Әңгімелер ✍️
Роман былай басталды
I тарау
Жержүзілік төрт-бес академиялардың мүшесі жер жүзіне аты шыққан, белгілі академик Вознесенский қартайған шал еді. Жасы 60-тан асқан, ұзын бойлы, ақсақалды кісі еді.
Бұл-1927 жыл.
Ленинград, Петроград ауданы. Асфальттеген әдемі көшелер.
Аспанмен таласқан үйлер. Үлкен ақ үй. Кең лаборатория. Түрлі аппарат, сауыт, модель, металл, ғылым саймандарына толған. Академик Вознесенский үлкен столында жазу жазып отыр. Терезеге сүйеніп қызы Лиза тұр.
Лаборант келіп:
— Сізбен сөйлесуге жолдас Макаров келіп тұр.
— Мен ешкіммен сөйлеспеймін, менде не ақысы бар осылардың? Қолым тимейді.
Академик ашуланып қағазына үңіле түсті.
Лиза академикке қадалып тұр:
— Папа, осы күйгелектігіңді, ашуланшақтығыңды қойсаң қайтеді? Бұл қай қылығың? Макаров жолдас Ленинград партия ұйымы жетекшілерінің бірі емес пе?
— Жетекші болса, сендерге жетекші болар, ғылымға жетекші болмас!
Үлкен ақ үй есігінің алдында жолдас Макаров тұр. Үстінде ақ көйлек. Қасында институт партия ұясының хатшысы.
Макаров академиктің жауабын біліп күлді. Хатшымен қоштасып кетіп қалды.
...Кешке жақын Макаров кабинетінде отырған. Терезеден біреуді көргендей болды. Жаңбыр құйып кетті, терезені тырсылдатты. Макаров терезеге барды.
Академик Вознесенский кетіп бара жатыр екен. Үсті-басы су, тайып жығыла жаздады. Макаров телефонды қолға алды.
— Бұл Михаил Васильевич пе? Академик Вознесенскийдің меншігіне бір машина беру мәселесі әлдеқашан шешілген еді. Соны тездетіңіз. Жақсы! — деді жолдас Макаров.
Арада екі күн өтті. Сағат 12 мезгілінде лабораторияда академик қағаз жазып отыр еді. Лаборант кірді:
— Аркадий Евгениевич, кеше қабыл алмағаныңыз үшін жолдас Макаров сіздің меншігіңізге машина бергізіпті.
Академик хатшыға қадала қарады. Не дерін, не істерін білмей, қағазына үңіле түсті.
Бұл — 1927 жыл.
Жер жүзіне аты шыққан академик Вознесенский университетте лекция оқитын еді. Бір күні академик лекция оқыды.
— Мен сұрап отырмын: мартен пеші... — деп сұрау беріп тұрғанда есіктен біреу кіріп, арт жаққа барып отырды.
Бұл партия ұясының хатшысы еді.
— Мен сұрап тұрмын! — Академик хатшы жаққа қарады.
— Мен сұрап тұрмын! — Академик мойнынан галстугін жұлып алып, столдың үстіне тастады. Жұдырығымен қымбатты аппараттарды салып-салып қалды. Академик қызарып қабағын түйіп, олай-бұлай жүгіріп кетті.
Академиктің костюмі тозып, екі шынтағы жыртылған екен, хатшының көзі соған түсті.
Ертеңіне бір ғылым қызметкері академикке екі костюмді әдемі шевиот әкеліп берді.
— Сіздің костюміңіз тозғанға сыйлап беріп жіберді.
Академиктің көзіне кешегі хатшы елестеді.
— Түсінбеймін — деді академик.
— Большевиктерді байқамай жүре беремін десеңіз де, олар байқатпай қоятын емес қой.
— Не айтып тұрғаның? Тарт тіліңді — Академик ашуланып, қолы-басы дірілдеп кетті.
Академик түнімен ұйықтаған жоқ. Лабораториясындағы ғылым қызметкерлері де ұйықтатқан жоқ. Ертең ертемен бірнеше күнге Донбасс металлургия заводтарына жүреді. Тапсырмалар беріп жатыр.
Есіктен бір ғылым қызметкері кіріп келді.
— Ұя хатшысы азбен сөйлесем дейді — деді.
— Мен ешкіммен де сөйлеспеймін — деді академикті тоқтатып. Біраз тұрды:
— Қолы тимей жатыр де!
Ертеңіне партия ұясының хатшысы кабинетінде телефонмен сөйлесіп отырды:
— Жолдас Макаров, академик бүгін Донбасқа кетті. Ал енді оның көп жылдан бергі арманы-лабораториясында болат құятын электр пеші орнатылса дейді. Өзіңізге мәлім... Не дейсіз? Бүгіннен бастап іске кіріспекпіз! — деді.
Пеш сол күннен бастап салына бастады.
Академиктің кішкене лабораториясы төңкерістен кейін жер жүзіндік мәні бар зор институтке айналды. Ең соңғы өте бай, қымбатты, таптырмайтын құралдармен жабдықталды. Большевиктер барлық жардай жасап академикті көкке көтерді.
Он күн өткен соң академик келді. Лабораториясындағы екі электр пеші көзіне оттай ыстық көрінді.
Академик балаға құсап жүгіріп барып, пешті құшақтай алды. Көзінен жас та шығып кетті білем.
Лиза келді. Академик құшақтап қызын сүйді. Шашын сипады. Академик бірінші рет күлді.
— Лиза, сен білесің бе? Ұзын өмірімдегі қиялымды жаңа көріп келдім. Сенесің бе?
Лиза күлді.
— «Большевиктер ғылымды, ғылым адамдарын бағалай алмайды» дегеніңіз өтірік болып шықты ма?
Академик бұрылып кетті. Ештеңе айтқан жоқ.
...Академик лабораторияда жұмыс істеп отыр.
Лаборант келіп хат ұсынды. Академик алып, ашып оқыды:
«Ленинградта жаңа ашылған университетті академик Вознесенскийдің атымен атау туралы.
Жаңа университетті академик Вознесенскийдің атымен атау жөніндегі Ленинград партия ұйымдарының тілегі қабылданылсын».
Академик хатты тастай салды.
— Мен қарсылық білдіріп хат жазамын, жазам! — деді академик.
Лаборатория. Ғылым қызметкерлері жиылып газет оқып отыр.
«Орталық Атқару Комитетінің қаулысы...»
Ғылым қызметкерлері қуанысып күлісті. Лабораторияға партия ұясының хатшысы келді. Ғылым қызметкерлері жабылып ортаға алды.
Ғылым мен техникаға еңбегі сіңген ассистент сөйледі:
— Академик жуасып келеді, екі пеш орнатылғаннан кейін, пәтері мен лабораториясының арасын жабық әйнекпен, галереямен қосқаннан кейін ашуын қояйын деді. Қарысып қалатынын да қойды — деді ассистент.
Лаборант сөйледі:
— Обкомның қаулысын қалтасынан тастамайды. «Лаборатория жанынан буфет ашылсын, үй сыпырғыштары көбейтілсін» деген жерлерін сызып қойыпты. «Большевиктер үйінде сыпырғыштың бары-жоғына да көңілін бөлетін түрі бар» — дейді — деді лаборант.
Барлығы күлісті.
Академик болаттың «спеллит» атты жаңа составын тапты. Лабораторияда қызметкерлерінің жасаған техникалық есебін тексеріп отырғанда лаборант кірді.
— Аркадий Евгеньевич, партия ұясының хатшысы келіп тұр, Кіруге бола ма? — деді.
Академик біраз отырып:
— Болады — деді, күбір етіп.
Лаборант күлді.
— Мен ойнап айтам, сізді байқайын деп едім, бұрын сылтау тауып жолатпайтын едіңіз.
Академик ашуланып лаборантқа қарады. Қолын шошайтып есікті көрсетті.
— Кет! Мені мазақтайын деген екенсің ғой.
Лаборант шығып кетті. Академик біразға шейін жұмыс істей алмай, олай-бұлай жүрді.
II тарау
Бұл 1930 жыл еді.
Ленинград. Нева. Елагин көпірі. Мәдени демалыс паркі.
Парктің батыс жағы-теңіз, Фин заливі. Оң жағы — Кішкене Нева, сол жағы — Үлкен Нева. Ортасында парк.
Теңізден асып қызарып күн батып бара жатыр. Қалың көк парктің іші гүлдерге толған. Парк ортасында үлкен оркестр ойнап жатыр. Біреулер жүріп жүр, біреулер сөйлесіп отыр. Адам көп. Сөз, күлкі алыстан трамвай, автомобиль дыбыстары естіледі. Теңіз беті қаптаған қайықтар.
Теңіз жақ шеттеп таса жерде, бір скамейкеде бір жігіт, бір қыз отыр.
Жігіт жас, орта бойлы, қыр мұрынды ,толық, ақ-құба, әдемі. Жасы 22 шамасында. (Көз қарасы, күлгені Күләнданы еске түсіре ме, қалай?).
Жас жігіт скамейкенің арқасына шалқая түсіп, теңіз жиегін қызыл нұрға малындырып батып бара жатқан күнге қарап отыр.
Қыз артына қарап отыр. Бетіне түскен шаштарын ауық-ауық басын бір шұлғып артқа сілкіп тастайды.
Қыздың үлкен қара көздері бір тыным таппайды. Көз алдына көрінген нәрселердің барлығы басынан кешірген, үйреншікті, білетін нәрселері сияқты. Көз қарасы минут сайын құбылып тұрады. Біресе көздер сонау шалқайып, көпіріп жатқан теңіздің әлдебір белгісіз жеріне қадалып, мөлдіреп тұрады. Біресе өзіне қымбат нәрсе тауып алғысы келгендей алдынан өтіп жатқан адамдардың беттеріне қарайды, қасында отырған жігіттің шашына қарайды. Сүйтеді де, бота көзі өзінің қарауына тұрарлық бір нәрсеге түскендей жайраңдап, ойнақтап оймақ аузына күлімсіреу пайда болады. Біресе қараудан зерігіп, қара көзі төңкеріліп, бұлтқа жасырынған айдай кірпіктің астына жасырынып жұмылады. Қыз көзін жұмып, шалқаяды. Бетіне түскен бір топ шашы кейін қарай сырылады. Қыз бетін көзін ашады. Сүйріктей саусақтарымен теңізге қарап отырған жігіттің шашын сипайды. Бұл атақты академиктің қызы-Лиза.
Лиза жігіттің шашын сипап отырып:
— Рақмет! — деді-есіңде ме, Ромео Джульеттаны сүйіп алып: «Сенің ернің ернімнен алып қалды күнәмді депті. Джульетта тұрып: «Өз ернімде ұстап қалған болармын» деп жауап беріпті. Ромео тұрып: «Қалай? Менің күнәмді алып қалдың ба? Тәтті наз! Күнәмді қайтып бер. Күнәларым өзіме қайтып келсін» деп тағы сүйіп алады. Сонда Джульетта «Сүюдің ебін табуға қалай ұстасыз» — дейді.
Лиза Рақметке күлімсіреп қарап тұр.
— Рақмет! Сен неге кісіні тартып тұрмайсың! Қиялшылсың ғой өзің.
Рақмет бұрылады. Қыздың үлкен қара көздеріне бір қарайды да:
— Мен саған бір сөз айтпақшымын. Жақында мектепті бітіріп, айырылысып кетеміз...
Лиза шошынып кетті де:
— Айырылып кеткің келе ме?
— Сенің айырылғың келеді-ау деп қайғырам.
— Жоқ, мен де Қарағандыға барам.
— Академик жібермейді ғой.
— Институт Қарағандыға жіберсе, ұстап тұра алмайды ғой. Сенің туып-өскен жеріңе барамыз. Әкеңді көреміз, түсіндің бе! Сағындың ба оны?
Рақмет төмен қарайды, жауап бермейді, үндемейді.
— Рақмет! Сен неге үндемейсің, Рақмет?
Рақмет басын көтереді. Бір нәрсе айтайын дейді де, бата алмай қайтадан төмен қарайды. Сонан соң қалтасынан папирос алып біраз отырады. Сіріңке алып тұтатады.
— Рақмет! Қане сөйлесеңші!
Рақмет скамейканың арқасына шалқиып теңізге қарайды.
— Лиза! Кешір, мен сені алдап жүрмін.
Лиза шошынып кетеді.
— Қалай?
— Менің әкем де, үйім де жоқ, бар-ау, бір-ақ қайда екенін білмеймін...
— Ал, одан соң? Алдағаның осы ма?
— Әкем мені жоғалтып алған. Сенің әкең академик. Оны білмейтін адам жоқ. Ал мен әкемнің қайда екенін өзім де білмеймін...
— Бұдан сенің басыңа келетін кемшілік қайсы? Менен мұның несін жасырдың? Академиктің қызы қойшының ұлын сүйеді, бұған кім қой дей алады?
— Алдадым деп осы жасырғанымды айтам...
— Бұл алдау емес, бұны айтпай жүрген өзіңнің балалығың, бостығың емес пе?
— Болмаса, осы бостығымды кешірерсің.
— Мен кешіретін түк те жоқ, тек өзің қойсаң болғаны ғой.
— Солай ма?-Солай.
Рақмет қуанып, жақындай түседі. Көзі күлімдейді. Қыздың көздеріне қадалады.
— Ромео не деп айтты дейсің, Лизочка? Лиза күледі. Омырауындағы көк жібек лентаның ұшын ұстап тұрған қолын алып, скамейканың артына сүйейді. Көйлегін жоғары көтеріп тұрған Лизаның төсіне Рақметтің иығы тиеді.
— «Сенің ернің ернімнен алып қалды күнәмді» — деген.
Лиза қатты күледі.
— Бірақ мен күн бұрын айтам: өз ернімде бостығыңды ұстап қалғым келмейді..
Лиза орнынан тез тұрып жүгіріп кетеді. Анадай жерге барып, артына бұрылып қарап қатты күледі. Көк шөп. Қызыл гүл. Көркем көк ленталы Лиза. Қалың ағаш. Лиза күліп тұрып мынаны айтады:
— Рақмет! Ал, тыңда:
...Аспан да бетін жасырар, жапырақ бұлт таппастан,
Көк жүзінде күн күледі кірпігін де қақпастан.
Кешегі, әні, әдемі жастығымен беріп нұр,
Кестелі көйлек, лентаға оранып менің жарым жүр.
Алдында оның белестері, бұлбұл болып сайрайды.
Артында оның қосылып, екі гармонь ойнайды.
Сонда айтамын жарыма, көк лентаға оранған,
Жан-жағына жайнақтап, құралайша қаранған...
деп Лиза сықылықтап күледі.
— Рақмет! Ішің күйді ме, Рақмет! Ау, Ра-қ-ме- т! Көзің қызды ма?
Рақмет орнынан тұрады. Жүгіріп Лизаның қасына келді. Қуанышты жүрек тулайды. Рақмет:
— Сонда айтамын жарыма, көк лентаға оранған,
Жан-жағына жайнақтап, құралайша қаранған
Күндей күлген әлемде-күміс айсың деймін мен,
Күнге қара деймін мен, көлге қара деймін мен.
Көресің бе оны сен, көрмейсің бе оны сен,
Сүйесің бе мені сен, сүймейсің бе мені сен?
Лиза тағы күледі. Секіріп бір жерде тұрмайды.
— Ендігісін мен айтайын ба, айтып салайын ба, Рақмет? Аяқ жағын айта алмаймын ба, Рақмет?.. Ау, Рақмет?
«Сонда есітем жарымнан, айтқан сөзін жалтарып.
Кәні, қыздар, кеш болды, үйімізге қайталық», —
Деп айтып салайын ба, Рақмет?
«Жер жағдайы тағдырды, ажыратты, үркітті.
Сен қаршыға, мен болсам, күтіп тұрмын бүркітті —
дей алмаймын ба, Рақмет? Ал, айтам, айтам, Рақмет!!
Лиза ішін басып күледі. Көк ағаштардың арасында, көк шөптің ішінде маңдайы жарқырап, меруерт тістері көрініп, күліп тұрады Лиза.
— Ендігісін айтпай-ақ қой, Лизочка.
— Айтамын, Рақмет, кетіп қалам, Рақмет, әйтпесе ақын неге жазған? Сен өкпелейсің бе? Әкесі жоқ адам өкпелеуші ме еді? Бірақ бала өкпелейді екен-ау!..
Рақмет барып скамейкаға отырады.
— Рақмет! Сен өкпеледің бе?
Лиза күліп, ақырын барып, Рақметті құшақтай алады. Сүйеді. Рақмет Лизаның бетіне қарайды.
Лиза:
— Әшейін, сенің өкпеңді өз ернімде алып қалайын деп едім..
Лиза сақылдап күледі. Рақмет Лизаны құшақтай түседі.
III тарау
Тау-кен институтының кең залының іші толған студенттер. Стол басында жиырма шақты адам отыр. Профессорлар, екпінді студенттер, партия, комсомол ұйымдарының әйелдері. Президиум мүшесі болып екпінді студенттер, институтты бірінші өте жақсы бітіргендер Рақмет, Лиза да отыр.
Екпінді бітіргендерді сыйлау жүріп жатыр.
Сөйлеуші:
— Маңдай алды, екпінді, белсендінің комсомолец, партия мүшесі, институтты ең жақсы бітірушілерден Рақмет Дәуір ұлына бір костюм. «Ленинизм мәселелері» және мақтау қағаз беріледі — деді. Қол соғу залды басына көтерді. Музыка тартылды. Рақмет күлімдеп барып сыйлығын алды. Директордың қолын қысты.
Сыйлау жүріп жатты.
Рақмет орнына келіп отырды. Қасында Лиза. Ол өзінің дағдылы көңілділігімен залда отырған жолдастарымен басын шұлғып амандасып отыр.
Рақметтің қуанышы қойнына сыймады. Секіріп-секіріп түскісі келді. Оның үстіне музыка күйі желіктіріп жіберді.
Лизаны құшақтап алайын деп құшағын жайып барып қойды.
— Лизочка! Менің қуанышым қойныма сиятын емес, осы жұрттың алдында құшақтап, сүйіп алайын ба?
Лиза көзі жайнап қарап қалды.
Күлгенін де қойды. Ішінен: «Жаным, жаным, сүйші, сүйші! Сенен аяйтын нем бар!» — деп отырған жоқ па екен. Бірақ сыр білдірмейін деп ештеңе деген жоқ.
— Әлі өкпеңді қоймайсың ғой — деп Рақмет теріс қарады.
Музыка тартылды, шапалақ соғылды.
Осымен араластырып Лиза:
— Сүйші, жаным, сүйші, сүйші — деді.
Бірақ мұны Рақмет есіткен жоқ.
Сөйлеуші:
— Маңдай алды екпінді, белсенді комсомолка, институтты ең жақсы бітірушілерден Лиза Вознесенская бір көйлек, бір мақтау қағазбен сыйланады! — деді.
Лиза орнынан тұрып барып, сыйлығын алды.
Рақмет Лизаны ұмытып, сыйлық алушыларға қол соғумен болды. Лиза бетіне қарап еді, теріс қарады.
Лиза отыра қалып хат жазды. «10 июнь.
Бүгін тіптен қуанышты күн, жаным, ойыннан соң есік алдында мені тос.
Лиза».
Лиза Рақметтің қалтасынан папиросын білдірмей алды. «Папирос тартқанда алып оқыр» деп хатты коробканың ішіне салып, папиросты орнына қойды.
Жиылыс бітті, ойын басталғанша студенттер кең көшедей, ұзын коридорда жүрді. Коридордың бір жағы орта белінен әйнек. Екінші жағы кафедра, аудиториялар.
Лиза Рақметтің артынан шықты. Қашан папиросын тартар екен деп байқап жүр. Лиза бір студентпен сөйлесіп қалды. Студент «әңгімелесіп, олай-бұлай жүрейік», деп ұсынды. Лиза басын шайқады. Осы мезгілде Рақмет папирос тартты. Ішінен шыққан бүктеулі қағазды көріп: «Бұл неғып бұның ішіне түсіп кеткен» — деп даусын шығарып айтып, төс қалтасына салып қойды. Папиросының түтінін бұрқыратты. Лиза қарады. Лиза Рақметке бұрылды. Не жауап берер екен? — деп жауап күтті. Бірақ Рақмет ештеңе деген жоқ. Сырт айналды. Лиза қарап тұрды да, бағанағы студентке барды.
— Мақұл, жүрейік...
Кетіп бара жатқан Лизаның шашына, әдемі денесіне Рақметтің көзі түсті. Жігіттің қолтығында кетіп бара жатқан Лизаның артынан біраз қарап тұрды. Сонан соң қолындағы папиросын шегіп болмастан лақтырып жіберді де, ішке кіріп кетті.
IV тарау
...Институт директорының кабинеті, көзілдірікті директор отыр. (Директор біреуімен сөйлесудің алдында көзінен көзілдірігін алып, әр уақытта да бір езу тартып, күлімсіреп алады). Кабинетке Рақмет кірді.
— Кел, Рақмет-директор орнынан тұрып қолын ұсынды. Рақмет отырды.
— Иван Александрович, Қарағандыға барғым келеді.
Директор көзілдірігін алып, күлімсірей қарады.
— Біз сізді академик Вознесенскийдің кафедрасына ассистент етіп қалдырдық. Академиктің ғылыми зерттеу институтінде істейсіз. Ол қазір Магнитогор-Қарағанды мәселесін талқылап жатыр. Осы жағынан ол кісіге көп көмек көрсетуің керек — деді директор.
Бірнеше күн өткен соң Рақмет академиктің институтіне келіп іске кірісті. Күні-түні лабораториядан шықпайтын болды.
Әдепкі уақытта академик жақтырмай жүрді.
— Осыдан он жыл бұрын далада түйе ме, қой ма бағып жүрген азиялықты маған көмекші қылып бергеніне таңым бар — деді академик.
— Өзіңіз емес пе талантты деп мақтап жүрген — деді лаборант.
Академик үндеген жоқ, қабақ түйіп тұрып қалды.
Бір күні мынандай бір қызық уақиға болды. Лабораторияда Рақмет жалғыз өзі отырған. Бір аппаратқа тесіле қарап, қағазға қарап, бір нәрсе жазып жатқан... Ақырын Лиза кірді. Білдірмей артынан келіп Рақметтің көзін басты. Рақмет кім екенін білмеді. Бірақ, Лиза өзі күліп жіберіп, білдіріп қойды. Екеуі академиктің столына барды. Рақмет Лизаны тізесіне алды. Құшақтап сүйді. Әлі сүйіп отыр. Осы уақытта абайсызда академик кіріп келді. Академик булығып, өзінен-өзі қақалып қалды.
— Енді осы жетпеп еді — деді академик.
Столына келді. Столды қойып қалды. Кейбір шыны аспаптар сылдырады:
— Кет, жоғал, көзіме көрінбе! — деді Лизаға.
Лиза шыға жөнелді. Рақмет кірерге жер таппай, аппараттардың арасында бұғып отырды.
Бірақ ойында академик ту сыртынан көзін айырмай қарап тұрғандай болды. Барлық пәрменінше жүгіріп далаға шығып кетті.
— Академиктің қызымен... бұл не деген заман? — деді өзінен-өзі академик.
Бірақ бұл сөзді айтарын айтса да, дәмі жоқ екендігін, дұрыс еместігін өзі сезіп:
— Алдымен ғылыммен шұғылданып, онан соң қосылмай ма? — деді.
Бірақ бұл сөзі де күмәнділеу болды. Өйткені екеуі де инженер, ғылымға шұғылданғандар солар ғой.
— Бәрінен бұрын, шіркіндер, менен сұраса қайтеді. Неге жасырады — деді академик өзін-өзі жұбатып.
— Оңбағандар, мен сендерге көрсетермін — деп өзінен-өзі столды ұрды.
...Бұл күндері Рақмет Лизамен жолыққан жоқ. «Лизамен бір жүрсем академик ашуланады. Олай болса атақты академикті ашуландыруға қандай правом бар?» — деді. Рақмет төсегінде ойланып жатып.
Рақмет екінші жамбасына аунап түсті. Түн. Үйдің іші электр шамымен күндізгідей жарық. Терезе артында дауыстар естіліп тұр. Электр жарқылдап, трамвай дүрсілдеп, көк ұшқын атып терезені, қабырғаны дірілдетеді. Біреу есікті қақты.
— Кіріңіз — деді төсекте жатып Рақмет. Хат тасушы келді. Рақметке телеграмма ұсынды.
Рақмет орнынан тұрып отырды. «Ленинград тау-кен институтінің директорына, көшірмесі Дәуір ұлына.
Инженер, ғылым қызметкері Дәуірұлын тез Қазақстан Халық, Комиссарлар Кеңесінің қарамағына жіберуіңізді сұраймыз».
Хат тасушы кетіп қалды. Рақмет орнынан қарғып тұрды.
— Мені, Рақметті, Қазақстан біледі. Я, мені Қазақстан шақыртады, я менің қамымды жейді, не дейді, жұртым-ау!!!
Рақмет орнында шыр айналды, қуанышы қойнына сыймай күлді. Телеграмманы көкірегіне басты, етпетінен төсекке жата қалды. Кенет үйдегі электр өшіп қалды. Көшеден электр сәулесі терезеден үйдің ішіне түсіп тұрды. Ә дегенде ойы өзінің бақытында болды, ол сәуленің не екенін біле алмады. «Бұл не» — деді ойымен, артынан түсінді. Сонда:
— Ол ма? Ол-Рақметтің бақытының сәулесі — деді күліп, даусын шығарып.
Электр қайтадан жанды. Рақмет орнынан қарғып тұрып, жүгіріп көршісінің үйіне кетті. Бірақ ол үй жабық болды. Қайтып келді бірақ үйдің ішінде жалғыз өзі билеп жүрді де, шешініп жатуға кірісті. Жатарда қалтасынан телеграмманы алып жастығының үстіне қойды. Жастыққа басын қоя беріп, телеграмманы алып оқып, жастықтың астына қойды. Екі минуттен кейін тағы алып, бір қарап, қайтадан қойды. Көзі ұйқыға кетті.
Рақмет түс көрді.
Түсінде Қазақстан Совнаркомының кабинетіне кіріпті. Жолдас, Нарком, барлығы қуанышпен қарсы алып, Рақметтің қолын қысып, жаурынынан қақты.
— Міне, кешегі жалшының баласы-бүгін инженер!.. Енді социалды Қарағандыны құрады — деді. Совнарком председателі күлімсіреп...
...Рақмет Лизаға жолығуға асықты. Бір күні Нева проспектісімен келе жатты. Ерсілі-қарсылы жүрген адамдар трамвай жүрісі құлақ жарады. Рақметтің алдында анадай жерде Лиза көрінді. Рақмет қуанып кетті. Айқайлауға сәл-ақ қалды. Лиза Рақметке қадала қарады. Бірақ Рақмет жақындай бергенде проспектінің екінші жағына қарай бұрылып кетті. Оған себеп, Рақметтің артында академик келе жатыр еді. Мұны Рақмет білген жоқ, бір көше айнала беріп:
— Менен қаша бастағаны ғой, уәдеден тайғаны ғой — деді ішінен.
Кетер алдында Рақмет академикпен қоштасуға лабораторияға келді. Академик қолын берді.
— Ендігі жылы қайтып кел — деді академик.
Рақмет:
— Сөзсіз келем — деді.
Рақмет шығып бара жатқанда академик бір нәрсе айтайын деп оқталды. «Лизаға жолықтың ба?» — десем деп оқталып еді, бірақ оған ұялды. Сонан соң өзінен-өзі ашуланып столды қойып қалды. Әлдекімдерге кейи бастады.
Лиза академиктің үйінде, өз бөлмесінде, төсек үстінде отыр.
Телефон сылдырлады. Лиза барып тыңдады.
Телефон соғып тұрған Рақмет:
— Ең болмаса қоштасып, шығарып сал — деді.
Лиза телефонды тастап жіберді. Ернін тістеп, қара көзі жаспен қаймақтанды. Артымен жүгіріп барып төсекке отыра кетті. Енді көзінен жас сорғалады».
— Қоштасып қал... — Лиза көзін басып солқылдап жылады-өзімен бірге жүр деу ойында жоқ-ау, уәде қайда? — Лиза бетін жастыққа қойып, солқылдап жылады.
...Әйнекті галереямен академик үйіне келді. Ішке кірді. Лизаның есігінен қарады. «Лиза Рақметтің қасында жүр ғой» деп ойлап еді үйде екен.
Лизаға «бар» деуді лайық көрмеді. Академик өзінен-өзі ашуланып есіктерді тарсылдатып жауып, айқай салды.
— Бұл не, үйдің ішінің ыбырсып жатқаны?
Бірақ академик қызының үйіне барды.
— Неге Рақметке бармайсың? Кетейін деп жатыр ғой...
Айтарын айтса да, академик ұялып шығып кетті.
Лиза басын көтерді. Көзі іскен.
— Кекетпесең де жетеді ғой... — деді есік жаққа қарап.
Лиза қате түсінді.
Академик лабораторияға қайта кетті.
Лиза отыра алмады.
— Кетіп қалды ма екен?..
Лиза жүгіре жөнелді. Нева проспектісімен жүгіріп келе жатыр.
...Октябрь вокзалының перронында директор мен Рақмет тұр еді.
— Академик әдепкіде сені жек көрсе де, кеше жібермеймін, сендер талантты адамды осылай жоқ қып жібересіңдер, деп ұрыс шығарды ғой — деді директор.
Рақмет күлді.
Біраз тұрғаннан кейін директор қоштасып кетіп қалды.
Рақмет тыным таппай жүгіріп жүр. Лизаны іздеп жүр.
— Ол неге келмейді?..
Жүгіріп вагонына барды. Онда Лиза жоқ. Жүгіріп қайтадан іздей бастады. Вокзалдың ішіне кірді. Қайтып шықты. Лиза көрінбеді. Лиза жоқ...
...Лиза жүгіріп келе жатыр, іштен трамвайға міну де есінде жоқ. Міне, Нева проспектісі. Міне Александр Үшіншінің ескерткіші... Міне, Октябрь вокзалы...
...Ал Рақмет алақтап жан-жағына қарап тұр. Лиза жоқ, үшінші қоңырау берілді. Поезд қозғалды, жылжып барады. Осы уақытта Лиза келді.
Поезд кетіп барады.
— Тоқтаңыз! — деді платформаның аузында тұрған адам. Поезд кетіп де қалды. Лиза мұңайып кейіп қайтты.
Қабырғаға сүйеніп біраз тұрды.
— Мені көрді ме екен? — деді өзінен-өзі.
Арада бірнеше күндер өткеннен кейін, бір күні Лизаның есігін біреу қақты. — Кіріңіз — деді Лиза.
Почтальон телеграмма ұсынды, почтальон шығып кетті. Лиза ашып оқыды. «29 сентябрь.
Қарағанды бардым, ертең Донбасқа жүремін, біраз боламын.
Алып шахтыларын тексеріп, танысып, мұнда ашылатын шахты проектісін, планын жасаймын. Қатты сүйдім.
Сенің Рақметің».
Лиза көзін кең ашты, қуанып кетті. «Қалқам, қалқам» — деді телеграмманы көкірегіне басып, төсекке жата кетті.
V тарау
Май айы. Таң алды.
Түнгі Москва. Октябрь вокзалының алды. Паровоздың гүрілі, трамвай жүре бастаған, электр жарығында вокзал алдында Рақмет тұр.
Поезд келді Адам қайнап, құжынып кетті. Бір вагоннан академик шықты. Алыста тұрған бір көзілдірікті жас жігіт кимелеп жетіп барды.
— Мен сізді қарсы алуға шыққан адаммын, жүріңіз. Машина дайын.
Бұл екеуі вокзалдың ішіне кіріп кетті. Сөз, айқай, бала жылауы, паровоздың пысылдауы перронды бастарына көтерді.
Академик вокзалдың алдына шықты. Электр жарығында әдемі жас жігітке көзі түсті. Академик айқай салды:
— Рақмет!
Рақмет жалт қарап жүгіріп келді. Қол алысты. Екеуі де күлуде, қуанышта (академиктің күлгенін Рақмет бірінші рет көрген шығар).
— Донбасқа барып, жеті-сегіз ай жатып механикаланған шахтылардың тәжрибесін тексеріп, Қарағандыда алып шахты ашуға проекті, план жасадым...
Академик қуанып қарап тұр.
— Москва проектіні бекітті. Бүгін жүрем, Қарағанды трест бастығы осында. Ертең жүреді.
Академик күліп қарап тұр.
— Мен де Наркоммен сөйлесуге келе жатырмын.
Екеуі біраз тұрды. Қол алысты.
Рақметтің көзіне Лиза елестеді бір нәрсе айтайын деп еді, айта алмай булығып, төмен қарады.
— Қош, Аркадий Евгеньевич.
Рақмет жүре берді.
Академик артынан қарап тұр. Бір нәрсе сұрайын деп айта алмай тұр.
— Лиза... — деді академик.
Рақмет жалт қарады. Академик сасып:
— Лизаның дені сау-дей салды.
Рақмет кетіп бара жатып:
— Жаңа Лиза жөнінде өзім неге сұрамадым? Қап! — деп өкінді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter