Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
13.12.2021
190
Балам деп ойлар анасы
Маңдайдағы сызығым,
Өмірдегі қызығым,
Сезермісің кештерде
Ана жүрек қызуын?
Көктеп шетін көрпенің,
Шексіз ойды шертемін;
Адастырып жүр ме екен
Шындық жайлы ертегім?
Тұла бойы тұнығым,
Тұлымшақты құлыным,
Әділетке сенгіш ең
Қандай екен бүгінің?
Самғап арман құстарың
Жүрсің үйден тысқары.
Өмірден тек «ғайып» боп
Қалқып жүрме ұшқары.
Мұнай кетті жат елге,
«Вахта тірлік» әкеңде-
Сансыз күндер сендерсіз
Мұңаюмен өтем бе?
Рахат тауып еңбектен,
Қымбат, сәнді көйлекпен
Жеткен екем түсімде
Несиесіз зейнетке.
Көзайымым, қырмызым,
Көгімдегі жұлдызым.
О, жаратқан қолдай жүр
Жадау елдің ұл – қызын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter