03.01.2022
  292


Автор: Құрманбай Толыбаев

ОЙ, ДҮНИЕ-АЙ!

Бойына  туа  біткен  табиғи  қасиеті  ме,  әлде  көңіл  күйінің қылаудай қылпығы кілт өзгеретінінен бе, кей кездерде адамның да өзінен-өзі бұрқ-сарқ қайнап, қою қара бұлты сапырылысқан


өткінші жаңбырдай ағыл-тегіл ақтарылатын сәттері болады екен. Ешкімге жария етпей, ішке сақтаған ойлардың кеу- деге сыймағаннан кейін сыртқа тепкен түрі ме немесе адам толғанысының көзге көрінбейтін құбылысы ма бұл?..


Соңғы күндері мұндай шиыршық атқан құбылыс Әсеттің де мінезінен жиі байқалып жүрді. Көкейіне қонақтап, жатып алған ән құсы ұшуды көксеп талпынып, аласұрғандай. Аспанға самғап, шарықтауды тілеген соң тынымсыз талпына ма, кім білсін? Өйткені шалқар әннің ақтарылып төгілмей, бір қуыста көлдей көлкіп жатқанына бірталай уақыт өтті?! Өзі сол өзгерісті басқаға сездірмеуге тырысып бағады. Бұл егілсе, әр адымына бағатын, үміт артатын өзге жұрт бордай тозбай ма?.. Осы ой тоқтау боп, тежеле береді.


Әсеттің бойынан көзге ұрып тұрмағанымен, аздап білінетін тағы бір өзгешелік – әлгіндей бұрқанған шағында өзін мүлде ұмытып кететіні. Домбырасын қолына алса, ән салмаса да ша- быты желпіндіріп, жараған бурадай бауырқанады. Тостағандай дөңгелек ала көзі жасаурап, жанарынан ұшқын шашырайды да, пернелердің үстінде ғана зарлы әуеннің бебеулеген сарынына елтіп қалады. Көзі жабырқай сүзіліп, мұң торлаған жанары алысқа қадалады. Қараңғы түн ішінде жылтылдаған шоқтай жайнайды. Қара көлеңкелеу үйдің іші тарлық еткендей тыпыршиды. Өкпесі қысылып, тынысы тарылғандай алқына дем алады. Ауызын аз ғана ашады да, жиі-жиі ауа жұтады. Танауы қусырылып, балықтың желбезегіндей үсті-үстіне желпілдейді. Бітімі сом, шымыр денесін


 


бір сиқыр арбағандай, оңды-солды ессіз ырғалады да, болар- болмас қимылмен екі жағына алма-кезек теңселеді. Қақпақтай жалпақ жауырыны тұтас қозғалады. Бітеу ағаштай жұмыр кеудесін шалқалай керіп-керіп қояды. Айналасындағы қыбырды мүлде ұмытқан.


Сол арада есік ашылды.



  • Армысыз, Әсаға?!


Қуанышпен елбіреген дауысты құлағы шалғанда, алысқа қадалған жанарына мөлдір жас іркіліп тұра қалды. Ашандау арық, ұзын бойлы, сұйықтау қара мұртты сұңғақ жігітке бетін бұрды да, сөйлеуге тілі келмей, үнсіз қалыппен ыржия күлді. Аздан кейін құшағын ашты. Үні қалтырап, үзіле ұмсынды. Сөзі де шашыраңқы.



  • Бар бол, Қадешім!.. Сонша ұзақ сарғайтқаның не? Ат ізін салмай, қайда жүреің? Амансың ба, бармысың?..

  • Ел қайда, Еміл қайда еркелейтін... – деп, қара мұртты жігіт қарс ұра күрсінді де, еңкейіп келіп, Әсетті қапсыра құшақтады. Солқылдай өксіді. Әлгі сөзімен-ақ бар жағдайын ұқтырғандай еді. Бойын қайта жазып барып сөзін әрі жалғады. – Іргеміз бос қой, Әсаға. Қыстан қысылған соң үйден де шыға алмадым. Тұсау болған баяғы мал-жанның қамы...


Іргесі айналдыра морланып, туырлықтың етегі топырақпен көмілген төрт қанатты киіз үйдің іші күңгірттеу. Бірақ жылы екен. Жиһазы да жұпыны. Барының өзі тең-тең боп буулы тұр. Көшетін үй секілді. Манадан күйеуінің көңіл күйін сырты- нан баққан Тәтіжан оң жақтағы іргеде балапанын бауырына басқан тауық құсап, кішкене екі баласын құшағына кысып, үнсіз отырған. Қонақты көре салып, орнынан ұшып түрегелді. Қара


торы жүзі қызара бөртіп, тұнық қара көзіне жас толды.



  • Амансың ба, тентегім? – деді еркелеткен назды үнмен.


Көзінің жасын сүртіп келіп, құшақтасып көрісті.



  • Амансыз ба, жеңеше? – деп қыстыға күлген Қадыриханның да даусы қалтырады. Тәтіжан да мұң шақты.

  • Сағындық қой сендерді!..

  • Айдынын аңсамайтын құс жоқ. Бұдан әріге шыдай алма- дым. Ауылдан әдейі іздеп шықтым...

  • Кел, отыршы мұнда!.. – деді Әсет қасына шақырып.


Лезде жүздері жайнап, жанарларында салтанатты ұшқын жылтылдады. Ауыл жігіттерінің өзін қадірлеп еркелейтіні Тәтіжанның да төбесін көкке жеткізетін. Қадыриханның ерке


 


үнін естіп бір жадырап қалды. Сорғалаған жасы сағынышын да, қуанышын да сездіреді.



  • Сіздермен аман-сау дидарласып, шерім бір тарқады-ау, – деп жайраңдаған Қадырихан көзінің жасын жасыра сүртті. Қайратын жиды. Жер төсектің жиегінде өзін күтіп отырған Әсеттің қасына барып, қайтадан қапсыра құшақтады да, еркелеген балаша арсалаңдаған күйі тізесіне сүйеніп барып жантая кетті. Әсет те еміреніп, күле берді. Ашық қабақпен қарасып, мейірлері қанғаннан кейін дағдылы хал – жай сұрасуға көшті.

  • Ел-жұрт аман ба?

  • Тау қопарылып, тас шағылса да, қазақ баласы мекенсіз қалмайды екен, Әсаға... – деді Қадырихан ойын шиырлата жұмбақтап. Аз үнсіздіктен кейін анығын айтты. – Бұратала мен Арасан жоталарының жыра-жылғасын паналап жүрген жайымыз бар. Шөбі қалың, суы мол. Қалмақ пен қазаққа жететін сықылды.

  • Ел тыныш болса – бағы сол, – деді Әсет басалқалы түрмен. Оның есіне тағы да жер дауының, ру таласының құрбаны болған Демежан түсіп еді. Мұндағы елдің күйіне көңілі көншіді. Қадырихан ел жайын толығырақ шолып, күн көрістерінің түрін түсіндірді.

  • Қазірше тыныш, түртпек жоқ. Бірақ босқын елдің күйі бұрынғыдай қайдан болсын. Ұясы бұзылған құс секілді.

  • Елдің көшкені ғана емес, өмірдің өткені де жанға батып тұр- ау, Қадырихан...


Қамыға күрсінді Әсет. Оның күйініш-күйігі көп еді. Бұған дейін салған әнінің сарынымен делебесі қозып жүріп, дүрілдеп өте шығатын. Ал соңғы жылдары көзбен көргендерін екшеді, әр істің мән-маңызына ой жүгіртіп, сарылуы молайған. Өз әндерінің ел ішіне кең таралғанына қуанғанымен, ақын тұрғысынан тындырғанына қанағат етпейді. Елінің өміріне, мұң-зарына ара- ласа алмапты. Мұны да көп қиындықты басынан кешіргеннен кейін барып ұқты. Өткен күздің қара суығына дейін ол ұзақ сапар шеккен. Сонау Өралтайдың бергі етегі – Сауыр елін аралып, Еміл өңіріне қайта оралғанда елінің босқынға ұшырағанын білді. Өз үйінің ауған елмен бірге Бұратала маңына барған тұспалын ести сала еш жерге бөгелместен суыт жүріп жеткен. Қызылтұз көлінің желкесін сағалай басып, Шайтанбұлақтың басын ықтаған ауылға бір түнеді де, Бұратала өзенінің оң жақ бетіндегі Бөрілі сайын қыстап отырған бір шоғыр ауылдың ішінен өзінің үйін тауып алған. Сол қайта табысқан күннен бері босағадан аттап, ешқайда шықпады. Қыстық пішен шауып ала алмаған елдің қолданған


 


шаралары да өзгеше. Осы алқаптағы түп-түп шиді көктемге дейін азын-аулақ малдарына жетсін деген есеппен әр үй бірінен-бірі іргесін алшақтау салып, оңаша қонған. Қыстан қысылмау үшін әрқайсысы өз үйінің маңындағы шиге мал жаяды. Жылқы қалың қасат қарды тұяғымен теуіп, шидің түбін аршып жайылады, Суси сырғып, өрісін кеңейтеді. Ал сиыр мен қой жылқыдан қалған тебінді шидің түбін кешке дейін қажалайды.


Әсеттің де күн көрісі осындай халде еді. Кейде өзі барып, ши түбінің қарын күрейді де, сиырын жаяды. Мұндайды бұрын істеп көрмегендіктен бе, қатты жүдеп жүрген. Қадыриханның келгені жотасынан зіл батпан ауыр салмақты аударып тастағандай, жаны жадырап-ақ қалды.


Төңіректегі үйлердің кісілері де елеңдеді. Әсет үйінің алдына байланған бөтен атты көрген соң, қыс бойы бұл ауылға алғаш келген жолаушыдан әлденендей хабар-ұшар естуге құмартқан. Әр тұстан ағыла бастады. Тәтіжан дастарқан жайып, шай құйды. Елдің жай-күйі ұзақ әңгіменің арқауы болды. Ақырында осында жиналғандардың қалауын қаба сақалды қара шал жария етті:



  • Әсетжан, өткен өмір – ескен жел. Алғы күнге үміт артайық. Алыс жолдан арып жетті ғой, көңілі орнықсын, тынықсын деп, сені әурелемей жүруші едік. Қашанға дейін бұйыға береміз... Бүгін мөрті келіп тұр. Мына жұртың дауысыңды аңсап, зарығып отыр. Бұл тілек Әсеттің де қамығыңқы жабырқау көңілін оятты.


Терісінің құрыс-тырысы жазылып, шешіле ақтарылды.



  • Жапандағы жалғыз ағаштай сорайып қалып ем, саялайтын жан болмай. Қадыриханды көрген соң, бойыма қан тарап, көңілім бір өсті. Қүйініш азабынан құмығып, тұншыққан түрім бар. Елмен бірге мен де тыңдайыншы ән сазын, бұйыққан жаным жадырар ма екен? Дүние тынысының есігін сен ашшы, Қадырихан!..


Әсет өздерінің ескі дағдысына басты. Той-жиында ол өзінен қалмай еріп жүретін Қадыриханға ылғи да жол беретін, сауықтың бетін алдымен ашқызатын. Қадырихан да қаңсып жүрген сықылды, түлегендей құлшына қимылдады.



  • «Көңілді Әсет келді көтергелі,» – деп, Кемпірбай атамыз айтқандай, Әсағаңның көңілін көтеру үшін шама-шарқымның жеткенінше тырбанып бағайын...


Жүзі нұрланып, езуіне күлкі үйірілген Қадырихан домбыраның құлағын бұрады. Қоңыр саз күмбірлеп, сылаңдаған ерке әннің сарынын құйқылжытты. Сәлден кейін жіңішкелеу биязы даусы үй ішін самалдай желпіді.


 


Ай, Бөпем, Әсем басып, а-хау, бұлаңдаған, Аққудай көлде жүзіп, ай, сылаңдаған.


Көлбеңдеп көз алдымда, а-хау, әй-әй Бөпем, Келбетің сәуле шашып, ай, тұр-ау маған.


А-хоу,


Бөпем, Бөпем, Жаным еркем, Жан сәулем, Дидарыңды-ай,


Көрер ме екем-ай?..


Қадалған көздер жаудырады, мұңдары шайылғандай күлімдей бастады. Кейбір кірпіктерде жас тамшылары су моншақтай жыл- тырайды.



  • Ой, дүние-ай!.. – деп дуылдай желпінді үлкен-кіші жүздері албырап. Осы түрлерімен-ақ кешегі күндерінің қызығын аңсап, арман еткендерін сездірді. Кеуделеріне қуаныш сәні қайта ұялап, талпынғандарын тапқандарына мәз. Әннің ерке әуені бойларына жалын сепкендей ажарлары әрленді. Әсет домбыра ішегін саума- лай шерткен Қадыриханның сүйір саусағына ентелей қадалады. Бейне адасып қалған асық дүниесі сол баяғы қалпынша қарсы алдына келіп, еркелей шақырып тұрғандай ұмсынады. Әншінің сылқым даусы қайта көтерілді.


Даусым Бөпем әнге, а-хау, ырғалады, Күй толқып, көкейімде-ай, жыр жанады.


Шырқатып Бөпем әнге, а-хау, салғанымда, Бал болып жүрегімде, ай, сыр қалады.


А-хоу,


Бөпем, Бөпем, Жаным еркем, Жан сәулем, Дидарыңды-ай,


Көрер ме екем-ай?..


Жел шайқаған шыбықтай бұралған ерке ән кең көмейден суы- рыла ақтарылып, тыңдаушының кеудесіне бал құйып жатқандай. Ән әсері ме, әлде, қызықты күндерін сағынғандары ма, қыз- келіншектердің бәрі күрсініп койды, солқылдай егіледі. Біраз суырылып барып тоқтаған Қадырихан:



  • Мен болдым... – деп, домбыраны Әсетке ұсынды да, өтінішпен қиыла қарады. Оның ойын қара шал қостады:

  • Шырқашы, Әсетжан, шөліміз бір қансын!..


 


Әсет домбыраны алды. Малдасын құрып, қаққан қазықтай тіктеніп ыңғайланды да, көп бөгелместен ышқынта ащы айқайға басты. Кеудесін жел кернеді, қысқалау мойыны көріктің алқымынша кеуіп, тырсия ісініп кетті. Домбыраның кейде безілдеп, кейде ыңырана бебеулеген қоңыр үніне ілесе құйқылжыған тұнық дауыс аспанға самғады. Мүлги бұйыққан шұңғыл сайдың ішін жаңғырта дүр сілкіндірді. Асаудай аты- рылып, көкке шапшыған ән қырандай қалықтап, қиырға қанат қақты. Сарылы түнді кернеп, асқындай сарқырайды. Тынысы кеңи бастағандай барған сайын өршелене үдеді.


Құштар жанды жадыратқан алмастай өткір, бұлақтай мөлдір дауыстың алғашқы серпіні құлақ тұндырардай өткір шыққаны- мен, лезде төмен сорғалап, кеңістікте қалқи теңселген құстай баяу тербеліспен жосыла сырғыды да, ырғағын кілт өзгертіп, ширатыла есілді. Сол мезетте сыбызғыдай сыңғырлап, көңіл алқабына қарай жаймалана өріс алды. Әннің ендігі қоңыржай желісі жүрекке жылылық нұрын себелеп, желге желбіреген жібектей сусылдады. Көріктей гулеген көмейден төгілген ырғақ бұршақтай саудырап, шалғындай шайқалады. Мың бұралып, көл бойындағы көк құрақтай теңселеді. Сәуледей құбылған әуеннің сарыны тыңдаушыларды балбыратып, жан-жүйесін баурап алған. Әні мен дауысына халқының тәнтілігін біліп, соған шексіз сенгендіктен бе, әлде, әнді саудаға салып, бұлдап көрмегендіктен бе, қашан, қайда салса да – Әсет өз әндерінің бірде-біреуінің атын атап, түсін түстеген немесе тәптіштеп түсіндіруді салт еткен емес. Әннің тарихын баяндап, мазмұнын ұқтырып әуреленбейді. Оны артық санайды. Ән әсерлі әуенімен барлық сыр-сипатын өзі танытуға тиіс. Елге тарихынан гөрі әннің өзі керек. Жаратылысы солай ма, өздері шығарған әндерін дәріптеп, өліп-өшу дағдысы қазақ әншілеріне жат қылық. Ондайға менмендік, мақтаншақтық, даңғаза даурықпалық деп қарайды. Ал әннің қалай туғанын, қалай өрбігенін басқалар айтып жатса, оның жөні бір бөлек. Ұнатқандығының белгісі. Кейде Әсет те бұрын ел естімеген, басқа жақтан үйреніп қайтқан әндерді орындағанда, оны кімнің қалай шығарғанын өзі де атап айтады. Әншілік өнерінің салты осылай болуға тиіс деп ойлайды. Өмір бойы өзі әнін де, өлеңін де бұлдаған кісі емес. Елі қаласа – аянбайды. Қазақ ақындары мен әншілері


өлеңін де, әнін де сатпайды. Әсет те соның бірі.


Әннің көмейінен сарқырай ақтарылуы көбіне Әсеттің көңіл күйіне байланысты. Кейде қара дауылдай дүрілдейді күркіреп. Кейде зыр жүгірген бұлақтай сылдырап ағады. Сондықтан болар,


 


оның дауысын көп естіген, әні мен өлеңінің сырына қанық кісілер:


«Әсет әбден қызып алған кезінде өлеңді қалай тоқтаусыз төпелей төксе, әнді де солай нөпірлетеді. Бір әуенін екінші қайталамайды. Таңға айтса да, салған әндерінің ырғағы біріне-бірі ұқсамайды», – десіп, таңданысады қайран болып. Онысын құдірет санайды.


Осы отырғандардың ішіндегі үлкендер – бала жастарынан Әсетпен қатар өскендер. Той-думанға бірге барып, бір табақтан дәм татқандар. Ұзақ жыл үзеңгі қағысып, құлын-тайдай тебіскен құрбы-құрдастары, сыйлы ағалары. Ескіргеннен ел-жұртты бірге аралаған, қызықты бірге көрген. Оңашада сыр шертісіп, мұң шағысқан сырлас жандар. Үйлерінің іргесі ажырамаған. Әнші мінез-құлқының алуан қилы құбылысын, қылыштың жүзіндей қылпыған өзгерістерін бұлар қалт жібермей қабағынан таниды. Көп жылғы жүріс-тұрысы да, көші-қоны да ажырамаған. Кейде бір ауылға түстенсе, келесі ауылға қонағаға барып түсетін. Сол екі аралықтың қаншалықты алыс-жақындығы есепке алынып жатпай- тын. Серуенді-сәнді жүрістерінен жалықпайтын. Сәні – әні. Оны өмірдің әдеттегі ағысы деп ұғысатын. Белес-белес белдерден, қат- қабат қыр-қырқалардан асқанда, шөл-шөлейттерді, бұйрат құмды басқанда сұлқ жатқан сүлесоқ өңірді әнмен тербейтін.


Ел аралағанды өзінің парызы деп есептейтін Әсет сарыл- малы ұзақ жол үстінде өрттей лап етіп, қалт серпілетін де, бір әнді шырқай жөнелетін. Содан кейін қасындағы серіктеріне ән мен өлеңнің терең тамыры жайында шешіле әңгімелейтін. Бұл тәлімді ол Абай ауылынан үйренген. Ақын кейде өлеңнің сырын да шерте жүруге тиіс екен. Сол қылығымен әнге, өлеңге әуес жастарды жаңалыққа еліктіріп, өнеге ұсынатын. Ал дастарқан басындағы мінезі бір басқа. Алғыр ойымен, тапқыр сөзімен, білгір пайымымен үлкен-кішіні ауызына қарататын. Мұндайда көбіне басып өткен жолдарындағы көрген-білгенін, аралаған елдердің жай-күйін кең толғайтын. Айналып келіп сөзінің соңын өнерге тірейтін. Сонда өзі аялайтын өнердің ауқымын ұқтыратын. Қай ән қайсы өңірдікі, оны шығарған адамның құдірет-қуаты қандай, анықтап баяндайтын. Оқыған- тоқығанын да жайып салатын. Тыңдаушылардың білігін молайта түсу үшін тәптіштеп, бүге-шігесіне шейін тізбектеп айтатын. Әсіресе, Біржан мен Ақан серінің өнеріне тоқтағанда, мейлінше құрметтеп, құлашын жая сермейтін. Елдің ерекше туған перзенттері деп ардақтай аялайтын. Өзінің асыл ұстазы санайтын. Шынайы сүйіспеншілігін, ізет-ілтипатын, құрметін танытатын. Ал өлең-сөзге ауысқанда Абайды пірі тұтып,


 


білгірлігімен жұртты тамсандыратын. Одан бөлекше тағы бір өрісі – шығыс халықтарының ертегі, аңыз сынды қазыналары. Ол өзі өлең қып айтатын көп әңгімелерінің қайнар бұлағының сарқылмас көзі болатын.


Бүгін де біраз әнге басқан Әсет ойысып кеп өлеңге көшті де, шешіле ақтарылды. Жүдеп жүрген елдің шерін тарқатып, мейірін қандырды. Көңілдері көншіген кісілер ел жата тарасқан...


Соның әсері ме, әлде, жұртты сергіте түскісі келді ме, келесі күні Әсетті кешегі өткен сауықтың мұрындығы боп жетелеген Қаумен шал үйіне шақырды.



  • Қашанғы жабыға береміз, Әсетжан. Барымызды бөле жеп, көңілімізді жамайық. Бүгін осы ауылдың адамдары менің дастарқанымнан дәм татсын!..

  • Қалауыңызды орындаймын, Қауке, барамыз, – деді Әсет разы болып. Бойын құрсап жүрген белгісіз мұңның тұманы айыға бастағандай. Қауменнің үйіне жиналған түні де сауықты Қадырихан бастады. Аяғын Әсеттің өзі қостады да, әннің туын түнгі аспанның төріне көтерді. Қату қабақтар жадырады. Мұңды жанарлар жайнады.


Қаумен шал бастап берген сауық кеші одан әрі бірден-бірге жалғасқан кезекке айналды. Ел ықыласы Әсеттің бойын сергітті... Қарға аунаған түлкідей құлпыра жайтаңдады. Көңілі алағызып жүріс тіледі.



  • Түйенің құмалағындай шашырап, әр тұсқа бытырап кеткен елді біраз аралап, жұбатып қайтсақ қайтеді, Қадырихан? – деді Әсет бір оңашада. Шәкіртінің айналшықтап, айта алмай жүрген қалауы да осы болатын. Ол сондай іске бел байлап, арнайы қамданып келген.

  • Тамылжып көктем де шықты. Қар кетті, жердің етегі де кеңіп қалды. Жеңешем енді қысылмас... – деп, Қадырихан шаруа жайына ойысып еді, күйеуінің жабырқау, жадау түріне қинала алаңдай беретін Тәтіжан іркілмей демеді:

  • Шаруа дейтін неміз бар?.. Бір сиыр мен бір биені құйрығынан ұстап жүрсем де бағармын. Ағаң сарғайып бітті, қапасқа түспеген бұлбұл емес пе?.. Маған алаңдамай-ақ қойыңдар...

  • Айтпасам да сезеді екенсің-ау, Тәтішім, – деп елжірей қуанды Әсет әйелінің момақан жүзіне еркелете қарап. Тәтіжан ақсия күліп тұр.

  • Неге білмейін... Сен – дауылсың, мен – тұтқамын!.. Ары- ныңның лебін сезуге тиіспін ғой...


 



  • Дәл таптың!.. – деді Әсет басын изей мақұл боп. Қадырихан мұны келіскенге жорып, алдағы сапарларының бағытын айтты:

  • Өзіңіз сайрандап өскен Жетісудың бір айдыны – Іле өзені.


Соның бойын қоныс еткен елге барыңыз, Әсаға.



  • Өзімнің де мөлшерім сол, – деді Әсет. Сәл ойланып ба- рып, әйеліне аса ыстық мейіріммен, қимастықпен қиыла назар салды да, еркелете сипай айтты сөзін. – Тәтіжан, менің іштей күйзелгеніме, қинала қамыққаныма жаның ашып, азап шегіп жүретініңді сезетінмін. Сені де қоса күңірентпейін деп, үндемеуші ем. Ошағымның тұтқасы өзің екенің рас... Жаңағы байламың шын болса, мен Қауменге барайын. Осы ауылдың қариясы ғой, сендерді аманат қып табыстайын, көзінің қырын сала жүрсін. Далаға таста- мас, сонда да...

  • Ауыз бірлігі берік ауылмыз ғой ежелден. Иә, сонда да «соқыр сорапты таңдамайды», жолға шығатыныңды ескерте сал...


Әсет пен Қадырихан түс қайта Қауменге барды. Ақ пейіл, дарқан қария асын ұсына отырып, қуана құрмет көрсетті де, Әсет- тің өтінішін ықыласпен тыңдады.



  • Әсетжан, бізге сеніп, арқа сүйеп өсіп ең... Сол көңіліміз баяғыша, – деді иландырып.


Көңілі орныққан Әсет келесі күні жолға шықты. Күн батыстағы асқар таулардың құшағынан бас алған соң етектегі жалпақ аңғарды қақ жарып, шығысқа қарай ағатын Бұратала өзенінің оң қанатымен өрлей жүрді. Одан Арасанның қалың қырқалы жон-жоталарының етегін басып өтті де, саласы ұзын Қара бұқаның қойнауындағы елге жетіп қонды. Іздеп келгеніне қуанған жұрттың меселін қайтармау үшін біраз ән салып, қонақ кәде жасағанымен, отырысты ұзаққа созбады.


Жолаушы сапарының алыстығын естіген соң, мұндағылар да онша қинамады.


Күн шыға атқа қонған Әсет пен Қадырихан түс әлетінде Шұбырты кезеңінен асты. Бастау бұлағының басында отырған Ғабдырахман саудагердің үйіне түсті. Ол – күзге қарай қалың қазақ жиналатын Көктұма базарының құлағын ұстап жүрген кісінің бірі, ескі танысы. Әсеттің келгенін естіген ел бұл үйді де әп-сәтте басып қалды. Мұнда да көз таныстары көп екен. Көріспегелі талай уақыт өткендікі ме, өзеурей амандасты. Сарыла сағынып, аңсап жүрген түрлерін аңғартты. Үш күн бойы ырық бермеді. Әр үй барын ал- дына жайып, ықылас-пейілмен аялады. Әншінің даусына қанбай ынтықты. Әсет те аянбады, күн-түн демеді, ауылды әнге бөледі. Төртінші күні ғана сәскеге таман аттанды.


 


Бұл ауылдан Әсеттің қасына Әріп ақын қосылды. Бала жасы- нан соңына ерген серіктерінің бірі. Жасы кіші болғанымен көңілі жарасқан досы. Жақсылыққа құштар жігіт. Әсетті аға тұтады, қатты сыйлайды. Мінез-құлқының қыр-сырына қанық. Ренішін де, күйінішін де қабақ қағысынан таниды. Мұның да термелей ырғалтатын жол жорғасы бар. Әннің қасиетін, өзгешелігін айыра алады. Әсеттің әні мен өлеңіне мейлінше ден қояды. Қиссаларын жазып алып жаттап, айтып жүреді.


Байқап қараса, Әсет сарылып отырып өлең жазған, қадалып отырып ән шығарған адам емес екен. Көкейі көл, ән мен өлеңнің алтын сандығы сықылды. Туа біткен дарыннан түлеген талант. Айқай-сүрең жебейтін тұлпар сияқты, жұрттың ыстық ықыласы еліктіріп әкетеді. Сондай кезде өлеңді де, әнді де нөпірлете төгеді. Жалыны лапылдаған аса қызу жиын-топтың ортасында гүлдей құлпырады құлшынып. Бейне анасына еркелеген балаша жайраң қағады да, топтан озған жүйріктей ойнақтайды. Шабыты арнасына сыймай шалқиды. Тасқындай жосылып, сарқырай сорғалатады. Осындай ән ағыны ақтарылған кездерде әлсін-әлсін тың, бұрын естілмеген әуен, жаңа ырғақ та өрлейді. Сол заматта Қадырихан сықылды ысқаяқ әншілер әлгі әуенді жадында сақтап қалу үшін бар зейіндерін салады. Үйреніп үлгергені мақсатына жетіп, қолына бақыт құсы қонғандай қуанады...


Кешелі-бері талай арынды сарын ақтарылды. Алғаш рет Қадырихан: біз жоқ жерде мынадай әуендердің талайы бұлтқа сіңген жұлдыздай ағып өте шығады екен-ау деп күйіне ойла- ды. Ал жатталғандары әр жерде, әр кісінің аузында айтылып та жүрген шығар. Оны кім айырып жатыр... Серіктері Әсет көңілінің шалқығанына мәз. Шырқау көкке самғап, сұңқардай әуелеген әнге айырықша ықылас қоймасаң, лезде адастырып, ізін білдірмей кетеді екен. Осыны Әріп аңғарыпты. Бұрын қоян-қолтық араласып жүргенде мұндай құбылысқа ден қойған кісі болмапты. Енді ұзақ уақыттан кейін сағынып, аңсап көріскендікі ме, әрбір әннің де, өлеңнің де өзіне тән сипаты анық байқалады. Бәрі жаңа. Бұрын естілмеген леп.



  • Мен өлеңін бағайын, сен әннің әуенін жадыңа сақтап қалуға тырыс, – деді Әріп таңырқап, сүйсіне еміренген Қадыриханға. Міндет бөліскен екеуі ән мен өлеңге ықылас-ынталарын салды, Төгілтіп отырып, кілт басқа сарынға ауысқан кезінде Әсеттің көзі шоқша жайнап, жүзі албырай балқиды. Алабұрта бұлқынып, құшырлана шырқайды. Осы қылығына қарап-ақ бұл әуеннің көкейінен жаңадан туған тың сарын екенін зерек шәкірттері


 


сезе қояды. Бір жақсысы, Әсет мұндайда сол сарынды бұзбай қайталап, ұзағырақ айтады. Басқа ырғаққа ауыспайды, Ұғып алыңдар дегендей соза түседі. Әлгі әуенмен жымдаса қабысқан өлеңді де түйдектете төпейді. Маңдайы жіпсіп, денесі қызған сай- ын құлшынады, нөсерлете төгеді. Мұнысы: «мен жаңа ән салып отырмын» деген белгісі сықылды. Осы қылығын бұл түні Әріп те, Қадырихан да айқын сезді.


Әсет өзі шығарған әндері секілді, жазған өлеңдеріне де, тіпті желілі қиссаларына да өз ауызымен ат қойып, айдар таққан қісі емес. «Мұны мен шығардым» деп жар салғанды өрекпе дақпырт деп ұнатпайды. Оның ойынша – мұның бәрі ақынның істеуге тиісті табиғи борышы. Әсеттің жаңа шығарған әндеріне, жаңадан құраған өлең-қиссаларына ат қойып, азан шақыратындар – достары, шәкірттері, жанашырлары. Олар әуеннің ырғағы мен сарынының көкейге қонымдылығын саралап, затына сай ат тағады. Талапкерлер жаңа әуенді құлағы шалған заматта ынта қойып, зейіндерін сала жаттап алады. Содан кейін ақынның бір тыныс алған кезінде ұстазының алдында емтихан тапсырған шәкіртше үйренген әнді, жаттаған өлеңді қайталап айтып береді. Бұл әдет үлкен дарыннан баға алу ма, сыйлау ма немесе жүгініп, сыннан өту ме, оны ешкім айырып жатпайды. Талапкер жігіттер үйренгендерін айтқанда Әсет те ұйып тыңдайды. Сонан соң құлшынған әуесқойларға әуенді бабына келтіре айтудың әдісін түсіндіріп, кем-кетігін жетілдіріп үйретеді. Кедір-бұдырын ашалап айырып, айқындап көрсетеді. Тақыстанып түртпектемейді, таба- лап тапамайды. Мұндай қылықты жас талаптың бетін қайыратын жағымсыз әдіс санайды. Көңілін қалдыратын, меселін басатын өзімшіл озбырлық деп біледі. Зерделіні қамшылаудың қажеті жоқ, жебеу керек. Тұлпарды бұзатын – зорлау.


Әсет анда-санда бір оңаша отырыстарда өзін төңіректеген өрімталдай жастарға ән салдырады. Дауыстарының мәнерін әдейілеп тыңдайды. Сөйтіп, әрқайсысының аужайын, шама- шарқын байқайды. Олардан именіп жасқанбай, өздерінің өнерлерін қаймықпай ортаға салуды талап етеді. Әр шәкірт өзі қалаған әнді айтады. Кейбіреуі Әсеттің әнін салса, қибыжықтап қалады. Он- дайда Әсет абыржытпайын дегендей, қыбырсыз отырып, пейілмен ынта қояды. Қашан ән аяқталғанша бірде-бір кісінің дыбысын да шығартпайды. Әуен сарынын бұзып, ортадан кимелегендерді ұнатпайды. Ән салушылар түгел өнер көрсетіп біткеннен кейін барып, сөз бастайды. Әннің әлі пісіп жетпей жатқан бұралаң бунақтарын, қалай айтса дауыстың ашық, көсіліп шығатынын,


 


домбыраға үйлестіріп мәнерлеудің жөн-жосығын үйретеді. Шын пейілмен ескертіп, жаймен ұғындырады. Ал Әсет жоқ жерде әлгі әншілер «бұл Әсағаңның әні» деп, әуенді бастар алдында арнайы ескертуді әдетке айналдырған... Сол Әсетті аңсап жүрген бір қауым талапкерлер кешелі-бері бір-екі дүркін осылай сынақтан да өткен... Шилісайды құлдаған тарлау соқпақ үстінде үнсіз тізбектеліп келе жатқандардың ішіндегі Әріптің ойлағаны Әсеттің осы артықшылықтары еді.


Жәй аяндаған үш салт атты сайдың аузына шыға бере оңға бұрылды да, биіктеу жұмыр төбенің басына тоқтады. Бағыттарын бағдарлап аз кідірді. Солтүстіктен оңтүстікке қарай көлденеңдей сұлап, қиғаштаған қалпы бір қиырға шұбатылған, төбесі көкпен астасқан ақ бас таулардың күн шығысқа тіке созылған етегі бірте-бірте жаймаланып, жатаған адырларға ұласады екен. Тау бөктерінен алыстаған сайын жер беті аласарып, одан әрі құмдауыт төбелер мен жазық далаға жалғасады. Сол адырлардың солтүстік шығыс етегін жанап ағатын Бұратала өзенінің алабы – ойдым- ойдым ешкі тал, киіз терек, жиде ағаштары. Кей тұсы ұйысқан қамыс, шоғыр-шоғыр шеңгел, селдір жыңғыл бұталары. Басқа на- зар аударатын қылпық жоқ. Қыры – тап-тақыр тұлдыр. Шағылды сарғылт дала күн шығыстағы Қызылтұз көліне тақағанда, үйір- үйір сексеуілі сексиген шоқалақ құм төбелерге айналады. Күн батыстағы заңғар таулардың алқымына тірелген Арасан жерінің сай-саласы шұрайлы жайылым. Әр сайдың аңғарын қазақ пен қалмақтың малшы ауылдары ықтай қоңыстанған.


Қары кетіп, күн жылынғаннан кейін ғана малшылар көктем шуағына балқып, көгі тебіндей бастаған қырға көшіп қонған. Ортақсарының сары қырқалары – олардың төлдері әбден аяқтанып болғанша жылжымайтын көктеуі. Қойларының жабағы жүнін де осы арада қырқады. Бұл да көшпелі ел тіршілігінің ағысындағы елеулі науқан. Жүн – олардың киімі, үй жиһазы, ою-өрнегінің көзі. Төл алудың қызығына батып, азабын бастан өткерген елдің көңілі енді жайдары. Әсет біткен жұмыстың бәрін байқап, елдің көңіл күйін іштей сезініп келеді.


Биылғы көктемнің шуақты күні жылт еткенде-ақ Арасан өңіріндегі елді аралауға шыққан Әсет әр үйдің сыйлы мейманы болған. Мұндағылардың бәрі де өзінің көнекөз таныс-білісі. Құшақ жая қарсы алысқан. Өлгені тіріліп, өшкені жанғандай қуанысады. Сөйтіп, ауылдан ауылға қыдырыстап жүргенде бір сыпыра уақыт та өтіпті. Міне, енді күн жылынып, жердің бетін көк майса жапты. Ауыл адамдары күні бойы мал соңында жүреді де,


 


кешке қарай үлкен-кішісі түгел бір үйге жиналады. Содан кейін тамсана ынтығып, Әсетті қаумалайды. Ондайда көбіне сауықты алдымен ауыл жастары бастайды. Жүйрікті баппен ұстап, зар күйіне түскенше күтіп, мәпелегенде ғана бәйгеге қосуға жарайты- ны сияқты, толғағы пісті-ау деген мөлшерде ғана қариялар Әсетті ортаға алады. Еркелете әлпештеп, сылап-сипайды. Жаппай топыр шабысқа қоспайды. Әнді жеке-дара айтқызу үшін жемге талпынған құстай қызбалана тықыршыған кезде ғана қолқа салады. Сондай аса ыстық ықыласты баппен мәпелегеннің өзінде де екі түрлі тәсіл қолданады. Бірі – ыңғай ән салдыру, екіншісі – тек қана өлең не- месе қисса-дастан айтқызу. Бұл дәстүр де ақынның сол күнгі көңіл күйіне орай қалыптасқан еді. Құлшынып отырса – ән салудан жалықпайды. Ал қабағына сәл ғана кірбің қонса – өлең айтады. Ол шаршағанының белгісі. Ондайда адам өмірінің жайын толғай шертеді. Ел өз талабының орындалуынан ұтқырлық күтетін.


Әсет ән салғанда немесе көпшіліктің қалауымен өлеңге көшіп, қисса-дастан айтқанда бұлардың бірін-біріне араластырмай- ды. Әрқайсысына бірөңкей кетеді. Ән салғанда қосып айтатын өлеңінің ауанына сай әлсін-әлсін әуен ауыстырады. Ал қисса- дастан айтса, «ә» деп бастаған сарынынан онша ауытқымайды. Таңға танбайды. Желдірме сарынмен желеді де отырады. Бір әуенді бастай салып, іле тағы бір сарынды қосып, сапырылысты- рып жіберетіндерді мүлде ұнатпайды. Өзінің төңірегіндегілерді мұндай қылықтан ылғи да сақтандырып жүреді.


Бұл күні Әсет өзінің бала күннен бірге өскен досы Омардың үйіне қонған-ды. Кеше кештете кеп түнеген Тұйық тоғайдағы елден шығып, шеткерілеу жердегі бұл ауылға кеш бата жеткен. Аман-саулықты білісіп, көңілдері көншіген соң, беталысының жай-жапсарын сұраған Омарға Әсет өз сапарының ендігі бағдарын айтып, жөнін ұқтырды.



  • Жер жүзі ашылды, мал көкке тойынды, өріс те кеңейді. Жон-арқаның да құрыс-тырысы жазылды. Енді мына белдің арғы астындағы елді аралап, Іле өңіріне де өтейін де. Содан әрі жөні келсе, әйгілі Қас, Күнес, Текес өлкелерінің қойнау-құшағындағы елмен дидарласпақ ойым бар. Солай бет алдым... Өзіңмен сәлемдесе кетейін деп, әдейді бұрылдым.

  • Адам ойламаған күйді бастан кешірдік қой. Өзіңді көзбен көріп, көңіліміз өсті. Онда да көңілі жарым болғанымен, сені аңсап жүргендер көп... Қайта оралғаныңша сағынып, жолыңа қарайды-ау тағы... – деді Омар, қою мұртын ширата сипап. Үлкен


 


қоңыр көзі тұна қалды. Әлденендей қиялға шомып барып, қайта серпілді. – Онда екі-үш күн жат, атың тынықсын, өзіміз мұңдасып, шер тарқатайық.


Көңілі босағандай даусы қалтырай жарықшақтанып, жа- бырқаңқы естілді. Өтініш-тілегін сол мұңды да байсалды үнмен ұқтырғандай. Әсет сыралғы досының бұл кейпіне танданып қалды. Тесіле қарады да, өзі де толқып кетті. Нағыз ақжарқын жігіттің біреуі еді ғой, неге жабыққан? Адамның көңілі жасыса, еңсесі түсіп кете ме, қалай? Арман-ойымның арнасы тоғысқан қайран құрбым-ай... Енді досын жасытқан мұңды сейілтіп, сергіту үшін ашық қабақпен сергек, көтеріле сөйледі:



  • Өйтіп жата алмаймын, Омашым... Ал, бүгінгі түнімді түгел арнадым өзіңе, жина ауылыңды!..

  • Көнбесең не шара... – деді қабағын сәл жаза күлімдеген Омар жуасып. Әсет өз жағдайын түсіндіріп, ақталып жатыр.

  • Ниет қылған соң, созбайлап қайтемін. Ырғалып – жырғалып жүретін күн қайда? Ертең Ілеге қарай асайын. Көп айналмай кері қайтамын. Енді үйге жиі айналсоқтамасам болмас.

  • Иә, өз отыңа өзің отын жинайтын заман бұл. Еркелік қалды ғой жайына...

  • Соған мен де бейімделейін.

  • Онда бүгін сарылып ән салу ауырлау тиер, – деді Оспан шал осы арада өз ұйғарымын кірістіріп. – Өзіңе де оңай, елге де ұнайды, қисса-дастан айтсын...

  • Иә, өзім де солай ойлап ем, – деп, Әсет өз пікірін қосты.

  • Жаңа бір әңгіме естіген түрің бар-ау, ә? – деді Омар білгісі кеп. Расында да, Әсет халықты қызықтыратын бір әңгімені құлағы шалса-ақ, соны қолма-қол өлеңге айналдырып айтып тастайтын. Омар сол тұрғыны меңзеген. Мейлі, ол да жақсы, ел бір сергиді, жаңа жыр туады дүниеге. Осыған тоқтады да, Оспан шалдың ұсынысын қабыл алды.

  • Болсын ендеше, қалауың білсін, қисса-дастаныңды-ақ айт. Мен талапты, ұғымтал жігіттерді шақырайын... Өз аузыңнан естіп, жаттап қалсын!

  • Әлгі Мәмет сері қайда, осы маңда бар ма? – деді Әсет біреуді іздеп.

  • Бар, өзі де жетер әлі-ақ.

  • Әйтеуір, қалып қоймасын, хабарла. Қисса жаттағыштың нағыз сергегі, зерегі сол.

  • Малда жүр. Сенің осы ауылға келгеніңді құлағы шалса, бай- ласа да тұрмас... Жетеді алып-ұшып.


 


Қонақтардың қолына су құйылып, дастарқан жайылды. Уыз- дай қою кілегей қатқан қызыл-күрең шай денені бусандырып, маңдайды жіпсітті, бой да сергіді.


Сырттан абалай арсылдаған иттердің даусына араласа ат тұяғының дүбірі естілді. Үй сыртындағы мама ағашының түбіне барып тоқтады. Аздан кейін сау етіп бір топ жігіт кіріп келді. Жел қаққан жүздері күреңіткен. Әлі де болса түн салқындау болғасын ба, малшылардың үстінен қысқы киімдері түспеген.



  • Асса-лау-мұғалай-көм, Әсаға!.. – деп даусын созбайлата сәлем берді жауырыны қақпақтай, бойшаң шымыр денелі, басы- на қып-қызыл түлкі тұмақ киген қызыл шырайлы аққұба жігіт. Бөгелместен арсалаңдай ілгері ұмтылды. Аптыға еркелеп барып, төрдегі Әсетті мол құшағымен қаусырып, қапсыра құшақтады. Жайнандай күлімдеп, ойнақшыған өткір көзінен мерейлі ұшқын шашырайды. Ол өзіне ұмтылғанда-ақ:

  • Келші бермен, Мәметім!.. – деп, Әсет те қолынан ұстап, бауы- рына тартқан. Желпінген көңілі өрепки күлімдеген албырт жігіттің бетінен сүйді. – Отыр қасыма, бүгін осында бол!

  • Қуса да кетпеймін, Әсаға! – деді Мәмет маржандай аппақ тістері жарқырай жайраңдап. – Өлердей сағынып қалдым сізді!..

  • Әй, Мәмет, күшіңді жина! – деді Омар балаша қуанып, еркелей елбіректеген жігітті қайрай түскісі келген оймен. – Босқа лепіріп, құйындай өрекпімей, көңіліңді бас. Бүгін Әсет ән салмай- ды, тек қисса-дастан ғана айтады. Ішіміздегі алғырымыз өзіңсің, соны ұғып қалуға қамдан! Жолаушылап барады екен. Жер қашық, жол алыс. Қайта оралғанша сенің аузыңнан естіп жүрелік.

  • Басым аман болса, Әсағаңның бір сөзін зая кетірмеспін. Ау- зынан шыққаны асыл емес пе! Соны сақтай алмаса, мына кеуек бас пен куыс кеудені несіне көтеріп жүрмін!..


Дастарқан жиналмады. Сауық басталды. Жастар жағы шабыт шақырып, думанның қызуын қоздыру үшін Әсеттің алдында біраз ән салып, өлең айтты. Ел орынға отыра жеңіл куырдақ желінді. Содан кейін барып қариялар Әсеттің өзіне қолқа салды.



  • Қане, еліңнің еркесі Әсет емеспісің, енді өзегі қаңсып, шөлдеп отырған мына жұртыңның жүрегін өзің сусындат!..


Мәпелей сипалаған Омар көпшіліктің тілегін білдірді.


Әсет үнсіз. Пешпетін асықпай шешті. Екі жеңін бос салып, білегін сыбанды. Желбегей жамылған қалпы малдасын құрып, нығыздана ырғалып-ырғалып қойды. Домбырасының пернесін сыдырта шайқап өтті. Әдетінше жеңіл, ойнақы, желдірме күй сарынының ырғағын сорғалатты. Дайындалғандай, шойындай


 


шымыр денесін түзеп, тоқпақтай жұмыр мойынын оңды-солды толғап-толғап жіберді. Сүйірлеу иегін аз ғана көтеріңкірей шалқайды да, тамағын кенеді. Дауысын жайлап созды. Өлеңге ауысқанда әуенді кілт бәсеңдетті де, шұбырма сарынның желісімен бір қиссаны бастай жөнелді. Бұл жолы да айтатын қиссасының атын атамады, түсінік беріп те жатпады. Өзінің өлең бастайтын дәстүрлі дағдысы бойынша, ақыл-кеңесін қоса қыстырып, желдірме аяңмен сырғыды:


О-оу!..


Сөйлейін бұрынғы өткен уақиғадан, Үйрендім бала жастан ғибрат одан. Қызығын тіршіліктің көрген артық, Дүниеде ешкім қалмас өлмей аман. Ойнап-күл баста дәурен тұрған кезде, Қадірін білмейді оның кейбір надан. Думанды дүниенің бағасы артық, Айтайын мысал етіп жетсе шамам.


Мысырда бір хан бопты ерте кезде,


Тақ мініп, тәжі киген талай заман...


Жұмсақ сарынды сусыма әуенге түсіп алған Әсет өлеңді бөгеліссіз төпеді. Қисынды сөз көмейінен тізбектеле суырылып шығып жатыр... Бейне жаттанды сықылды. Біраздан кейін кең маңдайы жіпсіп, тұла бойы қызды, елегізе құлшынды, екпіні де үдеді. Жейдесінің алқымындағы түймелерді ағытты, омырауын ашып тастады. Іркіліп, тосылған жоқ.


Әке-шешесі өліп, жетім қалған патша баласының басынан кеш- кен азабын, көрген қорлығын, оның көзін жойып, тақ пен тәжді иелену үшін неше түрлі айла қолданған уәзірдің арамзалығын, жантүршігерлік зұлымдықтарын тізбектей баяндады. Кей тұстары өмірде болып жатқан құбылыстарға ұқсап кетеді. Осы желі арқылы адам тағдырының шырғалаңы, шытырман өмірінің ащы- тұщысы кең қамтылып айтылды. Жауыздық пен әділет тартысы жұртты қымқуыт аласапыран ішіне араластырып жіберді. Ізгілік пен адамгершілік айызды қандыра дәріптелсе, озбырлық пен жауыздыққа қара таңба басып, қарғыс айтады. Ақын осы арада адамдыққа жат қылыққа қарсы өзінің өшпенділігін де қоса ақтарды. Тыңдаушылар адамдардың арасындағы бітіспес қайшы- лықтардың түбін танып, тегін терең ұғуға ден қояды. Іштерінен


әділетті жақтаса, зорлық-зомбылыққа қарғыстарын жаудырды.


Анда-санда түңліктей ақ орамалымен маңдайының терін сұртіп қойғаны болмаса, Әсет жыр желісін бір сәт үзбеді, құлашын жазып,


 


бөгеліссіз көсілді. Өзін албаты қолпаштап, сөзін бөлгендерді жаратпайды, мүлде ұнатпайтын қылығы. Сол бір кісі мінезіне үйренген сыралғы жұрт өлеңге үн-түнсіз елтіді. Оқта-текте адамдық әрекеттерге сүйсініп, зұлымдыққа күйінген кездерінде ғана сүйініш-күйініштерін күрсіне айтып, қысқа қайырғанымен, өрепки даурықпады, өзеурей далбалақтасқан жоқ. Содан түн ортасына таман қисса аяқталды да, Әсет бір-ақ тыныс алды. Сол кезде барып қариялар жамырай алғыстарын жаудырды.



  • О, бәрекелді, көп жаса, Әсетжан!..


Мәмет жырды іштей қайталаған сықылды, үнсіз, ойлы қалыпта. Төңірегіне онша назар салмағандай. Омар досын аялап, өзінің ниетін қосып қойды:



  • Рақмет, досым! Сен жоқ болсаң, көңіліміздің қараңғы тү- нектей түнеріп тұратыны рас-ау... Санамызды оятатын да сенің сөздерің ғой!

  • Жалғыз ағаш – үй болмайды, – деді Әсет лепірмей, байсалды қалпынан жазбастан өзіне емірене қараған үлкен – кішіге басу, кеңес айтқандай сабырлы түрмен. – Мен біреумін, көлеңкем жалғыз.

  • Ай мен күн де жалғыз, жарығы көпке ортақ, Әсетжан. Сен де сондайсың...

  • Алайда, менің саямды өрендерім молайтады, осыларға иек артыңдар!..

  • Иә, бұларға артатын үміт те зор, – деді Омар қырғидай қылмыңдаған жігіттерді қолдап. Сөзінің соңын қайтадан Әсетке бұрды. – Сонда да сенің орның бір бөлек! Асқар тауымызсың, төбеңді көрген сайын көңіліміз өсіп, бір жасап қаламыз. Міне, бүгін де жанымызға тағы бір мол азық беріп кеттің. Несін жасырайық, сен жоқ кездерде ортамыз омырайып бос тұрады ылғи да.

  • О, жұртым, сендерсің ғой қайыспайтын қара діңгегім! Мен әрқашан сендермен бірге емеспін бе!

  • Ақын мен әнші елдің баласы. Олар жортпаса жабығады. Тұсап ұстасаң арқандағы тұлпардай жүдейді, – деді ауыл қариясы Оспан шал қол жайып. – Қапаста бұлбұл сайрамас дегендей, сендерге ел аралап, жер кезіп шалқып жүру керек. Сонда әнің де, жырың да қанатын кең жаяды. Берер батамыз: самғай бер, шарлай бер, қыраным! Қиырға кетіп барады екенсің, бағың жансын! Бізді де ұзақ сарғайтпа, есіңнен шығарма мына тілеулес жұртыңды!..


 



  • Қадірлі Осаға, ниетіңізге құлдық! – деді Әсет шоқша бу- ырыл сақалды, көзі жасаураған қара шалды еркелей құшақтап. –


«Ат айналып – қазығын табады». Менің қызығым – өздеріңсіңдер ғой. Қатын-бала, үй-жайым да өз орталарыңда. Оларға менің жоқтығымды білдіріп көрген емессіңдер! Соған разымын, жұртым!..


Омар егіліп бара жатқан досының көңілін аулады. Ол дүрбе- леңді көрген жоқ. Үйін жұртқа тастап кетпеген елге жүрегіндегі алғысын қалай ақтарарын білмей жүрген сықылды, жасымасын.



  • Оу, сен елдің Әсеті емеспісің! Асылымызды ардақтай алмасақ, елдігіміз қайда!.. Жолың даңғыл, ел құшағы ашық, шарлай бер!..

  • Көптен түзге шықпадым. Алыс елді де араламап едім, – деді Әсет бір түрлі жабырқап. – Тордағы торғайдай торықтым. Аз күн болса да, маңдайымды желге тосып, жотамды күнге күйдіріп қайтайын. Жарым көңіл толар ма екен...

  • Соның жөн, шырағым, – деді ауыл ағасы Оспан қария қамыққан Әсеттің қабағына бағып. – Көктемде жер де түлейді. Өлген тіріледі, өшкен жанады. Арманың алып ұшқан шығар, бетіңнен жарылқасын!

  • Рақмет, Осаға! Осы ниеттеріңіз ғой мені жебейтін!...

  • Қане, енді аз да болса көз шырымын алайық, төсек салсын, – деді Омар ырғала орнынан көтеріліп. Сықаса иін тірескен жұрт сең бұзылғандай дүркірей ошарылысты.


Жастар тобы әп-сәтте киініп, босаға жақты босатты. Мәмет айналшықтап тұр. Басындағы қызыл мақпал тысты, құйрық жа- ғы жайпақтау, көкжелкесін тұтас жапқан шошақ төбелі, мұқыл құлақты түлкі тұмағы албыраған қызыл шырайына жараса үйлескен, өңін ажарландыра түскен. Ақсия күліп келіп, түрегеп тұрған Әсетті айқара құшақтады:



  • Аман барып, сау қайтыңыз Әсаға! Ақ жол тілеймін!

  • Көп жаса, тентегім! Өзің де сілкініп, сергек жүр. Мына жұртыңды зарықтырма. Өлең мен әннің лебімен тербет...

  • Тыңдаушым қаласа, мен әзірмін әрқашан! Айтқаныңызды орындаймын, Әсаға! Бүгінгі қиссаңызды көкейіме құйып та алдым. Сіз қайтып келгенше жетеді. Өйткені ауыр-азаптың бәрі соның ба- сынан өтіп жатыр ғой. Мұның аты «Жамсап» болсын. Өзім айтып беремін. Мына Әріп қағазға түсіреді.

  • Мейілдерің, – деді Әсет қарсылықсыз басын изеп. – Мен ойға тоқығанымды алдарыңа жайып салдым. Ендігісін өздерің біліндер. Иесі сендерсіңдер!..

  • Салмай айтамыз, талайдың құлақ құрышын қандырамыз әлі! – деді Мәмет уәде бергендей нығарлап.


 


...Ал қызыл шапағы жалпақ далаға жайылып күн шығып келеді. Ерте тұрған Омар мен Әсет ауылдың сыртындағы шошақ төбенің басына барған. Желдің лебі ызғарлы, бетті шымшылаған суықтау табы бар. Әлден уақытта осылай келген Қадырихан мен Әріп шайға шақырып жатқанын хабарлады.


Дастарқан үстінде әңгіме-сөз аз болды. Омар қам көңіл ақын- ның, ал Әсет жүзі жүдеу досының белгісіз қиналыспен жабырқаған ішкі түйсіктерін шайқамады. Бірін-бірі қинағысы келмеген түрі бар, мұң шағыспады. Ондайға уақыт та жоқ еді.


Меймандар сыртқа шыққанда ұзын бел, төгілме жал жарау қарагер мен сүліктей сыптығыр жирен ат ерттеулі дайын тұр екен. Әсет бүлдіргесін білегіне ілген қамшысын сүйрете жыл- жып, қарагерге тақады. Шылбырын ердің қасына іліп, жүгеннің сағалдырлығынан ұстаған жігіт көлденең тартты. Әсет үзеңгіге аяғын салғанда оң қолымен қолтығынан демеп мінгізді. Алдыңғы қасы шошайған шоқбас құранды ердің үстіне жайғасқан Әсет жағасыз сырма шекпенінің шалғайын жинап, етегімен тізесін орай қымтады да, ұшын тақымына басып, ырғала нығызданып отырды.



  • Ал, көріскенше күн жақсы болсын! – деді көпшілікке, ойнақшыған қарагердің тізгінін қымти ұстап. Жерге сүйретілген ұзын сеңсең ішік жамылып, киыла қарап тұрған Омарға бұрылды да, үнсіз иек қақты. Омар да ақ ниетін жаудырды:

  • Жолың болсын, досым!.. Амандықпен көрісейік!..


Арасан бұлағының етегін қыстаған, күн жылына осындағы көктеуге көшіп қонып, төл аяқтандырып отырған елдің ішінен аттанған Әсет шығысқа қарай көлденеңдей сұлаған Ортақсары белінен сәске шамасында асты да, суыт жүріспен Сайрам көлінің жағасына құлады. Боз адырлар мен қыр-қырқаның шөбі қою, мақпалдай жайқалады. Оң қол жақтағы Қазан тауының төбесі – дағы жоқ ақ қар, сірескен көк мұз. Күнге шағылысып, ақ қаңылтырдай жарқырайды. Сол заңғардың бауырынан тараған тарам-тарам сай-саланың төсі кермеге жайылған жібек орамалдай шайқалады. Ұзын бел қарагер оқ жыланша сусып, тайпалған майда аяңмен – аяғын екпіндей сілтейді. Ал Қадырихан мінген сүліктей жіңішке жирен таяқ тастам артта келеді.


Жолаушылар ойға шомған. Бірте-бірте биікке өрлеген көктем күнінің шуағы балқытқандай денелері балбырап, жылылыққа манаурағандай. Аспан ашық. Тіпті, алты ай жаз бойы төбесінен көкала бұлты арылмайтын Ақбайтал шоқысының басы да тап-таза, шөкім бұлт жоқ. Аппақ қарының бетінде күн сәулесі дірілдей құбылады. Қарсы алдыларынан көрінген көлкіген көлдің айдыны шар айнадай жарқырап, ширатыла теңселеді.


 


Көл жақтан салқын самал есті. Күні бойы үнсіз келе жатқан Әсет көне иен даланы дүрліктіріп, ышқынған ащы айқайға басты. Аяғын ырғалта созып, ән әуеніне ұластырды. Ел ішіне


«Інжу-маржан» деген атпен таралып кеткен жастық жалынына, ынтықтық, құштарлық сарынына толы кербез әнді сорғалатты- ай балбыратып. Кеудесіне сыймай, көлки кернеген сағынышын, өшпей жүрген өкінішінің өксігін ақтарғандай. Толғақты, арынды әнді аспандата шырқап, алыстаса да адастырмай жүрген арма- нын тасқындата сарқыратып, арқырата төкті. Көкейін сыздатқан құсасы сыртқа шыққандай жеңілденіп, серпіле күрсінді де, бая- улатып барып тоқтады. Жастық шағының, ұмытылмас жалынды күндерінің лебі қайта бір желпіп өткен секілденді.


Қаншама уақыт бірге жүріп, мінез-құлқына қанықпын десе де, аяулы ағасының осынау тосын қылығы Қадыриханды да таңдантып, сасқалатқан. Селдір қара мұрты жыбырлап, қара көзі бақырайып кеткен. Әлденеден секемденетін тәрізді.


Әсет көптен бері өзінің осы әнін мүлде аузына алмай кетіп еді. Жастық шағымен бірге алыстап бара жатқан. Қызықты да думанды дәурені өткен адамға сүйіспеншілікті, махаббатты ай- тып, қанша өзеуресе де, ағаш діңіндегі қураған жапырақ секілді, ешбір жараспайды. Әр әннің қасиетін ерекше бағалайтын Әсет ондай өрескелдікке бара бермейтін. Иендегі мына желпінісі көл жағасының таза ауасы, көкорай шалғыны, желпіген самалы, даланың жұпар иісі жүрегін тебірентіп, көңілін еліктіргеннен шығар. Еміренген толғаныспен салған әннің екінші қайырымынан кейін әуеннің соңын құйқылжыта үйірді:


Інжу-маржан секілді-ай, Ал көрінген көркіңді-ай! Гүл майысып, нұр жайнап, Бір көрінсең, еркем-ай!


Сейфұл-Мәлік, Жамалдай, Бейнетіңе көнсем-ай!


Қозы-Көрпеш, Баяндай, Бір молада өлсем-ай!


Сағындырған еркем-ай!..


Жібектей есіліп, күмістей сыңғырлаған тұнық әннің аяғын сызылта тербелтіп барып тоқтаған ақын көкірегін қарс айырған өксікпен тағы да күрсініп жіберді:



  • Ай-хай, дүние-ай!.. – деп, ышқына тыныс алды. Оның жүрегінде өшпес от, айықпас мұң, ауыр қасірет жатқанын


 


Қадырихан осы жолы бір-ақ білді. Қыбырлап жүргеніне мәз екенбіз-ау... Әлі күнге ұмытылмағаны ма?.. Аузына алмаған соң, ұқпаппыз-ау, ішінде жатыпты ғой тұнып. Соншама уақыт қозданып, өшпей жатқан не қылған дерт бұл?.. Адамның созған қолы жетпеген арманының бәрі кеудесіне шемен боп қатып қала ма әлде?..


Әсет еш уақытта біреуге, тіпті ең жақынына, мұң шағып, арыз айтып көрген кісі емес. Сыртқа шықпаған сырды қалай ұғарсың? Тіке сұрасаң, мінезі шадыр, шырт сынып, шарт ашуланады да, мүлде ауыз ашпай қоюы да ықтимал. Ал жанашырлық білдірсең, одан бетер шамданады. Мүсіркегенді мүсәпірлік санайды, мұқатқандыққа жориды. Сондықтан таңданған раймен:



  • Сонша неге өксідіңіз, Әсаға? Бір жеріңіз ауыра ма? – деп, жақаурата сұрады Қадырихан.

  • Тәнім – сау, жаным – жара!.. – деді Әсет өзінен-өзі тебірене толқып. О, ғажап, адам баласы демнің арасында түрлі-түрлі күйге түсіп, құбыла береді екен-ау?..


Әсеттің өз аузынан бұған дейін мұндай ащы күйініш сары- нын естімеген, ішкі қайғысының табын сезбеген Қадырихан шындап абыржыды. Қалай жұбатып, қайтіп көңілін ауларын, немен демерін білмей, өзінен-өзі дал болды. Ең қиыны қадірлі, қимас адамыңның қасірет-шерін, өкініш-өксігін сезіп-білу екенін Қадырихан осы жолы анық ұқты.


Қадыриханның өңіндегі белгісіз мұңмен күйгелектенген делсалдықты, жанашырлық ниетін жеткізіп айтуға лайықты тіл таба алмай қиналған мүсәпір халін Әсет те байқады. Ұсқыны қашқан серігін аяды. Қайда жүрсек те, бізден мұң арылмады-ау деп, өзі де іштей қиналды өкініп. Көл жағасына тақап барып, тізгін тартты. Асықпай аттан түсті де, тығыз өскен көк шөптің бетін сипап қояды.



  • Осы арада біраз ат шалдырып, өзіміз бой жазып алайық,



  • деді Әсет ұзын жал қарагердің ауыздығын алып. Көңілі қаяу ағасының қалауына үнсіз көнген Қадырихан екі атты шідерледі де, отқа жіберді. Аттар балауса шөпті күрт-күрт үзеді.


Шекпенін шешіп тастай салып, мұрты сынбаған жас шалғынға аунай кеткен Әсеттің жүзі біраз жадыраса да, қабағының кірбіңі тарқамады. Қадырихан болса, бұл құбылыстың жөн-жосығын сұрап білудің қисын-қыбын таппай абдырады. Осы тұста Әсет тағы бір тосын мінез көрсетті. Көзін алысқа қадап, мұңын шаққандай, өзі ақтарылды егіліп.



  • Өкінбеске шара бар ма, Қадырихан?.. «Дүние жалған, та- усылмайды іштегі қайғы-арман» деген тұрлаусыз өксік осы ма?


 


Біздің басымыздағы ауыртпалықты немен, қалай өлшейміз? Бақыт іздейміз деп жүріп, батпаққа батыппыз. Өз басым, елдің көңілін аулаппын да, өзімді ойламаппын. Көкейімдегіні жарыққа шығаруға талпынбаппын. Бәрін өз қалыбымен болып тұратын табиғи құбылыс санаппын. Осыны енді сезгендеймін. Абай айтқандай: «қолымды мезгілінен кеш сермегенім» қалай өкінтпейді? Бұл өкініш көп адамның басында бар сияқты. Аңқаулығымыз ба, өренсіздігіміз бе?.. Сонда да ештен кеш жақсы шығар. Жанды езген, ішке тұнған қасіретімді, өзегімді өртеген күйігімді жария еткім келмеуші еді. Өзіме-өзім істедім ғой, азабына да көнейін, тақсіретін өзім ғана үн шығармай тартайын, ауыртпалығын мыңқ етпей көтерейін дедім. Солай істеуге тиіспін ғой...



  • Нені айтып тұрсыз, Әсаға? – деп сұрады Қадырихан тү- сінбегенсіп. Сипақтай еркелеп, көңіліндегіні анығырақ айтқы- зудың амалын іздеді. – Күйректікті қайдан тауып алғансыз? Құрыштай берік едіңіз ғой. Соншама өксіп, өкінетіндей орны толмайтын опықты ештеңе өткен жоқ сияқты еді...

  • Мекен-жайынан айырылып, тозып жүргендердің, мұңы ше?.. Олар ойын-сауығынан да айырылып қалған түрі бар. Ол жаныңа батпай ма?

  • Адам өткенін ғана аңсап өмір сүрмейді... Еңсесін көтеріп келеді. Сол еліңіз аялайды, қарлығаштай қалықтаған әніңіз байтақ даланы кезіп, тау-тасты шарлап жүр. Қағазға түспесе де, өлеңдеріңіз бен қисса-дастандарыңызды күллі жұрт жатқа айтады. Тағы не керек?!

  • Ой, дүние-ай!.. Сен де шар тартқан екенсің-ау, Қадырихан. Түсінбегенің бе шынымен? Айдыны шалқар теңіздей дала, іргесі тұтас ел қайда? Соны неге ойламайсың? Мен дария емес пе едім, арқырай ағып барып қосылатын?

  • Біраз шалғайлау кеткеніміз рас. Бірақ бөгелмеңіз, ақтарыла беріңіз, алқалай тосып аламыз!

  • Бұл дүниеден таңданып, таңырқаумен ғана өтетін адамдар көп. Ем қонбас қасірет жалғыз менің ғана емес, осы жұрттың талайының басында бар. Мына сенің де тағдырың солай.

  • Ой, Әсаға, сіз де айтасыз-ау... Менің елден ерек қандай артықшылығым бар? Қатардағы адаммын. Мойнымды созып, кіммен теңесе аламын? Әсетпен бе? Бұлай өкірештенгенім есуастық болар еді. Өмір-бақи басынан қайғы-қасіреті арылмаған пендемін. Жаным рақат көрді ме?.. Ал сіздің жөніңіз бір басқа! Сіз ел арманының туысыз!


 



  • Бәсеңде, Қадырихан, есіртпе! Жел сөзбен айдалада бірімізді біріміз алдарқатпай-ақ қоялық.

  • Алданыш емес, шыны да сол! Әсеттің әнін қалың қазақ асыл арманының ұраны санайды! Біліп те, көріп те жүрмін.

  • Сен де желігіп кеттің, Қадырихан!..

  • Желігім емес, ішімдегі жегімді айттым, ол өз дертім. Оған қоса Әсеттің артықшылығына елі тәнті. Соны айттым. Сіз неге сонша қамығасыз?..

  • Ұқтым, жаным Қадырихан, ұқтым, – деп, Әсет енді жанашыр серігін жұбата бастады да, өзінің жан сырын асықпай ашуды ұй- ғарды. – Сағыныш па, өкініш пе, білмеймін, соңғы жылдары кеу- деме өксік ұялай бастады. Өзіміз туып, думандатып өскен сонау сайранды көл, сауықшыл ел, дүбірлі жер, қызығы түгесілмес ба- зардай байтақ Жетісу, одан былай Семей, мынау белдің арғы астын- да жатқан Қапал мен Сарқант ойыма жиі оралады. Көретін күн туар ма, шіркін!.. Шалғайға кеткеннен кейінгі тағдырым – мұхитпен жүзіп кеп, аяқ астынан бау-бақшасы балбыраған, жеміс-жидегі уылжып тұрған аралға тап болған кемешідей таңғажайып ел мен жердің тағдырымен ұштасса екен деуші ем. Арманым адастыр- ды. Қазір суға кеткен адамдай тал қармап қалдым. Бір бұтағына тырнағым ғана ілініп тұр. Қашанға дейін шыдарым белгісіз...

  • Сүрінгеннің бәрі құлай бермейді ғой, Әсаға? – деді ойға же- телеп, жұбатудың қисынын іздеген Қадырихан. Көңілін ауламақ ниетін жасырмай сездірді.

  • Ой, дүние-ай!.. – деп, ышқына күрсініп жіберді Әсет қарсы алдындағы қара көк айдынның мөлдір суына қадала қарап. – Ал мен сүрініп едім, қалпақтай ұштым, тұмсығыммен жер сүзе құладым... Жығылғанға күлер жайым жоқ...

  • Құлап-ақ жүрміз ғой, бірақ құзға қарай домаламайық та!..

  • Ой, дүние-ай!.. – деді Әсет тағы да теңселе қамығып, – «Өгіз өрепкіп аттан озбайды» деген осы... Сонда да ешкімге сездірмеген қайғымды басып, сергіп алу үшін ән қанатына мініп, желпініп жүріп келемін. Мен іздеген өмірдің қызығы осы ма еді?..

  • Сіздің өміріңіздің қызығы өлеңіңіз бен әніңізде...

  • Иә... сол болса-ау... Соңғы жылдары ұзаққа самғамасам да, ат үстінен түскен жоқпын. Тұрақтар баянды мекенжай да табылмады.

  • Ел іші – алтын бесік, тарлық етпес, тербеле беріңіз.

  • Ел теңіз де, мен желкенді қайық сияқтымын. Жел айдап қаңқалақтай қалқып жүрмін. Тұман басқан теңіз төрінде жүзіп бара жатқан қайықтағылар көрмеген соң, суға кеткен адамға одан не пайда?..


 



  • Жоқ, сіз суға құлағандарды көрмей кеткен жоқсыз соларға қол ұшын беру үшін малтып жүрсіз.

  • Алданып қайтеміз, Қадырихан? Менің өмірім де суға құла- ған кемеші тектес. Міне, күйініш емей немене бұл? Туған жер, ата мекен алыс қалды. Аштықтан жортқан көк бөрі де жаны жай тапқанда өз апанына барады. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген де сөз бар ғой. Туған еліме не жақсылық іетедім?.. Сонау Алтай мен мынау Жоңғар даласын, төбесі көк тіреген Іле тауларын мекен еткен ел ішін араладым. Сонда оларды неммен қуантып, қаншалық жарылқадым? Бәрі де сырт- тай дақпыртыма елтіп, қиырдан көз сүзеді. Көкейлеріне құяр шәрбатым қайсы? Бал дегенім – балшық боп, кермек татымай ма осы? Оны да анық білмеймін. Сөйтіп, дүдәмал күдікпен сергелдең ой кешіп жүрмін. Бұл өкініш емес пе?!


Бұл күні Әсеттің опықты күйінішін, кеудесіне сыймай тол- ғантқан ойын, құмыға ширығып, түйнектей түйнеген дағдарысқа ұшыраған көздерінің сырын Қадырихан өз аузынан естіді. Сағынышы да, күйініші де елге ортақ екен.



  • Ой, дүние-ай!.. – деп, еліге күрсініп жібергенін Қадыри- ханның өзі де абайламай қалды. Әсеттің жүрегін торлаған мұңның лебі тербеген сарынмен бұл да өксіді.

  • Жә, тым жасып, омырылып кетпе! – деп, Әсет енді серігін өзі жұбатты. Қадырихан оның жадырай бастағанына куанды.


Әсет орнынан түрегеліп құлшына керілді де, айналадағы та- уларды шолды. Теріскейдегі жон-жотаның төсі қалың қарағай, жап-жасыл шалғын. Көлдің шығыс шеті жалаңаш адыр. Осының өзі өмірдегі қарама-қарсылықтың белгісі сықылды. Осы бір аядай жердің бір шеті құлпырып тұр да, бір шеті құлазып, тобарсып жатыр. Теңелмейтін кереғар дүниенің сырын кім түсінген?.. Осы ойдан арылғысы келгендей кеудесін кере ауа жұтты да, жосылта аңыратып, «Қоңыр қаз» әніне басты:


Қоңыр қаз, көл жағалай қаңқылдаған. Тізіліп көлге қонып салқындаған.


Көңілді басылыңқы оятқандай, оу, Әнге сал «Қоңыр қаздай» саңқылдаған.


Ахау, иісің,


Қоңыр қаз бен шаһибаз11 Айтқанмен таусылмайды-ай, Көңілде наз!..












 
  

 


11 Шаһибаз – лашын, сұңқар.


 


Даусы ашық шықты. Мейілінше еркін көсілді. Кербез әуен тұнық аспанға самғады. Тау жаңғырығып, көл шайқалды. Қа- йырмасын төбеден бір-бірлеп тамған тамшыдай сорғытып, желілі бунақпен шиырды. Майда толқыны ақ шабақтай жалтылдаған көл бетінен көз алмай тұр. Қаз-үйрегі жыртылып айырылатын көлдерін, қоңыр қазы байпаңдай жайылып жүретін сары даласын аңсағандай ақтарылды. Соны бір көруді армандап тұрғандай елжіреді. Сағынышы бал боп тамды. Жан тебіренісін іркімеді:


Коңыр қаз, көл жағалай ұшқан өрлеп, Салғандай түрлендіріп әннен өрнек.


Ән салсаң, «Қоңыр қаздың» әніне сал, оу, Көтеріп көңіліңді көкке сермеп.


Ахау, исің.


Қоңыр қаз бен шаһибаз, Айтқанмен таусылмайды-ай, Көңілде наз!..


Манаураған жердің беті ұйқыдан оянғандай сыбыр-күбір көбейді. Кірбің қабақтар жазылып, қату дидарлар жадырады. Қадырихан да қиялға шомып, «шері шықты-ау, оңашаға сергіп алғысы келген екен ғой» деп, тереңге ой жүгіртті.


Әсет осы күнге дейін өзінің елге бергенін азырқанып, бар дүниесіне қанағат тұтпайтын сықылды. Халқымды сүйсіндіре ал- май келемін-ау деп күйініп, сол үшін жабырқап, өкси өкінеді екен. Елдің басындағы ауыртпалықты айта алмағанына қиналады-ау, тегі. Бар ойы соған саяды... Шіркін, дүние-ай десеңші...


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу