Әңгімелер ✍️
Бесіктің маңызы жайлы не білеміз?
Бесікте бала жылы әрі таза жатады. Жаңа туған және кіндігі енді ғана түскен сәбиді барынша жылы ұстау керек. Өйткені ол суықты тез қабылдайтын әлсіз әрі нәзік. Ал бесіктегі баланы қайта-қайта ашып киімін ауыстыру қажет емес. Бесіктегі баланың таза жататыны өз алдына. Тіпті сәбидің өз дәреті өзіне шашырап былғанбауы үшін түбегіне күл салынады. Бесік баланы кездейсоқ қауіп-қатерден, құлап қалып бір жерін майып қылудан да сақтайды. Аттың жалы, түйенің қомында жүріп өмір сүрген көшпенді халық үшін бесік көшуге де өте ыңғайлы болған. Тағы бір мән беретін нәрсе бесікке бөленген баланың мінезіне байланысты, бесікте өскен баланың мінезі жайдары болады. Айталық, сөзге тоқтау, бірін-бірі тыңдау, салмақты болу, сабыр сақтау — барлығы біздің халыққа тән қасиеттер және адамның осылай болып қалыптасуына бесіктің пайдасы ұшан-теңіз. Ал қол-аяғы бос жатқан бала жеңілтек, ұшқалақ, сабырсыз болып өседі. Байқасаңыздар, қазір қазақ халқының мінезінде үлкен өзгеріс бар. Шыдамсыз, бірінің сөзін бірі тыңдағысы келмейтін сабырсыз, кез келген нәрсеге еліктегіш, қызыққыш деген сияқты… Бұл бесікке бөленбей өскен ұрпаққа тән.
Немересіне ертегі айтпайтын әжелер азайып бара жатыр, сәбиін бесікке бөлемейтін келіндер азайды. Мен осыдан қорқамын… Б.Момышұлы
Бұл — атаның 70 жылдары айтқан сөзі. Өз қолымен жазып қалдырған. Осы бір ауыз сөздің өзінде қаншама ой жатыр. Дәстүрден ажырасақ, ұлттық құндылықты, ұлттық болмысымызды жоғалтатынымызды меңзейді. Нақтылап түсіндірер болсақ, бесікке бөленіп өскен біздің ата-бабаларымыздың мінезі, болмысы қазіргідей болмаған. Мысалы, бесікте жатқан баланы босатқан кезде емін-еркін рақаттанып керілетінін байқаймыз. Ұйқысы тыныш, асты құрғақ әрі таза бала солай өзі керіліп-созылу арқылы өзінің денсаулығын жақсартып тұр. Бүгінде жас келіндердің саналарына толып жатқан әлдебір шетелдік методтар «бала бос жатуы керек» деген түсінік қалыптастырды. Бос жатқан сәби өз қолының қимылынан өз жиі оянатынын, ұйқысының жиі бұзылатынын аңғарамыз, бірақ мән бермейміз. Ал мұның өзі жаңадан қалыптасып өсіп келе жатқан бала мінезінің ұшқалақ болуына кесірін тигізбейтініне кім кепіл?! Мұның өзі біз қазақы болмысымыздан, салмақтылығымыздан, ұлттық мінезімізден ажырап бара жатқанымыздың бір көрінісі емес пе?! Сайып келгенде, салт-дәстүр, әдет ғұрып жайлы өзіміздің ұлтымызға ғана мәселені сөз етіп келе жатқаннан байқағанымыз — еш нәрсенің негізсіз емес екендігінде, бірімен-бірі астасып жатқандығында, тұтас бір ұлттың ұлттық құндылығы саналатындығында. Бесікті де соның бір айқын бір дәлелі деуге болады.
Ел болам десең...
Бұл күндері мерекелік іс-шараларда, әсіресе Наурыз мейрамында міндетті түрде салт-дәстүр үлгілері көрсетіледі. Оның жасандылығы бірден байқалады. Мұндай шараларда кәдімгі бала бөлейтін бесікке қуыршақ салып тербетіліп, ананың әлдиі, бесік жыры айтылады. Осындай көріністерді сахналардан жиі көріп жүрміз. Біздің қазақ халқы бесікті қасиеттейді, ешқашан бос бесікті тербетпейді. Ол — жаман ырым. «Бос бесік тербетіп қалды» деп перзенті шетінеп кеткен ананы айтады. Бәрінен сорақысы — он екіде бір гүлі ашылмаған қыз баланың бос бесікті тербетіп, бесік жырын айтатыны. «Ойын көрсеткенде тұрған не бар» десе де, бұл қазақ ұғымына қайшы келеді, халық педагогикасына жатпайды. Салт-дәстүрді насихаттау деген желеумен бұрмаланып жатқан істеріміз, өкінішке қарай, баршылық. Көзге де, көңілге де томпақ көрінетін көріністерді байқағанда «әттеген-ай» деп қоя салуға да болады. Бірақ біліп тұрып айтпаса, ол да күнә дейді. Ал біз үшін біреулер сырттан келіп балаларымызды ұлтттық өнегемен өсіріп бермейді. Өйткені жас ұрпақ — өзіміздікі, егемен еліміздің иесі — солар! «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген Мұқаңнан (М.Әуезов) артық не айтуға болады?! Өйткені ұлттық мінез бесіктен қалыптаспақ…
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter