Өлеңдер ✍️
Тынармын ба жан-жаңғақ сарқып шақпай
Мен өзімді іздедім бала жастан,
Жұп-жұқана сиқыма қарамастан.
Тауға да ұрдым басымды, тасқа да ұрдым,
Ерте қозды делебем — ала қашпам.
Адыр-адыр қыр кездім, қайнар кездім,
Қойнына құт, мал толы сайлар кездім.
Бойға қуат, ойға дәм үстей ме деп,
Бау-бақшалы, миуалы жайлар кездім…
Құзардағы іздедім қия тастан,
Жымын қуып бұғының қияға асқан.
Маралдыдан іздедім, қабандыдан,
Ұлы таудан ұлар құс ұя басқан.
Қанаттанған іздедім талаптан да,
Сараланған сардар ой санаттан да.
Шүңетіне бой сұқтым көл, теңіздің,
Мардымсымай шұқанақ санатқанға.
Жаздан, күзден іздедім, көктемнен де,
Қасат малтып, қар кешіп өткеннен де.
Отыменен остырдым өңменімнен
Жай түсіріп нажағай төккеннен бе.
Қабақ бақтым: көңілін таптым ба деп,
Маздатып от жанына жақтым ба деп.
Әкелем деп бір бәйгі ат болдырттым,
Зорықтырып өтінде шапқынды әлек.
Безек қағып іздедім ойдан, қырдан,
Таңымнан да түнімнен ойландырған.
Егеменді Елімнің дүбірінен,
Батыр, биді тірілтіп тойландырған.
Кейде тапсам өзімді, кейде таппай,
Жорттым өнер жолында жайға жатпай.
Бойда қуат, болған соң басымда ми,
Тынармын ба жан-жаңғақ сарқып шақпай.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter