Өлеңдер ✍️
Жасампаз жастар жылы
Баяғыда қарапайым халқымның,
Құрсаулап ед(і) алдын қайғы, артын мұң.
Батыр бабам ел-жұртына тақтырды,
Тәуелсіздік дейтін түрін алтынның!
Бейбіт аспан астындағы өр елім,
Арқасында Нұр ағадай төренің.
Гүлденгенбіз, аспан-жерді бағынтып,
Ұлғайғанда бар бақыттың көлемі.
Мағжандайын сенім артқан жастарға,
Нұр ағам да берекелі іс бастауға.
Белін бекем буып, «Жастар жылы» етіп,
Жария қылған, жалындаған жас жанға!
Кеудесінде оты барды бас қылып,
Үміт арту әкелмей ме жақсылық?!
Даналықпен барша жасқа Елбасы,
Келешектің кілтін қойды тапсырып.
Жалынменен жарқыраған жастармыз,
Көкке қарай самғайықшы бастан біз.
Үміт, сенім, болашақ та мойында,
Шын қаласақ бар белестен асқанбыз.
Ізденіспен өтсе жарқын күйменен,
Перзентіне барын берсін сүйген ел.
Жаңалыққа жетелейтін мерзім бұл,
Жастар ғана әділдікпен билеген!
Терезені тең қылмаққа әлеммен,
Байланысты біріктіріп бар елмен.
Ұйымдасып, бір ауыздан іс қылсақ,
Қазақ елі қазынаға кенелген!
Елімізден үзілмей тек қонағы,
Жас ұрпақтың «Қазақ» болар ұраны.
Қазақстан – ұлы дала елінің,
Жастар барда жалауы да жоғары!
Өрекпітіп, Махамбетше бас болып,
Биіктейік, бұқпағын бас, жасқанып.
Көзін тігіп, тіс қайраған ел-жұртты,
Ғажайыппен таңқалдырып тасталық!
Отан үшін орағытып ашқан жол,
Жақсылыққа жаңа қадам басқан жыл.
Жастар жылы – елім деген ерлерім,
Қаймықпастан кемелдікке бастар жол!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter