Әңгімелер ✍️
Айбынды асыл мұра
Жылтырлау ақ қағаз мұқабалы осы бір кішкентай кітапша менің қолыма осыдан жиырма сегіз жыл бұрын түсіп еді. Бұл 1948 жылдың соңғы айы, қақаған қыс болатын. Сол жылы Құлжа қаласында шыға бастаған «Одақ» журналында істейтінмін. Қайтсем жақсы, ұтқыр, тапқыр жаза алар екенмін деген ой қинайтын да, жазу әдісін талмай үйренуге жетелейтін. «Ақша тапсам — кітап қана сатып алар едім» деген Горькийдің сөзі көкейіме бұлжымастай ұялаған. Тапқан ақшама алдымен кітап аламын. Күндіз-түні кітаптан бас алмаймын. Қазақ, ұйғыр, өзбек, татар тілдеріндегі кітаптарды жинап, солардан жазу әдісін үйренуге құлшына күш саламын. Арнаулы журналистік мамандығы жоқ жас адамның одан басқа шарасы бар ма?! Осындай талпыныс үстінде өзіңді баурап алған кітаптардың әсері еш уақытта көкейіңнен кетпейді екен.
Ленин комсомолының 30 жылдығына орай шыққан «Заман біздікі» деп аталатын Баубек Бұлқышевтың кітапшасы еді бұл. Өлеңдер мен мақалалары енген осы жинақты үйге келе салысымен оқуға кірістім. Ә дегеннен қызыққаным — тілінің балдай тәтті шұрайлылығы, ойдың терең мағыналылығы мені ғажайып бір сырлы дүниеге жетеледі де кетті.
Шәкірт кезімнен әдетім — сабағыма толық әзірленіп үлгермесем, немесе, бір кітаптың қызығына түсіп кетсем, көз ілмей, ұйқы көрмей түн қатып шыққан қалпыммен мектепке жүре беретінмін. Бір тәулікке ұйқысыз жүріп, шыдай алатын едім. Келе-келе бүл әдетке айналып кеткен. Кейде жолдастарыма барып, қона – жастана жүргенде, кейбір үйлерден:
— Шамды сөндіріңдер, майы құриды! — деп, кейіп айтқан сөздерді еститінмін. Бірақ біздің үйден ондай кейіс естілмейтін. Үн заводында істейтін Кенже ағам қолдан көшірілген дастандар мен қиссаларды төсегінде оқып жатып,ұйықтап қалатын. Үй төбесінде салбырап тұрған шамның дәл астына қойылған дөңгелек үстелге сүйеніп, кітапқа қадалып мен отырамын. Сонда тек мейірімді әжей ғана анда-санда басын көтеріп алып:
— Әлі отырсың ба? Ұйықтап, тынықсаңшы!... — дейтін аналық қамқорлықпен.
— Әже, жата беріңіз, мен әлі сабағымды оқып бітіргем жоқ...
Әй, балам-ай, сарыла бермесеңші... — дейді әжем аяп. Сонан соң мені ырқына сеспен көндіргісі келгендей, даусын көтере түседі. — Қадалып қалатының не осы?!
Одан әрі ешқандай дау болмайды. Мен үндемеймін. Әжем де мазаламайды.
Бүгін де мына кітапты шыр айналдырып отырып таңды атырдым. Түнімен ұйықтамағанымды байқаған әжем таңырқағандай бон тұрып қалды:
— Осы сенің оқуың қашан бітеді?..
— Тәжи-ау, оны әурелеп қайтесің — дейді орнынан тұрып жатып қырдан келген нағашым. Ол кісі менің ұйқысыз түндерімді көп көрген. — Әйтеуір, бір жақсысы — кірәсін жақпайсыңдар. Мынау електір шамдарың түгесілмейді...
— Шамы құрсын, өзі шаршайды ғой. Енді.осы қалпымен жұмысқа кетеді. Он жыл оқыды. Ол аз ба?...
Қоңырқай жүзінде таңданыс табы бар қара кемпірге нағашы ағам күле қарайды:
— «Оқу инемен құдық қазғандай» дейді. Бұл да инемен қазып жүр да.
Үндемеймін. Кітапты қайталап оқып, аяқтап қалғам. Ерекше әсер еткен тұсының астын сызып қойғанмын. Алаулы жалыны, философиялық терең мағыналы ойы баурап алған. Сол жерлерді қайта-қайта оқимын. Сонда өзімді шөл сахарада қаталай сусап келе жатып, суы тастай салқын, мейіріңді қандыратын мөлдір бұлаққа тап болған жолаушыдай сезінгем. Өйткені көкейдегіні дөп басатын мұндай кітап қолымызға өте сирек түсетін. Нағашымның мына сөзі маған бір ой салды. Ол кісіні үлкен-кіші сыйлайтын. Алпамсадай тұлғасы, байыпты сөзі, байсалды мінезі өзіне тартып тұратын. Ақылдылығынан ба, алғырлығынан ба, ауыл ағасы тұтып, жұрт қадірлейтін.
— Мырза екем, — дедім ол кісінің ойын тартпақ боп. — Сіз өлімнен қорқасыз ба?
— Қарағым-ау, өлімнен қорықпайтын кісі болмайды.
— Болады екен...
— Қой әрі, батырға да жан керек.
— Міне, тыңдаңызшы: «Біз соғыста туғанбыз, соғыста өлеміз де. Күреспен тудық, сол күреспен өлеміз. Осының бәрі сендер үшін, жас ұрпақ!» Көрдіңіз бе, өлімнен қорықпайды. Не үшін өлетінін де біліп отыр.
— Ұрпағы үшін торғай да жанын отқа салады. Ал мынауың елін жаудан қорғаған нағыз батырдың сөзі.
— Бұл кісі батыр ма, жоқ па, онысын білмеймін.
— Асыл сөз қамалды да бұзады. Мынау да сол...
— Бұл Гитлерге қарсы соғысқан жауынгердің сөзі.
— Ендеше ердің сөзі екен. Тыныш жатқам Совет еліне бүйідей тиген қанқұйлы жауды өз жерінен қуып шығып, қанішер Гитлердің көзім құртқан ерлерді өлімнен қорқады деуге ешкімнің де аузы бармайды. Елім деп еңіреп туған ерлердің ісі бұл!
— Тағы да тыңдаңыз: «Адам ұлы адамша өмір сүрсін, адам дүниесі шын мағынасында адам дүниесі болсын? Біз осы үшін күресеміз, осының жолында өмірімізді аямаймыз да! Өмір үшін күресте біз өлім дегеннен сескенуден жеркенеміз!»
— Иә, әлем халқы сол үшін, адамзат дүниесі үшін күрескен совет адамдарына бас иіп, құрмет тұтады.
— Өй, өзің Мырзекеңмен айтысып отырсың ғой, — деп күледі Кенже ағам киініп жатып. — Түнімен дайындалып па ең?..
— Кенжебай, тоқтай түр... — деді Мырзабай нағашым сөзін бөліп. — Талас емес, мәнді іс болып отыр. Ал, мынауың бар ғой, ойға қонатын дәмді сөз екен. Әрі қарай оқышы?..
«Адам бір-ақ рет туады, бір-ақ рет өледі».
— Елі үшін айқаста ездік жасаған қорқақтың өлімін халық екі рет өлгенге жориды. Иә, тағы?..
— Тыңдаңыз: «Өлім әр түрлі болады: біреу суықтан өледі, біреу қыз үшін қырқысып өледі, енді біреулер аурудан өледі. Мұндай өлімдерді естігенде құр ғана қынжыласың да қоясың. Ал, естігенде үлкен құрметпен бас иетін өлім де бар! Ол — майданда ерлерше өлу!»
— Иә, халық батырына бас иеді. Мынау да қас батырдың сөзі. Өйткені оның жүрегі жалынды. Сол жалынның лебі мына сөз!
Нағашым ойға шомып отырып қалды. Дөң қабағы жыбырлап, жанары әлдеқайда қадалады.
— Мырзеке, — дедім қажай түскім кеп. Байыппен аз сөйлейтін бүл кісі ойын түйіндеп айтатын." Көп жағдайда сол айтқаны ауыл арасында шарт боп қалатын. — Өмір дегеннің не екенін түсіндіріңізші?..
— Тіршілікті біздің қазақ өмір дейді. Адам тіршілігінде қызық көреді, ойнап-күледі, жар сүйеді, бала сүйеді, тіпті небір қайғы-қасірет те шегеді... Өмір дегенің — сол... Өлген соң бәрі де қалады.
— Жоқ бұлай шектеуге болмайды. Мынаны тыңдаңыз: «Өмір деген не? Жаңа туған адам дүниенің есігін қағып, бірінші баспалдаққа шығады. Оның алдында бұралаңы көп ұзақ жол — өмір жолы. Адам бір жоғары көтеріліп, бір төмен түседі, тағы да жоғары көтеріледі. Осы бұралаң жолмен ол тез қозғалып, асыға ұмтылып, алға басады. Ол ширақ, ол шат. Ол осы жолының бір жерге жетіп, таусыларын да біледі. Бірақ одан да қорықпайды. Оған қымбат — сол бұралаңы көп ұзақ жол. Мәңгілік өмір — бір кешке бір көш жалғасып, ұрпақ ауысып, ел жаңарып отыратын сол ұзақ жолда».
— Білімпаз ғұламаның сөзі. Біз іргедегіні ғана көретін қара қазақпыз ғой... — деді нағашым әлденеге мойынсал болғандай. — Міне сендердің үйренетін, көкейлеріңе тоқитын сөздерін осы...
Содан бері талай жыл етті. Содан бері осы бір кішкентай кітапша қойнымда жүр, қолымнан түскен емес.
«Жастың жаны бір» дегендей, еліммен арпалысқан жас адамның өмірге шексіз құштарлығы, мөлдір махаббаты, өз Отанына, туған еліне деген сарқылмас сүйіспеншілігі менің де жас жүрегімді тербетумен болып еді, дүниеге ұғымымның өрісін де кеңейте түсіп еді.
Міне, менің қолымда — сол жылдары алуан-алуан ұлағатты сөздер көшіріліп, неше қилы әсерлер жазылған блокнотым. Ақтарып қарасам, соның бір жерінде: «Мен өз Отанымдағы өзімдей жастарды көрмесем де оларды өзімнің нағыз жолдастарым деп санадым. Себебі менің жүрегімнің өмірі, адал ниетім олардың тасқындаған жалынды жігерімен үндесіп, қабысып жатты», — деп жазыппын. Менің жүрегіме таң шапағындай сәуле құйып, ойымды оятқан, сезімімді түбірімен тербеген алау жалын — о баста Бұлқышевтың айбынды үні арқылы өршіген сияқты.
Содан бері талай кітап оқылды.
Бірақ «Заман біздікін» асыл мұрадай сақтап келем. «Келіннің бетін кім ашса — сол ыстық» дегендей, осы бір кішкене ғана кітапша мен үшін де ете ыстық. Бұл кітапшаға талай қимас достарым мен жолдастарым сауға салып, қолқалаған, аттай қалаған. Бірақ мен бұл кітапшаны ешкімге де ия алған емеспін. Өйткені халық алдындағы борышымды, өз адамгершілігімді, адамдығымды таразылауыма Баубек маған осы кітаптағы адал да қайсар сөздері арқылы ағалық жол нұсқап, әділ төреші болып тұрғандай. Кітапты анда-санда бір оқып қоюды езімнің парызым сияқты сезінем ылғи.
Октябрь 1976 ж.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter