Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
31.12.2021
349
Алдымнан менің жасыл тау, қызыл таң күлген
Алдымнан менің жасыл тау, қызыл таң күлген,
Өспірім күнім, тәуелсіз тентек шағымда
Қаратал жақта бетпе-бет келіп қалдым мен,
Биқасап киген бетінде мең бар сағымға.
Жанымда қалды жанары күндей сол өңі,
Ұмытқан жоқпын ернін де, екі-үш сөзін де.
Тектілік, шаттық, өрліктен басқа жоқ еді,
Меңі бар жүзі менмендеу қара көзінде.
Аспанға шықты-ау асқақтап бала көңіл де,
Арнап ол маған аузынан гүлдер төгісін!
Аспанға, Жерге, Ауаға, Баққа, Өмірге,
Ақындық күшпен жаудырдым алғыс сол үшін.
Алдияр, Өмір! Сағыныш күйін төгіп кіл,
Сарғайған кезім, саяқ та сартап шағымда
Қайтадан бір сәт, бір сәтке ғана жолықтыр,
Ақ жүзді, меңді, атынан сұлу сағымға!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter