Әңгімелер ✍️
СЕҢГІР ТАУЛАР
Соңғы екі күн жанға жайлы өтті. Саржан үйінің айналасы ар- найы егілген жалпақ беделік екен, шалғындай жайқалған. Осында
емін-еркін тыныс алып, ат шалдырған Әсет үшінші күні үй иесінен рұқсат сұрап, Қадырихан мен Әбішті ілестіріп, қонаға қалаға орал- ды. Дәшет те буынып-түйініп, атын баптап тосып отырған. Келесі күні таңертең жолға шығатындарын Саймасайға хабарлады.
Күн шыға Саймасай жетті. Бөктергісі тоқ. Оқтаудай қатқан қарагерге ерттелген ер-тұрманы әшекейлілеу. Ердің қасында, тартпа-таралғының үстінде, үзеңгінің айналасында темірге шегілген ақ күміс жылтылдайды. Шоқтығы биік қарагердің сәнін асыра түскен. Қара шибарқыт аткөрпенің үстін пістелі пыстан тартпамен бастырған.
Арнайы әзірлеген Айшаның таңертеңгі асын асықпай ішісті де, бес салт атты саусылдап ауладан шықты. Есік алдынан көлденеңдей ағатын қара суды жағалап, күншығысты бетке алды да, жүріп кетті. Аздан кейін алдыларынан кездескен үлкен көшенің қиылысына тақағанда Саймасай:
- Жалғызсайды асамыз ба, әлде, Жамантыдан өтеміз бе? – деп сұрады Дәшеттен. Ол үндемей жол жағдайына біраз ой жүгіртті де, жай-жапсарды айтты:
- Қазір елдің бәрі жайлауға шығып кетті емес пе? Жалғызсай ассақ, алдымыздан қоналқаға үй табылмайды. Оданда Тоғыз- тараудың желкесін басып, Мұқыр-Жырғалаңды қиялай жылжиық та, алқымдағы елге жете жығылайық. Сонан кейін Ешкіліктен әрі Қаражонға асамыз. Бүгін жолымыздан шұбалаңдай сырғып көшкен қазақтың біреуі кездесер.
Осыған келісті де, Құлжаның күншығыс шетіндегі Қытай базар аталатын жалпақ көшесін қақ жара жүріп, лезде арғы шетіндегі Раушанбақтың тұсынан әрі өтті. Үш-төрт шақырымнан кейін Іле өзенінің аңғарын жиектей жүретін қара жолға түсті. Бір қалыпты аяңмен түс әлетінде Жамантының кемесіне жетті. Өзеннен ке- мемен өтіп, жардың қабағына орналасқан қыстақтың шаңдақ көшесінің бойына салынған ығы-жығы үйлердің қатарындағы шағын асханаға аялдасты. Астан кейін атқа қайта міністі.
Түстік қабырғаны қапталдап, керегеше керілген Үйсін тауының ылдиға созылған етегі жаймаланған кең жазық. Қаракөк бұйра беделік, жасыл егін. Көз ұшындағы жоталардың қыр арқасынан қалың ағаштың ұшы қылтияды. Түйеге жапқан жасыл-күрең шашақты жабу секілді. Жол жазық, лекіген суыт жүріс. Екінті
шамасында Тоғызтарау қыстағының оң жағындағы қырқалардың етегін сағалай өрлеп, күн бата Жырғалаң сайының бергі қой- науында отырған бір үйге ат басын тіреді. Ешкілі қазақ екен. Айран-қатықпен шөлдерін басты. Біраз тыныстан кейін-ақ қаймақ қатқан шайға қанысты. Аттарын әбден суытып, тынықтырды да, ел жата отқа қойысты. Әсеттің атына қарауды өз мойнына алған Саймасайға Дәшет пен Қадырихан болысты.
Келесі күні Жырғалаңның күн батысындағы шеткі жотаны өрлеп барып, Ешкілік қылтасынан Текес аңғарына қарай асты да, Қаражон қырқасында астық бағып қалған бір үйге түстенді. Содан аттанған соң, суыт жүріспен күн бата Аттың тауының оңтүстігіндегі Көкжота жайлауында отырған ас берілетін Қой- лыбай ауылына барып түсісті. Қойлыбайдың баласы Алмабай осы асқа Дәшетті арнайы шақырған, қуана қарсы алды. Оңаша тігілген ақ отауға бес кісіні өзі ертіп апарып орналастырды. Жайланып отырған соң Дәшет:
- Атаңның әруағы разы болсын... Мұндағы елдің өңі тұрмақ, түсіне де кірмейтін жағдай былай: мына кісі сыртынан атын естіп, өзіміздің тамсана табынып жүретін аяулы ағамыз Әсет ақын, – деп құрметпен таныстырды. Алмабай жалт қарады да, орнынан атып тұрды:
- Аттан түсе салып неге айтпадың-ей?.. Қадамыңызға нұр жаусын, асыл аға!.. Алтын дидарыңызды көргеніміздің өзі бізге үлкен абырой!..
- Көсегең көгерсін, шырағым! – деп, Әсет өзінің осынау алыс шалғайдағы елге де атақ-даңқының жеткеніне еңсесі өсіп, марқайып қалды. Алмабай өзінің жайын, елдің күйін айтты.
- Әкеміз атағымен жер жарған кісі емес, көп жасаған адам. Тоқсаннан асып барып дүнис салды. Артында жеті ұлы қалды. Кенжесі менмін. Адамның аты ақыл-парасатымен де, зұлымдық- зымыяндығымен де шығады емес пе? Әкеміз билік тізгінін ұстаған немесе біреуге тізесін батырып, озбырлық жасаған кісі емес. Қарапайым тіршілігімен-ақ ел-жұртына сыйлы болды. Алдына мыңғырған мал салып айдаған жоқ. Өз қолы өзінің аузына еркін жетіп өтті. Менің қолымда тұрды. Үйім – үлкен үй атанды. Өзімнің босағамнан арулап шығарып салдым. Сондықтан әкемнің асын оның тоқсан жасына лайық салтпен өткізгім келген-ді. Одан мен жұртымды сипалап қалмаспын, атағым шығып та жер жармас. Әке әруағын разы қылайын. Ойым осы.
- Ниетің қабыл болсын, шырағым!..
- Мына Дәшетті әкеме дауыс айтқызғалы шақырған жоқпын. Құлжаға барып-келіп жүргенде таныс-біліс болдық та, көңіліміз
жарасты. Әкемнің асынан дәм татсын, ел аралап, жер көрсін деп ойладым. Ақынға сондай серпіліс те керек дейді ғой.
- Мұның дұрыс! – деді Дәшет құптап. – Өзіміздің де ойы- мыз сол. Әсағаңа ел мен жерді көрсетіп, біраз сілкініп, түлеп қайтпақпыз...
- Ақыл тауыпсың ... Сәке, базарды тастап келгенің үшін саған да рақмет!
- Ол Әсағаңның атқосшысы, – деп қалжыңға басты Дәшет, – Ал мына кісі – ақын ағамыз Қадырихан. Ана ала жас түлек, темір қанат ақын Әбіш інің. Ақындардың көңілін сергітуге әуес болсаң, міне, тобымызбен келіп бастық ауылыңды!..
- Саймасайды мүйіздемей-ақ қой. Әсағаңа бәріміз де атқош- шымыз. Асты өткізгеннен кейін мен де қосыламын. Ән салып, күй шертпесем де, қошшы болуға жарармын. Бүгін-ертең Күнестен Әшім келеді. Өзіміздің осы Текестегі Рақышымыз тағы бар. Ақаяздағы атақты күйші Маздақ ағамыз да сырт қалмайды. Сөйтіп, атамыздың арты қазақтың саңлақ өнерпаздары бас қосқан ұлы жиынға айналғалы тұр. Әсаға, асты алдымыздағы жұмаға белгілеп, елді сол күнге шақырып отырмыз. Оған дейін еркіңізше керіліп- созылып жатыңыз, тынығып алыңыз. Ат-көліктеріңізге қарауды ауыл жігіттеріне тапсырайын, алаң болмаңыздар...
- Ол да жөн... Астың алдында думандатып жатқанымыз жараса қоймас,– деді Әсет те үй иесінің емеуірініне жығылып.
Ұзақ әңгімемен түн ортасы ауа жатса да, Әсет дағдыға айналған әдетінше ерте оянды. Киініп, жүқа шекпенін иығына желбегей жамылып, сыртқа шықты. Ауыл шетіндсгі биіктеу жеке төбеге барып, айналаны барлай шолды. Қойлыбай аулы Нарат аталатын заңғардың түстікке ойысқан үстіртіндегі Көкжота жайлауының жалпақ жонында отырған. Қарсы бетте ақ қар құрсаған ұлы таулар тізбегі. Күн батыс тұстағы жазықтау ойпатқа оңашалап он шақты үй тігілген. Төмендегі текшеде – биебау. Бір топ адам үйір-үйір жылқыны иіріп қойып, құрыққа байлаған бұғалықпен құлын ұстап жүр. Оның арғы жағында – қой қорасы. Өрген қой шығыс солтүстіктегі жайпақтау аршалы төскейге қарай шашырай өрлеп барады. Сол маңдағы үйлердің белдеулеріне, есігінің алдындағы қазықтарға екіден-үштен бұзаулар байланған. Жер бетінің шөбі тақырлау болғанымен, киіздей тығыз. Бетеге мен білтешені бассаң, киіздей былқылдайды. Табаныңның астында қалған шөп өкшеңді кері серпіп, аяғыңды көтеріп алғанда-ақ қайтадан тікірейіп тұра қалады. Күннің көзі шыға шуаққа балқыған жылқылар жусай бастады.
Күн сырық бойы өрлегенде сеңгір тауларға таңырқай қарап тұрған Әсеттің қасына Алмабай таяды. Ұзын бойлы, қызыл шырай- лы аққұба жігіт иығына жағасыз қоңыр шекпен жамылған. Жалпақ қақпақ жағалы ақ жейдесі кіршіксіз таза. Дөңгелек ақ қалпағының етегі мен ернеуі қара мақпалмен көмкерілген. Төбесінде шоқпардай шашақ бұлғаңдайды. Қоқырайтыңқырап, оң жақ шекесіне қисайта киген. Ат жақты сопақша жүзін әрлендіре ашып түр.
- Жайлы жатып, жақсы тынықтыңыз ба, Әсаға?
- Шүкір, денем әбден-ақ сергіпті. Өзің ерте тұрып апсың ғой, ой қажап жүр ме?
- Ауылына Әсет ағамыз келіп жатқан адамның ұйқысы келуші ме еді?– деп ақсия күлді де, Алмабай өз жағдайына көшті.– Бата оқырға, сауын салуға жан-жақтан ағайын-туған, жекжат-жұрат келе бастайды бүгін. Соларға лайықты сый-құрмет көрсетудің қамы ғой, Әсаға, ұйқыны қашырып, мазаны алған.
- Әр істің жүйесімен орындалғаны жақсы,– деп қостады Әсет ықыласпен.– Біздің қазақ жылқы мінезді халық. Семіріп, жал бітсе, еліре осқырып, анау-мынауға ырық бермейді. Мына жайлаудың желігі кейбіреулердің құртын қоздырып, өкпесін кептіретіні анық. Тіпті мүшеге таласып, дау-шар шығаратындар да бар. Алдын ала межелегенің дұрыс, шырағым.
Әсеттің серіктері де оянған. Іркес-тіркес шұбатыла қасына келіп, Алмабаймен амандасты да, ұлы таулардың сиқырдай арбап, көлеңдеген көркін сыртынан тамашаласты. Қар жастанып, мұз жамылған сұсына, сәуле ойнаған шыңдарына сүйсінгендей Дәшет басын шайқады:
- Неткен айбынды!..
- Осы ұлы асқарлар жебеген елдің жүрегі де ірі болуға тиіс,– деді Әсет жолдастарының ойын сезіп. Алмабай қинала мұң шақты.
- Тауы пана болса ғой, шіркін.
- Неге бұлай қынжыласың?
- Бұл таулардың құшағын мекендеп жүрген ел не көрмей жүр, аумағы тар, Әсаға...
- Адамның шеккен азабы үшін тау кінәлі ме?
- Оның жайына кейін оралайын, айтатын гәп басқа...
Сөз тыйылып, бәрі де тау жаққа ынтыға қарасты. Теріскей қапталына қалың бұйра қарағай өскен сайлардың құшағына бозғылт мұнар шөккен. Жота-жонның қойын-қойнауы сықасқан көк жасыл арша. Ақ бас таулардың омырауын ақ тұман ораған. Мұз жамылған найзадай шыңдар томсыраңқы, түсі суық. Қардың ызғарлы лебі еседі.
Бір-екі әйел қонақтар түнеп шыққан үйдін алдында самауырын қойып жүр. Бір жігіт жұп-жұмыр ақ сөңке Қарағайды жоңқалап жарып, отынды түтікке сыятындай қып бұтап жатыр. Бір топ атты кісі шалғайдан орағытып келіп сәлемдесті. Алмабайдың ағалары екен. Әсет ақынның өз ауылдарына қонақтап жатқанын мерей тұтып, алғыстарын айтты да, көп бөгелмей шаруаларына кетті.
Шайдан кейін Әсет тағы да оңашада біраз бой жазды. Бірінен- бірі биік қат-қабат таулардың алыс түкпірлеріне дейін көз жүгіртеді. Қар басқан шақа тастардың жоны мұздай жалтырайды. Пышақтың қырындай жалдары қабаттап соққан тас қорғанның ду- алы сықылды. Үй жаққа бұрылып бір қарап еді, арнайы әзірленген кермеге тізілген аттардың қарасы молая бастапты. Біразға дейін маңайламай, ойын бөлгісі келмей, сырттан жағалап жүрген серіктері де осы кезде қасына таяған-ды.
- Әсаға, үйге таман жақындайық – деді Дәшет есік алдындағы топырдың Алмабайды қоршап тұрғанын байқатып. Әсет ойлы қалпымен үнсіз бұрылды. Кәрі-жасы аралас бір қауым адам ал- дынан қарсы шығып сәлемдесті.
- Ат-көлігіңіз аман ба, Әсаға? – деп, орта бойлы, шымыр қара кісі қасына тақады да, құшағын айқара ашты. – Өзіңіздей ардағымызды көзбен көруге нәсіп еткен Құдайға разымыз! Келіңізші, атам қазақтың салтымен көрісейін!..
Қырықтың қырқасына өрлесе де жігіттей жылпың. Үш рет төс қағыстырған соң, парызын өтегендей көзі жайнап, мерейі өсіп қалды. Алмабай оны таныстырды.
- Әсаға, бұл кісі тұқым қуалаған күйші. Осы елде мынау ұлы таулар пана бола алмаған Қожеке деген күйші өткен.
Сол кісінің бел баласы Рақыш ағамыз.
- Көп жаса, бауырым! – деп Әсет қасында тұрған Рақышқа ілтипат білдірді. – Қожекені естуім бар... Е, сенің мына алып тауларға өкпең сол ма еді?.. Әкеге тартып ұл туса, ізі өшпегені ғой.
- «Тауда бұғы мөңіресе, ойда сиырдың мүйізі сырқырайды» деген екен бұрынғылар, – деді Рақыш өзін сыпайы, байсалды ұстап, биязы түрмен. – Әсеттей ағамыздың алдында адыраңдасақ – ожарлығымыз. Ағасының алдын орап, інінің көсемсігені – көргенсіздік болар.
- Бірақ именшек, жасық інілер абырой да әпермейді, – деп түйді Әсет сөз жүйесін.
- Именісіміз – ізетіміз, жаутаңдағанымыз – жаныңызға үңіл- геніміз. Алдыңызға шықпай, айтқаныңызды орындауға бармыз!
- Көп жаса, Рақышжан, ырысым екенсің!..
- Әсаға, ішке кіріңіз, – деді Алмабай сырттағы бөгелістің ұзап бара жатқанын ерсі көріп. Кең үйге жұрт лықа толды. Дастарқан жайылып, тегене-тегене бауырсақ төгілді. Көпіршіген сары қымыз құйылған сары ала тостағандар төрден бастап жағалады да, төмендегілердің қолдарына дейін түгел тиді. Әлден уақытта өзіне телмірген жұрттың ындынын байқаған Әсет отырыстың ыңғайын сыпайы салтқа бұрды.
- Азалы аста дауыс айтылады, ән салынбайды. Даурығып жат- қанымыз дарақылық болар. Әзірше көңіл ашып, қоңыр күйлерді тыңдай отырайық, Рақышжан, өзіңе салмақ түседі енді...
- Қойлыекең тоқсан жылдың жүзін көрсе, менің әкем алпысқа жетпей дарға асылыпты, – деді Рақыш мұң шаққандай. – Ата- мыз сауыққой кісі еді. Әруағын күймен тербейін, разы болса, бір аунап түсер.
Аршаның шымыр түбірінен ойып жасалған, қайыстай қатқан қызыл-күрең домбырасын безей ұстады да, лекіген желдірме күйді сорғалатты. Қоңыр сарын ширатылып, самалдай желпіді. Қиялды түпсіз терең тыныштыққа жетеледі. Сезімді сипалай аялап, тәтті арман құшағында қамсыз әлдиледі. Арасы үзілмей арты-артынан шертілген сылқым күйлердің иесі аталып та жатпады. Тек бастар алдында ғана қандай күй екені айтылады. Тарихына, мазмұнына түсінік беріп жататын арнайы бір қалаулы кезеңдер болмаса, мынадай суыт отырыстардағы дағды осы. Бұл Әсетке де салтқа айналған қылық. Көп жағдайда әндерінің мән-жайын айтпайды. Сондықтан күй сарынына қызыққанымен, бір мөрті келгенде, сол сарындардың тарихын байыптап ұға жатармын деп ойлады да, күй желісін бұзбады. Күй ағысы бірсыпыраға созылды.
Түске таман жауырыны қақпақтай, ақбөрте жігіт сәлем беріп, табалдырықтан аттады. Төрге тақау топтың арасында отырған Алмабай орнынан атып тұрды да:
- Бері, мұнда кел! – деп ақсия күліп, құшағын жая қасына шақырды. Бүлдіргесін білегіне ілген қамшысын сүйрете өрлеген сері жігіт жайғасқан соң, Алмабай төрдің төбесіндегі Әсетке мойын бұрды. – Әсаға, бұл жігіт Әшім күйші. Тау асып, тас басып, сонау Күнестен келіп тұр.
- О, бәрекелді... Ағайынның көңілін аулаған адамға жер қашық па?! – деп Әсет қуана жымиды. Бірін-бірі ардақтаған жігіттерге іштей разы. Әшім орнынан қайта түрегелді құшағын жайып.
- Әсаға, әруағыңызға сырттан сиынушы едім. Арманда кет- пейін келіңізші, төсіңізге төсімді тигізіп қалайын!..
- Талабың таудай екен, кел, қарағым!
Әсет те түрегелді. Екеуі құшақтасып көрісті де, қайта тізе бүкті. Әшім әйгілі әншінің бойынан қазақ жұртын тамсандырған айрықша артықшылығын іздегендей, байқатпай барлап, әлсін- әлсін сұқтанады. Күй әрі жалғасты.
Кестелі шалбар, ши барқыт шолақ пешпет киген он бес
- он алты жас шамасындағы қара бала сәлем беріп кірді. Іргені жағалап барып, Алмабайдың құлағына сыбырлады да, кері бұрылды, Рақыштың күйі аяқталғаннан кейін Алмабай қоңақтарға күлімсірей қарады.
- Әсаға, үлкен ағамыз Тоқтар сіздерді түскі асқа шақырады... Мұны естісімен есік жақтағылар жол босатып, сыртқа сырғыды.
Төрдегілер қотарыла көтерілді.
Әсет тобын бастаған Алмабай оңтүстіктегі кең койнаудың шетіне тиіп тұрған қарағайы самсаған шұңғыл сайдың алқымына тақау қонған екі-үш үйге қарай ертіп жүрді. Алпыстан асқан бу- ырыл сақалды, жотасы күжірейген, әжімсіз бетінде қаны ойнаған шой желке, дембелше қара-сұр кісі есік алдында қарсы алды. Аман-саулықтан соң, салт бойынша, Әсет ықылас-тілеуін білдірді:
- Ниетіңіз қабыл болсын, Тоқа!..
- Айтсын, Әсетжан, айтсын! – деп елпелектеген Тоқтардың өзі енді ілгері жол сілтеді. Қадырихан мен Рақыш басқалардан жасы үлкендігін жасап, бұлардан кейін қатарласа жылжыды. Дәшетті ортаға алған жігіт-желең соңдарында.
Бұл үйде де күй төгілді күмбірлеп. Рақышты жас Әшім қоста- ды. Әлден уақытта манағы хабаршы бала есіктен басын сұқты.
- Ата, кісілер келе жатыр.
Бұл сыйлы қонақтар екенін сездіретін белгі. Алмабай сыртқа шықты. Ат дүбірі тақап келіп тоқтады. Еркек-әйелдердің жамы- рай амандасып, шұрқырасқан дауыстары естілді. Ақжарқын жуан дауыс әңгірлей күжілдейді.
- Немене, Рақыш атасын күймен жоқтап отыр ма? Аттан түскен әйелдерді ауыл әйелдері басқа үйге бастаған сықылды, дыбыста- ры алыстай берді. Бұл үйге сәлем беріп, дөңгелек қара сақалды, түйедей дөңкиген, ұзын бойлы ақсұр кісі кірді.
- Кел, Маздаш, төрлет! – деп, Тоқтар төменірек сырғыды да, өзінің өр жағынан орын әзірледі. – Бітер істің басына, жақсы келер қасына. Атам марқұмның ниеті қалыс екен. Қазақтың игі жақсылары бас қосты. Маздашжан, мына кісі аңсап жүрген Әсетіміз!..
- О, құдауанда, өңім бе, түсім бе?! Осынау шалғай түкпірдегі елді іздеп келгені ме? Келші бері, Әсетжан! – деп таңданған әлгі кісі тізерлей берді де, еңгезердей кеудесін қайта тіктеп, жасының
үлкендігін танытты. Таудай тұрқымен қапсыра құшақтағанда, Әсет оның кең қойнына балаша көміліп, қалды. Қысып-қысып қойып, мейірі қанғандай жайраңдай күлді де, орнына сөйлей отырды. – Тәңірдей табынып жүрген Әсетіміз едің, қош келіпсің, шырағым!.. Мына жігіттер өзіміздікі. Аман ба, Дәшетжан? Сай- масайымыз Құлжадағы мал базарының Құдайы. Әшімім әшекейлі күйдің сарбазы. Амансындар ма, айналайындар?!
- Жалғанды жалпағынан басып жүрміз, Мазаға, – деп бәрі үшін Дәшет жауап берді. Маздақ шола қарады.
- Мына жігіт пен анау баланы түстей алмадым.
- Бұл екеуі де қара жаяу емес, Мазаға, – деді Дәшет таны- стырып. – Бұл жігіт Қадырихан ағамыз, әнді де, өлеңді де суша сапырады. Ал мынау – жас талап Әбіш деген ақын балаңыз.
- Өркендерің өссін, қарақтарым!.. Әсетжан, міне, жалым да, құйрығым да бар. Бұл жалғанды шайқап өтпей Маздаққа не көрініпті. Жалындай беріңдер, шырақтарым!
- Әсетжан, бұл біздің Маздақ деген саңлағымыз, – деді Тоқтар қасына отырған жуан кісінің тізесінен басып. – Мұның басқаға ұқсамайтын үш түрлі қасиеті бар. Кергіп, сызданбайтын ақжарқын. Қайда жүрсе де осы аңқылдақ қалпынан танбайды. Онан соң біздің сырт жағымыздағы Халық тауының бөктерін қыстап, төбесіндегі Ханжайлауға шығатын қалың елдің ақылгөй азаматы. Ақсу мен Ақаяздағы ақалақшылардың ішіндегі жуан жіліктісі. Бірақ кейбіреулер құсап адыраңдамайды, бұлданбай- ды, сызданбайды. Қашан да елдің қақ ортасынан табылады. Ешкімге тізесін де батырмайды, біреулерден пұл да алмайды. Сол кең кеуделігінің шарапаты шығар – асқан күйші!..
- Бүгін кіл күйшілер бас қосқан күн болды ғой, – деп жымиды Әсет. Мұны азырқанғандай Алмабай ойындағыларды үстей атады.
- Әлі аз, Әсаға, әуперім Асанәлі мен әңгідей арқырайтын Әтіхан деген ұшқырларымыз тағы бар...
- Рақыш, әкелші бермен! – деп Маздақ жеңін білегіне дейін сыбанды да, домбыраға қол созды. – Ауылымызға Әсет келгенде немізді аяймыз! Өзіміздің атамыз Қожекенің «Аққуымен» бал- бырата бір тербетіп алайын!..
Ерке күй сырғи жөнелді. Сылқылдай бұралған әсем үн жүректегі мұңды шайқайды. Судың сыбдыры, жүзген құстың сусылы, әлденендей күрсініс-күңіреніс анық естіледі. Бірте- бірте жоғары өрлеп, арқыраған арман лебі есті. Білеудей жұмыр саусақтар домбыраның бетінде талша майысып, нәзік дыбы- старды дәл басады, үзілте безілдетеді. Осы тұстағы аңыраған арынды үн тұлабойды солқылдатады. Құйқылжи күңіренгенде
жәбір шеккен әлсіздің зары сұңқылдай төгілді. Сезімді баурап алған. Күй тоқтаса да, біразға дейін қыбырлаған жан болмады, елтіп қалған. Әлден уақытта:
- Бәрекелді, адамның жан-дүниесін балқытатын өнердің қасиеті де осынысында ғой! – деп сүйсінді Әсет алғысын жари- ялай серпілтіп.
Осылайша, күйге күй ұласты. Күн еңкейгенде қонақтар сыртқа шығып, кең тыныс алды. Қилы-қилы күйлердің сарыны, ара-тұра үзіліс тұсында айтылған елдің басынан кешкен қасіретті оқиғалар Әсетті қатты толғантты. Жетім бала сияқты халық екенбіз-ау... Зар еңіреп күңіренуден көз ашпай келеміз. Арманымыз жанарта- удай жалынын атқылап тұрғанымен, ештеңеге қолымыз жетпей жүр. Билеп-төстеушілердің тәсілі де жымысқы. Жердің атынан біз сұғып, тамырыңды қырқады. Сөзі өтімді, көзі қарақты, тілді адамдарды тұқыртып, құрта беріпті... Соның бірі – Қожеке. Ол күйші ғана емес, елдің жоғын жоқтаған, жарлыға жанашыр болған ақ жүрек адам көрінеді. Оның да тағдыры жан-түршігерлік, іс әрекетінің түбіне үңілсек үкімет тізгінін ұстап отырған әкімдер өз майыңмен өз етіңді қуырып, оны өзіңе жегізеді. Өз қолыңмен өзіңді бауыздатады. Соған төзгеніміз – надандығымыз, ойдың шолақтағы, өрістің тарлығы. Қожеке де сондай айланың жемтігіне айналыпты. Бірақ қырық жылға жуық уақыт өтсе де, ел оның сол қазасына күңірене қайғырады. Адамдығын, өнерін, ер көңілді жомарттығын аңыз қып айтады. Демек, бұл – оның ісіне елдің сүйсінгені, аялағаны. О, дүние, сарылтқан арманның асқарынан асар күніміз туар ма екен?..
Іштей мұңайған Әсеттің қасына келген Маздақ күйші оны оңашалап алып кетті. Сөзден сөз туындады да, манадан тиіп-қашып айтылған Қожекенің тағдыры екеуінің ендігі ұзақ әңгімесінің арқауы болды. Маздақ жіпке тізгендей қып айтып берді...
Қожеке өмір сүрген тұста Іле бойындағы дихандардың билеп-төстеушілерге қарсылық әрекеті белең алып, ауыл- аймақты түгел шарпыған еді. Бай-шонжарларға арқа сүйеген Манжу хандығының жерлгілікті әкімдері алым-салық әдісін тежеусіз қолданған. Бара-бара өлердей қалжыраған халықтың наразылығы өршиді. Ақырғы тұяқ серпісі секілді, шаруалар көтерілісі бұрқ ете түседі. Бұл қимылды бүкіл халық қолдайды. Қарулы шайқас ұзаққа созылады. Ақыры, бүкіл халық қолдаған шаруалар көтерілісі жеңіске жетеді де, Іле жаң-жұң14
14 Жаң-жұң – бір аймақты билейтін әскери әкім.
мекемесінің орталығы Күре қаласына басып кіреді. Ондағы Манжу хандығының қорғанысшы әскерлерін талқандайды. Алайда, көтеріліс әрі қарай дами алмайды. Өйткені шаруалар қозғалысының қарқынын пайдаланған шонжарлар биліктің ба- сына шығып, тізгінін ұстайды да, одан айырылып қалмау үшін қамданады. Көтерілісшілердің арасына іріткі салып, ала ауыз- дық тудырады. Осы алалықты пайдаланған Манжу хандығының әкімдері шонжарларды тарту-таралғымен жемдеп, Еженхан аурағына бас игізеді. Шаруаларға қарсы қыруар әскер қаптатып, аяусыз жаныштайды. Ел басына қара түнек қайта орнайды.
Осы әдіспен өзінің іргесін мықтап бекітіп алған Іле жаң-жұңы Миң шу ой-қырдағы шонжарлардан өзі сенетіндерді, үміт арта- тындарды Күреге шақыртып алады да, арнайы тапсырма береді.
- Еженхан әулетінің құлағы да, көзі де сендерсіңдер, – дейді арыстан мен күн бейнесі қатар тігілген гүлді жібек шапан киген Миң шу қан-сөлсіз бетіне шапқан ашуын жасырғанымен, өктем даусы қырылдап. – Бұдан былай халық ішінде бақылауды шексіз күшейтеміз!.. Қара ниетті адамдарға мейірім жоқ, табанда дарға асылады!
Күреден Текеске Миң шу жаң-жұңның «құлағы мен көзі» атанып қайтқан Дадай болыстың жарғақ құлағы жастыққа тимейді. Есіріп, шолақ танауы бұрынғыдан бетер делдиеді. Бітік көзі ақилана ақшияды. Үстемдігін асыра түсу үшін өзін:
«Жаң-жұңның көзі мен құлағымын» деп, мақтана да бастайды. Ыңырана дем алып, елден ерекше сызданып жүреді.
Бүкіл Текес өңірінің елі жиналған Ханжайлаудағы үлкен бір тойда Қожеке ақ сақал-қара сақалды, бет-беделді кісілер бас қосқан үйде көптің қалау-талабымен күй шертіп отырған. Сыйлы адамдардың бәрі сол үйде. Кешігіңкіреп келген Дадай болысты даяшы жігіттер солай бастаған. Төрде жасы үлкен ақ сақалды, құйысқаны берік кісілер. Солардың қақ ортасында Қожеке. Ел жапырыла түрегелгенде бұл тұстағылар қозғала қоймады. Өйткені бұлардың бет-беделі Дадайдан кем емес-тін. Үрлеген қарындай шермиген, бойы бір тұтам, быттиған бүйрек бет домалана келіп, төрге тақау тұстан босатылған жерден орын алған. Қарсы алдындағы Қожекеге көзі түскенде өзінен әжептәуір жоғарыға жайғасқанын байқайды.
- Немене, Қожеке, үлкен кісілерді үтілеп үкірдай болғалы жүрмісің? – деп тиіседі қызғанышы ішін жалап. Біреудің сөлекет сөзін басынан асырмайтын қайсар Қожеке де әзілдеген раймен шымшылай жауап қайырады:
- Үкірдай боп үһілеп, болыс боп божымай-ақ қойдым, мына үлкен кісілер қолқалаған соң отырғаным ғой. Андағы жер тарлық етсе, кел, орнымды саған-ақ босатып берейін!
Ел ду күлісіп еді, Дадайдың өңі бозарып сала берді.
- Орныңа таласатындай сен кім едің-ей, сонша?
- Сен сияқты құлақ та, көз де емеспін, Құдай жаратқан Қожекемін. Оған таласың жоқ шығар!..
Күлкі үдейді. Осы күлкі Дадайға өзін мазақтағандай боп сезіледі де, жүрегіне шаншуша қадалады. Өңі бұзылып, ішіне сұмдық бір арам ой түйеді. Таяқ мінген дуана есірген екенсің, тартқызармын сазайыңды... Өзімшіл қара ниеттің кеудесін қара тұман тұмшалаған...
Бір күні Текес суының үстіне салынған, бірақ әрі-бері жолау- шы өткенде қозғала теңселіп тұратындықтан «Селкілдек» атанып кеткен көпірдің аузына кештете жеткен керуен қараңғыда өтуден қауіптеніп, өзен жағасына түнеп қалады. Таң ата керуеншілер өріске жіберген жүк артатын, өздері мінетін көліктерін іздейді. Тігерге тұяқ қалдырмай айдап кетіпті. Керуен басы осы өңірдің шәң-жаңына15 арыз айтады. Аудан әкімі Күредегі жаң-жұңға мәлімдейді. Елді алқымнан сығып, тұншықтыра түсуге ілік таппай отырған жаң-жұң қаһарға мінеді. Әкімге үкірдайлар мен болыстарға бұйырыңыз, ұрыны таппаса, саудагердің барлық шығынын өздері төлейтін болады деген жарлық түсіреді. Әкім өзінің қол астындағы үкірдай-болыстарды жинап алып, жаң- жұңның жарлығын жариялайды.
- Бірақ дәлелсіз елді қысып, жанжал шығарып алып жүрмең- дер! – деп өзінің қаупін де қатал сскертеді.
Үйіне келе сала Дадай болыс хатшысына өзі айтып отырып, жаң-жұнның атына хат жаздырады. Ұрыны Қожеке қып көрсетеді. Жалғыз емес, жасырын ұстап отырған тобы бар деп, Күредегілер- дің де зәресін ұшырады. Бұл зұлымдыққа хатшының құйқасы шымырлайды. Жазықсыз адамға соншама жаланы үйіп-төккен не деген жауыз еді. Ар-намысы қайда мұның?.. Дадай болыс түн ішінде-ақ шабарманын Күреге шаптырады. Жазықсыз күйшінің нақақ күйетініне көзі жеткен хатшы ертеңіне бір ебін тауып, бұл жайды Қожекенің досы, сырласы Бәйеке биге жеткізеді.
- Қожеке, аңқылдап жүріп, артыңдағы аңдушыны аңғармап- сың, – дейді әдейілеп барған Бәйеке би бұл сырды қамыға хабарлап.
- Саудагердің малын сен ұрлады қылып, Дадай болыс жаң-жұңға шағым жіберіпті. Босқа жатпа енді, амалын тауып,қамданып қал!..
15 Шәң-жаң – ауданды басқаратын әскери әкім.
- О, жаным Бәйеке, шеңгелдегі халықпыз ғой. Қайда барсам да құрулы қақпан тұрған жоқ па? Ақ патша алқымнан алғанда бір бұлқынып ем, ақыры қаңғып кеттім. Енді тау-тасты пана- лап, қашқын бола алмаймын. Денемнің қызуы азайған, суық қармап қалады. Тарбағатайға не Алтайға кетсем, бала-шағамды құныкер бодам қып қамап тастайды. Қайтейін, басқа түскенді өзім көрем де ...
Қожеке ойға шомып барып, әлденені аңсағандай домбыра- сын безілдете толғады. Буырқанған дыбыс бұрқана гулеп, соңы күрсінген өксікпен, сыңсыған бебеумен бітеді. Қиялға батқан Бәйеке би күйшінің күйігін, ыза-кегін сыртқа шығарғанын сезеді. Өзінің де талыстай жалпақ кеудесі удай ашиды. Үлкен көзінің шарасына толған жасты байқатпай сығып тастайды. Даусының дірілін сездірмеуге тырысқан соң, бар салмақ сақалына түскендей иегі кемсеңдей шошаңдайды.
- Домбыраңның үнін мен ұғармын, қазағың ұғар, Қожеке.
Бірақ жаң-жұң оны тыңдай қояр ма екен?..
- Сен ұғып қалсаң болды, арманымның аңғарын білгенің. Осыны өзің жеткіз Рабат төреге. Қолдаушым еді, енді жоқтаушым болсын...
Шөп шауып алған соң егін жинау үшін Қожеке жайлаудан ойға ертерек түскен. Үйін Қаражон адырының Текес суына тақау ойпатына тіктіріп, шаруасымен айналысып жүрген. Түс кезінде бір топ қарулы шерік16 үйін қоршап алды. Мылтық кезенген екі шерікті ілестіріп үйге кірген Дадай болыс төрде малдас құрып, мізбақпай қаздиып отырған Қожекені өрімін бүктеп ұстаған қамшысының ұшымен нұсқады:
- Міне, мынау!..
Екі шерік Қожекені мылтық найзасының ұшымен түртпектеп тұрғызды да, екі қолын артына қайырып байлап, сыртқа алып шықты. Сұры қашқан Торғын үрпиіскен балаларын бауырына басты. Көздерінен жас парлайды.
- Ей, Дадай, Құдай бар болса, сенің де бала-шағаңды шұр- қыратсын!.. – деп кіжінді Қожеке тісін қайрап.
- Өзіңнен көр кәззәп! – деп әкіреңдейді Дадай қамшысын үйіріп.
Шеріктердің бастығы оны кеудесінен кері итерді.
- Тұтқындалған адамды көптің көзінше сабауға болмайды. Ол қарсылық көрсеткен жоқ! Әрі кетіңіз енді!..
Заңға жоқ, айтаққа қана үретін Дадайдың еңсесін бұл бұйрық қара тастай басты. Иесі жекіген итше сүмірейіп, теріс айналды. Қипақтап шеттей берді. Бұл сұрқына Қожеке мысқылдай күлді.
16 Шерік – жасауыл, әсер.
- Таяқ жеген күшіктей сүміреюін, сорлының!.. Дадайдың көзі қанталады... Шұрқырап бала-шаға қалды.
Мама ағашта жер тарпып тұрған қара аты оқыранды. Арбаға салып, аяқ-қолын таңып тастаған әкесін көргенде шошып кеткен кішкентай Рақыш шыңғырып жіберді. Үлкен баласы Нұрқа егін жақта жүрген. Ауыл азан-қазан, қара жамылып, сұрқы қашты...
Күреге жеткізген күні-ақ тергеп-тексеру басталды. Ары-бері бұлталақтатып еді, Қожеке мұның бәрі жалған жала деп, ештеңені мойнына алмады. Ал тергеушінің бұлтартпас дәлелі тағы жоқ. Мұны қаралап, қағаз түсірген адам жаң-жұңның құлағы мен көзі. Соны анық білетіндіктен тергеуші мұның бір бәлесі бар шығар деп жорамалдады. Өзі жаза тартып қалмау үшін қалай да жаланы шынға айналдыруға тиіс. Сондықтан ежелгі заманнан бүгінге дейін бұлжымай келе жатқан сірі тәсілді қолданды. Қасарма, тоңмойын деп қарар жасауға бекінді. Жаннан тәтті ештеңе жоқ. Қасарманың жүрегін таяқпен езуге рұқсат бар. Етіне батыра азап салса, амал- сыздан өзі-ақ қылмысты болып шыға келеді.
- Қылмысынды ықтиярыңмен мойындамадың ба, енді өз оба- лың өзіңе!
- Істемеген істі істедім деудің өзі Құдай алдында күнә...
- Сен Құдай емес, жаң-жұң алдында қылмыстысың!...
- Онда жаң-жұң айырар ақ-қараны.
- Бұлталақтауын бұзақының... – деді де, тергеуші үстелді тақылдатты. Еңгезердей екі шерік кіріп еді, сөйлеуге ерінгендей Қожакеге қарай иегін қақты. Әлгілер мұның ымын ұққандай бұрышта тұрған керме тақтайға сүйреп апарды да, керіп тастап, жалпақтығы төрт елідей қайыс қалақпен соққылай бастады. Әлден уақытта Қожеке есінен танды да, тұңғиық қараңғылыққа сүңгіді. Енді соққыны да сезбеді, ырсылдаған дыбыстарды да естімеді. Үстіне құйылған суық судан тітіркеніп, қатты ұйқыдан оянғандай селт етіп есін жинады. Тергеуші үстіне төнді.
- Саудагерді тонағаның рас па?..
- Жоқ, Құдай алдында ақпын... – деді Қожеке тістене ыңы- ранып. – Істемегенімді мойныма ала алмаймын!..
- Жаһил!.. Жаның тас емес шығар, көрерміз әлі. Тас та уаты- лады, үгіледі... Апарып тастаңдар зынданға!..
Екі жендет Қожекені дөңбекше сүйретіп ала жөнелді де, та- стай қараңғы қуысқа апарып, лақтыра салды. Мылқаудай меңіреу үңгір. Борсыған сыздың ашқылтым иісі қолқаны қабады. Төбедегі оймақтай дөңгелек тесіктен түскен бармақтай жарық бозарып еден- ге зорға жетеді. Бұл қуыста тағы бір адам бар екен, есік жабылған соң, қасына жетіп келді.
- Қандай қылмыс таңылды екен, байқұсқа? – деп, етпетінен жатқан Қожекені қапсыра құшақтап, босағадан әрі таман көтеріп барды да, дымқыл сабанның үстіне жатқызды...
Осыдан кейін Қожекені бір талайға дейін қайтадан тергеуге шақыра қоймады. Ұмытып кеткен секілді. Бірте-бірте денесінің ісігі қайтып, жарасы қара қотырланып біте бастады. Сал-сал боп ауырлап, сыздап тұратын денесі де ширап, икемге келіңкіреді. Енді абақтының күзетшісі Қожеке мен қасындағы серігін әжетханаларды тазалайтын, басқа да куыстардың іші-сыртындағы ластарды арнаулы жерге тасып төгетін жұмыстарға жекті.
- Сені не үшін қамап отыр? – деп сұрады Қожеке бір күні мұңдана сарылып жатқан серігінен.
- Салық төлей алмағаным үшін... Мені де алып келген күні соққыға жықты. Содан бері, міне, айдан асып барады, мүлде ұмытып кеткен түрі бар.
Еңгезердей ұзын бойлы ұйғыр жігітінің сақал-мұрты өскен, бет-аузын қалың түк басқан. Қожеке қамыға күрсінді. – Құрттың денесі былқылдаған жұмсақ болғанымен, тастай қатты ағашты кеміріп, үңгіп теседі. Жаң-жұңның әкімдері де сол тектес. Ел ара- сына барса, ыржың-ыржың күледі. Жусаннан аласа, қойдан жуас бола қалады. Ал оңашада қолына еркін тисең, қанын ішіне тартып, жыландай сұрланып алады екен. Дегеніне көндіру үшін жабайы аңша талайтын көрінеді. Менің үстімнен біздің елдің болысы бір саудагердің малын тонады деп шағым жасапты. Ойлап қарасам, саудагерді емес, болыстың өзін тонаған сықылдымын. Өйткені оның елге сүйкімі жоқ бір сорлы еді. Менің абыройым артық бола- тын. Ол өзінің бет-беделін мен тонап жүргендей ойлаған түрі бар. Өзі жаң-жұңның «құлағы мен көзі» саналатын. Елге сөзім өтімді болған соң мені тұқыртқысы келген амалы-ау қудың. Әйтпесе, осы жасымда, міне, бақандай елу сегізге келдім, біреуді тонайтындай маған не көрініпті?.. Қайыр тілеп жүрген жоқпын.
- Уай, ақа, бұ доңыздардан қайыр-қайырым күтпей-ақ қо- йыңыз! – деді жігіт зығыры қайнап. – Жала жабылды ма, бітті. Енді құтыла алмайсыз. Садыр палуанды естуіңіз бар ма?
- Е-е, бұл өңірден Садырды білмейтін адам табыла қоймас!
Оның даңқы өшпейді!
Садыр деп атым қалды, Даңзыда17 хатым қалды. Хатымды оқып көрсем, Бес балам жетім қалды.
17 Даңзы – тізім, тіркеу, пакет.
Осыны айтқан Садыр емес пе? Менің де балаларымның көздері жаудырап, ботадай боздап қалды...
Қожеке қамыға мұңайып еді, жігіт жарқын үнмен көтермелей жебеді.
- Сол Садыр мына түнектің де сырын шерткен.
Жамбылда ұзақ жатып, Шашым бір құшақ болды. Жамбылды тесер кезде, Қабырғам пышақ болды.
Осыны айтқан Садыр қалың соқпа дуалмен қоршалған Күренің осы қорғанының қуысына қырық алты рет қамалыпты. Сонда да амалын тауып, ылғи да қашып шығады екен... Сол Садырдан мынау алдыңызда тұрған Садық кем бе?!
- Е, атаңа тартсаң, сен де қаш... – деп күлді Қожеке оның ойла- ған ойына сенер-сенбесін білмей.
- Қалжыңға айналдырмаңыз, Ғожа ақа! Жоқтаушыңыз бол- маса, бұл қуыстан тірідей шығуыңыз екіталай. Оның өзінде де осындағылардың көмейін алтын-күміспен үстемелеп тығындауы- ңыз керек.
- Оны сен қайдан білесің?
- Мұнда қамалған екеуміз ғана емеспіз ғой. Көзі бозарып талай көген көздер жатыр. Манжу әкімдері Күредегі мына қуыстарды пара алу жолымен байлық жинайтын қазынаның көзі етіп алған деседі. Әлгі сіздің Дадайыңыз сияқты қаныпезерлер басқа халық арасында да бар. Олар өздеріне жақпайтындарға жала жауып, кінәлілерді жинап беретін итаршылары.
- Менің параға төлейтін түгім жоқ, сонда қайтуім керек?
- Онда көртышқанша осы үңгірді мекендейсіз. Сізді ешкім есіне алмайды. Менің де қалтам тесік. Сондықтан қашып құтылудан басқа амал жоқ!..
- Шығатын тесік таптың ба?
- Соны іздеп, маңайды көп барладым. Сыртқа шыққан сайын айналаны анықтап шоламын. Бізге ласты тасытатын, әжетхана тазалататын кәрі шеріктен басқа ешкім жоқ. Әлі күнге оны бөтен біреу ауыстырған емес. Тегі оның бар міндеті сол ғана болар. Орайы келген заматта шалды әжетханаға сүйреп тығып, аузын тығындап тастаймыз. Содан кейін дуалдың үстіне қарғып шығып алсақ, куыс-қуысты қалқалап зытып кетеміз. Қорғанның Іле өзені жақтағы қабырғасы аласалау секілді.
Садықтың бұл ойы Қожекені де еліктірді. Өйткені өзін қорғап, құтқарып алады деп, сәлем айтқан Рабат төреден әлі хабар жоқ.
Ауыр соққы есіне түскенде денесі түршігеді. Ақыры екеуі қашып кетуге бел байлады да, сыртта жұмыс істеп жүріп төңіректің кедір-бұдырын қадағалай анықтады. Төбедегі қалтарыс-қалқаны да шолып, есепке алды. Шеріктердің көп жүретін жері – тұтқындар қамалған мына ауланың тоқымдай темір есігінің арғы сыртында. Ішкі аулаға анда-санда бірлі-жарымы ғана бірдеңе іздеп кіріп- шығады. Абақты ауласының төріндегі түкпірге орналасқан әжетхананың төбесі аласалау. Одан әрі біріне-бірі жалғасқан үйлердің үстімен қорғанның сыртқы қабырғасына жетуге болады. Онша қашық та емес. Сол арадан-ақ арғы бетіне сырғанап түсе салады. Одан әрі не бар екен?.. Осы күдік ойларын бөлді...
- Байқауымша, қорған қос қабат емес, – деді Қожеке енді бай- ламдарын іске асыруға асыққандай. Садық тағы бір амал айтты.
- Бұдан былай қажығандай жұмысты ілбіп, сылбыр істейік. Күн батқанша созайық. Бұған бір-екі күннен кейін шеріктің де бойы үйренеді. Сонан соң орайын тауып, кешкі мезгілде іске кірісеміз. Басқалары сезгенше біз де сытылып үлгереміз.
Келесі күні таңертең бұлар күтпеген оқиға болды. Қабат-қабат қалың қорғанның алыс бір түкпірінде дабыл қағылып, сырнай- керней тартылып жатты.
- Мыналардың бір қуанышы бар-ау, шамасы, – деді Қожеке даңғыр естілген тұсқа құлақ тосып. Кенет Садықтың жүзі жайнады. Дөңгелек қара көзі ұшқындап шыға келді.
- Сәті түсті, Ғожа ақа!.. Енді шеріктердің бәрі солай кетеді!
Сәске кезінде кәрі шерік Садық пен Қожакені күндегі мезгілінен ертерек сыртқа шығарды да, лас тасытты. Шеріктердің қарасы жоқ, қыбыры білінбейді. Әжетхананы тазалауға кіргенде бұлар көпке дейін дыбыс шығармады. Тосып тұрған шерік не болғанын байқау үшін есіктен сығалай бергенде-ақ Садық бір қолымен желкеден сықты да, екінші қолымен ауызын басып, жүлқи ішке тартты. Кіргізіп алған соң аузына мақта тығып, шеріктің өз белбауымен, сирағына орап жүретін ұзын қиық шүперегімен шандып байлап тастады. Екеуі де әжетхананың төбесіне қарғып шықты да, жан ұшыра жүгіріп, қорған соқпасының жиегіне жетті. Сыртқа қараған қабырғасы тік емес, бүйірлеу екен, сырғанап жерге түсті. Жіңішке арба жол қорғанның іргесінен өтеді екен. Арғы шеті қалың ағаш. Соны аралап барып, қою қамысқа кірді. Біраз жүргеннен кейін алдыларынан екі жағасына бітік шөп өскен арық кездесті;
- Осы арықты жағалап барып, Додышандағы күріш егістігіне жетейік, – деді Садық аз кідіріп. Қожеке жан-жағына мойнын соза қарады.
- Ол да дұрыс...
- Сол арада күріштің су тоқтатқан соқпа қырлары көп. Қамысы биік өседі. Соны паналай жүріп, күн батқанша Ханбиңге ілінсек, құтылғанымыз. Ол маңда дүңгендердің жалпақ беделігі бар...
Сыбдыр шығармауға тырысқан қимылмен жыма басып, ілгері жылжыды. Арт жақтарынан даңғыр-дұңғыр үздіксіз естіліп тұр... Суы тартылған күріш танаптарынан адам көрінбейді. Биіктеу соғылған қырдың үсті жал-жал қамыс. Бұға еңкейіп, сақтана адым- дады. Күн бата күріштің арғы шетіндегі жалпақ қамысқа ілінді. Жыныс арасында біраз демалып, әл жинады. Көз байланып бара жатқан апақ-сапақта қарсы алдыларынан жылтылдаған от көрінді. Көлденең арықтың табаны терең, суы жоқ екен. Соған түсіп, отқа қарай ілгері жылжыды. Оттың екпе тұсына жеткен соң сығалай бақыласты. Шөппен жабылған кепе. Оттың жарығында бір-екі кісінің сұлбасы көлеңдейді.
- Қауыншылар сықылды...
- Мен жақындап барып байқайын. Қауыншы болса, өзек жалғайтын бірдеңе сұрайын, – деп Садық орнынан қозғалды да, сыбдырсыз басып кепеге қарай кетті. Әлден уақытта сәлемдескен дауыстары анық естілді. Ұйғыр диқаны екен. Асқа шақырды. Са- дық қарлығыңқы үнмен жолдасы да барлығын айтты.
- Е, шақыр, келсін, – деген қартаң кісінің пейілі Қожекенің жүрегін жылытты. Қайран ақ көңіл адамдар-ай... Садық ақырын дауыстады:
- Ғожа ақа, бері келіңіз!..
Қожеке сәлем берді де, жер ошақтың басына жайылған дас- тарханның шетіне отырды. Саусақтарының буын-буыны тілімде- ніп жарылған қатпа қара шал екі-үш тоқашты турады да, ыс баттасып қара күйеге көмілген құм құманнан қара шай құйды. Шалға тақау отырған жас жігіт ежірдегі шайды алдымен жасы үлкен Қожекеге ұсынды.
- Е-е, ағайындар-ай, бұл дүние пенделердің басына не салмай- ды, – деді шал арып-ашқан, қалжырап-қажыған жолаушылардың көңілін аулағандай. Қожеке де қостаған сыңай танытты.
- Жалпақ жердің бетіне сыймайтын адамдар да көп екен, қария.
- Жер жебірлердің жемтігі боп тұр ғой...
- Міне, біз де пана таппай түн жамылып жортып жүрміз.
- Иә, адамның тағдыры шиыры шатысқан шытырман ғой.
- Рақмет, ақа! – деп Садық орнынан түрегелді шай ішіп болған соң. – Біздің жолымыз жырақ, жүрелік.
- Мейлі, жолдарың болсын! Мен сендерді көрген жоқпын, сен- дер мені білмейсіңдер!.. Мынаны жолда азық етіңдер...
- Хоп, қам жемеңіз, ақа! – деді Садық қарияның ұсынған нанын алып жатып. Лезде ұзай берді.
Жарқырап ай туып келеді. Сүттей жарық. Түн салқын. Екі жаяу қара жолға маңайламай, жалпақ егістің ара-арасындағы үлкен-кіші арықты жағалай жүрді. Сілелері қатып, түн жарымы ауған мезгілде қалың қурайдың арасына сұлай-сұлай кетті. Содан шекелерін күн қыздырғанда бір-ақ оянды.
Үсті-бастарын кір басқан, киімдері көк сауыс. Қожекенің аяғындағы саптама етігінің жұлығы ақ жоңқаланып түтеленген. Садықтың аяғына ілген шақайының тұмсығы тесіліпті, бас бармағы жылтыңдап шығып тұр. Қожеке пешпетін шешті.
- Өзіміз жуынып, киімімізді қара суға болса да шайып алайық, көрден шыққан кісіге ұқсамай. Көрген елден ұят шығар...
Айдаладағы арықтың суына жуынып-шайынып, түске дейін киімдерін кептірді. Диқан шал берген екі тоқашты суға матырып жеп, жүрек жалғады.
- Көзге шалынбау үшін Құлжаға іңір үйіріле кірейік, – деді Садық күмәнін жасырмай. – Таныс-білісіңіз бар ма еді?
- Бар ғой, ел іші емес пе!
- Сақ болғайсыз, – деп тәптіштей ескертті Садық. Күн еңкейе шапандарын иықтарына салып, қалаға бет алды. Дөңмәлінің іргесіндегі жырадан өте бергенде Іле өзенінің тоғайына бағылатын паданың сиырлары да қайтты. Қалың сиыр тірсектері сыртылдап, шаңды аспанға көтеріп барады. Бұлар да қою шаңды жамылып, қаланың шетіне ілікті. Сай бойының арғы шетіне шыққанда қаланың ішкі қорғаны көрінеді.
- Ал, шырағым, осы арадан айырылысайық, – деді Қожеке бөгеліп, – мен мына сайды құлдап барып, кемені жағалайын. Сол жерде бір танысым бар. Ертең таң ата арғы жағаға өтіп алсам, Жалғыз-ағашқа түстенемін де, қонаға Жалғызсайға жетемін. Одан әрі Сарыбелден ассам, сай-сайы қазақ пен қалмақтың ауылдары. Жан сақтармын...
- Аман жетіңіз еліңізге, Ғожа ақа! – деп қоштасты Садық. Сай ішіндегі суды жағалай жүріп, Іле өзенінің бойына жеткен
Қожеке жардың басындағы ағашты аралап келіп, айналаны тұтас қараңғылық жапқан кезде кеме тоқтайтын иіннің сырт жағындағы жар қабақты кеулеп салған тапал үйдің есігін қақты.
- Бұл қайсың-ей? – деген таныс дауысты естіп:
- Менмін ғой, Дауыт! – деді Қожеке ақырын ғана. Үй иесі есікті ашты да, аңырып қалды.
- Оу, жаяу жүргенің не ?.. Атың қайда?
Танысы қуана қарсы алды. Ас үстінде Қожекенің басынан кешкенін естіген соң:
- Қиын бопты да... Құйрығыңа қоңырау байланыпты, ағайын, – деді өкінгендей басын үсті-үстіне шайқап. Тамақтан кейін қонағының ендігі беталысына көмектесудің қамын ойластырды. – Ізің суығанша, ешкімнің көзіне түспей, осында жасырына тұрсаң қайтеді?
- Маған жалған жала жабылғаны белгілі ғой, ізімді аңдып қуалай қоймас...
- Ендеше сен демал. Мана көрші қорада ертең Қашқарға асатын жолаушылар жатыр деп естіп ем, біліп келейін... Мүмкін, соларға қосылып кетерсің...
- Сенімді біреуді таптың ба? – деп сұрады Қожеке қуана кірген үй иесінен. Дауыт өзінің ойын түсіндірді.
- Сен атын ұрлатып алып, жаяу қалған қазақсың. Жүк артқан есектерді айдайтын екі-үш адамы бар екен. Соларға қосып жіберетін болдым. Ара қонып, үйіңе жетесің.
- Жөні келген іс болды-ау бұл.
Дауыт қонағын таң сарғая өзі сөйлескен адамға ертіп барды. Жиырма-отыз есекке жүк артқан судагерлердің тобына қосқан соң, қош айтысты. Жолаушылар таң ата тараншы кемемен Іле өзенінің арғы бетіне өтті. Қалың есекті айдаған саудагерлер суыт жүрді. Түске таман қарсыдағы қарауытқан таудың етегіне тақау бір бұлақтың басына тоқтады. Сол арада күн еңкейгенше көліктерін шалдырды. Күн бата алқабы кең Жалғызсайдың бел ортасындағы бекетке жетіп қонды. Келесі күні түс әлетінде Сары- бел асуынан асты. Осы жерде Қожеке керуен басымен қоштасты да, тауды сағалап күн шығысқа қарай бұрылды. Жаяу жүріске әбден дағдыланып алған керуеншілерге оның бұл жүрісі таң емес еді... Бірнеше күн бойы Қожеке тау етегін мекендейтін қазақ, қалмақтың жеке-жеке оңаша отырған үйлеріне түнеп жүрді. Тіке ауылыма барсам, Дадай тағы да соңыма түсе ме деп күмәнданды. Бір күні елден шалғайлау, тау ішіндегі қорымда отырған қазақтың үйіне қонды. Үй иесі елгезек жігіт екен, айтқызбай таныды да,
ықыласпен төріне шығарды.
- Айдаладағы Асанбайдың үйіне ешкім іздеп келе қоймас, – деп күлді жай-жапсарды білген соң. Қожекенің көңілі жадырады. Асанбай оны Күреге айдап кеткенің естіген екен. – Бала-шағаға тапсырып қоямын, адам баласына ауыз ашпайды.
- Қой, Асанжан, білініп қалсам, кеселім тиер. Оданда сен біздің үйге хабарла. Торғын бір амалын тауып, қара атты маған жеткізіп берсін.
- Ертең-ақ хабарлайын.
- Абай бол. Мен қашқаннан бері бес-алты күн өтті. Дадай естіген де шығар. Ауылыма аңдушы қойып үлгерген болуы да мүмкін.
- Ол жақта мені танитын ешкім жоқ.
- Онда жоқ іздеген кісі бол да, ауыл шетіне ілінгеннен-ақ көрінгеннен малыңның түр-түсін айтып сұрастыр. Менің үйім оңашалау. Төте барма. Әр үйге тоқтап, жоғыңды сұраған боп барып түс...
Көңілі орныққан Қожеке жүктің үстіндегі домбыраны алды да, термелеп шерте бастады. Маңдайы тершіп, қабағы түйілді. Ыза- кегі сыртына тепті. Бір кезде боздаған дыбыс ызындады да, ыңы- ранып, ащы-зарлы әуенге ұласты. Астан-кестен төңкеріле жүйт- кіген сарын жүректі солқылдатады. Ышқына боздап, күйзелген күңіреніспен тынды. Асанбай да мұңайып, мұртын сипай еміренді.
- Аға, мына күйіңіз тым зарлы екен...
- Іштегі жалын ғой, шырағым, сыртқа шығарған. Осындай күй болмаса, өртеніп өлер едім... Ісім кері кетіп, кесірге айналып тұрған соң, толғана берем.
Домбыра қайта сарнады... Аунақши бұлқынған тасқынды сарын қара бұлт жөңкіп, алай-түлей дауыл соққандай күркірей гулейді. Барған сайын үдеп, таудан құлаған селдей сарқырайды. Жігеріңді қайрап, ұрандап тұрғандай... Асанбай ынтасын сала тыңдады. Кейін бұл күйлерге Қожекенің «Зары», «Кері толғауы» деген атты өзі қойып, үзбей тартып жүрді.
Ертеңіне Қожеке әйелін тосатын тұспалын айтты да, тау асып кетті. Асанбай атын ерттеп «жоқ» іздеуге аттанды. Сәске түс кезінде Жырғалаң жақтан бері асқан кісі боп Қаражонға түсті. Әр жерге бытырай тігілген үйлерге ұрылды. Маңайды бақылады. Жердің беті сары-ала, күздің салқыны бар. Бір төбеден жиналып отырған топтың қарасын көрген соң, қастарына барып, әзілдей амандасты:
- О, жігіттер, армысыңдар?
- Е, жол болсын?
- Мен сияқты жоқ іздеген біреу осындай топқа кезігіп, былай депті:
- Ассалау-мағалайкүм, жиылған топ, Жылқымнан бүгін түнде төрт байтал жоқ. Біреуі сабай мінген сары байтал,
Біреуі іш тастаған кәрі байтал. Бірінің аяғында сылтығы бар, Бірінің маңдайында тыртығы бар.
- Байталдарың қашаған екен, ә? – деп ду күлісті топтағылар.
- Менің де жоқ іздеп жүрген жайым бар. Күрең қасқа тай ілестірген торы байтал көздеріңе түспеді ме?
- Күйшіл ме еді, байталың?
- Сабылтып мінген емеспін, ит біле ме?
- Әй, сен жоқ іздеушіден гөрі әзіл-қалжың іздеушіге ұқсайды екенсің, – деп жігіттер тұс-тұстан түртпектеді. Асанбай да алған бетінен қайтпады.
- Жау шапқан жоқ шығар, жамандатқырларды. Аяқты мал емес пе, қаңғып жүр де бір сайда. Күліп-ойнамай, мылқаумыз ба?
- Ішің пысқан екен, ә?
- Кешке дейін жападан-жалғыз сарылып келемін. Жиналған желді шығарып тастамасам, ішім кеуіп барады.
- Онда қайтарыңда тағы бір соға кет...
- Басқа да бір топ кездесер, соға алмаспын, жігіттер!.. Асанбай атының басын ауылға бұрды. Үй-үйді аралай шарлап, ең соңында Қожекенің үйіне тоқтады. Сыртта жүрген Торғын жолаушының атын ұстады. Үйде бөтен кісі жоқ екен. Асанбай өзінің әдейілеп келген шаруасын ұқтырды да, көп бөгелмей аттанып кетті.
Қожекенің Күредегі абақтыдаң қашқаны туралы хабар жаң- жұңның «құлағы мен көзі» Дадайға да жеткен-ді. Сондықтан ол сақ итше елеңдеді де, өзінің әмірін екі етпейтін бір-екі итаршысына Қожекенің үйін сыртынан бақтырып қойған.
Бұл күні Торғын үйінен аттап шықпады. Келесі күні кешке жақын қара ат пен бір бедеу биені өрістен алып келіп, қораға байлады. Мұны аңдушылар байқап қалды да, Дадайға хабарлады. Жаныққан болыс сенімді адамдарын жинап алды да, әзір отыруға бұйырды.
- Ол қатын екі атты тегін әзірлеген жоқ, ізінен қалмай аң- дыңдар!..
Дадайдың адамдары Торғынның қимылынан көз жазбады. Үйінен бір жаққа шықса, ізіне түсіп, ілесіп отыратын боп келісті. Таң сарғая оянған Торғын торы биені ерттеп мінді де, ерттеулі қара атты жетектеп, Жырғалаң тауына қарай жүріп кетті. Аңдушылардың біреуі қара үзбей соңынан ілесті, біреуі Дадайға шапты. Таң ата Торғын Күреңбел жонының қалың корым тасты бір қойнауына жетіп, ерін тосты. Жер жүзіне жарық түсе бастаған елең-алаңда Қожеке де жетті. Әйелімен шүйіркелесіп біраз тұрды. Сол кезде айналаны қоршай қаптаған салт аттылардың қарасы көрінді. Өргі жағы жалама жартас, етектегілерді бұзып-жарып өтуге шамасы жетпейді. Бұлар атқа мінгенше, қоршау да тарыла түсті. Әкіреңдей арсылдап
Дадай жетті. Қожекенің қолын қыл арқанмен артына қайырып байлаттырды да, ерге таңдырды. Аяғын аттың бауырынан өткізген арқанның ұшымен байлатты. Биедегі Торғынды біреуге жетелетіп қойды. Сол бетімен Күреге тартты. Екеуін де табыс етті. Дадай болыс бір ат, бір биені олжалап, кері қайтты...
Бәйекеден хабар алған Рабат төре Күреге келсе, Қожекенің тағдыры қыл үстінде тұр екен. Абақтыдан қашқаны тағы да кінә боп жамалып, өлім жазасына үкім шығарылған. Сонда да Рабат талап қойып жүріп, Миң шу жаң-жұңның алдына кірді. Түбі шикі, қарадан шыққан жаң-жұң төрені ақ сүйек тұқымы санайтын да, іш жиып жүретін. Оның үстіне жоғарғы хандық тағында отырғандардың төрелер нәсіліне ілтипаты да бар. Рабаттың аты оларға да мәлім. Өз басының амандығын ойлаған жаң-жұң амалсыз қабылдаған.
- Жаң-жұң мырза, – деді Рабат бәйек ұрмай, байсалды қалып- пен. – Ұлы Ежен хан әуетінің әділетті шарапатына нұқсан келмесе, Қожекенің үстінен шығарылған үкімді өзгертуіңізді сұраймын.
- Ол соған лайық қылмыскер. Ел тонаған, абақтыдан қашқан.
- Қожеке қарақшы емес. Ал абақтыдан қашқаны – білместігі.
- Бұл жазаны өзгертуге менің шамам жетпейді, Рабат мырза, – деп сызданды жаң-жұң.
- Жаң-жұң мырза, бір мейірім жасаңыз...
- Үкімге ұлы хан ананың таңбасы басылып койылды... Енді оны ұлы әміршінің өзінен басқа ешкім де өзгерте алмайды...
Түсі қашып, сұрланып кеткен Рабат не істерін білмей қиналды. Сылтауын қарашы арамның. Мені өзіне бас игізбек. Қой, егесемін деп, ушықтырып алмайын. Әлден уақытта жаң-жұңға қадала қарады.
- Жаң-жұң мырза, егер үкім мүлде өзгермейтін болса, маған сеніп, бір-екі күнге кепілдікке беріңіз...
Мұндай тосын талапты жаң-жұң күтпеген еді. Сығырайғаң көзі жыпылықтап, ауызы аңқиды. Соншама батылдыққа қайран.
- Сол қарақшыға сенесіз бе, қашып кетсе қайтесіз? – деп сұра- ды аңырып. Рабаттың өңінен ешқандай құбылыс аңғарылмады.
- Қашпайды, мен оған сенемін!..
- Байқаңыз, Рабат мырза, өзіңіздің абыройыңызға тозаң қонып жүрмесін!..
- Жаң-жұң мырза, мен өзімнің абыройыма ненің, қалай нұқсан келтіретінін білемін.
- Ә, қазақи жолмен тергемек екенсіз ғой, енді түсіндім, – деп өзінше топшылады жан-жұң. Рабат өзі ойламаған бұл орайды пайдаланып қалуға ұйғарды. Бәрібір өлімнен құтқара алмайты-
нына көзі жетті. Бірер күн болса да, жарық дүниенің құшағында жатып, елімен, бала-шағасымен еркін қоштассын...
- Иә, тергеп, қалған сыбайластары болса, ізін ашамын!..
- Бұған мен көндім. Күзетші қосып берейін бе?
- Оның керегі жоқ, кедергі жасайды...
Сол келісіммен Қожеке екі күнге Рабат төреге кепілдікке босатылды. Абақты жақтан екі шерік екі қолтығынан сүйеп, дөңбекше сүйретіп алып келді. Аяғы басуға келмейді. Рабаттың жігіттері көтеріп атқа мінгізді де, жетелеп ала жөнелді. Бұл топтың ішінде Қожекенің ержетіп қалған баласы Нұрқа да бар еді. Сол беттерімен Сарыбұлақ суының бойындағы Саумалбай деген танысының ауылына барып түсті. Аппақ сақалды, қапсағай денелі қарияның бұл жайдан хабары бар секілді, бөлек үй тіктіріп қойыпты.
Рабат қажып-қалжыраған, шежіп жүдеген Қожекені қасына алып, оңаша үйге орналасты. Көңілі ойпаң-тойпаң. Өлімнен арашалай алмағанына бір қайғырса, өлімге бұйырылғанын қалай естіртудің қыбын таппай одан бетер күйінді түтігіп.
- Төре, нағып түсің қашып отыр? – деп қалды жайшылықта жайнаңдап жүретін Рабаттың сұрлана түнергенін байқаған Қожеке.
- Немізге жетісіп қуанамыз...
- Қайғырма!.. Адам тағдырынан аса алмайды. Өзің білесің, маған Еженхан алтын тәйжа беріп, әлпештегенде де аспанға ұшқам жоқ, жер басып жүре бердім. Сыйға сый жасай алма- дым ба, арамыз суыса берді. Бұл күнде жалаға ұрынғанда да, жалбақтап кімнің табанын жаламақпын?..
- Кеш қалғаныма өкінемін...
- Енді мен оңалмаспын. Мына табанның тамырларын көмірдің шоғымен күйдіріп, құрыстырып тастады... Бір домбыра алдыршы, осы азаптың зарын сыртқа шығарып, сендермен қоштасайын...
Рабат кіріп-шығып жүрген жігітіне домбыра тауып келуді тап- сырды да, Нұрқаны әкесінің қасына отырғызды.
- Айналайын, Қожеке, күйіңді естіп сүйсінуші едік. Өзіңді-өзің қинама. Құдай ақырын оңдасын! – деп Саумалбай шал көңілін аулады жақауратып.
- Әй, Сәке-ай, мен үміті өртенген адаммын... Кеудемді ыза- кек кернеп тұр. Одан не пайда өлер шақта. Жұлқыласуым керек еді. Жабылған жала жайына қалар деп сендім. Үмітім ақталмады, өршіп кетті...
– Ашу – дұшпан, ақыл – дос. Сабыр, бауырым, сабыр, – деп, Саумалбай қария басу айтты. Рабат жұмсаған жігіт домбыра алып келіп еді, жамбастап жатқан Қожеке қолын созды:
- Маған бер, шырағым. Табаныма қып-қызыл шоқ басқанда жан ашуы бүкіл денемді сірестіріп тұрып алды. Күйген терінің қоңырсыған иісі қолқаны қапқанда, жүрегім айныған жоқ, ыза мен кек өршіді. Сонда тіпті не болып жатқанын да сезбедім. Сол күйініштің күйігін домбыра үні басар ма екен, өмірлік серігім еді... Қиналғанда жүрегімнің түкпірінде қайсар қысас буырқана қайнады. Соны енді сыртқа шығарайыншы!.. Нұрқа, саған да аталық ақтық өсиетім осы, ұғып қал...
Арқасына биіктеп қойылған сүйеніш жастыққа сүйеніп, аяғын созған қалпы домбыраны бабына келтірді. Пернелерді сыдырта ба- сты да, ышқына сарнаған әуенге ауысты. Гулеген сарын біртіндеп ширыға тулады да, өксіген зарға ұласты. Жүректі сыздатқан күрсініс, өлеусірей ыңыранған күңіреніс, тасқындай бұлқынған ашу-ыза ақ түтек борандай сапырылған екпінге жалғасты. Адам баласына тән қасіреттің үні айқын естілді. Соңғы арыны үдеп, көкейге қайсарлық ұрығын сепкендей. Аяғы ұрандаған айбынды сарынға айналды да, булығып барып тынды. Саумалбай қария қинала теңселді.
- Адамның санасын шайқайды екен мына күйің. Азаптың зар- дабынан туған жан ашуы осы-ақ шығар...
- Адам кектенсе, жанының ауырғанын да сезбейді екен, Сәке. Табаныма көмірдің жалындаған шоғын басқандағы шарасыз ыза бүкіл денемді тастай қатырып тастады. Зорлық пен зомбылыққа өштестім. Шімірікпестен айуандықты өз қолымен істеген қатыгөз адамдарға қаным қайнады. Сол өштігімнің үнін естіртейін...
Қожеке домбыраны қайта сарнатты. Бұл жолы ышқынған зар азап шегіп, қиналғаннан ыңырсыған адамның ықылық атқан ақтық тынысын, үзіліп бара жатып, қимасымен қоштасқан дауысының ызыңын естіртті. Әкесіне жаны езіле қараған Нұрқа шиыршық ата шамырқанады, көзінің бұршақтай сорғалаған жасын іркіп-іркіп алады. Күйге елтіді ме, әлде, бұл Қожекенің ақырғы бұлқынысы болған соң ба, Рабаттың да көзінен жас пар- лады. Зарлы сарын жүректерін езгілегендей үйдегілердің бәрі ботадай боздады. Өліп бара жатқан адамның ақтық арыздасуын естіп, сай-сүйегі сырқыраған сықылды. Ыңыранған күй ызыңдай бәсеңдеп, күрсінгендей шұбалаңдап барып үзілді.
Томсара бас шұлғып, қоғадай теңселген Рабат еңсесін көтерді де, Қожекеге қимастықпен ашына қарады.
- Билік тізгіні өз қолыңда болмаған соң кедергі көп. Тіліңді тістеп, тізеңді соққылағаннан басқа шараң болмайды екен, Қожаш, – деді бірдеңені айтуға аузы бармағандай қиналып. Мұны Қожеке сезді де, есіркей, емірене қарады.
- Рабат, қалқам, сен төре тұқымы едің қазақ баласы аузыңа қараған. Бірақ төрің менікі болатын қашан барсам да...
- Сол төрім қаңырап қалғалы тұр ғой... – деп жылап жіберді Рабат.
- Қой, жылама, бауырым!.. Бірге тумақ болса да, бірге жүрмек жоқ. Жалғыз мен бе екем қазақтың күйшісі?..
- Барымызды қадірлей алмағанымыз не қылған қорлық еді...
- Елде ер аз, ез көп. Ерлеріңді жебей жүр...
Біле ме, білмей ме, екі күннен кейін дарға асылатынын? Әлде дүниеден күдер үзе түңіліп, өлімге біржола тас-түйін бекініп бас игені ме? Қожекенің өңінен үрей, абыржыңқылық, қорқыныш табы сезілмейді. Жанына батқан жараның зардабын ауырсынып, қабақ шытқаны болмаса, сол баяғы сабырлы, табанды қалпы. Рабат не де болса ашып айтып, достық парызын өтеуге бел байлады.
- Қожаш, бар қолымнан келгені осы ғана. Жарық дүниемен, ағайын-туғанмен еркін қоштассын деп, екі күнге зорға алдым кепілге...
- Білем, Рабатым, білем... – деді Қожеке разы болған раймен.
- Ажалдан адам баласы құтыла ма? Құдай бағыңды ашсын!.. Бірнеше күннен бері мен үшін шапқылап жүрсің.
- Сол еңбегім еш кетті ғой... Дарға асуға үкім шығарып қойыпты. Таңба басылған соң жаң-жұң өзгерте алмаймын деп қасарып отыр. Жеткен жеріміз осы...
Қожекенің қабағы қарс жабылды. Үйдегілер шошынып, ыш- қына ішектерін тартты. Нұрқаға қосылып әйелдер сыңсыды. Қоже- ке біразға дейін қозғалмастан үн-түнсіз сілейіп жатып, қиял шекті.
- Өлетінімді өзім де білгенмін, – деді әлден уақытта ешбір үрейсіз, даусын көтеріңкіреп. Қалтырап, қарлыққан белгі жоқ. Сол баяғы байсалды үні. – Олай өлтірмесе де, бәрібір мына түріммен адам қатарына қайта қосыла алмаймын. Текке қиналып, азап шек- кеннен гөрі солай еткені де бір есептен жөн шығар...
- Кеш, досым, құтқару қолымнан келмеді!.. – деп Рабат үні қарлықты да, дірілдеген қолымен көзін сүртті. Іштей ширыққан Қожеке ырғалып-ырғалып қойды. Жан азабын байқатқысы келмесе де, тісі шықырлады.
- Еңіреп жатып өлетін езің мен емеспін. Өкінетінім Дадайда кегім қалып барады... Еңселерің түспесін, жұртым!.. Ақырғы сый- құрметіңе разымын! Көкейіңдегіні ұқтым, Рабатым! Сен де разы бол.. Ал менің ақтық арыздасқаным да, қолымнан келгені де осы. Жанның ышқынысы емес, жүрегімнің зары.
Домбыра сарнай жөнелді. Сан мың жылқының жерді сол- қылдата шапқан дүңкіліндей дүбірлеп, тау-тасты жаңғырта
соққан найзағай дүмпуіндей үдеді. Дауылдата ақтарылған са- рын біраз жүйткігеннен кейін бірте-бірте саябырлап, қайғылы ырғақ ышқынған зармен тоқтады... Жүректерді торлаған мұң жаутаңдаған көздерден жас боп ақтарылды. Жұрт Қожекенің қо- балжымай, ажалды қасқайып тұрып қарсы алуға бел байлағанына таң қалысты...
Қоңыр күз, күн салқын тарта бастаған. Жердің шөбі қурап, ағаштың сары жапырағы төгілген... Уәделі күн өткеннен кейін Ра- бат төре өзі кепіл болған Қожекені жаң-жұн мекемесіне тапсырды да, қадала талап етіп, Торғынды босатып алды...
Дарға асылған Қожекенің сүйегін иелік етушілерге келесі күні түске таман қорғанның сыртына шығарып берді. Саумалбай шал бастаған Сарыбұлақ елінің кәрі-жасы, Рабаттың жолдас-жорасы Қожекенің сүйегін аялап жуып, Күренің солтүстігіндегі Әтікей шоқысының қапталын шая жылып ағатын Жанбұлақтың етегіндегі зиратқа арулап жерледі...
- Міне, Әсетжан, біздің ортамызда өскен, кеудесінің оты бар өнерлі адамдарымыздың көрген күні, – деді Маздақ қамыға қайғырып. Оның сөзін тыңдай отырып, терең ой құшағына шомған Әсет те қосыла күрсінді.
- Ой, тағдыр-ай!..
Сол толғаныспен екеуі де мұңға батты. Көпке дейін үн қатыспады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter