Әңгімелер ✍️
Қараторғай
Даладан жылы леп есті. Адырларды жапқан қалың қар бір аптаның ішінде сабындай көпіршіп еріді де, алашабырланған қыр-қырқаның буы бұрқырай бастады. Аула мен есік алды, қора маңы едәуір құрғап қалып еді, күншуаққа отыратын қарттардың қарасы көбейді. Балалар да жадырап сала берді. Дегдіген алаңқайларға топтанып, доп қууға кіріскен-ді.
Жұрт көңілі көтеріңкі. Біреуі есік алдындағы арықты тазалап, біреулер тал-терегін отап, қауырт қимыл дүбірі ауыл әрекетінен анық байқалады.
— Анау жарықтықтар биыл өз орнына келер ме екен, Науан? — деді үй артындағы арықты аршып, демалып отырған кісінің қасына келіп, тізе бүккен ұзын бойлы қара шал.
— «Құс жолынан адаспас» дейді ғой. Келетін шығар.
Науан қарт үйден шығып, далаға беттеп бара жатқан талдырмаш аққұба балаға:
— Солтан, әй, Солтан! — деп дауыстады.
— О не, ата?
— Ананы байқап қойшы, балам — деді атасы үлкен ағаштың бұтағына бекітілген ойыншық үйдей әдемі ұяны нұсқап. — Құс келер мезгіл болды. Бүлінген жерлері болса, жөндей сал.
— Жарайды, ертең мектептен келген соң қарайын! — деді доп ойнап жүрген балаларға тықыршыған Солтан.
— Еріншектің ертеңі бітпес!
— Ертең қараймын, ата, ертең!
Жылыстай ұзап бара жатқан балаға зілсіз қараған Науан қария басын шайқады да, үндемеді. Ол кісінің ұяға ерекше ілтипат көрсететін себебі бар. Ұяны кенжесі Әлім орнатқан. Ол қазір әскери міндетін өтеп жүр. Әлім шебер жігіт еді. Үй ішіндегі үстел-орындықтардың көбі соның қолынан шыққан. Бірақ Науан қария мың ұяға қараған сайын баласының сол кездегі мейірімділігін сүйсіне еске алатын.
Былтыр қыстың аяғы суық болып, қарлы боран соғып, аяз қысып тұрды. Ұзын-ұзын көк теректердің басына қонақтаған қарғалардың таң атқанда жапырақтай боп жерге төгіліп қалғанын көрді жұрт. Жұмысқа шыққан Әлім де бұрылып қарап еді, бір қараторғайдың жанталаса тыпыршып жатқанын байқады. Ол жүгіріп барып, көтеріп алды да, қойнына тығып, үйіне әкелді. Қараторғайды бөлмесіндегі пештің түбіне қойып, жем шашып, есікті кілттеді. Кешке келіп қараса, әлгі қараторғай үй ішінде асыр салып жүр екен. Әлім өрнектеп тұрып кіп-кішкентай үйге ұқсаған ұя жасады. Күн ашылып жылынғаннан кейін Әлім ұяны үй артындағы ағаш басына бекітті. Сол ұядан ұшып шыққан қараторғайларды «Әлімнің қараторғайлары» деп атап кетті жұрт. Жаңағы қарттың Науан қарияға айтып отырғаны да сол қараторғайлар еді...
Күн бата ауа райы кенет бұзылып, аспандағы қалың бұлт жапты да, түнге қарай үскірік желмен аралас қар қыраулады. Бара-бара ызғар күшейіп, жапалақтаған қарға айналды.
Кешке таман мектептен қайтқан Солтан алдында кетіп бара жатқан екі шалдың ауа райы жайлы, мына қардың қарқыны туралы әнгімелерін естіп қалды.
— Қаншаға барар дейсің, қайтқан құс қанатының лебі ғой.
— Туған жерін сағынған құс мекеніне жеткенше асығып, екпіндете ұшқанда қанатынан жел тұрады дейтін бұрынғылар.
— Сол — осы. Мұны қазақ «Құсқанаты» дейді.
Солтан мұның мәнісін түсінбеді. Бірақ осы сырды білуге ынтықтырған құштарлық биледі. Есік алдында үстіне жабысқан жылбысқы қарды қақты да, үйге кіріп, тез шешінді. Әлгі естігенінің мәнісін атасынан сұрауға асықты.
— Ата, — деді қасына отыра қалып, — жаңа Мырзабай атам мен Омар атам кетіп барады екен. Мына қарды құс қанатының суылынан пайда болған дейді. Сол рас па?
Науан қария көп жайларға қанық кісі еді, немересін құшағына қысып, маңдайынан сүйді де, түсіндіре бастады.
— «Наурыз — ырыстың басы» дейді қазақ. «Сәуір болмай, тәуір болмайды» деген сөз тағы бар. Өйткені, жан-жануарлардың күллі қимылы көктемнен басталады. Жерге шөп шығады. Астық егіледі. Мал төлдейді. Құс жұмыртқалап, балапан басады. Мұның ең соңғы қар болуы хақ, балам. Осыдан әрі күн жылынып, толықсып, жер-дүние жадырай береді. Ұшқан құс, жүгірген аң өз тіршілігіне кіріседі. Біздің жақтың қысы қатты болған соң, құстардың жылы жаққа кетіп қалатынын өзің де білесің. Бұл жөнінде кітаптарыңда да жазылған. Құстар өсіп-өнген жеріне қайта оралады. Өзіне қамқор адамдарды аңсап, тез көрісу үшін аянбай қанат қағады. Ұзақ сапар үстінде мекеніне қайтар мезгілді зарыға күткен құс бар қайратын бойына жиып алып, кеудеге толы ынтызарлықпен ентелей ұшады екен. Құстың сол қуатты қанат қағысынан жойқын екпін тұрып, жер бетін үскірік жел болып желпиді екен. Әлі де болса ызғары тая қоймаған шыңылтыр суық құстың демінен шыққан ыстық буды қатырып, қар борататын көрінеді. Мына себелеп ұрған қарды құс қанатының лебі дейтін сөздің мәні де осылай, қарағым. Бұл ұзаққа созылмайды. Алғашқы келетін құс — қараторғай. Оларға қамқорлық жасау керек. Пайдалы құс. Кеше ұяны қарай сал дегенім де сол. Былтырғыдай суық бола қоймас, күн жылы ғой. Әлім ағаңның торғайлары да келеді. Ұясы дайын тұрса, қалайша қуанбасын!..
Солтан кешегі ойынға қызығып, ұяны қарамағанына іштей қатты қысылды.
Сол күні ол ерте оянды. Қар әлі қылаулап тұр екен. Қырбықтанып, жер бетін жапқанымен, еріп кетіп жатыр. Сыртқа шыққан бетте Солтан үй артындағы жуан ағаштың бұтағына орнатылған ұяға өрмелеп шығып, тексеріп қарады. Аулада жүрген атасы:
— Бүтін бе екен? — деп сұрады дауыстап.Солтан басын шұлғып, күлімдеп тұрды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter