19.12.2021
  231


Автор: Сафуан Шаймерденов

Кесел

Адам табиғаты дегенің жатқан бір қызық дүние ғой. Өз басың алай да, былай да шайқап, әр нәрсені қопсытың-қырап жүрсең де, аяғын шалыс басқан біреуді көре салып, тыжырынып қалатыныңды қайтерсің!


Көп кешікпей Ғабдол мен Мақсұт екеуі сондай тыжырынғыш жұрттың көзіне түсе бастады. Олар ештеңенді бүлдіріп тастамаса да, өйтіп жүреді екен, бүйтіп жүреді екен, дейтіндер шықты. Шағынушылар да табылды. Ақыры санаторий әкімшілігі екеуін де үйлеріне қайтару керек деген ұйғарым жасады.


Мен санаторийдің бас дәрігеріне бардым. Шешімдерінің қате екенін түсіндірдім.


— Түкті бүлдіріп жүрген жоқ қой олар. Ең ақыры дыбыстары да шықпайды. Ең болмаса, ескерту де жасаған жоқсыңдар, — деймін ғой алып қалудың қаразын ойластырып.


Бас дәрігер жөн білетін адам екен.


— Ішсе өз денсаулықтарына зиян. Оны өздері білсін. Жалғыз-ақ тілек: жұрт көзіне түсе бермесінші, — деп өтінді ол.


Мен бас дәрігердің сол өтінішін алып Ғабдолға барайын. Үнжырғасы түсіңкіреп отыр екен, мына хабарды естіп қуанып қалды.


— Енді татып алмаспын! — деді көңілденген Ғабдол.


— Олай етсең, — тіпті жақсы.


— Арақ деген зәһарды бүгіннен бастап аузыма алсам, баламның етін жейін, — деп Ғабдол қазыла қайталады.


Байқаймын, нәзік жанды жазушыға мына жағдай қатты әсер еткен секілді. Аты дардай әдебиет өкілінің санаторийдан аласталып жатуы оңай шаруа ма, жүрегін сондай ауыртқан. Айттым бітті, кестім үзілді, мына шешім бұрқанысты жан тебіренісінің жемісі. Ғабдолдың кейпіне қарап, мен осындай тоқтамға келдім.


Өстіп, әдебиеттегі жасы үлкен аға үшін көңілім орнына түсіп, қуанып отырғанымда жалақтап Мақсұт кіріп келмесі бар емес пе!


— Саған не деді? Маған кетесің деп жатыр, — деді ол Ғабдолға қарап.


— Маған да солай деген...


— Ә, олай болса.. — деп Мақсұт сәл тұрды да, тумбочканың ішінен ширек шиша арақты алып шығып, екі стақанға бөліп құя бастады,


Ғабдолда үн жоқ. Сөзге менің араласуыма тура келді.


— Мақсұт, арақты ішсең іш. Ғабекең ішпейді. Ғабдол күрт кетті:


— Жоқ, ішемін! Өзекті жанға бір-ақ өлім. Әпкел бермен стақанды!


Талант иелерін баудай түсіріп жатқан мына көк кеселден құтылар күн қайда?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу