Өлеңдер ✍️
Танакөз Толқынқызының жыр кешіне арнау
(Естелік өлең)
Алатауым,
Күз мезгілі шырайлы,
Балаң жігіт бүгін неге мұңайды?!
Апорт ағаш,
Ұшар баста бір алма,
Сілкілесең тек жапырақ құлайды.
Себетім жоқ салып алар қолымда,
Жапырақтар төселеді жолымда.
Балаң досым алмаларды теріп жүр,
Сүйген жаны бар шығар ау оның да.
Бала сезім,
Балалығым, бал шағым.
Әртүрлі ғой сезімдері баршаның.
Күзгі бақтан іздеп жүрген бақытын,
Алма терген сол күндерді аңсадым.
Сол бір қызға алма сыйлап күздегі,
Балалық ай,
Бала көңіл біздегі.
Кім ойлапты Көктебеде қап қойған,
Өлең болып жазылар деп, іздері.
Шаттансақ та қуансақ та баладай.
Сол бір сұлу бақытына баламай,
Алманы да қабыл алмай ұсынған,
Көкше қызы кеткен еді қарамай.
Қызыл алма қызды баурап қолдағы,
Танакөз де, әдемі жан ол дағы.
«Сол апортты жеп алатын едік» – деп,
Ол жайында кейін хатын жолдады.
Гауһаржанға сыйлығым ғой – берші деп,
Сол бір жігіт ұнатады – сенші деп,
Аманаттап берген қызыл алманы,
Танакөз қыз кеткен екен еншілеп.
Демеңіздер мына жігіт қағынды,
Мен де кейін кездестірдім бағымды.
Алма ұсынған бала күнді аңсадым,
Көктөбеде жүрген кезді сағындым.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter