03.01.2022
  417


Автор: Құрманбай Толыбаев

ҚҰЛЖАДАҒЫ КӨРІНІСТЕР

Түс ауа Талқы кезеңінен асқан қос салт атты екі қапталында көкөрім жасыл қарағайы сыңсыған, ақ жал өзені сарқыраған терең


сайды құлдап келеді. Иір-қиыр, ойқы-шойқы тар жолдың үстінен егіз ат, кейде үш-төрт атты тізбектей жеккен екі дөңгелекті арба- лар ұшырасады. Үстіне жүкті үйіп тиеген. Салт аттылар бөгелген жоқ. Жалпақ беткейді жапқан сым қарағайлар сыңси теңселеді. Еш жерге аялдамады. Күн еңкейе Кеңсай аңғарының аузындағы жазыққа ілінді. Тау сілемі сол арадан төмен қарай жаймаланып, одан әрі жазық далаға айналады екен. Оң жақтағы адырлардың үсті ойдым-ойдым егіс. Кей тақтасы сұйық жағылған жасыл бояу секілді. Кей тұсы бұйра шалғындай жайқалады. Алыстан қыстақтардың сорайған ұзын ағаштары қарауытады. Жазықтан


 


қазақ үйлері көрінбейді. Айналасына қызықтай көз жіберген Әсет әлден уақытта Қадыриханға бұрылды.



  • Енді қалай жүреміз?

  • Анау сол қол жақтағы шолақ тұмсықты Кетпентөбе дейді. Соның арғы асты – Шыбық шаншыған. Шет-Сарбұлақ аталады. Ел әлі қозғала қоймаған шығар. Бүгін сол маңға ат шалдырайық. Әлі де сілемі үзілмеген сайды құлдилап кеп, аузына шыққан соң, сол жақтағы Кетпентөбеге қарай ойысты. Жотаға шыға кел- генде төбенің арғы астындағы кең жазық көлбеп жатты. Арғы шеті белес-белес қоңыр жон. Соның етегін жуып үлкен су ағады екен. Кеңсайдың шығыс қанатындағы тау жоталары тізбектеле жалғасып, бір қиырға созылады. Адырлардың ара-арасында шо- ғыр-шоғыр боз үйлер. Қадырихан атының басын солай бағыттады.

  • Әзірше жолшыбай көп бөгелмейік, – деп ескертті Әсет сауық құмар серігіне. – Қонған ауылымызға жолаушы боп түсейік.


Қадырихан әзілдей күлді:



  • Әндете жүріп жетпейміз бе Құлжаға?

  • Ән салсақ, аялдауымыз ұзаққа созылады.

  • Несі бар, бізді біреу қуып келе ме?

  • Қазір – жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілгелі тұрған кезі. Ел қыстың қысымынан әлі жадырай қойған жоқ. Сәнің кіре қоймас. Сондықтан алдымен Құлжаға жетейік. Сипат-сиқын қызықтайық. Сондағы жұртпен дидарласып, танысқан соң, қырға шығармыз.

  • Құлжа өзіңіз көрген Алматыға ұқсамайды.

  • Әр жердің өзіне тән келбеті болады. Көрмегеніңді көрудің өзі ғанибет. Оған дейін ел жайлауға көшіп болып, көңілдері тын- шысын.


Әсеттің алдына шығып көрмеген Қадырихан ырқына үнсіз көнді. Аздан кейін жебей сөйледі.



  • Мейлі ендеше, Құлжаға дейін тынығып барыңыз. Не бір саңлақтарға кезігесіз, ащы теріңізді сонда төгерсіз.

  • Қаладан бізге серік болар ақын, әнші табыла қоймас, өз күшімізге сенеміз де.

  • Табылады. Жетісудың Дәшет деген бір перісі бар. Аузын ашса – жыры суша сорғалайды.


Бұл өңірді Қадырихан бір-екі дүркін шарлап үлгерген. Жер жағдайын да, қалада кімнің бар, кімнің жоғын да әжептәуір біледі. Серігінің сөзі Әсеттің көңілін жадыратты. Жетісудың атын естігенде жүрегі тулап, денесі шымырлады. Кеудесін сағыныштың ыстық лебі кернеді. Сол жерден қанат қаққан жас түлектің төрдегі Құлжаның аспанында шарықтай самғағанына сүйсінді. Алатау қырандарының өзін қастерлеп, төбелеріне көтеретініне сенді.


 


Кетпентөбенің арғы астындағы жазықтың жырым-жырасына екіден-үштен үй қонған. Шет-Сарбұлақ жазығында төлдерінің еркін аяқтануын күткен түрлері бар. Қос салт атты Кетпентөбеден асып түсті де, Сарыбұлақ суын иектеген жайпақ өзектегі ауылдың иттерін абалатып, шеткі үлкен боз үйге бұрылды. Иттен сескенген аттар жан-жағына жалт-жұлт қарап, аяқтарын нығай басып көп тоқтады.


Ауыл маңы ызы-шу. Бала-шаға, еркек-әйел жабыла қозы теліп жүр. Есік алдында сеңсең ішік жамылған, басына жайылма етек елтірі тымақ киген, ұзын ақ сақалы омырауын жапқан қария тұр. Жолаушылар ізетпен сәлем берді.



  • У, шырақтарым, түсіңдер, – деді қария барлай қарап. – Бай- қаймын, түрлерің алыстан келе жатқанға ұқсайды, жол болсын?

  • Арасанның бергі жағындағы Ортақсарының етегінен шығып ек, – деді Қадырихан жөндерін айтып. – Құлжаға бара жатырмыз.

  • Түу, жүрістерің суыт қой тым. Ортақсарыдан бүгін шық- тыңдар ма?

  • Иә, мана таңертең шай ішіп, Сорбұлақтан атқа қонғамыз.

  • Аттарың жарау көрінеді, ертең түс қайта Құлжаға да же- тесіңдер. Құдайы қонақ – құт. Бүгін осында ат тынықтырыңдар. Бұл ауылды ел Оразбай ауылы дейді. Сол Оразбайың – менмін. Мал қыстатып, аң аулап, сендердің Ортақсарыларыңның жы- ра-жымын талай аралағанмын... Жарықтықтың қарақұйрығы жыртылып айырылатын-ды. Күн шығысындағы Шөладыр жазығының бетінде қыста да қары жатпайды. Не деген жайлы жер десеңші. Күні адайдай еріп тұратын... Аттарыңды байлап, айылдарын босатып қойыңдар. Дәм айдаған қонақтың бұйырған дәмін татқаны сауап болады...


Сөйлесуге адам таппай, әбден жалғызсыраған кісі-ау шамасы деп топшылады Әсет. Өткен-кеткенін құштарлана еске түсіруіне қарағанда, жасында едәуір серілік құрған түрі бар. Одан бетер қыздыра түспек оймен:



  • Ол жаққа бармағаныңызға көп болды ма? – деп сұрады өзі де қызыққандай.

  • Жасым жетпіс беске келді, шырағым, – деді қария қоңыр даусын бір қалыптан өзгертпей. – Соның қырық жылының қысын сол маңда өткіздім.

  • Тәуір-ақ сайрандаған екенсіз-ау, аға, – деп күлді Қадырихан таңданыспен.

  • Қай бір сайран дейсің оны, шырағым. Малдың өрісін қуалай барған түріміз да. Ол кезде жер кең, өріс мол еді. Қазіргідей шөп


 


те шаппай, иен далаға жайып жүре беретінбіз, бұл күнде шөпті уыстап малдың аузына ұстаймыз. Қораға қамай-қамай үйкүшік қып жібердік әбден. Содан ба, суыққа төзбейді. Маңдайына жел тисе, бүрісіп тұрады да, қылжия кетеді... Оу, сендерді сыртта көп ұстап қалыппын-ау. Көз байланып барады, үйге кіріңдер!.. Жолаушылар қарияның соңынан ерді. Малдың шұрқыраған шуылы да саябырлап барып тынды. Қой-қозы табысып болған сияқты. Үй ішіне шам жағылыпты. Үй ортасындағы от орнының үстіне қойылған үш сирақты ошаққа қазан асылған. Көк сәтен көйлегі шұбатылған ұзын бойлы ашаң кемпір түрегелді де, ығыса шеттеп, сәлем беріп кірген кісілерге жол босатты. Әсет пен Қадырихан жүк алдына салынған көрпенің үстіне барып жайғасты. Төрдегі жүкаяққа көлденеңінен тізілген теңдерді ба- стыра көрпе-жастық жиналған. Үйдің жасауы сәнді, көші-қонға


әзірліктері де сезіліп тұр.



  • Осы арадан жайлауға бір-ақ көшесіздер ме? – деп сөз қозғады Әсет сәл үнсіздікті бұзып.

  • Жылжи-жылжи барамыз. Алдағы аптаның аяғына таман Көпірлі суының басындағы орта жайлауға шығамыз.

  • Үлкен жайлауларыңыз қашық па?

  • Орта жайлаудан әрі бір көштік жер, Айқайжалдан ассақ, арғы бетіндегі текше.

  • Пәлендей алыс та емес екен...


Көрмеген жердің ой-шұңқыры көп. Әсет көші-қон ыңғайына қарай мөлшермен айтқаны болмаса, әрі қарай тәптіштемеді... Сәлем беріп толықша ақ сұр жігіт кіріп, от басының оң жағына жайғасты.



  • Малды табыстырып болдыңдар ма? – деді қария жігітке. Оның жауабын тоспастан меймандарға өзі таныстырды. – Бұл менің Дәулетбақ деген кенжем.

  • Үлкен үйдің иесі деңіз, бақытты болсын! – деп Әсет қа- рияның меселін өсірді.


Талдырмаш келіншек иіліп сәлем жасады. Үн-түнсіз жүріп, жез леген мен мыс құманды әкеліп жігітке тақау қойды да, босаға жақтағы керегенің басынан сүлгі алып берді.


Кемпір қазанды сабы ұзын ағаш ожаумен құлаштай сапырып отырған. Қақпағын қиғаштай жауып, бір шетін ашық қалдырды да, ожауды үстіне қоя салды. Жігіт түрегеліп, қонақтардың қолына су құйды.


Ұзақ ішілген шайдан кейін де әңгіме бірталайға созылды. Ораз- бай қария аңшылық, жүйрік ат, қыран бүркіт жайында көсіле, есіле сөйледі. Ел жата ас келді.


 



  • Мал арық, көңіл семіз, меймандар, – деді қария жағдай ай- тып, – Барымен базармыз әзірше. Осыған разы болыңдар, мал соя алмадық.

  • Пейіліңізге рақмет, қария! – деп, Әсет ықыласын білдірді. Қойдың қою айраны қатылған ақ сорпа ішіліп біткенше түн ор-


тасы да жақындады. Оразбай қарияның өзі бастап сыртқа шыққан соң, Қадырихан екі аттың ер-тоқымын алып, үйдің іргесіне жинап қойды да, аттарды шідерлеп отқа жіберді. Әлден уақытта Оразбай қария мәнерлеп:



  • Ал жігіттер, бір келіншек ұзақ отырған қонақтарға: «Жат деген атамыздың аты, тырай қонақ, тырай» деген екен, – деп біраз күліп алды. – Енді жататын да мезгіл жетті білем. Балалар төсек салып қойған шығар, үйге кіріңдер!


Келесі таңда елден бұрын Әсет оянды. Сыбдырсыз киінді де, далаға шығып, сарылы төңіректі жаңғыртқан Сарыбұлақ суының бойына барды. Ақ көбік атқан көк қасқа өзеннің суы мөп-мөлдір. Түбіндегі тастарына дейін көрінеді. Сырт киімін шешіп тастап, асықпай жуынып-шайынды. Күн шыққанша су бойындағы дөңгелек жасыл алқапты аралап жүрді. Қайтып оралса, аттары ерттеулі әзір тұр. Оразбай мен Қадырихан есік алдындағы жуан дөңбектің үстінде қатар отыр. Әсетті көрген соң қария өкінішін айтты:



  • Алжығаннан ақыл сұрама дегендей, сегіз ұлым сегіз үй боп отау тіксе де, сендердің аты-жөндеріңді ұғып қалуды ойламаппын. Ақыл жастан шығады... Ат әкелуге бара жатып Дәулетбақ жөн сұрапты да, мына Қадыриханнан жай-жапсарыңды біліп алып- ты, Әсетжан. Ұятқа қалған жайым бар. Жетілген мал жоқ. Бір малдың басына бата қылатын-ақ азамат екенсің. Бүгін де еруле. Қасымыздағы Сүйдіннің базарынан мал алдырайын.

  • Ореке, аманшылық болса, сізді жайлауыңызға өзім іздеп барамын. Ықыласыңызға разымыз!

  • Кел, шырағым, құшағымыз ашық. Төбемізге көтереміз...

  • Барамыз, Ореке, барамыз!..

  • Көндім онда, жайлаудан тосамын...


Әсеттер Оразбай ауылынан сәске әлетінде аттанды. Сарыбұлақ суынан өтті де, қарсы беттегі дөңді өрлеп барып, Рахаттың Қарасуына қарай асты. Ұзын сайды құлдап біраз жүрді. Одан әрі сол жақтағы Түйемойнақ кезеңін басып, Тамшыбұлақтың басына жеткенде сәл аялдады. Онан кейін Әтікей шоқысының жалпақ баурайындағы қасқа жолды өрлеп, Хангүл көмір кеніне апаратын жолға түсті. Оң жақтағы найзадай шаншылған шошақ шоқының төбесінен оқтын-оқтын көк түтін будақтайды.


 



  • Анау шоқы өртеніп жатыр ма? – деп сұрады Әсет қадала қарап.


Қадырихан бұл жер жайында естігенін айтты.



  • Шоқының ұшар басында жер астынан жалын атқылап, бу шашып тұратын отты кеуек бар көрінеді. Анда-санда бұрқыраған түтін де атқылайды екен.

  • Жанартау болды ғой онда?

  • Е-е, кім білсін. Арғы астындағы жазықта бір кезде осы Іле өңірінің орталығы атанған Күре қалашығы бар. Айналасы биік дуалмен қоршалған қорған. Жоңғарларды талқандағаннан кейін қытай әскерлері салыпты. Одан бергі заманда қазақтың Әтікей және Нұржекей деген екі батыры мына шоқының басын мекендепті. Манжу әскерлерін төбесінен бақылап отырады екен де, қорғаннан шықса, тұра шауып, адым аттаттырмай қойыпты. Амалы құрыған Іле жаңжұңы ақырында бұлардың соңына қазақтың өз ішіндегі құлқын құмарларды салыпты. Ат-шапан, жалған атақ беріп, ізін аңдытыпты. Бір күні екі батырдың Қорғас маңындағы оңаша ауылда қамсыз жатқан жерінен хабар алады. Білдірмей барып, бас салып ұстайды да, Күреге әкеліп кескілеп өлтіреді. Іле халқы шоқыны күні бүгінге дейін Әтікей шоқысы деп атайды. Менің елден естігенім осы. Әсет үндемеді. Ала көзі қанталай шатынап, алысқа қадалды да, іштей толғанды. Қашан болса да, ел өзінің ішінен шыққан шұбар жыландарынан қасірет шегеді. Ерлері қазаға ұшырайды. Өзінің жері мен елін қорғаған адам сол сатқындардың қолы жеткен шенінің құрбаны боп, жау қолынан өледі. Басқыншы мен ұрының айырмасы не? Біреуі күшпен елді тонап, жерді тартып алады. Ұры көрсетпей жымқырады. Зорлықшылдар есіктен кіріп, төр менікі деп, өз үйіңнен өзіңді қуып шығады. Сол қорлыққа төзбей қарсыласқан ерлерді қалай ғана ұмытарсың!.. Ал зорлықшылдардың әлгі итар- шыларына қарғысымыз өтпей-ақ келеді. Тілегіміз қабыл болмай- ақ қойды-ау... Сол батырларды жауы қорлап, өзінің халқына қас деп жариялайды да, басын кеседі. Күш те жауыздыққа қызмет ете ме? О, тоба, аңқау елді арамзалардың алдауы да оп-оңай екен-ау... Қаншама боздақтардың қаны босқа төгілді десеңші!.. Жаулап алған басқыншы бағынышты халыққа қандай жақсылық жасамақ? Өзінің қолын өзі кескен сорлы қазақ-ай...

  • Маңдайымыздың соры арылмаған халықпыз ғой, – деп күрсінді Әсет әлден уақытта. Қадырихан өз күйлеріне мұңайды.

  • Азып-тозып жүргеніміз де соның кесірі болар... Одан әрі екеуі де үнсіз ілбіді. Әтікей шоқысының Хангүл көмір кеніне қараған бетінен төмен еңістегенде, Әсет ойдағы ұзындау тапал дөңнің үстіндегі ығы-жығы төбешіктерді көріп:


 



  • Анау не? – деп сұрады аңырып Қадыриханнан.

  • Сол жердің астынан көмір қазылады. Жүріңіз, мәнтісіне бір тойып алып, әрі кетейік.

  • Болсын, оны да көрелік.


Жалғыз аяқ соқпақпен төтелей құлдилаған аттылар мыжырай- ған аласа үйлердің өкпе тұсынан түсті. Ретсіз, көшесіз салынған үйлер шашылған тарыдай быт-шыт. Ары-бері өткен адамдардың бет-ауызы қап-қара күйе. Қара тышқанның көзіндей қос жанар- лары ғана жылтырайды. Есік-терезелері алаң-ашық, төбесін ыс басқан бір үйшіктің алдына тоқтаған Қадырихан:



  • Осы арадан манты жейік, – деп аттан түсті. Әсет те бір тіреуге атын байлап, соңынан ілесті. Тар бөлменің іші қара көлеңке. Іргеге тақап орнатқан тақтай үстелдің үсті баттасқан кір. Майға жабысқан топырақ сірнелене қатқан.

  • Қандай тамақ жейсіздер? – деп жалаң төс, бет-аузын шаң басқан қара жігіт қастарына келді. Оған қарап жатқан Қадырихан жоқ, өз талабын айтты:

  • Манты әкеліңіз.

  • Қаншауын?

  • Бесеуі баста да шүкір, – деді Әсет жеркенгенін жасырып.

  • Он манты беріңіз!..


Жігіт буы бұрқырап, сақырлай қайнап тұрған қазанның қасына барды да, қақпағын ашты. Саудасына басқа жұртты да қызықтырғысы келгендей жайпақ ағаш табаққа:



  • Бір манты, екі манты... – деп өңешін соза айқайлап сала бастады. Онға дейін толық санаған жоқ. Бестен кейін сөзін кілт өзгертті. – Буға піскен манты. Майы шылқып тұр. Жеген де ар- манда, жемеген де арманда. Құры қалмаңдар!..


Таңырқай құлақ тосқан Әсет мырс етіп күліп жіберді:



  • Мынауың тамағын да әндетіп, мадақтап сатады екен...

  • Қалай да бұлдап өткізудің амалы да... Айқай-шудың көкесін Құлжадан естисіз әлі.


Тамақтанып алған соң, арғы сайға түсті. Топырағы қопсыған арба жолды жағалай жүріп, жазыққа шықты да, солға бұрылды. Күн шығысты бетке алып, тіке тартты. Әлден уақытта су орған терең жарға салынған көпірден етіп, Баяндай қыстағына кірді. Жолдың сол жағы – қалың бейіт. Оң жағы – тұтас ұзын дуал. Әр жерден қақпа көрінеді. Кей қақпаның маңы қалың қара ағаш. Қыстақтың арғы шеті көлденеңдей аққан суға тіреледі. Сол жағы – тақыр дөңес. Оң жағы – көкпеңбек егіс. Қарсы бетте биіктігі бес- алты метрдей балшық қорған көрінеді. Қақпасы жолға қараған. Қорғанның күн шығыс шеті жалпақ саз.


 


Қаланың шетіне ілікті. Қарсы алдыларынан үш қақпа кездесті.


Екі шеткісі тарлау, ортаңғысы кең.



  • Анау не, күзетші тұра ма? – деп сұрады Әсет таңырқап.

  • Бұрын күзетші тұрған ба, кім білсін. Қазір ештеңе жоқ.


Қаланың сәні сияқты әншейін.



  • Сән үшін ғана жасалмаған болар.

  • Естуімше, бір кезде осы қақпадан мал айдап, жүк артып өткендерден бажы алған екен...

  • Е, бәсе, сондай бірдеңесі бар шығар... Ал бүгін қайда түсеміз?

  • Дәшет ақынның үйіне барайық.


Үш қақпадан әрі өткен соң, жіңішкелеу шұңғыл сайдағы көпірге жетті. Көше оңға қарай қиыстай иілген. Шаңы будақтайды. Сол жақта жалпақ сұр қақпа тұр. Екі босағасында аузын ырситып, тісін ақситып, тастан қашаған екі арыстан биіктеу тұғырдың үстінде шоқиып отыр. Қақпаның екі шетінде сұрғылт қиімді екі шерік күзетте тұр. Кіріп-шығып жатқан адам жоқ. Әсет солай мойын бұрып қарады да:



  • Бұл жерде не бар? – деп сұрады Қадыриханнан.

  • Сылың бу12 дейді екен. Осы елді билейтін әкімі тұратын көрінеді. Шамасы, біздің генерал-губернатор дейтінімізге тұспал келетін тәрізді.


Әсет үндемеді. Әрі өткен соң көше оңға таман әжептәуір доғалана иіліп барып, оңтүстікке тура созылды. Екі жиегі балшықтан соғылған биік дуал. Келесі үлкен көшенің қиы- лысындағы Байтолла медресесінің мұнарасынан мәзіннің ақшам намазына шақырған азаны естіледі. Осы тұста дүкен көп, ығы- жығы халық. Көшенің шаңы қаптаған ақ тұмандай.


Келесі көшенің қиылысындағы көлденеңдей аққан үлкен қара суға жеткеннен кейін Қадырихан аттының басын оңға бұрып, арықты жағалай аяңдады. Судың бойы, көше жиегі қаз-қатар ағаш. Жүргіншілер аз. Шеттеген сайын үйлер сирей берді. Кейбір ауланың сыртқы соқпасы мұжылып, аласарып кеткен. Сондай аласа дуалды, қақпаның орнына орнатылған қашаның алдына тоқтады. Ауланың екі қапталынан жеке-жеке салынған екі-үш үй көрінеді. Қадырихан аттан түсіп, қашаның көлденең қойылған сырықтарының бір басын діңгектердің тесігінен шығарды. Сол жерден атын жетелеп ішке кірді. Әсет тебініп еді, аты қисайып жатқан шанжадан секіріп өтті. Сол жақ қапталдағы үйге жап-












 
  

 


12 Сылың бу – губернатор мекемесі.


 


сарластыра ашық қора салыныпты. Төбесін қамыспен жапқан, Қадырихан екі атты сол қораның астына апарып байлады.


Ашық тұрған есіктен кеудесі кеңдеу қызыл шыт көйлек киген тобылғы торы келіншек басын қылт еткізді де, қайта бұқты. Аз- дан кейін орта бойлы, толықша ақ сары жігіт шықты. Ұйқыдан оянғандікі ме, көзінің еті домбығыңқы. Үстінде ақ жейде, ақ дамбал. Қонақтарға қарады да, елпелектей ұшты.



  • Салаумәликім, Қадаға!.. – деп, жетіп келіп, Қадыриханды қапсыра құшақтай алды.

  • Амансың ба, Дөкеш?.. – деп, Қадырихан арқасынан еркелете қағып, қасындағы кісіге бұрылды. – Мына кісі өзіңнің сыртынан шөлдеп жүрген Әсет ағаң!

  • О, тәубе, атына аруақтай табынған ағамызды көзбен көретін де күн туады екен-ау... – деп, екі беті албыраған күйі Әсетке тақады. – Келіңізші, ағатай, төсіңізге төсімді тигізіп, құмардан бір шығайын!..


Әсет құшағын ашты да, балаша арсалаңдаған Дәшетпен үш рет төс қағыстырып көрісті.



  • Көп жаса, бауырым, – деді Әсет құшағын жазған соң. – Көрмесем де, атыңа қанықпын...

  • Жабығып жүргенде жайсаңдарымның келе қалғаны қандай жақсы болды. Басымды шалған мұңымды төңкеріп тастады-ау! Қане, Әсаға, үйге жүріңіз. Құтты қадамыңыз табалдырығымнан аттасын, абыройым артар...


Жалт-жұлт еткен жез самауырынды көтеріп шыққан келіншек:



  • Есенсіздер ме? – деп иіле амандасты да, шай қамына кірісті... Өткен жазда Қадырихан осы үйде бір ай жатып, Әсеттің әнін,


өлеңдерін көп айтқан.


Дәшет қораға қарай бұрылып, қанжығадағы бөктерілген киім- кешекті шешіп алып келді.



  • Үйге кіріңіз, Әсаға...


Киімдерін шешін жеңілденген жолаушылар сыртқа қайта шығып, суық сумен жуынды. Денелерін сергітіп алған соң еркін көсіліп отырысты. Жұпыны екі ауызды үй мұнтаздай таза. Текеметтің үстіне қызыл ала құрақ көрпе салынған. Қоңыр салқын.



  • Қырғызбай мен Саймасайдың үй-іші аман ба? – деп, Қадырихан өзі білетін кіселердің жай-күйін сұрады.

  • Бәрі аман. Өзіңіз көргендей, баяғы мал базарын айналшықтап жүр...

  • Сондағы істейтін кәсібі не? – деп сұрады Әсет қызықтап.


 



  • Бұл дүниеде қисыны қабыспайтын іс болмайды екен ғой, Әсаға, – деді Дәшет басын шайқап. – Мал сататын базарда «бе- дек» деген кәсіп бар. Қырдан келген қазақтар малын өзі саудалай алмайды, базар нарқын білмейді. Сондықтан шұбыртқан малын әлгі бедектерге өткізеді. Олар саудалап сатып береді де, ақысын алады. Тілді, сөзді, алпың-жылпың пысық жігіттердің көбі соны кәсіп қып жүр.

  • Ашық ауыз аңқауларды алдап соғатын қулардан арашалауға септері тие ме?

  • Обалы қане, малды бағасымен сатады, ақысын жібермейді.

  • Өзі саудаласа алмайтын қазаққа сондай қолқабыс керек қой.

  • Оның да ептілер істей алады... Жігіттер мені де салып көріп еді, оңдырмадым. Біреумен салғыласып тұрудың өзі ұят екен. Аш- тан өлмейін деп, бейнемге егін егіп, жинап аламын да, монтиып жүре беремін. Тау-таудың етегіне егілген астық бейнем аталады. Суарылмайды. Арасына арам шөп те көп шықпайды. Көктемде тұқымын сеуіп тастап, күзде орып, жинап аламыз. Ойдағы жердің бәрі суармалы. Түгел иесі бар. Оған кимелеп кіретін жігі жоқ.


Әсет жол бойы қыр-қыраттағы егілген астықты көрген. Жота жонның бәрі астық. Бейнемі сол болды ғой. Парсы тілі қайдан сіңіп жүр? Бұл дымқылсыз, сусыз деген мағына береді. Демек, сусыз жерге егілген астық дегені ғой. Адамның рыздығы да әр қилы-ау... Бұл күні Айша қонақтарды ащы-тұщысы мол дәмді лағманмен,


маңызды мантымен сыйлады.



  • Бағанағың қанша айқайлап, мадақтаса да мантыны келіндей келістіріп жасай алмайды екен, – деді Әсет бірдеңе есіне түекендей мырс етіп. Сол аспаз үшін Қадырихан ақталды:

  • Ол сату үшін жасағаны емес пе?

  • Сатылатын зат сапасыз болуға тиіс пе екен?

  • Кім білсін, қолынан келгені де сол шығар...

  • Мен сол қолдан келетінді айтамын.

  • Әсаға, таңертең мал базарына барып, ту қой әкеліп соямын, – деді Дәшет қонағының көңілін аулап. – Бүгін осы жеңіл тағаммен тынығыңыздар.

  • Мына тамақ қойыңның етінен кем емес.

  • Алыстан ат арытып Әсет ағамыз келгенде бір қой сойып, Құлжаны думандатпай не көрініпті сонша! – деп желпінді қолы ашық, жомарт жігіт.


Ән салынбады, өлең айтылмады. Ұзақ жолдан келген кісілерге Дәшет тыныштық тіледі.


Келесі күні Дәшет пен Қадырихан жеңіл киіндіріп Әсетті мал базарына ертіп апарды. Ұзынға созылған биік қорған дуалының


 


қарсы алдындағы алаң құж-құж қайнаған халық. Иықтарына тігілген дайын киімдерді іліп алған, қолдарына бәкі-пышақ ұстаған адамдар, жалпақ тақтайдың бетіне ине-жіп, айна тарағын жайып, төрт бұрышынан байлаған жіпті мойнына асып алған бақалшылар сеңдей соғылысады. Алушыдан сатушы көп сияқты. Алаңның бір шетіне жылқы-сиыр қаз-қатар тізілген, қой қосақталған. Арба-арба шөп, өгіз бен атқа артқан қурай. Заттарын мадақтап айқайлаған сатушылардың даусы жамыраған қозы сықылды, ызу-шу... Қаптаған қайыршы. Қолдарын жайып, садақа тілейді. Мал база- рына келгенде қосақталған қойлардың қасында тұрған ұзын бойлы қызыл шырайлы жігіт Қадыриханмен құшақтаса кетті. Дәшет алгі жігітке шұқшия қарады.



  • Әй, Қырғызбай, маған бір ту қой таңдап бер. Әсет ағам келіп қалған екен, той жасаймын!

  • Салау-маликүм! – деді Қырғызбай, бейтаныс кісінің Әсет екенін енді біліп. – Көксеп жүрген ағамызды көруге нәсіп еткен Құдайға рақмет!.. Бұл бәрімізге ортақ той. Қойды қайтесің, тай соямыз!


Базарды басына көтеріп, айқайлады.



  • Әй, Саймасай, бері келші!..


Ұзын ағаш кермеге байланған жылқы жақтан қою мұртты шой қара сытылып шығып, Қадыриханды көрді де, жебей басып жетті.



  • Оу, Қадаға, мал-бас аман ба? – деп құшақтап көрісті. Қырғызбай мұртты қараны иығынан тартып, Әсет жаққа мой-


нын бұрғызды.



  • Алдымен былай қара. Мына кісі Жетісудың жарық жұлдызы Әсет ағамыз, сәлемдес!

  • Келіңізші, ағатай, мейірім қанғанша иіскейін! – деп, құшағын жая ұмтылды. Екеуінің білегі айқасты. Саймасай аңқылдай ақтарылды. – Аспанымыз кеңитін болды, Әсаға! Шулы қаладан сұңқылдаған дауысты естігенде арқыраған даланың әнін аңсап, жүрегім қақ айырылушы еді. Хош келдіңіз! Біз де сән-салтанаты бар ел екенімізді танытайықшы бір!..

  • Әй, сен тыңдашы, – деді Қырғызбай қақпайлап. – Мына Дәшеттің қылығына менің бетім күйіп тұр. Қой соймақ. Жетісудың ақ иығы Әсет ағамыз келгенде аянатын не бар... Осында аш- жалаңаш қашып келгенде де өлгеміз жоқ. Жарлының бір тойғаны – шала байығаны. Өзіміз тапқан малдың қызығын өзіміз көрелік. Бір тайды таңдап алып кел!..

  • Сен жөн біледі екенсің-ау, жуан басым, – деп қарқ – қарқ күлді Саймасай ұзын сирақты арқадан қағып. Жігіттердің әзілі


 


біріне-бірі еркелегендей жарасып тұр. Жайраңдаған осы түрлері арқылы көңілдерінің кірін шайып жүрген сықылды. Жылқы жаққа кеткен Саймасай әлден уақытта бүйректей жұп-жұмыр буырыл қасқа тайды жұлқынта жетелеп қайта оралды.


Әсет мырс-мырс күлді. Базардағы саудаға қолданатын ақпа сөзді әзілдеріне араластырып алған.



  • Малды да осылай мадақтап сатасыңдар ма?

  • Әсаға, біздікі желікпенің делебесін қоздыратын жел сөз ғой, – деп, Қырғызбай тайдың жібін Дәшетке ұстатты.

  • Әсағаңның батасын ал да, жәукемдей бер. Түс қайта қыз- келіншек, жігіт-желеңді жинап біз де барамыз.


Дәшеттің үйі онша қашық емес еді. Аулаға кірген соң тайды қораның бір тіреуіне байлады да, Дәшет пен Қадырихан үйге кіріп, киімдерін шешті. Жеңдерін сыбана сайланып қайта шықты. Көлденең тартылған буырыл қасқа тайға Әсет бата жасады... Тайдың терісі сылынып боп, іші жарылған мезетте талдырмаш келіншекті ілестіріп, етжеңді, толықша қара торы әйел аулаға кірді. Есік алдындағы көлеңкеде отырған Әсетке екеуі де иіліп сәлем жасады. Ақын алғыс айтты.



  • Көп жасаңдар, қарақтарым!..


Ибалы келіншектердің ізеті Әсеттің жүрегіне қуаныш се- беледі. Өзін қадірлеген ортаның қошаметі жанын жадыратты. Елімнің ер көңіл азаматтарының арқасында шалқып келемін. Тосырқайтын адам жоқ. Ата мекенінен айырылып, азып-тозып жүргендеріне қарамастан ауыздарынан жырып, тай сойғаны мынау. Қой десең, көңілдеріне дақ түседі. Қазақтың салты. Үш жігіттің жомарттығы – қонағын Құдайдай сыйлайтын елдің салты. Жегеніме емес, жебегендеріне разымын!.. Арқам кеңіп, алдым ашылып қалмады ма!..


Түс қайта Қырғызбай мен Саймасай текеметке оралған екі кілем өңгере келді. Екі келіншек барып түсіріп алды да, үйге кіргізіп, еденге түгел жайып салды. Он жеті – он сегіз жас шамасындағы уыздай ұяң жігітті Саймасай аттан сүйемелдеп түсірді де, атарды өзі апарып қораның астына байлады. Қайта оралып кеп, домбыра ұстаған аққұба бозбаланы жетелеп келді.



  • Әсағаңа сәлем бер, Әбіш, – деді еркелетіп. Екі көзін ақ шел басқан бозбала именшектене сәлем берді. Әсет іштей аяп, жүрегі елжіреді, ықыласын ашық дауыспен айтты:

  • Бақытты бол, балам!


Жігіт тұқырып, сөзге құлағын ғана тосады. Қаны аз, үлбіреген өңі бозғылттау. Саусақтары нәзік, білегі жіңішке. Саймасай жөнін ұқтырып жатыр.


 



  • Әсаға, бұл бала Әбіш деген жас түлегіміз. Кеудесінде оты бар. Сізден тәлім алып, бірдеңе үйреніп қалсын деп, әдейі ертіп келіп ем.

  • Жақсы бопты. Тілегіңе жет, балам. Жасымай, жасқанбай, самға, – деді Әсет жебеп. – Баяғыда Шөже деген ақын атаң өтті. Жарықтықтың екі көзі көрмейтін. Бірақ көкірегінің көзі ашық еді. Өлеңді суша сапыратын. Көкірегіңде көзің болса, балам, қор болмайсың. Елің аялайды, өлең-жырға құмар ғой халқымыз.

  • Әсаға, бәрінен алтын дидарыңызды көре алмағаныма қи- наламын, – деп мұңайды Әбіш үні қалтырап,

  • Оған өкінбе, балам. Даусымды естіп отырсың ғой. Адамның қасиетін бетіне қарамай-ақ, айтқан сөзі мен даусынан айы- рып, тану қиын емес. Кейде адамның жылтыраған жүзін көріп тұрып, жүрегің айнитын да кезің болады. Айнадай жарқыраған сұлулығымен ішіндегі мерезін бүркемелейді. Ал дауыс жүрек- тен шағады. Ештеңені жасыра алмайды.

  • Мен көп адамды даусынан танимын...

  • Ондай артықшылық барлық адамның бойынан табылмайды. Әсет жас жігітті жебеп көп ақыл-кеңес айтты. Көңілін өсірді. Бел ортасынан ауған май айының қоңыр кеші. Жел жоқ. Есік пен терезе ашып тасталды. Қонақтарға үйге кіруге ұсыныс жасалды. Әсет пен Қадырихан төрдің төбесіне жайғасты. Сай- масай жетелеп әкөп Әсеттің оң жағына Әбішті отырғызды. Қадыриханның тізесін баса Қырғызбай орын алды. Дәл ортаға ұзыннан-ұзақ жайылған дастарханды жағалай тізілген қыз- келіншек жігіттермен аралас-құралас орналасты. Шаймен қоса


куырдақ келді. Бәрі де көңілді. Жүздерінде күлкі ойнайды.



  • Ал, Дәшет, енді Әсағаңа арналған тойды өзің баста, – деді Қырғызбай әзілсіз байсалды тұрмен. Дәшет білегін сыбанды да, домбыраның құлағын өзінің даусына лайықтап, қоңырлау үнге бұрады. Желдірмелі жеңіл әуенді құйқылжыта шертті де, даусын көтеріңкіреп, өлеңін сорғалатты:


Ақынмын Құлжадағы Дәшет деген, Ешкімге айтар сөзін кесетпеген.


Қанбазар жүрген жерім – той мен думан, Кунім жоқ сөзді сатып есептеген.


Жұртымның өзі айырар нарық-парқын, Алтынды тең көрмейтін кесекпенен.


Сапырып сылдыр сөзді көпіршіген, Пенде көп елді алдап жесек деген. Суындай тас бұлақтың сөзім таза, Дұшпаным былғай алмас өсекпенен.


 


Тұлпарды желдей есіп топтан озған, Адам жоқ жарыстырар есекпенен...


Төгілтіп кеп бір қайырып тастағанда жұрт серпіле, жадырай қостады. Сырын білетіндер артын тосып, үнсіз жымиысады. Құрдастары лепіре көтермелейді.



  • Заула, тұлпарым!

  • Ақынмен есуас қана сөз таластырады, бөгелме! Әсет үнсіз. Ойға шомған. Біздің ақындарымыздың көбі-ақ сөз қадірін дәріптеуден бастайды. Бұл да дәстүр шығар. Халқымыздың өлеңге, әнге құштарлығы ма бұл? Алайда, осы өлеңнің ішінде де көп ақиқат жатқан жоқ па?..


Қырғызбайдың күжілдеген даусы күңгірледі. Кеудесін кө- тере қозғалақтайды. Күлімдеген көзінен ойын-қалжыңға қарай қисайғаны байқалады. Еліре танауы желбірейді.



  • Дұрыс айтасың. Жабыны мақтап, оны сатып жүрген Сайма- сай болмаса...


Жұрт ду күлгенде Саймасай басын көтеріп алып, қынжыла қарады:



  • Қылжақпен сөзді бұзбасайшы-ей!..


Дәшет ішіне ышқына дем тартты да, құрдастарының дауын басып, қайтадан зулады. Қоңыр даусы құлаққа жағымды, сама- ладай желпиді.


О, жұртым, ортаңдағы Дәшетіңмін, Қақ жарып қара қылды кесетұғын. Еркелеп тайраңдаған тайлағыңмын, Көсіліп дарияңды кешетұғын.


Мұң шалса қабағыңды қара бұлттай, Желіңмін түре қуып есетұғын.


Қалқыған аспаныңда ақ бұлтыңмын, Ойнақ сап тау-тасында көшетұғын.


Шаңы ұшқан топырағыңмың бетін жауып, Көгіңмін өрттей қаулап өсетұған.


Дұшпаның бір қуысқа матап кетсе, Балаңмын шырмауыңды шешетұғын!..



  • О, бәрекелді!.. – деп сүйсінген сыңай танытты Әсет.

  • Ақын осылай сөйлер болар. Еліңнің ойын сергітіп, жүрегін тебірентпесең, жел сөзден не пайда? Жасқанбай самға, шырағым!.. Ентіге дем алған Дәшеттің дөңгелек жүзі балбырап, қызара бөрткен. Үлкен ақынға қымсына мойын бұрды да, ақтала айтты


ойын:


 



  • Әсаға, осы өлеңімде сіздің ән мен өлеңнің артықшылығын сипаттайтын толғауыңыздың лебі бар, оны мойындауға тиіспін.

  • Бірақ құйылған қалыбы бір емес, өз жүрегіңнің дүрсілі анық естіледі. Даланың әшекейлі шөбін гүл дейміз. Бірақ олардың түр- түсі әр басқа, біреуі көк, бірі қызыл. Сонысымен айырмасы білінбей ме? Өлең де сол сияқты, өзінің түрімен ерекшеленеді... Бәрі бір гүл ғой деп шектесек, гүлдің парқын білмегеніміз. Өлең де сол тектес. Тек мағыналап айта білу керек. Сен өз ойыңды айтқансың!..

  • Оны біз қайдан білейік, Әсаға, – деді Саймасай енді құрдасына өзі тиісе жымиып. – Өкірештеп жүрген мына Қырғызбай...

  • Әй, қайрап тұрмасаң, бұл жайбасар емес пе, өтпес пышақ құсап жаси береді, – деп ақталды Қырғызбай есесін жібермей. Қалжыңбас жігіттердің қылығына сүйінішін Әсет жасырмады.

  • Әзілдерің жарасып-ақ тұр. Тек ақынды қажай беріп, қажытып алып жүрмеңдер! Тұлпар күбірге шаппайды, дүбірге шабады. Дүбірің мол болсын. Дабыраға даурықпай, дарындыны дара баптаңдар... Дәшетке мен разымын! Ағаға қарап іні өседі. Біздің айтқанымызды Дәшет үлгі санаса,


Дәшеттің сөзі мына Әбішті жетелейді. Батырларымызды да, ақындарымызды да өзіміз ардақтауға тиіспіз!..


Әсеттің пайымы жігіттерді ойлантты. Әзілдің де ауқымын абайлаған жөн екен. Бұл да тәрбие. Өзінді-өзің жебемесең, жігерің құм болмай ма? Игілікті ешкімнен күтпейді, адамның өзі жасайды. Ол үшін басқаның артықшылығын үйрен де, іске асыр. Сонда әлеуметтің де тынысы кеңиді. Әзілқой жігіттердің ұғып, көкейлеріне түйгені осы болды.


Ойынды суытпай, Әсеттің делебесін қоздыра түсу үшін Қадырихан қимылдады. Арты-артынан үш-төрт ойнақы әнді тебірене сылқылдатты. Кеуденің сірнесін қоздыратын майда қоңыр әунге бас шұлғымаған кісі жоқ.. Сағынышпен дидарласқандай елжірей қарасады. Естіген әндері. Сонда да тыныстарын ашқандай. Күміс табақтай жарқырап туған айдың сәулесі желсіз түндегі самсаған шамдардың жарығын еселей түскендей. Дөңгелек ала көзі шоқша жайнаған Әсет те әуен ырғағына қосыла теңселеді. Әннің сонын «Қоңыр қазбен» аяқтаған Қадырихан тыныстап желпінді де, маңдайының терін сүртті. Қырғызбай таңдайын тақылдата


тамсанды.



  • Поһ, шіркін, аңсап-ақ қалыппын, Қадеке, осылай анда-санда келіп тұрмасаңыз, қаталап өлетін түріміз бар.

  • Бұл сылпылдаған шабыстан танбайтын тарлан ғой, – деді Әсет қанағат тілегендей. Енді жас сұңқарды ұшырайық. Қане, Әбішжан, сен шырқашы!


 


Жас талаптың танауы желбіреді, беті албырады. Неден баста- рын білмей аз отырды да, сусылдаған термеге басты. Жаттанды өлең ауырлық қып, қинамады. Тоқтаған кезде Саймасай өтініш айтты:



  • Әсаға, рұқсат етесңіз, Әбіштің өзі бастан кешкендей бір оқиғаны өлеңге қосқаны бар, соны тыңдасақ?..

  • Тіпті жақсы!.. Бет алысын, шалымын аңдатады.

  • Ал Әбіш, жібер тізгініңді, іркілме!


Әбіш қипақтай қысылып, жотасын қозғап-қозғап қойды. Жеңіл домбырасың тізесіне жабыстыра қысып ұстап, шыбықтай майысқан сұқ саусағымен ішекті саумалай іліп қақты да, төгілмелі әуенді бастады:


– Соқыр ем домбыра алған Албандағы, Ел-жұрттың ортасында жанған бағы.


Айтайын бір жағдайды бастан кешкен, Қыдырып Құлжаға мен барғандағы.


Заманнан тарлық көріп, торыққаннан, Қай адам қайғы шегіп зарланбады?


Еңіреп көзден жасын сорғалатып, Кім өзін кінәрәттап қарғанбады? Жүруші ем ел ішінде алшаң басып, Күндерім арман болды жайлаудағы. Думанын қыздырғанда өлеңімен,


Халықтың емес пе ақын тойда ардағы! Мұнда да өлең айтып отыр едім, Қозғалып шер-шеменім қай-қайдағы.


«Ел жинап, неге айқай саласың?» деп, Жетіп көп бір шеріктің шамданғаны. Алдына салып алды дедектетіп.


Бойымда қорыққаннан жан қалмады. Кірмеске енді топқа қол қойғызып, Сорлының сөйтіп көкіп сандалғаны...


Бір қайырып тастады да, ентігін басын, сәл тынықты. Ұлпа маң- дайынан шып-шып шыққан терді сүртті. Үріккен танаша танауы желбіреп, елегізе елп-елп етеді.


Әсет зейін сала тыңдап еді, енді жас жігіттің албыраған ақша бетіне сүйсіне қарады. Ұдайы мұң торынан арылмайтын бозғылт маңдайына қызғылт қан жүгіріпті. Кіртиген қабағынан мерей нышаны байқалады. Бет алысы тәп-тәуір. Сүйеніш, демеу керек. Жігерін жасытпай жетелесе, жетілетін түрі бар. Мейіріммен үн қатты.


 



  • Әрі жалға, шырағым, именбе!..


Домбырасын сұқ саусағымен шерте күмбірлеткен Әбіш жөт- кірініп қойды да, майда әуенін жорғалатты.


Біреуі ұшып тұрып арбаңдады, Тілмәші оны қостап жарбаңдады, Басқызды бармағымды қағазына,


Мәз болып жырқылдайды қалғандары. Әйтеуір, босанғанға шүкір еттім, Жанымның сауға болып сау қалғаны. Қастықпенен достықтың екі арасын Адамның қиын емес аңғармағы.


Талапсыз тіршілікте іс біте ме, Талайды табынғанмен тәубе алдады. Жоқшылық тұралатып қысқаннан соң, Адамның оңай екен алданбағы.


Құлжада құрып кетті шыт пен сәтен, Қымбат көп, табылмайды арзандары. Саудагер шатуарды13 жеткізем деп, Қашқардан Құлжа жаққа далбаңдады. Ырсиған арасынан күн көрінер.


Жарытып, қарық қылып ол да оңбады. Жігіттің киген жаңа жейдесі жоқ, Қыздардың қап сияқты дамбалдары...


Демі жетпей қысылғандай Әбіш алқына тыныс алып, тағы да тынықтады. Тамағының түймесін ағытып, желпініп-желпініп қойды. Әлі де еркін көсіле алмай, жүрексініп отырған жас талапты Дәшет ақтай жебеді.



  • Ащы тері алынбаған, шабысқа төселмеген бала ғой. Сонда да аяқ сілтесі тәуір. Өмірдегі құбылысты дөп басқан...


Бала ақынға Әсет қамқор пейілмен назар аударды. Мадақтаса – дандайсып еліреді. Ол – адамның бойын жайлаған қылық. Сондық- тан өз пікірін оның айналасындағыларға батылдау түртпекпен талапты күшейте айту арқылы ойын ұқтырғысы келді.



  • Жасты баулып, баптау – парызымыз. Ұяңдығы сәл бөгеп отырғаны рас. Сондықтан айтқанына мәз болмай, қанатын жаю- ына себімізді тигізуіміз керек. Түйген пікіріңді жеткізіп айтудан іркілме. Әбішжан!.. Байқаймын, лебізің жақсы!.. Енді ойыңдағыны түгел айтшы, біткен жоқсың-ау, ә?..












 
  

 


13 Шатуар – гүл басылған бөз мата.


 



  • Иә, айтып болғам жоқ...

  • Бөле бердік-ау ойыңды, қане, әрі жалға...


Бұған арқаланып, жымия кеудесін көтерген Әбіш домбырасын безеді. Аға сөзі дәтке қуат болып, батылдана түсті. Перне басысы да ширады. Даусы да қалтырамай, еркіндеу шықты.


Кедейге қымбат мата тимейтұғын, Мырза көп шыт-шыбырды сүймейтұғын. Тым құрса, жарғақ жасар тері де жоқ, Уқалап ұйқы көрмей илейтұғын.


Ол-дағы қолың жетсе лыпа болар, Ыстықта денең күнге күймейтұғын. Жасырар ұятыңды бөз табылса, Адам жоқ кекірелеп кимейтұғын.


Қаңырап қаңсып қалды бұл дүние, Болды ма заман ақыр күйрейтұғын? Әйелдер шатуардан көйлек тігер, . Тебендеп күнін күтті түйрейтұғын. Сонда да көңіл шіркін алабұртты, Үмітпен қайғыға бас имейтұғын.


Киімі қап сықылды болса-дағы, Кісі бар тайыншадай күйлейтұғын. Пақырлық көрінбестен көздеріне.


Сай-сайға құрбыларын сүйрейтұғын. Жалындап жас жүректер қайыспастан, Жоқтықтың көтереді үйдей жүгін!..


Даусын құбылта бәсеңдеткен Әбіш домбыраны жөпелдете қағып барып, баяулай тоқтады. Қабағын мұң басқан Саймасай күрсінді.



  • Міне, Әсаға, біздің бастан кешіріп жүрген күніміздің сиқы. Адамның түйсігі туған жерімен байланысты сияқты, ойымыздан кетпейді. «Жетісу», «Жеті арал» әндерін үлкен – кішіміз қосыла айтып, зар еңірейміз. Бұрын шыққан құлақтан соңғы шыққан мүйізіміз озды. Әбіш заманның сырын бізден артық ұқты. Осы өлеңін өзі көп айтпайды. Жас емес пе, лепірген әзіл өлең мен ойнақы әнге әуес.

  • Ақын көңіліндегі шалқарды сен өзіңнің қауашағындағы ша- мамен өлшеме, – деп, осы тұста өз бағдарымен тұжырым жасаған Дәшеттің ойына Әсет қосылмады.

  • Әбіштің талабы таудай екен. Өз түйсігі, өз түйгені бар. Бәйгеге шапқан аттың тізгінін тартпас болар. Езулесең, жолдан шығады, аяқ сілтесі бұзылады.


 


Манадан өлеңге бағып, сарынды бөлмей өзінше қиял кешкен Қырғызбай қалт серпіліп, құрдасына тағы да ауыз салды:



  • Әй, маубас бойың жетпейтін өреге қолыңды созған неңді алған, ей. Оданда Әсағаңның лебізін тыңдалық, созбайлама!..

  • Әсаға, өтінеміз! – деп қиыла айтты Дәшет тілегін. – Өзіңіз сусындатпасаңыз, шөліміз қанатын емес...

  • Маған айтқызбай қоймайтындарыңды білемін... Ә дегеннен өзім бастасам, Әбіш сықылды балалар именіп, ауыз ашпай қояр еді. Сондықтан өрендерімізді де тындап алғанымыз абзал емес пе?! Адымын да, шалымын да байқамадық па. Үмітіміз ақталды, жадырап қалдық. Мен елді разы қылмай орнымнан тұрмаймын!.. Ойын қысқа түйді де, әрі қарай жұртты телміртпей, домбы- раны қолына алды. Дағдылы құлақ күйін бір қайырғанда-ақ делебесі қозып, кеудесін жел кернеді. Бұл жолы да өзін өлеңмен таныстыра орағытып, ән мен өлеңнің сипатын дәріптейтін жалынды толғауынан бастады. Оны іркіліссіз сыдыртып өткеннен кейін әрі жалғап бір-екі ән шырқады. Үніндегі, қимыл- қозғалысындағы ала бөтен артықшылықтарды анықтап байқап қалуға ынтыққандай үлкен-кішінің бәрі телміре қадалысады. Сылаң қаққан сұлу әуен көмейден суырыла атқылап, аспанға шапшиды. Құлжаның манаурай қалғыған тымық көшелерін қалтыратып, жер бетін шайқалта тербеді. Тасқындай сарқыраған әнге ұйығандай айнала тым-тырыс. Маңдайы жіпсіп, денесі бусанған сайын үдеді. Әлден уақытта ерке, назды, жаймашуақ әуенді құйқылжыта төгіп барып тыныс алды. Көзі жайнап, ша-


быты жебегендей жүзі жадырады.



  • Әруағыңыздан айналайын, ағатай! – деп Қырғызбай қызбалана лепірді. Үлкендердің алдына шыға алмаған жастар іштей мәз. Үндемесе де, ақынға аса зор ілтипатпен қарасады, өнеріне сүйсінеді. Сол үнсіздікті тыңдап отырған елдің ұғымын кеңейтуге пайдаланғысы келген Дәшет шешіле сөйледі.

  • Менің байқауымша, Әсағаңның басқалардан арқан бойы озық тұратын төрт түрлі артықшылығы бар. Өз басым, желісті қоңыр әуенмен ғана өлең айтамын. Әсағаң болса, әнді өзі шығарады да, сарынын сазына келтіріп тұрып, балбырата өзі шырқайды. Оған қоса ойын да өлеңмен жеткізеді. Елдің аузы- нан сілекейін шұбыртатын қыссаны да қолма-қол суырылтып береді. Міне, бір басында қаншама өнердің көзі жатыр. Мұндай құдіретке надандар ғана салғырт, самарқау қарап, кекіреюі мүмкін. Біздің жанымыз осы өнермен ғана көгереді!..


 



  • Алайда, Дәшетім, – деді Әсет бұйыққандай мұңая жуа- сып. – Қанша мақтап, мадақтасаң да, мен арманыма жете алмай жүрген жанмын...


Үлкен-кіші қайран қалысты. Сенерін де, сенбесін де білмей, аң-таң. Әнге елти балқыған Қырғызбай әлденеге таңырқағандай еріні жыбырлап, Әсетке жалт қарады:



  • Е, неге?.. Күллі қазақтың басын шұлғытқан Әсеттің арманына қолы жетпейтіні қалай?..


Әсет арманының не екенін, қандай сыры барын білуге құш- тарланған жұрттың жапырыла өзіне төнген көздері таңырқай жапақтайды. Соны сезді ме, мұның мәнін қасындағы ақынға қаратып ашты:



  • Армансыз адам мелшиген есек секілді, Дәшетім. Арманмен өлген де талай тірліктен артық...

  • Бірақ өкінішіңізге түсінбеймін.

  • Ақын – елдің баласы, халық тілегінің жоқтаушысы. Мұраты да сол болуға тиіс. Мен әлі елімнің мұңын мұңдап, халқыма дем беретін сөзімді сөйлей алмай келемін. Бұл қол жетпеген арман емес пе? Халқымыздың басында қара бұлттай сықасып, арылмай жүрген қаншама қасірет бар.


Соған ем, шипа таптық па? Бұл да жамбасыңа бататын қара тас. Ал өз жайыма көшсем, көбінше араб ертегілерінің ізін ши- ырлаппын. Өзімнің ізім жоқ. Рас, әлгі соқпақпен жүргенде де жауыздық-зұлымдыққа, қулық-сұмдыққа, алдау-арбауға қарсы ойымды жіпселеп қостым... Бірақ өз халқымның сана-сезіміне жақын, ақыл-ойын, қайғы-қасіретін, басынан кешірген азабын, үміті мен тілегін ашық жария етер дүние жасай алмаппын?.. Халқыма керектіні бермеппін. Бұл арман емес пе орындалмаған?..



  • Соншама ауыр жүкті бір адамның арқалауы оңай да болмас...

  • Иә, қиын. Оның үстіне жас ұлғайған сайын одан әрмен тыпыр- лап, ештеңе тындыра алмағаныңа өкінесің. Соны ойлан, Дәшетім!..

  • Сөйтсе де, нар жолында жүк те қалмайды, әлі де үлгіресіз.

  • Ондай күй бар ма бізде? Жан бағудың ғана әлегінде жүрген жоқпыз ба?

  • Еліңіз бар, өз ортаңыз бар, көңіліңізді жабырқатпау үшін қолдан келгенді аямаспыз...

  • Мен өткен күннің орын толтыру үшін қимылдап бағармын-ау, сендер босқа өткізіп, артынан өкінбеңдер, – деп мұңдана күрсінді Әсет. Барлық үмітін соңынан ергендерге артатын пиғылын таныт- ты. Саймасай мен Қырғызбай бұлардың ойын бөлмеді. Ұғысып, сырласып алсын деп ұйғарысты.


 


Ой-пікір бөлісі ұзаққа созылды.



  • Әсаға, – деді Дәшет сөздің бағытын өзгертіп. – Көрмеген елді аралап, баспаған тауға шықсаңыз, бойыңыз да, ойыңыз да сергір. Текес жақта бір үлкен ас өтеді екен. Соған алып барайын. Бір-екі ай сол жақтағы елді аралап, тынығыңыз.

  • Мейлі, барайық. Менің де осы сапарым ел көруге арналған.


Мына Әбішті де ертіп аламыз.



  • Мен де серік болайын, – деді Саймасай желігіп. Оның ойы өзі қамын ойлап жүретін Әбішке бас-көз болу еді. – Ән салмасам да, ат-көлікке қарау қолдан келетін шығар.

  • Ол да үлкен жұмыс, – деді де, көзін қыса әзіл тастады Әсет. – Сен қалай қарайсың, Дәшет, атқосшылыққа жарайтын жігіт пе?

  • Әй, білмеймін, ұйқышыл маубас еді, үйретеміз де ерте тұрғызып, ерсін соңымыздан.

  • Сен өйтіп бұлданба!.. Мен саған емес, Әсағаңа еремін, сол кісіге қызмет етемін. Жаяу қалғың келмесе, өз атыңа өзің ие боласың, білдің бе?!

  • Келістік енде ше, – деді Әсет тоқтамын айтып. – Алдымен бір-екі күн Құлжаны аралатыңдар, түр-тұрпатын көрейін.

  • Оны мына Дәшетке тапсырамыз...

  • Бұлың-пұшпағына дейін түгел шарлатамыз. Бұрын Құлжаның қақ ортасын балшық қорғанның соқпасы қоршап тұрады екен, қазір тозып біткен, Заман өзгерген сайын ескінің бәрі де тоза беретін секілді. Ел топырағын шетінен кертіп алып, кірпіш құйып жүр.

  • Ол қорғаныңның соқпасын көрдім. Ішінде не бар?..

  • Үй-жай, сауда дүкендері бар. Ал қорғанның сыртындағы жерлердің сипаты басқаша. Раушан бақ, Айран бақ, Гүлшан бақ, Дүйшан бақ деген төрт бақ Құлжаның сәні саналады. Мұның бәрі қорғаннан тыс, жайқалған ағаш...


Тайдың былқыған еті желінгеннен кейін де бірсыпыраға дейін өлең-жыр қайта қозды, ән салынды. Түн ортасы ауа тарады...


Келесі күні Дәшет қалауы бойынша Әсетті ертіп, қаланы жаяу аралауға шықты. Ескі қорғанның көнеріп, әбден тозған қақпасынан өтіп, астық сататын базарға бас сұғысты. Сол маңдағы кетпен- күрек, балта-шот соғатын, ат тағалайтын дүкендерді көріп, қытай базарына дейін барды. Қайтар жолда Қарадөңге қарай бұрылды. Биік төбенің басынан қаланың жалпы аумағы көзге тұтас шалы- нады екен. Дәшет елден естігені бойынша қала атының шыққан тегін де әңгіме етті.



  • Осы біз тұрған төбе ашылы жалақ болыпты. Иен жатқан жалпақ алқапты жайлаған арқар-құлжа сеңдей соғылысып жүрген. Сонау ойпатқа қорған соғылып, қаланың іргесі қаланған соң да,


 


жабайы аң жалағынан жерімей ұзақ жүріпті. Бұрын да бұл жер Құлжалы аталады екен. Кейін келе қала да Құлжа атанып кетіпті...



  • Ондай ат қою салтымызда бар ғой, – деді Әсет қазақтың балаларына кез-келген заттың, не аң мен құстың атын қоя са- латын әдетін ойлап.


Одан кейін қаланың Мойын-кесік аталатын көлденең көшесіне келіп түсті. Бір керуен сарайының алдынан өте бергенде Әсет қалт тұра қалды. Үлкен қақпа жабық. Оң жақ босағасындағы жанама кішкене есігі ашық тұр. Аула кең. Соның қақ ортасында кебеже сскілді іші қуыс, төрт аяғына төрт дөңбек бекітілген табытқа ұқсас арысқа бір кісіні етпетінен таңып тастаған. Қарны шертиген қауға сақал, қызыл тақялы біреу бас жағында төніп тұр. Қолдарына төрт елі жалпақ қайыс бекітілген таяқ ұстаған еңгезердей екі дәу қара арыс ағаштың екі жағында қарама-қарсы қарап, мөлиіп алған. Таңулы жатқан адамға өлексеге өзеуреген құмайша төнеді.


Әсет тақтайдағы денені өлген адамның сүйегі ме жуғалы жат- қан деп ойлап тоқтаған. Олай болмады. Қауға сақал бірдеңе деп, қолын ербеңдетіп еді, екі дәу қара келі түйген секілді кезектесіп, құлаштай таяқтың ұшына бекітілген жалпақ қайыспен таңулы адамды алма-кезек төмпештей бастады. Жаны түршігіп:



  • Анасы не сұмдық?.. – деп, Дәшетке жалт қарады. Ол бұған пәлендей таңданған жоқ.

  • Әсаға, осындағы байлар жалшыларына солай дүре соқ- тырып тұрады. Дүрені жиырмадан жүзге дейін соғады, ана байқұсқа қанша дүре бұйрылғанын кім білсін?.

  • Дүре соғуға кім бұйрық береді?

  • Қожайынның өзі, әне тұр ғой мелшиіп...

  • Соғылған дүрені кім санайды?

  • Ұрып тұрғандар. Жаны ашыса, он – он бесін артық санап болысатын көрінеді. Ал өштесіп жүрген біреу болса, тірідей сойып салады екен.


Арыс ағашқа таңылған кісі қайсарлығы ма, әлде, дүниеден безіп, өлгісі келгендіктен бе, қыңқ етіп дыбыс шығармайды. Екі дәу қараның өздері дүрені ұрған сайын ырс-ырс етеді. Дүреге жығылған кісінің жотасын қып-қызыл қан жауып кетті. Зығырданы қайнаған Әсет тісін қайрады.



  • Мұндай да зұлымдық болады екен-ау... Жыртқыштық қой нағыз. Адам баласы бірінің етін бірі жеуге жеркенбегені ме?..

  • Жүріңіз, Әсаға, – деді Дәшет қолынан тартқылай жете- леп. – Әр елдің заңы басқа. Жыртқыш та өзінің тәсілін әр басқа қолданады. Біреуі жұтып жейді, біреуі түтіп жейді. Жауыздық


 


та сол сияқты. Біреуді қараңғы қуысқа қамап қойып тепкілейді, біреуді ашық аланда ағашқа таңып қойып кескілейді. Мұндай оқиға мұнда күн сайын өтіп тұратын құбылыс, несіне күйінесіз...



  • Не сұмдық, неғылған айуандық! – деп кіжінді Әсет. Сұрқы қашып, өңі сұрланған. Денесі қалшылдайды. Көзі қарауытқандай тәлтіректей береді. Ызаға булыққан, алқына дем алады...

  • Әсаға, қиналмаңызшы, – деді Дәшет бұл кейпіне жаны аши жұбатып, – бәрібір ара түсуге біздің шамамыз жоқ.

  • Зұлымдықтың қайда жатқанын қара. Әр жауыздың өзі үкім шығара берсе... Үкіметі нені қарайды, заңы жоқ па?..

  • Бұл елде жалдап алған жалшыға қожайыны ғана ие.


Басқаның үкімі жүрмейді. Жарылқаса да, жаныштаса да соның еркі... Ешкім қолын қақпайды, ара түсе алмайды.



  • Әсаға-ау, сонша тозғаныңыз не? – деп батылдау айтты Қадырихан өз дәлелін қосып. – Қазақта да малшы-жалшысын сабап жататындар аз ба?.. Бұл да соның бір түрі емес пе!

  • Соның бәрі адам баласының ішіндегі қара жүрек жауыздары!..


Екі аяқты аңдар өңшең!..


Әрі жылжыды. Бір қайыршы қарсы жолықты. Әсет қалтасына қол салып, мыстан құйылған жармақ тиынды алды да, қайыр- шының жайылған алақанына салды. Екі аттағанда тағы біреуі кездесті. Оған да жармақ ұстатты. Үшіншісін көргенде жармағы таусылып, қайтерін білмей абыржи сасқалақтады. Сырттай байқап келе жатқан Дәшет:



  • Әсаға, бері өте беріңіз, – деп жымиды жайдары түрмен. – Екеуіне бердіңіз ғой, сауабы тисін!.. Құлжада қайыршыдан көп ештеңе жоқ. Оның бәрін бәрібір асырай алмайсыз...


Ашуы тарқағаны ма, алде, ойы басқаға бөлінген соң ба, қабағы сәл ашылған Әсет мырс етіп өзі де күліп жіберді.



  • Адым сайын қайыршы, не қып жұтаған ел өзі?..

  • Оны айта берсе, үлкен хикая...

  • Хикаясы қалай?


Қашқардағы елдің ішінде Құлжаға барсаң, жатып жейсің де- ген лақап бар екен. Оңтүстіктің алау аптабында жер өңдеп, сілесі қата қажыған кісілер Құлжаға жетіп, жатып жеу үшін бір есекке мініп Мұзарттан бері асып түседі. Қайда барса да Қорқыттың көрі екенін қайдан білсін, әзір ас қайда?.. Аштан өлмеу үшін мұнда да күш-қайраты барлар жалданып жұмыс істейді. Байлар жалданған адамның күшін толық пайдаланып қалу үшін тыным таптырмайды. Күні бойы жұмыс істеген кісі қалжырап, сілесі қатады да, кешкі асқа зорға жетеді. Сонда тұла бойы сырқырап, белі қақсап отыра


 


алмаған соң, тамағын етпетінен түсіп не жантайып жатып ішеді. Ал ондай жұмысқа жарамайтындар аштан өлсін бе, алақанын жайып қайыр сұрайды. Әр үйдің есігін қағып, көше кезіп жүргендері де көп. Біреу жарты нан, біреу ескі-құсқысын береді. Кем-кетік, шал- шауқан болса, бір сәрі ғой, сойталдай жігіттер де бар соны кәсіп қып жүрген. Жұмыс та табыла бермейді.



  • О, тоба... – деді Әсет әлдекімді мүсіркегендей. Кенет бірдеңеге күмәнданғандай Дәшетке жалт қарады. – Ауып келгендердің ішінде қайыр сұрап жүргендер жоқ па?

  • Құдайға шүкір, ондайлар шыға қойған жоқ. Аш-жалаңаш тентіреп келсе де, малшы боп немесе құржаларға жалданып кетті. Қайыршылықтың өзі адамның ар-намысына байланысты болу керек... Оңай ас іздейтіндер ғана беттің арын белбеуге түйіп, қол жайып телмеңдейтін сықылды...


Төрт көшенің қиылысқан мүйісі құжынаған халық. Бір нәрсені қызықтағандай топтасып, жиналып қалған.



  • Анау не, ақын ба? – деп сұрады Әсет шаршы топтың ор- тасында тұрып ап, шұбырта бәйіт айтып тұрған біреуді нұсқап. Аласа бойлы қара кісі даусын құбылтып, барынша қаттырақ айтуға құлшынады. Кеудесі ашық. Жұқа шекпенінің жеңін түріп алған. Құлағын тосып еді, сөзі түсініксіздеу.


Парсы тіліндегі өлеңдерді айтатын сықылды. Байыздап тоқ- таған адам жоқ. Сәл ғана тыңдайды да, әрі өтіп кете барады. Оның орынын келесі біреу басады...



  • Біздегі өлеңшіге келеді. Мұны маддах дейді екен. Жаттаған өлеңдерін айтады. Көне дастан түрін де, дін мен иманның ержелерін де, адамгершілікті де дәріптейтін жырлары аралас. Көңілі түскен кісілер тиын-тебен тастайды.

  • Айтқанына ел түсіне ме? Парсы ғазалдары сықылды.

  • Оның өлеңінен гөрі жұрт әуенінің мақамына қызығатын болуы керек. Кейде таза ұйғыр өлеңдерін айтқанда ұғуға болады.

  • Е-е, бұл да жан бағудың қаладағы айласы десеңші...

  • Иә, қалада адамның қылмайтын кәсібі жоқ.


Түскі асты үйден ішті де, жатып демалысты. Бесін ауғанда Қырғызбай мен Саймасай келіп еді, сыртта жүрген Айша:



  • Қонақтар базар аралап, қатты шаршап келіпті, тынығып жатыр. Бүгін әурелемеңдер, – деп қайтарып жіберді...


Келесі күні сәске шамасында үш ат ерттелді.



  • Бүгін атпен жүрейік, – деді Дәшет ашық қораның алдына тақаған Әсетке. – Айранбақты аралаған соң, Айдөңді айналып өтіп, Раушанбақты көреміз де, одан бері асып, қара суды бойлай жүріп,


 


жазықтағы қорғанның сыртынан Гүлшанбақ пен Дүйшенбақты тамашалаймыз. Түске таман мал базарына барамыз. Сол шамада базар да тарқайды.


Саймасай сізді Баяндайдағы ағасының үйіне шақырып кетіпті.



  • Келінді де ала кеткеніміз жөн шығар... Кешеден бері шаршады ғой, демалсын.

  • Қатындарды алып кетуге қазір арба келеді...


Үш салт атты ауладан шыққан соң Айша қашаны салып, сынасын қақты. Жүріс тілегендей аттар да аршындады. Дәшет өзі айтқан жерлерді көрсетіп, қаланы аралатты. Үйден шыға, Байтолла медресесінің алдынан өтіп, жалпақ көшеге жеткен соң, оңға бұрылды. Аздан кейін дүкені көп, адамы қалың көшемен солға бет алысты да, Мойынкесікті басып, қаланың теріскейіндегі үлкен қара судан өтті. Дөңестің үстінде биік қорған тұр. Күнге қараған қаусырмалы қақпаның екі босағасын екі шерік күзеткен. Қарсы алдындағы ойпатта тостағандай дөңгелек көл жатыр көлкіп. Шеті қалың бау. Үйлер сиректеу, аула іші сыңсыған ағаш. Одан әрі тілім-тілім жайдақ жыра. Күн батысындағы дөңестер жалпақ сазға ұласады. Бұл тұста үй жоқ. Сайға тақау тұсы қалың мола. Солардың арасынан сорайып екі-үш мазар көрінеді.



  • Айранбағымыз осы, Әсаға! – деді Дәшет айналаны шо- лып. – Енді анау қарсы алдымыздағы төбені ассақ, Раушанбақтың төбесінен түсеміз.

  • Мына қорғанның ішіне әскер тұра ма?

  • Солай шығар... – дей салды Дәшет өзі де анық-қанығын білмеген соң, долбарға жүгініп.

  • Байқаймын, қалаңның аумағы онша үлкен емес секілді.

  • Мұның бәрі ішкі қорғанның сырты, кейін ірге жайған түрі бар...


Сол жүріспен Айранбақты айналып барып, желкесіндегі қара суды кешіп өтті де, қоян жон дөңестің түстік қапталындағы қалың ағашқа тақады. Раушанбағы сол екен. Жиектей ағып жатқан судың бойымен құлдап келіп, қытай базарынан өтті де, қаланың қиғаш оңтүстігіне ауысты. Ағашы қалың. Әр ауланың іші соқпа дуал- мен қоршалған. Осы мүлгіген өңірдің бір шеті ыңғайына қарай Гүлшанбақ аталса, екінші жеті Душанбақ аталады екен. Айтса, айтқандай – гүл мен нуға батып тұр.


Біркелкі аяңмен жүріп, түске таман қорғанды бойлай жағалап мал базарына тартты.


Әсеттің байқағаны – қала үйлерінің бәрі жалғыз қабат тапал. Әр жердегі мешіттердің сорайған мұнаралары ғана көкке мойын


 


созған. Айранбаққа тақау тұстағы дүнген мешітінің ғана еңсесі биік екен. Қытайдың үй құрылысы үлгісінде салынған. Төбесінің етегі қайқима, жалпақ ернеулі. Жоғарылаған сайын қабаттары жинақыланып, шошая береді. Қытай базары жақтағы бір көшенің бойынан екі қабат үйлер кездесті. Бірақ айналасында бір түп ағаш жоқ. Қорғанның ішіндегі қора-жайлардан да бірлі-жарым бол- маса, көлеңке жайған бұта көрінбейді. Оның есесіне қорғанның сыртындағы көшелердің бойы, үйлердін айналасы сыңсыған ағаш. Аулалары да кең, төңірегі таза. Қаланың осы өңірі ғана жасыл желекке бай...


Қырғызбай мен Саймасай сатылмай қалған малдарды ертеңге дейін бағып келу үшін иелеріне қайтадан санап өткізіп жатыр екен. Базар тарқаған, адам сирек, жалпақ алаң қаңырап қалған.



  • Жақсы тынықтыңыз ба, Әсаға? – деп Саймасай жылқылардан бері жылжып кеп сәлемдесті. Қаз-қатар қосақтағы үш-төрт тізбек қойды санап жүрген Қырғызбайды асықтырды. – Қорбаңдамай, болсаңшы-ей!

  • Әсаға, ғафу ете көріңіз... – деп, жалынышты үнмен ақталды Қырғызбай. – Бұл да мына байғұс қазағымның қамы. Аузын- дағысын алаяқтар жырып әкетіп жатса да, аңқиып тұра береді. Біреу алдап, жер соқтырмасын деп, санап өткізіп жатырмын. Ұқтыңдар ма, көшеге шыққанда шаужайларыңа оралса да, ешкімге мал сатпаңдар!.. Үш күннің ішінде өз бағасымен өткізіп беремін... Жұмыстарын тындырған Қырғызбай мен Саймасай аттарына мінді. Ескі қорғанның шетіне шыға бергенде Саймасай мінер


жағында келе жатқан Қырғызбайға иек қақты.



  • Былай бұрыл. Сәмет аспазға айтып қойғамын. Әсағаңды майлы мантыға бір тойғызып алайық.

  • Баста ендеше...


Еңсесі көтеріңкі асхананың алдындағы көлденең орнатылған бел ағашқа қалың ат байланыпты. Бір шетіне барып тоқтаған Сай- масай аттан түсті де, Әсеттің атын ұстап, өзі байлады. Бұларды дөңгелек қара сақалды кісі қарсы алды да:



  • Бері жүріңіздер, – деп, түкпірдегі оңаша бөлмеге ертіп алып барды. Саймасай иығынан қақты.

  • Сәмтахун, мына кісі бүкіл қазақтың аяулы адамы – Әсет ақын. Ұятты боп қалмайық, еті мен майы мол, пиязы аздау манты алып кел. Өйтпесең мына Қырғызбай қой бермей қояды.

  • Хуп... айтқаныңыз болады...

  • Бұларға да тілдеріңді өткізіп алғансыңдар ма? – деп күлді Әсет елпеңдей бас изеп шығып бара жатқан сақалдың соңынан қарап.


 



  • Қазақтың малы ғой бұларды мәйпеңдетіп жүр, деп шалқия жымиды Қырғызбай. Бұл сөзді Дәшет іліп әкетті.

  • Өз қойыңдай сөйлейсің ғой тіпті.

  • Өз қойым емей немене өзімнің туыстарым бағып-қағып әкеп отырған соң.

  • Әсаға, мына Қырғызбай қой саудасының жалдабы. Қалада сойылатын қойдың көбін өз қолымен береді. Желбуаз боп шалқиятыны сол.

  • Кісі ақысын жемесе, жегізбесе, сауабы мол емес пе?

  • Таразыдан жесе – тасбақа болады дейді. Бұл малдан жесе – аң боп жайылып кетпей ме?.. – деп жармасты Сайма- сай. Оған Қырғызбай ықпады, әзілдің астарындағы шындықты мойындағандай ақталды:

  • Жемеген соң адам боп жүрмін ғой…


Көп күттірмей үйме табақ манты келді. Үлкен екі ақ шәйнек- пен шай берді. Былқыған мантыға сылқа тойып, атқа қонысты. Қаланың күн батыс жақ шетінде оңтүстікке созылған терең жыра бар екен. Одан әрі сықырлаған егіс, жайқалған беделдік, сорайған жүгері. Тақталап еккен қауын-қарбыздың арам шөбін отап жүрген кісілер тынымсыз бүкшеңдейді. Жалпақ егіс алқабының ортасында қалың ағаш көмкөрген үйлер тұр. Соқпа дуалмен қоршалған. Жіңішке арба жол салт аттыларды сол ағаш арасына жетелеп кіргізді. Жатаған соқпаның іші кең аула. Кіре берістегі үйдің алдына екі-үш самауырын қатар қойылған. Кіріп-шыққан әйелдер абыр-сабыр. Есік алдына тоқтағанда Әсеттің атын ұзын мұртты, сұңғақ бойлы, күн қақтап, өңі қара


күреңденген қапсағай қара кісі ұстады.



  • Ат-көлігің аман ба, Әсетжан?

  • Қуаттысыз ба?.. – деп Әсет те хал-жай сұрады. Атты қара көлеңкелеу қораға апарып байлап қайтқан кісі жайраңдай қарады.

  • Жасым алпыстан асты, Әсетжан. Атыңды алғаш вестопке болған жылы естіп ем. Алматыға барған кісілер ауыздарының суын сорғалата айтқан.

  • Иә, тұқым қуалаған Романовтар патшалығының үш жүз жылдығы екен. Бүкіл Жетісудан бай-манаптар шақырылыпты. Қапалда жүрген кезім болатын. Маманның Тұрысбегі қолқалап, мені ала барған. Сонда үлкен көрме өткен. Басқа да ақын-жыр- шылармен бірге мен де қаптаған қазақты әнмен сусындатқаным рас...

  • «Құлақ естігенді көз көреді» дейді екен бұрынғылар.


 


Дәм айдап келіп қалыпсың, құрметті қонағымыз бол. Ішкен суымыз, татқан дәміміз бір еді. Өнген топырағымыз – Жетісу. Өгейсінбе, мұндағылар да өз елің. Қазағыңның жалпақ құшағы ашық. Мына Саймасай – туған інім. Менің атым – Саржан. Қала- ның қуыс үйінде пысынатпай, аз да болса ауасы кең, осында алып кел, еркін тыныс алсын деген мен едім.



  • Сіздердің пейілдеріңіз тынысымды кеңейтпесе, тарылтпас.

  • Әсетжан, атаның ұлысың ғой, мына малға бата жаса да, үйге кір, – деді Саржан інісі Саймасай дедектете жетелеп әкелген қойды көрген соң.


Әсет ағынан жарыла бата жасады. Сонан соң Саржан мей- манды үйге бастады. Шай үстінде Қадырихан ән салды. Дәшет өлең айтты. Әбіш те бірсыпыра тер төкті.



  • Сәке, – деді Әсет бұйығы қалыптан жазбайтын жанары кем жас талапты жебеп. – Дәшет маған Текес тауларын аралап қайтайық деп отыр. Саймасай да баратын болды. Менің Әбішті де ала кетпек ниетім бар. Бұған сіз қалай қарайсыз. Ел танысын, жер шарлап, үлкен-кішіден тәлім алсын.

  • Мұның әкелік қамқорлығың, Әсетжан! Көкірегі ашылар.


Өзіңдей ақиыққа серік болса, арманы не?..



  • Барасың ғой, ә, Әбішжан? – деп Әсет қамқор қормалдықпен шыңдай түсті. Әбіштің солғын жүзі албырап сала берді.

  • Ықыласыңызға құлдық, аға! Сіз ілестірсеңіз, қайда болса да барамын!..

  • Онда әзірлен. Бір-екі күннен кейін жүреміз!.. Әсеттің пейіліне жұрт сүйсінді. Тіпті кейбір жастар Әбішке қызыға қарасады. Өнерін таныды ма, әлде, мүсәпірлігіне жаны ашыды ма?..


Астан кейін Әсет ән салды. Саудыраған сұлу үн бір өрлеп, бір төмендеп толқыды. Бұрала бұраңдады. Ойнақ салып орғыды. Аспан аясында аунақшып жүр. Жастар аңыра тыңдаса, үлкендердің көздерінен жас парлады. Ән әуенінен сағыныш, арман, өкініш лебі еседі. Соған қосылып күрсінісіп, күңірене өксиді.



  • Көп жаса, Әсетжан! – деп ақ ниетін айтты әнін аяқтаған ақынға Саржан. – Өзің таратқан еліміздің әнін естіп, жүрегіміз сусындады. Сағынышымыздың өртіне су септің! Көсегең көгерсін!..


Әсет жұрттың неге боздап отырғанын түсінді. Оларды жұба- ту үшін ойнақы әнді қайтадан еселеді. Жұрттың өксігін басып, шөлін қандырды...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу