттық нұрдан,
Қай кезде дәл осылай шаттық құрған.
Сыр бойына сарбазды жинап алып,
Төлеби дәл осылай жаттықтырған.
Улайды әр түрлі ойлар санаңды мың.
Әр қилы алмағайып заман бүгін.
Қауып төнсе сап түзер осы өрендер,
Елінің ойлайтұғын амандығын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter