Өлеңдер ✍️
Он алты өрен
(Мектеп бітіруші шәкірттеріме арнаймын)
Он алты өрен өсірдім тәрбиелеп қанша жыл,
Еңбегімнің қайтқаны тәлімімді алса бұл.
Риза сезім бой билеп, мақтанамын мен бүгін,
Өңкей жұлдыз жарқырап, көкірегінде жанса жыр.
Көгілдірін тізілткен аққу болып көлдегі,
Құралайын ерткен бөкендей-ақ шөлдегі.
Білім деген бұлақтың кәусарына қандырып,
Осыларға ұсындым ең қымбатты мендегі.
Өнер десе өзгені ұмытқандай назары,
Ән мен күйді естісе құлпыратын ажары.
Он алтысы дөңгелеп, би билесе ән салып,
Өн бойымда лапылдап, қызар көңіл базары.
Бір-бірінен қалыспай ұшқан құстай тізіліп,
Бір жүргенде әдеппен, жарасымды сызылып.
Тәрбиемді ұққанға толқысам да қызығып,
Сыпайылық қыл жібі кетпесе екен үзіліп.
Кеше келген бөбегім жалбыраған кекілі,
Алып қалса жылайтын сабағынан екіні.
Бұл күндері қарасам, он алтысы жайнап жүр,
Көк төсінде зулаған жер серігі секілді.
Мойныма кеп асылып, еркелейді баладай,
Бейқамдығы ботадай, ал көңілі даладай.
Кейде асау құлындай осқырады бағынбай,
Іштен тынып ол кезде, отырамын қаламай.
Бет-бейнемнен оқып ап жабық қабақ кейпімді,
Кілтсіз-ақ ашады жүректегі сейфімді.
Отыз екі күн жарығы бір нүктеге түскенде,
Қаяу көңіл жадырап, дүр сілкініп желпінді.
Алақанда аялап, маңдайынан сипадым,
Ұйқыларын қандырып, күлкілерін тыймадым.
Күндіз-түні қасымда, өз баламдай сезініп,
Бойымдағы асылды осыларға сыйладым.
Қауырсының қатайып ұштың, міне, ұядан,
Бәрің қыран болдыңдар, шолатұғын қиядан.
Интернатты ұмытпа білім алған өзіңе,
Ұстаздардан қол үзбе, олар – ізгі сый адам.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter