06.12.2021
  1189


Автор: Тахауи Ахтанов

Боран

Роман


I


Кенет ауаға шымырлап ызғар кіріп, теріскейде қара бұлт тұтасып келе жатса да, Қоспан асықпады. Қора маңын тақырлап қоңылтақсып қалған қойлар жаздан бері мал баспаған беткейдің жұқа қарын кішкене тұяқтарымен үсті-үстіне тепкілеп құнжыңдасып жатыр. Атының ауыздығын алып, отқа жіберіп, Қоспан төбенің басында сүйсіне қарап тұрған.


— Пай-пай, қыстай жұмыры толып шөп жемеген бишаралар, құшырланып барын салып-ақ жатыр-ау.


Күннің ниеті бұзылса да, Қоспан жемге үймелеген балапандай шүпірлеп жайылып жүрген қойдың басын оттан жұлып ала алмады. «Соңғы жылдары күн райының өзі мінезін танытпай жүр ғой. Есепшілер де долбардан қалып барады. Кейде түнеріп келген қара бұлт жапалақтап бір жауып өте шығады» деп елегзи бастаған көңіліне тоқтау салды.


Биылғы жылдың қысы Қоспанға ауыр тиді. Жылдағы әдетінше Қостағанды қыстап отыр. Қорасының маңы жусаны мен изені аралас шүйгін болса да Қоспан оны алтындай сақтап, қар екі жауған маңайламай киіз үй тігіп көшіп жүрді. Өйтпегенде қайтсын, алыстағы қыстауға пішен тасылған жоқ. Қора маңының отына өзі шауып алған азғана шағырын қосып талшық қып келе жатқан. Биыл қыс аумалы-төкпелі болып, қойын ұзатып әкете алмай жақын төңіректі шиырлап тастап еді. Және бір қиын болғаны колхоздың малын қауырт көбейтпек болып, бірақ қойшысы мен қорасын жеткізе алмаған басқарма Қоспанның отарына үш жүз тоқты қосты. Күн райы бұзылса-ақ қорадан шыға алмай тамақ сұраған баладай шырылдап мазасын алады. Азғана шөбінің арты шөмпиіп, қыпылдап жүрген Қоспан кешеден бері күннің шырайы кіргенсін қойын Құзғын адырына қарай айдап кеткен. Үйде әйелі Жаңыл қалды, көмекші бала Қаламүшті колхоз орталығына дүкенге жұмсады.


Дүкенге бала жұмсауында да мән бар. Колхоз председателі Құмар соңғы сөйлескенінде: «Қасекең жуық арада отгонды аралайтын түрі бар» деп ескертіп еді. Қоспанға бұл сөздің аржағын ежіктеудің қажеті жоқ. «Қасекең» дегені — Қасболат, аудандағы мықты басшының біреуі. Екеуі ертеден таныс. Талай қиын-қыстау кезеңдерді бастарынан бірге кешірген. Әрине адам болғасын арада әртүрлі нәрсе бола береді. Қоспанның оған қатты ренжіген кезі де бар. Бір рауаятта түңіліп те кеткен. Бірақ задында кекшіл емес Қоспан сол өкпесін ұмытқан тәрізді. Әйтеуір не де болса ол енді мазаламайтын боп, орны бітіп кеткен ескі жара. Бір жағынан сонау кезде Қоспан көңіліне салған жарақатына Қасболаттың өзі де емші болды. Қоспанға дегенде ұлық басын кішік етіп, ықлас, ілтифат етумен келеді.


Егер екі достың арасы сынып, жарылып барып қайта жалғасса — бұрынғыдан бетер жымдасып кететін кезі болады. Қадірін білмей жоғалтып алған асылын қайта тапқандай — содан екі жағының да айрылғысы келмейді. Қанша айтқанмен көз көрген деген қиын ғой.


Қасболат отгонға шықса Қоспанға соқпай кетпеуі хақ. Және ол мұның үйіне ел аралап жүріп, қойшының үйіне түскен әкімше келмейді. Бірден арадағы алшақтықты сыпырып тастап, ескі достың сағынышты көңілімен шұрқыраса келеді. Аласа, төртбақ ширақ денесімен машинадан жеңіл ырғып түсіп:


— Үлкен қара, қайдасың? Бармысың?— деп қуанышты жарқын үнмен айқай салады.


Әжімі тереңдеген дөңгелек ажарлы жүзінде нұр ойнап, ойлы көзі күлімдеп Қоспанның қолын бар ықласымен қатты қысады. Баяғыда әскерде, одан майданда жүргенде саптың оң қанатында тұрған еңгезердей ірі Қоспанды командирі Қасболат «Үлкен қара» деп атап кетіп еді. Өзімсініп айтылған осы сөз сонау бір кездерін еске салып, Қоспанның ішін жылытып қоя беретін.


— Ал, Жаңыл, бізге сақтаған сыбағаң бар ма еді?— деп дауыстап үйге де өз адамындай еркін енеді.


Іші пысып жалғыз үй отырған қойшы семьясы қонақ келгенде кәдімгідей серпіліп қалады. Ал, Қасболат болса үйдің ішін жадыратып тіпті мәз-мейрам қылып кетеді. Оның дәрежесіне деген ізет-құрметке достық көңіл мен жақсы пейілі араласып Қоспан да, Жаңыл да Қасболат келгенде айрықша бір елгезек халге түсіп, көңілдері лүпілдеп тұрады.


Қасболаттың Қоспанға деген ықласы үйде ғана емес түзде де мол. Мұны қолдан келгенше қолпаштап, көтеріп-ақ келе жатыр. Бір жиналыста мақтаусыз, бір тойда сыйлықсыз қалдырған емес. Сол себеп болды ма, әйтеуір соңғы кезде Қоспанның атағы жақсы-ақ шығып жүр.


Бұрын ондайға үйренбеген Қоспан осы жұрт мұны «мықтымен жанасып абыройға әншейін-ақ ие болып жүр ғой» деп ойламай ма екен деп қуыстанатын. Бір-екі рет сол ойының шет пұшпағын Қасболаттың өзіне де аңғартты.


— Осы мені тым қолпаштай бересің, Қасеке. Тек ескінің қолқасы болмай атағыма ісім сай болса жақсы-ау,— деп еді, Қасболат оның күдігін бірден сөндірді.


— Сен алдымен өз ісіңді өлшеп қарашы. Осы ауданда сенімен қатары бар. Бірақ озған ешкім жоқ. Мен саған бөлекше жақсылық жасап жүр деп ойласаң осыдан көрсеткіштеріңді төмендетіп көрші. Қалай шықпыртар екем. Менің қатал командир екенімді ұмытып кеткен жоқсың ба өзің?!— деп қарқылдап күліп алған.


Содан кейін байсалды түрге ауысып:


— Ауданда бетке ұстарымыз өзің болып тұрсың ғой. Келер жылы төл алудан ырғып бір көтерілсең...— деп бір абыройдан дәмелендіріп қойды.


Құмардан Қасболаттың келетін хабарын естігеннен кейін:


— «Әй, қу, сынауға келе жатырсың-ау, қайдан білейін, биылғы қыс ойлаған жеріңнен шығарса жарар еді-ау ,— деп уайымдады Қоспан.


Соңғы он үш-төрт жылдан бері қой соңында келе жатқан Қоспан бұл тіршіліктің тәсіліне жетіліп, машықтанып алған еді. Осы өңірде шарламаған ой мен қыры қалған жоқ. Қай жердің оты қандай, суы қандай, бәрін жатқа біледі. Қыс баласының да мінезі мен дағдысын көңіліне мықтап түйген. Қазақы қой желге төзімсіз. Қоспан жел-құздың аңысын бағып, ылғи ықтасын беткейді сағалайды. Азғана пішенін сары майдай сақтап, қойдың басын жайылымнан алмайды. Қысқы жайылымның өзін жаздағыдай көңілмен мөлшерлеп өлшеп-пішіп қойған. Жақын жердің тебіндігін қорасындағы шөбінде қориды. Бірақ сонда да әрбір қыс Қоспанға төтенше қиындық әкеледі. Міне биыл бір күн ашылып, бір күн жауып, алысқа аттатпай қора маңын тақырлатып кетті. Содан ақыры тәуекелге бел буып Қоспан өріске шықты.


Құзғын беткейі — қырық-елу шақырым алыс жайылым. Жазда сусыз болғандықтан мал тұяғы тимей жусаны мен өзені ырғалып тұр. Ашық дөңестің қары да жұқа. Қоспан жолда Ырғайлыға түнеп, бұл араға бүгін түске таман келді. Ойы — күннің сыңайы бұзылып кетпесе осы арада біраз бола тұрмақ. Он шақырым шамасында теріскейде, Дөңқараның түбегі бар. Түнге қарай малын сол ықтасынға иірмек. Екі-үш күнге жалғыз өзі де төтеп береді. Содан кейін шанаға азық-түлік тиеп, артынан Қаламүш келеді. Екеуінің басы қосылған соң не уайымы бар. Қосты тігіп, Дөңқараның тобылғысы мен қарағанын маздатып жағып қойып, жата бермей ме.


Бесінге қарай көк жүзін түгел бұлт торлап алды. Шақырайған аппақ қардың сәулесі сөніп, реңі солып күңгірт аспанның астында сұлық жатыр. Ауадағы ызғардың да зәрі сынып, төңірек мүлгіп қалғандай. Бір түрлі жұмсақ, бұйығы тыныштық. Бейне алғашқы қан сонардай манаурап тұр. Табиғаттың осындай күйі — не күзде, не көктемде болады. Осындайда Қоспан өзін өзі билей алмай бұлдыр үміт, тәтті қиялға елігіп, бойына шым-шымдап рақат кіреді. Табиғатпен бірге қатқыл көңілі жібіп, жаны бусанып, көкірегін үнсіз, дыбыссыз күй кернейді. Ырғағы белгісіз майда қоңыр күй. Бұл кезде өзін жалықтырған жалғыздыққа Қоспанның жаны жайыла түсетіндей.


Жарқырай шағылысқан сәулесі жоқ, бұлт астындағы қоңырқай жарықта төңіректің бәрі ап-айқын. Оқшау тұрған Дөңқара жұқа қардан бойы асқан қараған, тобылғысы қарауытып жап-жақын боп көрінеді. Одан батысқа қарай Айдаболдың қыраты сұлап жатып алған. Оның да бергі беткейіндегі ойпаңы шүйгін. Бірақ қазір қары қалың; қой тұяғына жеткізбейді. Аспанды түгел жапқан қоңыр бұлт сонау күңгірт алысқа барып ұласады. Құнжыңдап жайылып жатқан алты жүз қой мен Қоспаннан басқа бұл өңірде қыбыр еткен тіршілік иесі көрінбейді.


Бірақ жым-жырт тына қалған табиғат — бір нәрсені бағып тұрғандай. Сонау дөңеске қылаң етіп түлкі шыға келе ме?..


Мамықтай майда қар. Тығыздалған ескі қардың бетін жаңартып қалқып келіп түсіп жатыр. Ауаның да салқын-сергек лебі шарпып өтті. Қоспан атын жетелеп қойына қарай аяңдады. Жаңағы бір тәтті көңілі әлі бұзылған жоқ. Тек бұлттың беталысын қалай жоруды білмей екі ойлы.


Жауған қарды елең қылмай қойлар жайылып жүр. Жоталары аппақ, бір елі қар тұрған. Жақындай бергенде көкшулан саулық басын көтеріп алып Қоспанға қарады. Көгілдір аралас құлпырып тұратын түгі аппақ.


— Қалай, ар жағыңа ел қонды ма?


Иесіне жауап қатқандай көкшулан саулық маңырап қоя берді. Өзге қойлар да жерден басын алып, бақташысына қарайды. Әлденеге елегізген түрлері бар ма, қалай. Қойдың арғы шетінен қарағай мүйіз қара серке мекіренеді. Тыныш жатқан малдың ұйтқысы бұзылайын деді. Бір сұмдықты іші сезгендей көк ала қаншық Майлыаяқ келіп етігіне сүйкенеді. Мүләйім көзімен иесіне жыламсырай қарап, қыңсылап қояды. Жаңа ғана құйрығы қайқаңдап Құтпанның алдында көлеңдеп жүр еді, енді мүсәпір бола қапты. Арлан төбет Құтпан еш нәрсемен ісі жоқ, маңқиып, қойдың шетінде оқшау жүр.


Қоспанның бетін шымырлатып, аяз лебі қарып өтті. Теріскейден ызғар лебі келе жатыр. Ышқына соққан зәрлі жел ауаны осып-осып жіберді де, ішін тартып тына қалды. Тыныш жатқан малдың ұйтқысы бұзылып, өре тұрды. Қоспанның да көңілі мұздап қоя берді. Бұрқыраған қарлы боран қаптап келеді. Желдің тығыны қайтадан ағытылып кеткендей қалыңдап жауған жапалақ қарды түтіп ала жөнелді. Лезде ақ боран Қоспанды қойымен бірге қоршап алды.


Қоспан тез атына мініп, топырлап ыққа қарай ойыса бастаған қойларын желге қарсы қайырды. Ойы тезірек Дөңқараның бергі түбегіне жету. Тор төбелін борбайлата қамшылап: «Шәйт! Шәйт!» деп айқайлап, қойдың бетін солай бұра берді. Бірақ қылшық жүнінің арасына ызғарлы жел кеулеп кірген қой бүрсеңдеп боранға қарсы беттей алатын емес. Алдыңғылары бүйірлеп, шегіншектеп тұрып қалды да, кейінгілері топырлап соларды ықтайды. Желдің өтіндегілері сытылып шығып кейін қарай қашады. Оған ілесе өзгелері де жапырылады.


Ұйтқыған боран омырауына, мойнына әкеп жас қарды былш-былш соғады. Бетіне төпелеп ұрған қар кірпік астын жасқа толтырып, көзін аштырмайды. Алдыңғы жақ ақ түтек, жаңа теңкиіп тұрған Дөңқара көзден ғайып болған, Қоспан тор төбелді тақымдап қамшы үйіріп, айқай салды.


Ат үстінде аласұрып жүрсе де көкірегін өкініш оты қарып өтеді. Қара басып, күн райын неғып байқамай қалды? Мана ертерек айдап кеткенде — ендігі Дөңқараның түбегінде болар еді ғой. Әншейінде күннің қабағын қапы жібермеуші еді. Жамандыққа көрінбесе не қылсын.


Қорқынышты ойлар қобалжытқан сайын Қоспан ширығып ышқына қимылдайды. Не де болса боранды маңдайымен сүзіп жылжи бермек. Бірақ аттаған қадамы кейін кетеді. Биік жарға тырмысып келе жатып, сырғанап кетіп, қайта өрмелегендей талпына береді. Адам деген де қызық екен. Осындай жан ұшырған алас-қапаста үзіліп-жыртылып қай-қайдағы ойлардың ұштығы елестейді. Көз алдында Қасболат жалт береді. Жадырап келіп күлімдеп қолын созғанда Қоспан кірерге тесік таппай көзімен жер шұқып қалмаса қайтсын. Мына боранның беталысы жаман болып барады ғой. Дөңқараға тырнағын іліктірсе жарар еді-ау. Бірде көзіне үйде қалған Жаңыл елестейді. Қаламүш бүгін орталықта жүр ғой. Тоқтыларын шашыратпай қораға қамап алса жарар еді. Әйел байғұсты жалғыз тастап кеткені. Әлде екі өкпесін қолына алып бет-бетіне бытырай қашқан тоқтыларды қуып жанығып жүр ме екен?


Үсті-үстіне ұйтқып бетіне түскен қар еріп мұздай су болып қайта тоңазып екі бетіне қылқандай қадалады, кірпігінде дымқыл қырау сірестіріп көзін әрең ашады. Төңірек кеугім тартып қараңғыланып барады. Тұмсығына қар кептелген тор төбел мойнын төмен салып, пысқырып алады. Кейде қылаң етіп ат аяғына оралған Майлыаяқты көзі шалып қалады. Уақыт өтіп болар емес. Бірақ қойлардың жүрісі де өнбеді. Кім біледі, мүмкін Дөңқараға жақындаған да шығар. Биік дөңнің қалқасына кірсе желдің ызғары қайтып сала берер еді.


Қоспан айқайлап қамшы үйіреді. Қойларды желге қарсы жылжытып айдап келе жатқан сияқты еді. Бір кезде байқаса үйірілген қой бір орнынан тапжылмай қалған. Бұл тек шетке шашау шыққанын қайырумен ғана жүр екен. Оларды ілгері жылжытайын деп атпен омыраулай бергенде тұтасып, ұйысып тұрған қой қақ жарылып кейін қарай лоқси жөнелді. Тағы да жан дәрмен қылып тырбанып еді, болмады. Бір-екеуінің алдын бөгесе жүзі ағытылып кетеді. Қоспанның манадан бері жан ұшырып келе жатқандағы қорыққан сұмдығы осы еді. Сонысы енді басталды.


II


Күннің қабағы бұзыла бастаған соң-ақ Жаңыл тоқтыларын қораға қарай айдады. Өңшең марқалар ыққа қарай қутың-қутың жүгіріп, жылы қораға асығып барады. Лезде түтеп кеткен ақ боран жақындап қалған аласа қораны бұлдыратып, көзден жасырды. Жаңыл қойын алысқа айдап кеткен күйеуін ойлап: «Күннің райы тез бұзылды ғой апыр-ай, аман болса игі еді» деп қобалжып келеді.


Күн ұзаққа иесіз, тоңазып қалған үйіне кіріп шам жақты. Қазан астына от тұтатып шай қойып жіберді. Мұздай үйде бетін қидың түтіні шарпып, бойы жылып келеді. Бірақ жападан-жалғыз езі тынышталып отыра алмады. Күйеуін ойлаған сайын көңілі елегзіп мазасы кетеді. Осындайда қара болатын Қаламүш та қайтып оралмады. Бірақ оған:


— Асықпай-ақ қой, қалқам, жолдан шалдың үйіне қонарсың,— деген өзі еді.


Олай демегенде қайтсын. Баласыз Жаңыл Қаламүшті іштен шыққан перзентінен кем көрмейді. Бірақ Қаламүш Мінайдар шалдың кіші баласы. Бұлар көшіп келгенде бес жасар еді. Жаңылға көбірек үйір боп, бауыр басып кетті. Қоспанды аға, Жаңылды апа деп өз үйінен гөрі көбіне осылардың қолында болды. Сол кезде елуден асқан өз әкесі Мінайдарды ата дейтін. Шын аты — Ғалымжан. Еркелетіп кішкентайында Қаламүш атап еді, биыл он тоғызға шықса да сол атымен келе жатыр. Екі үйдің ортасындағы тел қозы. Өткен жылы оныншы класс бітірді де, Қоспанға көмекші боп келді. Екеуі тапқан-таянғанын осы баланың аузына тосып, үстіне жапсырады. Бірақ Мінайдар қарттың аузынан бердім деген сөз шыққан жоқ. Жаңыл Қоспанға «шалдың ұлы да бар, қызы да бар. Қаламүшжан жөнінде құлақ қағыс қылсайшы» деп еді, ол: «Өзі де аңғаратын парасатты кісі ғой, сірә үндемеуі тегін емес шығар, қиналып қалар» деп баспай қойды. Әрине оған бола, енді өз құрсағынан перзент дәметпейтін Жаңылдың Қаламүшке деген ықыласы ортайған жөн, қайта арта түсті.


Бетін қыздыра шарпыған жалыннан көзі жұмылып, кірпігі ауырлап барады. Жаңыл тағат тұтып отыра алмады. Пальтосын кие салып далаға шықты. Қас қараюға жуықтаған. Боран үдей түскен. Есіктің алды омбы қар. Жиырма-отыз қадамдай ұзап барды да селтиіп тұрып қалды. Түтеп тұрған бораннан еш нәрсе көрінбейді. «Жел қарсы екен, апармай, ықтырып әкетпесе болар еді» деп шошып қалды. Бірақ не дәрмен қыларын білмей дал болып тұра берді.


Ауыз бөлмеде керосин шам сығыраяды. Үйдің іші толған бу. Қазандағы су қайнап кетіпті. Ас салуды ұмытқан екен. Күні бойы қой жайып, денесін суық қарып, қалжыраған.


Жаңыл шай ішті. Қойшы әйелі жалғыздыққа жалықпайтын. Бірақ осы жолы елегізіп, ішкен асы бойына сіңбеді. «Қой баққаны бүгін емес, бір қолайлы жер тауып паналаған шығар. Талай зобалаңды басынан кешіріп еді ғой» деп өзін өзі жұбатқан болады.


Үйдің іші қара көлеңке. Ошақта қи шоғын қоламта басып қызылы семіп барады. Жым-жырт. Далада ұлыған боранның еміс гуілі. Жаңыл қыбыр етпестен ұзақ отырды. Ойы екі жаққа жүгіреді. Бірі Қаламүш, бірі Қоспан. Бала күннің бұзылғанын көріп түнделетіп тартып кетсе... Әрине, осындай жалғыз елегізіп отырғанда оның келгені жақсы болар еді... Бірақ мына боранда жол таба ала ма? Далада үсіп, я қасқырға ұшырап жүрсе... «япырай, балалық жасамаса, не қылсын». Терезенің кішкене әйнегіне тысырлап қар соғады. Есік жақта да бір нәрсе сықырлай ма? Жаңыл әр дыбысқа селк етіп, апшысы қуырылып, берекесі қашты. Жүрегі құрғыры бір жамандықты сезе ме, неге сонша дегбірі құрыды? Әлде екеуінің біреуі қора маңында адасып жүр ме екен? Көңілі лоблып, далаға екі рет шықты. Тың тыңдады. Ысқырған боран. Желдің беті өзгермепті.


Денесі жылып, маужырап барады. Жаңа ғана сыртта тұрып тоңып кіріп еді. Арқасын жарға тіреп, аяғын астына жиырып, екі қолын жең ішінде айқастырған. Шығарыңқырап қойған ондық шамның сәулесі кірпік арасын қытықтайды. Қазан астында от маздайды. Жаңылдың құлағына ыдыс-аяқтың сылдыры, дабырлаған әйел дауыстары келгендей болады. Олардың неге келгенін де біле бермейді. Осылар неге сонша үймелеп, несіне сампылдап көп сөйлеп кетті. Әйтеуір бір жамандықтың нышаны бар. Бір қараңғы, тылсым үрей төніп келе жатқан сияқты. Cонда бір қатты шошынғаны бар еді. Сол не нәрсе еді?


Иә... иә... О да осындай қысты күні. Қолында конверт. Майдандағы Қоспаннан төрт-бес айдан бері хат болмай зарығып жүр еді. Кенет лап еткен көңілі су сепкендей басылды. Сыртындағы адресі жат қолмен жазылған. Бір жамандықты сезгендей жүрегі лоблып, қолы дірілдейді. Жаңыл алғашқыда хатқа жазылған сөздің мәнісін түсіне алмады. «Сіздің күйеуіңіз хабарсыз жоғалып кетті»... Қайда кетті? Неге жоғалады?.. Не де болса Қоспан бір жамандыққа ұшыраған ғой. Апыр-ай, тірі ме екен? Жүрегі зу етіп төмен түсіп кетті. Кенет өзі де Қоспан мен бірге белгісіз үрейлі қараңғылыққа сүңгіп баратқандай болды.


Осыдан біраз уақытқа дейін оңала алмады. Жұмысқа да шықпады. Төрт жасар баласы — Мұратын құшақтап отырды да қойды. Үйдің ішін астан-кестен қылып асыр салып жүретін тентек Мұрат анасының қасіретін түсінді ме, бір түрлі жуасып қалды. Көзі жаутаңдап шешесінің бетіне қарай береді. Жаңылдың жүнжіп баратқанын көрген көрші қатындар келіп, кеу-кеулеп ортаға алды. «Қаза болды демепті ғой. Тірлігін сұра құдайлан. Тірі адам оралады ғой. Ойбай-ау, тіпті қара қағаз алғандар да отырған жоқ па. Саған не болған сонша. Қой, Мұратыңды жүдетпе». Осы сөз ем болғандай басын көтерді. Бірақ көңіл қошы оралған жоқ. Қоспан сол кеткеннен хабарсыз кетті. Күн асқан сайын Жаңылдың сағынышы, аһ ұрған арманы үдей берді.


...Төрт жыл көрген қуанышы мен қызығы төрт күндей болып өте шықты. Тату-тәтті өмір, қабақ шытыспаған жарастық тұрмыс — бір ғана жалт етіп, арылмас армап тастап кетті. Тағы да қойны суық жалғыздық, жетімдік келе жатты.


...Сығырайған соқыр терезесіне қарын ұстаған аласа кішкентай бөлме. Есік жақтағы қазақы пештің аузына қазан қондырған. Кішілеу қазанның қарайып кеткен тақтай қақпағы жабық. Ішінде бір нәрсе қайнап жатыр. Бұрқ-бұрқ бу шығады. Кішкентай бөлменің іші толған әйелдер. Көбі кемпір. Олардың әдеттегіден баяу қимылдарында, қасірет көлеңкесі түскен жүздерінде, күбірлеп сөйлескен сөздерінде қаралы салтанат бар. Кейбіреулері жағын таянып: «Аһ! уһ!» деп кекіре күрсініп қояды. Қазаннан шыққан сорпаның тәтті, жылы иісіне, қабырғаның дымқыл шымының иісі қосылып, оған біраздан бері пайда болған ауру жатқан үйдің қою көңірсі иісі араласып Жаңылдың басын айналдырады.


Жаңылдың жасы биыл онға қарады. Бәрін түсінеді. Анасы осыдан бір ай бұрын сырқаттанып төсек тартты. Басында жай ыңқыл-сыңқыл сияқты көрініп еді. Бірақ кейін кеселі ұлғайып бара жатты. Кішкентай Жаңыл от жағып, тамақ істеп, шешесін күтіп бәйек болды. Бірақ ойына еш жамандық келген жоқ, жазылып кетеді ғой деп ойлаған. Тек екі-үш рет анасы қиналғанда қатты шошып, жылап барып көршілерді шақырған. Кейін есін жиғанда шешесінен:


— Апа, өлмейсің бе?— деп жалына сұрайтын.


— Өлмеймін, қалқам, өлмеймін. Сен тұрғанда неге өлемін, — деп анасы көңілін жұбатып қоятын.


Бүгін бір жамандықтың боларын іші сезді.


— Басын көтеріңдер.


— Аузына су тамызыңдар,— дейді әйелдер күбірлеп.


Су алып берген, қазан астына от жағып кіріп-шығып жүрген әйелдер бәрі де бір нәрседен үріккендей, ұрланып аяғының ұшымен басады. Бәрі көрінбейтін ұлы табалдырыққа таянғандай — сол табалдырықтың ар жағы — сыры белгісіз үрейлі, киелі дүние. Жаңыл үріккен балапандай пана таппай бұрышқа тығыла береді.


— Жаңылды қасына әкеліңдер. Бақұлдасқысы келіп жатыр ғой байғұстың.


Жаңылды Ұштап жетектеп төсекте жатқан шешесінің қасына әкелді. Өз анасының қасына баруға шошып, буыны дірілдеп әзер жетті. Апасының бет сүйегі шығып, иегі үшкірленіп кеткен. Бұрын да жүдеу еді. Бірақ мына түрінен Жаңыл шошып қалды. Көзінде нұр жоқ, шөлмектей шатынап шарасынан шығып, Жаңылдың бетіне қадалып қалған. Жоқ, бұл өз апасы емес, жаңағы көрінбес табалдырықтың ар жағына шығып кеткен жат адам... Жаңыл қорыққанынан шыңғырып жылап жіберді...


Жұпыны, кішкене бөлменің ішіндегі болымсыз дүниені буып-түйіп Ұштап аузы жалпылдап тынбай сөйлеп жүр.


— Жаныңа батады ғой, байғұс бала. Туған шешеге кім жетсін. Бірақ, уайымдама, қу далада қалған жоқсың. Біз бармыз. Біз тұрғанда жетімдік көрмессің. Өзіңді Ибашжаннан кем қылмай бағам. Соның ішкенін ішесің, кигенін киесің. Бұрын да осы үйге сыңар құрттың жартысын беріп отыр едік қой...


Жаңылдың құлағына Ұштап даусының ызыңы ғана келеді. Барлық ұққаны: әйтеуір сол үйге көшеді. Ұштаптың күйеуі Байсерке Жаңылдың бұрынырақта қайтыс болған әкесінің шөбере ағасы. Одан басқа жақындары жоқ. Сопың бәрін Жаңыл жақсы білетін.


Ұштап имиген ұзын, сүйегі кең, шыр жұқпаған арық. Аласа мұрны жалпақ бетіне батып кеткен, тек екі танауы мен шошайған тұмсық ұшы ғана көзге түседі. Даусы жіңішке, бірақ кеңкілдеп. мұрнынан сөйлейді. Өзі сымпылдаған сөзшең, сөз арасында « Уһ, қайран балдай тәтті абысыным-ай!» деп күрсініп қойса да түрінен де, сампылдаған даусынан да қайғысы сезілмейді. Үйдің ішіндегі әр затты қағып-сілкіп, сығырайған терезенің алдына кеп үңіле қарап екі төбе қып үйіп жатыр.


Алғашқы бір айда Ұштаптың үйіндегі Жаңылдың тұрмысы жаман болған жоқ. Ұштап та, Байсерке атасы да бұған мүсіркей қарап, жайлы жерге жатқызып, жақсы тамақ беріп жүрді. Тіпті өздерінің қызы Ибаштан Жаңылды артық көретін сияқты. «Ибаш, сен тұра тұр, Жаңыл жесін», «Ибаш, Жаңылдың әлі келмес, сен су әкеле ғой» дейтін.


Арада ай өтпей жатып, осының бәрінің қалай өзгеріп кеткенін Жаңыл байқамай да қалды. Әуелі үй шаруасын Ибаш екеуі қатар істейтін болды. Содан салмақ өзінен өзі Жаңыл жаққа ауып бара жатты. Ұштап әуелі «Ибаштың қолы тимей жатыр, Жаңылжан, сен су әкеле ғой», «Ибаштың басы ауырып қалды, күлді сен төге сал, Жаңылжан» деп бастады да, кейінірек Ибаштың атын еске алмай-ақ жұмсай беретін болды. Бастағы «Жаңылжан» деген жылы атау аздан кейін әншейін «Жаңылға» ауысып еді, ақыры о да қалып ендігі аты «Әй, қыз» болды.


Әуелде Ибаш екеуі бір төсекте жатып жүретін. Кейін Ибаш ұйықтай алмайды деп төсекті бөлек салып беретін болды. Енді одан да ысырып «көрпе тозып қалады, ештеңең кетпес, хан қызы емессің ғой» ден, тулақтың үстіне жатқызатын болды.


Қабырғасы қатпай жатып жегілген ауыр жұмыс Жаңылдың еңсесін басып кетті. Таң атпай тұрып сиыр сауады, одан қазанның астына от жағып сиырды өріске айдап кетеді. Әйтеуір кешке дейін қолы қарап отырмайды, іс табылады. Жұрттың ең соңынан жатады. Бұл үйде оны жалғыз есіркейтін Байсерке ғана. Бірақ еркек адам от басында еш нәрсе бітіре алмайды екен. Оның үстіне Ұштаптың тілі жаман. Бір рет Байсерке ара түскенде:


— Оны жетім қылған мен бе, құдайдан көрсін. Қаршадайынан әке-шешесін бірдей жалмаған, өз маңдайының сорынан көрсін. Өз қызымды да бұлаңдатып отырған жоқпын. Оны әлпештеп төбеме шығарам ба. Білемін сенің неге жаның ашып тұрғанын. Баяғы құтырған шағыңды ұмытқаным жоқ. «Айғыз, Айғыз» деп екіленгеніңді қайтейін, ойбай-ай, сонда, — деп қолындағы көсеумен жерді соғып-соғып қалды.


Айғыз Жаңылдың анасы. Ол Ұштаптың мегзеп отырған нәрсесін түсінеді.


— Айғыз келін әйел-ақ еді ғой. Бағы жанбай күйеуінен жас қалды. Су мұрын қайнаға да нашар ғой. (Еркектің атын атамайтын ауыл әйелдері — қысы-жазы бірдей суық тиіп пысқырынып жүретін Байсеркені «Су мұрын қайнаға» деп атап кеткен). Болмаса ең жаңын әмеңгері сол емес пе. Сол Айғызды ала алмады ғой,— деп бір әйел сөз бастаса:


— Су мұрын қайнаға алмайын деді ме, ойбай-ау. Ұштап бейбақ қой алғызбаған,— деп екіншісі қостап:


— Ойбай-ау, Ұштап Айғызбен күндес болғанша байдан тікелей айрылатын еді ғой. Айдай Айғызды қойнына салған еркектің содан кейін қаңсыған Ұштапқа тәбеті бара ма. Айғыз төсек тартқаннан-ақ Ұштаптың қабағы ашылған жоқ па?— деп, үшіншісі іліп әкеткен әңгімелерін естіген.


Өзіне күндес болып үлгере алмай кеткен шешесінің кегін қызынан алмақ болды ма, кім білсін, Ұштап әйтеуір Жаңылға өшігіп алды. Байқамай сүтті төгіп алса, сүт емес-ау су құйған құманды қағып кетсе де көсеумен салып қалады. Бір жолы, Жаңыл да бала емес пе, қызығып кетіп Ибаштың көйлегін киіп шығып еді, сол үшін тіпті қатты сабады.


Ибаш та келісіп тұрған жоқ. Жаңылдан екі жас үлкендігі бар, естияр болудың орнына шолжаң өскен, қайдағы пәлені шығарады да жүреді. Шешесі Жаңылға не істесе бұ да соны істейді. Әсіресе шешесінің қарғысы мен бейпіл сөзінің бірін шашыратпай құлағына құйып алған. Қит етсе: «Әй, әке-шешесін бірдей жалмаған жалмауыз, құдай қарғаған қу жетім, жүзіқара, қаншық» деген сөздер аузынан түйдек-түйдегімен шығады. Жүрген-тұрғанда да Жаңылды қағып-соғып кетумен жүреді. Өзі кесені сындырып алса да, сүттің бетін жеп қойса да бәрін Жаңылға жаба салады. Әр беріден соң «апа, мынау маған жаман сөз айтты» деп те пәле жабады. Оны тексеріп жататын Ұштап қайда. Тілі мен қолы қатар қимылдайды. Ибаш оны шешесінше жұмсайды, ойына не келсе соны істейді. Жаңыл тілін алмаса, не бір нәрседен қарсыласса:


— Өй, жетім қаншық, апама айтып сойып салғызайын ба, өзіңді?— деп қорқытады.


Ибаштың бір мінезі Жаңылды азапқа салса кәдімгідей рақаттанады. Сонда өзінің үстемдігін, артықшылығын сезіп мәз болады. Үйге кісі келгенде, ешкімге сездірмей, жасырып Жаңылдың қарынан не қара санынан бұрап үзіп алады. Ондайда Жаңылдың көзінен жас ыршып кетеді. Бірақ дауыс шығаруға қорқады. Ибаш оның бетіне қарап мәз болып жымың-жымың етеді. Ілуде бір Жаңылдан ерте ояна қалса, Жаңылдың шашын жіпке байлап оны кереуеттің аяғына шандып тастайды. Содан кейін құрбандығын шымшып оятып, ол басын оқыс көтеріп, айқайлап жібергенде өз тапқырлығына риза болып шек-сілесі қатып күледі. Былайынша топастау болғанмен Ибаштың Жаңылды азаптауға келгенде ойлап таппайтын бәлесі жоқ.


Бала үлкен кісінің ұрған-соққанына, қатал мінезіне үйренеді. Үйрене алмаса да оған жоғарыдан келген зауалдай мойынсұнады. Бірақ өзімен қатар ойнап жүрген баланың қорлығына төзу қолынан келе бермейді. Жаңыл да Ибашпен талай жұлқыласып бақты. Ондайда әрине Ибаш жеңеді. Өзі жеңе алмай бара жатса шешесіне сабатады. Ит қанша күшті, өктем болғанмен мысық та жан дәрмен қылып алысып бағады ғой, ебін тауып тырнайды, тістейді, жалт беріп тұмсығын тасқа соқтырады, әйтеуір о да бір ұтырлы жерін табады. Сөйтіп, Жаңыл мен Ибаш та ит пен мысықтай тістесіп өсіп келе жатты. Тек әлдімен алысқанда әлсіздік айласы, тапқырлығы ең кем салғанда төрт-бес рет артық болу керек екен.


Осы үйде Жаңылға жаны ашитын жалғыз Байсерке байғұс. Бірақ ол қызының жетім балаға көрсеткен қорлығына кейіп қалса:


— Сақалды басыңмен бала-шағаның арасына түсіп нең бар. Енді қаршадай баланы ойын-күлкісінен тыяйын деп пе едің?— деп Ұштап баж ете қалады.


Ұштаптың Жаңыл кішкентай кезінде түсінбей қайран қалған бір мінезі бар. Үйге сырт кісі келсе Ұштап Жаңылға елжіреп кетеді. «Әй, қыз» деп зекіру атымен жоқ, «Жаңылжан, қонаққа самаурын қойып жіберші», «Жаңылжан, менің қолым тимей жатыр, қазанды қарай қойшы» деп сызылып, сып-сыпайы болады. Үйге қыдырып келген әйелдерге: «Жақынымыз болғасын, қайтейік. Кісі баласын бағу деген қиын екен. Кісі баласы кекшіл деген емес пе. Ылғи соның қабағына қараймыз. Барымызды аузына тосамыз. «Енесі тепкеп құлынның еті ауырмас» деп қағып-соғып Ибашты жұмсап, бір нәрсе болса Ибашқа ұрсамын. Кісі баласынан бір игілік көрейік деп жүрген жоқпыз, тек байғұстың сауабы тие ме деп жүрміз ғой, уһ» деп шын жүрегінен күрсініп, кәдімгідей қамығып қояды. «Неге, жақсылық зая кетпейді ғой. Сенің мейірбандығыңды білеміз ғой, құдай-ау. Қолыңда өскесін о да өз балаң. Ертең құтты жеріне қондырғасын о да бір өрісің» деп келген әйелдер Ұштаптың көңілін жұбататын. Енді сол әйелдер оңаша жерде кездесіп қалса: «Ұштаптың сыры мәлім ғой. Қайбір көсегең көгеріп жүр дейсің сорлы бала» деп Жаңылды мүсіркейді. Жұрт көлгірліктің ең үлкенін жетім балаға жасайтынын Жаңыл жасынан түсінді. Сондықтан да еш пендеге жоламай, бір адамға тіс жарып сыр ашпай тұйық өсті.


Сөйтіп жүріп Жаңыл он жетіге келді. Басылып қалған көңіл еш нәрсеге елеңдеген жоқ. Тек бір рет байқаусызда Ұштаптың Байсеркеге айтқан сөзін естігенде селт етті.


— Сен не көкітіп отырсың?— деп Байсерке тыржың етті.


— Ойбай-ау, Жаңылды айтам да. Бойжеткен қызды сүрлейміз бе, Торсан әлі тұғырдан тайып тұрған жоқ. Жалғыз қызын құтты жеріне қондырған. Жұрт жаман десе дей берсін, өз шаруасына мығым. Әрине сонша жыл бағып-қаққан қызды мен оған тегіннен-тегін ұстата салар деймісің? Қасқа сиыры мен төрт жандығына ауызды салдым.


Жаңыл олардың ендігі сөзін естіген жоқ. Ауыз үйден зып беріп сыртқа шықты. Торсан... Бүрісіп қалған бір уыс бетінде үш-төрт тал сақалы бар, кішкентай ғана тапал сары. Бойы Жаңылдан аласа. Ауылдың шетінде шетен қоршаған қорасының ішінде тінтінектеп жүретін. Жайлауға шыққанда да кішкене үйін ауылдың ең шетіне тігеді. Жаңыл оның алжапқыш байлап сиыр сауып жатқанын көретін. Бүкшиіп отырған кішкентай бала сияқты, басы сиырдың шабына тиіп тұрады. Өзі тірі жанмен тіл қатып сөйлеспейді. Біреу әңгімеге айналдырса беті бір уыс болып жиырылып, ыржиып күледі де «ие, ие» деп, қайта-қайта басын шұлғиды. Көзіне Торсан елестегенде Жаңыл қойнына құрбақа салып жібергендей тұла бойы тітіркеніп, қалшылдап кетті. Содан кейін есін жиып кешке дейін үй қарасын көрмей, оңаша жүрді.


Әрине Торсанды көңілі қаламады. Бірақ осы күнге дейін бұған сөз салған жігіт те жоқ. Тек үш-төрт рет ауылдың бейбастақ бозбалаларының оятқаны бар. Олардың қолқасы белгілі. Онсыз да бишара қызды масқаралап кету. Көңіліндегі мақсатына қолы жетпеген жігіттерден «ой, жаман жетімек, біреудің күлін тасып жүріп, сонша бұлданғаны несі...» деген сөзді де естіген. Сонда да Торсанға бармасқа бел байлады.


Жаңыл кейін білді, Байсерке Торсанға қарсы болмаса да алдымен жасы ұлғайып кеткен өз қызымды ұзатам деп, бұл шаруаны кейінге қалдырыпты. Сөйтіп жүргенде ауылға бір жігіт келді. Ауыл-үйде сыр жата ма. Оның біраз жағдайы Жаңылдың құлағына да шалынды. Өзі ауданда істейді екен. Әжептәуір қызметкер дейді. Демалыс алып осындағы нағашысының үйіне қонаққа келіпті. Жасы жиырма бестен асып кетсе де бойдақ көрінеді. Ағайын-туғаны жоқ жалқы болғандықтан ба әйтеуір әлі үйленбепті. Өзі ұзын бойлы, сүйекті жігіт. Сопақша бүйрек бетті, дүрдиген қалың ерінді қара. Кейде қырға шығып, жалғыз қыдырып кетеді. «Келісі тегін емес, нағашысы осы жолы аяқтандырып жібермек көрінеді» деген сыбыс тарап жүрді.


Жаңылдың онымен ісі болған жоқ, ондай жігіт жетім қызды қайтсін. Тек өзенге су ала барғанда кездесіп қалып, жөн сұрасты. Түрі анандай болғанмен өзінің тіпті өңі жылы екен. Әсіресе ұясынан томпайып шығып тұрған дөңгелек қой көзі — адалдық пен мейірімге толы. Ар жағында бүкпесі жоқ, бір көргеннен-ақ жатырқатпай жақын тартып кететін адамның кескіні. Содан ба, Жаңыл да тілге келіп, жөн-жосығын айтты. Бірақ іші бөтен көрмесе де ұзақ сөйлесуге ұялды.


Жігіт абайсызда Жаңылмен кездесіп қала беретін болды. Қадалып жабыспағанмен жанаса келіп, тіл тартып сөзге айналдырады. Бірақ Жаңыл үндей қоймаған соң өзінен өзі қысылып кібіртіктеп қалады. Әй, ауыл қызының ұяңдығы-ай! Жігіттің мейірімді көзқарасынан бойы жылып қоя берсе де Жаңыл тілге келе алмай бетіне қаны теуіп бұрылып кетеді. Бірақ әйтеуір осы ауылға сәуірдің лебі келгендей кеудесін бұлдыр үміт пен қиял биледі.


Жаңыл шырт оянды. Үлкен жылы қол шашынан сипайды. Соған бала сияқты елігіп, көзін ашпай біраз жатты. Қарауытқан ірі тұлғаны бірден таныды. Сол... Кенет «сенің де тілегенің осы ма еді!» деп зәбірленіп, көрпесін тас бүркеніп алды. Бірақ әлгі жігіт кетер емес. Енді қол да қатпады. Бір бүйірін жылытып тек отыр.


— Жаңыл, тілге келші,— деді аздан кейін.


Қыз жауап қатпады. Бірақ ашуы да тарқап барады. «Тіпті кісіге қиянат жасайтын түрі жоқ қой өзінің. Бетінен иманы тамып тұрған жігіт» деп ойлады ішінен. Жаман ниетпен келмеген шығар. Қазір осы жігіт тұрып кетсе Жаңылдың тәтті үміті, жүрегіне кірген жылуы бірге кетеді.


Үңірейіп қалған көңілді толтыратын Торсан ба?.. Ища... Жаңыл дөңбекшіп аунап түсті.


Жігіт мойнынан орай құшақтап, қыздың басын кеудесіне қысып алды. Жас домалаған көзінен сүйіп ыстық ықыласымен еліктіріп барады. Ешкім маңдайынан сипамаған мұңлықтың тұла бойы елжіреп кетті. Жібіген көңілімен қоса алғаш әйелдік сезімі тұтанып, жігіт кеудесіне қысқан сайын бойына рақат кіріп, құшырлана түседі. Бұрын көрмеген, білмеген ыстық толқын бірден лап беріп, бар денесін діріл билеп, басы айналды. Енді осы жігіттің құшағында өліп кетсе арманы жоқ.


Қоспан нағашысының бір құнанын әперіп, Байсеркенің көмейін бітеді де Жаңылды алып кетті. Анасынан қайта туғандай Жаңылдың жаңа өмірі басталды. Біраз уақытқа дейін аяқ астынан тап болған бақытын, жарқын тұрмысын «осы рас па?» деген ой тосырқап жүрді. Кешке қарай есіктің алдында шай қойып жатып, жұмыстан қайтқан Қоспанды көргенде алдынан қарсы жүгіргісі келіп, ұялғанынан өзін әрең тоқтататын. Қоспан бірден үйге кірмей, әйелінің қолынан балтасын алып, ағаш жарып, айналсоқтай береді. Оқта-текте терісі жұқа томпақ көзі мейірленіп Жаңылға қарап қояды. Осы көзқарастан Жаңылдың тұла бойына жылу тарап, самайына лүпілдеп қан жүгіреді. Жаңыл сонау алғашқы күні өзін кішкентайдан булықтырып жүрген мұң-зарын, қасіретін көз жасымен ақтарып салды да, «енді итке тастасаң да өзің біл» деп бар еркін Қоспанға берді. Сол жігіт қарулы қолымен мұны жетімдік, кемдік өмірден суырып алып, жайнаған жарқын дүниеге әкеле жатты. Жаңылдың да Қоспанды жақсы көруінің шегі жоқ. Күйеуінің түр-келбетіне, жүріс-тұрысына, мінезіне сүйсінеді. Өзге жұрттың ешқайсысына теңгермейді. Дүниедегі кісіге бақыт боларлық адам осы Қоспан сияқты да, соған өзі ғана ие болғанына шексіз қуанады. Көкірегіне мақтаныш кіріп, еңсесі көтеріліп, ажарлана түседі. Өңінде ұдайы өшпей, бір рақат күлкінің ізі тұратын болды...


...Соғыс Қоспанды Жаңылдың ыстық құшағынан жұлып әкетті. Оның бар өмірін толтырып тұрған Қоспан еді. Енді құлазып далада қалғандай. Артындағы тұяғы кішкентай Мұратын бауырына басып ермек қылады. Бірақ ол күйеуіне деген сағынышын асқындыра түседі. Соғыс дегеннің не екенін Жаңыл көзіне айқын елестете алмайды. Тек әйтеуір күндіз-түні мылтық атылған қызыл-қырғын екенін біледі. «Құдая, сақтай гөр» деп жүрегі алып-ұшып жүргенде сол суық хабар келді. «Өлдіге» қимайды, қайтып келер дейін десе суға батқан тастай із-түз, хабар-ошар жоқ. Жаңыл енді күйіс қайырған түйедей өткен бақытын көз алдында қайта елестетіп өмір сүрді. Үйге кірсе де, сыртқа шықса да сайрап жатқан Қоспанның ізі. Анау орындық, анау стол, мұқабасы тозған «Батырлар жыры» — бәрі Қоспанды есіне салады. Соның отырған жері, ұстаған мүлкі. Аласалау кішкене үйдің алдындағы ағаш қоршауды өз қолымен істеп еді. Жаңыл қасынан екі елі кетпей, жәрдем беріп әр шегені қалай қаққанын көрген. Ерніне екі-үш шегені қымқырып алып, бір тізерлеп, қаққан шегесін балғамен екі ұрып сіңіріп, аузы босағанда «барып тұр солай!» деп сүйсініп қоятын. Үйдегі киім ілгішті де өзі істеді. Тақтай жонғанда құшырын салып оң жақ езуін жымқырып алатын. Сол бір кескіні Жаңылдың көз алдынан кетпейді. Ауыз бөлмеде үлкен қара пальтосы ілулі тұрушы еді. Қоспан кеткен соң да оны сол орнынан қозғамады. Есіктен кіріп келгенде Қоспанның иығынан жаңа түскендей көзіне жып-жылы көрініп алдамшы әсер туғызатын. Бірақ бара-бара тозған тұлып сияқты иісі кетіп, иесіз қалған дүниедей көңілін құлазытатын болғасын, оны сандыққа салып тастады.


Жаңыл дайындау конторына жұмысшы болып кірген. Ертеңнен кешке дейін жүк тиейді, жүк түсіреді. Арасында колхозға шөп шабуға, астық жинауға, қыста қар тоқтатуға қуып кетеді. Ұзақ ауыр күндер өтіп болмайды. Күндіз алаң болып еш нәрсе ойламағанмен қанша шаршап келсе де ұзақ түнге төңбекшіп, күрсіне береді. Оң жағында Қоспанның орны үңірейіп түр. Қоспан тірі жанға қиянат жасамайтын. Біреуден озбырлық көрсе ыза болудың орнына зәбір көрген баладай жанары дымқылданып, көзі бадырайып кетуші еді. Қоштасар кезде өзінше сыр бермей әр нәрсеге алаң болып, өзге жұртпен көбірек сөйлесті, бірақ әйелі мен баласына жаутаңдап көз қиығын сала берді. Содан-ақ Жаңыл оның қанша қиналғанын біліп еді.


«Ал, Жаңыл, берік бол. Мұратжанды жүдетіп алма». Бар айтқаны осы ғана. Бірақ дәл ажырасар кездегі телміре қараған кескіні... «Құдай-ау, тірі пендеге зәрредей қиянаты жоқ еді ғой. Сол ниетіне бермейсің бе!» деп аһ ұрады Жаңыл.


Мұрат... Атын әкесі қойған. Үй ішін қуанышқа толтыра келген бала еді. Өзі толық және сүйегі ірі болғандықтан ба кәдімгі шомбал қара. Өскен сайын аузынан түсіп қалғандай әкесінен аумай барады. Бұ да Қоспан сияқты томпақ, қой көзді. Тек көз құйрығында бір қуақы ұшқын жылтырап тұрады. Мінезі сотқар, ойнап жүрген балаларды сабап тастайды да: «Мама, мен Әбітайды соғып жібердім» деп айтып келеді. Қоспан да кішкентай кезінде тентек болыппын деуші еді. Мұрат тентек болғанымен ақкөңіл, бауырмал. Қолындағы кішкентай нанын бірге ойнап жүрген балаларға бөліп бермеген күні жоқ. Өзі зерек, Жаңылдың күйзеліп айтқан сөзін титтей жүрегімен сезіп, үндемей қалатын. Кейде мақтанып та алады.


«Папам менің жауды қырып жүр ғой, ә?! Пуф, пуф деп мылтық атады ғой» деп лепіріп қояды. Содан кейін «папам қашан келеді? деп қыңқылдайды. Жаңыл «келеді, құлыным, келеді» деп баласын жұбатып, өзі теріс қарап, жасаураған көзін сүртеді. Бір кескіні Жаңылдың есінен кетпейді. Жұмыстан келсе Мұрат қазан пышақты алып, мықшыңдап тобылғы жонып отыр. Әбден құшырланып оң жақ езуін жымқырып, тістеп алыпты. Құдды аумаған Қоспан. Жаңыл іш-бауыры елжіреп, баласын кеудесіне қысып, ұзақ иіскеді...


Шығарыңқырап қойған шамның сәулесі кірпік астын қытықтайды. Қан тамырына жайлы жылу тарап келеді. Жаңыл Мұратты құшақтайды. Баурына қысып иіскейді. Кенет Мұрат емес бауырындағы кішкене Қаламүш екен. Мұраттан айрылдым деп жүрсе — ол Қаламүш екен ғой. Соны нағып білмеген. Бір баланы екіге бөліп... я Мұрат... Көкірекке бір жылы қуаныш құйылып келеді... Жаңыл рақаттанып күледі. Баласы тірі екен ғой...


III


Қазан астындағы қи соңғы жалынымен лапылдап жанады. Оның жалыны Жаңылдың бетін шарпып, өн бойына рақат қызу боп тарайды. Жаңыл бұйығып қасындағы жастыққа қарай қисайғанын байқаған да жоқ. Өңіне түсі жалғасып тоңазыған денесін маужыратқан жылумен бірге көңіліне алдамшы тәтті үміт еніп келеді. Сол бір сәуледей нәзік, жылы үміт-сағымды үзіп алғысы келмей еліге түседі. Жаңа ғана көрген керемет жақсы бір елес бар еді. Сол не нәрсе еді? Ол ұмыт болған, бірақ тамсандырған тәтті тағамның дәміндей кеудеде үлкен қуаныштың жақсы, жылы орны қалыпты.


Е... бұлар жазғы жайлауда отыр екен ғой. Төбеге көтерілген күн шақырайып тұла бойын қыздырып барады.


Жер ошақтағы оттың жалыны бетін шарпиды. Жаңыл ас пісіріп жатыр. Қасында Майлыаяқ. Ылғи қазан жақты сағалап бір нәрсе дәметіп жүретін әдеті. «Кет» деп жасқап қалса бір-екі адым шегініп, майысып жер бауырлап, құйрығын бұлғаңдатып, мүләйім көзі жаутаңдап Жаңылдың бетіне қарайды. Қанша кейісең де бермесіңе қоймайды.


— Сүйек дәметіп келді ғой. Бір нәрсе тастай салшы.


Бұл Қоспанның дауысы. Иә, кәдімгі өзі. Киіз үйдің қасына келіп Тортөбелдің ер-тоқымын алып жатыр. Өзінің асықпайтын байсалды қимылы. Жауырыны күжірейген ірі денесі теңкиіп Жаңылға қарай келе жатыр. Кәдімгі түрі: ұрты солыңқыраған сопақша бүйрек беті, қырау шала бастаған қияқ мұрты. Қара-қошқыл жүзіндегі турылған әжімдеріне дейін ап-анық. Өзі жалаң бас. Жаңылға соншалықты таныс, төбесінің көк құйқасындағы екі қатпар қыртысы, самайындағы томпақ сүйеліне дейін баттиып тұр. Өзі көңілді. Жас баланың жанарыңдай бадырайып тұратын дөңгелек көзінде қуанышты ұшқын бар. Қуанышты бір хабар айтқысы келіп, соны әзер іркіп тұрған сияқты. Оның не айтқысы келгенін Жаңыл да біледі. Бірақ соны қапелімде тарс ұмытып қалыпты. Жоқ... жоқ. Жаңыл бір нәрседен шошып қорыққан тәрізді еді ғой. Неден шошып еді? Әйтеуір не де болса осы Қоспан жайы. Мейлі енді... Мінекей, Қоспан қасында ғой.


— Апа, апа...— деп айқайлаған еміс-еміс дауыс естіледі.


Жаңыл әлденеге шошып қалды. Мынау Қаламүштің даусы ғой. Жаңыл сонша ентігіп қайда жүгіріп барады. Жаңағы дауыс қай жақтан шығып еді. Тағы да бір жерден сол дауыс естілгендей болды. Қоспан... Қоспан қайда кетті. Жаңыл қай жаққа барарын білмейді. Айнала қараңғыланып, еш нәрсе көрінбей барады. Аспанда боз торғай шырылдайды. Түнде шырылдаған қандай торғай. Даусы қандай ащы еді. Жаңыл жүгіре бергісі келеді. Бірақ қол-аяғы жансыз боп қалған. Алқынып айқайлағысы келеді. Даусы шықпайды. Әлгі бір ащы шырыл құлақ шекесін тесіп барады.


Жаңыл шошып оянды. Жастыққа жайсыз жатып, мойны қисайып бастығырылып қапты. Жер таянып орнынан тұра беріп, қайта отырды. Шам сығырайып сөнуге қалыпты. Үйдің іші қараңғы. Шыңғырып тұрған Қаламүштің шырылдауық сағаты екен. Қаламүш соның даусымен оянып, қой қарауға шығатын. Жаңыл есін жиып, ойланып қалды. Таң жақындап қалған екен-ау. Енді Қоспан есіне түсіп орнынан атып тұрды. Ойбай-ау, мен бейбақ неме мәз болып ұйықтаппын. Құдай-ай, сақтай гөр, мынау әлі ұлып тұр ғой.


Таң қараңғысы болар, айнала қара түнек, аспанның түбі тесіліп кеткендей ұйтқыған боран басылар емес. Жаңыл қаша тың тыңдаса да гуілдеген бораннан өзге дыбыс жоқ. Жел жақта он бес шақырымдай жерде Мінайдар шалдың қыстауы бар. Бұлар қысқы қоныстың ең шетінде. Сонау ық жақта шетсіз-шексіз боран ойнақ салған ен далада ел жоқ. Пана болар бұта, бой жылытар баспана жоқ, бір қора қойымен алысып Қоспан жүр. Меңіреу дала, астан-кестен ақ түнек. Айқайласаң дауысың, жүгірсең аяғың жетер ме?!


Жағасына ұйтқып кірген қарды сезбей Жаңыл мелшиіп тұр. Ескі жараның орны сыздағандай, ұмыт болған, бірақ ертеректе жүрегін талай қарыған, суық сезім қайта тіріліп келеді.


...Ол кезде сырт қарағанда бір күннен бір күннің айырмасы жоқ болатын. Бар өзгешелігі көктем өтіп жаз келеді, күз өтіп қыс келеді. Жаңыл жүк тиейді, жүк түсіреді. Кейде сыртқа, колхозға жұмысқа барады. Қоспанды ойлайды. Бірақ әр қасірет-қайғының да мерзімі болады екен. Жоғалтқан адамыңды ұмытпасаң да, бара-бара оның жоқтығына да үйренеді екенсің. Оның үстіне жалғыз өзі емес, көптің басындағы хал. Қоспан соғысқа кеткелі үш жылдан асып барады. Жиырма алты жыл өмірінің төрт жылға жуығы ғана Қоспанмен бірге, өзгесі осы жалғыздықпен келеді. Енді сол төрт жыл өмірі өтіп кеткен әдемі көрініс сияқты алыстан ғана елестейді. Аз ғана күн сайран салып, өзінің байырғы, үйреншікті өміріне қайтып оралған тәрізді көрініп те жүрді.


Бірақ қазіргі өмірінің бөлекше мағына-мақсаты бар. Жаңыл соны анықтап білмесе де іштей сезеді. Баяғы жетімдік өмір қайтып оралмайды. Қоспаннан айрылса да ендігі жасары сол Қоспанмен бірге бастаған өмірінің жалғасы. «Қоспанның шаңырағын құлатпаймын. Артында қалған тұяғын адам етемін». Осы ой Жаңылдың тіршілігіне үлкен мағына берді. Жас қайрат қара жұмыстан бұрын да шалдығып көрген жоқ-ты. Тек ой жеңіп бара жатыр еді. Сол ауыр ойдан еңсесін көтерді. Мұратқа деген ықыласы бұрынғысынан да арта түсті. Өзі де Қоспанның аузынан түсіп қалғандай. Осы томпаңдаған кішкентай қара бала Жаңылдың үңірейіп қалған көңілін толтырып келеді. Ендігі қызығы сол. Соның аузына әкеп салған әрбір тәтті тағамы, иығына ілген шыт көйлегі — бір мейрам. Кешегі бақытты болған шағының шындығын растайтын осы бала. Егер ол болмаса Қоспанмен бірге өткізген аз өмірі көрген түс сияқты болып қалар ма еді, қайтер еді?


Халықтың көңіл күйі ауыртпалық пен жоқшылыққа қарамайтын да кезі болады екен. Соғыстың аяғы жақындаған сайын кімнің болса да еңсесі көтеріліп, өңіне нұр жүгірді. Қыстың қақап тұрған кезінің өзінде бас қосып суық үйді жылытып ән салады. Қатып қалған қара нан мен қатықсыз көжені тойдың асындай ішеді. Майдандағы азаматтарынан хабар алып тұрғандарды былай қойғанда, қара қағаз алғандардың көңілдеріне де есек дәме кіріп, алға үмітпен қарайтын болған. Жаңыл да жұрт бас қосқан жерге барып, ән тыңдап еңсесін көтеріп, кәдімгідей серпіліп келе жатты. Жұртпен бірге жарқылдап күліп әнге қосылып, көпшілік қолқаласа өзі де ән салып береді. Үйге келсе Мұратын ермек етеді, оның тілін қызық көреді, ертек айтып береді, ойнатады, оны ойнатам деп өзі де бірге ойнап, Мұрат күлсе бірге күліп мәз болады.


Мұратты ұйықтатарда ақырын ырғалып отырып, баяулатып ән салады. Баланың ұйықтап кеткенін байқамай, өз әуеніне ілесіп ұзақ уақыт ыңылдап отыратын. Со күні де ыңылдаған әнін созып отыра беріпті.


— Кеш жарық-ау,— деген жуан еркек даусы гүж ете қалды.


Жаңыл шошып кетіп селк ете түсті. Есіктен салқын ауамен бірге үстіне қалың тон киген жуан қара кіріп келеді. Қырау шалып буланған қара мұрты мен кішкене өткір көзі жылтырайды. «Апыр-ау, бұл қайдан келіп қалды»,— деді Жаңыл тіксініп.


Жаппасбайдың қызметінің не екенін Жаңыл анық білмейді. Әйтеуір қай жаққа, қай жұмысқа қауырт адам керек боп қалады — Жаппасбай жинап алып соны жөнелтеді. Мекеме бастығына келіп «пәлен сағатқа, пәлен адам жүруге әзір тұрсын» деп әмір береді. Оларды көбіне колхоздарға көмекке жібереді. Оның алыстан шалқайып, шірене басып келе жатқанын көргеннен-ақ мекеме бастығы «апыр-ай, мына сойқан тағы да жұртты сыпырып әкететін болды-ау» деп дегбірі қаша бастайтын. Өзіне ешкім жөндеп қарсы келе алмайды. Мекеме бастығы істелінбей жатқан жұмысын, онсыз да адамның жетпей жатқанын, күндіз-түні жұмыс істейтінін айтып жалына бастайды. Жаппасбай оған мұртынан күліп, сенімсіз көзбен кекете қарап отырады да: «Бұл соғыс уақытының заңы. Осыдан басың екеу болса бермей көр» деп қысқа қайырады. Жұмысқа жөнелтуге жиналған адамдардың арасынан да талайлар, әсіресе әйелдер жағы, жағдайын айтып зарлап жатады, Жаппасбай оның біріне де міз бақпайды. «Дана, давай, марш», деп ақырып, қолын бір-ақ сілтейді. Осы мінезін білген жұрт дүние өртеніп бара жатса да бұған жалынуды қойып алған. Беті қатты Жаппасбайдың құдай рақым беріп Жаңылға қаһары түспеді. «Сенің кішкене балаң бар екен, алысқа бармай-ақ қой» деп кеңшілік жасаған. Сол пейілі үшін Жаңыл оған көп алғысын айтып еді.


Бейуақытта төтеннен келген қонаққа Жаңыл аң-таң боп қарап қалыпты.


— Иә, Жаңыл, амансың ба?— деді Жаппасбай төрге қарай бір-екі аттап.


— Шүкір.


Жаңыл үндемей қалды. Бұл ыңғайсыздыққа сәл іркіле түскен Жаппасбай, онша қиналмай бойын тез билеп алды.


— Ау, қонаққа төрге шық демейсің бе?


— Жоғары шығыңыз.


Жаппасбай тонын, пимасын шешіп, сырма кеудешесін арқасына жамылып, сәкінің үстіне шығып жайғасып жатыр.


— Сенің қолыңнан шай ішіп кетейін деп келіп едім,— деп Жаңылға қарап жымиып қойды.


Жаңыл суып қалған шайына қазан астынан шоқ салып қайта ысытып жатыр. Жаппасбай кіргеннен-ақ жүрегі лоблып, өзінен өзі қысылып саса бастады. Бейуақытта, жалғыз басты әйелге бұл келісі... Бірақ кет деп айтудың ретін таппады. Үйге келген кісіні қуып шығу ата жолында жоқ. Бір жағынан Жаппасбайдың кім екенін, оның қаһарын ескермеске... Әйтеуір не керек: «Еркегі жоқ үйге түнделетіп келгеніңіз...» деген сөз ауызға түспеді. Түн баласында дырдай еркекті қонақ етуі және келіспейді. Жаңыл ойлаған сайын бетіне қан тепсініп, жәмкесіне қидың шоғы ілікпей ошақ басында әуре боп жатыр.


Оның бұл түрін Жаппасбай басқаша жорып, сәкіде шынтақтап жатқан жерінен басын көтеріп алды.


— Жағдайыңды түсінем ғой, сен қысылма. Құр қол келіп Жаппасбайды қара басып па,— деп тонының қойнынан қағазға ораған түйіншекті суырып алды.


— Мынау қойдың жамбасы мен жілігі еді. Турап жібер.


Жаңыл не істеп, не қойып жүргенін өзі де сезбей, әйтеуір дастарқанын жайып, шайын даярлады. Жаппасбай тіпті жат адам сияқты емес, жайғасып отырып алған.


— Жаңыл, стакан әкеле қойшы,— деді.


Қолында бір жарты арағы. Шамның сәулесіне тосып, көзі жылтырап, сүйсіне күлімсіреп қызыға қарайды. Ашпай жатып бір-екі рет жұтынып та қойды.


— Бұл жарықтықтың өзі қазір қасқалдақтың қанында боп тұр ғой,— деді арақты мөлтілдетіп құйып жатып.


Екі стаканды екі қолына ұстап сарт еткізіп соғыстырып, біреуін Жаңылдың алдына қойды.


— Ал, кәне, сау болайық.


— Мен ішпеуші едім.


— Неге?— деді Жаппасбай шын таңырқап.— Қой, алып қой. Қазір жұрттың бәрі ішеді. Соғыс кезінде еш нәрсенің ұяты жоқ.


— Жоқ, іше беріңіз.


Бірақ Жаппасбай ішпесін қоятын емес. «Еш нәрсе етпейді, біреуін алып қой» деп есін тандырып барады. Соғыстан бұрын қонақта бір-екі ішкені бар еді. «Осы құрғырдың өзі көңіл көтеретін еді» деп қобалжи бастады. Жаппасбай қарулы қолымен шынтағынан қысып ұстап алды. Өн бойынан ток жүгіргендей бүкіл денесі дірілдеп кетті. Тұла бойын ыстың шарпып лүпілдеген жүрегі аузына тығылғандай болды. Жаппасбай стаканды ерніне тақап көтере берді.


Демі бітіп, басының айналғаны тараған кезде кішкене бөлменің іші бұрынғысынан жылынып, кішкене шамның жарығы да молайып, төріңрек жадырап келе жатты. Жаппасбайдың қара күрең майлы жүзі жылтырап, бұрынғыдай сұсты емес, бір түрлі сүйкімді, жақын адамы сияқты.


Ол қарбытып ет асап жатыр еді, кенет басын көтеріп алып:


— Айтпақшы саған әкелген базарлығым бар екен ғой,— деп қалтасына қолын салып, сырты қыл-қыбыр, түк-түк боп кеткен бір уыс төрт бұрышты кәмпит әперді.


Жаңылдың тісіне тәтті тимегелі қашан. Біреуін аузына салды да, Мұрат есіне түсіп кетіп, қалғанын орап қойды.


— Сен керегіңді өзіме айтып қой,— деді Жаппасбай Жаңылдың арқасынан сипап.


Оның ауыр қолы арқасына жағып барады. «Осы маған не боп кетті?» деді Жаңыл ішінен. Өзіне ашуланғысы келді. Бірақ ашулана алмады. Төрт жылдан бері үңірейіп тұрған жетім үйдің сәні кірген сияқты. Керосин шамның қалт-қалт еткен күлгін сәулесі көңілді елегзітеді. Төрде шынтақтап жатқан адаммен екеуінің арасына алдамшы жақындық береді.


Төрт жылдан бері қайғы-қасірет, ауыр еңбек жаншып тұншықтырып тастаған нәпсісі еркек ақындығын сезіп қайта тіріліп келеді. Өлмеген, тек қапысын аңдып бұғып жатқан екен ғой ол құрғыр. Жаңыл өзін салқындатып, көңілін басқысы келіп әлек. Бірақ бір толқып кеткен көңіл басылар емес. «Жаппасбай да мұның бар құбылысын байқап отырған шығар» деген ой келіп одан бетер қысылады. Әнекей, тағы да арақ ұсынды.


— Ішпеймін. Ішпеймін!—деді Жаңыл әлденеден шошып кеткендей.


Жаппасбай бетіне таңырқай қарады да, қайтып зорламай өзі ішіп салды.


— Ау, шай құйсайшы,— деді, етті қарбытып асап жатып.


Түһ, Жаңыл не боп кеткен, қонаққа шай құюды да ұмытыпты. Жаппасбай шайдан бір ұрттады да, шөлмекті көтеріп түбіне үңіле қарады. Арақ азайып қалған екен, ренжіп басын шайқап қойды.


— Аз нәрсені сығымдап құю керек қой. Үйреніп қалған басым ептей білмеймін,— деп қарқылдап күліп жіберді.


Өзі төрге шынтақтап жайғасып жатып алған. Өз үйі сияқты емін-еркін. Түн жамылып келген шаруасына да асығатын емес. Жаңылды екі ойлы қып әлекке сап қойып, тоқ мысық сияқты самарқау жатыр.


— Сен керегіңді өзіме айтып қой,— деді Жаңылға тағы бір бұрылып,— Дүкенші дегендерің менің қолымда. Алдымда құрдай жорғалайды. Дүкенші деймін-ау тәйірі. Дүкенші дегенің сөз бе екен. Менен осы аудандағы мықтылары өзі қорқады.


— Қойыңызшы, олар несіне қорқады?— деді Жаңыл сөзге алаң болғанына қуанып.


— Мәссаған, сен өзің Жаппасбайды білмейді екенсің ғой,— деп ол басын қалт көтеріп алды.— Менің қызметім әйдік болмағанмен үкіметке сіңірген еңбегім зор.


Жаңылдың көңіліне бір ойнақылық кіріп, өзіне әл бермей қалжыңға бастап барады.


— Немене соншама, жауды қиратып келіп пе едіңіз?— деді Жаппасбайды қоздырып.


— Е, қиратпағанда ше?! Ана жылғы жауларды құртқан кім деп ойлайсың, ә? Сонда Жаппасбайды таныған болатын.


— Қайдағы жау?


— Мә, сен өзің саяси сауатсыз екенсің ғой. Халық жаулары ше? Соларды аластаған кім деп ойлайсың, а? Бір өзі сексен сигнал берген кім, білесің бе?


Жаңыл оның сөзіне мән беріп түсіне қойған жоқ, бірақ әйтеуір сол Жаппасбайды түрткілей берді.


— Со да ерлік болып па?


— Неге ерлік болмайды. Олардың көзін жоймағанда — бізді мына соғыста сатып кететін еді. Байқа сен, халық жауларының құйыршығы әлі де жоқ емес. Ана жылғы мұғалім шал Боранқұлдың неден ұсталғанын білесің бе?


Жаңыл қорқайын деді; «халық жауы» деген ол үшін өз көзі көрмеген, шала түсінікті алыс ұғым болатын. Боранқұл шалды көзі көрген. Мұрат туғанда шілдеханасына келіп, атын қойған...


— Тсс... аузыңа ие бол. Аузыңды ашсаң мүрдем кетесің,— деді Жаппасбай.


Содан кейін Жаңылдың үркіп қалған түріп көріп:


— Қорықпа. Қорықпай-ақ қой, мен өзім деген адамды қорғай білемін,— деп арқасынан қағып қойды.


Жаңыл дастарқанын жинап алып, енді не істерге білмей селтиіп тұрып қалды. Жаппасбай да орнынан көтеріліп сәкінің шетіне отырды. Киінетін түрі жоқ.


— Ау, неғып тұрсың селтиіп, төсек салмайсың ба? — деді бір кезде.


— Төсек салғаны несі?


— Немене, түсінбей тұрсың ба? Мен қонайын деп келдім. Сен байсырап жүрген ыстықсың ғой, шіркін. Сауабыңды алайын да,— деді Жаппасбай ыржиып, көзі жылтырап.


— Жоқ! Жоқ! Кетіңіз! Кетіңіз!— деді Жаңыл тұла бойы қалшылдап. Жаппасбай дәл қазір шап беріп құшақтай алса қарсыласуға әлі келмейтінін біліп, өзіне ыза болды.


— Қой, әй!


— Шығыңыз!— деп шыңғыра дауыстап жіберді Жаңыл.


Жаппасбай оған мыңқ ететін емес. Саспай көйлегінің жағасын ағыта бастады.


— Қыздардың қолы жетпей жүрген Жаппасбайға мына жаман қатынның сонша бұлданғаны несі-ай,— деп кеңкілдеп күледі.


Жаңылдың денесінің ыстығы су сепкендей басылды. Сонау жас жетім кезіндегі қорлық сағаттары көз алдында кеп тұра қалды. Күндіз қасына жақындауға арланып, түнде келіп қол салатын жігіттер... «Біреудің күлін тасып жүрген жетімек сонша бұлданғаны несі-ай»... деген қорлық сөгіс...


Жаңыл енді ызадан жарылып кете жаздады.


— Жоғал! Жоғал, сұмырай!— деп есіктің алдында жатқан балтаны қолына қалай ұстай алғанын да білмей қалды.


«Жетім бала кекшіл» дейді. Сол кекшілдігі сүйегіне өмір бойы өшпейтін таңба салып ала жаздаған жерінен құтқарып қалып еді...


...Ұйтқыған боран басылар емес. Арқан бойы ғана бозамық, ар жағы қара тұңғиық. Кей-кейде бір нәрсе қылаң еткендей, әлдебір дыбыс естілгендей болады. Жаңыл демін ішіне тартып, құлақ түріп тына қалады. Қанша тың тыңдаса да ызыңдаған желден өзге дыбыс ести алмайды. Ойнақ салған есер жел мынау қара түнекті бұрқыратып сапыра береді...


...Жаппасбайдың сол бір кескіні көз алдына келсе әлі де тітіркеніп кетеді. Қара күрең майлы беті жылтырап миығынан қарап тұрған кезі... Құрбандығын қолына түсіріп алып, енді оның ешқайда кетпесін біліп, тырнағымен қағып ойнап тұрған жыртқыш сияқты. Алдымен:


— Иә, халің қалай, асау келіншек?— деп бір жымиып алды.— Қамыттан мойның босағасын тістеп тебетінді шығарғансың ба, қалай, а?—деп кеңкілдеп кекете күлді. Жаңыл не деп жауап берсін. Сызданып әрең шыдады.— Оқасы жоқ, қамыт доға қолда ғой. Асау байталды арбаға жегіп бастықтырып та аламыз.


Сөйтіп біраз табалап айызын қандырып алды да, үкім шығарғандай:


— Бүгін алыстағы колхозға қар тоқтатуға жүресің,— деп кесіп тастады.


Жаңыл осы итке қанша жалынбай деп сазарын тұрса да:


— Ау, қаршадай балам бар емес пе? Оны кімге тастаймын?— деп шырылдап қоя бергенін білмей қалды.


— Немене, сонда, балаңды мен бағып берейін бе?— деп мазақтай түсті де, зекіп әмір етті.— Жә, доғар. Давай, давай, шагом марш!


— Зәредей мейірімің жоқ па, Жаппасбай-ау. Қыстың көзі қырауда есін білмейтін баланы қайда тастаймын,— деп шырқырады Жаңыл.


— Мен пәшеске сатылып кеткен опасыздардың қатындарын алшаңдатып отырғыза алмаймын. Шагом арш!— деп ақырды Жаппасбай.


Жаңыл жүгіріп жүріп, көршісіндегі жалғызілікті әйелге барып, Мұратты соның қолына қалдырып кетті. Бір апта бойы жұмыста жүргенде де баласын ойлап, ішкен асы бойына сіңбеді. Жүрегі құрғыр бір жамандықты сезген екен, қайтып келсе Мұраты қалпақтай ұшып, ауырып қалыпты. Тапсырып кеткен дімкес әйелі, өзі төсек тартып, ойын баласын қарай алмапты. Жаңыл буыны дірілдеп, сүрініп-қабынып жүріп, ат қорадай азынаған үйін әзер жылытып, баласын әкелді. Мұрат өртеніп барады. Оқта-текте сандырақтап, айқайлап сөйлеп қояды.


— Құлыным-ай, жаным-ай!..— деп Жаңыл еңіреп қоя берді.


Доктор қалаға кетіп қалған екен. Фельдшер келіп укол салып, дәрі берді. Инемен шанышқанда бала еш нәрсені сезген жоқ.


Бірақ одан кейін Мұрат біраз тыншығайын деді. Жанары солып қалған көзін ашып, шешесін таныды. «Мама» деді ме, ерні қыбырлағандай болды. Жұмыстан қалжырап келген, оның үстіне мына қайғы титығына жеткен Жаңыл түн ортасы ауғанда көзі ілініп кеткен екен. Мұраттың шырқыраған даусынан шошып оянды. Жалма-жан шам жағып, баласын көтеріп алды. Тағы да күйіп барады. Көзін ашпайды. Бір кезде тұла бойының сіңірі тартылғандай ышқына керіліп, шыңғырып жылады. Басылатын емес, беті көкпеңбек болып, көзі айналып құлындағы даусы шығады. Жаңыл баласын бауырына басып, шыбын жанын қоярға жер таппай дедектеп жүр.


...Түнеріп тұрған азғантай топ. Екі әйел Жаңылдың қолтығынан ұстаған. Кішкентай шұңқырдың қар аралас мұздай сары топырағы ернеуіне үйіліп қалған. Жұрт дірдектеп тоңып тұрғанда — жұп-жұқа ақ шүберекке ораған Мұраттың денесін мұздай шұңқырға түсіре берді. Жаңылдың жаны ыршып кетті. Екі әйелдің қолынан бұлқынып шығып, шап беріп баласының денесін бауырына қысып алды. «Бермеймін!» деп айқайлап ауылға қарай қашты. Кейін есінен танып қалыпты.


Екінші соққыдан Жаңыл ұзақ уақыт оңала алмады. Қыраттың бауырындағы зиратқа барып, кішкентай төмпешіктің қасына тоқтайды. Қар басып, тоң болып қатып қалған саздың астында кішкентай Мұрат жатыр.


...Қоспанның жоқтығына үйреніп, өзін-өзі қолға алып еңсесін көтеріп келе жатқанда Мұраттың қазасы әбден жаншып тастады. Жаңыл үйде жатып алды. Со кезде нені қорек еткенін де білмейді. Аспен де ісі болмады. Көңіл айтып қайғысына ортақтасқан көрші әйелдер де келуін сиретті. Олардың көмегі ақылын айтады. Жұбатады. Бірақ Жаңылдың басына ақыл қонудан қалған. Содан кейін олар да тыйылды. Әркімнің өз уайымы жеткілікті кезде қашанғы біреудің басы-қасында күзетіп отырады.


Сондай бір күйзеліп жатқан кезінде Ұштап келді. Есіктен кіре дауыс қылып, Жаңылды құшақтап алып ұзақ көрісті. «Бауырыма басқан балапаным-ай, өз қолымнан асыраған ботақаным-ай, жалғызыңнан айрылып, зар еңіреп қалдың ғой» деп бастап, ағыл-тегіл жылап Мұратты ұзақ жоқтады.


Бұ кезде Жаңыл жылауды қойған. «Аһ ұрғызып» өзегін өртеген күйініш те жоқ. Дүниенің бәрі күңгірт, ойы да күңгірт. Бұрынғы жылжып келе жатқан уақыт осы бір қара көлеңке ымыртқа, күңгірт бейуаққа тіреліп тоқтап қалған. Осы қарауытқан ауыртпалық еңсесін басып, бойы мең-зең. Қайғы-қасірет, арман-тілегі қатар сөніп, бойында тек соның зілі қалған.


Ұштап баурына қысып, қанша жылап-еңіресе де Жаңылдың көзінен жас шықпады. Жынынан айрылған бақсыдай сол мең-зең күйде отырды да қойды. Ұштап даусы қарлығып шаршаған соң, көзін сүртіп, бірақ бірден көңілін тыя алмай «Аһ, ойбай-ай, қайтейін-ай» деп теңселіп отырды. Содан кейін Жаңылды біраз жұбатып, өз жағдайларын айтты.


— Біз де жетісіп тұрған жоқпыз, Жаңылжан. Шал қартайды. Саулығы да шамалы. Бірақ үйде жататын мезгіл ме қазір. Сиыр бағып жүр. Ибаш екеуміз сиыр сауамыз. Менің қайбір жетісіп тұрған халім бар. Сүйретіліп жүрсек те сіңбіруге мұршамыз жоқ. Қоспанның хабарын естігенде келе алмадық. Арамыз алыс. Бұт артар көлік қалмады. Мұратжанның қазасын естігенде шыдай алмадым. «Қой, құрсын, Жаңылды көретін не бетіміз қалды енді» деп малды шал мен Ибашқа тастадым да қыстың көзі қырауда жаяу тартып кеттім. Уһ, жасаған-ай. Араға төрт қонып әзер жеттім.


Ұштап та әбден қартайған екен. Бет терісі қатпарланып жиырылып қапты. Бұрынғысынан да арық, екі иығы қушиып еңкейіп кетіпті. Бірақ әйтеуір жүрісі ширақ. Жағдайын айта жүріп, өзі көрпе, жастық алып төсеп, төрге отырды. Алыстан шаршап келген екен, шынтақтан дем алуға қисайды. Жаңыл қазан астына от жағып, шай қойып жүр. Ұштап ұйықтап кетті ғой деп ойлап еді, бір кезде ол басын жастықтан көтеріп алды.


— Жаңыл-ау, саған не болған?! Басқан қадамың кейін кетіп жүр ғой. Мана көзіңнен жас шықпағанға тас бауыр боп кеткен екен десем... Алда, сорлы бала-ай, өзің тіпті әбден біткен екенсің ғой. Бар күйігің ішіде түсіп іш-құса бопсың ғой,— деп орнынан ұшып тұрып қазан-ошаққа өзі араласты.


— «Өлгеннің артынан өлмек жоқ»,— деген. Есіңді жи, шырағым. Түһ, мына түріңді көргенде шошып кеттім ғой. Айғыз марқұм да сен сияқты тұйық еді. Бәрін ішіне кепелеп жия беретін. Ол жақсылыққа апармайды. Отыр ғой өзің сияқтылар,— деп Жаңылға біраз кейіа алды.— Әне, Ибаш та отыр үш бірдей жетімді мойнына асып алып,— Ұштап жылап жіберіп, бырқылдап мұрнын сіңбіріп қойды.


Ұштап Жаңылдың үйінде төрт күн жатты. Одан артыққа шыдап алмады. «Шал мен қыздың» жайын, оларға тастап кеткен малдың жайып уайымдап мазасы кетті.


— Қой, сенің мына түрің жаман екен. Жидіп барасың. Елге барып еңсеңді көтеріп қайт,— деп қоярда қоймастан Жаңылды ала кетті.


Ауыл соғыстан бұрынғы қалпынан өзгермепті. Тек үйлері тоза түскен. Байсеркенің баяғы таныс үйі, Жаңылдың балалық шағы осы үйде өткен. Сонау шешесі өліп осы үйге алғаш келетінінде бәрі де Жаңылға ықыласты-ақ. Тамағының дәмдісін аузына тосып, сыйлы қонағындай елпілдеп күтеді. Жаңыл көбіне Ибашпен бірге. Ұштап аһлап, үһлеп жүрсе де «екеуің бой жазыңдар» деп үй мен түздің шаруасын өз мойнына алған. Жаңыл енді асқа қарап, төңіректі де байқайтын болып, көңілі сергіп келе жатты. Кейде үш қатын отырып алын, өткен-кеткенді айтып, әңгіме соғады.


Адам деген қызық-ау. Жаңыл осы үйден көрген қорлығы мен кемдігін ұмытып кеткен сияқты, Сол жетім күндері кейде есіне түсіп кетсе соған ызаланбайды, қорланбайды. Ұштап пен Ибаштың жаманшылығы кетіп, тек жақындығы ғана қалған тәрізді. Ол екеуі де бұған өтірік көлгірсіп жүрген жоқ. Шын ықыласын білдіріп, жаны ашиды.


Бұлардың үшеуі де өзгерген. Қазан-аяқты салдырлатып, шаңқылдап ұрыс шығарып, қит етсе аузынан қарғыс шығатын Ұштап, қазір еңкейген кемпір болған. «О, құдай я-тоба», «жасаған ием» деп екі сөзінің бірін Алланың атымен бастайды. Баяғы жынды Ибаш енді үш баланың анасы. Оларды ұрып-соғып, қарғап-сілеп жүрсе де, әйтеуір жүдетпейді. Күйеуінен қара қағаз алып, мұның да еңсесін қайғы басқан.


Аздап кейін Жаңыл да қарап отырмай сиыр сауысып, үй шаруасына араласатын болды. Кейде өзенге барып су әкеледі. Қоспан... Мынау ылдиға түсіп, қыздың қасына келудің ыңғайын таппай анадай жерде қипақтап тұратын. Ана жерде қалың қоға болатын. Қоспан борық тартқан болып, сол қоғаны жұлқылап жататын. Бірақ екі көзі Жаңылда.


Жаңыл су алып жатып сол қоға өскен жаққа еріксіз қарайды. Қоғаны жұрт отынға шауып алған. Қоспан жоқ. Бірақ сол арадан Қоспанның көлеңкесін көргендей елегзи береді.


Жаңылдың көз алдына Қоспан елестейді. Бір жолы екі жасар Мұратқа доктор дәрі шанышқанда Қоспан көтеріп тұрған. Баланың арқасына жуан инені қадағанда тура өз арқасына найза сұғып жатқандай түсі бұзылып, ернін жымқыра тістеп алған. Енді болмаса көзінен жас шығып кетейін деп тұр...


Келе қалса қияметтен өтіп келген сорлыны несімен қуантады? Бірақ сонда да Жаңыл әлденеге елеңдеп «Қоспан қайтып келер» деген тәтті үмітті жанына талшық кетіп еді...


Жел қатайып, боран ұлғайып барады. Жаңыл жүрегі лүпілдеп, Қоспан кеткен жаққа қарайды. Ат құлағы көрінбейтін бозамық түнек бұрқ-сарқ қайнап, ысқырып, ышқына ұлиды. Қар басып бара жатқан аласа қораның қасында жападан-жалғыз әйел селтиіп әлі тұр.


IV


Қоспан Дөңқараның түбегінен күдер үзді. Осындайда пана болар ықтасын артта қалды. Жылы үйдің есігіне жуықтай бергенде желкесінен тартып әкеткендей, адам баласының әлі келмейтін ақ дүлей елсіз, папасыз далаға қарай қойларымен қоса ысырып әкетіп барады. Алды жалаңаш. Ұшан дала. Арасы алшақ тақыр адырлар — Қарақияның кең жазығы. Қыстың бұл шағында онда қыбыр еткен жан болмайды. Сол ақ оппа алдынан аранын ашып тұрғандай. Солай қарай ысырып келеді. Қарсыласып, қайрат қылайын десе табан тірер бұдыр жоқ. Қарекет қылмасқа тағы болмайды. Тік жарға қарай арындап алып қашқан асаудың басын бұра тартқандай шамасы келгенше желді қиялап, қойларын оңға қарай ойыстырып бағады.


Оң қолында Кішкене құм бар. Ызғар шашып темірдей қарып тұрған Қарақияның бір бүйіріндегі жып-жылы отау сияқты. Быжынаған көп шұқырдың біріне қойын иіре салса қораға татырлық.


Бір таң болса ататын мезгілі жеткен сияқты еді, бірақ әзір саңлау көрінбейді. Ұйтқып алды-артын ораған қараңғылық бірде бозамық тартып, қайта түнеріп тереңіне тарта береді. Алты жүз қой ұйлыға тұтасып, түгін жыбырлатып жел ысырып бара жатқан ақ киіз сияқты боп кетеді. Қоспан оның бұлдырап боранға сіңіп кеткен шетін көре алмай, көңілмен ғана топшылайды. Сол ақ киіз резеңкедей созылып жайылып бара жатады да қайта жиырылады. Кейде бәрі бұлдырап еш нәрсені көре алмай қалады.


Қоспан бір жұмадай далаға түнеуге қамданып шыққан. Киімі қалың. Ыстық пен суыққа қабат піскен денесі әзірге ызғарға төтеп беріп келеді. Қайта ауыр тонын атының артына теңдеп алған. Бірде ат үстінде, бірде жаяу қойдың бетін оңға бұрады. Суыққа тоңып бүрсеңдеп келе жатқан қойлар бір пана таппай тоқтайтын емес, шоғырланып іркіле түсіп, қайта жылиды. Рас, бастапқыдай ырғып қашып, емпеңдеп жүгірмейді, жүрістері сылбыр тартты. Бірақ сол сылбыр қимылдың өзімен жалықпай, талмай ыққа қарай әкетіп барады. Топшылауынша жиырма шақырымнан артық жер жүрді. «Таң ата боран басылғанның өзінде қораға қайтып жету оңай болмас» деп ойлады Қоспан. Ал басылмаса... Жер шамасын болжаудың өзі қиын. Кеше кеште ыққан кезде алды Қарақияның үстірті еді. Кішкене құмға қарай қанша ойысқаны белгісіз.


Жел қатая түсті. Алды өр сияқты. Аумағы көрінбейді. Қойдың алды тоқырап қалып еді, жел жағындағылары ұйлығып кеп, лықсытып итеріп әкетті. Қоспан жер шамасын болжамаққа атына мініп ілгері жүрді. Еш нәрсені көре алмай, ой-шұңқырды аттың тұяғымен ғана өлшейді. Алды арқан бойы сұрғылт тартып, ар жағы теңселген қара түнекке тіреледі.


Қырат біраз көтеріліп келді де шұғыл еңкейді. Арғы беткейде жел саябырлап, денеге қадалған сыздың зәрі қайтты. Қоспанның алдында азынаған дүниенің кішкентай ғана жылы қуысы, панасы жатыр. Ұзақ түнге алты жүз қоймен, боранмен алысып, сіңірдей сіресіп келе жатыр еді, қалжырағанын енді ғана сезіп, бар денесі, тыныштық, жылу аңсап шираған жібі тарқатылып барады.


Тортөбелдің жүрісі бәсеңдеп, аяғы ауырлап кетті. Толарсақтан қар кешіп, басын шұлғып, омбылап келеді. Қоспан секем алғанша болған жоқ, аты бауырына дейін күмп беріп қарға батып кетті. Жүрегі зу ете қалды. Алды терең жар болу керек. Қоспан қарғып түсіп, атын шылбырынан тартып оппадан әзер шығарып алды. Бұл ара Қарақияның бергі шетіндегі қысаң болар. Алды терең шұңқыр. Қойларың бір батырып алса, қайтадан шығу жоқ. Қоспан төбеге ұрғандай дағдарып тұрып қалды. Жаңа ғана тыныс аңсап, сүйегі салбырап босап қалған денесін әзер жинап алып, атына мінді де кейін қарай борбайлап шаба жөнелді. Қыраттың басына шыққанда қойлар да бері иек артып қалған екен. Келе қиқу салып кейін қарай қуалады. Үстін қар басқан қой боранмен араласып жігі көрінбейді Аяқ астында қыбырлаған тіршілік иелерін Қоспан көңілімен болжап, ат қолтығымен ықтырып қамшы үйіріп айқай салады. Бұрынғыдай айдаған жаққа лап беретін қой жоқ. Алдыңғылары әзер тоқтап бетін оңға бұрғанда, соңғылары кимелеп кеп желдің екпінімен қоса итеріп қайта лықсытады. Қоспан қиқу салып, айтақтап қойдың бір шетін үйіргенде ана шеті сытылып жүре береді. Арлап төбет Құтпан да иесінің айтағына еріп, арсылдап үреді. Қоспан оны қараңғыда көре алмаса да, боранмен қақалып шыққан үздік-үздік даусынан Құтпанның ығып келе жатқан қойға қарсы алдыңғы аяғымен шоңқиып отыра қалып, қайтадан атып тұрып, тағы бірінің алдын орап, абалап, дызылдап жүргенін көргендей болады. Арасында Майлыаяқтың да үн қосып қыңсылап үргені естіліп қалады.


— Шәйт! Шәйт! Қайт! Құтпан! Айт! Айт!—деп айқай салып атын тебініп, қамшы үйіріп Қоспан аласұрады.


Тыныштық пен жылуға құштар соқыр сезім билеген қойлар тек ыққа қарай ұмтылады. Айқайлай-айқайлай Қоспанның даусы қарлықты. Желмен ұйтқыған қар бетіне, көзіне ұрады, аузына кіріп алқымын қариды. Тортөбелдің жалынан ескен ащы тердің иісі танауын жыбырлатады. Бірақ Қоспан өзге дүниенің бәрін ұмытып, қойдың бетін бұра алмай жанталасады. Әрі-беріден соң көзі қарауытып, барлық қой біртұтас толқынға айналып, соның бір жағын шегерсе екінші жағы басып бара жатқандай елестеді. Жалғыз өзі соған тығын бола алмай аласұрады. Бірақ әйтеуір жан-дәрмен қылып алдын тосады. Сытылып шыққан бірер қойды тамшыдай қағып алып, қайта қосады.


Адамның уақытты да, істеп жатқан ісінің мән-мағынасын да ұмытып кететін кезі болады. Тіпті не істеп, не қойып жатқанын сезбей тек әйтеуір алғашқы бастаған екпінімен қармана береді. Төбенің басына қойларымен сағатқа жуық алысқан Қоспан да сондай халге түсті. Осы арпалыста малдың бетін бұра алмай, зіл қара тасты орнынан мызғыта алмаған адамдай діңкесі құрып, жігері құм болды. Басы айналып, есеңгіреп қалды. Бірақ тырбана берді. Бір сәтке қимылын босаңсытып алса жығып кетеді. Арты шыңырау құз, алдынан құлап бара жатқан ауыр салмақ — қыбырлап жылжып келе жатқан қалың нөпір. Қоспан бар дәрменін салып тіресе де сүйемдеп жарға қарай ығыстырып келеді. Бір кезде қара дүлей арасынан иттің даусы естіледі. Аяқ астында қойлар қыбырлайды. Аяз қарыған бетін ат терінің жылы буы шарпып өтеді. Тортөбелдің ентіге пысқырғаны алыстан естілгендей болады. Қоспан қайтадан ширығып айқай салады. Қамшы үйіреді. Тыныс алуға мұрша бермей жаңағы алдыңғы жақтан құлаған ауыр салмақ белін қайыстырып барады.


Қоспанның әлі келмеді... Қара дүлей ақыры оны қойымен қоса жарға қарай ысырып әкетті.


«Енді біттім» деген шақта үстіне құлап келе жатқан зіл қара тасты біреу итеріп жібергендей бір жағына қарай ауытқып, аунап түсетін кезі болады ғой. Бой бермей төбеден ылдиға, оппаға қарай құлаған қойлар, кенет жуасып, оңға қарай ойыса берді. Алғашқы сәтте Қоспан мұның мәнісіне түсіне алмай, тек бойы жеңілдеп «уһ» деп бір күрсінді. Қырқаның астына, ықтасынға түскен қойлар илеген қайыстай ыңғайына көніп алды. Қоспан енді қырқаны қалқан қылып, қойларын омбыға қарай жібермей қиялап шығып кетпек. Еңкейе беріп Тортөбелдің жалын сипап еді, шылқып тұр. Қан сорпасын шығарыпты жануардың. Тер қатырып алмайын деп, жіті аяңдап кетті.


Түн қараңғысы қоюлана түсті. Жотасы жалыған қойлар көбірек үйіріліп, ілгері қарай аттағысы келмейді. Бірақ Қоспан пәлелі шұқырдан аулағырақ кетпек боп қойларын ілгері жылжыта берді.


Көз алдында жылусыз, нұрсыз ақ ұшқындар ойнайды. Кейде сол солғын ұшқындар жұлдыздай жамырай шашылып, кейде жеке-жеке талшық боп бір сәт кірпік арасында тұрып қалады. Аздап бойы жылыған Қоспан оқта-текте қалғып кеткендей, қайсы бір кезде өң мен түстің арасындағы халге ұшырайды. Сондай шақта жаңағы көз алдындағы шашыраған ақ ұшқындар самаладай жарыққа айналып бара жатады.


Самаладай жарық. Үлкен люстра — жүздеген шам сәулетті кең сарайды жайнатып тұр. Залда лық толы халық. Жүздері жарқын, киімдері сәнді. Бұл Алматының опера театрының залы. Талай жылдан бері ен далада қой бағып келе жатқан Қоспанға осының бәрі қиялдағы ғажайып дүние сияқты елестейді. Сонау сахнада — президиум столында тізіліп отырған өңкей қара бешпет, ақ жағалар да кәдімгі пендеден бөлек жандарша әсер етеді. Жоғарыдан түскен мол жарық әркімнің бет бедерін, әжімін ұрлап, қасқа бас пен қара шаштан өзге сипат қалдырмай бәрін бірыңғай қан-сөлсіз аққұба қылып көрсетеді. Тек екінші қатардан қойшылардың жел қарыған қарақошқыл жүздері қарауытады.


Үзіліс кезінде Қоспан бүйірдегі, сәнді фоэдегі буфетке қарай бара жатыр. Кіршіксіз ақ дастарқан жапқан тегене столдардың үстінде мойнына қорғасын қағаз ораған әсем бөтелкелер, әшекейлеп пісірген түрлі-түсті тәтті тағамдар тұр. Тек бала-шаға болмаса дені сау еркектің ар ағына ел қондыратын еш нәрсе көзге түспейді. Оң жағынан біреу кеп қолтықтап алды. Қасболат.


— Қалай, Қоспан, мәжіліс ұнады ма?


— Әйтеуір бәрін тыңдап жатырмыз ғой.


Иықты, сүйегі мығым болғанмен орта бойлы Қасболат Қоспанға төменнен жоғары қарайды. Күлімсіреген жылы шырайымен ішке тартып, ескі достығын танытып тұр. Қоспан осындай инабатты адамның мойнын создырып қойған өзінің үлкен денесінен ұялып, берекесі қашты. Қасболат оның бетін буфеттен бұрып жұрт қыдырып жүрген үлкен залға қарай әкетті.


— Жаңа, жиналыс басқарушыдан біліп шықтым. Енді ұзамай саған сөз беріліп қалатын түрі бар. Қалай, көңілің орнықты ма өзіңнің?


Қоспан қалтасына қолын салып басылған бес-алты парақ қағазды суырып алды. Мұны ауылдан шығарда «барғасын сөйлейсің» деп Қасболат берген. Бірнеше қайтара оқып та шыққан. Бірақ өмірі өтірік айтып көрмеген Қоспан біреудің сөзін өз көкірегінен шыққандай етіп шешіліп айтып бере алмасын біліп қуыстанып жүрген. Оның үстіне осы қағаз миына ойша қонбады. Жаңағы бір әзірде қазақтың жалпақ тілімен қойшылардың көкейінде жүрген мұң-мұқтажын соғып кеткен бурыл сақалды шалдан соң тоқырап қалып еді. Бұ да біраз нәрсені айтқысы келеді. Бірақ осындай үлкен жерде аяқ астынан өз бетімен сөйлеп кетуге жүрегі дауаламай сергелдең еді.


Қасболат дер кезінде келе қалды. Қысылғанда қол ұшын бергенге не жетсін.


– Кәнекей, маған бере тұршы, қарап беретін жері бар сияқты соның.


Қасболаттың жуан да қоңыр даусы бейне саулық қойдың маңырағанындай құлаққа жылы тиеді. Ол үлкен терезенің алдына келіп қағазға үңіліп, бір жерлерін сызып, кей жеріне қосымша жазып бес-он минут әуре болды.


Бір кезде бет бітімі шымыр, өткір жүзді қагілез жігіт еді. Ішкі қуаты сыртқа тепсінгендей бар қимылында серпін болатын. Қазір толысқан денесі шау тарта бастапты. Ет біткен өңі де қалыңдап самарқау тартқан. Көз асты қалталанып жүзіне әжім түсіпті. Бұрынғы отты көзінің нұры сұйылып, жанарында тұнып қалған бір мазасыз ой бар сияқты. Қағазға үңілгенде езуіндегі сызығы тереңдеп, екі ұрты салбырап кетті. «Уақыт сені де тоздырған екен-ау» деп ойлайды Қоспан іштей күрсініп.


Қасболат қағаздан басын көтеріп алды да Қоспанға сынай қарағандай сәл көз тоқтатып, езу тартты.


– Ал үлгіре алсаң тағы бір оқып шық, тек саспасаң болды, –деді қағазды қайырып беріп жатып Қоспанның иығына қолын салып.


Бейне бір бәйгеге қосатын атының жалын сипағандай. Қоспан Қасболаттың күдік пен үміт аралас іштей дірілдеп тұрған ахуалын таныды да жанағы бір «өзімше кетсем қайтеді» деген ойын іркіп қалды.


Кісінің бетіне келмейтін көңілшектігі ме, әлде бойына сіңіп қалған жасқаншақтығы бар ма? Ен далада жүрген қойшының ойы көп болушы еді. Жағдай мынау, біздің ойымыз мынау, ал сіздердің қандай шараларыңыз бар деп бәрін алдарына жайып салып ақылдасуы керек-ақ еді. Оның орнына өз көрсеткіштерін, ауданның көрсеткіштері мен міндеттемелерін айтып цифр шайнап кетті. Ақтарыла сөйлейтін сөз орайы қашан келмек...


Ықтасынға кіріп бойы жылыған қойлар қалжырағанын сезіп, денелері ауырлап ілгері басқысы келмейді. Ауық-ауық иіріліп, маңырай береді. Оның үстіне ықтасын беткейдің қары да қалың сияқты. Әйтсе де осы бір қыратты қалқалап Қоспанның біраз жер ұтқысы келді. Ат аяғының астында бір нәрсе қылаң-қылаң етеді. Қожасын төңіректеп жүрген сол Майлыаяқ екен.


Жаңағы бір тәтті елес Қоспанның көз алдына орала береді. Кең театрдан жапырылып шығып жатқан халық қорадан шығардағы қойдай есіктің алдына иіріліп қалады. Қоспан қиялдағы ертегі Қыз Жібекті көзімен көріп, соның тәтті әуені құлағынан кетпей әлі де тебіреніп келеді. Қаламүштен аз-ақ үлкен жас қойшы, қызынып еліге сөйлейді.


– Ойбай-ау дүниенің рақаты осында екен ғой. Мұндай ойынды күніге көріп жүрген кісінің арманы бар ма екен. Тіпті бар ғой керім! – деп тамсанады.


Қоспанның ойына күндізгі үзіліс кезіндегі бір оқиға түсті. Бұл сөйлеп шыққаннан кейін бір жылмыңдаған саржалақ жігіт ұстай алды.


– Кәнекей, ақсақал бері келіңіз. Мен тілші болам. Ертеңгі газетке сіз туралы мақала үлгіртуім керек. Сіз бастан кешкендеріңіздің бәрін айта беріңіз, –деп қалтасынан қойын дәптері мен қаламын жалаңдатып суырып алды.


Қабырғасында пышаққа ілінер ет жоқ арық, әжім тілген бет терісі жақ сүйегіне жабысқан, үйітер алдында жүнін жұлып алған қойдың терісіндей өңі сұп-сұр. Қоспан оны аяп кетіп «шырағым, жазда біздің ауылға келіп шыр жұқтырып кетсең қайтеді» деп айтқысы келді. Өзі де ұшқалақ екен, сөйлесіп отырған Қоспанды қаңтарып қойып, тұсынан өтіп бара жатқан қоңқақ мұрын қараға жармасты.


– Қайда кеттің? Мәжілістің артын тоспайсың ба?


– Жалығып кеттім, бәрі белгілі нәрселер ғой, –деді анау, қайырла қоймай.


– Кешке ойынға келесің бе? «Қыз Жібек» қой.


– Жоқ, сол кәрі апаңда кісі қызығатын не қалды дейсің.


Қойшы бала ойыннан алған әсерін, баса алмай әлі тамсанып келеді.


— Өзі дүниенің қызығын көрмей жүріппіз ғой. Көше сыпырсаң да Алматыда тұру екен ғой қызығы.


— Ау, сен озат қойшы болмасаң осындай сый-құрмет көріп Алматыда алшаңдап жүрер ме едің,— дейді қасындағы егде жолдасы.


Қоспан әлгі қорқақ мұрын қараның сөзін есіне алып, іштей мырс етеді. Кісі әрі-беріден соң жұмақтан да жалығатын шығар, сірә.


Салқын леп бетін тоңазыта бастады. Ендігі сәтте танауы мен көзіне қиыршық қар соғып, бетін осып жіберді. Қыратты қиялап отырып тағы да кең жазыққа шығып келе жатқан түрі бар. Аздан кейін қойлардың арқасына жел тиіп, ыққа қарай жапырыла бастады. Жалықпайтын қайсар қара дүлей жаңағы тәтті елестен, жып-жылы ошақ басынан үзіп алып белгісіз меңіреу тұңғиыққа тартып барады.


V


Қасболат бүгін кешке қарай колхоздарды аралауға шықпақшы еді. Бірақ қапелімде қар ұшқындап, жел қатайып, бұрқасын боп бара жатқасын екі ойлы боп қалды. Ақыры үлкен боранға айналып кетсе — колхоздардың арасы алшақ, алды қараңғы... Оның үстіне Сәбира да пешті қатты жағып, үйдің ішін мұнтаздай жинап кірсең шыққысыз ғып қойған екен. Мәжілістен шаршап шыққан Қасболаттың қозғала қойғысы келмеді.


Сәбираның мектептегі сабағы аз, тек педагогтік стажын сақтау үшін. Оның есесіне үйдегі жұмысы көп. Бірақ Қасболат әйелінің шаршап қажығанын, не қабақ шытып кейіс білдіргенін көрген емес. Тіпті қонақ басты болған күндердің өзінде күйбеңдеп, асығып-саспай, байсалды жүріп-ақ бәрін тындырады. Сәбираның бұл қасиетіне еті үйреніп кеткені сонша әйел мінезінің басқа да түрі болатынын Қасболат онша ойламайтын. Кейбір мәжілістерден күйзеліп шыққанда, немесе мазасыз қызметінің жолында ыңғайсыз жағдай кездесіп қалғанда — өз үйі жұбаныш орны сияқты. Жылы ұясында ғана жаны жай табады. Сәбира күйеуінің қабағын жақсы таниды, бірақ күйзелісінің себебін қазбалап, көкірегінде сөне бастаған ашуды қайта тұтатпайды. Жасырақ кезінде Қасболат кейбір мәжілістен булығып, жарыла жаздап келгенде Сәбираның үндемейтініне тіпті ыза болатын. Күйінішіне, ренішіне ортақ болып, күйеуінің әділдігін жақтап, ол жек көрген адамды бірге жерлесудің орнына...


Қасболат булығып сөз бастағаннан-ақ бір кіріп, бір шығып шай-суын әкеліп, балаша баптай бастайды. Күйеуінің сөзіне ден қойып құлақ аспайтын сияқты. Ондайда Қасболат тығылып үнсіз қалатын. Асын шала-шарпы ішіп стол басынан қабағы түнерген күйі тұрып кететін. Ішіңді өртеп бара жатқан нәрсені ең жақын адамыңа айта алмаған қандай жаман. Бірақ шындап ренжиін десе Сәбираның жақсы көргеннен өзге жазығы жоқ, қатты сөз айтып қалса да үндемейді. Көңіліне ауыр алмайды. Қызық. Қазақ баяғыда баласын молдаға оқуға бергенде «сүйегі менікі, еті сенікі» деп беруші еді. Сәбира да «түздегі, қызметі өзіңдікі, үйдегің менікі» дейтін сияқты. Сөйтіп бір Қасболатты екіге бөліп қойған.


Келе-келе Қасболаттың өзі де тұйықтала бастады. Қызмет бабы, заманы солай болды. Онысы әдетке, одан мінезге айналды. Енді ішінде ит өліп жатса да сыртқа шығармайды. Үйдегі әңгіменің түзге жайылуы қиын ба. Ондайдан таяқ жегендер де аз емес. Бұрын Сәбираның тұйықтығына ренжитін Қасболат енді әйелінің сол мінезіне риза.


Кейбір басшылардың әйелі үлкен жерде не боп жатқанынан хабардар екенін мақтаныш тұтып кеңседегі әңгімені сырт құлаққа жаяды. Ертең күйеуіне сөз келетінін де ойламайды. Сәбирада ондай мінез жоқ. Шағын аудан орталығында бәрі алақанда. Басшының әйелін бәрі сыйлайды. Содан кейбір оқуы шала әйелдерге көкірек бітіп, аяқ астынан шайпау мінез тауып ала қояды. Өзге жұрттан дәрежесі биік күйеуі емес өзі сияқты төңірегіне тепсініп, өткір сөз айттым деп дөкір сөз айтатын әйелдерді Қасболат талай көрген. Ал, Сәбира күйеуі қанша жыл ауданға басшы болса да баяғы байсалды мінезінен аумайды. Ыстық-суығы жоқ қоламта мінез жалықтыратын да болар. Бірақ Қасболаттың үйдегісінен түздегісі көп, бүкіл ықылас ниеті де түзде,— яғни өзі атқарып жүрген қызметінде. Қызметі деген әрине ең мазасыз қызмет. «Сіңбіруге мұршасы жоқ» десе артық болар. Дем алатын уақыты бар, жыл сайын курортқа барып келеді, кейде преферансқа да уақыт табылады. Бірақ Қасболат бір сәтке қызмет бабынан бостығын сезініп көрген емес. Қайда жүрсе де арқалаған ауыр жүгі үстінде тұрғандай. Ел аралап жүріп бір үйге түстенсе де, я аудандағы қызметкерлермен аңға шықса да өзінің қызмет дәрежесін, жауапкершілігін ұмытып көрген емес. Қонақта бол, демалыс сағатында бол өзге жұрттың баққаны басшы болмақ. Ондайда сыр алдырып қалсаң қадірің кемиді. Тек өз үйіне, отбасына келгенде ғана Қасболат теңін шешкен түйедей белі босап, рақаттанып дем алатын. Есіктің алдына әкеп түсірген шофермен бірге миының бір қатпарына кіріп алып өзінің әр қимылын, әр сөзін бағып отыратын қырағы сақшысы да «уһ» деп демалысқа кететін.


Қасболат шешініп, түкті халатын киіп жұмсақ диванға отырды. Кең бөлменің іші күңгірт. Қараңғылыққа ұласып қара көлеңкеде сервант, радиоприемник, стол үстіндегі ваза болсын, әр заттың бедері өз көлемінен үлкен, әрі бір түрлі жұмсақ боп көрінеді. Жұмсақ басып Сәбира кірді. Қараңғылық оны бұлдыр қара сағымдай орап алған. Етшең толық денесі сүйегінен, тығыздығынан айрылып, осы қара сағымда жеңіл қалқып жүрген сияқты. Қасболат көзін шала жұмып диванда қисайып жатыр. Мүлгіп кеткен жоқ, бірақ жаны жай тауып, ой атаулының бәрін ұмытып, рақат тыныштыққа кірді. Осындай халде азғана уақытта тынығып қалатын.


Ас ішіп бола берген кезде шофер Жұматай кірді. Оның ауыз бөлмеде, қағып-сілкініп жатқанынан-ақ боранның үдеп бара жатқаны байқалады. Жұматай аласа бойлы жұмыр қара. Қара қошқыл қасқа басын кең иығына мойынсыз қадап қойған сияқты. Қимылы шымыр, жүргенде иығымен, тұқыл шекесімен бейне ауаны сүзіп келе жатқан тәрізді. Тек Қасболаттың үстіне кіргенде ғана именшектеп, ізет сақтайды. Және қашан да дәл уақытын тауып келеді. Столдан тұра бергенде есік қағып, бастығы темекі шегіп біткенше бір-екі кесе шай ішіп үлгереді. Өзі жұмысқа жаны құмар жігіт. Қолы босап кетсе-ақ машинаның капотын ашып, бір жерін шұқылап жатқаны. Жұмыс арасында Сәбираның да талай шаруасын тындырып тастайды. Ағаден мінезі, елгезектігімен кімге болса да жағып, ішіне кіріп кететін жігіт. Осы үйдің де өз адамы боп алды.


— Аға, жүреміз бе, қайтеміз? Күн райы бұзылып барады,— деді Жұматай.


Қасболат үндемеді. Неге екені белгісіз, Жұматайдың қарлығып шығатын қоңыр даусын алғаш рет ұнатпаған сияқты. Қанша жүргісі келсе де бүгін жүре алмасын біліп отыр. «Жүрем» деп айтып қойды, шоферін де шақырды, бірақ мына боранда... Жылы бөлме бәрібір жібермейді.


— Мына боранда, жеті қараңғы түнде,— сөзін қостату үшін Жұматай Сәбираға қарап қойды.— Құрысын, бір пәлеге душар боп қалармыз.


Қасболат темекісін бұрқыратып үнсіз отыр. Әрине Жұматай қу оның жүрмесін әбден біліп тұр. Соны білгесін де Қасболат айтатын сөзді өзі айтып алдын орағытып барады. Өзінше о да қамқорлығы. Болмаса Қасболат кесіп айтса қар жаумақ түгіл от борап тұрса да іркілмес еді. Бастығының көмейін танып, жанының жайлы жағына жетелейтін Жұматайдың алтын мінезі Қасболатқа бұл жолы ұнамай қалды. Және оған қарсы келе алмайтын дәрменсіздігін сезіп ыза болды.


— Сірә, бүгін жүре алмаспыз. Ертең қай уақытта келейін?—деді Жұматай.


Әнекей тіпті күмәні жоқ өзінің.


— Таңғы сағат жетіден қалма. Іркілмей шығамыз,— деді Қасболат қатқыл үнмен. Бұл Жұматайға берген қатал тәртібі емес, өзін-өзі қайрағаны.


Әдетінше газет-журнал ақтармай, темекі бұрқыратын, диванда қимылсыз отыр. Темекі түтінінің қоюлығынан күйеуінің мазасыз халін айнытпай аңғарған Сәбира еш нәрсені елемегенсіп ыдыс-аяқтарын жинады. Шаруасын тындырғансын төр жаққа барып төсегін жайлады. Әшейінде Сәбираның үйде бар-жоғы білінбеуші еді, осы жолы оның әрбір кіріп-шыққаны Қасболаттың мазасына тиді. Шау тартқан денесімен бірге ойы да бей-жай күйге түсіп, астан кейін маужырап дем алудың орнына әлденеге сіркесі су көтермей... Қараптан-қарап берекесі қашып, себепсіз мазасызданғанына Қасболаттың өзі де түсінбеді, Әлде бүгінгі мәжіліс себеп болды ма? Онда пәлендей еш нәрсе болған жоқ. Кәдімгі көп мәжілістің бірі. «Мал қыстатудың барысы жайлы» мәселе қаралды. Әрине бірер ащы сөздер шығып қалды. Бірақ тікелей өз адресіне айтылған еш нәрсе жоқ. Әдетінше жұртты ауа жайылдырмай, сөз бағытын керекті арнадан шығарып жібермей дұрыс-ақ басқарды.


Қасболат пальтосын жамылып сыртқа шықты. Бұрқасынның аяғы боранға айналыпты. Қар есіктің алдын көміп тастаған. Төңірек тастай қараңғы. Бұлт тым қалың болар. Енді бір ай жарымда көктемге ілігіп кетеміз деп отырғанда... Күннің райы тым жаман екен. Мал шығын болмаса қайтсын. Әсіресе биылғы жылы шығынға ұшырау... Қасболат тезірек үйге кіріп телефонның құлағына жармасты. Ауатком председателімен, өзге де ауданның басшы қызметкерлерімен сөйлесіп өз уайымын айтты. Олар да үркіңкіреп жан-жақпен тезірек хабарласпақ болды. Қасболат түн ортасына дейін ұйықтамады. Өзі тікелей колхоз бастықтарымен сөйлесті. Қанша отарлары қорада, қаншасы жайылымда екенін, боран ұзаққа созылып кетсе қандай қарекет жасамақтарын сұрастырды. Колхоз председательдері өздеріне сенімді тәрізді. Қатты секем алатындай еш нәрсе жоқ па, қалай? Әй, қайдам? Төменгі бастықтардың, жоғарғы бастықты жұбата сөйлейтін әдеті емес пе. Олар да сол ферма бастықтарына кісі жіберіп, рациямен оятып, ақыл-тәртіп бергеннен өзге не тындыра қойды дейсің.


Жаңа іңірде өзі жүріп кеткенде болады екен. Бұрын күндіз демей, түн демей іркілуді білмеуші еді, кейінгі кезде бір кібіртікке тап болды. Қартайғандықтың белгісі ме екен? Елудің үстіне биыл ғана шықты. Самайға әлі ақ кірген жоқ. Қайраты да бойында сияқты. Сырт көзге сыр алдырған жері жоқ. Бірақ, жақсылыққа ма, жамандыққа ма, кім білсін, өз бойында бір өзгеріс басталғанын сезеді.


Ес біліп қызмет атқарғалы бар өмірі неше алуан жиналыс, мәжілістерде, көп арасында. Сол көп ішінде үйіріне қосылған жылқыдай өзін еркін сезінетін. Енді сол көпшілікті жатырқай бастаған. Алғашқыда оңашалық іздегенін өзі де байқамаушы еді. Мәжіліс, жиналыстардың аяғын асыға күтетінді шығарды. Колхоз аралағанда да басқармада аз аялдап көбіне фермаларға, қойшыларға кетеді. Әсіресе жақсы көретіні айдалада жалғыз отыратын Қоспанның үйі. Бірақ оған ылғи жол түсе бермейді. Өткен жаздан бері соға алмап еді. Енді қыс та болса уақыт тауып, қойшының қыстауында тым болмаса бір-екі күн жатып кетуді ойлаған.


Басшы адамның әдетінде жоқ нәрсеге неге құштар болары да білмейді. Және Қоспан сөзге сараң, өзің жетелеп отырмасаң баспайды. Басқалардай елпілдеп асты-үстіде түсумен де ісі жоқ. Бірақ соның жұпыны үйі жанға жылы. Сөзге тұйық болса да жүзі ашық. Бүкіл ірі тұлғасында, байыпты қимылында тыныштық пен жақсылық бар сияқты. Бетіне қарап ықласын танып риза боласың. Үндемей отырып жалықтырмайтын өзі.


Тағдыр екеуін осыдан жиырма жылға жуық бұрын қырық бірінші жылдың күзінде табыстырды. Қазақстанның екі-үш облысынан шақырылған жауынгерлерден ұлттық бригада құрылған. Қасболат сонда рота командирі боп тағайындалды. Алғашқы кездердің бірінде Қасболат қарауындағы взводтың жаттығуын тексеріп жүргенде өзге жұрттан оғаш, қимылы ебедейсіз үлкен қара солдатқа ыза болды. «Алға» деп команда бергенде шұбатылып бәрінің соңынан тұрып, қорбалаңдай жөнеледі. «Жат!» дегенде өзгелер жып-жып етіп жер бауырлай құласа, ол одыраңдап біраз жерге дейін жүгіріп барып, шоңқайып отырып артына қарайды. Қолындағы винтовканы көсеу ұстайды. Соғыс кезінде нағыз мен мұндалап оқ шақыратынның өзі.


Қасболат взвод командиріне оқуыңды жүргізе бер деп әмір етіп, өңкиген солдатты оңаша шақырып алды. Әскери оқудың қай жағынан да жетісіп тұрмаған сияқты, қасына келіп сәлем бергенде де нәшін келтіре алмады.


Сол солдатты жеке жаттықтырам деп Қасболат табаны күректей бір сағат әлек болды. Өзі деп шаршады. Ананың да есін тандырды. Қалай ыза болмассың, тіпті илікпейді-ақ екен. «Встать! Бегом!», «Ложись! Отставить!» деп айқайлай даусы қарлықты. Кейде шыдай алмай өзі жаттып, тұрып көрсетеді. Солдат та қара терге түсті.


Мұндай «кеще шәкірт» икемге келмейтін әр қимылымен жігерін құм қылып, діңкесін құртып ұстаздың ызасын келтіріп, зықысын шығарады. Екі жағы да бір-біріне өшігіп алады да, командир солдаттың ұғымсыздығы үшін өзінен өзі бүлініп, шыдай алмай балағаттап, қайта-қайта қинай берсе, солдат байғұс өзін азапқа салған тынымсыздығы үшін командирін тек іштей сыбайды. Осыдан барып екі жағының ішіне де қырсық кіріп, бірін бірі жынымен бірдей көріп кетеді. Бір ғажабы солдат қанша илікпесе де Қасболат ызаланбады. Әйтеуір аянбайды. Қайтсін, барын салып-ақ істеген болады. Бірақ қатып кеткен денесі икемсіз. Осы солдаттың денесі қанша ірі болғанмен бет-әлпеті кәдімгі бала сияқты. Өзі көрген азапты елемей «апырай, бәрінен де сізді қинадым-ау» дегендей көзі алақтап, кінәлі кескінмен Қасболатқа қарап қояды. Қасболаттың көңілі жібіді ме әлде көнбісті солдаттың ықыласы бір нәтижеге әкелді ме бір сағат әлектен кейін оның қимылы бір жобаға жуықтаған тәрізді болды.


«Қиын» солдатпен әуре болып Қасболат та біраз шаршады, бірақ анау тіпті көк терге түсіпті. Аяп кетіп, қасына шақырып алып темекі ұсынды. Командирінің қолын қаққысы келмей ұсынған папиросты ала түсті де, не қыларын білмей қипақтап, «Мен шекпеу едім» деді ыңғайсызданып. Жөн сұрастыра келсе, алты-жеті кластық білімі бар, ауаткомда әжептеуір қызмет істепті. Жасы Қасболатпен құрдас боп шықты. Тек бұрын әскер қатарында болмаған. Онша сөзшең болмағанмен кісіден сырын бүкпейді. Неге екенін қайдам, Қасболат осы солдатқа үйір боп алды.


Ол кездері жағдай аса қиын еді. Жау жапырып Москваның түбіне келіп қалды. Жаңа құрылған бригада майданға «әне жібереді, міне жібереді» деп елеңдеп тұратын. Қасболаттың өзі анық сезбесе де алдағы белгісіз қауіп-қатер тұсында тар қолтықтан оқ тисе сүйеу болар қара іздеген түрі бар. Содан шығар осы көзге тоқ, көңілге сенімді байсалды солдатқа қарайлай берді.


Алдымен оны өзіне шабарман етіп алды. Майданға, «әне, міне» жүреміз дегенше бес айдан артық уақыт өтті. Сол уақыттың ішінде көлеңкесіндей соңынан екі елі қалмайтын шабарманға бойы үйреніп кетті. Қоспан өзге шабармандардай ұшып-қонып, командирдің қабағын аңдып елпілдеп тұрмаса да тындырды, іске ұқыпты боп шықты. Қару-жарағы, киім-кешегіне қылау түсірген жоқ, қанша жорықта жүргенде ыстық тамағын тоңазытып көрген емес.


Алғаш рет ұрысқа кірген күнін кім-кім де ұмытпайтын болар. Ол Қасболаттың да әлі күнге қатты есінде. Адыры аласа, орман-тоғайы аз жазық дала. Май айының ішінде күн ысып кеткен. Шаңытып тұр. Алдыңғы шепке жақындаған сайын жердің реңі сұрланып, ауаға электрдің тоғы тарап баратқан сияқты. Алғаш рет ажалдың ызғар лебіндей шарпып сирек снарядтар жарылады. Снарядтың алыстан шыңғырып ұшқан даусы төбеңді шымырлатып, ішегіңді бұралтып әбден дегбіріңді алады. Солдаттар да әшиіндегі дабыр-дұбыр әңгімеден, әзіл-қалжың күлкілден тыйылып үнсіз келеді. Небір сайқы-мазақ, тынымсыз жақтар да қарысып қалған. Жұрт бір-біріне үнсіз тығыла түскісі келетін сияқты. Көбі жаутаңдап командирге қарап қояды. Қасболаттың өз халі де оңай боп келе жатқан жоқты. Зың еткен оқтың өтіп кеткенін, шұбатылып ызыңдаған снарядтың алысқа барып жарылатынын әлі білмейтін кезі. Жау жақтан естілген әр дыбыс төніп келе жатқан ажал сияқты еңсесінен басып жерге бұқтыра береді. Бар солдаттың көзі өзінде екенін сезіп, сыр бермей сіресіп-ақ бақты.


Взводтарды позицияға орналастырып команда пунктінде оңаша қалғансын халі бұрынғыдан да қиын болды. Енді алғы шепті аралайын десе жаудың әр оғы өзін аңдып тұрғандай. Төрт айдан артық команда бергелі өзінің жүзден артық жауынгерлерінің түр-түсін, аты-жөнін жақсы білетін. Біразының бұрынғы өміріне де қанық-ты. Бәрі мөлтілдеп көз алдында тұр. Қазіргі болғалы тұрған соғыста сөз, біраз адам қаза табады. Қайсысының ажалы таялды? Мүмкін мына Қоспанның ба?.. Әлде... тіпті өзі де...


Қоспан командирінің бұйрығын тасып алғы шепке, взводтарға үш-төрт қайыра барып келді. Алғашқыда оның да ерні кезеріп, түсі сұп-сұр боп кеткен. «Құп, жолдас командир!» дегенде ерні әзер жуысып, дірілдемесін деп үшін бүгіп, сірестіріп ұстаған саусақтарын шекесінен тез жұлып алып, жүгіре жөнелген. Жан тәтті емес пе, бұрын түйеше шұбатылған жігітің жер бауырлай жүгіріп, зырқырап барады. Әнекей, қиралаң етіп құлап түсті. Ұзын денесі сорайып қимылсыз жатыр. Қасболат тұла бойы түршігіп, көзін жұмды. Кетті-ау сабазың. Енді кімнің кезегі екен? Көзін ашып алып аң-таң болды. Қоспанның қайтадан құлап баратқанын көрді. Бір адамның ажалының екеу болғаны ма? Ойпыр-ай, тіпті аман екен. Тағы да жүгіріп барады. Көп ұзамай, әлсін-әлсін жалп-жалп құлап, қайта жүгіріп келе жатты.


Өзі барып аралап, позицияны көзімен көріп қолма-қол тәртіп беруі керек еді. Бірақ дәл қазір көтерілсе оққа ұшатындай кейінге ысыра берді. Алғы шептегілер де командирлерінің бұғып отырғанын сезіп табалап жатқан болар. Ертең олардың көзіне көріну де ұят. Өз дәрменсіздігіне әбден ыза болды. Өзіне өзі әлі келмей діңкесі құрып, жазған Қоспанды взводтарға қуалай берді. Ол алғы шепке кеткен сайын «осы жолы аман келер ме екен» деп қыпылдаумен болады. Ол да жар басында екі жағына кезек шойырылып, бұлталақтап ұшып кете жаздаған адамдай әбден зықыны шығарып-ақ бағады. Бірақ әйтеуір сүйтіп жүріп аман келеді. Енді бұрынғыдай емес. Асып-саспай, еппен байсалды қимылдайтын боп алған. Қорқыныштың ізі айығып, түрі де бұрынғы қалпына келген. Қасболат үйреншікті шабарманына бір түрлі киелі адамша қарады. Ол ажалдың ортасына төрт рет кіріп аман шықты. Қасболат өзі дінге, ырымшылдыққа қарсы талай үгіт жүргізсе де, «осы байғұс тым адал еді, егер ана мықтының өзі жоқ болса да, мұндай адамға тағдыр жар болатын шығар» деп жорыды. Ажалдың аңысын біліп алған осы жігіттің қасында жүру, кәдімгідей қауіпсіз сияқты.


Ақыры бойында бар қайратын жиып, өзін дәрменсіз еткен жиіркенішті қорқыныш сезімін сілкіп тастап, Қоспанды қасына алып алғы шепке кетті.


Кейін байқаса сол күнгі алғашқы соғыс ойыншық сияқты көрінді. Талай қауіп-қатерге, қанды қырғынға да ұшырады. Тіпті аман қалудың еш орайы жоқ-ақ кездер де болды. Қасболат қысылды да, састы да. Бірақ сол ажалмен алғашқы жанасқандағыдай үрей мен дәрменсіздік қайтып оралған жоқ. Ал, сол бірінші күннен кейін Қоспанды ажалға қарсы таққан тұмарындай сезініп қауіпті жерде қасынан қалдырған емес.


Уақыт пенен жағдай достан да, туған туысқаннан ажыратады. Бірін-бірі қанжығасына байлап жүрген ешкім жоқ. Қоспан екеуін соғыс ажыратты. Соғыс уақытында ғана емес, бейбітшілік кезде де Қасболаттың қызмет бабы оны бір орында ұзақ жылдар тұрақтатпады. Бір ауданда екі-үш жыл қызмет істеп, көппен танысып, көңілдес жақсы дос-жаран тауып, жақынырақ араласа бастағанда өзге ауданға ауыстырып жіберді. Сонымен талай жақын достар шалғайланып, бірте-бірте ұмыт бола береді. Талай жылдар өтіп, екі ортаға кейбір ыңғайсыз істер түсіп Қоспанмен де арасы алшақтаңқырап кетіп еді. Кісі өткеннің қадірін қартая бастағанда біле ме, қазір сол Қоспанға көбірек үйірілетін болды.


Мына бір боран килікпегенде Қоспанның үйінде бір-екі күн жатып та кетер еді.


Терезеге қар ұйтқып соғып тұр. Бораны құрғыр үдеп бара ма, қалай? Үйдің іші де суынайын деді. Қар қалыңдап кетсе ертең жүру де қиын болар. Алдымен жақынырақ «Жаңа жолдан» бастау керек. Содан бір колхоздан екіншісіне асып түсіп... Бірақ Қоспанға жету қиындау болар. «Соғамын» деп сәлем айтып та жіберіп еді. Елегзіп күтетін болды-ау. Қоспан.. Қоспан..


Едәуір жыл аралары суысып кеткеннен кейін Қоспанмен қайта табысты. Иә, иә, жақсылап табысқан сияқты. Екеуінің арасында болған ренішті Қасболат ойына алғысы келмейтін, ал еріксіз есіне түссе қатты тыжырынып қалатын. «Татуластық, болды ғой, өткеннің несін шұқылай береміз» деп өзін жұбатып жүре беруші еді Бірақ сол бір кежір ой жүрегін қыжылдатқандай қазір тағы қайтып оралды. Ренжіткен де Қасболат, алдымен кеп табысқан да Қасболат. Өзі бастап сынған достықты қайта жалғап, баяғы соғыс кезіндегідей жап-жақсы боп жүре берді. Ескіні ұмыттырғысы келіп, қойшы досына тым ықыласты боп алды. Бірақ Қоспан соның бәрін ұмытты ма екен. Екеуі тең құрбыша кінәласып, өкпе айтысқан жоқ. Қасболат араларында еш нәрсе болмаған адамдай айдалада жалғыз отырған шопанның үйіне сырттан-ақ: «Уа, дәу қара, қайдасың, бармысың? Көз көрген деген қиын екен, солдатымды сағынып қалыппын ғой!» деп айқай салып, жадырай кірді. Қоспан ескі досының күрт өзгергеніне таңырқап қалса да, сыр білдірмей жылы шыраймен қарсы алды. Қасболаттың осы еркіндігі мен еме жарқын көңілі ойлаған жерінен шығып,— ауыр әңгімеден арашалап алып еді. Енді ойлап қараса, біржола құтқарып ала алмаған тәрізді. Былай қарасаң Қоспанның көңілінде ешбір күдік жоқ сияқты. Әй, бірақ... Қай шопан аудан басшысы ұлық басын кішірейтіп келсе қолын қаға қояды. Ішінде не жатқанын құдай білсін. Қасболат дәретін көмген мысықтай өткен кінәсының бетін бүркей салды. Ақтарылып айтып, өткенді аршып алмай дүдамал қалдырды.


Бұрын онша білінбей келіп енді бітеу жарадай сыздап мазасын алып төңбекшітіп жатқан осы дүдамал.


VI


Қасболат төңбекшіп аунап түсті. Өзіне ызаланады. Осындайды ойлап несіне басын қатырады. Бұрып одан үлкенін де елемеуші еді. Тіпті өзін-өзі билеуден қалған ба. Ертең ерте тұруы керек. Тезірек ұйықтайын деп көзін тарс жұмып алды. Ұйқы жоқ. Мазасын алған ойды қуу үшін жүзге дейін, мыңға дейін санады. Кері санады. Ұйқыдан хабар жоқ. Ақырын ғана пысылдап, Сәбира ұйықтап жатыр. Оның көңілі орнында ғой. Күйеуі мықты қызметкер. Ұлы институттың соңғы курсында. Қасболат өз көзі ілінбей жатқанда Сәбираның осы тыныш ұйқысына да кейіді. Кейде бір түсінісіп шер тарқатуға да жоқ. Бәрін «өзің біл» дейді де жүре береді. Бірақ оған не айтпақ. Ішке кірген мазасыздығын сыртқа шығаруға бәрібір сөз табылмайды. Мұндайды сөзбен айтып жеткізе алмайсың. Және көңілден сілкіп те тастай алмайсың. Жабысқақ, жиіркенішті бір пәле.


Кенет оған осы жиырма бес жыл отасқан әйелі жат көрінді... Жоқ, жат емес-ау, бір түрлі бөлек адам сияқты. Бұрын дене жақындығы, құштарлығы болатын. Бойына иісі сіңген. Қазір көп уақыт киілмей қалған киім сияқты ма қалай. Әрине ұзақ жасасып үйренісіп кеткен. Қабақ шытыспай бір үйде, бірге жасасып, тіршілік етіп келеді. Сәбира осы үйдің ұйтқысы. Қасболат Сәбираны мына үстіндегі үйінен, осы үйдегі бүкіл бап пен күтім дүние мүлкінен ажыратып көрген емес. Ол тіршілігіне қажет. Бірақ тіршілікке қажет нәрсе аз ба? Қасболаттың қазіргі тіршілігіне машина да, Жұматай да керек.


Қасболат қазан-ошаққа араласпайтын. Дүние-мүлік, киім-кешек, қонақ-қопсы бәрі Сәбираның мойнында. Қасболаттың қызметінде Сәбираның да шаруасы жоқ. Екеуі екі жағын бөліп алған. Екеуінің бір іштей табысатын, түйісетін жері қайсы? Құр қабақ шатыспағандық — жақындық бола ма?— Иә... Қасболаттың ішінде не боп жатқанын ол білмейді. Ал әйелінің ішінде не боп жатқанын Қасболат біле ме? Бұрын білетін сияқты еді... Жоқ, бұрын ол туралы ойлай қоймайтын. Иә, ойламапты-ау. Әйелі қашан да тұрмысына, күйеуіне риза. Отасқалы бір-ақ рет ренжітті. Одан бері не заман. Баяғыда ұмыт болған нәрсе. Оны Қасболаттың өзі де ұмытып еді... Осы бүгін қай-қайдағы пәлелер қоздап келеді.


...Ол қыз Қасболаттың тыныш өміріне ойда жоқта кіріп, астан-кестеңін шығарды.


Сұңғақ бойлы, атжақты қара торы қыз... Кішілеу өткір көзінде қуақы күлкі ойнайды. Сол қыздың кісіні ақылынан адастырып, жолдан тайдырып әкететін несі бар еді? Асып кеткен сұлу да емес еді ғой. Басынан тұман арылып, ғашықтық мастығы тарағанда Қасболаттың өзі де оны ұмыта бастаған... Тіпті ұмытып та кеткен жоқ па еді. Енді сол қыз көз алдында тұр. Соның кішкене қара көзінің бір сиқыры бар ма. Кейде күлімсірей қарағанда дүниеде содан жақын адамың жоқ сияқты. Ал кейде ащы кекесінмен мысқылдай жымиып қарағанда — дүниеде өзіңнен қор адам жоқ тәрізді көрінеді. Қазір де міне көз алдында тұр. Қартайған шақта қай-қайдағы... Тіфу...


Бұл жолы көзінде бір мұңлы күлкі бар. Аянышты сезіммен жақын тартып аялай қарайды. Тек қана соның көзқарасы. Өзге адам дәл бұлай қарай алмайды. Қасболаттың көңілін ыстық леп шарпып өтті.


Екеуінің арасындағы хикая жеңіл, кәдімгі жаттанды түрде басталып еді. Тек аяқ жағы ауырлап кетті. Қасболаттың соғыстан қайтқан жылы. Бес жылдай әскерде бойдақ дәрежесінде жүріп, отбасына бірден көндіге қоймаған шағы. Сонда осы қыз кездесті. Ол оқу бөлімінде істейтін, ауткомге қызмет бабымен келіп жүретін. Аты Шәрипа. Алғашқыда Қасболат «өзі бір сүйкімді, тым жақсы қыз екен» деп ойлап қойған. Бірақ күн асқан сайын соған қызыға қарайтын болды. Өзі де жүзіктің көзінен өткендей жұтынып тұр. Әсіресе қысқа жымиып көз тастағанда Қасболат тамсанып қалады. Осы қыздың соңына түссем бе, әлде қоя-ақ қойсам ба екен деп біраз дағдарды. Сөйтіп жүргенде екеуі жақсы таныс дос адам сияқты боп кетті. Кездескен сайын жылы шыраймен күле амандасып, бір-бірінің жүзіне ұзағырақ қарайтын болды. Бір жолы екеуі облысқа мәжіліске бірге барды. Оңаша шыққансын көптен келе жатқан көмескі ойы қайта қоздап, Қасболат Шәрипаны айналдырғысы келді. Бір ғажабы біраздан таныс, бойы үйреніп кеткен адамға сөз айту қиын болады екен. Қайта-қайта оқталса да ретін келтіре алмады. Сонысын сезді ме Шәрипа бұған мысқылды кескінмен қағыта қарап қояды.


Ақыры Қасболат Шәрипаны кешке қарай қаланың сыртына ертіп шықты. Қыз «қыдырып қайтайық» дегенге қарсылық білдірген жоқ. Екеуі шағын қаланың сыртындағы тайыз өзенді жағалап біраз жүрді. Не қара басқанын қайдам, оп-оңай оңашаға алып шықса да Қасболат ұтырлы сөз таппай қай-қайдағы керексіз әңгімені езіп келеді. Шәрипа:


— Қараңғы түсіп кетті ғой, қайтсақ қайтеді?— деген кезде сасып қалды.


Соншама еңбек сіңіргенде тым болмаса бетінен де сүймей, мейманхананың кең бөлмесіндегі самсаған кереуеттің біріне барып тізесін құшақтап жата кетпек пе. «Не де болса тәуекел» деп шабуылға дайындықсыз кірісті. Қыздың қолынан қаттырақ қысып ұстап, бетіне ұзақ қарады. Жұлдыз жарығында оның жүзінде не бары байқалар емес. Бірақ осы қараңғылық екеуінің арасын жақындатыңқырап тастаған тәрізді. Енді Қасболат батылданайын деді. Бетін жақындатып самайынан сүйіп алды. Шәрипа қарсыласпады, бірақ иліккен де жоқ. Бойын сірестіре ұстап, үнсіз сазарып тұр. Тек Қасболат қыз шашының иісіне құшырланып қаттырақ құшақтай алғанда ақырын бұлқынып шығып кетті.


— Мен сені жақсы көрем, Шәрипа,— деді Қасболат ентігіп.


— Бекер айтасыз.


— Жоқ, шын айтам, Шәрипаш!


Бұл сөзді ол бар шынымен айтты. Дәл осы сәтте Шәрипаны жақсы көріп тұрғаны рас еді. Қасболат қыздың қолынан қысып ұстай алды. Шәрипа қолын жұлқып босатып алды да кері айналып бетін басты. Иығы дір-дір ете қалды. Жылап тұр. «Әйел жыласа ар жағының бос болғаны» деген ұры үміт жылт ете қалды. Дегенмен Қасболат та елігіп, көңілі елжіреп Шәрипаға ұмтыла беріп еді, қыз тез бұрылып бетіне тура қарады. Көзі құрғақ. Әлгісі бекер болғаны ма? Даусы да пысық, сергек шықты.


— Сіз мені шын жақсы көрмейсіз.


— Жо-жоқ,— деп Қасболат қарсылық айтайын деп еді, сөзін бөліп жіберді.


— Оны қайтесіз, Қасеке. Өткінші құмарлыққа бола өтірікші болмай-ақ қойыңыз. Сіз арзанның адамы емессіз ғой.


Қасболат жап-жақын тұрған тілегінің қашықтап кеткенін сезді. Бірақ не амал қыларға білмеді. Дәрменсіз, ренішті кескінмен төмен қарай беріп еді, Шәрипаның өзі екі қарынан қысып ұстай алды.


— Ал, мен сізді шынымен жақсы көрем. Мейлі, жек көрсеңіз өзіңіз біліңіз.


Бар күші осы сөзді айтуға ғана жеткендей қыз төмен қарап сұлық қалды. Шәрипаның аумалы-төкпелі мінезінен қайтып қалған Қасболат көңілі қайта лап етті. Енді ол шынымен ынтығып қызды құшақтап сүйе берді.


— Шәрипаш... неткен жақсы едің...— деп қояды арасында.


Қасболат мейманханаға көңілді қайтты. Бұрын сыртынан талай оқталып бата алмай жүрген адамы қолына оп-оңай ілікті. Бәсе, әйтеуір үзіліп қарай беруші еді, көңілі бастан-ақ құлаған екен ғой. Сүйікті болу қандай жақсы. Әсіресе өз көңіліңе ұнаған қызың сүйсе... Қасболаттың бойына мақтаныш еніп, көңілі іріленіп қалды. Жаман жігітке қыз құмарта ма. Жасы отыздан біраз асып кетсе де...


Жігіт көңілінің желігі билеп кетті ме, Қасболат алғашқы жеңісінің ләззатына қанбай көңілі Шәрипаға қарай сүйреді де тұрды. Күні бойы қызметте отырып та Шәрипамен кездесер шақтарын көз алдына елестетеді. Кешкі қызметін тезірек бітіріп, кейде тек төбе көрсетіп, шақырып қалады-ау деген бастықтарға алдымен өзі кіріп, жылыстап кететінді шығарды. Шәрипа Қасболатты асығып күтеді. Қашан келсе де қараңғы шуланда тосып тұрғанын көреді. Әсіресе ыстық демімен шарпып қараңғыда мойнына асыла кететін кезі Қасболатқа қатты ұнайтын. Сол сәтте қыз денесінің жылуы өн бойына рақат боп құйылып қыз шашының өзгеде жоқ сияқты ерекше иісін құшырлана сіміріп, мас болады. Ішке кіруге асықпай екеуі ұзақ аймаласып тұрады.


Шәрипаның көзінде қуақы, мысқылшыл күлкі ойнап тұратын. Талай рет сөз айтуға оқталғанда Қасболатты тежей берген де сол еді. Өйткені ондай мінезді адамның әзіл-шынын түсіну қиын. Байқаусызда шағып алуы да мүмкін. Екеуінің көңілі табысқалы қыздың көзқарасы мүлдем өзгеріп кеткен. Енді өткір қара көзі бір түрлі жасқаншақ махаббатқа толы. Қасболатқа сиынып, сүйініп те та қарайды. Ешкімге есесін жібермейтін, қайратты қыздың осындай бағынышты халын көргенде Қасболаттың да көңілі елжіреп кететін. Қыз шын беріліп сүймесе сүйте ме...


Қызбен кездескенде сағаттың тілі қандай жүйрік. Екі-үш сағат кірпік қаққанша өтіп кетеді. Бірақ амал қанша Қасболат қыздың көзін ала беріп сағатына ұрланып көз тастап, қайтуға асығады. Кетер кезде Шәрипа ажырасуға қимайды. «Кешігіп қалдың ғой. Сөз болып жүрер» деп айтады да, орнынан қозғала бергенде қайтадан құшақтап сүйеді. Сөйтіп көтерілгеннен кейін де жарты сағаттан астам уақыт кетеді. Мауқы басылып, тояттап қалған Қасболат үйіне қарай асыға басып келе жатып, енді бір жеті жолықпасақ та болар» деген ойға тоқырайды. Бірақ арада күн аспай жатып қайтадан Шәрипаны көруге асық болады. Ал командировкада біраз жүріп қалса тіпті тағаты таусылады. Үйге келгенде ішкен асы бойына сіңбей, қайта-қайта елегзіп, бір нәрсесін жоғалтып алған адамдай орнынан тұрып, алақтай береді.


Бастапқы шақта Шәрипамен арасының болашағын түптеп ойлаған жоқ. Әйтеуір көңіл түскенсін аз күндік қызығынан құр қалғысы келмеді. Кейін суынармын, тыйылармын деген ойда болды. Оның үстіне Шәрипада «әйеліңді таста, маған қосыл» деген ниет тіпті жоқ сияқты. Тек Қасболаттың ықыласына ғана мәз. Әр кездескенін мейрамға балайды. Одан артыққа дәмеленетін емес. Осыған сенген Қасболат Шәрипамен арасын үзуге асықпады. Тек алақандай аудан орталығында көзге түсіп қалып өсегі жұртқа жайылып кетпесін деп қауіптенеді. Әзірге Сәбира да пәлендей еш нәрсені сезе қоймаған тәрізді. Әлде секем алса да сыр білдірмей ме... Сөйтіп «шикісі шығып баратса қоя салармын» деп жүргенде Шәрипаға әбден бойы үйреніп алды.


Сөйтіп жүріп шегінетін жерден өтіп кеткенін бір-ақ білді. Өзімен өзі алысып та көрді... Өз көңілін Шәрипадан айнытуға да күш салды. «Бірінші көрген еркегі мен емес қой. Тым тез берілді, түбі адал жар болып жарытпас» деп ашуланғысы келеді. Бірақ ашу орнына өзінің белгісіз күндесіне деген қызғаныш қоздайды. Өзін-өзі қанша азғырғанмен іші біледі. Шәрипа бұрын ешкімге бұлай беріліп көрген емес. Кейде, «менсіз таңы атпайтын еш нәрсесі жоқ қой. Соғыстан кейін жігіт тапшы боп тұрғанда менің орнымда басқа біреу болса да, әрине оның көңілі кеткен болар еді» деген жалтарғыш ой да келеді. Бірақ өзін қанша қайраса да түп көңілі оған сенбейді. Бұ да бассауғалаған қашқынның жалған сылтауы. Шәрипаныкі өмірде бір-ақ келетін үлкен махаббат екені хақ. Болашақ тағдырының қандай боларын кім білсін, мүмкін тұрмыс құрар, бірақ не де болса дәл осындай сезім балауса күйінде қайтып оралмайды оған. Қанша алысса да өзін өзі жеңе алмады. Бара-бара Шәрипасыз тұра алмайтын халге таянды.


Кенет Қасболаттың көзіндегі пердені біреу сыпырып алғандай. Бастапқы кезде Шәрипа сұлу емес, тым жақсы сүйкімді ғана қыз сияқты көрініп еді. Сұлулықтың өзі түсінбеген ішкі сыры бар екенін енді білді. Шәрипаның түрі бұдан өзгеше болса, тіпті бет бітімін әдемілеп сәл өзгертсе де... онда Қасболатты ынтықтырған ерекше бір сүйкімділігінен айрылып қалар еді. Терісі жұқа қара торы жүзі бір қарағанда әншейін-ақ сияқты көрінгенмен, көңілінің әр құбылысы сыртқа теуіп құлпырып шыға келеді. Бірден көз тартпайтын жұқалау қабағы да сырға толы. Қабағын түйіп, маңдайына әжім жүгірген кескіні — бірде ерке баланың өкпелегені сияқты сүйкімді болса, бірде айтылмай жатқан ішкі қасіретті аңғартады. Әдемі бидай өңді, сызылған қара қасты болса... Жоқ Шәрипаның осы сопақша бітімінде, жіңішке сұңғақ тұлғасында ерекше үйлесім, қайтып оралмас әсемдік бар. Тіпті бет бітіміне үйлеспейтін қалыңдау дөңгелек ерні құрғақ болса да бусанып тұратын сияқты... Басқа ерінді Қасболат сонша құшырланып сүйе алмас еді.


Қасболат кездескен сайын Шәрипаның өңінен, қимыл-қозғалысынан бұрын өзі байқамаған әртүрлі сүйкімді құбылыстарды көріп қуана таңырқайды. Асып кеткен еш нәрсесі жоқ сияқты еді бұрын. Қасболаттың жас кезінде елінде «Жұмаштың торысы» деген бәйгі аты болып еді. Жай кезде көргеніңде көз тартар ұсқыны жоқ... Арқасы күжірейіп, түгі собалақтанып өзен жағасында жайылып жүретін. Құйрық жалы тарам-тарам боп ұйысып, әлсіз мойны салбырап самарқау күйсеп тұратын. Сүйек бітімі де қораш, жабы торы. Ал жаратып бәйгіге қосуға алып келгенде әлгі атты адам танымай қалатын. Қарасаң талай аттан сүйегі де ірі, сидам. Тықыр түгі жылтырап, қос құлағы едірейіп, көзі дымқыл тартып құлпырып шыға келетін. Жұқа кең танауынан ыстық леп шарпып, алдыңғы аяғымен жер тарпып тықыршып тұрады. Ауыздықпен алысып қақшита көтерген қаз мойнында, бүкіл қағылез шымыр денесінде шоршыған ақ сазандай серпін бар.


Шәрипаның да өмірден күткен үлкен тойы келгесін түлеп, құлпырып шыға келгені ме?!


Бір ғажабы Қасболат өзі жоқта Шәрипаны көз алдына бар түр-түсімен, қимыл-болмысымен тұтас елестете алмайды. Жеке бір көзқарасы, қабақ қағысы, қылығы көз алдына келіп, енді соны тұтастырып Шәрипаның бейнесін түгел елестетейін десе, басқа құбылыстары кеп қабаттасып ұстатпай кетеді. Тек әйтеуір керемет бір тартымдылық әсері, жаны аңсаған жақсылық пен жылылық қана қалады. Қасболат Шәрипаны көруге асығады.


Қасболаттың тұтас өмірі екі арнаға жарылып, екі түрлі өлшеммен өтіп жатқан сияқты. Біреуі жұрт көзіне мәлім қызметі, күнделік тіршілік-әрекеті. Кеңсеге барады, үйге келеді, кейде жолдастарымен бас қосып карта ойнайды. Бірақ бұл тіршілігі көрген түс сияқты мән-мағынасыз, ой-санасында із қалдырмай өтіп жатыр. Жадыраған кең дүние секілді ыстығы мен суығы, үлкен қуаныш-қызығы мен қасіреті аралас, мағынасы терең нағыз шын бір өмір бар. Ол Қасболаттың ішінде. Сол төңірегіне нұр сеуіп тұрған дүниенің өзегі Шәрипа. Сол сәуле Қасболаттың қан тамырына тарап бар денесін жайлап алған сияқты. Шәрипа бар дүниені толтырғандай. Тіпті алыста жүрсе де көңілінде, көз алдында Шәрипа болады. Оның даусы Қасболаттың құлағында. Қазақ қоңыр дауыс дейді. Шәрипаның даусы қоңыр емес, әдемі сарғыш сияқты. Бұрын қатқылдау сияқты еді, қазір даусында бір дымқыл бар, құлағыңа ғана жайлы естілмей, жұмсақ лебімен бүкіл денеңді шарпып өтеді. Қасболат Шәрипаны көзі көрмегенде көңілімен сөйлесіп отырады. Оның көзқарасын, қас-қабағын, езу тартып жымиғанын — бәрін көреді. Әсіресе даусы құлағына ап-анық келіп тұрғандай болады.


Қасболат Шәрипамен іштей сөйлеседі. Екеуінің бір-біріне айтар сөзі көп-ақ. Ол Шәрипаға ең жақсы, ең асыл сырларын шертеді. Бұрын айтып тауыса алмаған, не сөзбен бейнелеп келтіре алмаған ойларын ақтарады. Тілмен емес, көңілмен сөйлескен тіпті ғажап болады екен. Онда көптеген және өте жақсы нәрселерді айтасың. Тілмен айтып жеткізуге болмайтын жақындықты көңілдің толқыны, ыстық лебі өзі-ақ жеткізеді екен. Қиялында Шәрипа да оған жауап береді. Онда ерекше жақсылықты, ыстық жақындықты айтады. Оның не айтарын Қасболат біледі... бәрін түсінеді...


Осы ой-көріністеріне елігіп қасында карта ойнап отырған жолдастарын байқамайды. Қасындағы жолдастары:


— Ау, сен неге аңқиып отырсың?— дегенде ғана елең етіп төңірегіне көз салады.


Езу тартып тәтті күлімсіреп, достарын да кеудесі толған үлкен қуанышқа бірге бөлегісі келеді. Шәрипа жайын, жақсы-жақсы сырлар айтқысы келеді. Бірақ достарының жаңағы жарқын дүниеден бейхабар, қаннен қаперсіз түрлерін көріп тоқырап қалады. Оларға мұның көкірегіндегі үлкен қуаныш дарымайды. Олар өң мен түстей өткінші сыртқы өмірдің адамдары. Өздері оны сезбейді. Тек мәнсіз қыбырлаған ауыздар, картамен бірге жалп-жалп еткен қолдар ғана...


Осы мәнсіз, өткінші сырт өмір Қасболаттың ғажайып дүниесіне есік қақпай ене бастады. Оның ұсақ-түйек, кәкір-шүкірі, күйкі ұғымы негативтей баттиып айқындала берді де, әрі-беріден соң «сенің жарқын дүние, өмірдің өзегі дегенің бос қиял, нағыз шындық менмін» деп шықты. Сырт дүниенің хабары алдымен Сәбира бейнесінде келді.


Ақыры о да сезіктене бастады. Әуелі ренішін қабағынан аңғартып үнсіз, тұйық өкпелеп жүрді. Қасболат әйелінің шаң-шұң ұрыс шығармағанына риза болғанмен, түбі ыңғайсыз үлкен әңгімеден қашып құтыла алмайтынын біліп мазасы кетті. Егер мұнысын қоймаса қанша қашыртқылағанмен тықыр бір күні таялады ғой. Жалпы Сәбирамен екеуінің арасы... Ерлі-зайыпты адамдар соғыстан бұрын жыл жарым ғана отасты да бес жылдан артық көріспеді. Қасболат өзінің үйлі-баранды болғанына үйренбей жатып, қайтадан бойдақ қалпына түскен. Үйренісіп болмай ажырасқан адамдар бір-бірін тосырқап қалыпты. Сәбираны қайдам, қашаннан мінезі тұйық қой, ал Қасболат көндігіп кетпей жатып, мына зауалға ұшырады. Бала десе... Баяғыда бесікте қалған баланы алтыға толып жүгіріп жүрген кезінде бір-ақ көрді. Қаз тұрып, апыл-тапыл басып, былдырлап тілі шыққанын көріп, титтейінен исі сіңбегенге ме, ол өз баласынан гөрі кішкене сүйкімді інісі сияқты. «Бұларды да жүдетпеспін, қолымнан келген жәрдемімді аямаймын ғой» деп ажырасуға талай оқталды, бірақ жеме-жемге келгенде іркіле берді. Шәрипамен арасын және де үзе алмады. Қалай үзсін. Ол кетсе бар өмірі үңірейіп қалатын тәрізді.


Сөйтіп Қасболат әр-сәрі халге түсіп қатты қиналды. Тарыққан сағатында Шәрипаға барады. Мұның ауыр халін түсінетін де, жебейтін де сол. Соның қасында отырғанда ғана жаны жай тауып, адам халіне кіреді. Шәрипа мұның халін айтқызбай түсінетін. Өзі де көп сөз айтпай бар ықыласы мен аянышын Қасболатқа үнсіз жеткізетін. Үндемей отырып-ақ барды ұғысуға болатынын Қасболат сонда біліп еді. Шәрипаға қарап отырып: «Жоқ, жоқ, сенсіз тұра алмаймын» дейді Қасболат ішінен. «Мен де сенсіз тұра алмаймын. Бірақ сенің халің қиын боп тұр ғой» дейді Шәрипа көзімен. «Иә, білмеймін, басым қатты», Қасболат ауыр күрсінеді. Шәрипа Қасболаттың басын кеудесіне басып, шашынан сүйеді, жасқаншақ ұзын саусақтары мейірленіп, бетінен сипайды. «Түсінем, бар жағдайыңды түсінем. Бірақ не жәрдем етерге білмеймін. Тек әйтеуір саған қиын болмаса екен» деген Шәрипаның мұңды даусын естігендей болады Қасболат.


Тек ол еш нәрсе талап етпей Қасболат үшін құрбандыққа даярлығымен оны қиын халге салып қойғанын біле ме екен? Мүмкін білетін де шығар, бірақ шын жақсы көрсе не амалы бар? «Үй-ішің бар, ұяңды шайқама» деп қол үзіп кетсе... Одан Қасболат бақытты бола ма? Қасболатты екі жағының біріне де итермейді. Бірақ барған сайын сонысымен өзіне тартып әкетіп барады.


Қанша сабырлы болса да Сәбираға тіл бітті. Бір күні Қасболатқа:


— Бұл не жүрісің? Үйіңнің астынан су шықты ма, үйден безіп?— деді.


— Сен не айтып тұрсың өзің?— Қасболат тыжырынып.


— Білмей тұрсың ба? Тоқтайтын кезің болған жоқ па?


Қасболат бұл әңгіменің болмай қалмайтынын жақсы білетін. Оған іштей дайындалған да. Бірақ неге екені белгісіз кейін ысырып, жалтарғысы келді.


— Сен өзің не айтып тұрсың? Қайдағы жоқ нәрсені...


— Өсегің жұрттың бәріне жайылып болған жоқ па. Мен шыдап бағып едім... Жұрттың сөзі шыдататын емес...


Қасболат қатуланып келе жатыр еді. Сәбира жылап жіберді. Бәрінен де сонысы қиын болды. Не де болса айтпақ болған тұжырымды сөзін айта алмай қиналды.


— Ұрыс-керісті қоялық. Онсыз да келісіп жүрген жайымыз жоқ қой,— деді тек қана.


— Мен бе келіспей жүрген?..


— Осы қайсымыз болсақ та келісуден кетіп барамыз ғой деймін. Осы соза бермей...


— Нe дейсің?— деп Сәбира шошып кетті.— Мен сені бес жыл күткен жоқ па едім?! Сондағы тапқан опам осы ма? Ал, балаңды қайтесің? Оның жазығы не? Мына соғыстан шырылдап қалған жетімдер аз ба еді?


Көптен бері ішіне сыймай жүрген зары бар емес пе, Сәбира еңіреп жылай берді. «Маған оп-оңай болып жүргендей баланы көлденең тарта қоюын қарашы!» деп ызаланды Қасболат. Бірақ бір жағынан Сәбираны, әсіресе баласын аяп кетті. Басы шырдай қатып үйден шықты.


Осының бәрі аз дегендей енді өзінің бастығы Мәжитов шақырып алды. Ол өзі жасы қырықтан асқан, тығыршықтай аласа бойлы, жылы жүзді, күлегеш кісі болатын. Өзі әзіл-қалжыңды көп біледі және қолы босап кетсе жұрттан күлкілі әңгіме естігісі келіп ынтығып тұратын. Кейде тіпті онша күлдіре қоймайтын топастау сөзге де күліп мәз боп қалатын. Ал, нағыз бір ұнатқан күлкілі сөздерді «сүйдедің-ау» деп қайталап айтып, еселеп күлетін. Бұл жолы оның қабағында күлкі жоқ, жүзі суық көрінді. Бұрын Қасболатты жақсы көріп, іш тартып: «Кел, Қасболат, отыр, Қасболат» деп жүруші еді, енді «отырыңыз, жолдас» деп фамилиясын атап, орындықты нұсқады. Содан кейін алдындағы қағазға үңіліп Қасболатты біраз қаңтарып қойды. «Менің үстімнен түскен бір пәле емес пе екен» деп Қасболат көз қиығын тастап еді, жоқ, жай бір қатынас екен. Бастық басын көтеріп алып, Қасболаттың бетіне қарап, «Һм...» деп қойды. Әдетінше күліп жіберген жоқ.


— Екеуміз бір ашық сөйлесейікші. Осы сенің семья жағдайың тыныш па?


Қасболат үндеген жоқ.


— Күмілжуіңе қарағанда пәлендей тыныштық жоқ сияқты-ау, ә?


Ол енді күліп жіберіп біреудің қасіретін сайқымазаққа айналдыра ма деп қорқып еді Қасболат, бірақ құдай сабыр беріп күлмеді.


— Шамасы жұрттың өсегі рас болды ғой. Иә, жел тұрмай шөптің басы қимылдамайды.


— Менің әйелім арыз берді ме, әлде жұрттың өсегіне бола шақырып отырсыз ба мені?— деді Қасболат ашуланып.


Ол енді өзіне ыза болды. Не де болса бір жақты болып, бар тауқыметін бір-ақ көтеріп алмай, қиқалақтап жүріп, жан баласын жолатпайтын аяулы нәрсесіне сырт адамның суық қолын сұқтырып, мораль оқытып қойғаны мынау. Бастықтың сөзі қиянпұрыс шықса көз жұмып қатты кетуге бар еді.


— Жоқ, келін айтқан жоқ. Ақылды кісі екен. Егер ол арыз берсе халің жақсы болмас еді. Бірақ бұл мәселеге мен әжептәуір қанықпын. Бәріміз де жас болдық. Жастық желік шығар десем сен тым тереңге кетіп қалған түрің бар көрінеді. Менен шыныңды жасырмай-ақ қой. Мен сені жақсы көретін адаммын. Өзіңнің түпкі ойың қалай!


— Шынымды айтсам дал болып жүрмін.


Бастық ойланып қалды. «Ия» деп күрсініп те қойды.


— Қиын жағдай екен. Жүрекке әмір беру қиын. Бірақ адал жарың, әсіресе балаң бар. О жағын мықтап ойлау керек. Сен өсіп келе жатқан, және өсетін де жігітсің. Ал, осыдан бір сүрінсең мықтап сүрінесің. Онда біз арашашы бола алмаймыз. Айыптаушың боламыз. — Қасболаттың қабағын бағып ол біраз үндемей отырды. — Өзің білесің балшықтан кадр жасай алмай жатқанда сенен айрылып қалу бізге де жеңіл емес. Болашағың бар-ақ жігітсің. Мен бір ақыл айтсам тыңдар ма едің?


Қасболат бас изей қойған жоқ, бірақ басып изеген сияқты төмен қарады.


— Адам кейбір қиналған шағында өз ақылынан гөрі кісі ақылын тыңдағаны жөн болады. Сен ғафу ет. Қасболат, бұл жасы, қызмет бабы үлкен болса да, біреудің жетегінде жүр деген сөзім емес. Бірақ ойы әр саққа жүгіргенде — адам дұрыс жолды таңдай алмай соңынан бармағын шайнап қалатын да кезі болады.


Мәжитовтың қай жаққа қисайтып келе жатқанын Қасболат түсінді. Бірақ үндемеді. Өзі шеше алмай қиналған нәрсенің түйінін өзгеге ұстата салғандай.


— Менің тілімді алсаң тыйылуың керек, шырағым. Әрине, көңілі құрғыр бір құлап кетсе қиын. Бірақ шыда. Әскер басқарған офицер емессің бе. Өзіңе әлің келетін шығар.


Шәрипадан біржола айрылатыны енді ғана айқын болып Қасболат шошып кетті. Бұрын әрі-сәрі боп жүргенде — әйтеуір үміт бар еді. Онда біржола қол үзуге Шәрипаны қиған жоқ-ты. Енді өмірде тұңғыш көрген ең үлкен қызығынан айрылып құлазып қалғалы тұр. «Жоқ, жоқ! Көнбеймін, бермеймін!» деп айқайлап жібергісі келді. Бірақ бетіне қан теуіп, булығып үндемеді. Өзінің үндей алмағанына ыза болып, одан сайын булығады.


Мұның халін бастығы да сезді. Сөзін бөгеп, бәрін түсінген жанашыр кескінмен мұңая қарап отыр.


— Ішіңді маған ашпасаң да сенің жағдайыңды біраз ойладым, Қасболат,— деді ол бір кезде.— Ең дұрысы сен басқа ауданға ауыс. Бұл арада жұрт құлақтанып қалды. Және алыста жүрсең өзіңе де тыныш болар. Мен Баймолдинмен сөйлесіп қойдым. Ол саған бұл жердегіңнен де тәуірірек қызмет тауып беретін түрі бар. Сендей адам бізге де керек. Бірақ мен сенің болашағыңды ойлап отырмын.


Қасболат қанша қиналып отырса да мына кісінің соншалықты жанашыр қамқорлығына риза болды. «Не деген терең, неткен жақсы адам, біреудің жайын әкесінен бетер ойлап қойған» деп сүйсінді. Бірақ не деп жауап бермек? Көз алдына Шәрипа елестегенде тілі байланып қалады, қимайды. Ал қимағанда не істейді? Өз баласы мен әйелінің обалына қалады. Оның үстіне Шәрипа екеуінің халі қандай болмақ. Жұрттың сұқ көзіне ұшырап, өсудің есесіне орнынан алынып, өзінен төмендерге жалынып қызмет сұрап жүрмек пе? Мына кісі де бекерге бәйек болып отырған жоқ қой, әшиін қарауындағы көп қызметкердің бірі болса басын қатырып қайтсін. Қасболаттың болашағын біліп, ертең өзімен терезесі тең, не тіпті биіктеу болып шыққанда... Бұ да со жағын есепке алып, ер мойнында бір қыл арқан жүрсін дегені ғой. Бір сәтке сол болашақ дәрежесі көз алдына елестеп қызықтыра бастап еді. Қазіргі халі есіне түсіп қайта торықты. Шым-шытырық кенеуі кеткен тағдыр-ай. Біріне ұмтылсаң бірін құрбандыққа шалу керек. Шәрипа... Шәрипа...


Қасболат үндемеді. Мәжитов те оның ішінде қандай дауыл тулап жатқанын сезген сияқты, қолма-қол жауап бер деп қысқан жоқ. Орнынан тұрып Қасболаттың қасына келді.


— Ал, қабырғаңмен кеңес. Менің жаным ашып айтқан ағалық ақылымды аттап кетпессің деп сенем.


Қасболат оның ақылынан аттап өтпеді. Ұзамай басқа ауданға ауысты. Жаңа жер, жаңа қызмет, бір науқанға бір науқан жалғасып үсті-үстіне шапқылаған командировка. Жыл өтпей жатып бөлім бастығынан ауаткомге орынбасар боп тағайындалды. Алдынан жаңа өріс ашылды. Бұрыннан дәмін татып қалған басшылық қызметтің сан қилы жолдары қызықтырып әкетті.


Шындық өмір өз дегенін істеді. Сонау кездегі көкірегін, бүкіл табиғатын толтырған жарқын дүние нұры семіп алыстай берді. Арада екі-үш жыл өткесін тек облыстық мәжілістерде Мәжитовпен кездесіп қалғанда ғана Шәрипа есіне түсетін. Өзге жұртқа белгісіз ұрлығыңды білетін адаммен кездескенде қысылып қаласың ғой, Мәжитовпен кездескенде Қасболат та әуелгі кезде сондай ыңғайсыз халге түсіп жүрді. Және ол қуақы кісі емес пе, облыстық мәжілісте алғаш кездескенде, Қасболатты жоғарылатылуымен шын жүректен құттықтап, содан кейін жауырынынан құшақтап, бетіне қарап көзін қысып бір жымың етті де, қарқылдап күліп жіберді. Қасболат не онымен қосыла күлерін, не ашуланарын білмей қиналды. Езуі ыржиды ма, әлде кемсеңдеді ме, әйтеуір не де болса халі жақсы болған жоқ. Қасболаттың жағдайын сезе қойған Мәжитов:


— Әй, құдай-ай, қалжың ғой,— деп оны өзіне жақындатып тартты да, байсалды әңгімеге көшіп хал-жағдайын, жұмыс бабын қадағалап сұрады.


— Баймолдинмен араларың қалай? Е, жақсы ма? Өте дұрыс болған. Мықты басшы және арқа сүйеуге тұратын адам. Сен туралы оған өзім де кездескен сайын айтып жүрем. Ол кісіні қолдап жүргендерің жақсы,— деп ақыл берді.


Анда-санда сайқымазақтау мінезімен өткен ісін ойға салып қойғаны болмаса Қасболат Мәжитовқа риза. Сонау бір ақылын сезімге билетіп, шатасқан кезінде осындай қамқоршы ақылшы кездеспегенде...


...Қасболат тағы да төңбекшіді. Ұйқы деген ұшты-күйлі жоғалды. Үйде ұйықтататын дәрі де жоқ. Адамның ойы бір қозғалып кетсе тоқтамайтын пәлесі бар ғой. Бір оқиғадан бір оқиға, бір ойдан бір ой суыртпақталып шыға береді. Соны үзіп тастай алмай әлек. Осыдан он бес жыл бұрын болған оқиға. Суынып та кетті. Әлдеқашан ұмыт болған сияқты еді. Бүгін келіп қайтадан қоздағанына жол болсын. Төрт-бес жыл өткесін Шәрипа әйелі өлген момындау бір қазаққа күйеуге шықты деп естіген. Ол кезде жай-жапсарын қазып сұрамаған. Қазіргі халі қалай екен? Қасболатты ұмытты ма екен? Дегенмен өзінде ерекше бір нәрсе бар еді. Осындай жанды қинаған кежірлеріңді айтқызбай түсінетін. Қанша күйзеліп келгенде басыңды кеудесіне басып үнсіз отырсаң... Со кезде жап-жас қыз. Сонша мейірімді қайдан тапты екен. Еркекке жар ғана емес, ана болу үшін жаратылған әйелдер болады. Ондай әйелдер сирек. Өте сирек... Соның біреуі Қасболаттың өмір жолында кездескен екен...


Мәжитовке уәде бергеннен кейін де «көзді жұмып, қойып кетсем бе екен» деп талай толқыды. Бірақ белгісіз бір күш жеме-жемге келгенде желкесінен тарта берді. Шәрипамен арасын біржола үзіп кетуі... ол алдыңғы ойынан да қиын болды. Осы екі сезім тіресіп келгенде Қасболаттың өзі бір дәрменсіз халге түсті. Мәжитовтың итермелеуімен басқа ауданға ауысу туралы дәлелі толық арыз жазылып кетті. Баратын ауданы да қабылдайтынын хабарлады. Сөйтіп басталып кеткен оқиға Қасболат үшін қалған істі өзі-ақ тындыратын болды.


Бұрын Шәрипамен қосылуға бел буып жүрген кезде әйелін, баласын уайымдайтын, соларға жасамақ әділетсіздігіне өкінетін, жұрттың сұқ көзі, сыртынан сыбырлаған ғайбат сөзі — болашақтағы сүтке тиген күшіктей жағдайы мазасын алып қинайтын. Енді екеуінің орны ауысып тек қана Шәрипаны уайымдайтын болды. Демек ана жағының тынышталғаны ғой.


Бірақ қайткенде де Шәрипамен ажырасу Қасболатқа оңайға түскен жоқ. Сол Мәжитовке уәде қылғаннан кейін сөзінде тұрып Шәрипаға бармай қойған. Әрине оған әрең шыдады. Егер бара қалса өзіне әлі келмейтінін білді. Тек кетерден бір-ақ күн бұрын соқты.


Сол бір кездесуді Қасболат еске алғысы келмейді. Бірақ ойлағың келмейтін нәрсенің ойлатпай қоймайтын пәлесі бар емес пе. Сол сағатқа Қасболат ұзақ та қиын дайындалды. Шәрипаға қоштасарда айтатын әр сөзін он қайтара екшеді. Әрине Шәрипаны шексіз жақсы көретінін, қашан ақтық демі біткенше ұмытпайтынын... бәрін... бәрін айтпақ болды. Тағдыр... Сұм тағдырға шара жоқ екен... иә... көп-көп сырларды айту керек.


Шәрипа арада еш оқиға болмағандай кәдімгі әдетінше жылы қарсы алды. Қасболат мұндайды күтпегендіктен тіпті сасып қалды. «Ешнәрсені естімеген екен ғой, бәрін басынан бастау керек болды-ау» деп қиналды.


— Шешін, жоғары шық. Мен қазір шай қойып жіберемін,— деді Шәрипа.


— Мен асығыстау едім, шайға қарамаспын,— деді Қасболат сасып.


 


— Қой, шай ішпегенің ұят болар. Алыс жолға кетіп баратқан адамды құр ауыз жіберіп...— Шәрипа самаурын қоюға ауыз бөлмеге шығып кетті.


Бәрін біліп жүр екен ғой. Тіпті қиналмағаны ма? Даусында бір діріл болсайшы. Қасболат күйіп-пісіп, өртеніп жүргенде бұған бәрібір болғаны-ау. Қасболаттың сонша қасіретінің күні... Өзін алдап мұзға отырғызып кеткен сияқты көрініп Қасболат тіпті ашулана бастады.


Шәрипа шай үстінде де әшиін әңгіме айтып Қасболаттың баратын ауданының жағдайын сұрастырып алаң қылып отырды. Бірақ Қасболат түйіліп, жауапты қысқа қайтарып өз-өзінен булыға берді. Шәрипаның қимастығына «менің сонша трагедияма татымадың» деген өкпесі араласты. Кенет шай құйып жатқан қыздың саусағындағы ұсақ дірілді көзі шалды... Осы сәтте біреу көзіндегі шелін сыпырып алғандай Қасболат бәрін көрді... Түсінді. Өзінің іштей бұрқанып, астан-кестен боп жүргені, қайғы-қасірет шегіп аһ ұрғаны, қалаған ісіне бір қадам баспай жатып, барлық трагедияны тек қиялында жасап алып соны актерше ойнап жүргені... Не деген ұсақтық... Қасболат іштей дайындап келген «сұм тағдыр», «ақтық демін...» деген сөздерінен жиіркенді. Тіфу.,. Неткен жалған, мүсәпір сөздер. Шын қасіретті адам қызыл сөзбен арамдамайды екен. Ол ешбір сөзбен бейнеге түсіріліп айтылмайды. Іште тұнып қана жатады екен ғой...


...Қасболат ауыр төңбекшіп, айналып түсті. Астындағы ағаш кереует сықыр-сықыр етті. Сәбира оянып өз кереуетінен тіл қатты.


— Ұйықтай алмай жатырсың ғой. Бір жерің ауыра ма?


Жауап қатудың орнына Қасболат күңк етті. Онысы мазамды алма дегені болар. Сәбира бір-екі есінеді де, аздан кейін пысылдап қайта ұйықтады. «Осының уайым алаңы жоқ-ау» деп ойлады Қасболат. Жанның тыныштығы қандай жақсы. Қасболаттың сол ісін тарс ұмытып кетті ме екен? Екеуі содан кейін кінәласып, я түсінісіп сөйлескен де жоқ. Қасболат өзімен өзі әлек боп жүріп осы ауданға көшіп келді. Көші-қонның жаңа орынға орналасудың әлегі... Сонымен ерлі-зайыптының арасындағы сол бір ауыр сөз де мысықтың дәретіндей бүркеулі қалды.


Қасболат тағы да аударылып түсті. Ұйқы деген құрғыр келе ме бүгін?.. Таң да жақындаған шығар. Қосқабат әйнектен уілдеген ызың естіледі, боран үдеп барады-ау шамасы...


VII


Қаламүш колхоз орталығында екі күнге аялдағысы келді. Атын мал қораға апарып, ер тоқымын алып, басын шөпке тығып жіберді де, өзі мектептің жатақханасына келді. Саманнан қаланған аласалау үйдің ұзынша коридорындағы қарауытып кеткен бояусыз тақтай еденін сықырлата басып бесінші бөлмеге кірді. Есігінің тұтқасына дейін таныс. Бұрынғы өзі жатқан бұрыштағы кереуетте жалғыз «Көк қошқар» — Сәден жатыр маңқиып. Орақ тұмсық, дөң маңдай, аласа болса да жуантық Сәденді балалар көптен осылай атап кеткен. Кешегі боқмұрын — енді бұл да сегізінші класта оқып жүр.


— Келіп қалдың ба, Қаламүш аға,— деп Сәден бейне бір осының келуін тосып жатқандай басын төсектен көтеріп алды.


— Келіп қалдым. Балдар қайда?


— Оқуда болат та.


— Сен неғып жатсың?


— Ауырып... Суық тиген бе?—деп «Көк қошқар» мұңайып жастыққа қайта қисайды.


— Жалқаулығым ұстап жатыр деп неге шыныңды айтпайсың?


— Оллаһи шын, ыстығым отыз сегіз! — деп Сәден төсектен басын қайта жұлып алды.


— Кәне, тамырыңды ұстап көрейін.


— Ағатай, ағатай, оллаһи шын,— деп «Көк қошқар» көрпесін бүркеніп қабырғаға қарай тығыла түсті.


Қаламүш оны төсегінде біраз жұмарлап ақыры тұрғызып алды. Содан кейін кереуеттің үстіне өзі аунақшыды. Бес жыл жатқан орнын сағынып қалыпты.


— Бүгін мұнда мен жатамын. Ал сен ана боқмұрындардың біреуінің қасынан орын тап,— деп әмір берді Қаламүш. Сәден тіпті қуанып кетті.


— Ал мен басқарма жаққа барамын. Кешке қарай ораламын. Шай қайнатып қойыңдар.


Қаламүш көтеріле бергенде, сұмырай «Көк қошқар» бір пәлені шығаратындай жымың-жымың етеді.


— Қаламүш аға, мен Зүбәйдаға айтсам ет те асып қояды ғой.


Сұмның өзі де әккі тұр екен, Қаламүш тап бергенде зыта жөнелді. Бірақ оны тар бөлменің ішінде екі айналдырмай ұстап алып төсекке жығып сап, мытып-мытып алды.


— Ағатай, ағатай, өлдім. Қойдым, қойдым деймін.


— Айтасың ба екіншілей.


— Айтсам жағым қарыссын. Сенің келгеніңді өзі де біледі ғой. Несіне арам тер болам.


— Тілін қарашы мына жаманның! Мойныңды бұрап алайын ба?


— Ойбай қойдым, ағатай, қойдым.


— Жаман ағаңның жұмырығын иіскемей құдайыңды ұмытып кеткен екенсің өзің.


«Көк қошқар» мұның жұдырығынан қорқудан гөрі іші пысып, ойын аңсап жатқан сияқты. Қол-аяғын бауырына тығып, доптай домаланып сықылықтап күле береді.


— Қойдым, ағатай, тіпті тойларыңа да шақырсаң да бармаймын.


...Қаламүш көшенің екі бетінде алшақ салынған тоқал үйлердің ортасымен колхоз басқармасына келе жатыр. Мектепке кіріп, мұғалімдермен сөйлесіп шығатын да шаруасы бар, оған кейінірек балалар сабақтан шыға бергенде соқпақ. Алыс жайылымнан орталыққа келгенде ең алдымен көзіне оттай басылатын осы мектеп пен жатақхана. Соның ішінде қызығы мен думаны қалғандай көргеннің көңілі алып-ұшады. Өзі отырған партасы, әр босағасы, ең аяғы ауладағы доп ойнайтын сетканың қадасына дейін Қаламүшты сағынып қалған сияқты болады. Енді бір-екі сағаттан кейін оралып соққанда оқудан шығып келе жатқан балалар да шұрқырасып қоршап алады. Бәрінің ортасында өзі, бәрінің көзі өзінде ғана. Шынын айту керек осы бір сәт Қаламүшке ұнайтын. Кәдімгідей марқайып қалады.


Бірақ осының бәрінен артық бір нәрсе бар. Қаламүшке қарап аузын ашып, үймелеген балалардың шет жағын ала Зүбайда тұрады. Ол бұған батып тіке қарай да алмай, кішілеу қара торы жүзі қызара бөртіп, қарақаттай дөңгелек көзін тайдырып әкете береді. Кетіп қалуға дәті жетпей, кетпейін десе өзіне өзі сөлекет көрініп ыңғайсыз бір халге түседі. Мұндай кезде Қаламүш те еш нәрсе сездіргісі келмей әдейі дабырлап қатты сөйлейді. Бірақ мүлт жібермей көз қиығымен Зүбайданы бағып тұрады. Қапысын тауып екеуінің көзі бір сәтке кездесіп қалады. Сол бір қарастан Қаламүштің кеудесіне ыстық толқын құйылып, басы айналады, осы сәтте бұл дүниеде Зүбайдадан жақын адам жоқ...


Осы сары майдай кейінге сақтаған қуанышы көкірегін жылытып, Қаламүштің кішілеу аққұба жүзіне нұр жүгіріп келеді. Оның әшиінде үстіңгі ерні түрік, қайқы тұмсық аңқау кескіні қазір бұл дүниеде қуаныштың көптігіне сүйсіне таңырқағандай аузы ашылып, уылжи күлімсірейді.


Кеңседен дөңкиіп колхоз председатель Құмар шығып келе жатыр екен. Үстінде қынама бел қара тон, басында екі құлағы есек құлағындай едірейген құлақшын. Жалпиған жұмсақ мұрыны бұлтиып шыққан екі бетінің ортасына батып кеткен. Үлкен жалпақ иегі ілгері ұмсынып тұр. Сарысу иленгендей ісінген қалың қабақтың астындағы ұзынша сызықтан кішкене қара көзі жылтырайды. Бір жаққа асығып бара жатқан түрі бар екен, Қаламүшті көріп қайрыла кетті.


— Қашан келдің, бала?


— Жаңа бір әзірде.


— Қоспан қалай? Мал-жандарың аман ба?


Құмар өзі еңгезердей болғанмен даусы жіңішке. Анау жуан мойынға жіп-жіңішке өңеш қондырып қойған сияқты — құдды ешкінің маңырағанындай даусы бір түрлі шырылдап естіледі. Бірақ мінезі тұйық, өзі өктем.


— Аманшылық.


Құмардың көңілі басқа бір нәрсеге алаң боп тұр ма, не айтарын ұмытып қалғандай бір қабағын көтеріп, шыдамсызданып, желкесін қасыды. Қаламүш осы сәтті пайдаланып тура ат үстінен өзінің келген шаруасына көшті.


— Құмеке, мен әлгі шопандар бригадасы жөнінде сөйлесе кетейін деп едім сізбенен. Былтыр да сөзім далада қалды. Биыл ерте бастан кіріспесек...


— Оны қоя тұр, айналайын. Сен тура бүгін аулыңа қайт. Ертең Қасекең келеді. О кісі бұл араға аялдамай сіздің жаққа барып қалуы мүмкін. Айтпақшы Қоспанның тапсырған шаруасы бар шығар. Соларыңды дүкеннен ала кет.


— Әлгі жаңағы шаруаны бір жаққа шығармайсыз ба? Ылғи осылай аяқ асты қылып...


— Оны кейін сөйлесерміз.


— Ертең қайтсам қайтеді?


Құмар сол ойланып тұрды да, Қаламүштің иығына қолын салып:


— Жарайды ендеше, таң қылаң бере атқа қонатын бол. Біздің үйге қонасың,— деп арқасынан қақты да бұрылып жүре берді.


Қаламүш орнында аңырып қалды. Айтам деп келген сөзі былтырдан бері өзіне маза бермей жүрген бір жағдай еді. Өткен жазда газеттен оқыды — ана Бурятия жағында қой бағатын комплексті бригадалар құрыпты. Алты мың, тіпті он мың қойға бір бригада. Пішен шауып, егін егіп, азық дайындайтын да өздері. Тракторлары, машиналары бар. Осы ойын Қоспан ағасына да айтып еді, ол күліп «ойбай, қалқам-ау, оны айтасың, қыста шөбіміз жетпейді, бір қораның маңын тақырлап, малды көтерем ғып аламыз... Тым болмаса ауық-ауық малды айдап баратын қосымша базалар салып берсе де жарар еді-ау, соның өзін қақсап,— істете алмай жүрміз ғой» деп сөзінің аяғын күрсініспен бітірген. Бірақ Қаламүш өз ойынан қайтқан жоқ. Айлап адам көрмей әр қырқаның астында шошайып жалғыз үй отырған шопандардың басын қосқысы келеді. Тіпті ертең Зүбайда келе қалса да... Айдалада жалғыз үй... Құмарға айтып сөзін өткізе алмай жүр. Жаңа ойланып-толғанып, жалын күдірейтіп іріленіп-ақ келіп еді. Баласынып арқасынан қақты да, қоя берді. Ылғи осы... Қаламүштың әлгі ғана кеудесін кернеген қуанышына салқын су құйғандай... Мейлі, бірақ Қаламүш бәрібір Құмардың үйіне қонбайды. «Көк қошқарды» ысырып түсіріп, өзінің бұрынғы темір кереуетіне жатады. Кешке қарай қыздардың бөлмесіне кіріп, кішкене отыра тұруға да болады. Онда тұрған не бар...


...Түнде басталған боран басылар емес. Қар едәуір қалыңдап қалыпты. Аттың шашасынан жоғары. Енді ғана саябырлап, ұшқындап түсіп, арты сыпырған жаяу борасынға айналып барады. Аспан да жерден жігін ажыратып жоғарылай бастады. Сонау оңға қарай көтеріліп бара жатқан жайпақ төбе Қостаған болар. Жоғарғы жағын бұрқасын бүркеп алған. Оның ар жағында Мінайдар шалдың қыстауы. Тіке алдында сол Қостағанның бір тағаны — Дөңқызыл бар. Қаламүш көңілімен топшылап келеді — он бес шақырымдай жер қалды. Оңға бұрылып атасының қыстауына соққысы келіп тұрды да, бірақ тіке тартып кетті.


Кеше кеште боран басталған соң-ақ Қаламүш мазадан айрылды. Құзғын даласына қарай қой айдап кеткен Қоспан ағасын ойлады. Ол жақта малға пана болар ықтасын жоқ екенін білуші еді. Түнде де ауық-ауық оянып балалардың алаңсыз қорылының арасынан әйнекке соққан желдің гуілін тыңдап елегзи берген. Ақыры шыдай алмай таң саз бере атқа қонды. Енді жонын желге тосып желе жортып келеді.


Екі шақырымдай жер қалғанда қора да көрінді. «Үйдің мұржасы нағып сорайып кеткен» деп ойлап қалып еді, енді бақса үй төбесінде тұрған Жаңыл апасы екен. Қаламүш кенет жүрегі лоблып, күрең қасқаға қамшыны басып жіберді.


— Айналайын-ай, күнім-ай, келдің бе? Аманбысың?— деп Жаңыл апасы аттан түспей жатып құшақтай алды.


— Ағам қайтып оралған жоқ па?


— Күнім-ай тоңып қалған шығарсың. Үйге жүрші, беліңді шешші. Атыңды мен байлайын,— деп Жаңыл Қаламүштің қолындағы шылбырды алып қораға қарай жетелей жөнелді.


Үйге кіргесін де асты-үстіне түсіп, бәйек болып жатыр.


— Беліңді шеш. Кішкене шай ішіп бойыңды жылытып ал.


Жаңыл апасының түсі қашып кеткен, жағы суалып, қара қошқыл бет терісі сүйегіне жабысқан. Дымқыл тартқан қара көзінде ерекше бір жарқыл бар. Қаламүш Қоспан ағасының қайтып оралмағанын қораға кіргенде-ақ білген. Енді қандай сөз айтудың ретін таппай үндемей қалды.


Үй іші үнсіз. Жаңыл аққұманға шай салып отқа қойып, дастарқан жайды. Үндемесе де көңілі алабұртып, қимылынан жаңылып қалады. Қаламүштің алдына ет әкелді.


— Қарның ашқан шығар, күнім. Жей ғой.


Қаламүш үйге кіргесін бойы жылып, денесі жазылса да ас батпады. Әлде бір жаманат хабар күткендей елегізіп апасына қарай берді.


— Білмеймін, бір ықтасын тауып паналай алса жақсы болар еді,— деді Жаңыл ауыр күрсініп аққұманға қолын созып.


Екеуінің де бірін бірі шошытқысы келмей іркіп отырғаны осы Қоспан жағдайы. Қаламүш апасының түнімен көз ілмей уайымдап шыққанын біліп, күдік үстіне күдік жамағысы келмеді.


— Ал, апа, мен кідірмей жүрейін. Мына боранда ағама жалғыз қиын ғой,— деп кесесін төңкеріп тастады.— Маған жолға азық-түлік қамдап бере ғой.


— Айналайын-ау, осы боранда қалай табасың? Елсіз далада... Жаңыл аржағын айтуға шошынғандай.— Қой күнім... — деп сөзін жалынышпен аяқтады.


— Ойбай, апа-ау, қол қусырып қарап отырамыз ба, сонда.


Қаламүш орнынан тұрып, киінуге қамданды. Жаңыл да түрегелді.


— Атың болдырып келді. Жалғыз өзің қалай...


Күрең қасқа елу шақырымнан артық жер жүріп болдырып келгені рас. Қаламүш тоқырап қалды. Екеуінен бірдей айрылып қалам ба деп, жаны дызыққан Жаңыл ойымен әр нәрсені бір қармап, ақыры ақыл тапты.


— Атада жет, айналайын. Тым болмаса қасыңа Қадыржанды ал. Сол жерден ат ауыстырып мінерсің. Қайнаға бір ақылын табар.


Жаңыл атқа мінгізіп жатып байқады — бала деп жүрген Қаламүш соқтауылдай жігіт болыпты. Бетінен балалық табы кетпегенмен — денесі ұлғайып, қол-аяғы сомдалып қалған. Ат жалын қысып ұстаған жұмырығы да балғадай.


— Ал, апа, сен уайымдама. Күн ашылмаса тоқтыларды қорадан шығармай-ақ қоярсың.


Қаламүш атын тебініп жөнеле берді.


«Апа» деген бір ауыз сөзі Жаңылдың көңілін иітеді. Тұңғышы Мұраттан кейін Жаңыл құрсақ көтермеді. Оның себебін кейін білді. Бұл да соғыстың сонау соңғы жылында. Қоймаға тұқым астығын түсірісіп жүрген. Сол маңға кекшиіп, Жаппасбай келді. Екі әйел арбадағы қапты қолдап көтерісіп жүр еді.


— Сендер тойынған соң әбден жалқау болып алған екенсіңдер, кәне, сен қатын, бері кел,— деп Жаңылды шақырып алды, арқасына алты пұттың қанарды артып жіберді.


Жаңыл шатқаяқтап қойманың есігіне жете бергенде бір шегі үзіліп кеткендей болды. Қанарды бір жағына аударып өзі де құлай кетті. Содан басы айналып, көзі қарауытып біраз жатты. Есін жиғаннан кейінде белі шойырылып орнынан тұра алмады...


Қаламүш желге қиялап тартып барады. Тас емшегін жібітіп, аналық сезімін қайта тұтатқан осы бала. Жаңыл оның қарасынан көз айырмай әлі тұр. Ұзаған сайын аты бауырлап жаяу борасынға сүңгіп шығады. Кәдімгі азамат боп қалыпты. Жаңылды панасына алып аз да болса көңілін орнықтырып кетті. «Айналайын, өзі жігерлі боп өсіп келеді» деп сүйсінеді Жаңыл. Мінекей мына боранда ағасының қамын ойлап ат үстінен түспей жүр. Апыр-ай, қайнаға бір амалын тапса жарар еді, о да Қоспанды туған інісінен кем көрмеуші еді ғой.


Қоспан қойшы болып Мінайдардың қасына көшіп келгелі он бес жылға қарады. Содан бері ища деп қабақ шытысқан жоқ. Туыстығы болмаса да бірге туғанға бергісіз. Екі үйдің арасын үзілместей жалғап тұрған осы Қаламүш.


Мінайдардың Қаламүштен үлкен екі қыз, бір ұлы бар. Үлкен қызы Салиқа Жаңылға тетелес. Жастық шағы соғысқа тура келді ме, әйтеуір, күйеуге шықпаған. Ақылға топас, анау-мынау сөзге де жоқ. Қазан-ошақтан гөрі қара жұмысқа ыңғайлы. Сол отардың малының салмағы негізінен соның мойнында. Одан кішісі Уасиқа аздап оқығаны бар. Ассеменатор боп істейді. О да отыздан асып барады. Апасы сияқты қайыс қара. Жалғыз үй отырғандықтан ба, бұған да реті келіп бай шықпады. Қаламүштен үлкені Қадыржан озат қойшы атанған. Отызға жуықтаса да бұл да үйлене алмай жүр. Кейбір қулар «төрт бойдақтың отары» дейтінді шығарыпты.


Қойдан өзгеге көңілі селт етпейді ғой деген Салиқа осыдан бес-алты жыл бұрын ғайыптан екіқабат болып, ұл тапты. Жаңыл оның атын Олжабай қоялық деп еді, Қоспан кейіп қалды. «Онсыз да соның олжа бала екенін жұрт білмейді деймісің. Мінекең ырысты, оразды адам» деп атын Оразбай қойып берді. Қазір жүгіріп жүр. Иненің көзінен өтетін жылтыр қара, пысық-ақ. Түк бөтендігі жоқ. Атасына ермек болып алды.


Қаламүш көз ұшында бұлдырап, ұзап барады. Шаңытқан бұрқасын ұшан далада қыбырлаған жалғыз қараны қылғып-жұтып қойып, қылаң еткізіп қайта шығарады.


Жаңыл ішінен Мінайдар шалға наз қылады. Қолында бір емес екі ұлы бар. Түптеп келгенде Оразбай да өз ұрпағы. Қолынан алатын ешкім жоқ. Сөйте тұрып аузынан «бердім» деген сөз әлі шыққан емес. Бір жағынан: «Қаламүшжан бөлек қой. Қия алмай жүрген шығар» деп те ойлайды.


Қадыржан екеуін бір атадан туды демессің. Онысы кем талап, бойкүйез. Шаруаға орашолақ, жұмысқа да енжар. Екі беті шиқандай қызыл сары болғанмен күн жаумай су болып, ұнжырғасы түсіп жүреді. Оның үстіне жасық, кісіге тіктеп те қарай алмайды. Отар соның атында болғанмен қойды бағатын Мінайдар мен Салиқа. Соңғы жылдары шалдың қайраты кеміп, салмақтың ауыры Салиқаға түсіп жүр. Салиқа тапқаны болмаса баласына да көп қайрылмай, Оразбайды әкесі мен сіңлісінің қолына ұстатты да қойының соңында кете барды.


Шал бір үйдің азаматына санап «озат шопан» деген атақты Қадыржанға әперіп, оны атқа мінгізіп қойды. Бұған ешкім қарсы болған жоқ. Басқарма Құмар малы төлдеп көбейіп жатса болды, іші біліп жүре береді. Салиқаның атақ, даңқпен тіпті ісі жоқ. Сөйтіп қойдың азап-мехнатын әкесі мен апасына бөліп беріп, атағы мен абыройын Қадыржан жалғыз өзі арқалап келе жатыр. Жиналыстан жиналысқа, қалалардағы мәжіліске жүреді. Одан қалды ол аралаған әкімдердің қасына еріп кетеді. Қолға су құйса да солардың соңында. Оны анда-санда кейін жұмсайтын кіші апасы Уасиқа ғана.


Қанша қолпаштап атқа мінгізіп қойғанмен бұл баласына Мінайдардың көңілі олқы екенін Жаңыл түсінеді. «Ай, сенің осы келеңсіздігің ғой шалдың тілін байлап жүрген» деп Қадыржанға ыза болады.


VIII


Қыстың боранды, бұлыңғыр таңы атты. Әлсіз қоңырқай сәуле қараңғыны кеулеп кіріп, бірте-бірте әрі қарай ысырып барады. Бетінде боран ұйтқыған күңгірт-бұлдыр, ақ дала қараңғыдан қалқып шығып келеді. Ызғарлы желден бүрсеңдеген қойлар тоқтайтын емес. Жан сауғалар пана тілеп белгісіз жапанға тартып барады. Жаяу боран шаңытып келіп жотасын көміп өтеді. Қанша жүргені, қай тұсқа жеткені, алдында қанша азап-мехнат, күтпеген қауіп бары белгісіз, қой соңында Қоспан келе жатыр.


Тобарсып ісініп кеткен икемсіз саусағымен мұртына тұрған сүңгіні жұлады. Суықтан тұла бойы құрыстап сіресіп қалған. Тортөбелдің де мойны қырауытып бүйірлей соққан желден қайқаңдап келеді. Қоспан жан-жағына көз жіберіп еш нәрсе көре алмады. Жалпақ ақ дала көсіліп барып қара күңгірт бұлдырға сіңеді. Ар жағы қараңғы. Жел екпінімен солай қарай жылжи бермек. Кеше түстен нәр татпаған Қоспан қоржынынан құрт алып талмап қояды. Құрттың ашқылтым сөлі өңешін тітіркендіріп асқазанына қарай ауыртып жол салып барады. Бірақ сонда да бойына нәр барып, ішкі сарайы жылынайын деді.


Бұлыңғыр бұрқасын арасынан шошайып оқшау төбе шығып келеді. Қоспан бірден таныды. Қара қияның ортасына қаққан қазық — Аттан шоқы. Ертеде осы шоқының басында қарауыл қараған сақшы ар жағынан көргенде бергі ойдағы қалың қолға қарай аттан салып құйғыта шапқан болар. Қоспан елсіз жапанға шығандап кеткенін енді білді. Құлдырап бара жатқанда тырнақ іліктірмек болған Кішкене құмы қашықтай түскен. Қайда кетіп барады. Тұла бойын құлазытып жалғыздық сезімі келе жатыр. Күзгі дауылда үзіліп түсіп жел айдаған жапырақтай — мынау зәр шашқан ұшан даланың қақ ортасында жалғыз қалды. Үнсіз көсіліп жатқан осынау суық кеңістіктен құмырсқадай қыбырлап қайтып оралғанша не заман.


Шоқының күнгей етегі кедір-бұдыр, жота-жота атжалдар. Қар басып қалған мал қорасы сияқты. Қоспанның көңілі елең етті. Бір сәтке мұрнына қораның жылы көңінің иісі келгендей болды. Осы Аттан шоқының етегіне қора салып қою керек, бұл жердің оты қыстың екі айына мұрты шағылмай жетеді, шауып алған шөбіңмен бірдей.


Жазғытұрғы қар суы кеміріп биіктеткен жардың ығына қойып иіріп, аттан түсті. Тортөбел де шаршаған екен, бүйірі солқылдап ауыр дем алады. Бұл шығанға жаурап, қалжырап жеткен қойлар аядай ықтасынды паналап ұйлығып тұр.


Ұзақ түнге суықтан сіресіп қалған бойын әзер жазып Қоспан беткейге қарай аяңдады. Түні бойы жауған қарды жел жалап тауыса алатын емес. Жаяу борасын қонышын көміп сүйрең-сүйрең етеді. Тағы да қылаулап қар түсе бастады. Қоспан баурайдағы сирек өскен толбылғыға қарай келе жатып, төңірекке көз салып тұрып қалды. Бұрқыраған ақшыл тозаң алысты көздеп жасырған. Аттан шоқының төбесі де мұнартып тұр. Анау жотасы шыққан атжал қарлар жыраның сұлбасы. Қоспан бәрін көңілмен танып тұр. Одан әрі ойпаң. Ар жағы жайпауыт жазық, созылып барып адырға иек артады. Өткен көктемде дәл осы арада болған. Сонда боз жусаны аралас ақсұр жердің бетінде мұнартып тұрған бу бар еді. Күн сәскеден жоғары көтерілген кез. Анау жар қабақтың қызыл топырағының ылғалы әлі кеппеген. Жар астында жазғытұрғы иіріліп қалған тұп-тұнық қар суы жылтырайды. Аттан шоқы жалғыз өзі оқшырайып алыс жазыққа, шұғылалы күнге рақаттана қарайды. Қоспан ат шалдырып беткейде шынтақтап жатыр. «Әттең тек суы болса нағыз рақат жер ғой» дейді көкжиекпен астасқан алысқа қарап. Көктемнің зәрсіз желінен ауа дірілдеп тұр.


Қоспан сол желді көзімен көргендей болып еді. Жұмсақ майда жел жусан мен боздың басын шалып ұсақ толқындай жыбырлап, содан анау басына орғып шығып, ар жағында көк сағым болып толқып төгіліп жатты...


Дәл қазіргі аяқ астында иісі аңқыған жусан мен изен бой алып өсіп келе жатыр еді. Анау ойпаңда жусан аралай қызғалдақ пен жауқазын қызарады. Қоспан атын жетелеп солай қарай жүрді. Дәл алдынан қанаты жалпылдап даланың ақ көбелегі ұшты. Әр жерден ін аузында қазықтай қақиып саршұнақ шықылдайды. Олар да көктеммен бірге оянып дымқыл түгін күнге тосып рақаттанып тұр. Жусан арасында пыр-пыр етіп бозторғай жорқақтайды. Қоспан құлақ түріп тұрып қалған. Жер беті қыбырлаған тіршілік дыбысына толы екен. Енді мінекей ұлыған бораннан өзге дыбыс жоқ. Қыбыр еткен тіршілік белгісі де жоқ, тек ойнақ салған ақ боран. Кеше ғана жұпар лебімен шарпып құшағына тартып бусанып тұрған даланың бауыры мұздай. Алып денесінен жан кетіп тоңазып қатып қалған. Алдында ызғар шашып, темірдей қарыған жат кеңістік жатыр.


Қоспан көңілі құлазып аз тұрды да баурайдағы тобылғыға келді. Не балта, не кетпені жоқ. Тобылғының әр талын қолымен сындырады. Шеңгел мен жыңғылдай емес майысқақ тобылғы бірден сынбай бұратыла береді. Қонышынан кезегін суырып талдан қия бастады. Сағаттан артық қимылдап екі құшақ отын жинады.


Түтіннен көзі қарлығып, өлгенше үрлеп тобылғыны әрең тұтатты. Кішкене қара шәйнекті қарға сықап отқа қойды. Қоржыннан тоңазып қалған піскен ет пен бір таба нан алып жалынға қақтап отыр. Жар қабақтан асып, қылаулап қар түсіп ет пен нанын сулай береді. Отқа жақындаған сайын суық сорып ісініп кеткен беті мен қолы удай ашиды.


Жылының иісін сезіп қасына Майлыаяқ келді. Қар үстіне жайған тонға баурын төсеп жатып алды. Ащы түтіннің иісінен рақаттана жиырылып, танауы жыбырлайды. Мүләйім көзі Қоспаның қолындағы етке телміре қарап, салақтаған ұзын тілімен аузын жалап тамсанып қояды. Қоспан жамбастың етінен үзіп алдына тастай беріп еді, Майлыаяқ жерге түсірмей қағып алды.


Қоспанның екі итінің мінезі екі түрлі. Мына Майлыаяқ барып тұрған жарамсақ. Көбінесе қазан-ошақты сағалап, өзіне пайда түсетін жағын көздеп жүреді. Монтаны кескінмен мүләйімси қарап, я болмаса көзі жылтырап, құйрығын бұлғаңдатып жәркелештене маймаңдап кісіні жібітпей қоймайды. Өзі адамға керемет үйірсек. Бейтаныс кісінің алдынан қанша шабалаңдап үріп шықса да, лезде татуласып, аяғына оратылып, қонышына сүйкеніп келе жатады. Құдай атқыр өзі және зирек-ақ. Иесінің көңіл күйін айнытпай таниды. Қоспан бір нәрсеге ренішті болса — бұ да бұйығып, үн-түнсіз жүреді. Тек реті келгенде ғана «мен қасыңда» дегендей жаутаңдап қарап қояды. Қожасы жылы шырай берсе-ақ тайралаңдап мәз болады.


Ал, Құтпанның мінезі бұған қарама-қарсы. Ол еш нәрсемен ісі жоқ, тоңмойын, томырық. Қазан-ошақты маңайламай шеттеу жерде маңқиып жатады. Шақырып алмаса өз бетімен тіміскіленіп келуді білмейді. Жалын күйдіретін, тәкаппар кескінмен оқшау жүреді. Орынсыз жерге үріп шабалаңдамайды да. Алдына сүйек тастағанда да сол самарқау кескінінен таймай асықпай дәмдеп кеміреді. Тамаққа тоймай қалса да көзін сүзіп, қылымсып сыр білдірмейді. Осы тәкаппар мінезін Майлыаяққа да көрсетеді. Көктемде анау қанша құйрығын қайқаңдатып, алдынан көлеңдегенмен өз күйті келмесе қайырылмайды. Қазір де қойдың шетінде маңқиып жатыр. Қоспан оны шақырып алып жамбастың сүйегін тастады. Қайта-қайта көзін сүзіп, сұқтанған Майлыаяқты елең қылмай, өзі қаужайды.


Қоспан шай ішіп, бойын жылытып, әлденіп алды. Екі-үш күндік азығы бар. Тек мынау түгі жығылып, ұйлығып тұрған қойлар төзсе. Ертеңгі күн артынан Қаламүш келмек еді. Оған дейін мына боран ашыла ма, кім білсін. Қазір саябыр тартқанмен бұлт қалың жатыр. Желдің де екпіні бәсеңситін емес.


Қаламүш Жаңылдың тілін алмай боранда шыға кетіп, бір пәлеге ұшырап қалмаса не қылсын. Баланың бір алған бетінен қайтпайтын қайсар мінезі бар еді. Осы мінезін Қоспан кейін байқап жүр. Кішкентайынан қасында болды. Көз алдында, өз қолында өсті. Өмір деген тез екен-ау. Кеше ғана жүгіріп жүрген қаршадай бала...


Қоспан өз қолымен ашамай істеп, тұңғыш рет атқа мінгізді. Бұрын да атқа мінгенде Қоспанның алдынан түспейтін, содан ба, тіпті қорыққан жоқ. Жуас кер байталды қамшылап, бірден тепектеп желіп кетті. Жабыла қараған кішкене топтың алдынан танауы шелиіп сыдыртып өтті. Айқайлап шақырғанға да қайырылар емес, кішкентай тақымы торғайдың қанатындай жалпылдап үсті-үстіне тебініп, атын қамшылап ұзап бара жатты. Қоспан артынан қуып жеткенде «өзім шабамын, аға, өзім шабам» деп тізгінін бермей қойып еді. Сонда бір марқасын сойып, тоқым қағарын өзі жасаған.


Енді мінекей, соқтауылдай жігіт болды. Бұрын Қоспанның баласы сияқты еді, соңғы кездері жақын жолдасы, сырлас серігі тәрізді болып барады. Екеуі бір-біріне зер салмай еш нәрсе істемейді. Басында Қаламүштің балалығын білсе де, істеген ісін, айтқан сөзін қызық көріп құптай беруші еді. Өсе келе кешке қарай газет оқып беретін болды. «Аға, мынау бар ғой, тіпті қызық, оқып шықшы» деп қолына кітап ұстатады. Оқығанын, көргенін айтып әртүрлі әңгімелер қозғайды. Сөйтіп Қоспанның дағдылы арнаға түсіп, шау тартып қалған ойын түртпектеп оятумен жүр.


Кеше ғана алақанына салып, өзі баулып өсірген баланың енді тізгінді қолына алып, өзін жетелеп кеткенін Қоспан сезбей қалды. Тек Қаламүштің зирек алғырлығына, өрісі кеңіп есейіп келе жатқанына сүйсінеді. Өзі шаруаға да құнтты. Қоспанның білгеннің бәрін тал шыбықтай бойына сіңіріп алған. Әрине қанша айтқанмен бала емес пе, кейде алып-қашпа қызулығы да жоқ емес...


Соңғы кезде «шопандардың комплексті бригадаларын құру керек» дегенді шығарып, сонысын әр жерде қыңқылдап жүр. Осы ойын Қоспан ағасының құлағына да құйып келеді. Малды бұрынғыдай емес, машинамен, техникамен бағу керек дейді. Ай, балалық-ай тым құрыса басы артық қора салдыра алмай, пана таппай жүргені мынау. Ол...


Қоспан ойланып қалды. Қаламүштің осынысы балалық па? Ен далада оңаша жүріп өзі де талай-талай оймен толғанған жоқ па еді? Мал деген қазақтың ата кәсібі, ежелгі тіршілігі. Көбісі әлі осының соңында. Малдың рақатымен қоса мінекей, бейнеті аз ба? Әрине атам заманнан малды осылай бағып келеді. Оны алақанға салып асырай ма, Қоспан не істейді? Бірақ ел өзгерді, жер өзгерді. Техника дегенің керемет боп барады. Тіпті сонау айға жеткен жоқ па. Ал, осы мал бағу қанша өзгерді? Осы араға келгенде Қоспанның ойы тоқырап қалады. Қоспан табиғатында бос қиялды жек көретін. Қаламүш ойын балалыққа сайып мырс етіп жүргені де содан. Бірақ... Әрине, текшелеп жем тасығанша мал өз аузымен жұлып жейтін жердің түгін пайдалану керек. Арзанды қымбаттатып, оңайды қиындатудың орайы жоқ. Бірақ оңайлатуды тілеп тұрған қиындықтар аз ба? Мінекей неше жылдан бері маңдай терін сығып баққан малынан сақал сипап қалғалы тұрған жоқ па?


Қоспан көктегіні тілеген жоқ. Бар ойлағаны малды ойда жоқта айналып соғатын «жұт» деген пәледен аман алып қалудың тәсілі еді. Сол үшін запас база салып беріңдер деп Құмар мен Қасболаттың құлақ құртын жеп жүрген. Енді ойлап қараса сонысы болмашы, мардымсыз нәрсе екен. Сірә, Қаламүш сөзінің жаны бар сияқты. Біраз техника колхозда да бар. Тек соны қойшының қолына берсе бүгін мынадай боп жүрер ме еді. Әрине кейде қысқа жіптің күрмеуге келмейтін кезі болады. Бірақ басшылар үкіметтен қарыз ала тұрса қой деген жарықтық екі-үш жылда-ақ соның құнын өтеп жібермес пе еді?


Жазда су жетпей мына Қарақияның жазығына мал тұяғы тимей жүр. Ырғалған жусаны мен изені жылдан жылға ысырап болып қалып жатыр. Далаға тастаған алтын деген сол емес пе.


Егер араластырып биязы жүнді қой өсірсе. Қыстың екі айына жетерлік азығы болса ол осы араға да төзеді. Қоспан ана жылы Алматыға мәжіліске барғанда Алатау бөктерінің қойшыларын аралаған. Қазақтың биязы жүнді қойын өсіріп отыр. Тіпті қыстай тебіндеп шығатын көрінеді. Ұйысқан майда жүнін жел аша алмайды. Мына даланың азынаған желі мен боранында ығып кетпес еді. Жүні нағыз алтын екен. Азғана жылда-ақ шаруашылықты гүрілдетіп алып кетер еді-ау.


Иә-а, ойлай берсе жетпей жатқан нәрсе көп. Бірақ қолда бардың өзін орнын тауып, пайдасымен жұмсап отыр ма. Қойдың барлық өлім-жітімін қойшының мойнына артып қойған.


Қаламүш қанша жас, албырт болса да түптеп келгенде соның көздеген нысанасы түзу сияқты. «Айналайын, алыстан ойлап жүр екен» деп сүйсінеді Қоспан. Тірі болса болайын деп тұрған бала. Қарашы, шау тартып қалған шабан ойлы үлкендердің алдын орап жүргенін. Қаршадай болса да осы халдың боларын сезген екен ғой.


Тобылғының шоғы сөнген. Жоғарыдан шаңытқан қар қоламтаға түсіп ериді. Тонын астына төсеп, сырмағымен отырған Қоспанның тұла бойы құрыстап тоңазып қалды. Қисайып көз шырымын алғысы келіп еді, бірақ әлденеге мaзacызданып орнынан тұрып кетті.


Жаңағы бір ойдың ағыны үзілетін емес. Қасболат... Сона бір кезде аралары сынып жалғасқаннан кейін Қоспан оның бойынан тек көңіл түшіркентер жақсылық қана іздейді. Өзіне деген ықыласын, дос пейілін қатты бағалайды. Абзалы Қоспан табиғаты кімге болса да қастықты емес, достықты ғана тілейтін. Қасболат келген сайын мәре-сәре боп, қойшы үйінің еңсесі бір көтеріліп қалады. Қоспан сол кездесудің жылуын көкірегінде бірнеше күн сақтап жүретін.


Әрине Қасболат Қоспанның басына жақсылықтан басқаны ойламайды қазір. Әттең тек тартыншақ Құмарды қамшылап осы жаққа басы артық бір-екі қора салғызып бергенінде осы күні Қоспанның мұртын балта шаппас еді-ау. Құмар ескіден келе жатқан көне басқарма. Бір кезде Қоспанға жақсылық істеген, жалпы кісіге жамандығы жоқ. Шаруаға да құнтты. Бірақ колхоз үлкейін өсіп кетті де, Құмар соның тақиясына тар келіп жүргенін сезбейді. Аянбайды-ау байғұс, бірақ қанша тырбанса да ескі машықтан шыға алатын түрі жоқ.


Қоспан Қасболатқа мазасыз ойларын талай айтып көріп еді. Кейде құптағандай болады, бірақ өзінің ар жағын көп аңғартпайды. Кейде жол-жөнекей сөзге ауыстырып әкетеді. Қоспанның оған көп нәрсені айтып, өзін қинаған көп жәйттерді ақылдасқысы келетін. Бір ғажабы қанша емен-жарқын кездескенде сонысын істей алмапты-ау. Бірі қойшы, бірі аудан басшысы. Әлде Қоспан осы екі аралықтан аттап өте алмай жүр ме? Әлде Қасболат мұны бойына дарытпай ма? Олай дейін десе...


Сонау: «Үлкен қара, бармысың. Өзімнің солдатыма соғып дидарласа кетейін деп әдейі бұрылдым»,— деп Қоспан үйіне түстенгеннен кейін-ақ аралары тұтасып кеткен жоқ па еді. Бәрін бүтіндеген Қасболаттың өзі емес пе? Бір күні ауданға жиналысқа келгенде мәжілістен шығар жерде әдейі шақырып үйіне ертіп кетті. Босағадан-ақ әйелінен сүйінші сұрағандай жарқылдап дауыстай кірді.


— Бәйбіше, біздің құрдас келді. Бұл өзі бір жағы қаңды көйлек майдандас досым. Қоспан деген азаматың осы, айтып ем ғой. Кәне, барыңды қазанға сал.


Әйелі орта бойлыдан жоғары, толық денелі, ақ құба ашық жүзді адам екен. Бүкіл тұлғасында байсалды сабыр бар, дөңгелек кең бетіндегі алшақ біткен үлкен көзі нұрланып кісіге жылы қарайды. Аты Сәбира, өзі мұғалима екен. «Ә, ә, Қоспан деп жүрген досы сен екенсің ғой» дегендей Қоспанның бетіне күлімсіреп сынай қарады. Ерекше бір пейілі кең адамдар болады. Оны алғаш рет көрсең де тіпті онша көп ашылып сөйлеспесең де қоштасар кезде көптен білетін сырына қанық ескі досыңдай көрініп, кейін қанша кездессең де дәл осы бір жақын тартқан, жақсы ниетіңнен танбайсың. Сәбира сондай адам. Қоспанды жатырқамай, кемсітпей қатар досыңдай сыйлаумен келеді. Бірер рет баласын алып жайлауға келіп, Жаңылға қонақ болып та кетті. Аралары алшақ болса да екі үйдің арасын суытқан жоқ.


Қасболатта Қоспан келген сайын жарқылдап қарсы алады. Кейде тура келіп қалса аудан басшылары, облыстан келген өкілдердің арасына отырғызып, қолпаштап таныстырады. Сөз арасында «Қоспан екеуміз Харьков түбінде...» деп майдан оқиғаларын да еске алып қояды. Осы үй қазір Қоспанның аудан орталығындағы ең жақын үйі боп алды.


Сөйте тұрып көкейдегісін неге жеткізе алмаған? Қоспан өзіне өзі қайран қалады. Айлас қатын мұңдас дегендей оны толғантатын қойшылардың мұң-мұқтажы. Олар да сен айтсайшы деп, Қасболатқа айтар сөзін Қоспанға тапсырады. Бұл соны тындыра алмай-ақ қойды.


Осы Сәбирамен сөйлескенде құрдастық жеңіл әзілмен отырып, қалтқысыз ашылушы еді ғой. Ал Қасболатқа келгенде... Әлде әйелдің алдында батыл болғанмен еркекке дегенде Қоспанның жасықтығы ұстап қала ма? Бірақ кісі жақын адамынан, қанды көйлек досынан именуші ме еді? Әй, осы екеуі қанша жақын көрінгенмен сынаптай бөлініп тұратын пәлесі бар ма, қалай.


Қоспан көз іліндірейін деп кішкене қисайып еді. Көп ұзамай оянып кетті. Бір тәулікке жуықтады. Боран әлі басылған жоқ. Жарқабақтың үстінен ұйтқып қар құйылады. Үйездеген қойларды көміп салыпты. Орнынан тұрып Тортөбелдің қасына келді. О да желдің өтіне тебіндеп шыға алмай, қабақты ықтап тұр. Иесінің қадамын танып мойын бұрып, танауы жыбырлап тұмсығын созды. Жылқы деген жануар адам пейілін айнытпай таниды-ау. Ауыздығын кигізіп жатқанда дүр сілкініп, үстіндегі қарды сілкіп тастап бүйірін тоса берді. Қоспан заттарын буып-түйіп атына мініп алды.


Бүйірі жылыған қойлар желдің өтіне шыққысы келмейді. Бірақ Қоспанның амалы жоқ. Аттан шоқының бауыры енді пана бола алмайды. Баурына дейін қар басып қалған қойлар малтығып әрең шығып жатыр. Шеттеу тұрған сергектері орғып-орғып шығып, тыпыр-тыпыр сілкінеді. Қайсы біреулері қолтығына дейін қарға кіріп кеткен, тырп ете алмайды. Қоспан ат үстінен еңкейіп, құйрығынан көтеріп шығарады. Көкшулан саулық ықтасынға өзгелерінен бұрын жеткен болу керек, жарқабақтың астына барып паналаған екен. Қардан тек қазмойны қылтиып Қоспанға қарап маңырайды.


Жылы жерде бойкүйезденіп қалған жәндіктер желге беттемей тайқақтай береді. Бір жағын айдаса бір жағы ошарылып жүрмейді. Қой бастайтын қарағай мүйізді қара теке сүйір тұмсығымен қарды тіміскіп өзгелерінің ығынан шықпайды. Шәйт-шәйттеп қуалап жүріп отарын жарқабақтың астынан шығарып алғанша едәуір уақыт өтті.


Қой соңында кібіртіктеп келе жатқан ақ саулық жатып қалды. Қоспан қамшымен түрткенде әрең көтеріліп, бір-екі аттап тұмсығымен қар сүзіп қайта тоқтады. Жүні салбырап, бүйірі ойысып, шөмиген күйі міз бақпады. Қоспанның жүрегі зірк ете қалды. Үлкен қырсықтың басы болмаса неғылсын. Қоспан біраз қиналып тұрды да өзге қойларын айдап ілгері кетті.


Ойы Аттан шоқыдан батысқа қарай созылған қыратты тасалап барып, жел саябыр тартса теріскейге қарай асып түспек. Одан бес-алты шақырым Қарауылдың адыры. Бүгін түнге қарай соған жетіп паналаса. Әйтеуір бір табан болса да Кішкене құмға жақындай бермек. Төңірек қара күңгірт. Жүз қадамнан арғы жердің бәрі теңселіп бұлдырап тұр. Қойлардың жыбырлаған тұтам сирақтарын бұрқырап қар көміп кетеді. Қоспан осы қажыған жәндіктерді жаңағы аядай панасынан суырып алып суық қарыған ызғарлы далаға шығарып қуалап келеді.


IX


Тәтті ұйқысын Сәбира бұзып жіберді. Қасболат тұрғысы келмей және еш нәрсеге түсінбей аунап түсіп көзін қайта жұмды. Бірақ ерте тұрып, сақ ұйқыға үйренген адамның ұйқысы ашылып та кетті. Төсектен басын көтеріп алды. Үйдің іші әлі қаракөлеңке. Айтпақшы, ерте жүрем деп Жұматайға тапсырып қойып еді-ау. Қасболат тез киіне бастады. Боран басылды ма екен?


— Аға, машина дайын,— деді Жұматай ауыз бөлмеде.


— Күн райы қалай екен?


— Боран бәсеңсіді. Бірақ қар едәуір жауып қалыпты. Жүреміз бе?


— Жүреміз.


Қасболат аудан басшыларының біразына қайталап телефон соқты. Кешегі айтқандарына қоса тағы да біраз тапсырмалар берді. Бәрі сол мына боран, малдың қамы. Қырылдаған тамағын қырнап қақырынған ұйқылы-ояу дауыстар «бәрін де орындаймыз, істейміз, шара қолданамыз, міндетті түрде ескереміз» деп жауап беріп жатыр.


Сәбира шаймен қоса Қасболаттың тонын, байпағын, түбіт шархатын да даярлап қойыпты. Шайын тез ішіп, киіне бастады. Сәбира тонын тосып тұр. «Өзім кием ғой» деп Қасболат тонын ала бергенде:


— Өңің сынық қой. Бір жерің ауырмай ма? Түнде де ұйқың нашар болды ғой,— деді уайымдап.


Қасболат үндемей әйелінің бетіне қарады. «Бір-біріміздің ішімізді ашатын кілтті таппай, сырт сыйластықпен жүріп өмірімізді өткізіп алыппыз-ау»,— деп ойлады. Неге сонша сабырлы болдың екен, одан да кінәласаң, айып тақсаң, кейіп туласаң, мүмкін бір-бірімізге ашылып түсініскен болар ма едік?» Қасболат әйелінің бетіне ұзақ қарады. Бірақ ол күйеуінің көзінен еш нәрсені оқи алмай, тек бұрын жоқ—тосын мінезіне таңырқап тұр. Қасболат оны аяп кетіп:


— Сен уайымдама. Үш-төрт күнде қайтып келем ғой,— деді иығына қолын салып.


— Күндегі жүрген командировкаң емес пе, несін уайымдайын,— деп Сәбира бұрылып кетті.


«Иә, осылай сыртымыз ғана болмаса, бір-бірімізге бітеуміз-ау» деп ойлады. Қасболат есіктен шығып бар» жатып.


Қар азайып, шығыс жақтан бұлт түрілгенмен өзге жағы қалың жатыр. Машина құрғақ қалың қарды кешіп омбылап келеді. Әшиінде ауыз жаппайтын Жұматай да, жол арнасынан шығып кетем бе деп қорқып, мойынсыз басы міз бақпай алға үңілген. Сәлден кейін жол бағдарын танып алған соң тілі қышып бастығына жалтақтап қарап еді, Қасболаттың көңілсіз, тұйық қалпы оның тіліне тұсау сала берді. Ақыры қопаңдап үнсіз қалды.


Қасболат сөйлесуге зауықсыз болса да, көңілін Жұматай бөліп кетті. Өзі әрқашан да жайдары, көңілі таза, ашық жігіт. Қашан көрсең де төрт құбыласы түгел. Оның кейбір мінездерін Қасболат жақсы біледі. Өз бастығы осы ауданға жетекші болған соң, бұ да өзге шоферларға басшы болғысы келеді. Оларға сөзін тыңдатып, дегенін істетеді де. Басқа шоферлардың машиналарын тексеріп, «анау жоқ, мынауың жетпейді», «ананы істе, мына жеріңді жөндеп ал» деп әмір беріп жүреді. Реті келіп қалған жерде Қасболаттың атын да пайдаланып жібереді, бірақ зиянсыз болғасын оған Қасболат еш нәрсе демейтін. Өзі қазбалап әр нәрсені сұрастырып біліп, кейде тіпті шаруашылық ісіне де араласып кетіп, өз көрген-білгенін бастығына жеткізіп отырады. О жағынан көзі қырағы. Колхоз басшыларының бүгіп қалған кемшіліктерін істедік деп, істемей қойған істерін есебін тауып біліп алады. Әйтеуір машинаның баранкасынан өзге жұмысты да мойнына тіленіп алып жүреді.


Иә-а, Жұматайдың ахуалы жаман емес. Өз өміріне әбден риза. Қасболат оған қызыға қарады. Қолдан келсе көңіл алаңсыз болғанға не жетсін. Жоқ, қосшының көңіл алаңы жоқ болса да басшының көңілі алаңсыз болмайды екен. Мына бір боранның сыңайы жаман. Аяғы жұтқа айналмаса неғылсын. Биыл аудан малды көбейтіп-ақ еді. Жеткілікті мал азығын да қамдап үлгере алмады. Көбіне қазақтың ескі машығы — қыстай жайып амалдап шығып кететін. Биыл қыстың басы жұмсақ боп, көңілге тоқ санап жүргенде... енді мінекей аяқ жағы бұзылатын түрі бар. Мұндайын білгенде...


Қасболаттың есіне өткен жаз басындағы үлкен мәжіліс түсті. Ол облыс шаруашылығының болашағына жол сілтеген аса маңызды жиын еді. Әрине мәжілісті Иван Митрофановичтің өзі басқарды. Үлкен баяндаманы да өзі жасады. Қазір алдағы зор міндет — екінші тың деп аталған мал шаруашылығын көтеру кеңінен сөз болды.


Қасболат пен Иван Митрофановичтің ара-қатынасы ылғи жайлы бола бермейтін. Қайсы жағдайда аралары шиеленісіп те қалған кездері болды. Мұндайда әрине, әсіресе бағынышты адамға ерекше сақтық керек. Сондықтан болар, Қасболат Иван Митрофановичтің күшті жағы мән осал жерін өлшеп, мінез-құлқын, басшылық тәсілдерінің ерекшелігін түсінуге көбірек зейін қоятын болған. Ең аяғы оның баяндама жасау, сөйлеу мәнерін де бағып отыратын.


Әрине, соншама ұзақ баяндаманы бірінші басшының өзі жазып шыға алмайды. Аппарат дайындайды ғой. Бірақ Иван Митрофановичтің бір жақсы қасиеті ол соның бәрін дәл өзі жазғандай сенімді, еркін оқитын. Тіпті оқып тұрған сияқты емес, тексті көзінің астымен ғана шолып, көбіне залға қарап сөйлейді. Сөйтіп бір мезетте алдындағы қағаз бен залдағы жұртты қатар көріп тұрады. Кейде текстен шығып өзінше де біраз нәрселерді айтып тастайды. Ұзақ сөздің арасында жұртты күлдіріп те алады.


Иван Митрофанович «өмірден үйреніңдер, халықтан үйреніңдер» деген сөзді жақсы көреді, жиі қайталайды. Баяндамаға дайындалғанда да ол осы қағидасын ұмытпайды. Өзіңді ғана емес, өзгелердің де көрген-білгенін қорытып алады. Аппаратында Аманғалиев деген орысша-қазақшаға бірдей, сауатты қызметкер бар. Баяндаманың негізін жазатын сол. Өзі арықша келген, түрі де әдеміше, сүйкімді жігіт. Жастығына қарамай жайлы мінез, жылы жүзімен әп-сәтте кісінің іші-бауырына кіріп кетеді. Қасболат онымен біраз сырлас. Тек бір қиын әдеті — кейде сақ болмасаң кейбір байқамай айтып қалған кейбір тиімсіз фактыларыңды бастықтың баяндамасына тығып жібереді. Кейін кездескенде түк жазығы жоқ баладай жымиып күледі. Тіпті ренжуге дәтің жетпейді. Және өзі де сенен сыр жасырмайды. Иван Митрофановичті ұнатсаң да, ұнатпасаң да біраз нәрселерді үйренуге тұратын адам болғандықтан Қасболат оның баяндамаға дайындалу әдісін де үйренбек боп, осы жайды Аманғалиевтан біраз қазбалап сұрап жүретін. Аманғалиев текстін жазғанмен негізгі мәселелер мен ойларды о кісі өзі пункт пунктімен қағазға түсіріп, не ауызша айтып нығыздап береді екен. «Мен тек соның сыртын безендіремін» деп күледі Аманғалиев. «Әрине қосымша фактылармен толықтырам».


Бір оқиға есіне түсіп Қасболат мырс етті. Ана жылы пленум басталар алдындағы кеште мейманханада Аманғалиев ұшыраса кетті. Жайдары жігіт Қасболат қолын сілкілей амандасып, ықылас білдіріп жатыр. Бірақ бір уайым бар. Амандық біліскеннен кейін Қасболат одан:


— Өңің жүдеу ғой?— деп сұрады.


— Бір жағдайдың қинап тұрғаны,— деп Аманғалиев желкесін қасыды.


— Қандай жағдай?


— Мана баяндаманы оқып шыққаннан кейін Иван Митрофанович шақырып алды. Кіріп келсем өңі суық. Әшиіндегідей «отыр» деп те айтқан жоқ.


— Иә? Жазғаның ұнамай қалып па?


— Баяндама дұрыс жазылған деді ол маған. Бірақ тым құрғақ. Үш жеріне юмор қос деп тапсырма берді. «Е, ол болса жарасы жеңіл ғой» деп қуанып шығып едім...


— Қостың ба сонымен?


Аманғалиев қиналып тағы да желкесін қасыды.


— Қырсық қылғанда аузыма бір де күлкілі сөз түспей қойғаны.


Кісі қиналған сайын қу тілден айрылады екен. Қасеке, сіздің ауданыңызда бір күлкілі, қызық факты жоқ па, қол ұшын беріп жіберіңізші, көкетай,— деп жалынды Аманғалиев.


Қасболат оның бұл мінезіне күліп жіберсе де, артынан ойланып қалды. Көбінесе-ақ өзі баяндаманы маңызды жасаймыз деп құрғатып алатын. Ұзақ сөзге жұрт жалығып кетеді, Иван Митрофановичтің зерігіп баратқан аудиторияны сергітіп алатын жақсы әдеті бар. Бұл да бір ескеретін жәйт.


Қанша сақтанып жүрсе де Қасболат та Иван Митрофановичке қызыға қарайтын. Ол қашаннан жұлдызы жарқын адам. Өзінің биографиясы тамаша. Жас кезінде бақташы, одан тракторшы болып біраз істеп, енді осындай дәрежеге көтерілген. Жұмысшы десең жұмысшы, шаруа десең шаруа. Қанша жыл басшылық қызметте жүрсе де халықтық қарапайым мінезінен аршылмаған.


Ел аралағанда малшыларымен, диқандармен тез тіл табыса қояды. Бойы аласа кісілер денелері қанша толысса сергек қимылынан жазбайды. Иван Митрофановичтің де сондай қимылы шапшаң. Далада келе жатып шопанды көрсе машинасын дереу тоқтаттырады. Әсіресе егде қазақтардың тосын кісіге бірден елпектемей байсалды қарсы алатын әдеті емес пе. Иван Митрофанович машинадан домалап түсіп шопанның қасына өзі жүгіріп келеді. Қолын қатты қысып:


— Ал, браток, халың қалай? Шаруаң қалай, а?— деп сұрайды.


Үлкен бастықтың аяқ астынан соншалықты кішік мінезіне таңырқап, қысылып аузына сөз түспей қалған шопанды:


— Сен қысылма, қысылма, браток,— деп тыныштандырып, мен де бақташы болғанмын. Мал жағдайына екеуміз де қанықпыз. Қойшының сыры қойшыға мәлім,— деп өзі шын жүректен рақаттанып күліп, ананың да көңілін сергітіп тастайды.


Содан әйел, бала-шағасына дейін сұрастырып, шаруасының да біраз жай-жапсарына қанып аттанады.


Иван Митрофанович тракторшылармен кездескенде тіпті бір жасап қалады. Онда трактордың маркалары, бөлшек-бөлшектері, көрсеткіштері түгел сөз болады. «Біз ескі трактористерміз ғой» деп, әңгімелесіп отырған адамын арқадан қағып қояды.


Иван Митрофановичтің бір жанды жері бұрынғы бақташылығы мен тракторшылығы. Сөздің реті келгенде оны еске алмай кеткен емес.


Онымен бірге ел аралап жүргенде Қасболат ішінен күпті болатын. Колхозшылармен кездескенде өзі дәл осындай ақ жарқын, еркін бола алмайды. Бірер көрген адамымен қалжыңдасып, қарқылдап күлуге де жоқ. Жастайынан бойына сіңген сыпайыгершілігі ме, әлде мінезінің тұйықтығы ма, әйтеуір жеңіл әңгімеге ауысып, жұртты жадыратып тастай алмайды. Бұ жағынан Иван Митрофанович нағыз көпшіліктің адамы. Колхозшылардың арасында кішік бола кетеді. Бірақ одан ол кішірейіп жатқан жоқ. Қанша еме жарқын сөйлессе де, қу қойшылар оның кім екенін ұмытпайды. Аралық сақталады. Бірақ ол алшақтық көзге көрінбейді. Оның есесіне көбісі-ақ «ұлықтың кішіктігіне» риза болып, тамсанып айтып жүреді. Үлкен кісімен табақтас, мәслихаттас болса әркім-ақ өз қадірін біліп, іріленіп қалады ғой.


Иван Митрофанович көңілі түссе көлдей. Кей кезде аудан басшыларын да жарқылдап қарсы алып, әзіл-қалжыңын араластырып рақаттанып сөйлеседі. Бірақ ылғи аңқылдақ емес. Реті түссе екі аяғыңды бір етікке тығады. Әсіресе, іске келгенде қатал. Жоспардың орындалмай, шаруашылықтың шырқы бұзылғанын сезсе — баяғы ақ жарқын Иван Митрофановичті танымай қаласың. Қалай бұлтарсаң да тағандап ұстап алады. Мұндайдағы жақсы көретін сөзі «Не финти мне, голубчик. Я не либерал. Миндальничать не стану!» Осы сөзді естігеннен кейіп о кісінің либерал еместігіне әбден көзіңіз жетеді.


Осыдан үш-төрт жыл бұрын Қасболаттың о кісімен бір қиғаш келіп қалғаны бар. Со жолы облыс бойынша жүгері егу мәселесі қатты көтерілді. Ол өзі бұрыннан егіндігі аз бұл алқапқа бейтаныс дақыл болған соң, сыртқа шығарып айта қоймаса да іштей қарсылар біраз болды. Соның біреуі Қасболат еді. Иван Митрофановичке кіріп біраз әңгімелесті.


— Сонау түкпіріңді байқап отырмын... «Айран сұрай келіп шелегіңді жасырма» деген қазақта мақал бар деп естігем. (Ол кісі қазақ мақалын көбірек білуге тырысатын. О да жергілікті халықтың жүрегіне апаратын жолдың бір тармағы есепті.) — Сонымен, іркілмей шын ойыңды айтшы,— деді Иван Митрофанович, Қасболат бағдарлап өз ойының ұштығын сездіргеннен кейін.


Өзіңіз білесіз біздің ауданның жері үлкен болғанмен көбісі шөлейт, құм. Егістікке жарайтын жерге азғана бидай мен тары егеміз. Бұл дақылдарды өсіруге халық дағдыланып қалған...


— Иә?— деп Иван Митрофанович ықылас қойып ұмсына түсті.


— Енді сол азғана егіндікті жүгеріге берсек... Оның және біздің жерде шығымы қалай болары белгісіз. Бұрын егіп көрмеген нәрсеміз.


Иван Митрофанович басында жылы шырай көрсетіп, ықласпен тыңдап отыр еді, Қасболат оның түрі өзгергенін байқамай қалды.


— Мен сізді түсіндім. Жақсы түсіндім,— деді ол даусы қатқылданып.— Ар жағын айтпасаң да болады. Ең алдымен сенің жүгері өспейді деген теорияңа келсек... Қазір жүгері бізден әлдеқайда теріскейде жатқан аудандарда мол өнім беріп жатыр. Ол жөнінде дау біткен. Ал, жер десең... Сенің ауданыңның көлемі Люксембург мемлекетінен көп үлкен. Егіндікке игерілмей жатқан жер жетеді. Жаңа дақыл, болғандықтан жұртты қызықтыру үшін ең тәуір жерді жүгеріге беріңдер.


— Иван Митрофанович, біз ондай қадамға бара алмаймыз. Жалпы біздің ауданды қоя тұрсаңыз деп өтінемін.


— Сіз осыны әбден көзіңіз жетіп айтып отырсыз ба?


— Иә.


Иван Митрофанович үндемей қалды. Осы бір үзілісті пайдаланып Қасболат ойын дәлелдей түсуге тырысты.


— Біз қалыптасқан егіс структурасын бұза алмаймыз. Онсыз да көп жайылымнан айрылып қалдық. Біздің профиліміз малшаруашылығы.


— Жүгері сол малға азық, ұқтың ба?— деді Иван Митрофанович.


— Оның әлі қандай азық боларын біз білмейміз.


— Неге білмейсің? Әлде бүгінгіні ғана көріп, ертеңгіні ойлағың келмей ме?


— Иван Митрофанович, бар жерде жергілікті жердің инициативасын қолдау керек. Оларға ерік беру керек дейміз. Ендеше сол инициативаны бізге беріңізші.


— Жүгері өсірудің инициативасын қолыңа беріп отырған жоқпыз ба? Егер ауданның болашағын ойлайтын болсаң көрсет сол инициативаны.


Қасболаттың көп жылдық тәжірибесі — бұдан әрі іркіліп, сөз тізгінін басшыға беріп, бар дәлелін, ескертпе ақылын құлағына құя тыңдап шегіну керектігін айтты. Соңғы кезде көп қадалып барады. Жақсылық нышаны емес.


Бірақ сол ақылға құлақ аспай, алғашқыда алған бағытымен қасарысып қалды. Иван Митрофановичтің қаттырақ мезгеуін де түсінбеген болды. Ақыры төрт тағандап отырып орта тұсқа келісті. Бұрынғы егістікке тимеді. Жаңа жерге біраз жүгері егетін болды. Бұл мінезі Иван Митрофановичке, әрине, ұнаған жоқ. Жалпы бұрыннан да мықты емес позициясын осы жолы әлсіретіп алды.


Иван Митрофановичтің басшылық стилінде Қасболат аңғарған негізгі екі тәсілі бар. Бірі — бұлтақтатып көп сөзге жібермей, тұжырымды қатал талап қояды және сопы бұлтартпай орындатады, ал екіншісі — қарауындағылардың қатесін талдап, дәлелдеп ұғындыру. Кейінгі кезде осы соңғысын көбірек қолдана бастаған. Қасболат бастығын сол арнаға салып алса жеңілірек құтылатын еді. Түлен түртіп ол басқа салаға түсіп кетті. Ал, ондайда салғаннан қатеңді мойындап бірден жығыла кетуге болмайды, онда өз бағаңды кемітіп аласың және Ивам Митрофанович те өз логикасының күшін толық сынап құмардан шыға алмай қалады. Сондықтан да Қасболат бастығының сөзін өзіне допша қайырып еліктіре беретін. Бірде тіке қайырып, бірде жоғары, не төмен қағып, бірде қиғаштап қайсы шақта жанай соғып, (тек қай шақта да ананың өресі жетпейтін жерден асырып жібермей) барша өнерін көрсетіп толық жеңіске жеткізіп, оның сөзінің бұлтартпас дәлелдерін мойындап шығатын. Мұндай әңгімеден екі жағының да айызы қанып, соңынан тіпті күлісіп, дос көңілмен ажырасатын.


Со жолы Иван Митрофановичтің қабағы жылымаған күйінде қалды. Қасболат осы жағдайды ұзақ уақыт ауырлап жүрді. Реті келген жерде-ақ сондағы қалдырған әсерін жуып-шаюға күш салды.


Бір-екі рет о кісі мұны кәдімгі өзінің аңқылдақ жайдары мінезіне басып жарқылдап қарсы алды. Ашуы тарқаған сияқты. Қасболаттың іші сезеді: оның бәрі аз уақыттың ісі, түбі кімнің көңілінде не жатқанын ұмытпайды. О кісінің қатері ғажап екен. Қатеріне бір іліккен нәрсе тасқа қашап жазғандай еш уақытта өшпейді. Нағыз басшыға, не ғалымға керек қасиет.


Көп ұзамай Қасболаттың бұған да көзі жетті. Бұл қабылдауға кірген сайын Иван Митрофанович жылы жүзбен қарсы алады. Тіпті үй-ішінің де саулығын сұрап қояды. Бірақ сәлдеп кейін-ақ көзінде бір қуақы, сенімсіз ұшқын жылт етеді.


— Ал, жүгерің қалай? Өсіп жатыр ма?— деп сұрап қояды.


Қасболат:


— Жаман емес, өсіп жатыр. Қазір кәдімгідей үйреніп қалдық. Игеретін болдық,— деп жауап берсе де, әлгі ұрлығыңды шығарып тұрғандай сенімсіз ұшқын көзінен тез арада өше қоймады.


Өзін дәл осы арадан мықтап ұстатып алғанын сезіп, Қасболат жүгеріге бар күшін салған. Оған қолайлы деген жерлер тауып, жұмысшы күші мен техниканы соған төкті. Басқаларға сенбей бұл істі өзі тікелей басқарды. Ақыры сөйтіп осы бір сыннан өтіп кетіп еді...


...Өткен жылғы жаз басындағы үлкен мәжіліс. Қазақстанның теріскейіндегі көп облыстар тың көтеріп, бар газеттерді шулатып жатқанда — әрине бұл облыстың қол қусырып қарап отыруы — кімге болса да мақтанарлық жай емес. Соны жоғарыдан да, төменнен де сезген сияқты. Енді екінші тың — яғни мал басын көбейту туралы үлкен ұран тасталды. Бұл өзі бұрыннан да малға кедей өлке болмайтын, бірақ мұндай ұранның тұсында лайықты үн қосып қалмаса бола ма. Талайды көріп жырынды боп қалған кейбір аудан басшылары, өзгелерді алға салып, нысанасын содан кейіп барып белгілегісі келеді.


Үзіліс кездерінде өзгелердің аңысын аңдып, қанша уәде берерін байқағысы кеп бір-бірінен тіл тартады. Қасболат та сол әдіспен әркімнің тамырын басып көріп еді. Әрқайсысы-ақ жалтарып «алға сен түс» дегісі келеді екен. Бүгінгі берген уәденің ертең сұрауы бар. Қасболат соған қарайлап, шамасын өлшеп, ауыз толтыратын сөз айта алмаймын ба деп қорықты. Сол оймен сөзге де кейінірек сұранбақ боп, іркіліп қалған.


Келесі үзіліс басталарда коридорға шығып баратқан Қасболатты Иван Митрофанович шақырып алды. Әшиніде ондай кісінің өзге жұрттан бөліп сені шақырғаны мәртебе көрінсе де, дәл қазір Қасболат бұл ықыласқа қуанбады.


Иван Митрофанович президиумдегі төрт-бес адамның қоршауында тұр еді. Мұны көрісімен қызу әңгімені төте қайырып:


— Ә, Қасболат Сқақович, көптің ішіне кіріп алып көрінбей қойдыңыз ғой,— деп қарсы бір-екі аттап келіп қолын алды. Жүзі жайдары, даусы да сәл қызулау, қаттырақ шығады. Осындай үлкен жиындар басшыларға мейрам сияқты әсер етіп, олардың көңіл-күйін бір-екі пернеге жоғары көтеріп, қаттырақ бұрайды. Мұндай хал Қасболатқа әбден таныс болатын.


— Кәнекей, бері келші, ақылдасатын бір жай бар,— деп оңаша шығарып алғасын оның жүзіндегі жаңағы салтанат нұры бірден өшіп әшиіндегі қалпына түсті. — Сен неге сөзге жазылмай отырсың?


— Кейінірек сөйлесем деп едім.


— Жұрттың аңысын аңдағың келеді-ау, ә? Екі-үш адам сөйледі. Әзірге сөздері қою шығып жатқан жоқ. Қалай ойлайсың, а?


Иван Митрофанович Қасболаттан сыр тартып, бағдарлай қарап қалды. Осы кісінің көзқарасы қызық. Ажарында «қалай ойлайсың?» деген сұрақ жатса, оның ар жағында «сен ұқтың ба, менің ойымды, солай істе» деген әмір тепсініп тұратын тәрізді. Қасболат, әрине, оның ойын ұқты. Бірақ қазір үлкен уәде беруге ауданының жағдайы көтеретін емес. Ондай қадамға әлі көп дайындық, біраз қаражат керек. Қарсы дәлелін айтып, уәдесін кейінге шегеруге бір тырысып еді, бірақ есіне «жүгері мәселесі» түскенде тоқырап қалды.


Иван Митрофанович те Қасболаттың шырғалаң ойын танығандай:


— Түсінем, түсінем,— деп басын изеп, күңгірт жымиып, жылы шыраймен сөйлесіп кетті.— Әрине, алды-артыңды ойлағаның жақсы. Шаруашылықта онсыз болмайды.


— Мен де соны ойланып қалып едім, Иван Митрофанович,— деді Қасболат іліп алып.


— Ойлағаның жақсы. Бірақ іс... іс керек қой бізге. Арқандаулы аттай бір қазықты айнала берсек қалай болады, ә? (Иван Митрофанович қазақтың осы бір мәтелін жаңа баяндамасында да айтып кетіп еді.) Сен осыны ойладың ба? — Иван Митрофанович ақылдасып тұрып, ақыл айтуға байқаусыз ауысып кете қоятын. Қазір де солай болды,— Бізге қазір жақсы бастама керек. Иә, мұндай үлкен іске мықты серпін беріп жіберу керек. Үзілістен кейін бірінші боп сөйлейсің.


Сөз осымен бітіп қалды. Қасболат «айтамын» деп оқталған сөзі алқымына тіреліп шығып кетті. Ойланып қараса бір есептен айтпағаны да дұрыс екен. Бүкіл облыс болып гүрілдеп жаңа үлкен науқан бастағанда... толқынға қарсы шыққандай. Онсыз да Иван Митрофановичтің алдындағы беделі аса мықты болмай жүр.


Әрине қандай әділ басшы болса да, о да адам баласы — өзінің көңіліне ұнайтын, ұнамайтын адамдары болады. Содан ба, әлде арадан басқа біреулер қара мысық боп жүгіріп өтті ме, «жүгері мәселесі» ұмыт болса да Иван Митрофанович Қасболатқа оң қабағын онша бере қойған емес. Бұл жағдай оған өте ауыр тиіп, қатты қинап жүр. Өз тәжірибесінен біледі, егер төменгі басшы ұнамаса оны тайдыруға жоғарғы басшы әрқашан да себеп табады. Оның үстіне қазір мамандығы бар жастарды көтеру мәселесі қолға алынып жатыр. Колхоз председателі, совхоз директоры боп істеген жас мамандарды, аудан тұрсын бірден облысқа, тіпті одан да әрі жоғарылатып жатқан кез. Пенсияға шығып жатқан басшылар аз, олардың қайсысына бос орын дайын тұр. Біреулерді ығыстырып, сыналап кіргізбесе... Жас кадрларды көтерген кісі оған өз орнын босатып беруден гөрі... түсінікті ғой. Қасболат сырғанақтап тізімінің шетіне таянып қалғанын сезеді. Мінекей осындай жағдайда келіп аяқ астынан бүйректен сирақ шығарып жатса...


Қасболат осы әңгімеден дереу қорытынды шығарып сөз текстін қайта қарап, алмақшы міндеттемелерінің цифрларын әжептәуір өсірді. Қапелімде бұ да оңайға түспеді. Әрбір жазған цифры не көп, не аздау сияқты көрініп, бір жолдың үстіне екі-үш саннан міңгесті. Сонымен мінбеге шықты.


Сөйлеп тұрып байқады, қанша өсірдім десе де міндеттемелері жиналыстың ойлаған жерінен шықпапты. Сөзінің арасында кіріп кетіп, әр көрсеткіштің тұсын қазбалай анықтап, Иван Митрофанович оның міндеттемелерін біраз жерге көтеріп тастады.


Иван Мнтрофановичтің соңғы жылдағы пайда болған мінезі — сөйлеп тұрған шешеннің сөзін еңкейіп құлақ түре тыңдап отырады да, ұтырлы жеріп тауып арасына кіріп кетеді. Шешеннің ойын өзінше дамытып, керек жағына қарай бағыттап жібереді. Алғашқыда сөйлеушілер репликаға алаң болып, текстерінен адасып, сасып қалатын. Қазір жұрт үйреніп алды... Кейбір қулар Иван Митрофанович реплика тастағанда келген жерін саусағымен баса қояды. Содан кейін о кісінің ескертпелерін түгел тыңдап алып, «ал, сөзіңізді жалғай беріңіз» дегенде, қағаз бетіндегі саусағының астынан әрі қарай заулай береді...


...Машина омбы қарға малтығып тоқтап қалды. Жұматай машинаны кейін шегеріп, екі рет оқталып келіп, екпінімен соғып әзер етті. Боран да әлгіден күшейе түскен.


Енді кәдімгідей ұйтқып соғып тұр. Қасболаттың мал жағдайы туралы уайымы қайтып оралады. Күн райы жаман... Малдың аздау кезінде де қыстың аяғы осылай қатайып кеткенде шығынсыз болмайтын.


Сол жиналыстан қайтқаннан кейін Қасболат қызу әрекетке кірісіп еді. Барлық жерде жиналыс өткізіп, әр колхоздың міндеттемелерін жоғары белгілетті. Қоғамдық малды етке жөнді өткізбей қолға ұстап қалды да, колхоз сайын жиырмалап, отыздап жаңа отар бөлгізді. Еттің жоспарын жұрттың жеке малынан толтырды. Сөйтіп екі жағынан да жоспарды едәуір көтеріп, алдыңғы жаққа таман шыға бастаған. Иван Митрофановичтің өзі де бір-екі жерде мұны үлгі ете мақтап жіберіп еді.


Бірақ мұның бәрі Қасболаттың көңілін орнықтырған жоқ. Бақташы жетіспей біраз отарлардың санын бір жарым есеге дейін ұлғайтты. Кей жерлерде еркегің қой бақса, әйелің тоқтыға көз болады ғой деп, саулықтың отарына жүздеген тоқтыларды да жүктеп берді. Техника мен мал азығы... Нағыз қинайтын сол екеуі. Әрине қыс жайлы болса амалдап шығып кететін жағдай бар еді. Қасболат сол қыстың қабағын аңдумен келе жатқан.


Есіне тағы да Иван Митрофанович түсті. Соңғы кезде Қасболаттың өзі де байқады, көңіліне күдік алып аудан жағдайы туралы уайымдаса-ақ сол кісі көз алдына келеді. Және мәз болған жайдары кезі емес, көзі өңменіңнен өтіп кететін сұсты кескіні елестейді. «Не финти мне голубчик, я не либерал» деген суық даусы да құлаққа келгендей болады.


Жеке шақырып алып ұрысқаны ештеңе емес-ау. Егер айыпты болып бюроға түсе қалсаң... Иван Митрофанович нағыз қан сорпаңды сонда шығарады. Ұзақ жылдар естен кетпейтін сабақты сол жерде аласың. Ондайда еш дәлелің өтпейді. Сылтау, себеп дегендерің мән-мағынасынан айрылып, бетке баттиып тек айыбың ғана шығады. Айыпты адамның күні құрсын. Алдымен үміт пен үрей аралас жабық есіктің алдында дегбірі кетеді. Есіктен кіріп келгенде он шақты адамның қарс жабылған сұсты қабағын көріп, үмітін үрей жеңіп, ауыр халге түседі. Айыпкер өзі кірер алдында ғана ақылдасып, пікір қағыстырып, қызу сөйлесіп, реті келгенде серпіліп күліп отырған адамдардың қапелімде бәрі бір кісідей түнере қалғанын сезіп бойы мұздап қоя береді. Әрқайсысы ауыр ойға берілген сияқты. Осы сәтте бетіңе қарап жылы қабақ көрсетіп, төмен жіберетін біреу табылса... Таныс адамдарың танымай қалады-ау. Ең ақ жарқын үйірсек деген жолдастың өзі, сұсты қабақтардың шырқын бұзбау үшін, ең болмағанда төмен қарап қағазға бір нәрсені сызып әуре болады. Мәжіліс басқарушы алдында жатқан материалға үңіліп, айыптының бойын тоңазытқан осы суық үнсіздікті соза түседі.


Біраз адамдарға кейінгі айыптау сөзден гөрі, осы дауыл алдындағы түнеру ауыр тиеді. Алдын ала буын-буынын әлсіретіп, қажыр кеміріп тастайды. Талай толғанып, екшеп алған дәлелдерінің салмағы жоғалып, айтамын деген сөзінің бояуы онып кеткен сияқты болады. Өзін өзі қамшылап қызынып сөйлеп келе жатқанда, «оның бәрін біз білеміз, жоқ, сіз бізге мынаны айтыңыз» деген өктем дауыс шыққанда Цицерон болса да тілі күрмеліп қалады-ау.


Қасболат әртүрлі жағдайларды басынан өткерсе де мұндай нағыз қиын талқыға өлі түсіп көрген жоқ еді. Бірақ ондай халдегілер өз алдынан көп өткен. Қазір бір сәтке өзін сондай адамның орнына қойып көріп, бойы мұздап кетті. Тіксініп, орнынан қозғалып қойды. Немене күдікшіл боп кеткен бе?.. Осы боран басталғалы қай-қайдағы бір нәрселер қоздап... Дегенмен арты жақсы болса иге еді өзінің.


Бір боран еш нәрсе етпес. Болмай жатқан күдікті өршітіп күн жаумай су болып... Осы маған не боп барады деп ашуланды Қасболат өзіне.— Қайдағы бір жоқ әдет тап болды. Қажығаным ба?


Қасболат мазасыз ойдан серпілгісі келіп, еңсесін көтеріп сыртқа көз тастады. Қар ұйтқып соғып тұр.— Жол бойындағы атжал қарлар жоталанып, ұлғая бастапты. Жүз қадамнан арғының бәрі күңгірт. Боран үдеп кеткен екен. Астындағы машинасы ауыр омбылап келеді.


X


Аталы, балалы екеуі аттан түсіп жатыр. Аттары болдырған, өздері де беттері домбығып, қажыған түрлері бар. Үндемейді. Жаңыл тіл қатса аманат хабар еститіндей түршігіп ішке кіріп кетті. Босағаға жете бере буыны құрып отыра кетті. Тек есік алдында үстерінің қарын қаққан жолаушылардың дыбысын естігенде ғана есін жиып, жер таянып түрегелді.


Дастарқанға шай келгенше ешкім тіс жарып тіл қатпады. Екі тәулікке жуық бел шешпей ат үстінде жүрген шал мен бала жастыққа қисайып қалғып кеткен сияқты. Тек Жаңыл шай әкелгенде Мінайдар басын кетерді. Салдырап қалған кәрі сүйегін әрең жинап, малдасын құрды. Иығы салбырап мүлгіп отыр. Көзін, бетін уқалайды. Қаламүш ұйықтап кетіпті. Бейуақытта қара күңгірт ауыр үнсіздік еңсені басып барады. Жаңыл шам жағып әкелді.


Мінайдар үстіндегі сырмалы кеудешесін шешіп, арқасына жамылды. Ат жақты, дөңес қыр мұрынды ажарлы кісі. Қара қошқыл жүзінде шамның сарғыш сәулесі ойнайды. Шебердің қолымен ойғандай нәзік өңінің бедері жоғалып, беті домбығып, ісіп кеткен. Ақ бурыл селдір сақалын кеудесіне басып темен қарап отыр. Жаңыл шам құйғанда Мінайдар Қаламүшты оятпақ болып еді, бала оянбады.


— Оятпай-ақ қойшы, қайнаға. Байғұс бала екі күннен бері бел шешкен жоқ қой.


Қаламүш пырылдап тәтті ұйықтап жатыр. Мұрнының ұшы қайқайып, үстіңгі ерні түріліп, аузы ашылып кеткен. Балғын ақ құба жүзі тотығып қызыл күрең болыпты. Осы үйдегі екі адамның мейірленіп өзіне ықыласпен қарап қалғанын сезгендей түсінде тәтті тамсанып қояды.


Мінайдар қария қиналып отыр. Зорығып келіп сұлап кеткенмен көзі ілінер-ілінбес ұйқылы-ояу халде болды. Әрине Жаңыл бұлардың Қоспанды таба алмай қайтқанын мана сыртта қарасын көргеннен-ақ білді. Оның несін айтады. Кешеден бері тыным таппай ат аяғы жетер жерді арылтып шыққанын, қайда барып, қай жерді тінткенін тәптіштеп айта беруге дал болып отырған Жаңылдың үмітін сөндіріп алам ба деп қорқып еді. Енді бақса, бейне өлік шығарған үйдей үнсіз отыра беру одан да жаман екен.


— Құзғын даласының біраз жерін қарадық-ау,— деді Мінайдар босаған кесесін ұсына беріп.— Ең әуелі мезгеген жерім Дөңқараның қолтығы еді.


Жаңыл шай құйып жатып, Мінайдарға үрей мен үміт аралас телміре қарап қалды.


— Дөңқараның қолтығына қойын бір иіріп алса пана болатын жер ғой ол. — Мінайдар төмен қарап мүдіріп қалды, — Ай, соған тырнағын іліктіре алмаған ғой. Білмеймін енді, желдің ығымен кетсе Кішкене құм бүйірде қалады.


Жаңыл түсініп отыр. Шал ар жағын — желдің бағытында жатқан Қарақияның кең жазығын ауызға алуға сескеніп, күрмеліп қалды. Бірақ Мінайдар суық сөздің бетін тайдырып, үміт етер долбарға қарай сүйреді.


— Дөңқараның маңында жоқ болғаны... Қоспан жер жағдайына жетік қой... Сол сірә күн ілгері қамданып Кішкене құмға қарай өтіп кетпесе...


— Кішкене құмға соқтыңдар ма?— деді Жаңыл селт етіп.


— Біз алдымен Қарақиянға ойысып барып сонау, Атан шоқының бергі тұсынан Кішкене құмға оралдық. Бер жағындағы Бөгендік құдығының маңын арылтып шықтық. Құм деген мың шұқыр. Көзімізге түсе қоймады.


Жаңыл «енді қайттік, осылай артын тосып қол қусырамыз ба, әлде басқа да қылар қарекет бар ма» деп іштей бұлқынса да сүйегін әзер сүйретіп келген қартқа сөз айтуға батпады.


Қаламүш жастықтан басын оқыс көтеріп алды да керосин шамның жарығына бақырая қарап, еш нәрсе ұқпағандай аз отырды. Содан ауызғы бөлмеге шығып жуынып келді де тамақты қарбытып асап, шай-суын тез ішіп орнынан тұрды.


— Ата, сіз бүгін осында дем алыңыз. Мен жүрейін.


— Ау, жеті түнде қайда барасың?— деді Жаңыл. Тіпті тосыннан жер таянып Қаламүшке бажырая қарап қалыпты.


Мінайдар да баласына таңырқаған кескін көрсетті.


— Орталыққа барам.


— Ойбай-ау, мына бұрқасында сонша жерге... Адасып кетесің ғой.


— Балалық жасама. Күн райы жаман. Мұндайда кәнігі кісінің де ол тауып жүруі қиын, балам,— деді Мінайдар.


Қаламүш бұлардың сөзін құлағына іле қойған жоқ.


Жолдан күрең қасқа қайта мінем ғой. Орталыққа дейін көзімді байлап қойса да жол табам,— деді киініп жатып.


— Қой, айналайын. Тым болмаса таң атқанша шыда,— деп аяғына оратылған Жаңыл апасына тікелеу келіп қалды.


— Шыдауға болмайды, апа. Боран шыдатпайды ағамды.


— Жарайды, үйге барып қасыңа Қадыржанды қосып берейін,— деді Мінайдар орнынан әрең көтеріліп.— Ал, келін қарағым, уайымдай берме. Кешегі қызыл қырғыннан аман келген Қоспан ғой. Қой бағып жүргені бүгін емес.


...Бірақ Жаңыл қалай уайымдамасын. Үшінші күні асып барады. Іздеушілер таба алмай қайтты. Не де болса Қоспанның бұл жоғалуы тегін емес. Ол қауіп-қатерге түскенде шырылдамай қалай шыдап отыра алады. Одан басқа кімі бар, несі бар? Қиядағы балапанына құзғын шүйілгенде етекте қанаты майрылып жатқан ана құстай. Талпынса да жете алмайды. Бір қазыққа байланып шырылдап соны айнала береді.


Түнімен елегізіп, көзі ілініп кетсе жаман түс көріп сергелдең боп тұрған Жаңыл таң атқасын қорадағы тоқтыларына шөп салды да, үйде отыра алмай күрең биеге мініп қырға шықты. Жалтақтап екі жаққа кезек қарайды — бірі Қаламүш кеткен колхоз орталығы, бірі Қоспан кеткен құзғын даласы.


Таң алдында жел саябырлап қар да толастады. Ақ даланы жапқан қара бұлт жоғары көтеріліп түсі күлгін тартып реңі жұмсарған. Көкжиек кеңіп, алыс-жақын айқындала бастады.


Жаңыл құзғын даласын бетке ұстап аласа адырға қарай аяңдап келеді. Желе жортып кетейін десе буаз биеге іш тастатып алам ба деп қорқады. Ауада ызғырық жел бар. Екі күннен аса жауған қардың бетін жалаған жаяу борасын. Мың-сан ақ жылан басы қайқаңдап иретіліп кетіп барады. Жаңыл қырқаға шыққанда аспандағы бұлт жыртылып, аралары ажырай бастады.


Құзғын жақтағы кең жазық шаңытып алысқа кетіп жатыр. Әр жерден бір нәрсе қылаңдағандай болады. Мойыл ма, әлде тірі жәндік пе? Жаңыл оған көзі бұлдырағанша қарайды. Кейде сол қара жаяу борасынның арасына сүңгіп шығып, қыбырлап жүріп келе жатқанға ұқсайды.


Кенет қардың ажары кіріп, жылтырап шыға келді. Жердің бетін ақ қиыршақ күміс тозаң басқандай. Жыртылған бұлттың арасынан күн шықты. Жаңылдың да қараңғы көңіліне сәуле түскендей кеудесінде үміттің оты қайта тұтанды. Зарығып баққаны осы күннің қабағы еді.


Осындай бір торығып, күңгірт өмір кешіп беймағлұм халде жүргенде — жарқ етіп шыға келіп, нұрлы шұғыласына балқытып әкеткен күндей — бақытқа кенелген кезі болып еді ғой. Сонау бір алыс кездегі ыстық қуаныштың жылы табы кеудесін қайтадан шарпып өтті.


...Қырық бесінші жылдың жазы мен күзі той-думанға толы. Әр үйдің майданнан азаматы қайтып, екі-үш күнде бір той болып жататын. Соғыстан жүдеп шыққан халық қоңторғайлығына қарамастан ертеңгі күннің уайымын жинап қойып, ақтарылып қалатын. Жастар да желігіп думаншыл боп алды. Майданнан біреу келді десе Жаңыл елегізіп үйде отыра алмаушы еді. Жылыстап той болып жатқан үйге барады. Бірақ дуылдаған топтың ортасына жарып кіре алмай, босаға жақтағы қара көлеңкелеу таса жерге отыра кетеді... «Қоспан» есімі аталмас па екен деп алыстан келген жігіттің аузын бағады.


Қатындар мұны көрсе қазан үстінен тамаққа шақырып:


— Кел, кел, Жаңыл. Ауыз ти. Құдай оңғарса сенің үйіңе де тойға барармыз,— деп қам көңілін жұбатады.


Ал кейде кетіп бара жатқанда сыртынан:


— Қайтсын бишара. Үмітсіз сайтан емес пе. Беу, үміт қой бұл байғұсты да сүйреп жүрген,— деп Жаңылдың тұлыпқа мөңіреген мүшкіл халін де аңғартып салады.


Осылай жаз да, күз де өтті. Майданнан қайтқан азаматтардың арты толастады. Қыс ортасы ауып барады. Күн асқан сайын Жаңылдың да үміті азая берді. Бір күні жұмыста жүргенде (сол баяғы заготконтордың жүгін тиейтін) көршінің баласы жүгіріп келді. Екі етегі далақтап алыстан айқай салып келеді.


— Сүйінші! Сүйінші, Жаңыл жеңеше, сүйінші!


Не қорыққанын, не қуанғанын білмейді, Жаңылдың жүрегі зу етіп төмен түсіп кетті.


— Сүйінші, жеңеше, Қоспан ағам келді!


Жаңыл буыны дірілдеп құлап бара жатты да кесек дуалға таянып қалды. Қасына арсалаңдап жүгіріп келіп, жеңінен жұлқылаған баланың иығына қолын салды да:


— Не айтып тұрсың, қарағым?— деді.


— Ойбай-ау, Қоспан ағам келді деймін. Апам жіберді. Айтпақшы Мұратты ауылға апарып тастаған деп, апам алдап қойды. Оны кейін естіртеміз дейді.


Жаңыл үйіне қалай жеткенін білмейді. Тек әйтеуір аяғының астында жер дөңгеленіп кейін қарай сырғып барады. Есік алдында сұр шинель киген ірі кісі тұр. Ол Қоспан болып бұрылып Жаңылға қарсы ұмтылды. Көзі қарауытып, буыны кетіп қалған Жаңылды қарулы қолымен жерден көтеріп алып құшағына басты.


Ар жағы өң мен түстей. Дабырлап келіп жатқан қатындар, шұрқырасқан еркектер. Кеше ғана құлазып тұрған жетім үйге әркім бір құшақ қуаныш ала келгендей, жарқырай кіріп, дабырлай сөйлейді. «Қуаныш ұзағынан болсын!» «Өлгенің тірілді, өшкенің жанды деген осы да!»


«Үмітіңді үзбе, кебін киген келмес, кебенек киген келеді демеп пе едім мен саған!» Үш күннен бері оң қабағым тартып жүр еді, бәсе Қоспанның келуіне көрінген екен ғой» деген сөздер қуанышын қоздыра түседі.


Жаңыл қазан астына от жағып жүр. Одан әрі не істеп, не қойғанын анық білмейді. Әйтеуір жалақтаған көрші қатындар бәрін тындырып жатыр. Біреулері үйінен ет, біреулері ұн әкеліп, біреулері дүкенге жүгіреді. Жаңыл «келгені рас па» деп, күдіктеніп ауық-ауық төрде отырған Қоспанға босағадан қарап қояды.


Жұрттың соңын ала Мінайдар келді. Ол кезде жасы елудің үстіне шықса да сақал-мұрты қап-қара, денесі қағілез әдемі кісі болатын. Сәлден кейін бір әйел Жаңылға:


— Сен ана жаққа бар. Қайнаға Қоспанға Мұраттың қазасын естіртейін деп отыр,— деп сыбырлады.


Мінайдар мақалдап ұзақ сөйлемеді.


— Қоспан қарағым, біз көрмегенді көрдің, тура ажалдың аузынан келіп отырсың. Мына Жаңыл мұңлықтың өлгені тіріліп отыр бүгін. «Алдыңғыны көріп күпірлік ет, артқы көріп шүкірлік ет» деген екен. Алдыңғы десең осы атырапта қабырғасы бүтін үй таба алар ма екенсің. Ал артына қарасаң талай боздағынан айрылып зарлап қалған жетім мен жесір, кемпір мен шал бар. Тағдырдың жазғанына шара бар ма, Қоспан қарағым, мынау бүгінгі қуанышыңа у тамызғалы отырмын. Берік бол. Артыңда қалған тұяғың сынды.


Жаңыл егіліп жылай берді. Өксігін тоқтата алмаған соң қатындар ауыз бөлмеге алып кетті. Баласының қазасын естігенде Қоспанның қандай халде болғанын көре алмады. Көрші әйелдің айтуынша Мінайдардың бетіне қарап сазарып қатып қалыпты. Дөңгелек көзі шатынап шарасынан шығып бара жатқандай. «Көз жанарын көргенде төбе құйқам шымырлап кетті,— дейді әлгі әйел.— Тек біраздан кейін көзінен бір тамшы жас шықты. Ойпырмай, құдды қара тасты жарып шыққан тамшыдай сазарған бетінде жылтырап тұрды да қойды».


Жұрт кеш тарады. Қоспан мен Жаңыл оңаша қалды. Іште жиналған шері, айтар мұңы көп еді Жаңылдың. Бірақ мана алғаш көріп ышқынып жылағанда бәрін ақтарып, көкірегін босатып алғандай, тек іштен еміреніп жақсы көріп қана отыр. Қоспан да біраз уақыт тіл қатпады. Зарығып келгенде алдынан шыққан бала қазасы меңдетіп тастады ма кім білсін. Жаңыл бажырайып қарамаса да қабағының астымен күйеуінің ажарын бағады.


Қоспанның өзгеріп кеткенін енді ғана байқады. Сопақша толық бетінің еті қашып, шықшыты мен бет сүйегі бадырайып тұр. Денесі де таралып, жапырағы өртенген теректей аржиып ірі сүйегінің қыры шығыпты. Баяғы жаудыраған мөлдір көзқарасы жоқ. Қабағының астына сыймай томпайып тұратын дөңгелек көзінің төңірегіне терең әжім түскен. Жанарында суық қара жарқыл бар. Жаңыл сонша жыл ынтыға күткен жарын жатырқап отырғанын сезді.


Арада бес жыл өмір, әр күні жылға татыған төрт жыл соғыс жатыр. Қоспан майданға жүрерде жасы отыздан асқанмен беті ашылмаған бала сияқты еді. Отқа да, суға да түскен. Сан рет ажалдың аузынан қайтқан. Өзгертпей қойды деймісің.


Жаңыл бұрынғы балауса өмірінің алты қырдың астында қалғанын, енді өзгеше, басқа өмір бастау керек екенін сезеді. Бірақ ол өмірдің қандай боларын аңғара алмай дағдарады. Қоспанмен алғашқы өткізген төрт жылы бір күнін бұлт шалмаған мереке еді, арадағы бес жылдық азап мехнаттан кейін сол мерекесі қайтып оралар ма? Әлде...


Әйелінің осы ойын танығандай Қоспан:


— Жаңыл, бері отыршы,— деп қасына шақырып алып бір қолымен мойнынан құшақтап басын кеудесіне басты.


Бес жыл бойы тоңазып қалған көкірегін жылытқысы келгендей осылай ұзақ үнсіз отырды. Үлкен салалы қолы маңдайынан сипады. Манадан бері тығылып отырған Жаңылдың көзінен жас парлап қоя берді. Дымқыл кірпігіне тиіп Қоспанның саусағы біраз бөгеліп қалды.


— Жаңыл, айналайын, жылама. Азап-мехнаттың бәрі артта қалды ғой. Шынымды айтсам: елімді, үй ішімді көре алмаймын ғой деп күдер үзген кездерім болып еді. Ендігінің бәрі ештеңе емес.


Қоспан бала қазасын ауызға алмады. Кейін де Жаңылмен бұл жәйді сөйлеспеді. Тек жаз шығысымен өз қолымен кірпіш соғып, Мұратқа там салды. Ешкімді көмекке шақырмастан бәрін өзі істеді. Қабір басында жүргенде де көзіне жас алған жоқ, бірақ кейде топырағы шөгіп бара жатқан кішкентай төмпешіктен көз алмай селтиіп тұрып қалатын.


Қоспан елге келісімен бір жетідей дос-жарандарының үйін аралап шықты. Содан кейін Жаңылды ертіп колхоздағы туыстарына барып мауқын басты. Бұл бір жаңа қосылған жас жұбайдай Жаңылдың ең бақытты күндері еді. Туған жердің топырағы, халықтың пейілі көңіліндегі тоңын жібітіп, Қоспан да бұрынғы жақсы қалпына оралып келе жатты. Келген беттегі тұйықтығынан арылып, жұртпен ашылып сөйлеседі. Ішінде бір күшті серпін барын сезеді Жаңыл.


— Адам деген өз бойында қанша күш барын білмейді екен ғой. Таусылдым дейтінің әшиін-ақ нәрсе екен. Адам күші көзі бітелген бұлақ сияқты, аршысаң шыға береді. Соғыс соны аршып берді ғой,— дейтін Қоспан жиналған жұртқа.


— Ай, сол соғыс қабырғамызды да ырситып кетті ау,— деген қарияға:


— Е, ыңыршағы айналып жүдеген аттың тез отығып, азғана күнде түгі жылтырап шыға келетінін білмеуші ме едіңіз,— деп күледі Қоспан,— қараңдар да тұрыңдар, тұрмыс тез оңалады. Күштің қайда екенін енді білді ғой, өзі.


Екеуі ауылдан көңілдері көтеріліп, бір жасап қайтты. Ағайындары әлі де жата тұр деп қолқа салып еді, Қоспан көнбеді.


— Рақмет, біраз аунап-қунап мауқымды бастым. Енді ауданға барып жұмысқа орналасуым керек. Уақыт өтіп барады.


Қайтып келгесін Қоспан дереу жұмысқа орналасу жағын қарастырды. Бірақ тез уақытта қызмет табыла қоймады. Жаңыл алғашқыда оны уайымдаған да жоқ. Қоспан ерте шығып, кеш қайтып жүрді. Бірақ күн асқан сайын қайтадан тұйықталып, сөзден қалып бара жатқанын байқады. Бір күні кешке таман көңілсіз түнеріп қайтты. Шай ішіп отырып:


— Тұтқыннан келгендерге сенбейтін болыпты,— деді.


— Сенбегені қалай?— деді Жаңыл таңырқап.


— Күдіктенеді.


— Сен тұтқынға өз еркіңмен түстің ба? Гитлерге де қызмет істеген жоқсың ғой. Дозақтан өтіп келген жоқсың ба?— деді Жаңыл күйіп кетіп.


Қоспан біраз уақыт үндемей отырды. Содан кейін өзінің болжауын айтты.


— Шаш ал десе бас алатындар бар емес пе? Тұтқыннан шыққандардың ішінде неміске қызмет істегендер де бар. Соларға сақ болыңдар деген шығар. Көп ұзамай бәрі қалпына келеді ғой. Жазықсыз адамды жазғыра берер деймісің. Қоспан қанша сыр бермесе де кеудесін басқан бір ауыр зіл барын сезеді Жаңыл. Онысына әйелін де ортақтастырғысы келмей өзі жалғыз алысып жүр.


Бір күні Қоспан үйге көңілді қайтты. Бетіне баяғы жақсы кездегі жұмсақ күлкі табы ойнап шыға келген. Ішіне сыймай бара жатқан қуанышты хабары бардай әйеліне жайраңдап қарай береді. Жаңылдың көңілі Қоспанның қабағына байланысты ғой, оның да іші жылып қоя берді. Күйеуінің тәтті көңіл күйін үзіп алғысы келмей тез асын қамдап, шайын әкелді.


— Сен бүгін менің кімді көргенімді білесің бе?— деді Қоспан күлімсіреп.


— Иә, кімді көрдің?


— Қасболатты көрдім. Қаңғалақтап райком жаңқа барып едім. Ұшыраса кеткені. Біздің ауданға жуырда ғана келіпті. Нағыз мықты. Кадр бөлімінің бастығы көрінеді.


— Ол кім еді?


Қоспан қарқылдап күліп жіберді.


— Мен саған соғып отырмын. Айтпақшы сен оны білмейді екенсің ғой. Туһ, менде де ес жоқ-ау.


Жаңыл қосыла күлді. Әйтеуір кім де болса Қоспанға жанашыр, жақсы адамның келгеніне мәз. Қоспан күлкісін жиып, сөзін жалғады.


— Ол менің соғыстағы командирім ғой.


— Апырай, рас па?


— Е, рас болғанда қандай... «Жолдас командир!» деп кім жалт қарады. Бірден таныды. Екеуміз шұрқыраса кеттік. Өзі мәжіліске кіріп бара жатыр екен. Асығыс. Сол шығысымен командировкаға жүрмек. «Үш күннен кейін қайтып ораламын. Өзің келші, кеңірек отырып бір өткен-кеткенді еске алып гәпті шертейік»,— деді.


Үш күн бойы Қоспанның әңгімесі Қасболат болды. Екеуінің майданда бірге болғанын, бастарынан кешкен қиын-қыстау оқиғаларын әңгімелеп кетеді. Қоспанның тұтқынға түскен шағын да Қасболат білетін көрінеді. Біздің әскер шегіну үшін Қоспандар азғана топ болып жауды бөгеп қалыпты. Сол тапсырманы Қасболаттың өзі беріпті бұған. Сөйтіп оғы таусылғанша атысып, көп әскерді құтқарып бұлар қолға түсіпті.


— Бәсе, жазықсыз адамға пәле жолаушы ма еді.


— Айттым ғой, мұның бәрі уақытша нәрсе деп.


— Амандық болса, жұмысқа енді кірісетін шығармыз.


Қоспанның аузындағы сөз осы. Алақаныма түкіріп, құлшынып жүрді. Мәрелі уақыты жеткенде үйден мейрамға баратын адамдай болып шықты. Жаңылға «үйге кісі келіп қалар» деп құлақ қағыс қылып кетті. Сол бір нұрлы кескіні Жаңылдың көз алдында. Өзі де бір жарқын мерекені тосқандай тағаты таусылып күйеуінің қайтып келуін күтіп еді...


Жаңыл адырдың басында ұзақ тұрып қалыпты. Денесіне өтіп бара жатқан ызғардан тітіркеніп, ой дүрмегін үзіп алды. Төңірек күңгірт тартып барады. Манағы жыртылған бұлт қайта тұтасып аспанды түгел торлап алған. Қылаулап қар түсе бастады. Ызғырық жел жапалақ қарды ауада қағып алып үйіріп әкетеді. Құзғын жақ бет қарауытып, алыс дала көзден ғайып болады. Жаңыл шошынып қалды.


...Сол жолы Қасболатқа жолығып қайтқан Қоспанның түрін көріп, Жаңыл қатты шошыды. Есіктен үн-түнсіз кіріп, соққыға жығылып тұралап қалғандай сүйретіліп келіп сәкінің шетіне отыра кетті. Үлкен денесі шөгіп, еңсесі түсіп, сол отырған күйінен тапжылмады.


Қоспан жуас, мінезі жұмсақ болғанмен қайратты, қажырлы еді. Осы жолы соншалықты сынып қалғанына Жаңыл қайран болды. Неше жыл жау тепкісінде, ажалдың аузында жүріп, соған шыдап белін бермей келген адамның мұнысы несі? Соншалықты неден түңілді?


Жаңыл оның жарасына ем таба алмай отқа түсті. Қоспан кейін әр жерде ұсақ-түйек қызмет атқарып, біреуден ілгері, біреуден кейін тұрмыс құрып кеткенде де баяғы жайма шуақ, нұрлы мінезін таба алмады. Ең аяғы жымиып езу тартса да күлімсіреген жанарының ар жағынан жанын жеген қасіреттің ызғары теуіп тұратын.


Бұ да ұмыт болып ескі жараның бәрі жазылып, екеуі өмірдің берік арнасына түсіп еді. Алдарынан күздің жайма шуағындай жарастықты, тыныш қарттық келе жатқан...


Жаңыл қораға қарай аяңдап келеді. Қарай-қарай көзі талды. Орталық жақтан да қара көрінбейді. Тек алдында қар басып қалған аласа қора. Қар астынан қолын созған жалғыз мұржа...


XI


Үш күн бойы толассыз соққан ақ дүлей отбасынан, мекен еткен дүниесінен үзіп алып елсіз жапанға айдап кетті. Қойшы өмірінің көп уақыты оңашалықта өтсе де үлкен елмен жалғасып жатқан тарам-тарам тамыры бар еді. Енді соның бәрін қиып тастағандай. Үйреншікті ортасынан бөлініп, өзге дүниеден хабар-ошарсыз жеке өмір сүруге мәжбүр. Астындағы Тортөбел, Құтпан мен Майлыаяқ, пана таппай бүрсеңдеген алты жүз қой — өзінше бір бөлек тіршілік әлемі. Ұлыған боранмен алысып, ақ түнектің ішінде келе жатыр.


Алғашқы түн ат үстінде аласұрған арпалыста өтті. Қоспан қойын қара дүлейдің құшағынан суырып алмақ болып жанталаса қимылдап еді. Әлі келмеді. Бірақ тізе бүгіп сүрініп барып қайта тұрып кеткен палуанша белін бермей алыса берді. Қоспан өзінің дұшпанына «Ақ дүлей» деген ат қойып алды. Екі жағының таласы қашан тынары белгісіз. Сұрапыл «Ақ дүлей» мұны табан тіреген іргесінен үзіп алды да енді аяғын жерге тигізбей үйіріп жүр. Алғашқыда есеңгіреп, оңды-солды былапыт қимылдаған Қоспан кейін есін жиып тілсіз жаудың әдісін алайын деді. Бар қайратын бірден сарқып алмай айла тәсілмен әрекет қылатын болды.


Әрі-беріден соң осы алапат өмірдің өзі кәдімгідей арнаға түсе бастады. Абзалы, жан біткеннің ішінде адамнан төзімдісі болмайды деп ойлайтын Қоспан. Қандай кесапат болмасын алғашқы сағатында ауыр, одан кейін кісі неге болса да көндігіп кетеді.


Бірақ мына дүлей бір сағат тыныштық берместен ерінбей-жалықпай соңына түсіп келеді. Қапы кетсе, аяғын шалыс басса оңдыратын түрі жоқ. Үшінші күнге ұласқан — ұйқы да, тыным да бермеді. Бірден жапырып тастай алмағасын әбден қалжыратып, титықтатып жеңгісі келетін сияқты. Қоспан екі рет қана саябырда көз шырымын алды. Кейде ат үстінде мызғиды. Соның өзін дағдыға айналдырып бойдағы күшін сақтап келеді.


Ақ дүлейдің сұрапыл боранынан басқа да қарсы жұмсар айласы көп. Ауаға суық болып тарап, шым-шымдап ішке кіреді. Қойлардың буынына түсіп бүрсеңдетіп бойындағы соңғы жылуын сорады. Аштық пен суықтан бірдей титықтаған қойлар бір-біріне бүйірін тығып жанына пана іздейді. Қой бастайтын қара текенің қарағай мүйізінен басқа сәні қалмаған. Қылшығы желбіреп қойдың иығына тығылады. Көк шулан саулық қаз мойны күдірейіп еңсесі түсіп өлеусіреген көзімен қар түтеген ызғарлы далаға үмітсіз қарайды. «Итжанды» аталған иттің өзін шыдатпай барады. Құтпан мен Майлыаяқтың қар қатқан жүндері сабалақтанып, бастары төмен салбырап түсіп кетіпті. Әсіресе Майлыаяқтың халі адам аяғандай; ұнжырғасы түсіп, Қоспанның ығын алып бей-жай жүреді де отырады. Әншейінде шиыршықтанып қайқаңдап тұратын құйрығын бұтының арасына қысып алған. Қырау басқан қабағының астынан жанары сөніп баратқан көзі сығырайып қожасына анда-санда бір қарап қояды. Қоспанның оған беретін еш нәрсесі жоқ. Азғана күнге арнап алып шыққан азығы таусылуға қалды.


Әзірге сыр алдырмай келе жатқан ескі жолдасы Topтөбел ғана. Қоспан оның ызғарлы желден қайқаңдаған арқасына тонын жауып ауық-ауық жетелеп, белін суытады. Сәл аялдаған жерде ауыздығын алып, тебіндетіп жайып алады. Иесіне үйренген мал бос жіберсе де ұзап кетпейді. ЬІқтасынды қалқалап айнала тебіндеп лезде отау орнындай жердің қарын қопарып тастайды. Қоспан қасына барса жерден басын көтеріп алып жасаураған үлкен көзімен бейне әмір күткендей иесіне қарайды.


Осы қыбырлап келе жатқан жан иелерінің баршасының тірлігі Қоспанның қолында. Бәрі де көздері жаудырап қожасына қарап, соқыр сезімімен Қоспаннан пана тілегендей болады. Бірақ ол пана алыста. Қойының бетін Кішкене құмға қарай бұрып алып, жердің әр қыртыс, қырқасын тасалап, қиялап келеді. Жел сәл саябырласа адыр асып тіке тартып кетеді. Боран қайтадан құтыра бастаса ойпаңдау жерді паналап бұғып қалады. Қас дұшпаны «Ақ дүлеймен» екеуі бірін-бірі ала алмай, әлі аңдысып келеді.


О да қапысын жібермейді. Кейде демін ішіне тартып жуаси қалады да Қоспан жазыққа шығып ұзай бастағанда кенет ысқыра ұлып қойымен қоса шетке қарай қуып әкетеді. Қарсы шабуылға лап берген жау әскеріндей сәске түсте ертеңгі шыққан жерін шегеріп тастайды. Ілгері басқан қадамы кейін кетсе де Қоспан өлерменденіп жылжып келеді. Боран маңдайынан соқса тайқып, бүйірлеп жылжиды. Қалай орағытса да нысанасы Кішкене құм. Өлмесе соған тырнағын іліктіруі керек.


Жүздеген кішкене тұяқ қыбыр-қыбыр етеді. Олардың қоянның жымыңдай шұрқ-шұрқ жолын қар көмеді. Қойлар ықтасын баураймен ақырын ілбіп келеді. Аяқ алыстары солғын — әйтеуір кеудеде жан болған соң бүйірлері солқылдап жылжи береді. Сүйемдеп ілгерілеп, шеті белгісіз ақ дүлейдің ішіне үңгіп кіріп барады. Жоғарғы жақта гулеген боран. Қар аралас ұйтқыған жел ат үстіндегі Қоспанды жалықпай төмпештейді. Бірақ әбден домбығып ісініп алған денесі суықты сезер емес. Әлсін-әлсін қамшы үйіріп шабандап кеткен қойларын жылжытады. Жыбырлап қар күреп келе жатқан жіңішке сирақтар кейде көз алдында бұлдырап кетеді.


Алысты жасырып төңірегін бүркеп алған бұрқасын. Қанша тырмысып тырбанса да шетіне шығар түрі жоқ. Басы зеңгіп, көзі қарауытады. Тыпыр-тыпыр еткен кішкене тұяқтар. Басқан қадамы кейін кетіп, бір орында тыпырши беретін сияқты. Өзін сергіту үшін ой ойлағысы келеді. Өткен-кеткенді есіне алмақ болады. Бірақ су сіңіп қалған отындай ойы тұтанбайды, қайта-қайта бықсып cөне береді.


Кенет ақ дүлейдің шегініп бара жатқанын байқады. Айналасы айқындалып, аспан биіктеп, алыс адырлар бұрқасын арасынан шығып келеді. Үш күн бойы өзі кеулеп келе жатқан ақ түнекті тесіп өтіп ақыры жарық дүниеге шықты. Арқасынан ауыр салмақ түскендей уһ деп бір дем алды.


Жел толастап, боран басылды да бүкіл алып даланың аумағы түгел көрінді. Ирек-ирек сызық түскен аппақ қар көз жеткісіз алысқа кетіп жатыр. Осынша кең дүниеде қыбыр еткен бір жәндік, селт еткен дыбыс, үн естілмейді. Қоспан ең болмаса бір қара қылаң етер ме деп көзі талғанша көжиекке қарайды. Жер бетінде отарымен жалғыз өзі ғана қалған сияқты. Батар күнге шағылып жарқырап жатқан жансыз дала — шетсіз, шексіз ақ тылсым.


Кенет Қоспан әлдеқандай дыбысқа селт етті: Майлыаяқ қыңсылап ақырын ғана ұлиды. Мынау міз бақпай қатып қалған ақ тылсым оның да жанын езіп баратқан болар. Жаңағы дыбыс Қоспанның ойын түртіп оятып, басқа бір дүниені көз алдына әкелді.


Ол кезде дүние соншалық тар еді. Сыбдыр еткен дыбыстан, қылт еткен қардан қорқып жанын қоярға жер таппай тарының қауызына сыйып кеткісі келген кезі еді. Бар тілегі — ешкімге көрінбеу, ешкімді көрмеу. Түнде келіп тығылғанда қап-қара боп тұтасып қашқынды тас қымтап алған орман таң қылаң бере құшағын ашып, селдірей ыдырап бара жатты. Пердені ашып жібергендей жан-жағындағы дүниенің бәрі бадырайып көріне бастады. Жалаңаштанып қалған Қоспан бұтаның түбіне тығыла түседі.


Әншейінде сырттан қарағанда мүлгіп тұратын кішкене орманның іші үнге толы екен. Таң самалымен қыбырлап неше түрлі нәзік дыбыстар тіріліп келеді. Қоспан қыпылдап әр сыбдырға құлақ тігеді. Көктемнің көгілдір ауасы тұп-тұнық. Бірақ жасыл ағаштан төгіліп тұрған мол жапырағы ауаның әр лебіне сыбырлай суылдап үн қатады.


Кейде ақырын ғана күрсініп қояды. Қалың көк шалғынның арасынан зуылдап май қоңызы ұшады. Жұп-жұқа инелік қанатының да өз дыбысы болады екен. Қоспан кенет селт етті. Нәзік, еміс дыбыстарды жарып ара ызыңдайды, бейне самолеттің гүріліндей.


Бір кезде арт жағынан ақырын басқан аяқ дүңкілі естілді. Жүрегі дүрсілдеп қоя берді. Жатқан жерінен артына қайрылып қарайын десе ыдыс-аяқ салған шкафты аударып алатын ұрыдай сескеніп, ақырын ғана мойнын бұрды. Еш нәрсе көзіне түспеді. Әлде Гусев пе екен келе жатқан? Ол тоғайдың ана шетіне тығылып еді. Аяққа дүңкілі жақындап келеді. Бір-екі рет күрсінгендей шуылдай терең дем алды. Мана көнек қызыл ала сиыр ақырын аяңдап келеді. «Артында айдаушысы болса қайттім?» деген суық ой жүрегін шаншып өтті. Жиырылып бұға түседі, бірақ сүйегі арбиған зор дене бұтаның түбіне сияр емес.


Қоспандар тығылған жан-жағын күзеп, тәптіштеп тәртіпке салып қойған кішкентай орман. Селдір ағаштың арасынан асфальт жол көрінеді. Екі шақырымдай жерде көк торғын жапырағы алты қанат отаудай теңкиген ағаш арасынан биік ақ үйлердің қабырғалары ағараңдайды. Одан оңға таман жада көктеп келе жатқан егіндік жайылып барып көп үйлі селоға тіреледі. Ол жақта да айқұш-ұйқыш жолдар, қыбырлаған арбалар, зырғып баратқан машиналар. Сол күнгі көріністер Қоспанның көкірегінде тасқа басылып қалғандай әлі күнге дейін көз алдында тұр.


Силезияның көктемі ғажап. Ауа көкпенбек, қоп-қою әр түйірі көрініп дірілдеп тұрады. Орман үстін алыс-жақын деревняларды көгілдір мұнар шалып, тәтті қиял мекеніндей елестейді. Сонау ақ үйлердің бірінен екі адам шығып бері қарай келеді. Мынау көктемгі ауаға, мынау көгілдір бақытқа мәз болғандай ырғала басады. Орман ішіндегі жолмен салдырлап арба кетіп барады. Аты мен арбасы әскердікі сияқты, бірақ үстінде самайы мен желке шашы балапанның ұлпа жүніндей қасқа бас шал мен сүйегі кең, жалпақ кемпір отыр. Екеуі де үнсіз. Кәрі денелерінің әр қыртысы шалдың анау қызыл шақа төбесіне дейін ертеңгі ауамен тыныстап манаурап баратқандай. Тамаша табиғатына, ырысы мен тыныштығына тоқмейілсіген бейқам ел сияқты. Бірақ тек Қоспан қыбыр етсе осы тұрған бейбіт дүниенің астан-кестені шығады. Бәрі жау тигендей дүрлігіп, арылдап мотоциклдер ағызып кеп, өңменіне сұп-суық найзаның ұшы тіреледі. Құлақ шекеден мылтықтың дүмімен соғып жібергенде жер шайқалып төңкеріліп бара жатады.


Ағаштың ана шетіне машина кеп тоқтады. Кузовтан екі солдат қарғып түсті. Қоспан демін ішіне тартып тына қалды. Гусев дәл сол тұста еді. Солдаттар теректің тасасына кіріп дәрет сындырып шықты да машинаға мінді.


Қауіп-қатерге де бой үйреніп кетуші еді. Бірақ қалың елдің ортасындағы сүйемдей орман пана болар түрі жоқ. Бейне әйнектің ішіне жасырынғандай... Оның үстіне жалғыз болсаң. Екеуі қатар жатса, қанша айтқанмен көңілге медеу болар еді. Бірақ Гусев:


— Түнде бірге жүреміз. Күндіз бөлек жасырынамыз — деген.


Бұл сөздің мәнісіне түсіне алмай дағдара қараған Қоспанға:


— Жаман айтпай жақсы жоқ. Ең болмаса екеуміздің біреуіміз құтылуымыз керек. Соның өзі үлкен жеңіс. Ұқтың ба? — деді.


Қоспан қарсылық айтқан жоқ. Құптасын, құптамасын, Бірақ Гусевтің сөзінде ащы шындық бар. Абзалы Қоспан өзінен гөрі Гусевке көбірек сенетін. Ұзын барактағы тұтқындардың көбі-ақ осы жігітті жақсы көруші еді. Ол танысқанда аты-жөнін айтып жатпай, қысқа ғана «Мен Гусевпін» дейтін. Өзгелер де содан оның Иван деген атын атамай «Гусев» деп кеткен.


Лагерьде бұлар таңертеңнен кешке дейін жер қазып жүрген кезі еді. Күніне бір тостаған қара быламық пен бір асаудан қалмайтын қара нан береді. Қоспанның қалжырап күші кете бастады. Кейде үлкен күректі топыраққа көміп алып, көтергенде бұралаңдап кетеді.


— Несіне арамтер боласың, — деді біреу ақырын ғана.


Қоспанның көтерген күрегі сылқ етіп түсіп кетті. Қасына өзі шамалас ірі орыс жігіті келіпті. Оны баракта көріп жүретін. Қоңыр шашты, жақ сүйегі шығыңқы, бітік көздеу — кескіні шығыс халқына ұқсас. Иегін алға ұмсынып, басын сәл қайқайтып ұстайтын әдеті бар. Кілең тұнжыра төмен қарай салбырап кеткен бастардың ішіндегі еңсесі көтеріңкісі осының басы болатын. Жанары талып торыққан көзқарастар мен түнерген қабақтардың арасында да мұның қуақы көзі жұлдыздай жылтырап тұрады. Қоспан әлгі жігітке қарап селтиіп тұрып қалды. Ал, оның өзі еш нәрсе көрмегендей жеңіл қимылдап топырақты лақтырып жатыр.


— Қарауылшы келіп қалды, қимылда,— деді Қоспанға бұрылмастан.


Қоспан еш нәрсеге түсінбей жұмысына қайта кірісті. Әлгі жігіт сәлден кейін тағы тіл қатты.


— Күрегіңді батырмай қалқып ал да, топырағыңды боратып шашып лақтыр. Сонда өзің де қиналмайсың, қарауылшының көзіне де топырақ шашасың. Асықпай бір ырғақпен қимылда.


Қоспан енді бір айналып қарағанда әлгі жігіт жоқ. Қайдан келіп, қай жаққа кеткенін де байқамай қалды. Сапқа тұрғызып баракқа қарай айдап келе жатқанда оң жағындағы біреу қолын қысты.


— Қалай, жұмыс тәсілін үйрендің бе? — деді манағы жігіт бетіне күлімсірей қарап.— Осы сен өзің қазақ емессің бе? Міне ғажап, жерлес болды. Мен Ақмоланың Гусевымын ғой.


Содан екеуі орайласып кетті. Қоспан көп уақытқа дейін Гусевтің мінезіне түсіне алмай жүрді. Ел-жұрт, қатын-бала мұхиттың арғы бетіндей алыста қалды. Мына тікенекті сым қоршау мен анау азапты карьерде бұлардың өмірі өшіп барады. Ал, Гусев болса уайымы жоқ адамдай жайдары мінезінен танбайды. Осы жігіт несіне мәз болады деп ойлайтын.


Шынында да немістердің концлагері — адамның бар күшін сығып алып, майы таусылған шамдай ақырын өшіруге арналған орын болатын. Таң атқаннан күн батқанша тыным таптырмай жер қаздырып, карьерде тас қопартып ауыр жұмысқа салады. Әлсіреп, титықтаған адамға да ешбір тыныс бермейді. Олардың соңғы күшін сығып алып өлігін өртеп жібереді. Тұтқындардың аяғына ағаштан ойған кебіс кигізеді. Жұмысқа да сонымен барасың. Тық-тық етіп жүрісің өнбейді. Ағаш қалыпқа адамның аяғы үйрене алмайды екен. Әсіресе кісінің табаны шыдамайды. Ортасынан омырылып кетердей сүйегі қан қақсайды да тұрады. Тұтқындар жасырып табан астына ескі-құсқы шүберек тығады. Бірақ оны көріп қалса қарауылшы резинка сойылмен дүре соғады. Бұл ағаш кебістің фашистер үшін екі түрлі пайдасы бар екен. Біріншіден тұтқын қаша алмайды. Екіншіден... адамды аздыратын қорлықтың бұл да бір түрі. Ылғи аяғың сырқырап ауырып жүргесін миғұла, кеще болып кетесің.


Күн бата сым қоршаудың ішіндегі ұзын барактарға әкеп сүңгітеді. Одан кейін тіпті лагерьдің ішінде жүруге де рұқсат жоқ. Бейсауат жүрген орыс тұтқындарын ешбір ескертусіз атуға әмір берілген. Көрші барактағы француздар «біздің сіздерден артықшылығымыз бар, сендерді ескертусіз атады, бізді ескертіп алып атады» дейтін. Барактың ішінде үш қабат сәкі, соған сығылысқан тұтқындар. Түнге қарай іші сасып, тыныс алу қиындап кетеді. Ертеңгісін қарауылшылар шаңқылдап жұртты орнынан қойдай өргізеді. Қол-аяғыңа қорғасын құйып қойғандай қозғала алмай жатсаң да, амал жоқ, тез тұрасың. Кешеуілдеп қалғандарына партылдап резинка сойыл тиеді. Сойылдың ізі денеңді отқа қарығандай, көп уақытқа дейін дызылдап ашып тұрады. Кейбіреулер сойыл партылдап қанша осып жатса да қыбыр етпей серейіп жата береді. Қарауылшы оның аяғымен бір-екі теуіп көреді де «алып шығыңдар!» деп әмір береді. Соңғы күндері ондайларды жиі «шығаратын».


Алғашқы айларда жұрттың көбінде үміт болатын. Түнге қарай бір-бірімен күбір-күбір сөйлесіп, қашудың, құтылудың жолын көбірек ақылдасатын. Жыл асқасын ол тәтті үміт те сөнуге айналды. Тұнжырап қабақтары түсіп кетті. Тіпті бір-бірімен сөйлесу де азайған. Сондай кезде Гусевтың мінезі Қоспанды қайран қалдырды. Төбесінен зіл басып тұнжырап тұрған қараңғы барактың ішінде әркіммен күбір-күбір сөйлесіп, әр жерден әңгіме тұтады. Кейде мырс еткен күлкі де естіліп қалады. Олар Гусевтың анекдотына күледі. Кейбіреулер оған ашуланып та қалады. Бірақ Гусев ренжімейді. Әңгімесін соға береді. Сөзінің басы «менің бір досым айтушы еді» деп келеді.


Титықтап таусылған тұтқындар сіркелері су көтермей өзара сөзге келіп лезде қырқысып та қалатын. Ондайда Гусев барып екі жағын да су сепкендей басады. Қабақ шытыстың аяғын қалжыңмен жұмсартып кетеді. Өзінің орынсыз ызаланып, шырт ете қалғанына ұялған тұтқын:


— Әй, осы сенің-ақ қалжыңың қалмайды. Дозақта отырып та күлесің,— десе:


— Менің бір досым айтушы еді, кісі үйреніп алған соң дозақта отырып та бір-біріне от шашып ойнайтын көрінеді ғой,— деп жауап беретін.


Қоспан тұтқыннан құтылу жөнінде Гусевқа құлақ қағыс қылып жүретін. Ол:


— Менің бір досым айтушы еді, сау адамның құтылмайтын пәлесі жоқ деп, саспа. Бір орайын табамыз,— деп дәмелендіріп қойған.


Сөйтіп жүргенде лагерьдің комендатурасы тағы бір жаңа тәртіп шығарды. Кешке қарай жұмыстан айдап келгенде тұтқындар үстеріндегі номерлеген киімдерін арнаулы күзетші тұрған жерге шешіп, бараққа көйлек-дамбалшаң кіретін болды. Онсыз да езіліп жүрген тұтқындардың ұнжырғасы түсіп кетті. Кейбір қашуды ойлап жүргендердің үміті сөніп қалды. Гусевпен екеуі ұзақ ақылдасып, зерттеп жүріп қашатын жолдарын белгілеп қойып еді. Енді бәрі зая кетті. Жалаңаш қай жерге сыяды? Қайда барады?


Осыдан екі ай бұрын лагерьге жалдаптар келіп, Власовтың армиясына адал шақырып үгіттеп жүрді. Әбден түңілген жұрттың кейбіреулері солардың қармағына ілікті. Сәкіде қатар жататын көршісі Қоспанға сөз сала бастады. «Біз де жазылайық. Қолымызға қару тиген соң өзіміз білеміз ғой. Бір күні зып беріп арғы бетке өтіп кетеміз»,— деп құлағының құрышын жеді.


Ол өзі лагерьге кейін келген, осылардың ішіндегі қоңдысы болатын. Бірақ өзге жұрттан ертерек божырай бастады.


Оның тұтқынға түскеннен кейінгі өмірі пәлендей жаман болмапты. Олардың партиясын ауылшаруашылығында жұмыс істеуге неміс қожайындарына үлестіріп берген. Бұл күйеуі майданға кеткен ауқатты неміс әйелінің үлесіне тиіп, соның егінін салып, малын күтіп жүріпті. «Мал қорасын қызыл кірпіштен салған, егін-жайы да күтімді, не керек шаруасы мығым еді» деп мақтайды. Жұмысы ауыр болыпты, бірақ тамағы тоқ, таза ауада жүрген соң кісі жүдей ме.


— Әттең өзімнен болды. Әйтпесе соғыс біткенше мұртыңды балта кеспей жүре беретін едім,— деп өкінеді.


— Нағып лагерьге түсіп қалдың?— деп сұраған көршілеріне өз хикаясын шертіп береді.


— Менің хозяйкам фрау Эльза дейтін қырыққа келген әйел еді. Өзі шаруақол. Соғысқа дейін күйеуін де аямай жұмсаған екен. Мені де аямай жұмсады. Әйтеуір күйеуінің атқаратын бар қызметін маған түгел артты. Мен өзім шаруамен көз ашқан жұмысқа мықты жігітпін. Тек тамағым тойса болды. Оның жұмысына қыңқ еткенім жоқ. Күндізгі шаруасымен түнгісін қосып атқарып жүре бердім. Обалы не керек, мені сыйлайтын.


— Олай болса не жазып қалдың,— деп сұрайды сәкідегі көршілері.


— Қара басқанда сайтан азғырғаны. Фрау Эльза жасы келіп қалған әйел, Оның үстіне сыриған арық еді. Неміс қатындарында емшек те болмайды ғой. Кеудесі тақтайдай. Мен өзім әуелден әйел жағына осалдау жігіт едім. Содан тамағым тойып алған соң құтыра бастамасым бар емес пе. Оның үстіне бүкіл селода еркек кіндік қалмаған. Соңғы кезде Гитлер шалдарына дейін сыпырып алды ғой. Құтырып жүрген жас фраулардың өздері келіп сүйкене бастады. Әйелдің өзі келіп сүйкенсе еркек адам қалай шыдап тұрады. Алғашқыда фрау Эльзаға білдіртпей жүріп едім. Бірақ қолдан қолға тигізбей алып кеткен соң білінбей қала ма. Содан барып шатақ туды, бауырларым. Фрау Ильза барып арыз айтыпты. Әрине, ұлы Германияның асыл нәсілді әйелдерімен жүрді деп арыз айтуға болмайды. Мені «жұмыс істемейді, ұры, қауіпті адам» депті. Өзінің соғылып қалғанын кейін бірақ, білді. Бірақ аналар көнсін бе, қайта күдік туғызып, мені атып тастай жаздады. Ай, бауырларым-ай, кісі ақымақ болса солай болады ғой. Нем бар еді, қарап жүре бермей,— деп әңгімесін күрсініп бітіретін.


Бұрын талай қоқайды көріп, дозақты сатылап бастап осы қияметтің аузына шынығып жетпегендіктен бе, сол жігіт ең соңынан келсе де жұрттың бәрінен бұрын қажи бастады. Әлі де аздаған қоңы болса да, қу сүйегі қалғандардың төзгеніне төзе алмай жүрді.


Енді власовшылардың ұсынысына жармаса кетті. Қасында жатып алып Қоспанды үгіттейді. Әуелгіде оның сөзін тыңдағысы да келген жоқ еді. Бірақ ойланып-толғанып қараса басқа не амал бар?


Қашатын жол қалмады. Мына концлагерьде тірідей шіріп өлгенше... Көршісінің ақылы Қоспанның миына қонайын деді. Осы ойын Гусевқа айтты.


Бұлар көбіне бір-бірінің сәкісіне келіп қатар жатып күбірлеп сөйлесетін. Гусев тақтадан басын оқыс көтеріп алды. Қара көлеңкеде Қоспан оның жүзін көре алмады, бірақ көзінің жарқ еткенін анық көрді. Ол үндемей сазарып біраз отырды да:


— Осы шының ба?— деп сұрады.


— Е, шыным болмағанда... Енді басқа қандай амал қалды?


— Бар тапқан амалың Власовтың әскеріне жазылу ма? Одан сорақысы ойыңа келген жоқ па?


— Мен оған шын пейіліммен жазылайын деп тұр дейсің бе? Қолыма қару алған соң...


Гусев тағы үндемей Қоспанның бетіне қарап біраз отырды.


— Оттапсың, — деді бір кезде. — Олар сенен ақымақ ғой дейсің бе? Оп-оңай өткізіп жіберер сені.


Қоспан оған жауап қайтара алмады. Қара көлеңке болса да қабағының астымен Гусев түсінің суып көріп отыр. О да мұны үндемей зарықтырып барып тіл қатты.


— Есіңде болсын. Өзгесін былай қойғанның өзінде Совет өкіметіне қарсы қолыңа қару алып шығуың... жә... Менің бір досым айтушы еді, қателеспейтін адам жоқ деп. Сен туралы қателескен екем.


Гусев орнынан тұрып жүре берді. Оның ашуланғанын Қоспан алғашқы рет осы жолы көрді.


Осыдан кейін екеуінің арасы біраз уақытқа дейін суынып кетті. Гусев мұнымен сөйлеспейді. Көрсе де көрмеген болып жүре береді. Бұл Қоспанға әсіресе ауыр тиді. Тек бір рет өзінің қасындағы Власовтың әскеріне кетпек болған жігітпен Гусевтың сөйлесіп жатқанын естіді. Ана жігіт оның сөзіне иліккендей болды. Бірақ сонда да тартыншақтап:


— Мен тұтқынға енді шыдай алмаймын. Қашпақ болып ем. Мінекей үстіндегі киіміне дейін сыпырып алып түнде жалаңаш тастайды. Басқа не жол қалды? Айтшы, — деді.


— Менің бір досым айтушы еді: дені дұрыс адамның айтылмайтын пәлесі жоқ деп. Ай, денің дұрыс болса түсінер едің ғой. Немістер біздің штанымызды қарық болғаннан шешіп алып жатыр дейсің бе? Біле білсең оларға да тықыр таянған. Осындай кезде есі дұрыс адам сатқындардың армиясына бара ма? Оныңды саған кім кешіреді? Ойлашы өзің.


Анау үндемей қалды. Гусев сәкіден тұрып бара жатып:


— Есіңде болсын. Дені дұрыс адамның құтылмайтын пәлесі жоқ,— деп оны иығынан бір нұқыды.


Тұтқындағы ауыр күндер өтіп жатты. Біріне-бірі айнымай ұқсайды. Құдайдың құтты күні тас қопарасың, кешке киіміңді сыпырып алып баракқа қамайды. Күндегі сезім де біреу: денеңді қорғасындай басқан зіл салмақ, қолқаңды солқылдатып суырған аштық.


Тек кейінгі күнде өмірге енген өзгеріс бір топ тұтқынды апарып заводтағы жұмысқа салды. Мамандығы барлар темір жонып деталь жасайды. Істейтіндері бір имек қырлы темір. Оның неге керек екенін соны жонып жүрген тұтқындар да білмейді. Қоспан мен Гусев темір түсіреді, темір тиейді. Одан қалды станоктердің түбіндегі темір жаңқасын сыпырады. Мұнда неміс жұмысшылары да арасында Гусев көбіне соларды айналдырады. Өзінің шала білетін немісшесіне аналардың бір-екі ауыз орысшасын жалғап әйтеуір түсініп жүреді. Әсіресе бетінен тарам-тарам көк тамыры көрініп тұратын қызыл шақа қарт немісті айналдыра береді. О да өзгелерінен гөрі тұтқындарға үйірсектеу еді.


Бір күні жүк түсіріп жатқанда Гусев Қоспаннан:


— Аяғыңа нешінші размер киюші едің?— деп сұрады.


Қоспан түсіне алмай аңырып қалды.


— Қырық төртінші. Оны қайтесің?


––Туһ, құдай да саған соншама аяң бергенше бас берсейші. Несіне аузыңды аңқитасың. Саған етік заказ берем. Бірақ былғары жеткізуім қиын болар.


Сол қарт неміс уәделескен жерге екі адамға арнап бешпет, шалбар, ботинка қойыпты...


Май айының күні тіпті ұзарып кеткен. Әрең өрмелеп төбеге таман көтерілген күн енді сол биігінен түспей-ақ қойды. Әр минутын санап жатқан қашқынға уақыт өтіп болар емес. Қоспан түнімен ұйқы көрген жоқ, алдағы түн тағы да жол үстінде өтпек. Еті үйрене келе түске таман ғана көз шырымын алды. Кәдімгі құс ұйқы: қалғып ұйықтап кетіп, қайта оянумен жатыр. Шаршаған денесіне ерік берсе қорылға басып кетем бе деп қорқады. Қанша ұйықтағаны белгісіз, көзін ашып алды. Аяқ тысыры естілді. Біреу жүгіріп келеді. Қадамы жеңіл! Дік-дік етеді. Беріректе неміс тілінде әйел дауыстайды. Шықылықтаған күлкі. Кәдімгі бала күлкісі. Қоспан жайымен ғана бұтаны ысырып сығалап қарады. Алдында таяқ тастам жерде қызыл қасқа сиыр тұр. Соған қарай бес жасар шамасындағы сары бала жүгіріп келеді. Бұтында тізесінен жоғары қысқа көк шалбар, үстінде ақ көйлек. Оның соңында жіті басып, көкірегі тақтайдай жазық, тарамыс денелі әйел келеді. Бала домаланып кеп сиырдың құйрығынан тартты. Бүйірі шығып тойып алған қызыл қасқа сиыр мыңқ етіп қозғалмай мойнын самарқау бұрып артына қарайды.


Қоспан қыбыр етпестен бәрін ап-анық көріп жатыр. Әйелдің үстінде жұпыны сұр көйлек. Бидай түстес шашын желкесіне түйген. Көзі тұздай, істік мұрын сары. Баласына «қой» деп кейіген болады. Бірақ даусында зіл жоқ іштей қызықтап емірену бар. Домалақ сары бала кішкентай өкшесімен жер тіреп, сиырдың құйрығын шалқая тартады. Әйел келіп баласын құйрығынан бір ұрып, қолынан жетектеп алып, сиырын айдап кетіп барады. Бала бірде шықылықтап күліп, бірде бұлқына шырылдап тартыншақтап, ақыры шешесінің қолынан босанып жүгіріп кетті.


Көз алдына әйелі мен баласы елестеді. Мұраты өзі кеткенде екі жаста еді. Қазір беске шықты. Жаңылдың соңында өстіп жүгіріп жүр ме екен... Қоспанның көкірегін сағыныштың оты өртеп барады. Жаңыл... Бұл дүниедегі Қоспанға ең жақын адам. Мауқы басылмай артта қалған жары. Қоспанның көңілдегісін ондай түсінетін, ұғатын басқа адам бар ма. Сонау алғаш көргенде-ақ соған өзінің іштей бір жақындығы барын сезіп еді ғой. Өзеннен су алып бара жатқан сұңғақ бойлы қара торы қыз назарын бірден аударды. Иінағаштан еңкейіп қабағының астынан қарағанда көз жанарында ерте түскен қасіреттің ізін танып еді Қоспан. Сол кескіні жүрегін шым еткізді. Әдемі ат жақты, дөңгелек қарақат көзді ажарлы болса да, өзін қорсынғандай еңсесін басқан ұяңдық бар. Біреуден жапа шегіп, қиянат көріп қалғандай кісіні тосырқап, жан біткеннен именіп тұрады. Сұрастырып қараса кісі қолындағы жетім қыз екен. Жетімдіктің мұң-зары Қоспанға да таныс еді. Әлденеге мазасы кетіп сол қыздың жолын аңдитын болды. Анық мақсатын өзі де білмейді. Әйтеуір соған бір жақсылық істегісі келеді. Талай-талай жақсы сөз айтып көңілін жылытқысы келіп өзеннен су алатын мезгілін тосады. Бірақ кездескенде айтатын сөз таба алмайды, тек барлық мейірімі бадырайған томпақ көзінде тұрады.


Жаңыл Қоспанның қолына келген соң құлпырып шыға келді. Еңсесі көтеріліп, жүрісі ширап қуанған баладай өзінен өзі күлімсіреп тұратын. Қоспан да оның түрін көріп күнде сүйсінетін. Жаңылдың көңілінің өсіп келе жатқанынa марқайып бірге қуанатын. «Апырау бұрын осындай бақыттан құралақан боп қалай тұрғанмын» деп таңырқап қоюшы еді.


Екі-үш жылдан кейін Мұрат туды. Екеуінің жан-тәні соның үстінде болды. Осы бір кішкентай нәресте Жаңыл мен Қоспанды бұрынғыдан бетер біте қайнастырып біріктіріп жіберді. Екеуі кезек-кезек қолдарына алып балаға, бір-біріне сүйсініп, емірене қарайды. Жаңыл босанғаннан кейін Қоспан оның жүзінен тағы бір жақсы өзгерісті байқады. Қара торы қалың өңі жұқарып, көзінің өткір нұры жұмсарып бойында ерекше бір нәзіктік пайда болды. Бауырындағы баласына қарағанда жұқа ернінде мап-майда күлкі табы тұрады.


Тұтқында жүргенде жүрегінің ең бір тереңінде бүркеп ұстап сыртқа шығармай тұншықтырып келген әйеліне, баласына деген сезімі ағытылып кетіп кеудесін сығып барады. Өмірінің аяулы кезеңдері көз алдына елестеп сағыныштың отын үрлей түседі.


Қоштасар кезде Мұратты бауырына басып сүйді де шешесіне қайырып берді. Жаңыл көз шарасы жасқа толып жаутаңдап қарап тұр. Ай, осы қазақтың жалған әдебі-ай. Сонда Жаңылды бауырына қысып сүймеді-ау. Қоспанның кеудесіне бетін басып, көкірегін кернеген өксігін шығара алмай, көз жасына тұншыққан күйі қалып қойды.


Қазір қандай күйде жүр екен? Хат жоқ, хабар жоқ. Жердің астына түсіп кеткендей зым-зия болды. Екі көзі төрт болып күтіп жүр ме екен? Кішкентай Мұрат та ес білді ғой. Әкесін сұрап мазасын ала ма екен? Әлде «өлдіге» санап екеуі де жетімдікке мойынсұнды ма? Туған жердің топырағына жетіп Мұраты мен Жаңылын құшып сүйетін күн бар ма?


Ащы тамшыны езуіне барып, тамсанып есін жиды. Көзінен сорғалап жас аққан. Тұла бойы ауырлап езіліп қалған. Егіліп кеткен көңілін тоқтата алмай булығып үнсіз солқылдайды. Елден шыққалы көзіне бір тамшы жас алмап еді. Тұтқынның азапты айлары мен жылдарында іштегі баттасып жиналған шері ағылып кетті.


Біраздан кейін Қоспан көңілін тежеп, бойын билеп алды. Өзінің аяқ астынан соншалықты босап кеткеніне ашуланды. Тұтқыннан қашарда ажалға басты байлап, бақұл боп шыққан. Ормандай сыңсыған қалың немістің арасымен көзге түспей талай жүз шақырым жол жүру керек. Оның ар жағында жаудың қалың әскері бар. Әр қадамын бағып тұрған қатер бар. Тас түйін боп бекіп алмаса несіне лагерьді дүрліктірді. Қоспан сазарып ұзақ жатты. Енді етін боршалап кесіп жатса да қыңқ етпеске іштей ант берді...


Батыс жақты тағы да бұлт торлап батар күнді көзден жасырған. Жаңағы бір әзірде жарқырап тұрған қардың реңі солған. Қоспан ылдиға қарай түсіп келеді. Түстен бері біраз жер жүрген қойлардың аяқ алысы ауырлап кетіпті. Кейбіреулері мойны салбырап, бүйірі солқылдап тұрып қалады. Қоспан алдындағы еңіске қойын иірді де, қас қарайғанша алдыңғы жақты шолып қайтуға ілгері жүрді. Аттан шоқыдан Кішкене құмға тура беттей алмай бір бүйірлеп ойысып кетті. Бұл жаққа онша қанық емес, бет алысы болжал ғана болатын.


Отардан ұзай бергенде қырқаның астынан бір нәрсе қылаң етті. Сәлден кейін бүлкілдеп бара жатқан арлан қасқыр анық көрінді. Қоспан қуа түсті де кейін қайытты. Бәрібір жеткізетін емес, құр атын зорықтырып алатын түрі бар. Сұрапылмен алысқанда аман келе жатқаны осы пәле еді, енді «мен мұндалап» жотасын көрсетті. Адамнан қашып қыр асып кетсе де, қара көріп қалған аш қасқыр қайтып оралын соғары кәміл.


Не де болса Қоспан бүгін осы ылдидан әрі асып кете алмайды. Таң атқанша қойларын торуылдап шығады. От жағайын десе маңайда бұдыр бұта жоқ. Ымырт үйіріле ат үстіне қонып төңіректі шолумен жүр. Сойылын ыңғайлап тақымына қысып алды. Қаншама құлақ түріп тың тыңдаса да төңірек жым-жырт. Аяқ астында еміс-еміс қылаң беріп ағараңдаған дала әрегірек барып күлгін қоңыр түнекке ұласады. Күндізгі кең дүниенің аумағы тарылып алақандай жерде ғана бозамық саңылау қалған. Ар жағы қараңғы тұңғиық. Соның қай тұсынан көзі жылтылдап шыға келерін...


...Қасқырдай овчарка арсылдап қуып келеді. Қоспан ағаштан ағашқа жалтара қашады. Сатырлап мылтық атылады. Зу еткен оқ ағаштың қабығын сыдырып кетіп жатыр. Қоспан ырсылдаған иттің жетіп қалғанын сезіп жалт береді. Құтылмасын біле тұра аз да болса ұзай түспек. Қуғыншы жақындап қалғанда Қоспан бұрын қашып із кескен иттің бетін Гусевтен тайдырып әкетті. Жан ұшырып ышқынып келеді. Денесін сойып кеткен бұтақтарға да қарамайды. Иттің ырсылдаған демі тіпті жақын. Соңғы рет жалтарғанда қоң терісімен қоса шалбарының бір балағын сыдырып түсті.


Бір тәуліктен кейін тас камераның ішінде есін жиды. Көзін ашып қарауытқан төбеге қарайды. Маңдайдағы көзі мен кеудедегі жанын суырып алып бір ауыр бөрененің ішіне тығып қойған сияқты. Жансыз денесі қозғалмайды. Еш нәрсені сезбейді де. Осылай ұзақ жатты. Кейінірек барып өткен-кеткен есіне түсіп, ісініп кеткен басында қорғасындай ауыр ойлар қозғала бастады. Асты-үсті мен төрт қабырғасын түгел цементтеп тастаған тас зындан кеудесін басып тұншықтырып барады. Бар жан күшін салып, тынысы біткенше шіреніп аударылғысы келіп еді денесі қозғалмады. Көзі қарауытып қайтадан талықсып кетті. Қоспан осы камерада өлім сағатын күтті. Бір ғажабы ажал қаупі төнгенде қиналмады, қорықпады. Өлімді таусылмас азап соңындағы тыныс сағатындай — тыныш қана қарсы алмақ болды.


Гусев... Беті жалқылдаған ісік. Оң қабағынан төмен қарай жағын тіліп өткен қанды сызық бар. Кілкілдеп ісіген қабағының астынан көзі әрең жылтырайды. Екеуін жауапқа әкелді. Коридордың бойында қатарласа беріп кісендеулі қос қолын қатар ұсынып Қоспанның білегінен қысты.


— Нағыз жігіт екенсің. Рақмет!


Артта келе жатқан айдаушы иығынан түйіп жібергенде шайқалып барып жарға соқты. Қиралаңдап құлай жаздап, бойын әзер түзетіп алды да ауыр аяғын тік басып кетті. Есікке жақындай бергенде артына қайрылып Қоспанға тағы да тіл қатты.


— Біз бұлармен әлі де талай айқасамыз. Беріспе.


Кейін барактағы жолдастары «қалай қолға түсіп қалдыңдар?» деп сұрағанда:


— Неміс жерінде Қоспан екеуміз сияқты ірі немелерге қашуға болмайды екен,— деп жауап береді.


— Неге? — десе, айтатыны:


— Анаңның көрі жанғыр, мұнда орман сияқты орман бар ма. Кілең бір шөкімдей нәрсе. Басыңды жасырсаң бөксең көрініп жатады.


Қан жауса да қажуды білмейтін ғажап жігіт еді.


Қоспан отарын айналып: бірде атқа мініп, бірде жаяу тыным таппай жүр. Уақыт өтіп болар емес. Қыстың ұзақ түні тапжылмай шөгіп жатып алған. Өткен-кеткен ойға оралып, көз алдынан шұбатылып өтіп жатады. Бірақ әлденеге селт етсе кілт үзіліп, ызғарлы түнге, иіріліп жусан жатқан қойларына қайтып оралады. Уақыт ұзаған соң Қоспанның күдігі ыдырап, Тортөбелдің ауыздығын алып отқа қойды. Тонын жайып өзі де қисайды. Көзі ілініп барады екен, кілт оянып көтті. Құлағына бір ызың келеді. Майлыаяқ та қыңсылап бір-екі рет үріп қойды. Қасқырдың ұлығаны. Қоспан жалма-жан орнынан тұрып, сойылын ала сала атына қарай жүгірді. Сөйткенше-ақ шабалаңдап иттері де үре бастады. Оқшауырақ жайылып кеткен Тортөбелді тез ауыздықтап қарғып мінді де отарына қарай шоқытты.


Бір нәрсені сезгендей қойлар да дүрлігіп тұрды.


XII


Күреңқасқа иесін танып, шекесінен қарап оқыранып қойды. Жарға түскен көлеңкедей қараңғыда сырт мүсіні ғана көрінеді. Тік көтерілген қаз мойыннан төмен қарай сорғалап түскен сызық биік шоқтығынан тайғанап сегіз көзге таман сәл майысып барып, жұп-жұмыр сауырдың үстіне толқып шығып құйрыққа қарай құлап кетеді. Жүгіріп өткен ерке толқынның ізі сияқты әсем сымбат. Қаламүш мойнынан сипағанда салқын қыраудың астынан қолына мақпалдай жұмсақ, жылы түгі тиді. Күреңқасқа бүкіл денесіне ток жүгіріп өткендей дір етіп сілкініп алды. Басын Қаламүштің иығына салып кең танауының жылы, дымқыл демімен шарпып өтті. Бір күн қорада байланып, әбден тыңайып құлшынып тұр екен.


Қадыржан да қорбаңдап, қараңғыда атын ерттеп жатыр. Әлі де ұйқысын аша алмай пысылдап, тоңази жиырылып есінеп алады.


— Құдайдың таңын күтпей... осы жеті түнде қайда барамыз,— деп өкпелеген баладай күңкілдеп қояды.


Қаламүш ағасының мінезін білетін. Үндемей атын ерттей берді. Қадыржан тағы да біраз міңгірлеп еді, ақыры боқмұрын інісінің селт етпей қойғанына ыза болды білем:


— Осы... осы сен бала ақымақ болма. О несі-ай маған. Таң атқанша ешқайда бармаймыз. Атыңның ерін ал,— деп қайтадан тартпасын ағыта бастады.


— Неге бармаймыз?


— Жеті қараңғы түнде... мына боранда... ay, ұшып өлмейміз бе?


— Ә-ә, жаның тәтті екен ғой. Ендеше қала бер, өзім кеттім,— деп Қаламүш атына мініп алды.


— Омай-ау, шікін, есер баланы жеті түнде жалғыз жіберіп, сонда мені кім деп отырсың өзің. Кәнекей, түс аттан!— деп Қадыржан тірілгендей болып еді. Қаламүш атын тебініп жөнеле бергенде:


— Әй, әй, тоқта, тұра тұршы енді. О несі-ай,— деп сасқалақтап қалды.


— Ендеше тезірек атқа мін.


Бұрқасын қараңғы түнде Қаламүш желе жортып келеді. Алдынан қиялай соққан жел кірпігіне қар бүркіп, көзін жасқа толтырып жібереді. Бет-аузын шарқатпен таңып алып еді, сонда да саңлау тауып кірген қар дәл танауының астына барып ериді. Түбіт шарқаттың түгін сулап бетін қышытады. Қаламүш желге иығын тосып ат үстінде қырын отыр. Арт жағында текіректеп Қадыржан келе жатыр. Ауық-ауық үлкендігі ұстап кетіп:


— Ай бала, жолды байқап отыр. Лағып кетіп жүрме!


Не болмаса:


— Әй, жау қуып бара ма сені?! Аттың өкпесін қабындырып аларсың,— деп кейіп қояды.


Мана аттанар жерде мінезіне ыза болып тікелеу айтып салғаны болмаса Қаламүш ағасының бетіне келмейтін, бірақ оны іштей сыйламайтын да. Сондықтан сөзін салғырт тыңдап, құлағына ілмей жүре беретін. Бірге туған жақындағы болса да, табиғаты қаламады ма, Қадыржанға онша көп жуыспайды. Жалпы Қаламүштің өз үйіне деген сезімі қызық. Бір түрлі — бүйірден бөлек біткен бұтақ сияқты. Өз әкесі Мінайдарды атасындай көріп, ізет құрметпен сыйлайды. Басынан үйренбегендіктен бе, оған емін-еркін еркелемейді. Өз үйіне келгенде, қонаққа келген жақын туыстың баласындай бойын іркіп жүретін.


Ал, анау үй өзінің үйреншікті үясы. Онда тіпті еркін. Қоспан кішкентайынан алақанына салып өсірді. Соның қойнына тығылып жатпаса ұйқысы келмейтін. Қаршадайынан тайға мінгізіп қасына ертті. Осы даланың Қоспанға еріп Қаламүш кезбеген бір түкпірі, ол ойнамаған ой-шұқыры жоқ. Мінекей қазір осы құлап келе жатқан еңісте шымырлап аққан мөлдір бұлақ бар. Жазда төңірегі көкпеңбек тепсең. Шүпірлесіп қозы-лақ келіп бұлақтан су ішеді. Лақтың кіп-кішкентай сүйір тұмсығымен суды талмап ішкенін Қаламүш қызық көретін. Бұлақтың ернеуі желімдей көк саз. Қаламүш көк сазды уыстап үзіп алып, умаждап илеп қозының, жылқының, түйенің мүсінін жасап қаз-қатар тізіп қоятын.


Далада Қоспан ағасымен қой бағып жүрген кездері де көз алдында. Әсіресе күн батарда алыстың бәрі айқын көрініп, күндізгі ыстықтан кейін кешкі самалға бауырын тосып рақаттанып көсіліп жатқан кең дала... Жүрегі шымырлап, белгісіз бақытқа елігіп алысты аңсайды. Құнанына мініп шауып кетеді. Көкжиекті көмкеріп тұрған қыратқа шыға келгенде — алдынан тағы да рақат кеңістік ашылады. Қаламүш әр жерінде жолақ-жолақ көлеңке жатқан еңіске сүйсіне қарап, сонау алыс адырға да шауып шығып тамашалағысы келеді. Көлеңке басын ұзартып, күн батуға таянғанда кейін қайтады.


Оқшау жалғыз үй алыстан көзге түседі. Есік алдынан көлбеп түтін шығады. Жаңыл жеңешесі жер ошаққа ас пісіріп жатыр. Қойын арғы қыраттан бері қайырып Қоспан ағасы келеді. Көлеңкесі бір шақырымға созылған. Қасына шауып келген Қаламүшке мейірлене қарап:


— Қалқам, құнаныңды алқындырып алыпсың ғой, кішкене солығын бас,— дейді.


Ірі тұлғасында мынау кешкі даладай тыныштық пен мейірім бар.


Қоспан ағасының түрі Поль Робинсонға ұқсайды. Атақты әншінің суретін журналдан алғаш көргенде Қаламүш қайта-қайта қарай берген. Тек Қоспан ағасының бадырайған томпақ көзі үлкендеу де, шашын қиған көк құйқалы шекесі жалпақтау. Көзіне жылы ұшыраған сол адамның суретін қиып алып, кітабының арасына салып қойған...


Бұлар өрге шыққанда жел қатайып ұйтқи соқты. Күрең қасқа мойнын төмен салып пысқырып қояды. Танауына қар кептеліп қалатын болар. Таяқ тастам жерден әрі қарай бұлдыр. Сонау алыс, елсіз Қарақияның даласында ығып Қоспан ағасы жүр. Үш күннен бері суға батқан тастай. Хабарсыз, белгісіз. Қаламүш таң ата орталыққа жетіп бүкіл колхозды дүрліктіріп аяғынан тік тұрғызбаса...


Кішкентайынан-ақ Қоспанды туған әкесіндей көретін. Бірақ келе-келе оның үлкендігі азайып көбіне Қаламүшпен терезесін тең ұстап, сырлас, мұңдас ағасына айналып барады. Сөйтіп жүріп Қаламүш балалықтан қалай қол үзіп, есейіп шаруаға айналысып кеткенін сезбей қалды.


Күні кеше уайым-қайғысы жоқ алаңсыз еді. Қой бағу — ермек, қызық сияқты көрінетін. Оқуды бітіріп, қой соңына түскен алғаш айларында да — сол ермегін жалғастырғандай боп жүрді. Бірақ келе-келе оның азап-мехнатын көріп ойланып қалды. Содан қойды қойып оқуға жүріп кеткісі келіп бір тайқыды. Ол ойын Қоспан ағасына айтып еді.


— Осы күнге дейін ұшқалақ мінезіңді көрген жоқ едім. Мұның қалай?— деді ұнатпай.


— Бес-алты ай дайындалып оқуға түсейін деп ем.


Кейін қайтып келем ғой,— деп Қаламүш кібіртіктеп қалды.


— Қой, барсын. Баланың бағын байлап қайтеміз,— деп Жаңыл апасы да ара түсті.


— Қиыннан қашып оңайды сағалаған адам түбі жақсы болмайды, қалқам. Оқуға баратын болсаң басынан ойлануың керек еді... Бірақ әлі де кешіккен жоқсың. Барам десең бара ғой.


Қоспан сөзінің аяғын жұмсартыңқырап бітірді. Бірақ ар жағында бір үлкен реніші қалғанын Қаламүш жақсы түсінді. Қоспан ағасы бұған өмірде кейіп көрген емес. Тентектігіне де қабақ шытпайтын. Тек кейде өтірік айтып, я басқа біреуге қиянат жасағанын білсе — үндемей, түсі бұзылып қатты қиналатын. Қаламүшке Қоспан ағасының сол бір қиналған кескінін көруден артық жаза жоқ еді. Әлгі сөзді осыдан қайтып аузына алмады.


Қойға келгелі Қаламүш қиялшыл болып алды. Жазда көбіне кітабын ала шығады. Ал қыста өз ойымен жалғыз қалады. Әр нәрсені ойлайды. Түнде шалқасынан жатып жұлдызды аспанға қарап жасанды жер серігін аңдиды. Алдыңғы жылы үшінші спутникті үш қайтара көрген. Кішкене ғана жұлдыз аспанда сызып кетіп бара жатты. Бір рет Қоспан ағасына да көрсетті. Былтыр айдың арғы бетін түсіріп алғанына қайран боп, оның суретін Жаңыл жеңешесіне де көрсетіп, түсіндіріп берген. Енді космосқа адам ұшырамыз дегенді айтып жүр. «Шіркін-ай, алғашқы ұшқан адамның арманы бар ма екен» деп тамсанады Қаламүш. Ен далада ат үстінде жүргенде кісінің басына не келмейді. Қаламүштің ойы қанша шарықтаса да айналып келіп алдындағы малына тіреледі.


Соңғы кездегі Қоспан ағасымен көп ақылдасып жүрген шаруасы комплексті шопандар бригадасын құру. Көп ойланып, Қаламүш осының әр жағын есептеп те көрді. Орайға келетін-ақ нәрсе сияқты. Он шақты отарды қосып жіберіп оған егін салатын соқа-сайман, машина, тракторлар берсе. Ешкімге жалынбас еді. Көктемде бәрі жұмылып төл алып, одан егін салып, жазда пішен шауып, күзде азық қамдап, қой қырқып, осылай бір жұмыс жалғасып келе береді. Әр жерге үлкен-үлкен базалар салса тіпті көңілді болар еді. Жастар да бірыңғай қой соңында жүрмей бірнеше мамандықты меңгеріп алмай ма?


Қаламүш биыл оныншы кластың балаларын көбірек айналдырып жүр. Оларға да осы ойын айтып, құлақтарына құйып келеді. Орталыққа келген сайын жатақханаға соғып бір әңгімелеспей кетпейді. «Оқу бітірген класс болып түгел қой бағуға келіңдер. Жаңаша бригадалар құрамыз. Енді малға техника апаруымыз керек. Қойшының өзі механизатор болады. Қазақтың ескіше мал баққаны жетер. Жаңаша бір үлгі көрсетейік те». Айтатын сөзі осы. Алғашқыда балалар арасынан:


— Ия, саған машинаны кім беруші еді.


— Құмардың жайы белгілі ғой. Астыңа ат, қолыңа қамшы ұстатады да, барып тұр дейді.


— Ойдөйт дерсің. Қаламүштың айтқанымен бәрі бола қалады-ау, шіркін. Пішту, саған,— деген сөздер көбірек естіліп жүрді.


Кейбіреулері Қаламүшты көргенде «комплексті қойшы» келе жатыр деп мазақтайтын да болды. Бірақ Қаламүш оған қыңбады. Келген сайын керілдесіп бір айтысып кетеді.


— Техниканы бізге береді, балалар. Бермесе біргеміз,— дейді Қаламүш бәрі өз қолында тұрғандай.


— Ендеше сол берген кезінде көреміз.


— Сен шіркін әзір асқа аяғыңды ала жүгіретін нағыздың өзісің ғой. «Міне машинаң міне тракторың, міне жемің, міне суың. Бәрі дайын. Енді келе ғой, бадырақ көз Бадақ. Қозы өзі қоздайды. Нең кетеді, бір жылда герой болып шыға келесің» десе бармақсың ғой! Біз бәрін өзіміз істейміз. Бергеннің қолынан, бермегеннің жолынан аламыз. Бізге қиындықтан қорқатын боркемік жасықтардың керегі жоқ.


Осылай сайыса-сайыса келгенде Қаламүш ауытқушылар көбейді. Содан кейін барып Қаламүш мектеп директорымен сөйлесті. Мұның сөзін ол бірден мақұлдады. Екеуі ақылдаса келіп, төл алып арқа басы кеңігеннен кейін шопандар мен оқушылардың басын қосып жиналыс өткізбек болды. Қазір балалардың беті түзеліп, Қаламүш келген сайын одан шаруашылық жағдайын сұрап, көбірек ақылдасатын болып жүр. Бұл сыбыс колхоз председателі Құмардың да құлағына тиіп қуанып кетіпті. Бірақ ана жағына баспайды.


Қаламүш қанша күйіп-пісіп дәлелдеп келгендегі айтатыны:


— Қой, айналайын, қайдағы бір қолдан келмейтін нәрсені айтатының не. Өзге жұрт істеп жатса көрерміз. Ал балдарды малға шақырғаның жөн-ақ. Дұрыс сөз сол ғой.


Құмар деген кәрі емен сияқты. Қаламүш оны олай-былай жұлқылап қозғалта алмай-ақ қойды. Тіпті бір бұтағы илікпейді. «Озат қойшы» деген атағың бар. Сенің сөзің өтеді» деп Қадыржанды итермелеп көріп еді, ол баспады.


Өз ойымен әлек боп келе жатқан Қаламүш қардың тоқтағанын біраз уақытқа дейін байқамады. Таңның әлсіз сәулесі қою қара түннің бойына шымырлап кіріп, төңірек күлгін тарта бастады. Жолаушылардың киімдері қанша қалың болғанмен таң алдындағы ызғарлы жел бойды мұздатып барады. Қаламүштің қол-аяғының жаны кетіп, бар денесі сіресіп қалған. Бой жылытқысы кеп қозғалған сайын киімінің қыртыс-қыртысында тұрып қалған суық денесін қариды.


Тәңкі сайдан өрге иек артқанда жолдың оң қапталында сиыр фермасы шыға келді. Төбесін қар басқан аласа қора жолды қуалай ұзақ созылған. Күреңқасқа ащы қидың иісі аңқыған жылы қораға аусары ауғандай оқшырайып шекесінен қарайды. Қора шетіндегі кішкене үйге таянғанда Қадыржан да тіріліп, Қаламүшпен қатарласты.


— Тоқтай тұршы. Кішкене бой жылытып шығайық та, — деді ерні қабыспай.


— Несіне аялдаймыз. Бір-ақ сағаттық жол қалды.


Қаламүш атын тебініп желіп кетті. Азынаған денесі жылылық аңсап, есігін ашып қалғанда бетіңді көңірсіген жылы буы шарпитын осы кішкене үйге өзінің де бұрылғысы келіп еді. Бірақ есіне Қоспан ағасы түсіп, бойын билеп алды. Ағасының жоғалып кеткен хабарын естігелі үшінші тәулікке айналды. Содан бері азғантай бел шешіп дем алса — жапан түзде, ұлыған боран ішінде ығып жүрген Қоспан көз алдына кеп тұра қалады. Дені сау бала жігіт қорылдап ұйықтап кетсе де әлденеден секем алғандай тез оянып басын көтеріп алады. Мына боранда ат үстінде жүрсе де Қоспанның азабын бөліп арқалағандай көңілі тыншаяды.


Бұлар кеңсеге соқпай тура барып Құмарды оятпақ болып еді. Бірақ таңғы елең-алаңда колхоз кеңсесінің алдында тұрған екі газикті, ерттеулі аттарды көрді. Қараңдап жүрген адамдар да бар. Терезелері жарық. Қаламүш әкеле жатқан суық хабарды алдын ала біліп таң атпай дүрліккен сияқты.


Қаламүш пен Қадыржан қара көлеңкеде жолыққандармен шала амандасып, председательдің кабинетіне кірді. Мұнда да төрт-бес адам жиналыпты. Үлкен бір әбігер барын танытып бәрі де аяқтарынан тік тұр. Председательдің столының басында түрегеліп, сол аяғын орындыққа қойып, шынтағын тізесіне тіреп телефонда Қасболат айқай салып жатыр.


Мына жақтан Құмар да өз адамдарымен керілге басқан.


— Сен, шырағым, қиқаңды қой. Мына Қыстаубай қасыңа үш кісі қосып береді. Соларды мінгізіп ал да тезірек жөнел,— дейді тракторшы жігітке. Қарлыққан жіңішке даусы тар өңешінен омырылып шығады.


— Ойбай-ау, ол әлі ремонты бітпеген трактор. Жабық кабинасы да жоқ. Мына боранда.


— Әлгі Жанайдардың отарын қайттік? Одан да көз жазып қалдық қой.


Бұлардың үнін Қасболаттың өктем тарғыл даусы басып кетеді.


— «Жаңа жолды» қайттіңдер? Ал «Киров», «Киров» ше? Хабарсыз жатыр ма әлі. Оған да тезірек адам жіберіңдер. Барысымен маған хабар жеткізіңдер. Түс қайта ауданда боламын.


Трубканы іле берген Қасболат Қаламүш пен Қадыржанға көзі түсіп «мыналар қайдан жүр, жүрістері суыт қой» дегендей оң қабағын көтеріп таңырқай қарады. Қадыржан суықтан тобарсыған ерні қабыспай:


— Қасеке, сәлематсыз ба,— деп езу тартты.


— Иә, озат қойшы, сен мұнда неғып жүрсің?


Қасболат кейіп тұр ма, әлде кекетіп тұр ма Қаламүш ажырата алмады. Енді Құмарлар да осылай бұрылды. Тағы бір жаманатты күтіп едірейе қалды.


— Қоспан!? Енді Қоспанның отары жоғалғаны ма!?— деп Қасболат ыршып түсті.


Қос қолымен столды омырып жіберердей тіреп, барлық пәле содан келгендей қабағының астынан екі көзі Құмарды жеп барады. Шекесіне тағы бір соққы тиіп Құмар да сілейіп қалған. «Рас айтып тұрсыңдар ма? Құрттыңдар ғой мені» дегендей екеуіне жаутаңдап қарай береді.


— Апырай, басқа біреу болса бір сәрі, Қоспанның мұнысы қалай?— деді салы суға кетіп.


Жұрт үндемей қалды. Енді Қасболат та бастапқы ашуынан қайтып, Құмармен бірге қиналғандай.


— Иә-а... Жөн-жосықты білетін тәжірибелі-ақ қойшы еді. Біз өзіне үлкен сенім артып жүрсек...


Бес-алты отарын ықтырып алып, ызасын кімнен қайтаруға білмей тұрған Құмарға Касболаттың сөзі қамшы болды.


— Тіптен бар-ау. Бала емес, шаға емес. Күннің райын байқамай ма?!


Осындай да ақ көздік бола ма екен!


— Түйенің үлкені көпірден таяқ жейді деп. Шынында да Қоспанның мынау ісі...


Қасболат булығып сөзінің аяғын жұтып қойды. Қаламүш мына үп-үлкен екі адамның өздерін қиналтып қойғаны үшін Қоспанға ызаланып, дәрменсіз булығып тұрған кескінін көріп шыдай алмады.


— Сонда немене? Ағам еріккеннен айдап кетіп пе қойларын?!


— Күннің райына қарамағанын айтам да, — деді Құмар қинала шытынап.


— Сонда күннің райына қарағанда қайтеді? Қораның маңын тақырлап болған жоқпыз ба. Үюлі тұрған шөбі болса қойларына күрт-күрт шайнатып үйде отыруды білмеді дейсің бе.


Қасболаттың ноқаттай қара көзі Қаламүшке қадалып, үнсіз бағып тұр.


— Өрекпімей қоя тұршы, шырағым,— деп Құмар кіржің ете қалды.


Қаламүштің екі-үш күннен бері ішінде булығып келген ызасы ағытылып кетті.


— Жоқ, өрекпимін, Құмар аға! Отарға үш жүз қой тағы қостың. Бірақ үш шөмеле шөп берген жоқсың. Әлде біз қардан қатық жасап береміз бе?! Шопандар бригадасын құрыңыз, бәрін өзіміз қамдайтын болайық деп қақсай-қақсай жағымыз талған жоқ па! Малдың барлық өлім-жітімін шопанның мойнына артып қоясыз да қарап отырасыз.


Жан-жақтан суық хабар келіп басы шырдай қатқан Құмардың дауласуға шамасы жоқ:


— Ау, жиналыс емес қой бұл ара, қоя тұршы, шырағым,— деп бас сауғалады.


Кеудесіне ауыр ой кептеліп қалғандай манадан жұмырығымен столды таянып, маңдайынан сүзе қарап тұрған Қасболат басын оқыс көтерді.


— Жә, бос сөзді қоялық.


— Неге бос сөз болады?!—Бір қызып алса бой бермей кететін асау аттай Қаламүш енді тоқтар емес. Қасболаттың өзіне шап берді.— Біз айтсақ ылғи бос сөз болады. Тіпті құлақ аспайсыздар. Шопандар бригадасы бос сөз бе екен. Алдымен неге құрып бермейсіз? Содан кейін айтыңыз, бос сөз бе екен, жоқ па?


— Әй, сен Қасекеңнің бетінен алма. О несі-ай... Бригада, бригада деп қайдағы жоқ нәрсені,—деп Қадыржан араға түсті.


Жылы үйге кіргесін бұ да тірілейін депті. Қаламүш ыза боп кетті.


— Сенің не қимаң қышып барады. Қойыңды әкең мен апаң бағып береді. Саған бригада неге керек.


— Бұл енді дәл қазір шешіле қоятын мәселе емес қой, қарағым,— деді Қасболат тіксініп.


Әншейінде қысылып қалар еді, дәл осы жолы Қаасболаттың суық қабағы Қаламүшті егеске шақырғандай ширықтыра түсті.


— Қазір шешілмесе, былтыр неге шешпедіңіздер. Сонда біз өстіп шауып жүрер ме едік. Қоспан ағамның орнында өздеріңіз болсаңыздар олай демес едіңіздер. Осыдан тек ағама зақым келсін — мен қарап қалмаймын.


Қасболат пен Құмар басын алып қашқан Қаламүшті әзер тоқтатып, Қоспанды іздестірудің шарасын ойлап көріп еді, қолдарында еш нәрсе жоқ екен. Жүруге жарайтын үш трактор мен төрт машинаны ығып кеткен өзге отарларға көмекке жіберіп Құмар қарап қалған, Қасболат ауданға телефон соғып машина іздеттіріп жатыр. Қаламүш олардың дәрменсіз әлегіне ыза болып басқа бір ой түйіп кеңседен шықты.


...Әлі де арындап кеткен ыстық көңілі басылмай үздік-үздік ойлар келеді басына. Қоспан ағасын мына дүлейдің құшағынан суырып алатын күш тек өзінде ғана сияқты ширыға түседі. Бұрын асқар таудай әруақты санап, шешесіне қыңқылдаған баладай сөзін өткізе алмай жүрген адамдарымен кәдімгі терезесі тең кісіше табан тіресіп тұрып ұстасты. Тіке келгенде Қасекеңнің өзі тайқып шығады екен. Баяғыдан бері өзінің осыларға бата алмай жүргеніне қайран болып, кәдімгі қара тасты қаңбақша көтеріп алған адамдай іріленіп келеді Қаламүш.


Жатақхананың коридорында қыздар жуынатын бөлмеден шығып келе жатқан Зүбайдаға ұшырасты. Иығында сүлгісі, сабын сауыты мен щеткасын алға таман созып ұстап, оң қолымен маңдайына түскен су шашын қайыра берді де Қаламүшті көріп сол күйі селтиіп тұрып қалды. Осы тұрған тұрысы — сабын сауытын қыса түскен жіңішке күшті саусағы, үстіндегі қынама бел, жасыл-көк гүл өрнекті шыт халатына дейін Қаламүшке соншалық сүйкімді боп кетті. Өткір қара көзі мен қара торы шымыр жүзінде «не боп қалды?» деген үрейлі сұрақ тұр. Ашуланып ширығып келген Қаламүштің іші жылып қоя берді. Арнап келген шаруасын, бар уайым-күдігін Зубайдаға ақтара салды. Тыңдаған сайын қабағы түйіліп Зүбайда Қаламүштің бетіне қарап қатып қалған.


— Мен қазір шығайын,— деп бөлмесіне кіріп кетті.


Қаламүш Зүбайда ұстаған есіктің тұтқасына қарап сәл тұрып қалды. Содан кейін балалардың тымырсық бөлмесінің есігін айқара ашты да:


— Тұрыңдар! Тал түске дейін қорылдап бұл не жатыс. Тез, тез!— деп айқай салды.


— Бұл кім-ай?


— Әй, қойыңдаршы.


— Әй, тұмсығыңды бұзам. Қой деймін.


— Не боп қалды.


— Мынау Қаламүш па ей?


Жарқ еткен шамның сәулесінен жасқанып, көздерін уқалап балалар төсектен бастарын көтеріп жатыр. Кейбіреулері көрпесін басына орап теріс айнала береді. Қаламүш оларды сүйреп түсіріп, оятып жүр. Ақыры екі-үш бөлмеден жоғары кластың ересек балалары жиналды. Бәрі де ұйқылы-ояу, пысылдап отыр. Әзір еш нәрсенің мәнісін ұқпаған сияқты. Іштерінде сегізінші класта оқитын «Көк қошқар» — Сәден де бар. Бұлардың үстіне Зүбайда бастап төрт қыз келді.


— Ибай, қыздар да бара ма? Бұларға не жоқ, хи-хи,— деп Сәден шықылықтап күліп еді, Зүбайда шекесінен бір нұқып үнін өшірді.


— Ал, сөздің қысқасы маған табаны күректей сегіз жігіт керек. Және анау-мынау емес, кілең ығай мен сығай болсын.


— Ойбай-ау, күн боран емес пе?


— Немене, серуенге барайын деп пе едің. Сол боран болғасын келіп отырған жоқ па!


— Әйда, балалар, кеттік.


— Ау, сонда оқуды қайтеміз. Сабақты тастап кеттіңдер деп директор әкемізді танытпай ма?


— Көлікті қайдан табамыз.


— Сөз болғаныңа. Колхозда аттан көп нәрсе жоқ. Басқармадан барамыз да аламыз.


— Әйда кеттік, балдар. Тіпті қызық болады. Романтиканың көкесі осында.


Балалардың жамыраған шуын Зүбайда басты. Ол орнынан тұрды да өткір көзі жарқ етіп оқушыларды бір шолып өтіп, кәдімгі байсалды үлкен адамша сөйлеп кетті:


— Немене, кілең бала сияқты босқа даурығасыңдар. Шуды доғарыңдар. Бұл сендерге ойыншық емес. Бұған төзімді, мықты балалар ғана баруы керек. Есенгелді, сен барасың, Жанұзақ, сен...— Зүбайда сегіз баланы саусағы мен нұқып, түгел санап шықты.— Бадақ пен Адамбек, сендер директорды көндіріп рұқсат алып келіңдер. Ал, қалғандарың тез қамданыңдар. Мына боран сендерді күтіп тұрмайды. Біз асханаға барып, жолға азық-түлік дайындап әкелеміз.


— Зүбайда апа, мен де барайыншы. Мен тіптен тоңуды білмеймін ғой,— деп жалынды «Көк қошқар».


— Тәйт әрі! Бұл саған ойыншық деп пе едің. Мұрныңның боғымен бірге қатып қаласың,— деп Қаламүш оны тыйып тастады. Балалар ду күлді.


«Осымен сөз бітті» дегендей Зүбайда қыздарды ертіп шығып кетті.


Қаламүш мектептің директорына өзі барып сөйлесіп, ол біраз қиналса да ақыры рұқсатын алып шықты. Қанша айтқанмен директор сеніңкіремеді ме, қасына интернаттың тәрбиешісін қосып беретін болды. Одан колхоз кеңсесіне келіп, басқармадан көлік сұрады. Қоспанды іздеуге оқушылардың бармақ болғанын естігенде Қасболат бірден қарсы шықты. Қаламүш:


— Егер біреу-міреу үсіп қалса өз басыммен жауап берем,— деді оған.


— Оған сен емес, шырағым,— мына біз жауап береміз ғой,— деп Құмар шыр ете қалды. Бірақ сонда да ар жағы іздеуші табылғанын бөтен көрмеді ме, жалтақтап Қасболатқа қарай берді.


Қаламүш өз жоспарының күйрегелі тұрғанын сезіп қызына кимелей жөнелді.


— Е, оқушылар барса, несі бар. Биыл оқу бітіреді. Күні ертең қойды осылар бақпағанда кім бағады? Түбі өздері илейтін терінің пұшпағы. Үйрене берсін осы бастан.


Осы сөзге үлкен кісінің екеуі де тоқырап қалды.


Қаламүш колхоздың ат қорасына келіп, көлік, шанасын қамдап жатқанда жолға жүретін оқушылар да жиналып қалды. Олардың түрін көріп Қаламүш ақырын ысқырып жіберді. Көбісінің киімі мына боранға төтеп беретінмін. Біреулерінің аяғында ботаника, қайсы біреулерінің мойындары да жалаңаш. Осы кезде азық-түлік арқалап Зүбайда бастаған қыздар да келді.


— Ал, тезірек қозғалмайсыңдар ма,— деді Зүбайда иіріліп тұрған балаларға.


— Түрін көрмейсің бе, мыналардың, клубқа сауық кешіне баратындай,— деді Қаламүш ыза боп.


— Е, несі бар? Тоңбаймыз.


— Мен өзім суыққа мыңқ етпеймін,— деп балалар бұртыңдап қалды.


Зүбайда басындағы түбіт шәлісін шешіп алды да, Жанұзаққа берді.


— Мә, мойныңа ора мынаны. Сендер немене серуенге бара жатырсыңдар ма. Жүріңдер жатақханаға, байпақ та, шархат та— бәрі табылады.


Зүбайда төрт-бес баланы ертіп жүгіре басып кетіп барады. Қаламүш оның ізінен көз алмай іштей сүйсініп көңілімен аялап тұр. Кеше ғана жұрттан, балалардан ұялып Қаламүшке ұрланып қана көз тастайтын Зүбайда енді мұның басына қайғы түскенде балалық ұяттан аттап өтіп, жанын салып жүр.


Төрт бала екі жайпақ шанаға бөлініп мініп, қалған төртеуі атқа қонып колхоз кеңсесінің алдына жиналды. Қыздар аралас бір топ бала шығарып салуға келген. Іштерінде Зүбайда бар. Енді баяғы балалық ұяты қайтып оралып Қаламүшке тілектес ниетпен жаутаңдап алыстан қарайды. Әйтсе де бүгін бір ерекше күн болды. Ортақ қайғы екеуінің арасын бөліп тұрған пердені жыртып, шынайы — жақындығын ашып берді. Артында тілеуін тілеп жан серігі қалып барады. Қаламүш ешкімнен именбей Зүбайданың қасына келіп қолын қысты.


— Уайымдама, Зүбайдаш. Ағамды қайтсек те тауып аламыз.


— Абай болыңдар. Күн райы жаман ғой.


Кеңседен Қасболат пен Құмар шықты. Қасболаттың түріне қарағанда бұл ауылдан жүргелі тұрған сияқты. Машинасына беттей түсті де Қадыржанға бұрылып:


— Балаларға бас-көз бол. Егер біреу-міреуін үсітіп алсаң өзің жауап бересің,— деді.


Айтуын Қадыржанға айтса да көз қиығын атына мінгелі жатқан Қаламүшке тастап қойды.


Қаламүш Күреңқасқа ырғып мінді. Қасболат қасақана қолынан түк келмейтін Қадыржанды алға салып тұр. Жо-оқ. Қаламүш та бүгін біраз нәрсені ұғып қалды. Енді баласынып шетке қақпайлай алмас. Артына қараса соңында әжептәуір қол бар екен. «Ал, кеттік, жігіттер!» деп Күреңқасқаны тебініп қозғала берді.


XIII


Қоспан әбден қалжырады. Үш-төрт күннен бергі суық буын-буынына тарап, денесін тұтас тоңазытып тастаған. Тұла бойы зілдей, бір мүшесі илікпейді. Өткен түні қасқырмен айқаста қатты қимылдап бой алдырған түрі бар. Екі қасқырдың біреуін ақыры соғып алды. Көкжал жастығын алып өлді. Жарқыратып сегіз қойды жарып салды. Қоспан өлген қойдың етіне Құтпан мен Майлы аяқты тойындырып алып, таң қылаң бере қойын айдап жүріп кетті.


Таң алдында қайта тұтасқан қара бұлт қылаулап жауа бастады. Қоспанның жүрегін зуылдатып тағы да жел көтеріліп келеді. Бірақ енді теріскейден ауытқып, шығыс беткейден соғады. Қоспан желге қиялап жер ұйықтай бұлдыраған Кішкене құмға қарай жылжи бермек. Малдың ажары көңіліндегі күдігін қоюлата түсті. Бүгін де он шақты саулық жүруге жарамай жолда қалып еді. Енді тіпті күйлі, қоңды дегендерінің өзі божырап барады. Қазақы қойлардың бұрын да босап тұрған құйрықтары шөмиіп қалыпты. Ішкі пружинасы әлсіреп кеткендей қимылдары тіпті солғын. Кішкене тұяқтарын қардан әрең суырып, мықшыңдап келеді. Жанары суалып, өлеусіреген дымқыл көздерін қарға қадап жиі-жиі сұлық тұрып қалады. Қоспан қамшы үйіргенде өлексесін сүйретіп ілгері жылжығандай болады. Митыңдаған жүріс жер ұтқызар емес. Қар ұшқындаған ақ дала бұлардың тыпыршыған тіршілік әрекетіне селт етпей, бір адым кейін жылжымай сұлап жатыр. Қанша тырбанып, жанын салса да ызғарлы құшағынан шығаратын түрі жоқ. Тіпті тапжылмайды. Қоспанның діңкесін құртып, қол-аяғын тұсап тастап, енді бұл дүниеде бар-жоғын ұмытып кеткен. Өліп бара жатсаң шімірікпейтін қатыгез өгей дала.


Дүлеймен алысып төтеп беріп келе жатыр еді. Енді жалғыздық деген жау қосылды. Артта қалған ел-жұрттан хабар жоқ. «Олар да қол қусырып отырмаған болар, қам қылып жатқан шығар» деп қанша көңіл жұбатқанмен — ұшан далада қыбыр еткен бір қара көзіне түспейді. Кейде басы зеңгіп, көзі қарауытып кетеді. Айналадағы ақ мылқау еңсесін басып, тынысын тарылтып бара жатқандай. Қанша бұлқынса да шығып кете алар емес. Жаңыл мен Қаламүш өзге бөлек дүниеде қалып қойғандай, қиялында бұлдырап, алыстан елестейді. Ой-қиялына дейін енжар тартып, тұла бойын ауырлық басады. Айлап, жылдап жылжып келеді, жылжып келеді, бірақ басқан қадамы кейін кетеді — шетсіз-шексіз ақ тылсым еңсесінен төмен қарай тарта түседі. Қоспан аттан түсіп жаяу аяңдап, Тортөбелге қайта мініп желіп кетеді. Сілкініп серпілгісі келеді. Бірақ, болдырып қалған Тортөбелдің желісі оңбай, желкесінен тоқпақпен ұрғандай солқ-солқ етеді. Әріберіден соң батпандай тұяғын әрең қозғап сылбыр аяңға ауысады. Әлгі зіл салмақ Қоспанның үстінен қайта басады.


Қоспан шынтақтап сұлық жатыр. Желмен ойнап үйіріліп түскен жапалақ қар таусылар емес. Бүкіл дүниені бұлдыратып бүркеп алды. Ықтасынға иірілген қойдың жотасын көміп салды. Біреуі тырп етпейді. Кеудесінде тынысы бар тірі жәндік емес, қамшымен түртіп қалсаң үгітіліп түсетін қардан соққан мүсін сияқты. Қоспанның домбығып кеткен қара қошқыл бетінде бейне көн қаптап қойғандай. Бетіне түскен қардың зәрін сезбейді. Тек суық сорған денесі азынап барады. Өн бойын қалтыратқан бір діріл бар.


Әлденеге көз алдына Жаппасбай елестейді. Өзіне өзі риза еш уайым жоқ адамның арсыз кескіні. Бетім қайтып қалар, біреу мені ұнатпас-ау деп ойласайшы, шіркін. Осы өткен күзде, қасында Қоспанға жүз таныс ауданның бір қызметкері бар, үйіне кеп түсе қалды. Қоспан қасындағы адамнан ұялғаннан қонақасы берді. Жаппасбай қазір пенсияға шыққан көрінеді. Бұрынғы етшең денесі аздап шөгіп, мұртына ақ кіріпті. Қалың қошқыл-қара бетіне де ірі-ірі сирек әжімдер түсіпті. Кәрілік кісіні тәубаға келтіріп, бетіне иман енгізер болар еді. Бірақ Жаппасбайдың жүзі баяғы сол қалпы сияқты. Содан ба, әйтеуір, Қоспанның іші жылымай, тіксініп қалды. Қашан кете-кеткенінше онымен тіс жарып сөйлеспей-ақ қойды.


Бірақ оған қысылған Жаппасбай жоқ. Ауыз жаппай гүжілдеп сөйлеп отыр. Қоспанмен, Жаңылмен бірге істескен кездерін еске алып, қасындағы жолдасына осы үймен ескі таныс екенін баяндап берді.


— Пенсияға шыққанмен Жаппасбайға тыныштық беретін емес. Бұрын актеп болып қалғасын кісінің өзі де қарап жата алмайды екен. Қазір енді комиссия болып, мал қыстатуға әзірлікті тексеріп жүргеніміз ғой шапқылап,— деп төрде шалқайып жатып алып әңгіме соғады.


Жүрер кезде Қоспанды оңаша шығарып алды.


— Өзім айтпасам, бұйымтайымды сұрайтын кескінің жоқ қой, сірә. Колхоз бағасы он бес сом ғой, соныңды төлермін. Маған қойыңның ең ірі, қоңдысын машинаға салып бере ғой. Өзің де қолымды қақпайсың ғой, бірақ заңды болсын деп басқармадан қағаз әкелдім.


Жаппасбай бір жапырақ қағазды төс қалтасынан суырып алып, Қоспанның қолына ұстатты. Қоспан оның бетіне қарап қайран болды. «Мына байғұсқа қиянатым тиіп еді-ау» деген зәредей өкініш болсайшы жүзінде.


Қоспан қолындағы қағазды паршалап жыртты да:


— Қойды басқарманың өзінен алыңыз,— деп бұрылып жүріп кетті.


Енді сол шімірікпейтін арсыз кескін көз алдында елестеп... дәл сондағыдай тұла бойын жиіркенішті діріл қалтыратып өтті.


Жаппасбайды есіне алғысы келмейді. Оны есіне алса сонау бір жылдар көз алдына келеді. Сондағы жан азабы, көрген қорлығы... Жаппасбаймен қабаттасып сондағы бір жиіркенішті мүсәпірлік сезімі қайта тіріліп келеді.


Жоқ. Ол сезім Жаппасбайға кездесуден бұрын басталған. Сол қашан басталып еді? Елге келгесін бе? Әлде одан бұрынырақ па?


Біздің әскер жақындаған сайын тұтқындардың бойына жан кіргені Қоспанның есінде. Әбден титықтап, ақтық демі тақалғандардың өзі тіріліп, нұры солған көздерінде үміттің ұшқыны жылтылдаған. Жұрттың ендігі тірлігі тағаты таусылып күту мен үмітке айналды. Жақындап қалған зеңбірек гүрсілінен жүрек лүпілдеп алып ұшып баратты. Қуаныш. Қуаныш пен бақыттың зорлығы сонша... Халі бітіп әлсіреген тұтқындардың жарылып кетпей соған шыдағанына кісі қайран қалады. Әр солдат өзінің бірге туған бауырыңнан да ыстық... Құшақтасып сүйісіп жатқан жұрт; айқай-шу, мәз-мейрам боп күлген, жылаған дауыстар — соның бәрі көкірекке сыймас үлкен бақыт боп құйылып жатты. Осыған елге барамыз деген сағыныш-үміт араласып, ұзақ уақытқа дейін мас қылып жүрді.


Сөйтіп жүріп бұлар көп нәрсені байқамай қалыпты. Алғашқы тексерістерге де ешкім жөнді мән бермеген. Бірақ тексеру созылып бара жатты. Бұларды бір орыннан екінші орынға ауыстырып белгісіз халге салып қойды.


Тексеріп сұрастырған офицерлердің де қабақтары суйи бастады. Сөзіңді салғырт тыңдап, екі ұшты көзбен қарайды. Әрине бұлардың сөздері де бастапқыдай жалын атып, қасіретке толы боп шықпайды. Айта-айта жалыққан.


Бұлар сонау жау қолында жүргенде өз үйіне, отбасына деген сезімі туған жерге, елге деген сезіммен біте қайнасып кеткен-ді. Қатын-балаларын, жақын туыстарын көп сағынды ма, әлде туған жердің топырағын, елін көбірек сағынды ма. Бұлардың әрқайсысы-ақ үй-іші, қатын баласы жоғалып кетсе өмір сүре алар еді. Бірақ туған жерді көрмей... Соншама тозақтан өтіп, зарығып жеткенде өз үйің саған өгей адамша сұқ көзімен қараса...


— Жағдайыңызды тағы да қайталап айтыңызшы,— деп жалығып тыңдап отырған мына әп-әдемі офицерлер қара тасқа мұңынды шақтырып қояды.


Кеше ғана лагерь қақпасының аузында жылап көріскен ең жақындары осылар емес пе еді?!


Жұрт мұқият тексерудің заңдылығы мен керектігін дәлелдеп бір-біріне жұбаныш айтады. Бірақ ақылдың айтқанын жүрек тыңдағысы келмейді. Көңілге беймағлұм белгісіздікпен бірге реніш кіреді.


Өзгелерден бұрын бір нәрсені сезген Гусев болды.


— Осылар бізге оң қабағын беретін түрі жоқ. Әлі де біраз әурелейтін сияқты, — деді бір күні.


— Сонда немене, елге қайтармай ма?


— Қайтарады ғой түбі. Бірақ о жақта да өгейлік көретін сыңайымыз бар.


— Оны қайдан білдің?


Гусев Қоспанның сұрағына жауап бермей, көңілсіз жымиды да қойды. Содан кейін:


— Дені сау адамның құтылмайтын пәлесі жоқ. Еш нәрсе етпес,— деп басалқы айтты.


Сол бір ыңғайсыз жәйттер, белгісіз күту айлары көңілге дақ салғанмен құтылудың үлкен қуанышын өшіріп тастай алған жоқ. Жұрттың орынсыз күдікке деген өкпесін «елге жетсем» деген сағынышы мен тілегі басып кететін.


Туған жерге қайтып оралып, жақын-жарандарымен қауышқан қуанышы Қоспанға сондағы көңілге түскен дақты ұмыттырып жіберіп еді. Мүмкін ол екінші қайтып есіне түспес те еді...


...Ағайын-туғандарын аралап мауқын басып келгенсін Қоспан қызметке тұруға бұрын өзі істеген ауаткомға барды. Көз көрген көне таныстар тіпті сиреп қалыпты. Басшылар да жаңарған. Аппаратта істейтін Ләшкер деген ескі танысы шұрқырап қарсы алып, ауатком председателінің орынбасарына ертіп кірді.


Орынбасардың түрі бастықтан гөрі жүк түсіретін жұмысшыға көбірек ұқсайды. Үстіне мақта салып сырыған кәдімгі жұмысшы телогрейкасын киген. Қаңылтыр қаптаған дөңгелек қара пеш бұрышта теңкиіп тұрғанмен кабинетте онша жылытпайды екен. Сырланбаған еденге су сеуіп сыпырған шаң-тозаңның иісіне темекі иісі араласқан. Бастық пен оның кабинетінің жұпыны түрі майдандағы жағдайды есіне салып Қоспанға бір түрлі үйреншікті, етене таныс боп көрініп, көңіліне жылы ұшырады.


Бастықтың түр-түсі де Қоспанның есінде қалыпты. Ұзын етшең мұрны төмен қарай салбырап біткен, ат жақты қара сұр кісі екен. Бет ұшында бір тал қылшық өскен қара сүйелі бар. Беті көк құйқаланып тұр. Қанша қырынса да шешек айғыздаған бетінің ой-шұқырында сақал қылтанағы қалып қоя беретін болар. Қалың ісік қабақты болғанға ма, ұйқылы-ояу адам сияқты жүзі самарқау. Ләшкер таныстырғаннан кейін ұйқысы ашылып кеткендей жадырап Қоспанмен жылы амандасты.


— Аман-сау қайтып оралған екенсіз ғой. Жақсы болған. Бұрын істеген жеріңізге келгеніңіз дұрыс. Бізге де адам жетпей жатыр,— деп жақсы ықласын білдірді. Өзі самарқау түріне қарамай іскер болса керек. Дереу іске көшті.— Ал, көп сөйлесетін несі бар. Ұрыста тұрыс жоқ. Тезірек анкет толтырып, өмірбаяныңызды жазып әкеле қойыңыз.


Қоспанның анкетімен танысқан кезде орынбасардың түрі өзгеріп кетті. Анкеттің аяқ жағына жуықтаған кезде қағаз бетінде жүгіріп келе жатқан кішкене көзі бір ноқатқа тіреліп, қалың қабағын жауып алып бастапқы ұйқылы-ояу қалпына қайта түскендей болды. Алдындағы адам өзгеріп кеткендей, қабақ астынан, Қоспанды бір шолып өтті. Қоспан оның кішкене көзінен ызғар мен үрей көрді. Осындай жат көзқарас оған таныс еді.


Содан-ақ орынбасар тілі күрмеліп қалғандай ыңылдай берді.


— Мм... Солай деңіз. Әйеліңіз бар шығар? Бала-шағаңыз бар ма? Әйеліңіз де қызмет істейтін болар? — деп әңгіменің бетін бұра бастады.


Өзі сұрақ берсе де Қоспанның сөзін тыңдап отырған жоқ. Бір ыңғайсыз жағдайға түсіп қалып, содан қалай құтылудың амалын таппай қиналатын сияқты. Қоспан осы кабинеттен тезірек шығып кетсе құдайға қой айтатын түрі бар.


— Мана сізге қате айтып қалыппын,— деді ол бір кезде.— Сіз кеткен соң кадр бөлімінің бастығын шақырып алып сұрасам... Бізде сізге ыңғайлы қызметтің орайы келмей тұр екен. Әзірге басқа жерге орналаса тұрсаңыз...


Қоспан басқа жерге де барды. Тырнағы ілігер жұмыс іздеп ауданның азғана мекемесін адақтап шықты. Көбі таныс, кейбіреулері етене жақын болмаса да алыс жұрағаттығы бар адамдар. Жылы сөйлеседі. Хал-жағдайын сұрайды, бірақ әңгіме жұмысқа кеп тірелгенде бос орын жоқ боп шығады. Өзінің тілектес көңілін білдіріп өзге мекемеге сілтейді. Кейде ол жерде қандай ыңғайлы, бос орын барын да айтып береді. Енді сол мекемеге келсе жаңағы орынға кісі алынып қойған, я болмаса жоғары жақ басқа біреуді ұсынғысы кеп отырған болып шығады.


Қоспанның көз алдынан талай мекеменің басшылары тізіліп өтіп жатыр. Әрі-беріден соң қайсысына бірінші рет келіп отырғанын, қайсысына қайтып оралып соққанын ұмытып қалатын болды. Бәрі бір-біріне ұқсас сияқты. Олардың ажарын да айнытпай танитын болды: «Сенің кім екеніңді, ана жақта не істегеніңді сайтан білсін, өзің кісіні пәлеге қалдырып жүрерсің. Бізден аулақ». Немесе: «Жағдайыңды түсініп-ақ тұрмын. Жаным да ашиды. Бірақ амал қанша...» Қай бастыққа кірсе де бетінен осы екі жазудың біреуін оқиды. Содан басқа еш нәрсе есінде қалмайтын болды.


Тек есінде қалғаны сары шашты, шолақ қол орыс жігіт. Оның түр-түсінде ерекше көзге түсерліктей еш нәрсе жоқ. Кәдімгі орта бойлы, ақсары, қайқы тұмсық көп орыстың бірі. Мінезі елгезек, ақ жарқын. Сол көп адамнан ерекше бір нәрсесі жоқтығынан ба, бір көргенде Қоспанға жүзі таныс сияқты болды да тұрды. Сол қолы әлі жұмысқа икемделіп болмаған екен, Қоспанның документтерін шашыратып, қобыратып берекесін алды. Содан қысылып, жымиып күлді де, иегімен алдындағы табуретканы нұсқады.


— Сіз отырыңыз, отырыңыз.


Қоспан тағы да «осыны бір жерде көрген сияқтымын ғой» деп ойлады. Кенет өзінің взвод командирі есіне түсті. Мұның түсінде оған тікелей, аумай ұқсап тұрған еш нәрсесі жоқ. Ол бұдан гөрі жасырақ та болатын. Бірақ әйтеуір белгісіз бір нәрсесімен сол сары жігітті еске салады. О да осындай елгезек болатын. Тәртіпті берік ұстайтын. Жаттығу кезінде солдаттарға да қатал еді. Қоспанды талай қара терге түсірген. Бірақ жұртқа әділ, өз жанын да аямайтын. Содан ба, жауынгерлер сыйлайтын. Харьков түбінде түнде барлауға барғанда аяғынан оқ тиген солдатты арқалап шығам деп қаза тапты байғұс.


Мына кісінің де жүзі ашық, адал екен. Талайдан түңіліп шыққан Қоспан осыдан үлкен үміт күтті.


Өз ойымен әлек боп байқамай қалыпты. Мұның да көзі анкеттің аяқ жағына тіреліп қинала ойланып қапты.


— Бізде бос орынның ыңғайы болмай тұр... Сіз ғафу етіңіз... Ғафу етіңіз...


Ол Қоспанға тура қарай алмай, айыпты адамдай кібіртіктей береді. Жалғыз қолымен стол үстіндегі сия сауытты сығымдап ұстап алған. Кенет саусағының сияға боялып қалғанын көріп, оны қалай сүртудің ебін таппай молтақ қолының тұқылын бір-екі шошаңдатып қойды. Бірақ осы әбігері ыңғайсыз халде құтқарып, өзіне жеңілдік әкелгендей.


— Қолымның жалғыз екенін ұмытып кетіп... Ылғи өстіп былғап алам...— деп Қоспанға қарап жымиып күлді.


— Мен сүртіп жіберейін,— деп Қоспан столдан газет алып ұсынып еді:


— Жоқ-жоқ. Рақмет,— деп ол газеттің бір бұрышынан жыртып алып, бес саусағымен умаждай берді.


— Ал, сау болыңыз. Сіз енді ренжімеңіз...


Қоспан оны енді қинамайын деп тезірек шығып кетті. Оған ренжіген де жоқ. Адал адам екені көрініп тұр. Үстінен әлі шинелі түспеген. Майданнан қайтқан. Оң қолын соғыста берген. Қандай қауіпті тапсырмаға болса да бірге баруға болатын адам. «Осындай кісіні төмен қаратып, өтірік айтқызып қойған қандай күш?»— деп ойлады Қоспан.


Кенет сол белгісіз күш өзін елден, жұрттан бөліп тұрғанын сезді. Бел тіресіп сол күшпен алысайын десе... көзге көрінбейді, қолға ілікпейді. Бірақ барлық жерде алдынан шығады. Ауаға жайылып кеткен бір пәле ме? Енді бақса осы күш сонау жеңіс жазындағы белгісіз қуанышқа толы болашаққа ынтықтырып, көкірегіне орнаған көктем нұрын өшіріп, тұла бойына күңгірт күдік, құлазыған өгейлік боп жайылып барады...


...Ақыры Қоспан заготживсырье деген мекемеге кладовщик болып орналасты. Жұмысы тері-терсек, жүн-жұрқа қабылдау, соны реттеп жөнелту. Зауқы соққан жұмысы емес. Бірақ мұның сүйген асын кім берсін. Сонда жүк тиеуші боп жүрген Жаңылдың міндетін өзі қоса атқарып жүре берді. «Соғыс бітті ғой. Енді қаншаға созылар дейсің. Кімнің кім екенін анықтар. Біз де ел қатарына қосылармыз» деген тәтті үмітін талшық етті.


Бастығы Байеділ қартаң адам еді. Шашы мен мұрты шымқай ақ та өңі қара — бір қарағанда суреттің ақты қара, қараны ақ қып көрсететін негативі сияқты. Өзі байсалды, азғана оқуына қазақтың ақыл-парасатын қосқан мінезі жайлы, сыпайы адам. Ол Қоспанды жатырқаған жоқ. Қайта оны іш тартып суық көңіліндегі тоңын жібітіп келе жатқан.


Бір күні Байеділ Қоспанды кеңсесінде оңаша алып қалды. Біраз уақытқа дейін сөз бастай алмай қалам ұштайтын бәкісін әурелеп, төмен қарап тұнжырап отырды. Запы боп қалған Қоспан оның қиналған түрінен-ақ бір жаманатты танып жүрегі зуылдап қоя берді.


— Қоспан шырағым, сені орныңнан босатайын деп отырмын,— деді Байеділ бір кезде басын көтеріп.— Жаппасбай сенің орныңды сұрап арыз бергелі бір ай болды. Жолатпай-ақ келіп едім...


Қоспан сөзінің ар жағын тыңдаған жоқ. Бәрі белгілі. Жаппасбайдың өңмендеп осы кеңсеге талай келгенін көріп еді. Өзге мекемелерді адақтап енді осында келгені ғой. «Бәшеске сатылған пленды бауырына паналатып, мен сияқты ауданның ортан қолдай актебіне қызмет тауып бергің келмейді екен ғой, ә!» деп талай зіркілдеген болар. Ондай қызыл көз пәлеге болмысынан жуас Байеділ шыдай ала ма...


...Орнын Жаппасбай тартып алғаннан кейін Қоспан енді қызмет іздеуге бетінен басып сол жердің өзінде Жаңылмен бірге жүк тиеуші болып істей берді. Әрине денесі алпамсадай қара күші мол Қоспанды ауыр жұмыс қажытқан жоқ. Бірақ сүтке тиген күшіктей жиіркенішті бір халге түсті. Өзге жұрт бір бөлек, бұл бір бөлек. Тағы да сол екі түрлі көзқарасты көреді. Әркімнің бетінен соның біреуін қапы жібермей оқиды. Баяғы — бірі сенбестік, бірі аяныш. Бір жаманы өзі де әбден күдікшіл, кісі қабатын аңдығыш боп алды. Тіпті жанашыр кескін мен достық жылы жүздің өзін: «осы мені бишарасынып, мүсіркеп тұр-ау» деп теріске жорып, қарап тұрып қорланып, іштей түйіле береді. Әрі-беріден соң өзінен өзі қуыстанып, қайда барса да кібіртіктеп қалатын пәлеге ұшырады. Еңсесі төмен тартып, көзімен жер шұқып жиіркенішті халге түседі.


Бір күні Гусевтен хат келді. Қатерлі кездегі жолдасы, бүгінгі мұңдасынан келген хабарды оқығанша тағаты жетпей, Қоспан қолы дірілдеп конвертті әзер ашты. Әріптерін шалқасынан салып жүгірте жазған досының қолы көзіне оттай басылды. Аман-сау көрінеді. Әйел алып, бала сүйіпті. Орталық Қазақстанда геологиялық барлау партиясында жұмыс істеп жүр екен. Әзіл-оспақпен қалжыңдап келіп Қоспанның үй-ішінің амандығын сұрап, әйеліне, Мұрат деген жігітке сәлем айтады. (Мұраттың қаза болғанын ол қайдан білсін.) Гусев хатын қуақы тіліне салып қанша жайдары жазғанмен Қоспан сөз арасынан күрсініс естігендей болады. Хатының аяғында «дені дұрыс адамның құтылмайтын пәлесі жоқ» деп өзінің жақсы көретін сөзін айтыпты. Қоспанның халін ұғып қуат беріп қайрағаны ғой. Жалғыздық меңдетіп жүргенде мұңдасы табылып Қоспан кәдімгідей серпіліп қалды. Хатты қайтадан қолына алып, енді асықпай талмап оқыды. Қиын кезде қайта табылған досының қарасынан көз жазып қалам ба деп қорқып, отыра қалып хат жазды. Гусев ажырасарда: «Сенің ата-бабаң көшпелі болғанмен өз мекенің тұрақтылау көрінеді, мен жөн-жосығымды тиянақтап, бір жерге якорь тастаған соң хабарласармын» деп Қоспанның адресін алып еді.


Осы хат келерден екі ай бұрын Қоспанды қауіпсіздік комитетінің бөліміне шақырған. Онда жиырмадан аз-ақ асқан жас лейтенант қабылдады. Тұтқында болған жайларын сұрады. Денесі талдырмаш, жұқа өңді, иман жүзді бала жігіт екен. Жүзі жылы ұшырады ма, әйтеуір Қоспан бар шерін ақтарып, егіле сөйледі. Бастан кешкен оқиғаларын түк қалдырмай айтып берді. Лейтенант та ертек тыңдаған баладай кірпік қақпай ұйып қалды. Тек екі-үш Гусевтің аты аталғанда селт етіп, көзі жыпылықтап қосымша сұрақ беріп қадағалап қойды. Қоспан бар сырын сарыққаннан кейін бала жігіт іштегі күрсінісін басқысы келіп, аз уақыт үндемей отырды. Содан кейін:


— Сіз осы айтқандарыңыздың бәрін жазып беріңіз. Әсіресе Гусевтің жайын көбірек айтыңыз,— деді.


— Бұл неге керек?


— Бұл Гусев үшін керек. Екеуіңіздің сөздеріңіз тұп-тура бір жерден шығып отыр.


Лейтенант ырза болғандай жайдары жымиып қойды.


— Сіз Гусевтің қайда екенін білесіз бе?— деді Қоспан жұлып алғандай.— Маған адресін беріңізші. Көптен бері хабарсыз жүр едім.


— Бізде адресі жоқ. Жалпы Қарағанда жағында көрінеді. Жағдайы жаман болмас.— Лейтенант бір нәрседен қапы кеткендей оқыс ойланып, қабағын түйіп алды.— Бұл әңгіме тек екеуміздің арамызда ғана. Сіз тісіңізден шығарушы болмаңыз.


— Жарайды,— деп Қоспан да кілт өзгеріп суына қалды.


Жаңа ғана бел шешіп, сырласып отырған екі адамның арасынан ызғар жүгіріп өткенге ыңғайсызданып, жас лейтенант қипалақтап қалды. Содан бойын билеп:


— Сіздің орныңызды Жаппасбайдың тартып алуы әділдік емес. Мұны мен тегін қалдырмаспын. Бастықтармен сөйлесемін,— деп жылы шыраймен шығарып салды.


Кейінірек Қоспан жас лейтенантпен екі-үш рет кездесіп қалды. Бірақ қызмет жайында сөз қозғалмады. Екеуі де көмейіндегі айтпай, амандық сұрасып, ұсақ-түйек әңгімемен тарасып кетеді. Әсіресе соңғы кездескенде лейтенанттың айыпты адамдай қысылып тұрғанын көзі көрді. «Онсыз да мен үшін бастығыңнан қатты сөз естіген түрің бар-ау» деп Қоспан анадағы уәдесін сұрап оны қинамады. «Төзген мен-ақ төзейін» деп жүре берді.


Бірақ төзе алмайтын да нәрсесі бар екен. Зіркілден жұрқа, тері-терсек тасып жүріп бәрін көреді. Жұрттың қой деп жүрген Жаппасбай барып тұрған сұғанақ, жымысқы ұры боп шықты. Қоспан оның қасында жүн-жұрқа, тері-терсек тасып жүріп бәрін көреді. Жұрттың әкелген нәрсесінің тиісті нарқын кесу дегенді ол білмейді екен. Жиырма-отыз келі жүн әкелген шалға бір әшмөшке шай мен екі-үш шыт ұстатып қоя береді. Тіпті сонысының өзін көпсініп: «Ақсақал, сіз болғасын ғана амал жоқ» деп бұлдап қояды. Бір сиырдың терісіне сары майын қосып әкелген кел бірге беретіні сыңар ұлтан. Онысын азсынып адамға зекіп, тіл тигізеді. Соғыстан жүдеп шыққан қоңторғай халықтың азғана несібесін жыруға келгенде беті бүлк етпейді.


— Жаппасбай, сен мынауың қой,— деді Қоспан текесінен келіп.— Болмаса оңбайсың.


— Нені қоямын?— деді Жаппасбай ежірейіп.


— Кемпір-шалдарды алдауыңды қой. Ұрлығыңды қой, білдің бе.


Жаппасбай алғашқыда шошып қалды. Мойнын иығына тығып, ала көзі жыпылықтап, қақпанға түскен аңдай Қоспанға үрке қарады. Бірақ аздан кейін есін жиып, тосыннан ақыл тапқандай батылданып, тіпті кесірлене сөйледі.


— Ал, қоймасам не істейсің.


— Не істейтінімді өзім білемін. Бірақ не де болса оңдырмаймын.


Жаппасбай желкесі күдірейіп, сүзе қарап, Қоспанды ала көзімен атып жіберердей төне түсті. Енді тура қақпаннан өзіне қарсы атылған аң сияқты, қандай жауыздықтан болса да тайынар түрі жоқ.


— Сен өзің кімге жала жауып тұрсың... білесің бе? Сенің өзің кімсің.. білесің бе?! Пәшестің тыңшысысың сен! Үкіметтің оң көзі болған адал адамға пәле жауып көрші осыдан. Тура мүрдем кетірейін, бұл күніңді көпсінесің. Үкімет кімге сенеді білесің бе?!


Қоспан ертеңіне жұмысқа бармады. Сол сұмырайдың қол астында жүруге, қанша көнбісті болса да, шыдамы жетпеді. Әттең мына бір бетінде тұрған шіркеуі болмаса Жаппасбай сияқтылардың адымын ашырмас еді. Соншама не жазығы бар? Қол-аяғын жіпсіз байлап қойған бұл не пәле? «Ау, айыбым болса айтып өлтірмейсіңдер ме? Бадырайтып бетіме басып, жазамды неге бермейсіңдер деп айқай салғысы келеді. Әр жерге барып айтып көрген, бірақ ешкімнен үзілді-кесілді жауап ала алмады, «Жұмысыңызды істей беріңіз, сізді ешкім ренжітуге тиісті емес» деп шығарып салады. Осыдан артық айтары жоқ...


XIV


Жапалақ қар қиыршықталып тағы да шаңытқан боранға айналып барады. Қоспанның оранып жатқан тонының іргесін, байпақты саптама етігін көміп салған. Қанша жатқанын білген жоқ. Енді манағы денесін безгектей құрыстатқан суық діріл жоғалып, тұла бойына жылы толқын тарап келеді. Қыстың ызғарын сыпырып тастап, көктемнің шипалы шуағы бар тамырын балбыратып — бұйығы тыныш рақатқа бөлегендей. Өң мен түстің арасындай ойы сөніп тұтанып, үзіліп жалғанады. Бір елестің ұштығы екіншісіне жалғасады да, өткен өмір оқиғаларын суыртпақтап тартып шығара береді.


Көктем келген сайын Қоспан қайта түлеп бір жасап қалатын. Марттың басында-ақ қазақы қойлар төлдей бастайтын. Сол кезде қора маңы бусанып тұрады. Әсіресе апрельдің басында барлық қойлар уәделесіп қойғандай біріне бірі жалғаса толғатып, шүпірлетіп төлдеп жатады. Бүйірі жарылып кетердей шіреніп, демігіп, ашып қанша қиналып туса да, азаптың бәрін аналық сезімі жеңіп, жаңа ғана аларып шарасынан шыққан көзі мейірімге тола мөлдірейді. Бар денесімен исініп, жас қозысының шаранасын жалайды. Енесінің буы бұрқыраған шуынан тыпыршып жарық дүниеге шыққан кіп-кішкентай қозыны көргенде Қоспанның кеудесіне жылы толқын лықсып, өзгенің бәрін ұмытып кетуші еді. Мал баласы деген қызық қой. Үстінен шаранасы кеппей жатып тыпырлап түрегеліп, жіп-жіңішке даусы маңырап «мен дүниеге келдім» дегендей жар салады. Уыздың иісін сезе ме, бірден тұмсығымен енесінің баурын түрткілеп, емшегін іздейді. Қазақы қойдың аналық сезімі күшті. Бауырынан баласын алғанда бейне қолқасын суырып әкеткендей соңыңнан безек қағып маңырай жүгіреді. Қоспан ерте туған қозыларды қораға тасиды. Қыбырлап бүйірін жылытып, кішкене тұмсығымен кеудесін тінткілеп әлек болған жас қозыларды тоңғақ исі аңқыған жылы қораға әкеп тоғыта береді. Бұл кезде Қоспан күндіз-түні дамыл көрмей мұрнынан шаншылып жүрсе де қабақ шытуды білмейтін. Дүбірлеп келе жатқан тірліктің ұлы мейрамын өз қолынан атқарып рақат бейнет кешетін.


Қыс қанша қырсығып бақса да дүниеге келген жас шарана табиғаттың тас бауырын жібіткендей қар мен жаңбыр аралас лайсаңның, қара суық желдің ар жағынан бусанып көктем лебі келе жатады. Иә... әсіресе сонау бір көктем. Дүниенің бар сыры мен мағынасын қайтадан ашқандай болып еді...


Сол Жаппасбаймен керісіп қызметке бармай қойғанда кейін Қоспан мүлде өзгеріп кетті. Торығып үйде жатып алды. Ешқайда шықпайды. Ауыр ойы күннен күнге меңдетіп бара жатты.


Жаңыл алғашқы кезде одан «ау, мұның не жатыс, қарекет қылмайсың ба?» деп сұрамады. Үндемеген күйеуіне жаутаңдап қарап қойып, жұмысын істеп жүре берді. Бірақ ұзаққа шыдай алады ма, бір күні күйсуін сөзге шақырды.


— Жұмыс жағынан не ойың бар?


Қоспан жауап бермей «мені ауырлай бастадың ба? Саған да керегім болмай қалған екен ғой» дегенді жүзінен танытып, Жаңылға сазарып ұзақ қарады. Бірақ Жаңыл әншейіндегідей көзін тайдырып әкеткен жоқ, Қоспанның жүзіндегі жазуды танып, реніші мен ықыласы аралас, көзі мөлдіреп басын шайқады да қойды. Қоспан Жаңылды іштей жазықсыз қиянаттағаны үшін өзіне ыза болып, сыздап тұрған дерті жарылып кетті.


— Білмеймін. Жер-көкке сыятын болмадым ғой мен. Жақсы ит өлігін көрсетпейді деуші еді. Енді өлексемді сүйретіп бір жаққа қаңғырып кетпесем...


Жаңыл күйеуінің көңілі басылсын деп біраз отырды да ақырын жылы сөйледі.


— Өзіңді өзің қинай беріп қайтесің. Бізді қаңғыртатын да ешкім жоқ. Одан да ауылға барайық. Қанша айтқанмен ағайын арасы...


— Сені мен менің қайбір екі туып бір қалғанымыз толып тұр. Жұрт болғасын көзге шұқушылар табылмас деп пе едің.


— Соншама түңіліп немене,— деп Жаңыл кейіп қалды. — Бір сұмырайдан қорлық көрдім деп бүкіл елдің бетіне түкіресің бе. Тіпті жұқарып қалыпсың ғой өзің. Одан да сөзді қойып колхозға көшеміз. Күрекке боқ табылмайды деп қорқасың ба. Ел іші алтын бесік. Бізге де өгейлік қылмайды.


Сөйтіп Қоспан мен Жаңыл колхозға көшіп келді. Ол кездегі жүдеу-жадау уақ колхоздарға адам деген тіпті қат екен. Осы Құмар құшағын жайып қарсы алды.


— Бір кезде әжептәуір қызмет атқарған Қоспан едің. Дәм бұйырып келіп қалған екенсің. Олқы көрмесең бригадир қылып қояйын. Иә, болмаса сиыр фермасын қолыңа берейін,— деді.


— Азғантай еркекті атқа мінгізіп қойып, бар салмақты қатын-қалашқа салып жүрген көрінесіздер. Солардың тобын кебейтпей-ақ қояйын. Мені тура қой бағуға жіберіңіз, — деді Қоспан.


Құмар бұған таң қалды. Ол кезде шал-шауқан болмаса қой бағуға сұранған азамат, — ай, табыла қоймайтын. Қоспанның өз ойы болды. Ол ешкім түрткілемейтін, қызғанбайтын жұмыс іздеді және жұрт көзінен қағыс оңашалық аңсады. Сөйтіп Мінайдарға көмекші болды. Сол жылдары Қадыржан мен Уасиқа жас, қойды Мінайдар мен Салиқа бағады екен. Қаламүш бес жаста, жүгіріп жүр.


Сол көктем... Күркіреп құйып өткен нөсерден кейін жер құлпырып шыға келген. Көл табаны егіс-ойпат көкпеңбек. Жаңа ғана бас көтеріп келе жатқан көк шалғын шыққа малынып ертеңгі күннің сәулесімен жылтырап тұр. Жас қозылар бұлтыңдап көк шалғынға бас қойып шүпірлесіп жатыр. Солай қарай томпаңдап бес жасар Қаламүш жүгіріп барады. Ол жете бергенде қозылар да орғып-орғып қаша жөнеледі. Қозы балаға, бала қозыға ұқсайды. Бақытқа, қуанышқа кенеліп асыр салып мәз болады.


Көк торғын аспанның астында керіліп — алып дала жатыр. Арқан бойы көтерілген күн нұрына бойын жылытып бусана бастаған. Манаурап ақырын ғана тыныс алады. Даланың ұйқысын ашқысы келгендей мың сан бозторғай қосылып жарыса шырылдайды. Алыс, жақынның бәрі ап-айқын. Сонау өзен қабағындағы тастақ қыраттың қоп-қою мақпал қара көлеңкесі де сәуле құшқан беткейден жігі бөлініп ап-анық көрінеді. Түндегі нөсер дүниенің тозаңын жуып тастап, тап-таза балауса күйінде Қоспанның алдына жайып салған. Қоспанның өзі де осы дүниемен бірге тазарып, сергіп шыққандай. Кеудесіне шымырлап мұнартқан арман, мағнасыз қуаныш еніп келеді. «Адам жоқты аңсап әуре болады, өмір дегеннің өзі үлкен бақыт екенін ойламайды-ау сірә» дейді Қоспан ішінен. Дәл осы бір сәскені, осы бір сәтті көру үшін өмір сүруге болады екен.


Сол көктемде ен далада оңаша жүріп Қоспан көп ойланды. Өзінің бұрын аудан орталығында әр кеңсенің есігін тоздырып, ұсақ-түйек қызмет үшін тайталасып жүргенін есіне алса ұялады. Босқа кеткен уақыт, ұсаққа, болымсызға қор болған қайран жігер. Азды-көпті оқуы бар еркек азамат деп аталатындар толып жатқан кеңселерді сағалап, бір нәрсенің тізгінін ұстаған болып, қара жұмыстан аулақ жүр. Соғыстан тұралап шыққан колхозды сүйреп келе жатқандар қатын-қалаш, шал-шауқандар. Солардың үстінен күн көріп, есіл қайрат күштерін болмашыға сарп етіп жүргендерін ойлай ма екен олар? Әй, сірә ойламайтын шығар. Білекті сыбанып жіберіп жұмыс істеудің орнына, онсыз да шаруаларын тындырып жүргендерге «ананы істе, мынаны істе» деп айқайлауды кәсіп етіп алған. Түрлеріне қарасаң бәрін өздері тындырып жүрген кісідей. Тіпті солар айтпаса, нұсқау бермесе жұрт күрек ұстауды, трактор айдауды, қой суаруды білмейтін сияқты. Қоспан енді олардың қатарына қосылғысы келмейді. Не де болса мықты тірліктің құйрығынан ұстады. Тапқан нанын рақаттанып жейді.


Мінайдардың үй-іші бұларды жатырқаған жоқ, аз ғана уақытта бір үйлі жандай боп жүре берді. Әр жерде жалғыз-жарым үй отырған малшылар да Қоспан жолы түсіп соға қалса шұрқырап күтіп алады. Дәм ауыз тигізбей аттандырмайды. Сыйлы қонағындай төрге отырғызып, әңгіме шертеді. Қоспан шын ұясын, өз мекенін тапқандай азғана күнде сіңісіп кетті.


Келер жылы алдына жеке отар салып Мінайдардан бөлініп шықты. «Қоспанға отау тігіп жеке шығардым» деп Мінекең күліп бір тоқтысын сойып қонақ шақырғаны бар. Жердің сырына, малдың сырына сұңғыла ұстазынан асып кетпесе де Қоспан шаруаға жаман болған жоқ. Азғана жылда алдыңғы қатарлы абыройлы шопанның бірі болып шыға келді. Өткен-кеткен түртпектің бәрі ұмыт боп, артта қалды. Елдің ырысы мен дәулетін қолдан жасап жүрген адам еш нәрседен қуыстанбай аяғын алшаң басады. «Дені дұрыс адамның құтылмайтын пәлесі жоқ» деген Гусевтің сөзі есіне түсіп, «рас екен-ау» деп жымиып қояды...


Тонын басына дейін бүркеніп алып, маужырап тәтті ойға кетіп жатыр еді. Өткеннің бәрі арасы үзіліп, көз алдынан бұлдырап қана өтеді. Манағы бір жиіркенішті діріл денесін қайта шарпиды. Мұрнына тон терісінің ашқылтым иісі келеді. Кеудесін бір нәрсе шаншып өткендей. Сол баяғы жиіркенішті шаншу... Қоспанның сөніп баратқан ойын қайта тұтанды.


...Иә, сол елу бірінші жылы. Бұл өлкеде қыстың аяғы қатты болды. Мал көп қырылды. Қоспан отарының да үштен бірі шығын болды. Апрельдегі көк тайғақта біраз қойы іш тастады. Қоспанның бұл алғашқы көрген жұты еді. Жанына қатты батып, колхоз орталығындағы жиналысқа ашынып келді. Жиналыс өткізуге сол кезде ауаткомның орынбасары осы Қасболат келген екен. Ол өкіл болып осы колхозға жиі келетін. Онда бүгінгідей емес, екеуі шүйіркелесіп сөйлеспейді, тек бас изесіп қана өте шығады. Жиналыстың орта кезінде Қоспан сөз алды.


— Басқарма: «малыңды аман алып шыға көр» деп қойшыға сиынады, қойшы аспанға қарап: «қыстың қаһарын аулақ қыла гөр» деп құдайға сиынады. Былтыр жазда да өзіңіз осында өкіл болдыңыз, — деді Қоспан Қасболатқа бұрылып.— Аудандық газеттегі ақпарға қарасам біздің колхоз шөп шабуды жүз процент орындапты. Сол шөп қайда? Оның жартысы да шабылған жоқ. Ал шабылған азғана шөбің әне тұр. Пішенді аман сақтап қалдық да, қойды қырып алдық. Оны енді биылғы ақпарға қосарсыңдар. Біз өз сазайымызды тарттық, ал ендігісіне мына сіз жауап беріңіз!— деді ол Қасболатқа шүйлігіп.


Жұрт Қоспанды қостап, кеу-кеулеп гулесіп кетті. Стол басындағылар қоңырау соғып әзер тоқтатты. Қасболат сазарып қатып қалған. Жұрттың соңынан түрегеліп сөйлеп кетті. Биылғы қыстың қиындығын, малдың шығынын айтты. Басқару ісінде көптеген кемшілік болған. Шөп уақытында тасылып жеткізілмей қалған отарлар болған. Бірақ үрей туғызарлықтай қырғын жоқ. Жұмысты жақсылап қолға алу керек. Қойшылардың жауапкершілігін арттыру керек.


Қоспан Қасболаттың сөзін тыңдаған сайын қирап қалған еш нәрсе жоқ, нағыз жұттан гөрі жұтап қалдық деген қауесет басым сияқты. Әрі-беріден соң өзінің көрген-білгеніне, естігеніне күмәндана бастады. Кім біледі... Жоғарғы жақта отырған адам көбірек көреді, көбірек біледі... Бәрі бірдей Қоспан мен Мінайдардың халіне ұшырамаған да шығар. Қоспанның дәл осы ойының үстінен түсіп, Қасболат та сөз соңында осылай қарай шүйлікті.


— Рас, бұл жағдай үшін колхоз басқармасын маңдайдан сипай алмаймыз. Үлкен кемшіліктерді батыл әшкерелеп, большевикше қортынды жасауға тиіспіз. Кейбір отарларда қойдың қырылғаны рас па? Рас. Біз одан қортынды шығармай көз жұмып өте аламыз ба? Жоқ, жолдастар. Мысалы Есқарин Қоспанның отарында жарыдан артық қой қырылған. («Ау, үштен бірі ғой» деп таңданды Қоспан). Тірі қалғандары іш тастаған. Осы тегін нәрсе ме? Жоқ. Біз Есқариннің кім екенін білуге тиістіміз. Оның кім екенін, қайда болғанын колхоз басшылары жақсы біледі. Осыдан келіп, олар саяси қырағылығын жоғалтып алған жоқ па деген заңды сұрақ туады...


Қасболаттың соңғы сөзі Қоспанның жүрегіне істіктей қадалды. Кешегі бітеу жарасы сыздап, шаншып қоя берді...


Оң жақ кеудесі ағаш тығып қойғандай сіресіп қалған. Қайта-қайта солқылдап шаншады. Қоспан жерден басын көтеріп алды. Манағы ұйтқып түсіп жатқан қар саябыр тартып арты тағы да сыпырма жаяу борасынға айналған. Қалжырап ұзақ жатып қалса керек. Оң жақ өкпе тұсынан мықты бір шаншу қадалыпты. Қозғалтпайды. Қоспан әрең деп орнынан тұрып, тебіндетіп жіберген Тортөбелінің қасына келді.


Бір қыраттан асса да тырмысып жылжи бермек болып, бүйір тақасып ұйысып қалған қойларын қайта қозғады. Бойларына жылу кіріп, бұйығып тұрған қойлар желдің өтіне шыққасын дірдектеп, бүгежектеп келеді. Бірақ қанша тырбанса да тірсекке жуықтаған қар сирағынан тартып жібермейді. Ақ даланың бетін жалаған жаяу борасын да тілін сүйреңдетуден бір жалықпайды.


Қозғалып кеткен ойларын Қоспан енді тоқтата алмады. Көз алдына, қаққан қазықтай, Қасболат келіп тұрып алды. Ойлаған сайын ол екіге жарылып, бір емес екі Қасболат елестейді көзіне. Аз уақыт басқа жаққа қызметке ауысып, содан қайтып келіп ауданның тізгінін қолына алды. Басқа жағдайын қайдан білсін, бірақ дәл Қоспанның өзіне дегенде бұл өзгеріп басқа адам болып келген сияқты. Көп ұзамай әдейі арнап келіп қосына түстеніп кетті. Машинасынан түспей жатып, құшақ жая жайдары амандасып, хал-жағдайын сұрап жақсы шырай көрсетті.


— Көз көрген ескі танысқа не жетсін. Өзімнің солдатыма соғып, үлкен қараға сәлемдесе кетейін деп әдейі бұрылдым,— деді үйге кіріп келе жатып.


Қасына ерген бағыныштылары да ескі достардың қайта кездескеніне іштері елжірегендей Қоспанға күле амандасып, жымыңдап қояды. Жұрт жағалай жарқылдасып жатқанға ма, әлде өткеннің бәрі ұмыт болды ма, Қоспан Қасболаттың пейілін қайтарған жоқ. Оның үстіне ауданның бір мықтысы өзі іздеп келіп елпілдеп жатса... Тек Қасболаттың өзгеріп кеткен мінезіне таңырқап қана қойған.


Осыдан-ақ екеуінің арасы қайта жалғасып, қақырап кеткен достығы қиюын тауып орнына түсті. Қоспан абзалы кекшіл болмайтын, оның өткендегі істерін ұмыта бастап еді. «Заманы, қызмет бабы солай болған шығар. Өткен ісіне өзі де қысылып, қазір маған шын жаны ашып жүр ғой» деп түйді кешірімшіл көңілі. Оның үстіне Сәбира... Қоспан ауданға келген сайын оған соқпаса бір жақсылықтан құр қалғандай елегзиді де тұрады. Қоспан келгенде ол асты-үстіне түсіп жалпылдап та жатпайды, байсалды жылы шырайымен қарсы алып, шай құйып отырып әңгіме шертеді. Қоспанның сөзін де ықласпен ұғынып тыңдайды. Нағыз бір шын сыйласатын бастас құрбысы болып алды.


Қайдан есіне түскенін білмейді, Қоспан ұмытып кеткен Қасболаттың сонау сөзі енді келіп екеуінің арасына сынадай қадалып тұрып алды. Осының қайсысы Қасболат? Шыны қайсы? Өзі сыртынан меншіктеніп дос санап жүрген Қасболатты шынымен дос па? Ойы екіге бөлініп дал болады.


«Ау, неғыл дейсің енді Қасболатқа? Бір рет ағат кетсе, онысын он есе жақсылығымен өтеген жоқ па? Өмірдің ұзақ жолында қабақ шытыспаған дос бар ма? Азғана күнгі азапқа шыдай алмай жақсыны жазғыра бастадың ба? Мұның қалай?» дейді ішкі бір даусы.


Қоспан елең етіп осы бір дауысқа құлақ тігеді, соған иланғысы келеді. «Иә, иә, ұлық басын кішік етіп, осы сені қолпаштап-ақ келе жатқан жоқ па!»— деп қостай түседі. Бірақ сонда да әлденеге көңілі толмайды. Иә...Қосына келеді, қонақ болады. Көтермелеп ол-пұл жиындарға апарады. Ал, ойлап қараса — әншейін бала сияқты арқасынан қағып алдарқатып жүре беретін сияқты.


Қасболаттың сол жиналыстағы өзі туралы айтқан сөзі шаншудай қайталап, ойына орала береді. Оған жалғаса: «өзімнің солдатыма соғып, сәлемдесе кетейін деп, үлкен қараға әдейі бұрылдым» деген жарқын даусы келеді құлағына. Осы дауыстың ар жағынан басқа бір елестер сүйретіліп шығып келе жатыр.


Қырық екінші жылы. Шаңытқан Дон даласы.


— Жалғыз патрондарың қалғанша шегінбейсіңдер. Бөлімше жаудан қарасын үзіп кеткенше тапжылмайсыңдар! Жауынгерлік тапсырма сол!— деп Қасболат отделениеге бұйрық берген.


Бұл бұйрығын орындаған солдаты қырық жетінші жылы қайтып оралып алдына келгенде... Сол сағат есіне түскенде Қоспанның тұла бойы тітіркеніп қоя береді.


Қоспан өзінен өзі тыжырынып, бір нәрсесін жоғалтып алғандай мазасыз халге түсті. Ойлаған сайын Қасболат екеуінің біте қайнасып кетті деген арасына кірген сына тереңдеп барады. Ойламасқа және болмайды. Сірә «достық» деп қолпаштап, қауқитып жүрген дүниесінің ішінде үңірейіп тұрған қуыс бар сияқты.


Қоспан шытырман ойға сүңгіп, ен даланы торлап бұлдыраған бұрқасынға сіңіп алыстап барады.


XV


Екі-үш күннен бергі сергелдең шаршауды білмейтін Жұматайды да қажытайын деген екен. Қасболат рай берсе-ақ аузын жаппай әңгіме соғатын шофердің жолға шыққалы бір сағаттан бері үні жоқ. Қар басып қалған дала жолының сұлбасын іздеп, мойынсыз басын кең иығымен қоса көтеріп, інінің аузын баққан жапалақтай қатып қалған. Ауық-ауық қолын рычагқа созып машинаны біріншіге салады. Газик ойпаңдау жерде булыға гүрілдеп, құйрығы бұлталаңдап, шегіншектеп барып қайта ұмтылып, орғып әрең шығады.


Төңірек бұлдыр. Әйнегін қар кептеген газиктің іші қара күңгірт. Әйнек тазартқыш тынымсыз бұлғаңдап маңдай терезеге түскен қарды жентектеп екі шетке сыра береді. Бірақ қалыңдаған қарды сыпыруға әлі келмей оның да барған сайын қадамы қысқарып келеді.


Қасболат арт жақта отыр. Арқалыққа шалқайып, көзін жұмып мүлгіп кеткен сияқты. Аққұба әдемі жүзі тотығып, бетіндегі әжімдері де тереңдей түскен. Езуінен турыла түскен екі сызық әдемі жұмыр иегін шошайтып шықшытынан бөліп тастаған. Жұматай артына қарап, бастығы ұйықтап кеткен екен ғой деп, оның кеудесін тонмен қымтап тастауға оқтала түсіп еді, қалың кірпік астынан қарашығын көріп іркіліп қалды. Қасболат ұйықтамапты, бірақ өзіне қарай ұмсына түскен. Жұматайды көрмейтін сияқты. Кірпігі қыбыр еткен жоқ. Жұматай ыңғайсызданып, тез бұрылып баранкасына жармасты.


Қасболат аз мызғып алмақ боп көзін жұмып еді. Бірақ ұйқы келмеді. Бүгінгі күннің мынау сергелдеңіне, уайымына өткен-кеткен жайлы мазасыз ойлар жалғасын әбден берекесін алды. Осы қарлы боранда бір колхоздан екіншісіне тоңып-шаршап әрең жетіп, түн ортасы ауа басы жастыққа тисе де ұйқысы тіпті нашар болды. Түні бойы қай-қайдағы бір оңбаған жаман түстер көреді. Ояна келгенде оның ешбірін есіне түсіре алмайды. Тек басы зеңіп, алқымы кебіртеңденіп бір нәрсені бүлдіріп алып, енді сол үшін айып тартатын адамдай жиіркенішті халде болады. Міне, қазір де ұйықтай алмады. Азғана уақытқа ұмытайын десе ұмыт болмайтын жайлар тұр алдында. Үлкен сүргін, қым-қуыт жұмыстар күтіп тұр. Келе бүкіл аудан орталығын аяғынан тік тұрғызып, қызметкерлерді колхоздарға қуады. Телефоннан түспей жан-жаққа хабар салып, аласұрып жоғалып кеткен отарларды іздейді. Газиктің митыңдаған жүрісі аяғына тұсау болып, әбден зықысын алып келеді. Облыстан да телефон соғып жатқан шығар.


Машинаның іші бұрынғыдан бетер күңгірттене түсті. Қасболат бойы тоңази бастаса да тонын қымтанбай сұлық отыр. Манағы түрік ерінді, кішілеу қайқы тұмсық бала көз алдына елестеп — көңілін жылу шарпиды. Өзі жылтылдаған ұшқын сияқты. Жоқ-ау, тіпті лаулап тұр. Беті қайтпаған балалығы ма, өзі өктем-ақ. Бұл ауданда ешкім бетіне келмейтін Қасболаттың апшысын ауырып әлек салды. Именіп өтініш айтудың орнына тапжылтпай талап қояды. Жоқ, осы балалық аңғырттықтан ғана ма екен? Не де болса бойында бір тегеурін жатыр. Қаламүш деген аты қызық өзінің? Шамасы еркелетіп қойған ат-ау. Шын аты кім болды екен?


Түһ, адам да қайдағы жоқты ойлайды екен ғой. Мына ақ дүлей ауданды тақырға отырғызып кетейін деп тұр. Жапан далада қора-қора қойлар ығып жүр. Біразы қырылып та қалған шығар. Осындай қиын-қыстауда қайдағы бір баланы ойлан... Өзі бірақ тегін емес. Суықтан сіресіп қалған езуін жинай алмай ыржиып, жәркелештеніп келе жатқан Қадыржанды шегеріп, бірден киін кетті. Қоспанның үйінде бір-екі рет көргенде аңқау кескіні уылжып тұрған жас бала еді. Беті ашылмаған қыздай қызара күлімдеп тұратын. Енді келіп қарашы, бала бүркіттей шаңқылдап...


Өмір иін түсірмеген қайран жастық. Жолың даңғыл, алдыңда бөгет болар бұдыр жоқ сияқты. Талабың тау жығардай боп, еркін сермеп жүретін аңғырт кезең. Тайсалу, жасқану білмейсің-ау онда. Бұл дүниеде әділдіктен артық күш бар дегенді ойламай, көзің жетіп, осы әділет дегеніңді кім болса да көлденең тосып, киіп-жарып кететін дәурен еді ғой. Ия, Қасболаттың да алмас қылыштай жарқылдап жүретін кездері болып еді.


...Көгілдір бояуы оңып сұрғылт тартқан күз аспаны. Бірде созсаң қолың жетердей жап-жақын, бірде түпсіз тұңғиық алыс. Жел тербеткен қара қоңыр жусан арасынан ойдым-ойдым сарғыш тақырлар көрініс қалады. Дала желінің бойына әлі ызғар кірмеген, қоңырқай самал есін үзілмей толқиды. Тарантастың бір ырғақты сықырына үнін қосып түйеге жеккен ағаш арба шиқылдайды. Ағаш арба шиқылдап музыка сияқты аумайтын ырғағы бар, баяулап көтеріп, шыңғырып жоғарылап барып қайта төмендейді. Сол екі ортада тарантастың сынған жеріне ағаш жамаған артқы доңғалағы екі тактыны ұрып жібереді.


Арба үстінде шүпірлеген балалар. Жеті-сегіз жасар кішкентайларымен мен қоса он бес-он алтыға келіп қалған ересектері де бар. Артқы арбада жас ортасынан ауған қара сақал қапсағай кісі отыр. Үстінде оңып кеткен ескі шүберектен талай жеріне жамау салған ескі шекпен, оның бір етегін қайырып беліне қыстырып алған, басында ескі тымақ. Оны да бір кезде қандай түсті шүберекпен тыстағанын айыру қиын, қазіргі түрі әр жері теңбіл-теңбіл қуқыл күлгін. Өзі сөзге сараң. Қанша сөзге шақырсаң да «иә, шырақ», «иә солай шығар» дегеннен басқа айтары жоқ. Атарба ойпаңға қарай желдіріп кеткенде о да түйесін қамшылап, бақыртып, азғана тайрақтатып алады. О кезде майсыз ағаш арбаның шиқылы тіпті безілдеп, ойбайлап кетеді.


Бір кезде түйесі ауық-ауық боздайтынды шығарды. Содан сарнаған ұзақ әуенге басты. Қара сақал арбасын тоқтатып доғара бастады. Қасболат тарантаспен озып барып қайта оралды.


— Ақсақал, неге тоқтадыңыз?


— Жарықтықтың сауыны келді.


Ол асықпай арбадан мойнағын алып, іңгенге иіскетіп идірді де, торсығын ересек бір балаға тостырып түйесін сауа бастады.


Балалар арбадан түсіп жүгіріп ойнап кетті. Бала деген қызық-ау. Мана ауылдарынан шығар кезде біразы жылап, одан біраз жерге дейін қорсылдап мұрындарын тартып келе жатыр еді. Қазір біріне-бірі елігіп алаңсыз ойнап жүр. Тек екі-үш қыз бала ғана арбаның үстінде отыр. Тұлымдары желбіреген он-он бір жасар екі кішкене қыз, ұзын шашын қос бұрым етіп өрген, басына қызыл орамал тартып, бүрмелі ұзын көйлек киген ересектеу ақсары қыздың қасынан шықпайды. Ол арбадан түссе түсіп, мінсе мініп, көздері жаудырап соған қарайды.


Қасболат бұл балаларды аудан орталығында интернатқа оқуға алып келеді. Биыл үлкен мектеп, жатақхана салынып соған аудандық комсомол комитеті ауылдардан бала жинап жатыр. Оқу басталып кетсе де мектеп толмағасын Қасболат тағы да өзі елге шыққан. Көбіне кешегі ашаршылықта ата-анасынан айрылған ағайын туғандарын паналап жүрген жетім балаларды жинайды. Кейбір хал-күйі төмен ата-аналардың, не жалғыз ілікті әйелдердің балаларын да үгіттеп алып кетеді.


Жас балаға үй-ішінен, туып өскен аулынан ұзап шығу қандай қиын. Қасболат ондайда неше түрлі айла-тәсілге басатын. Балаларды жинап алып та, жеке де сөйлесіп, «онда көп бала болады, ойын-сауық болады, доп ойнайсыңдар, ауылдағыдай емес тіпті қызық» деп бар тіл өнерін аямай еліктіретін. Тіпті болмай бара жатса «онда күнде кәмпит жейсіңдер» деп те өтірік айтып жіберетін. Ауылға шығарда ақшасын аямай аудандық дүкенді тінтіп, дүкеншінің бастықтардың әйелдеріне сақтап, тығып қойған кәмпитін қотарып қоржынға салып алатын. Сөйтіп ауылдан шығарда жылаған балаларды кәмпитпен жұбататын...


...Жылаған баланың мұрнын сүртіп, қолына кәмпит ұстататын кезі есіне түсіп Қасболат ақырын күліп жіберді. Екі-үш күннен бері қинаған күңгірт ойдың арасынан сәуле жалт еткендей іші жылып кетті. Қызық еді. Біреуіне кәмпит беріп жатсаң қасындағы еңіреп отырған бала да тыйыла қойып, мұрнын қорс-қорс тартып жаутаңдап қолыңа қарайды. Біреуін жеп алғаннан кейін тағы дәметеді. Іштеріндегі батылдары «аға, тағы да берші» деп жалынады.


Ең бір жарқын жақсы кездері еді ол. Ел тұрмысы онша жақсы болмаса да ашаршылықтан кейін тойынып, өзіне өзі келе бастаған. «Асыра сілтеуден» азайып қалған мал басын қалпына келтіру үшін әр тұяқты есепке алып, «тышқан мұрнын қанатуға» тыйым салынған, қазақтың үйреншікті еті тісіне тие қоймаса да, қара азығы мен ағарғаны молайып, ел еңсесін көтеріп қалған кез. Әркім де алға үлкен үмітпен қарайтын болған. Сол үміттің үлкені Қасболатта болатын. Бүгінгіден ертең жақсы болатындай көңілінен дәме-қуаныш үзілмейтін. Киер киім, ішер астың уайымы жоқ, бары-жоғын есептемейтін. Оқып жүргенде революция кезінде кішкене болып, үлкен істерге араласа алмай қалғанына өкінсе — қазір ел өмірінен ұшан теңіз жұмыс тапты. Керек емес нәрсе жоқ: мектеп салу, аурухана салу, клуб салу, көркемөнер үйірмесін құрып ауданда ойын-сауық көрсету. Комсомолдың араласпайтын ісі жоқ. Осының бәрі жаңа болғанға халық та сондай ықыласты. Әсіресе жаңа оянған ауыл жастарының ықыласын айтсайшы. Қасболаттың өзі де біреуден кем желікпеуші еді-ау. Қолға алған ісінін бәрі маңызды, бәрі қызық көрініп соны тындырғанша тағат таппайтын. Аудан комсомолы мектепті шефке алғаннан бері Қасболат одан жақсы, одан қызғылықты іс барын ұмытып та кеткен.


Шынында да әрбір кішкентай баланың өзінше хикаясы бар. Анау қызыл орамал тартқан бойшаң сары қыз... Жасы биыл он төртке қараған. Не бары екі-ақ класс бітіріпті. Жалғызілікті шешесі қолқанат етемін деп жөндеп оқытпаған. Ол бұл топқа ілікпей де қалар еді. Егер...


Оқуға баратын бала іздеп, үй жағалап жүрген Қасболатты бір арықша қара торы әйел қуып жетті. Әлденеге асыққандай ентігіп, үсті-үстіне бастырмалата сөйледі.


— Тоқтай тұршы, қайным. Әлгі оқуға бала жинап жүрген сен бе? Ендеше өзіңе айтатын бір арызым бар. Өзің өкіметтің адамы көрінесің, шырағым. Біздің сөзімізге сен құлақ аспасаң кім тыңдайды. Сені оқуға бала жинап жүр дейді. Өзге баланы қойшы, ата-анасы оқытады ғой. Ауылдан да мектеп ашатын көрінеді. Одан да сен ана бишара балаға көмектес. Бетім-ау, он үштегі баланы он сегізде деп ұзатайын деп жатыр. Ол қайдан он сегізде болсын. Жұрттың бәрі біледі, өткен мешінде туған. Бір мүшелге жаңа келді ғой. Құр бойы сұңғақ деп, бетім-ау, жұрттың төрт көзі түгел ғой...


Қасболаттың есінде қалғаны — «бетім-ау» дегендегі бетін сызған буылтық саусағы мен тынымсыз жалпылдаған ерні ғана. Сол әйел Қасболатты қыздың үйіне өзі ертіп әкеп кіргізіп кетті. Баланың аты Гүлсім екен. Шешесі жасы үлкен болмаса да азап, мехнаттан ерте қартайған адам сияқты. Қасболат:


— Балаңыз оқи ма, жеңгей?— деп сұрады.


Әлгі әйелдің айтқаны рас сияқты. Баланың жасы он үш-он төрттен артық емес. Бірақ өзін әдемілеп бой жеткен қызша киіндіріп қойыпты. Қос етекті бүрме көйлек, мақпал жеңсіз, басында тебетей. Әлгі сөзді естігенде Гүлсім елең етіп Қасболатқа қарады. Шешесі де әлденеден секем алып, қызына ала көзімен қарап:


— Кісінің алдында не бар, бара тұр,— деп қызын шығарып жіберді.


Қасболаттың сөзін жауапсыз қалдырды. Тек қайталап сұрағанда барып:


— Азғана оқуы бар. Енді мектептен жасы асып кетті,— деді.


— Неге асады. Әлі де оқуына болады. Жасы он үште көрінеді ғой.


— Оны кім айтты?— деді әйел әлденеден үркіп. Өзі әжептәуір сасып та қалды.— Жоқ, жасы толған бала, шырағым. Бізді әурелеме.


— Оның несіне таласасыз, баланың түрі де айтып тұр ғой. Өз балаңызға жаныңыз ашымай ма?


— Жаным ашыса абыройы барда құтты жеріне қондырамын. Бойжеткен баланы айдалаға жіберіп, масқара болар жайым жоқ.


— Балаңызды шақырып жіберіңізші. Мен жеке сөйлесіп көрейін. Оның да ойын білейік.


Әйел бұл сөзге тіпті баж ете қалды.


— Не деп тұрсың, шырағым-ау, бой жетіп отырған қызды сендей жігітпен оңаша үйге тастап... Қой, шырағым, мына сөзің сиырдың мүйізінен де қисық болды. Балам он жетіде, нанбасаң ауылнайдан мөр басып берген куәлігі бар.


Бұл әйелмен әңгімесі жараспады. Қалай айтса да көнетін түрі жоқ. Енді ауыл совет арқылы сөйлеспек боп Қасболат сыртқа шықса манағы осы үйге әкелген әйел Гүлсіммен сөйлесіп тұр екен. Қасболатты көре сала қасына жүгіріп келді.


— Иә, оқуға әкететін болдың ба, қайным?


Үй иесі әйел де сыртқа ере шыққан екен, анаған тап берді.


— Ә, сен жүзіқара екенсің ғой, сумаңдап бәрін жеткізіп жүрген. Менің өлгенде көрген несібемді күндеп, ішкенің ірің боп жүр екен ғой, сен бейбақтың. Бәрібір Саумалбай сен жүзіқараны алмайды.


— Әй, сенің өзің бейбақ, қаршадай баланы ұзатамын деп. Қазір кеңес заманы, білесің бе? Басың сотқа кетеді. Ал, Саумалбайға сен жеңгетай болмай-ақ қой. Дәм-тұзымыз сенсіз де жарасқан.


— Дәм-тұзым жарасты деп толып жүр екенсің ғой. Көп болса бір сарып кеткен шығар. Еркек те бір, ит те бір. Бір сарыған бұтасына қайрылмайды.


Қасболат тұра қашқандай болды. Жиырма шақты үйдің ортасындағы ауыл советтің кеңсесіне жеткенше екі әйелдің бажылдаған даусы құлағына келіп тұрды.


Ауыл советтің кеңсесіне келіп сұрастырып анықтағанда қыздың жасы он үштен он төртке қараған боп шықты. Шешесі Гүлсімді Саумалбай дейтін осы маңдағы көп жұрттан күйлі жеке шаруаға ұзатпақ боп отыр екен. Ол алдағы көктемде әйелінің жылын беріп, содан кейін үйленбек екен.


Қасболат енді қызы мен шешесін ауыл советтің кеңсесіне шақырып алып сөйлесті. Ауыл совет председателімен екеулеп ортаға алса да шешесін көндіре алмады.


— Баланы туған сендер емес, менмін. Оның жасын өзім білем. Сенбесеңдер мінекей куәлігі,— деп бір парақ дәптер бетіне жазылған куәлікті ұсынды.


Куәлік шала сауатты жазылыпты. Дегенмен Гүлсімнің жасын биыл он жетіде деп куәландырыпты. Бір қызығы бес-алты жол азғана сөз парақтың ең басына жазылыпты да, мөр ең төменгі шетіне басылыпты. Қол қойған ауыл советтің бұрынғы председателі Әлі латынша үйренбегендіктен арабша қойыпты қолын.


Председатель Қасболаттың қолынан қағазды алып, біраз айналдырып үңіле қарап отырды.


— Мынау Нағашыбайдың қолы ғой. Ол қашан берді бұл куәлікті,— деп сұрады әйелден.


Әйел кішкене кібіртіктеп қалды да:


— Қайдан білейін. Берді ғой әйтеуір. Менің қай бір есім бар,— деді.


Бұрын да сезіктенуші едім, Нағашыбайдың жайы мәлім болды,— деді председатель.— Мынау ақ мөр.


«Ақ мөр» дегенді Қасболат сол жолы ғана естіген. Бұрынғы председатель орнынан түсерінде ақ қағазға көп қылып мөр басып алады екен де, кейін керек кезінде толтыра қояды екен. Бұл өзі ертедегі болыстардан келе жатқан әдіс болса керек.


— Мынау өтірік қағаз болды. Оны берген адамды біз жауапқа тартамыз. Ал, енді не дейсіз?— деді Қасболат әйелге.


«Жығылған жерің осы шығар, енді бұлтара алмассың» деп ойлап әйелдің бетіне көз тастады. Әйел көзі жыпылықтап председатель екеуіне кезек қарады. Қасболат енді байқады — бір кезде аққұба ажарлы адам болған сияқты. Сүйегі кең әдемі қазақы жүзі күн мен желден әбден тотығып қарауытқан, сүйкімді қой көзінің нұры қашып, қарашығының айналасы сарғая бастапты, көз төңірегін, бетін ұсақ әжім басқан. Кеудесі солыңқы, өзі арық. «Жасы қырыққа енді жақындаған әйел-ау, байғұсты жоқшылық пен күйік ерте тоздырған ғой» деп ойлады Қасболат. Аяқ астынан ұсталып, торға түскен құстай екеуіне кезек жаутаңдаған түрін көріп осы әйелді аяп кетті. Жылы сөйлескісі келді.


— Сіз орынсыз ренжімеңіз, жеңгей. Қайта өз балаңыздың келешегін ойлаңыз.


Сол-ақ екен әйел еңіреп жылап қоя берді. Қос жұмырығымен маңдайын бір соқты да, содан жұмырығын маңдайынан алмастан, өксігін баса алмай қорсылдаған күйі ащы сөйлеп кетті.


— Сорым арылмаған сор маңдай... Бағым байланған бетпақ болмасам жастайымнан жесір қалар ма едім. Мойнына бұршақ салып, арқа етім арша, борбай етім борша боп жүріп асыраған жалғызым... Енді сені де көпсінді ғой қу құдай. Күні кеше ісіп-кеуіп жүріп асыраған, құлыным... Өзегім талып баратқанда сенің аузыңа салып... Сенен басқа менің нем бар еді... Енді қолым жетті, сенің қызығыңды көрем дегенде... Не жазып едім, қу құдай, ала алмаған өшің бар ма еді менде!?


Әйел қос қолын маңдайына басып алып, теңселіп ышқына зарлап отыр. Даусы қандай ащы еді. Қызы шыдай алмай жүгіріп барып, құшақтай алды.


— Апатай, апатай!.. Қойшы. Қарғанба... Өліп кетсем де сенің дегеніңді істейін, сенің қасыңнан екі елі шықпайын. Құлың болайын, апатай.


Құшақтасып алып екеуі қосылып жылады. Қасболат та шыдай алмады. Орнынан бір тұрып, бір отырды. Әрі-беріден соң тіпті шыға қашуға да дайын еді. Бірақ өзін өзі тежеп қалды. Осы күнге шейін ойға алған ісінен қайтып көрген еместі. «Әйелдің халы қанша аянышты болғанмен Гүлсімді қалдырып кетуге болмайды» деп ойлады. Жоқшылық пен жалғыздықтың зарын көп тартқан сорлы әйелдің бойындағы бар жақсылығын сығып алып тек зәрін ғана қалдырған сияқты. Аузын ашса ащы сөз шығады. Бишараның бар арманы Саумалбайдың қолындағы төрт-бес қарасы. Сол үйдің қарын тойдырар күйкі тіршілігі.


Ауыл советтің председателі берік жігіт екен. Міз бақпады. Шешесі мен қызы әбден солығын басқан кезде барып тіл қатты.


— Жеңгей, көп сөз бос сөз деген. Үкіметтің заңын бұзу сені мен менің қолымыздан келмейді. Менің басым екеу емес. Жасы толмаған қаршадай баланы ұзатсаң сені ғана емес, осы жерде отырған мені де жауапқа тартады. Оны екібастан өзің білесің. Сөйтіп баланы оқуға жіберу керек. Бас уайымы үкіметтің мойнында болады. Екібастан кеңес үкіметі қор қылмайды. Одан да көзіңнің жасын сүртіп баланы жолға дайында.


Бір ғажабы осы сөз әйелге қатты әсер етті. Ол енді соққыға жығылған адамдай жалтақтап, председатель үрейлі, бағынышты кескінмен қарады. Жалбарынып бір нәрсе айтқысы келгендей жаутаңдады да, бірақ тілі байланып үндемеді. Содан кейін көкірегін қарс айыра ауыр бір күрсінді де:


— Жүр, үйге барайық,— деді қызына.


Қызымен қоштасарда шатақ шығарып, я жылап дауыс қылып есті тандыра ма деп қорқып еді Қасболат, бірақ баяғы адуын әйелдің мінезі тіпті өзгеріп кетіпті. Есеңгіреп қалғандай қызының затын алып берудің орнына, жұпыны үйдегі әр нәрсені бір ұстап, мең-зең боп тұрып қалады. Бір рет тулақты ұстап шығып бара жатты.


Гүлсім:


— Апа-ау, оны қайда апарасың?— дегенде аңырып қызына қарап тұрды да, тулақты жерге тастай салды.


Көзінде жас жоқ. Бірақ байғұстың жылағанының өзі жақсы болар ма еді. Күйікке толы жанарына қарауға кісінің дәті шыдамайды. Қасболат жылы сөз айтып, көңілін жұбатып кеткісі келіп тұрды да, бірақ қазір бұл пақырға сөздің күші жетпейтінін түсініп үндемеді.


Иә, Гүлсім солай. Алаңсыз ойнап, асыр салып жүретін шағында басына біраз тауқымет түскен. Жасына жетпей есейіп қалған. Ал, анау қошқар тұмсық қара баланың бұдан да ауыр тарихы бар. Аты Торғай, жасы биыл онда. Бұл ауылға осыдан үш жыл бұрын келіпті. Туған жері, ел жұрты белгісіз. Тек өз атын, шешесінің атын ғана біледі екен. Барар жері белгісіз, әйтеуір алда темір жол бар дегенге солай қарай босып бара жатқан аштар әкеп тастапты оны. О кезде жұрт өз баласын асырай алмай отырғанда біреудің баласын кім алсын.


Емшекте баласы бар бір келіншек жеті жасар Торғайды жетелеп, үй жағалап жүріп «осы баланы алып қалыңдар» деп жалыныпты. Оның айтқан сөзін еске алғанда ауыл әйелдері әлі де көздерінен жас алады. «Өз балам емес, жолдан тауып алдық, кісі баласы демей-ақ бағар едім, емшектегі балаға емшегімнің сүтін берем, бұл сорлыға немді берем. Бәрінен де сол жаман екен. Қаршадай бала ұзақ жолға қалай ереді. Біздің де өлі-тірі боларымыз белгісіз» деп зарлапты.


Сол келіншек өзі білген тарихын айтыпты. Бұлар күйеуі мен екеуі кішкене баласын кезек көтеріп, арып-ашып келе жатып, осыдан жаяуға үш күндік жердегі Өтеш суының басына құлайды. Ол өзен жазда бөлек-бөлек қара су боп үзіліп қалады. Бір қарасудың басында қамысты қалқалап дем алып жатса ыңырсыған дауыс естіледі. Алғашқыда елей қоймаса да, әлгі дауыс әлсін-әлсін шыққасын, өздері бір жағынан шошып, әйтсе де іздеуге шығады. Бұлардан жиырма-отыз қадамдай жерде қамыс тасасында бір нәрсе қараяды. Келіп қараса бет-аузы көнектей боп ісіп кеткен бір әйел. Талмаусырап жатыр. Қасында алты-жеті жасар бала. Бала байғұс есінен танып қалғандай үн-түнсіз сазарып отыр. Келген кісілерге де қайрылып қарамапты.


Әйел қасына адам келгенде ыңырсып көзін ашып, иегімен баласын ымдапты. «Өз халім бітті, баламды ала кетіңдер» деп жалбарынғаны ғой. Бұлар күйеуі мен екеуі өз балаларын қалай сақтауға білмей келе жатқанда кісі баласын қалай әкетпек. Тастап кетейін десе дәті шыдамай, кетпейін десе өз халдері мүшкіл, тіпті қатты қиналыпты. Ақыры қия алмапты. Әйел тілге келген кезде:


— Жалғызым... жалғызыма жар... болыңдар...— депті.


Халі біткен әйелге істер дәрмендері болмай, баланы ала кетпек болыпты. Содан кейін әйел қолын әзер қимылдатып қасында жатқан кішкене түйіншекті нұсқапты. Оны алып шешіп қараса ішінен қатып қалған кішкентай күлше нан табылады. Соны балама беріңдер дегендей ым қағады. Бұлар аузына су тамызып, әйелге аздап есін жиғызып тілге келтіреді.


Әйел сонда да: «Мен енді келеге келмеймін, тек баламды бір өлмейтін жерге жеткізіңдер» дегенді ғана айтып қайта талықсып кетіпті.


«Біз есін жиса, бишараға талшық болсын» деп жалғыз таба нанымыздан сындырып қойнына тығып кеттік», — депті келіншек.


Әлгі мең-зең боп отырған бала бұларға еріп жүре беріпті. Тек азғана жер ұзағансын есі кіргендей артына қайрылып:


— Апа, апа!— деп шыңғырып кейін қарай қашпақ болыпты.


«Апаң жазылғасын келеді. Ол шаршап дем алып жатыр» деп алдап-сулап әзер әкетіпті.


Жаяулап арып-ашып келе жатқан адамдарда қанша күш болсын. Өзен сұлбасын жағалап келе жатып ұзамай тағы да тоқтап тыныс алады. «Қалжырап көзім ілініп кеткен екен,— депті келіншек.— Әлденеден секем алдым ба, тез оянып кеттім. Оң жағыма қарасам әлгінде жатқызып қойған бала жоқ. Содан шошып кетіп ұшып тұрып іздесем, өзенді өрлеп кейін қарай кетіп барады екен. Тіпті едәуір жерге ұзап кетіпті».


Келіншектің әңгімесін ауыздарын сылп еткізіп, жылай-жылай тыңдаған ауылдың әйелдері осы баланы алып қапты. Әйелдер көңілі босап алуын алып қалса да артынан қатты қиналыпты. Қоңдылау бір-екі үй бар екен, ертіп соларға апарса олар маңайына жолатпай, ілініп-салынып отырған өзгелері арық атқа қамшы ауыр боп тұрғанда кішкентай да болса артық ауыз ашуға еш нәрсе таба алмай қиналыпты. Бір-екі айдай Торғай үй арасында жүріп жүрек жалғапты. Ашаршылықта әшейіндегі мейірбан адамның өзі қатал боп кетеді ғой. Телміріп келе жатқан жас жетімекті көбісі-ақ сұқ көздерімен атып теріс айналатын болған. Содан Жанкүшік дейтін сол ауылдың ең бір кедей шаруасы паналатыпты сол баланы. Өз баласындай болмаса да сол үйге бауыр басыпты. Тек бір мінезі қалмапты: ойнап жүргенде өзге балалардан бөлініп кетіп, өзенді өрлеп жарқабақтың басына шығып, келген жағына телміріп қарап қалады екен. «Бишара бала шешесінен тірідей айрылды ғой. Қайдан білсін әлі күнге артымнан келе ме деп емексіп жүрген ғой» деп көзіне жас алады ауылдың кемпірлері.


Қасболат әңгіме тыңдауға құмар еді. Ол кезде халық сауатсыздау. Өз ортасынан бөлек, басына кепке киген адамға жатырқай, тіпті үрке қарайды. «Амансыз ба, жеңгей, сәлем бердік үлкен кісі» деп әрқайсысына ізет білдіріп, ауылдың әйелдерімен, кемпір-шалдарымен тез ұғысып сөйлесіп кететін. Қайғылысы бар, күлкілісі бар неше түрлі хикаяларды еститін. Ел өмірінің бұрын өзі білмеген, не байқамаған талай қатпарларынан хабар алатын. Жүрегінің қымталмаған жалаңаш кезі емес пе, әрбір қайғылы жағдай Қасболат ауыр әсер ететін. Кәдімгідей қиналып, біреудің өзгеге істеген қиянат зәбірін білсе қатты ыза болатын. Құр ыза болып қоймай зәбір көрген адамға ара түсуге, ауыр жағдайда көмектесуге әзір тұратын. Қайран жастық қызбалық-ау, не қызмет бабына, не өзіне қатынасы болмаса да әділетсіздікті көрген жерінде ойланып жатпай білекті сыбанып кірісіп кетуші еді.


Со жылдардан Қасболаттың ұмытылмастай есінде қалған адам Әлиасқаров болды. Аудандық партия комитетінің бірінші секретары боп істеді. Аты Сәтімбек. Жасы үлкен болған соң жұрттың бәрі Сәке дейтін. Ол уақыт қызық-ау еді-ау. Әлиасқаровтың жасы сонда қырыққа жаңа келген. Аудан басшыларының ішіндегі ең жасы үлкені сол болғандықтан, әйтеуір сол кісі үлкен ақсақал сияқты көрінетін. Әлиасқаровтың іші мен сырты қарама-қарсы, жақынырақ білмеген кісіге көп жағдайын танытпайтын адам. Бір көргенде нағыз аумаған тау халқының өкілі. Қалың қабақты, үлкен дөңес мұрын, кішкене шүңірек көз. Беті де соқпақ, атжақты, ұртына қарай сүйірленіп барып, иегі бітер жерде шорт кесіп алғандай. Бірақ анықтап қарасаң қазақ екенін айтпай танисың. Кішкене ісіктеу көзінің қиығынан ба, әлде сәл ғана томпайып шыққан жақ сүйегінен бе, әрі-беріден соң маңқиған түрінен-ақ сезе ме тосын көрген қазақтың өзі де одан орысшалап жөн сұрасқан емес. Үндемей, бір нәрсеге ренжіп, не ойланып қалғанда қап-қара қалың қабағы өңіне қатал сұс беріп кісіні имендіріп тастайды. Ал бір нәрсеге ырза болып езу тартқанда кішкене шүңірек көзі жылтырап, өңіне нұр жүгіріп, жадырап шыға келгенде одан мейірімді жан жоқ сияқты. Кісіні өзіне тартып ала қояды. Қимылы сабырлы, анау-мынауға мыңқ ете қоймайтын мінезге бай адам. О кезде партия қызметкерлерінің көбі гимнастерка мен френч, галифе шалбар, етік киіп жүргенде –бұл кәдімгі костюм киіп, галстук тағатын.


Әлиасқаров жұмысқа қатал болғанмен, өзінің жаратылысынан сыпайылығы ма, жұртқа ақырып-жекіру былай тұрсын, тіпті даусын көтермейтін. Мұғалімдер семинариясының соңғы курсынан большевиктік ұйымға қатынасқаны үшін қуылып, Колчакқа қарсы командир боп соғысқан.


«Мықты командир бопты» деседі жұрт, дегенмен сол командирліктен гөрі мұғалімдікке икем жаратылған ба, кісіге жұмсақ. Кімге де болса ықыласты. Бірақ Қасболатты ерекше іш тартатын. Жеке басты бойдақ жігіттің күйі болмай жүрген шығар деп ойлай ма, көбіне үйіне тамаққа ертіп әкететін. Сара дейтін әйелі бар. Оқымаған, қазақы адам. Бірақ киімді ауылша шұбатып кимейді, қалаша қылып шонитып та тастамайды, сол екеуінің арасынан өзіне жарасымды фасонын тапқан.


Сара жеңгей ашық, кісіге үйірсек. Бір-екі көрген адамымен ескі танысындай еркін. Қасболатқа әбден үйреніп алды. Бір жеті көрінбей кетсе «біздің үйден неге безіп кеттің?!» деп әлегін шығарады.


Көп ұзамай-ақ Қасболат Сара жеңгеймен ортақ іс тауып алып бұл үймен арасы бұрынғыдан бетер жақындасып кетті. Сара жеңгей ойын-сауыққа әуес екен. Жастардың бір концертін жібермейді. Саманнан салған кішкене клубта жарық жетіспейтін. Соны сезіп үйіндегі үлкен отыздық шамын концертке ала келеді. Бара, бара репетицияны көруге келетін болды. Алғаш спектакль дайындалып жатқан. Қасболат о кісіні үгіттеп кемпірдің ролін ойнауға көндірді.


Содан-ақ Сара жеңгей үйірменің белсенді мүшесі болып алды. Спектакльді шығаруға қазақы киім табылмай қиналғанда аудандағы күйеуінің жалғыз эмкасын мініп алып, ел аралап ескілік киім жинауға шықты.


Қасболат пен Әлиасқаровтың арасындағы небір ұзақ, қызу әңгімелер шай үстінде болатын. Әлиасқаров онша сөзшең емес, асықпай жай сөйлейтін адам. Әр сөзін ойланып барып өлшеп айтады. Көбіне Қасболаттан ел аралап жүргендегі көрген-білгенін сұрайды. Сол арқылы аудандағы кейбір жағдайлар, кей қызметкерлердің іс-әрекеті сөз боп қалады. Қасболат аудандық прокурорға шүйлігеді. Ел арасында әлі де ескіліктің қалдығы көп. Қыздарды оқытпай, жасына жетпей ұзатады. Кей жерде астыртын қалыңмал беретін көрінеді. Прокурор соларға қарсы әлі жөнді шара қолданған емес деп, күйіп-піседі. Әлиасқаров болса мұның сөзіне онша еліге қоймайды. «Тексеріп, жай-жапсарын білу керек» дейді де қояды. «Ел арасында әлі ескілік баршылық. Бірақ оның бәрін бірдей жұмырықпен жоя алмаймыз. Сен жастарыңды сондайға көбірек жұмса. Ендігі жерге тәрбие жағына көбірек күш салу керек» деп түйеді.


Осындай әңгіменің аяғы кейде қызу айтысқа айналып кетеді. Сара жеңгейдің шайы суып қалады.


— Комсомолдар қазір жаман қимылдап жүрген жоқ. Өз ауылдарындағы бар жағдайды жеткізіп тұрады. Менде қазір үлкен екі папка жатыр. Түскен материалдың біразын сот пен прокурорға тапсырдым,— дейді Қасболат қызып. Әлиасқаров үндемей Қасболаттың бетіне ақырын жымиып қарайды. Бұл көзқарасы айыптағаны ма, әлде «жассың ғой, көп нәрсені түсіне бермейсің» деп мүсіркегені ме, не де болса шамына тиіп Қасболат одан сайын өршелене береді. Ішінен Әлиасқаровты ескілікке еті өліп кеткен, жібі босаң либерал адам санайды.


— Жастарыңның бәрін хабарлап тұрғаны жақсы. Біліп отыруымыз керек. Бірақ құр арыз жазумен ғана қоймай өздері жұмыс істесін. Ескілік дейсің. Сол ескілік надандықтан туып жатқан жоқ па? Ал, надандықты жұмырықпен, заң күшімен жоя алмайсың. Тәрбие керек, оқу керек. Ұғындырсын, түсіндірсін.


Қасболат бұл сөздің мәніне ден қояды, бірақ, толық қанағат таппайды, «сол семинарияға біліп түскенсіз ғой, басшылықтан гөрі мұғалімдікке бейім адамсыз-ау» деп қояды ішінен.


Әлиасқаров та Қасболаттың ойын танып қойғандай:


— Мен өзім мұғалімдікті жақсы көруші едім,— дейді Қасболаттың бетіне жылы шыраймен қарап.— Оқымаған елден алғаш шыққан интеллигенттің атақты ғалым болғанынан қарапайым мұғалім болғаны пайдалы. Әлі де бізде оқытушылар жетіспей жатыр ғой,— деп күрсініп қояды.


Интернатқа бала жинап қайтқан соңғы сапарынан кейін бір әңгімеде Қасболат Әлиасқаровқа Гүлсім жағдайын айтты. Әсіресе Сара жеңгей бар ықыласымен тыңдап, таңдайын қағып, басын шайқап отырды. Ұстазын осы жолы жеңетін орайы келгенін сезіп Қасболат:


— Ал, осыларды да айыпты демейміз бе?— деді.


— Кімдер айыпты деп білесің?


— Гүлсімді ұзатпақ болған шешесі, жасы толмаған қызды алмақ болған Саумалбай, өтірік куәлік берген ауыл советтің бұрынғы председателі. Бұларды жауапқа тартпағанда қалай болады?


— Жарайды,— деді Әлиасқаров аз ойланып:— Гүлсімнің шешесін осында әкеліп мектепке жұмысқа орналастыр. Ал, Саумалбайды үгіттеп колхозға кіргізіңдер.


— Саумалбайды? Колхозға?..


— Әрине Саумалбайды жауапқа тартуға да болады. Бірақ неке қиылмаған. Хатқа түскен еш нәрсе жоқ. Заңға дәлел керек. Ал, Саумалбай сорлының өз ұғымында он төрттегі қызды алудың қисықтығы жоқ. Бұрыннан келе жатқан дәстүр.


— Ау, сонда!..


— Адамды түрме ғана тәрбиелемейді. Өмірдің өзі де тәрбиелейді. Ал, бұрынғы председательді жауапқа тартуыңа болады.


Қасболат Торғайдың тарихын баяндап берді. Сара жеңгей дастарқанын жинап алса да, қастарына келіп жағын таянып тыңдап отырды. Бір-екі рет жылап та алды. Әлиасқаров үнсіз қабағын түйіп түнеріп отыр.


— О кезде мен Москвада оқуда едім. Отыз екінші жылы жазғы демалыста елге келіп, көп нәрсені көргеннен кейін бұрмалаушылықты, асыра сілтеуді айтып жоғарғы жаққа үш-төрт студент хат бердік,— деді Қасболат.— Қайтеміз енді, ел ішіндегі азаматтардың басы ауырмағасын шыдамадық. Бірақ біздің өзімізді комсомолдан шығарып біраз сергелдеңге салып қойды.


Әлиасқаровқа тікелей тіремесе де бұл сөз оған қатты тиді. Үндемей, төмен қарап отырып қалды. Қасболат та сөзді қалай жалғауын білмей қысылды. Ақыры қоштасып шығып кетті.


Кейде қызулықпен айтысып қалса да Қасболат Әлиасқаровты қатты сыйлайтын. Сол айтысуының өзі оны өзімсінген еркелігі болу керек. Талай байқаған, ұнатқан кезінде ол Қасболаттың сөзін үлкен мейіріммен сүйсіне тыңдайды. Кейде тіпті бұған қызыға қарайды. Бұл кісі өзінің өте жақын ағасындай боп бара жатыр еді. Енді сондай адамды ренжітіп алғанына өкінді. Ретін тауып артық кеткен сөзіне кешірім сұрауды ойлады.


Араға екі-үш күн салып сол үйге қайтып соқты. Сара жеңгейдің қабағы өзгермепті. Әлиасқаров та суық қабақ көрсеткен жоқ, бірақ сабырлы қарсы алды. Қасболат сөзді неден бастарын білмей, үндемей отыруға және ыңғайсызданып мазасы кетті. Әлиасқаров;


— Бері отыршы, Қасболат,— деп оны диванға шақырып алып, оңаша әңгіме бастағысы келген рай білдірді.


— Сен анада маған тілім тиіп кетті деп қысылып жүрсің-ау,— деді желкесін сипап, Қасболатқа бұрылып. — Оған өкінбе. Шынымды айтсам басында көңіліме алып қалып едім. Артынан ойлап қарасам — айтқаның дұрыс екен. Кешегі үшін бүгін маған мұндай талап қойсаң, бүгінгі үшін ертең өзіңе де сондай талап қоятын боласың. Біздің халықта әкім көп болғанмен азамат аз. Ал, азаматтық жаңағыдай қатал сұрақтан басталады.


Әлиасқаров біраз уақыт үндемей қалды. Бірақ «осымен әңгіме бітті» деген, не бөгде сөзге ауысқысы келген ажары байқалмайды. Ар жағында көптен бері толқып жүрген ойлары бар сияқты. Қасболат оның аузына қарап сөзінің артын тосты.


— Менің жас кезімде алдымда екі жол тұрды,— деді ол бір кезде, сол екі жолды қазір де көріп отырғандай алдына үңіліп.— Бірі ұлт азаттығы, ұлт бостандығы. Отар елдің ұлы болсаң одан аттап кету қиын. Ол ұран мені де қызықтырды. Сөйтіп жүріп бір жолдасымның әсері болар, марксизммен шұғылдандым. Ол маған жаңағы ұлт бостандығы дегеннің ар жағындағы түбегейлі мәселені ашып берді. Ұлтшылдардың «ұлт азаттығы» деген қызыл сөзінің ар жағында ауыз үлкен программасы жоқ болатын. Егер патриархалды қоғам, ескі тұрмыс, ескі салт сол күйінде қалатын болса — сонда ол қозғалыс халыққа не бермек. Тек колониалдық әкімдердің орнына өз ұлтынан әкім қою ма? Сондықтан да мен ел өміріне түбірлі өзгеріс әкелетін соңғы жолды таңдадым.


Біз әрине азғана жылда орасан зор жұмыстар істедік. Асығыс жұмыстың бәрі мұқият бола бермейді. Ескілікті сындырамыз деп артығымен омырып жіберген жеріміз де аз болған жоқ. Бірақ бұл дүниедегі ең қиын шайқаста, тап тартысында жеңіп шықтық. Әрине шығынымыз да көп болды.


— Сол шығынды болдырмау қолдан келмесе де аз етуге болатын еді ғой,— деді Қасболат шыдай алмай сөзге араласып.


— Сөзің дұрыс. Мен жоғарғылармен салыстырғанда кішкене қызметкермін. Бірақ одан менің жауапкерлігім азаймайды. Айыпты болсаң қызмет дәрежеңе қарап айыбың үлкейіп кішіреймейді. Сондықтан да «жоғарғы жақтың бұйрығы солай болды, мен соны орындадым» деген тек сылтау ғана.


— Есіңде болсын, Қасболат, тіл алғыш адамның бәрі бірдей саналы бола бермейді. Әрі-беріден соң тәртіп пен сананың арасында да қиғаштық кездесіп қалады.


— Сол қиғаштықты болдырмау үшін не істеу керек?— деп Қасболат шап ете қалды. Әлиасқаров іркіліп қалды. Ол әлгі ойын тауыспаған екен. Қасболат оны кейін сезіп өкінді.


— Егер өзіңнен төменгі қызметкерлер болса — онда беретін нұсқауың мен тәртібіңді алдымен өз бойыңа өлшеп көр,— деп Әлиасқаров қуақы жымиып қойды.


— Ал, егер өзімнен жоғарғылардан келсе ше?


Әлиасқаров бұл сөзге де жымиып отыр, бірақ көзіндегі қуақы ұшқын сөніп қалған.


— Онда шаруа қиындау болады,— деді ол сәл бөгеліп.— Мұндайға мен ақыл бере алмаймын. Ол жағдайда өз арыңмен ақылдасуыңа тура келетін шығар.


Қасболат қанша қызба болса да бұл сөзге іле жауап қайырмады. Ойланып қалды. Әлиасқаров Қасболатты салмақтап өлшеп көргендей ұзақ қарап отырды. Содан кейін өз ойына үңілгендей көзін тайдырып әкетіп, ақырын сөйледі.


— Қасболат, сенің ыстықтай қабатын жерің көп. Бірақ оқасы жоқ, оның жастығыңнан ғой. Менің бір сүйсінетінім адалдығың мен шыншылдығың. Біз кешегі мен бүгінгінің адамы болсақ, сен ертеңгінің адамысың. Біздің қадамымыз тың қадам. Оның сәттісі мен бірге сәтсіздігі де бар. Сендер соны екшей білулерің керек. Егер біз сүрінген шұқанаққа сендер де сүрінсеңдер — біздің тәжірибемізден түк ұқпағандарың болады. Сіз бен біз қазір «халық» деген сөзді көп айтамыз. Тіпті киелі сөзге айналдырдық. Сөз неғұрлым аруақты болған сайын, оны қарапайым өмірге қолдану қиын болады. Халық дейтін сөзге ғана табынып, кәдімгі адамды, жеке адамды елемейтін боп жүрмейік. Біз халықтың санасын ояттық. Еңсесін көтердік. Тілсіздерге тіл бітірдік. Бұл ұлы жұмыс. Бірақ сол қара халықтың өзі бірыңғай аққанатты періште емес. Оның ішінде жақсысы да, жаманы да бар. Шынайы халықтың ізгі қасиетімен бір кешегі мешеу өмірден, қараңғылықтан бойына сіңген жаман да қасиеті бар. Көп жағдайда жақсы нәрсе түбіне тұнып жатса, бәрі көпіршіп, шулап толқынның бетіне шыға келеді. Өзің де білесің, кешегі халықтың атын жамылып айқайлап шыға келген шолақ белсенділердің пайдасынан зияны көп болды. Ондайлар біздің биік мақсатымызды өздерінің ұсақ мансабының аршынына сыйғызбақ болды, саналы күресімізге дөкір жұмырығы мен қара шоқпарын әкелді. Егер осыны елеп, осындайды ажырата білмесек айқайшылдың даусы ақыл мен әділеттің даусын басып кетуі мүмкін. Сондықтан да басшы адам көзімен ғана емес, көкірегімен де көре білуі керек. Кішкентай сәл нәрсенің өзіне самарқау, үстірт қарауға болмайды. — Әлиасқаров сәл жымиып қойды. — Кешір, достым. Қарт адам өстіп ақылгөйсіп кетеді. Жастар болса әр нәрсеге өз ақылымен жеткісі келеді.


Әлиасқаровпен сөйлескен сайын Қасболат оп-оңай көрінген дүниелердің ар жағында көп қиындықтары бары ап-анық деген нәрселерінің астында біраз қатпары жатқанын ұғатын. Бірақ жастық арыны қайтпаған, дүниені тез өзгерткісі келетін Қасболатқа ол кісі тым жұмсақ, мейірбан көрінетін.


Келіншектің бетін кім ашса сол ыстық. Алғаш қадамында қызмет бабынан артық қамқорлық жасап, өз інісіндей бауырына тартқан адам...


XVI


...Сол жылдары жиналыс деген тіпті көбейіп кетті. Қандай жиналыс болса да, «қырағылық» мәселесіне, «ішкі жауды әшкерелеуге» соқпай кетпейді. Бұрын көзге түспеген, өздерін жөндеп ешкім білмеген біреулер нағыз дырау белсенді боп, бетке шыға келді. Небір беделді деген, еңбегі сіңген қызметкерлерге ауыз салып, апшысын қуырып баратты. Қасболаттың есінде қалғаны әсіресе Жаппасбай бұрын ауданда ондай адам барын білмеуші еді. Енді жиналыстың алдын бермейді. Бірінші боп мінбеге шыға келеді. Өзі шала сауатты болғанмен сөзі атқан оқтай. «Біздің ашық ауыз болуға хақымыз жоқ» деп бастайды да «мынау нағыз жау», «мынау сол жаудың құйыршығы», «анау бетін бояп жүрген екі жүзді сұрқия» деп кесіп айтады. Бір ғажабы оған қарсы шығып «мынауың жалған, жала деп айтатын адам аз. Қарсы шыға қалған күннің өзінде жасқанып, кібіртіктеп қалады.


Көп ұзамай Әлиасқаровтың өзіне ауыз сала бастады. Алдымен либерал деген ат тағылды. Содан кейін «қырғалықтан айрылған ашық аузы» одан әрі «жауларға жаны ашиды, бүркеуге тырысады» деген айып жамылды. Ақыры бір жиналыста «ең үлкен жау Әлиасқаровтың өзі» деген сөз шықты. Қасболат шыдай алмай ара түсті. Оның ақтығын, революцияға сіңірген еңбегін айтты. «Оның революцияға сіңірген еңбегін әлі тексереміз, ақтығын немен дәлелдейсің?» деп айқайлайды Жаппасбай.


Мына сөзге Қасболат тіпті жарылып кете жаздады:


– Айқайлай бергенге өзің адалмын деп ойлайсың ба? Жоқ... Әлиасқаров жолдастың ақтығын біз дәлелдейміз. Біз оған сенеміз. Егер ол жау болса мен де жаумын, –деді, өзінің де айқайлап жібергенін сезбей қалып.


«Ия-а, Қаламүш бала, мен де жаным ашыған кісіге ара түсе білуші едім» деді Қасболат. «Ия-а», дегенде ыңыранып қалса керек, Жұматай мойынсыз басын бүкіл кеудесімен түгел бұрып артына қарады.


– Сіз бір нәрсе дедіңіз бе?


Қасболат үндемеді. Көз алдында сол «Қоспан ағам» деп шырылдаған қайқы мұрын, түркі ерінді бала тұр. Қасболат та сондай ыстық еді. Бірақ... неге сол бала Қасболаттың намысына қамшы болды?.. Кешегі көңілі ашық балғын Қасболат бүгінгі елуден асқан егде адамның алдына кеп тұра қалып... екі арадағы ширек ғасыр өмірге жауап сұрағандай. «Сенің өмірбаянын жаңа ғана басталған ақ қағаздай...» деп Әлиасқаровтың айтқаны бар еді. Енді сол ақ қағаздың беті толып, ортасынан ауып... тіпті аяғына жақындап қалыпты.


Әрине, ес білгелі арқасы босамай еңбек етіп келеді. Жеңіл жұмыс қуалап жан сауғалаған кезі жоқ. Қағаз бетін толтыратын жұмыс істелген сияқты. Бірақ көңілді тыныштық неге жоқ? Әлде сол әжептәуір қомақты көрінген істерінің іші қуыс па?


Қасболат бойы мұздай бастаған соң, тонының өңірін қаусырып, орнынан қозғалып қойды. Бастығының көңіл жағдайын желкесімен-ақ сезетін Жұматай:


– Тоңып қалған шығарсыз, Қасеке. Қымтаныңқырап отырыңыз, – деп елпілдеді. –Ендігі ауданға жететін-ақ едік. Мына жолды көрмейсіз бе. – Қасболатты сөзге тартпақ боп тағы да қармақ сап жатыр. –Боран бәсеңсіді, енді тынатын шығар.


Қасболат өз ойымен әлек болып байқамапты, боран кәдімгідей басылып қапты. Көңіліне жақсы үміт кіріп, есікті ашып теріскейге қарады. О жақта қарлы бұлт қалың жатыр.


Ия... мына жағдай оңай тиейін деп тұрған жоқ. Аяғы жұтқа әкеліп соқпай қоймас. Облыстан мал азығын сұрау керек. Иван Митрофанович қолдан келген көмегін аямас та. Бірақ... «Уәде бергенде жақсымыз, тілде сүйек жоқ... Ал іске келгенде қалай болып шықты, а?» деп кішкене көк көзін өңменіне қадар-ау. Ия ол кісінің «либерал емес» екенін осы жолы Қасболат шындап танитын шығар, сірә.


Қасболат көп жылдан бері тұңғыш рет өз басына төнген қауіптен сескенбеді. Берген жазасын көріп жатар. Бұл жағдайға аудан, облыс басшыларының бәрі қиналып, аласұрып жатыр ғой. Ол сезім Қасболатқа әбден таныс. Бірақ оның бұл жолғы күйі басқа. Ішті кеулеп кеміре бастаған бір күйзеліс бар. Себебі бір бүгінгі сәтсіздік емес. Не де болса бір кенеуі кеткен жері бар.


Әнекей Қоспан ығып кетті. Өлі-тірісі белгісіз. Сонша уәде бергенде Қоспанмен ақылдасты ма?


Әрине ағымға қарсы шығу... Бірақ Әлиасқаровқа ара түскенде оңай болып па еді. Қақап тұрған қатты ағымға қарсы келген жоқ па еді. Иә, ондағы жоғалтарың қызмет орның ғана емес еді. Сондағы қажыр күші, қайрат қайсар қайда? Қартайғаны ма әлде?


Адамның дене күші жас кезінде мол болса, рухының күші, жан қайраты есейе келе қатаймаушы ма еді?!


Жеме-жемге келгенде тайқып шығатынын өзі қанша елегісі келмесе де, біраздан бері сезіп жүр. Осы мінез неден басталды?


Шәрипа... Сол қызды шып сүйген жоқ па еді? Жоқ, оны сүймеу мүмкін емес-ті. Шәрипаның бойында не жақсылық бар екенін сөз тауып айтып бере алмаса да, соның ерекше жақсылығы барын өзі білетін. Өзге жұрттың соны байқамайтын көр соқырлығына қайран болатын. Жаңа басталған көктемнің бусанып тұрған күніндей еді-ау. Ол күн өтіп кетті. Сондағы тапқаны қайсы? Алғашқы үлкен шегінісі осы арадан басталды ма? Өзінің үлкен бақытын неғып оп-оңай құрбандыққа шалып жіберді?


Неден қорықты? Бұрын да жүрегі шайлыққан жері болып па еді? Жұрт көлеңкесінен қорқып жүргенде, «Әлиасқаров жау болса мен де жаумын» деп қарсы шыққанда сескенген жоқ еді ғой. Иә, осы сөзі өзіне қып-қызыл пәле боп жабысты. Жалтарған жоқ, бәріне төзді.


«Апыр-ай, анадай сөзден кейін аман қалғаның... кебенек ішінде туған жігіт екенсің»,— деп таңырқайтын болды жолдастары. Тоқта... тоқта... Осы сөзде бір гәп бар. Осыны естігенде өзінің ерлігіне, азаматтығына сүйсінудің орнына Қасболаттың көңіліне бір дүдамал, қобалжу кіретін болып еді-ау. Ет қызуымен кісі денеге түскен жарақатты байқамайды. Қызу айтысып, ақтығымды дәлелдеймін деп арпалысып жүргенде ішке шым-шымдап кірген үрейді Қасболаттың өзі де байқамаған болар. Кейін сол үрей жайымен тіріліп, бас көтеріп келе жатты. Өзінің өткен ісі көзсіз батырлық сияқты көріне бастады.


Кісі қараңғы түнде жалғыз аяқ соқпақты сипалап жүріп шыңырау құздың шетінен өтіп кетеді, жарық түскенсін артына қарап, «нағып аман өттім» деп зәресі ұшады. Содан кейін тағдырды екінші қайыра сынауға жүрегі дауалай бермейді.


Қасболат Әлиасқаровты қанша ұмытқысы келсе де ұмыта алмады. Көңілін бір ыңғайлап алу үшін одан әбден безіп, біржола жау санатына қосуы керек еді. «Жүзіп бояп жүрген, екі жүзді сұрқия...» Бір рет болса да соның шет жағасын байқай алмаған Қасболат сонша соқыр болғаны ма? Қасболатты жақсы көріп, шын сенетін сияқты еді. Сонда бірде болмаса бірде шын ойының ұштығын көрсетіп қоймағаны ма? Әуелде: «Қателік аз ба, қосақ арасында бос кеткен шығар» деп жүр еді, кейін келе «оның бұрын-соңды не істегенін кім білсін, бір шикісі бар шығар» деп қобалжитын болды.


Әрине бүгін анықталып, әр нәрсе өзінің орны орнына түскеннен кейін әркім-ақ ақылды, білгіш. Сол уақытта неге көрмедің, неге соқыр болдың?— деп айып тағу оңай. Бірақ көп ұзамай сол жылғы оқиғаның аяғы басылғанмен артында үлкен ызғары қалған. Сенімсіздік пен үркектік ауаға жайылып, сол ауамен күнде дем алып жүрсең... Мол тәжірибелі, ең ақылды, көреген деген адамдардың өзі тал қармағандай «егер солай істемегенде мұзға отырып қалады екенміз ғой, сатып кетеді екен ғой» деген көп тараған ұғымға жармасқан-ды. Жұрт тұжырым шығарудан қашатын. Әркім өзі білетін нақаққа ғана шәк келтіріп, «үлкен істе бірен-саран қателік болмай тұрмайды ғой» деп жорып, әйтеуір оған да орынды бір себеп табуға тырысатын.


Осы ауданға алғаш келген қырық жетінші жылы Қасболат Жаппасбаймен кездесті. Ол туған ауданынан соғыста екі-үш жыл бұрын кетіп қалған. Қасболат оның кету себебін де білуші еді. Қараңғы түнде белгісіз біреулер бір емес екі рет сілейтіп соққыға жығып кеткен-ді. Және қойнына «сен доңызды нақақ кеткендердің қаны жібермейді!» деген жазуы бар қағаз тыққан. Жаппасбай «бұл жаудың әрекеті әлі де аман қалған дұшпандар аз емес!» деп біраз зіркілдеп, бірақ одан пәлендей нәтиже шығара алмаған. Өзі ұрғандардың біреуін де танымай қалған, өзге куә жоқ. Қағазды жазған адамның қолын тексеріп көріп еді, ол кезде ауданда хиромантия өнері дами қоймаған-ды, одан да берекелі нәтиже шықпады. Жеңіл-желпі тексеріп қарағанда Жаппасбайдың өз почеркіне ұқсастығы байқалды. Сол оқиғадан соң Жаппасбай ауданнан тайып тұрған. Енді келіп осы ауданда алдынан шықты.


Ол кабинетке өзі іздеп келді. Арада сегіз жылдай уақыт өтті. Бұрын беті жылтырап тұратын орта бойлы шымыр қара болатын. Қазір толысып қарны шығып дөңгеленіп кетіпті. Аздаған демікпесі де бар екен. Құйрығын ширатып мұрт қойыпты. Бірақ Қасболат оны есіктен кіріп келгеннен-ақ таныды. Сырты қанша өзгерсе де әйтеуір сол Жаппасбай сол күйінде тұрған сияқты.


Қасболаттың көңілі суып қоя берді. Танымаған, ұмытып қалған адам болып сөйлеспей қойғысы келді. Бірақ ар жағындағы мінезінің қалай болғанын өзі де байқамай қалды. Жаппасбай есіктен кіріп келіп, баяғы именуді білмейтін әдетімен Қасболатқа бастан аяқ үңіле бір қарап алды. Содан кейін рақаттана ыржиып:


— Е, бәсе, өзің екенсің ғой. Осы, сірә, басқа кім дейсің, дәуде болса өзіміздің Қасболат шығарсың-ау деп келіп едім. Дәм айдап біздің ауданға келіп қалған екенсің ғой,— деп қос қолын ұсына берді.


Қасболат танымаған адам боп іркіліп қалып еді, одан Жаппасбайдың көңіліне сыймай тұрған қуанышы екі елі ортайған жоқ.


— Өзің танымай қалғаннан саумысың? Мен Жаппасбаймын ғой,— деп әй-шәйге қаратпай Қасболаттың қолын добалдай қос қолымен сығып жіберді.— Иә, аман-сау келіп қалған екенсің. Қадамың құтты болсын. Кісі қанша айтқанмен туып-өскен жерді сағынады екен. Сені көргенде тіптен ауылды көргендей болдым ғой.


Қасболат қайран қалды. Бұрынғысының бәрін тарс ұмытып кеткені ме! Әлиасқаров кеткеннен кейін Қасболаттың соңына шырақ алып түскен осы Жаппасбай емес пе еді? «Әлиасқаров жау болса, мен де жаумын» деп өзі мойындаған. Жаудың құйыршығы деп жиналыс сайын зіркілдеп... Жалғыз жиналыста ғана ма... Соншалықты ұмытшақ адам болады екен ғой. Мына түрі... құдды Қасболатқа қылау тигізбеген жақын досы дерсің... Жүзінде тіпті жалғандық жоқ. Жалғандық дейсің-ау... былай бір ыңғайсыздану... қобалжу болсайшы бәтшағарда. Әлиасқаровтың үстінен неше түрлі сұмдықты үйгенде де дәл осылай жүзі жанбаушы еді.


Қасболат кейінірек келе қиянатшылардың өзгеше бір түрін таныды. Ондайлар өз әрекеттерін жамандық деп білмейді. Шын беріліп, шын жүрегімен істейді. Өз құрбандықтарына өлердей өшігіп алады да, ол құрымай тұрып жер бетінде әділдік болады деп ойламайды. Біреуге зорлық істей алмаса — өзі зорлық көргеннен бетер назаланады. Бірақ әйтеуір қайткен күнде де қиянат жасаудың жолын табады. Басынан заманы тайған кезде жылап жүріп те зорлық қылады.


Жаппасбайды кабинетінен қуып шыға алмады. Бір ауданның кадрын басқарып отырған адамның келген кісіні қуып шығуы... Оның үстіне бейтаныс жерге жаңа келген кезде ондай тосын мінез көрсетуі де... Әйтеуір қай жағынан қараса да орайын таппады. Өзі сол арада мойындағысы келмеген және бір шындық бар: Жаппасбайдан қорықты десе артықтау болар, бірақ әйтеуір сонымен ұстасқысы келген жоқ.


Жаппасбайдың тамаша бір қасиеті өз сөзіне елігіп кетсе тыңдаушысының қабағына қарамайтын. Қасболаттың оқта-текте қақырынып қойып, жауапты келте қайырып, ұнатпай отырғанын елеген де жоқ. Бүкіл кабинетті гүжілдеген даусына толтырып есіп отыр.


— Әрине, кісі туған жерді сағынады ғой. Бірақ осы ауданға үйреніп кеттім. Мінекей енді сен де келдің. Екеу болдық. Мұндағы жағдайым жаман емес. Бәрі сыйлайды, Жаппасбай мұнда да керек екен.


Арсыз адамның ақыры жеңетін әдеті емес пе. Бірте-бірте Қасболат та илігіп сөзге келіп еді, Жаппасбай одан сайын өршіп, өзімсініп алды. Қоштасар кезде Қасболаттың қолын қайта-қайта сілкілеп әзер ажырасты.


— Енді басымыз қосылды ғой. Келіп тұрам ғой саған,— деді кетерінде.


«Үйіңе қонаққа шақырмағаныңа да шүкіршілік» деді, Қасболат ішінен. Ол шығып кеткеннен кейін кішкене бойы жеңілдеп қалды.


Бірақ Жаппасбайдан құтылу оңай болмады. Әрі-беріден соң үйге келетінді шығарды. Сәбираға өзін «жерлес, ағайындас адаммын» деп таныстырып қойған. Ол шай-суын ала жүгіреді. Сәбираға соның келгенін ұнатпайтынын айтып көріп еді.


— Ықлас көрсетіп келіп жүрген адам. Қалай құр ауыз шығарам,— деді.


— Сен соны келтірмеудің жолын тапшы, — деді бірде Сәбираға ашуланып.


— Араларыңда бір нәрселерің болса оны өзің айт. Бұрынғысын білмеймін. Қазір саған көңілі дұрыс сияқты. Оның үстіне енді үйге келген адамды мен қуып шыға алмаймын ғой.


Қасболаттың өзі оған ешнәрсе айта алмады. Қабағыңды елемегенсіп әрі-беріден соң қабақ түюден де қалады екесін. Ол аз дегендей жұрттың бәріне «Қасболат екеуміз бір жерден шыққанбыз, жақындығымыз да бар, әрі ескі доспыз» деп таратып жіберіпті. Әркімге барып «жоқ, олай емес» деп дәлелдеп жүремісін...


Қасболат тонының бір жеңін шешіп, қалың киіммен қорбаңдап әзер қимылдап қалтасынан темекі алды. Тұтата бергенде түтінмен қоса өңешіне салқын ауа кіріп қақалып қалды. Жөтеліп, есін жиып алғасын темекісі құрғап кеткен ащы папиросты үсті-үстіне сорып бұрқырата берді. Машинаның іші көк түтін болды. Темекі шекпейтін Жұматай сыпайылық сақтап, жөтелін әзер тежеп, тамағын қырнай береді.


Ойдан сергігісі келіп темекіні үсті-үстіне сорады. Бірақ арыла алмайтын бір пәлеге тап болған. Бұрын ондай әдеті жоқ еді. Сырт көзге ғана салмақты емес, іштей де салмақты болатын. Өзін алаң қылатын ойды көңіліне дарытпай тежеп тастайтын. Енді мінекей... Әлде бұрын тежеп келген, іште қабаттасып кептеліп жатқан ойлар дәл осы бір қиын кезеңде қапысын тауып өш алуға шыққан ба? Бірақ бұрын да түк ойламай жүрген адам емес еді ғой. Ойлайтын да, қынжылатын да. Шындап қиналған, қайғырған кездері де аз болған жоқ. Бірақ олардың бәрі бір-бірімен байланысы жоқ бөлек-бөлек оқиға болатын. Жазда сарқылып қалатын Өтеш өзенінің бөлек-бөлек қарасуы көктемде тасығанда тұтас арнаға айналады...


Қасболат екі қыспақтың арасында. Өткендегі ауыр ойдан сергиін десе мына боран, мына жағдай келіп жанын жегідей жейді. Жау жағадан алса, ит етектен алады деген осы да.


Далиып жатқан далалық ауданның кең жазықтары, арасы алшақ аласа қырқалары Қасболаттың көз алдында.


Үшінші тәулікке асып барады — ұшы-қиыры жоқ ақ боран түтеп тұр. Алдамшы үміт тұтатып саябырсиды да, мазақтағандай қайта өршеленеді. Азынаған жалаңаш далада отар-отар қойлар ығып жүр. Қырылып та жатқан шығар. Қорада қалғандары соңғы шөбін талмап, не болмаса шетен, шарбақты кеміріп... Машинаның бұлғақтаған щеткалары әйнекті басқан қарды әрең ысырады. Кейде жентек қарға тіреліп іркіліп қалады. Боран қайта көтеріліп келеді. Қасболат тонын қымтана түсті. Мынау бұрқыраған ақ түнектің ішінде, қалт-құлт етіп кішкентай газик келеді. Азынаған суықтан пана болып келе жатқан да осы. Егер бір жерде тұрып қалса... Дүниедегі ең жиіркенішті дәрменсіздік сезімі бойына тарап Қасболат тітіркене түседі.


Қайқы тұмсық бойшаң бала... Ақ құба өңі уыздай. Ол көз алдына елестеген сайын Қасболат бір кіршіксіз, таза нәрсені көргендей қызыға түседі. Көңіліне кір түспеген алаңсыз жас. Әрине ондай адам бақытты ғой. Жалтақтамай еркін өскен... Мына боранды елең қылмай бір топ баланы ертіп, тартып кетті. Кәдімгі қол бастаған батырдай үзеңгісіне шірене көтеріліп соңындағыларға қайрылып бір қарап алды да шоқыта жөнелді. Ат тұяғынан қар боратып алыстап барады.


Күн райы бұзылды. Мына боранда адасып кетіп бір пәлеге ұшырап қалмаса... Біріне бірі ұласқан жаман ойлар Қасболаттың ішін иттей кеміреді. Апырай, өзі басы-қасында болып тұрып, неғып тоқтатпады. Әлде қырсыққанда солай бола ма? Қара басып қарашадай баланы тойтарып тастай алмағаны...


«Күні ертең бұлар да қойға барады. Сонда пештің түбінде жатып баға ма? Үйрене берсін осы бастан». Сөз осымен тынды дегендей кесіп тастады. Ана жүгірмектер де басшысын қоштап шулап қоя берді. Өзінің бойында бір өктемдік бар. Ауданды басқаратын Қасболат емес, өзі сияқты, сөзім өтпей қалады-ау дегенді ойламайды. Бірақ несіне қорғалақтап, несіне жасқансын. Алды-арты таза болса, шаруаның ең ауырын арқалап жүрсе... Шынында да Қасболат қарсы келе алмады. Бала өз көңіліндегі дағын қалтқысыз ақтарып салды да дырдай екі басшыны тұйыққа тіреп қойды. Қоспан үшін шырқырап отқа түсейін деп тұрғаны анау, өзгенің басалқы ақылын қайтсін.


Қоспан...Қоспанның мінезі тіпті басқаша. Әскерде теңкиіп оң жақ қанатта тұратын. Өзінде жинақы жылпостық жоқ. Өзге солдаттардай сарт-сұрт етіп жұлқынып тұрмайды. Бұйрық берілгенде де қағып алып қайталамай алдымен ойланып алатын сияқты. Бірақ берілген әмірді екі етпей ықыласпен тындыратын. Жан біткенге сеніммен қарайтын нұры жұмсақ томпақ көзі, жылы шырайлы ашық жүзі кісіні жақын тартып тұратын. Бір көргеннен-ақ «осыған сенсем алданбаймын-ау» дейтін бір адамың болады. Қоспан сондай еді.


Қырық екінші жылдың дозақы жазы Қасболаттың көз алдында. Жиырылып қалған туырлықтай Миус алқабының қырқалы даласы. Харьков түбінен тоғанды бұзғандай ағытылып кеткен жау жапырып келе жатты. Шегіністе берекесі қашқан біздің әскерлер әр жерде бір тістесіп қарсылық қылған болады. Бірақ неміс шабуылына шеп түзеп, дұрыс төтеп бере алмады. Кейбір дивизиялар бір жерге тырнақ іліктіріп қарсылық жасаса, жау басқа жақтан бұзып кетеді. Танкімен жапырып, келе жатқан қалың нөпірден бас сауғалар пана жоқ жалаңаш дала. Бір жағынан августың әуе айналып жерге түсетін ыстығы. Аптап жел соғып дүние шаңытып тұр. Шаң жұтып қаталап келе жатқанда бір тамшы су да табылмай қалады. Өз бөлімінен үзіліп қалған азғана топ өкшелеп төніп қалған жауды қайрыла беріп бір тойтарып, шығысқа қарай зытып келеді.


Күн батар алдында басталған атыс ымырт үйіріле қызып кетті. Донға қарай асығып келе жатқан немістердің анау-мынау қарсылыққа аялдайтын түрі жоқ. Жапырып өтпек. Асығыс қазылған ұраларда солдаттар жатыр. Жаудың арттан қуып жеткен артиллериясы бірден ашық позицияға тұра қалып атысқа кірісіп кетті. Ырылдап келіп снарядтар жарыла бастады. Кешкі қара көлеңке ауада жас топырақ пен дәрінің исі аңқиды.


Жағдайды түсіну қиын. Қандай бөлім қай жерде қорғанып жатқаны да белгісіз. Бірі бекініп жатса, бірі шегініп баратады. Сілекпесі шыққан полк жаудың алғашқы атакасын тойтарған кезде Қасболатты батальон командирі шақырып алды.


— Біз қазір шегінеміз. Сенің ротаң тосқауылда қалады. Бір сағаттан кейін азғана тосқауыл қалдырып өзің де шегін. Таң атқанша қуып жетесің. Ұқтың ба?


Қасболат өміріндегі жылға бергісіз ең қиын сағат сол болған шығар. Рота жан-дәрмен қылып жаудың атакасын тойтарды. Бірақ сол бір сағат өтіп, шегінетін сәт — осы дозақтан құтылатын сәт жеткенде Қасболат одан бетер қиналды. Қорғаныста әйтеуір жан дәрмен қылып, жауды тежеп тұрса, шегіністе жау бұларды түп-түгел таптап өтеді. Комбат «азғана тосқауыл қалдыр» деген. Жиырма күннен бері шегініп, бойына үрей сіңіп қалған солдаттар қалай тосқауыл болмақ... Жұрт жалтақтап артына қарап отыр. Қарасы көп болса бір сәрі, он шақты адам мына жауға қарсы... Он бес-жиырма минут тарсылдатып мылтық атып, қараңғыда олар да зытып бермей ме?


Қасболат күйініп осы жағдайды айтқанда — шабарман боп қасында жүрген Қоспан:


— Иә, қиын, деп құптап басын шайқады. Үндемей тұрды да сәлден кейін:


— Жолдас командир, мен қалайын,— деді.


Қасболаттың Қоспанды қалдырмақшы ойы жоқ-ты.


Пәле-қазадан сақтайтын қасындағы жансебілі сияқты, оған әбден бойы үйреніп кеткен. Ол болмаса бір түрлі...


— Сен қайда қалайын деп тұрғаныңды білесің бе?


— Білемін, жолдас командир.


— Мұнда қалған адам тек өлімге басын байлап қана қалады. Сен маған керексің.


Ол Қасболаттың сөзін естімеген де сияқты. Өңі сұрланып төмен қарады.


— Бәрі бір біреу қалу керек қой, жолдас командир.


Қасболаттың рұқсатымен он солдатты таңдап алып, көрсеткен позицияға орналастырды. Старшинадан үш жәшік патрон мен біраз граната сұрап алды. Сол қалпы, саспайды. Күндегі орындап жүрген көп бұйрығының бірі сияқты. Тек қоштасар жерде әскери тәртіппен қолын шекесіне апара берді де, жары ортадан түсіріп Қасболаттың қолын шап беріп қатты қысты.


— Қош болыңыз! Ел-жұртқа сәлем айтыңыз!..


Сонда ғана даусынан діріл сезілді. Қара көлеңкеде көзінің жарқылы ғана көрінеді. Ышқырынан патронның гильзасын суырып алып Қасболатқа ұстата берді. Оның ішінде шиыршықталған қағазда Қоспанның үйінің адресі бар еді.


Қазір жасы елуге келсе де сол баяғы үлкен қара. Мінезі, тіпті жүріс-тұрыс, қимылы да өзгермеген. Қияқ мұртын қырау шалып, Поль Робинсонға ұқсайтын сопақша бетін сирек терең әжім тіліп, өңі ескірсе де кісіге сеніммен қарайтын томпақ көзі, сол күйі жаудырап тұр.


...Тек бір-ақ рет сұмдықты көргендей дөңгелек көзі быттиып шарасынан шығып, шатынап бара жатты да аздан кейін жанары сөніп іштей түйіліп алды. Осы кескінін көргенде Қасболаттың төбе құйқасы шымырлап кетіп еді...


Қасболат өзінен өзі тыжырынып, машинаның арқалығына жауырынын тіреп жиырыла түсті. Есіктің саңлауынан жел соқты ма, әлденеге іштей тітіреніп тонының өңірін мұрнына дейін қымтап алды. Сонда да жаны жай таппады... Адамның кейін өзі еске алуға жиіркенетін бастан өткен кездері болады. Ойы құрғыр бір қозғалып кеткен соң-ақ қанша қусаң да ұясы бұзылған арадай өршелене талайды.


Қасболат сол қырық жетінші жылы Қоспанмен қайта кездескенде қуанып қарсы алған. Жөндеп сөйлесуге мұршасы болмай, бастан кешірген талай дүниені шертетін ұзақ әңгімені кейінге қалдырып, мәжіліске кіріп кетті. Мәжіліс кезінде, одан колхозға бара жатқан жолында да көз алдында Қоспан тұрды. Өткен-кеткенді тірілтіп еске алып, онымен кездесетін сағатын асыға күтті. Кенет: «Айтпақшы, бұл тұтқыннан шығып еді ғой» деген ой сап ете түсті.


Осы бір ой досымен кездесу қуанышына у тамызғандай болды. Енді сол Қоспанмен кездесемін деген қуанышты сағаты... бір жағынан ыңғайсыз сәтке айналып баратты. Қайткенде де кездесу керек, жақсылап қарсы алып, жүдеп жүрсе көңілін жұбату керек. Азап-мехнаты аз болмаған шығар байғұстың. Азап-мехнат... Мұнда да ондайларға теріс қарайды ғой... Кеше командирін көріп мәз болғанмен өңінде бір жүдеулік бар тәрізді еді-ау. Әй, сол байғұс қайбір қарық боп жүр дейсің. Көмектесу керек... Қасболат тоқырап қалды.


Кеше ана ауданда Шәрипа мәселесінен қатты сүріне жаздап еді. (О да іште шер боп жатыр ғой, құрысыншы.) Енді тынышталғанда тағы да... Жаппасбай осында екен. Бүгін арсалаңдап жүргенмен... Құдайы беріп қолына түссе ол туған әкесін де қуана-қуана... Жаппасбай Әлиасқаров жайын да, әрине, ұмытқан жоқ. Қойнында жатқан тасы ғой. Қасболатқа кір жұқпай тұрғанда ол тасты қойнынан алуға орайы жоқ. Ал, егер бір жерден тырнағы іліксе...


Ойлаған сайын Қоспан шешуі қиын түйінге айналып баратты. Әрине ол жайша келмейді. Өзіне лайықты қызмет сұрайды. Ондай адамға тәуір қызмет тауып беру... Ауданға жаңа келген Қасболат ондай ағаттыққа қалай бармақ. Әлде тәуекел етіп бар тауқыметін көтеріп алса... Бәрібір ертеңіне звонок сылдыр ете түспей ме? Ол Қасболатқа бір соққы болса, Қоспанға екі соққы боп тимей ме?


Сонымен майдандас досын құр жарқылдап қарсы алғаннан өзге амалы жоқ па? Әйтеуір көңілін аулап, жұбаныш айтса... Одан Қоспанға не пайда? Қайтеді енді, құрғақ қасық болса да жылы шырайын беріп баурына тартады-дағы. Ескі достықты жалғап, көңілін бүтіндеуіне себеп болса да... Жұрт қарап жүре ме, бәрібір сыбыс тарайды ғой. Оның Қоспанға түк пайдасы жоқ, ал Қасболатқа қып-қызыл қырсығы тиеді. «Қырағылықтан айрылған... ашық ауыз» деген бірінші қоңырау дайын тұр ғой.


Қоспанды көрмегелі де көп болыпты-ау. Иә, иә... Арада талай жыл өтті. Және анау-мынау жылдар ма еді ол. Қоспан үш-төрт жыл жаудың қолында болды. Иә, иә, жаудың қолында болды... О жақта не істегенін сайтан білсін. Кім болып, қандай ниетпен келді?.. Осындайларды күдікке алуының өзі тегін емес қой. Шынында да ағаттық жасап ала жаздаған екен-ау. Әлде бекер сезіктеніп бұрынғы солдатына қиянат жасады ма? Бірақ оның ақтығын немен дәлелдейсің? Лагерьде бірге болған жоқсың. Тіпті бірге болған адамның өзі ақтап ала ала ма?


Үш күн командировкада жүргенде ол талай толқып, ақыры өз көңілінде Қоспанмен екі арасын бөліп алды.


Босағадан-ақ ыржиып мәз болып кірген Қоспанды бойын тежеп, байсалды кескінмен салқын қарсы алды. Қоспан сағынып қауышқан майдандас достың ыстық ықласымен Қасболатқа қайта-қайта таңырқай қарап, «апырай» деп өткен-кеткенді еске ала бастап еді, уақытының тығыздығын ескертіп іркіп тастады, содан-ақ байғұстың аңқылдаған көңілі су сепкендей басылып, қипақтап төмен қарап ауыр салмағымен ескі орындықты сықырлата берді. Жүзіндегі жаңа ғана жайнап тұрған нұры сөніп, лезде жан біткеннің бәрі жат боп кеткендей, бөлектеніп алды. «Мұнысы тегін емес» деп ойлады Қасболат. Кенет Қоспанның бойынан сенімсіздік нышанын тапқанына кәдімгідей бойы жеңілдеп, көңілі нығайып қалғанын сезді.


— Келгелі екі айдан асып барады, бос жүрмін. Не пәлемнің бар екенін білмеймін. Жұрт маған жолағысы келмейді,— деді Қоспан төмен қарап.—Бәрінен де сұқтана қараған қорлығы өтіп барады.


Кісіге тіке қарамай көзімен жер шұқып отырғанында да бір гәп бар сияқты.


— Сіздерді тиісті жер тексеріп анықтауы керек. Онсыз ешкім кесіп жауап бере алмайды,— деді Қасболат салқын ғана. Осымен әңгімені доғарайық дегені еді бұл.


Қоспан басын көтеріп алып, «шын айтып тұрсыз ба» дегендей Қасболатқа бажырая қарады.


— Ау, басқалар болса бір сәрі... Ал, сіз,..сіз мені жақсы білуші едіңіз ғой... Өзіңіз мені...


Қоспан сөзін жұтып, баладай аузын ашып Қасболатқа «мұның қалай» дегендей таңырқап қарап қалды. Кәдімгі ар жағында қалтқысы жоқ адал, аңқау кескін. Қасболат көңілінің толқып бара жатқанын сезіп, өзіне де, Қоспанға да ыза болды.


— Менің сізді қырық екінші жылға дейін білгенім рас. Ал оның бер жағында... не істегеніңізді мен білмеймін.


Осы сөз Қоспанның басына тура таяқпен салып қалғандай болды. Бір сұмдықты көргендей томпақ көзі адырайып шарасынан шығып бара жатты. Қасболаттың төбе құйқасы шымырлап қоя берді. Сәлден кейін көзінің нұры сөніп, дүниеден түңілгендей еңсесі түсіп кетті. Орындықтан әзер көтеріліп есікке қарай сүйретіліп барады.


Қасболат жауырынын машинаның арқалығына тіреп, басын көтеріп алды. Сонда да тыныш отыра алмай тықырши түсіп, салқындап кеткен қос алақанымен жағын қысады. Әйнектің ар жағы ұйтқыған қар. Ешнәрсе көрінбейді. Жұматай кеудесін көтере үңіліп, жарбиып жолға қадалған күйі тапжылмай қапты. Тек оң қолы қимылдап рычагін әрлі-берлі түсіріп қояды. Қасболат мазасыз ойдан серпілгісі кеп тіл қатты:


— Қанша жер қалды?


— Жақындап келеміз ғой. Осы ара Үшобаның тұсы болар.


— Тезірек айдасайшы.


— Аянып келе жатқан жоқпын-ау, Қасеке.


Осы кезде машина омбы қарға кіріп, газ берген сайын гүжілдеп құйрығы бұлғақтап қалды.


Тағы да көз алдына Қоспан елестеді. «Түһ, немене боп барам осы»,— деп өзіне өзі ыза болды. Ауданның жағдайы мынау... Қанша малдың ығып кеткенін, қаншасы қырылғанын құдай білсін. Бұл апат әлі талайын жалмар. Алдағы жазға аман шығып кеткенде... Қырсыққанда солай болады ғой. Ертең орнынан ұшқалы тұр... Адырайып шарасынан шығып бара жатқан Қоспанның сол көзқарасы... Қасболаттың бүкіл денесі дір ете қалды. Со жолы айтпай кеткен сөзі бар екен ғой. «Мені өлімге байлап кеткенде сеніп едің ғой...» Иә, иә... Қасболат ұзақ уақытқа дейін артындағы түн қараңғысын сілкіген атыстың тарсылын естіп, жауды тапжылдырмай ұстап қалған Қоспанға риза болып бара жатқан жоқ па еді?! Үлкен қара Қасболатты аяп, алқымына тірелген осы сөзді тұншықтырып, шөгіп қалған ауыр денесін әзер сүйреп кете берді...


Боран... боран... Ұйтқыған қар ішке кіре алмай қыңсылаған иттей әйнекті тырналайды. Машинаның іші қара көлеңке, көңілсіз. Қасболаттың ойы да күңгірт. Мына боранмен алысып жапан далада Қоспан жүр. Не халде екен? Не ойлап жүр екен?


XVII


Бесінге қарай күн ашылды. Төрт тәулікке жуық ойнақ салып бұл атырапты жүндей түткен ақ боран енді шеру тартып батысқа қарай кетті. Ұлы дүрмектің соңынан тілі сүйреңдеп жаяу борасындар жүгіріп барады. Басы қайқаңдап, баурын созып қанша ұмтылса да жете алмай ақыры әлсіреп барып олар да сұлап-сұлап жата кетті. Күңгірт кешкі аспанның астында кіреуке тартып ақ дала жатыр. Бетінде ирек-ирек толқын қалған. Жел нығыздап тастаған қар ат тұяғының астында қытыр-қытыр етеді.


Мана түс мезгілінде ұстаған суық Қоспанның денесін әлі жібермей келеді. Сол шаншу да ауық-ауық қайтып оралып, өкпесін солқылдатады. Денесі бір ысып, бір суйиды. Кейде безгек ұстағандай қалшылдап тоңады. Ондай кезде аттан түсіп жаяу жүріп кетеді. Кеңсірігін қыздырып ішінен ыстық дем шығады. Ұзағырақ жүріп қалса буыны қалтырап, әлсіреп бара жатқандай болады. Төрт тәулік арпалысқан ақ дүлей Қоспанның да, қойдың да бойдағы қуатын сығып алып, құр сүлдерін аяқ жетпес қиянға әкеп тастады. Бетінде діріл жүгіріп, толқи түсіп қатып қалған ақ теңіздің ортасында сүйретіліп келе жатыр. Шет-шегі көрінбейді.


Қоспанның азығы таусылды. Бүгін таңертең қоржынын ақтарғанда қатып қалған тоқаш пен ортан жіліктің басы ғана табылды. Екіге бөліп, жартысын «қара күнге» қалдырды. Алдында қанша қара күн бары, белгісіз. Жалғыз құртты талмап, дорба түбінде қалған малтасын да кейінге сақтады. Енді азығымен бірге азайған өз күшін, сарқылып баратқан қойдың қуатын есепке алып келеді.


Ал, жолда қалған қойдың есебі... Соңғы екі күннен бері әсіресе көбейіп кетті. Бірді-екілеп бастап еді, енді ондап жолда қалып жатыр. Ұзын ырғасы жүздің ар жағына шықты. Қоспан санай түсті де шығынның салмағынан шошынып қоя қойды. Қойлар әбден қалжыраған. Жүрісінен тұрысы көп. Аялдаған жерде баурын қарға төсеп, мойнын созып жатып алады. Өргізгенде тірсегі қалтырап әрең қозғалады. Мана түс қайта он шақты саулық орнынан тұрмай қалды. Қасына келіп бір-екеуін құйрығынан көтеріп тұрғызып еді, тәлтіректеп барып артқы аяғына шөгіп қайта жатты. Қойдың бір шетінде бүйірі томпайып, аяғы серейіп көк шулан саулық жатыр. Қасына келсе көзі аларып, шіреніп мезгілсіз толғақ азабынан қатты қиналған. Қоспан ыстық шуға қолын сұғып жіберіп, саулықтың ішін босатты. Жаны еніп қалған қозы қардың үстіне тыпырлап түсті. Терісіне кәдімгідей түк шығыпты. Көк шулан саулық аяғын тартып орнынан тез көтерілді де жетілмеген жас қозының үстіндегі шаранасын жалай бастады. Қоспан қозыны жерден көтеріп алғысы кеп еңкейе берді де сол қалпында тұрып қалды. Қозы аяқ серпуден де қалып, әлсіреп барады. Тек кішкентай бүйірінде ғана діріл бар. Іштен шыққан шаранасының шыбын жанын арашалап көк шулан саулық танауы жыбырлап, үсті-үстіне мекіреніп, тілі сүйреңдеп жалай береді, жалай береді. Бір кезде әлденеден шошығандай оқыс тоқтады. Қозының жұмырықтай денесі бір уыс боп жиырылған күйі қатып қалған екен.


Қоспан осы арада біраз аялдады. Көк шулан саулық аяғын әрең сүйретіп қой соңынан әрең еріп келе жатты. Оқта-текте артына қайрылып маңырап қояды. Бір кезде төрт тағандап тұрды да қалды. Қоспан оны қойға қосайын деп қасына келіп еді. Қозғалар халі жоқ. Баяу ғана бүйірі солқылдайды. Көзінің нұры сөніп сұлық тұр. Қоспан қойларымен қыр асып кеткенше сол төрт тағандап тұрған күйі селт етпей қала берді.


Кенет Қоспан қойларының мінезі күрт өзгергенін байқады. Әлсіреп, сүйретіліп келе жатқан қойлардың бойына ток жүгіргендей тіріліп, серги бастады. Әп-сәтте ширап, ширығып алған сияқты. Қимылына мазасыздық кіріп, дедектеп тұяғымен қарды қазып, тұмсығымен жер тіміскілейді. Қанша тінткілесе де қабаттасып қатып қалған жентек қардың астынан тісіне ілінер талшық таппайды. Қоспан олардың осы мінезінен қатты шошынды.


Бұлар қай шамаға жетеді? Алдында енді қанша жол бар? Ылғи бораннан жалтарып жүріп нысанасынан көз жазып қалды. Біріне бірі ұқсас қар жамылған ақ адырлар жер шамасын болжатпайды. Әйтеуір тұспалдан жылжып келе жатыр еді. Күн райы түзеліп, тәтті үмітіне жақындағанда... Мынау ақ теңіздің шетіне шығатын күн бар ма? Әсіресе адырлар-ақ қажытты. Бірінен асса алдынан дәл сондай және бірі шыға келеді. Таусылмай сарылтып жалғаса береді. Мінекей қатып қалған толқындай тағы бір ақ адырға иек артты. Көңілі шайлығып оның ар жағына қарағысы да келмейді. Төңірегі тұнып қалған ақ меңіреу.


Көз ұшында құж-құж ұйысқан көп төбелер... Қоспан бұлдырап кеткен көзін уқалап тағы да қарады. Иә... Керілген кең жазықтың шетінен шоғырланып бөлек шығып тұрған ақ төбелер. Екі жақ шеті аласарып алысқа созылған. Бір қарағанда ығы-жығы үлкен шаһар сияқты. Аздап теңселгендей болады. Қоспан атының басын іркіп жасаураған көзін жыпылықтатып қайта-қайта қадалады. Кішкене құм... Аласұрған ақ дүлейдің арасында армандай бұлдыраған Кішкене құм. Қараңғыны сипалап келе жатып жеткен екен-ау.


Есіліп төгілген шағыл құмды тобықтан кешіп жүріп шатынап тұрған дүзгені мен шеңгелін сындырса. Қой аузын қылтанаққа тигізіп, бір шұқырға иіріп тастап, патырлатып от жағып, бел шешіп дем алса... Бір сәтке бетін жалынның жылуы шарпып, танауына көңірсіген еттің исі келгендей боп, жүрегі сазып қоя берді.


Кешкі ауада анық көрініп тұрған Кішкене құмға әлі де әжептәуір жер бар. Апырай, бүгін тырнағын іліктірсе жарар еді. Қойдың түрі бұзылып барады. Ауық-ауық бүйірі солқылдап, өлеусіреген көзін жерге қадап тұрып қалады да, бір кезде кішкене тұяғымен тыпырлап қарды қазады. Танауымен қар күреп, жерді үңгіп жіберердей тінтінектейді, басын кекшең еткізіп көтеріп алады. Маңырап безек қағады. Бір жамандықты бастағандай аштық қысқан қойлардың дызығып есі шығып барады. Осы бір шығар жанның соңғы ыршынған екпінімен құмға жетіп жығылмаса болмайды. Қоспан қойын қуа түсті. Бірақ енді аласұрып, айдауға көнетін емес. Бірі безектей жүгірсе, бірі жүрмейді. Кейбіреулері ат тұяғымен тапап кетсең де тапжылмайды.


Қоян жымыңдай қойдың ізінен уыс-уыс қар қызараңдайды. Қоспан батар күннің сәулесімен қызғылт тартты ма деп үңіле қарап еді. Олай емес, әр жерге шашыраған қызыл қан... Жел қатырып тастаған мұздақ қар қойдың тұяғын қиыпты. Шашасы кесілгендері аттай алмай сол орнында қалып жатыр. Қоспан оған да қарамай үймелеген отардың ішіне бастырмалата кіріп, қамшы үйіріп айдап келеді.


Бірақ қойлар көнбісті, үйіршіл дағдысынан жаңылып дегеніне көнбейді. Кей тұста топырлай үймелеп, мұздаққа соға-соға үсітіп алған танауын жылытқысы келгендей алдыңғысының сауырына тұмсығын тығады. Бірақ лезде кекшең еткізіп басын көтеріп алады. Қоспан енді байқады. Ұйысып қалған сабалақ жүнді буда-буда жұлып алып жатыр. Көбінің аузында уыс-уыс жүн. Көздері аларып қылғына шайнайды.


Кенет әлденеден селт етіп артына қарады. Төбе құйқасы шымырлап қоя берді. Қызыл саулық Тортөбелдің құйрығына жабысқан. Ат құйрығының қылын қарбытып асап, жұлып ала алмай басы кекшиіп, құтырған көзі шарасынан шығып, бар пәрменімен жұлқылайды. Қоспан қайрыла беріп, қамшы сілтеп, атын тебініп жүріп кеткенде бір уыс қыл қызыл саулықтың аузында қалды. Қылғына жұтынып қарш-қарш шайнайды. Сөйткенше болмай және біреуі Тортөбелдің құйрығына ауыз салды. Оны жасқағанша тағы екеуі мойнын созып емпеңдеп келеді. Алды-артын жасқан қамшы үйіріп ауытқып шығып кетті.


Мұндай сұмдықты көрген Қоспан есінен танғандай дағдарып қалды. Дүниедегі ең момын жәндіктер көз алдында жыртқышқа айналып қасқырдан бетер бірін-бірі талап жатыр.


XVIII


Осы түн нағыз бір дозақы түн болды.


Аштық қысып есінен танған қойлар келе құм шетіндегі сирек қылтанаққа жапа-тармағай бас қойып лезде жалмап алды. Ішке нәр барған сайын құнығып, пырт-пырт күйсеп шұқырдан шұқырдан шұқыр асып ілгерілеп барады.


Қоспан құмға түн тереңдегенде барып жетті. Қанша жанын салса да жүрісі өнбеді. Кейбіреулері жанталасып ышқына безектеп, кейбіреулері денесінен соңғы қуаты кетіп талмаусырап бара жатқан қойлар ұйлығып, шашырап, созылып ырқына илікпеді. Дәл нысанаға жетер жерде уысынан шығарып алды. Қараңғыда қаншасы қалып, қаншасы келгенін де анық біле алмады. Ай, сірә жарымын аман жеткізе алды ма екен?


Өзге азап-мехнатын қойғанда қойлардың манағы бір батар күнмен бірге жанталасып бір-бірін хайуанша талап, әрі-беріден соң өзіне ұмтылған жат көрінісі Қоспанды қажытып кетті. Көңілінде соншама арман етіп, аңсаған жеріне жеткендегі қуаныш та, жеңілдік те жоқ. Мең-зең, дел-сал. Аттан түсіп, бел шешіп дем алайын десе — қойы тоқтайтын емес. Тіміскілеп құмның азғантай қылтанағын аулап әр шұқырға шашырап кете береді. Халі біткендері бір шұқырдан аса алмай соны айнала тінткілесе, әлі де аяғының желі барлары екі төбешіктен асып көзден ғайып болады. Қоспан қойларын ақырын жылжытып жайып келеді.


Шарбы бұлттың арасынан нұры қашып, жүдеу тартқан ай сығалайды. Төрт күн бойы соққан боран оның да ажарын алып кеткен сияқты. Қарауыта бұлдыраған күлгін сәуледен төңірек теңселіп тұрғандай. Қоспан қанша малының аман қалғанын білгісі келеді. Бірақ санамақ түгіл, шұқыр-шұқырдағы қойдың аумағын да тұтас көре алмайды. Әйтеуір үлкен шығынға ұшырап қатары селдіреп қалғаны анық. Жанына бататыны дәл құмға тұмсығы тие бергенде аяғынан мықтап шалдырды. Кім біледі, жігерлі, уыттырақ қимылдап ұзақ жолдағы екі-үш бұралаңды қысқартқанда бұл халге ұшырамас па еді? Қоспанның қалжыраған денесі ауырлап, төмен қарай тарта береді. Еңсесін зіл басып ойы да самарқау тартып әрең қозғалады.


Жылжып отырып құм арасындағы аумағы бір шақырымдай жайпақ тегеш сияқты дөңгелек ойпаңға шықты. Бұл маңайға боран жоламаған, қары жұп-жұқа. Тіпті бұйырғынның бойын да жасыра алмапты. Қойдың алды осы арадан қанағат тауып іркіліп қалды да, аздан кейін арты да шағылды кешіп осы ойпаңға құлады. Ар жағына ел қонғандары аш өзекке жеген нәрі буынына түсіп жата бастады.


Қоспан осы араға аялдамақ болды. Қой да енді бытырамай, мына бұйырғанды қорек етіп, таң атқанша тырп етпейді. Ұйып қалған денесін қинала қозғап, ат үстінен жерге ауыр түсті. Аяқ-қолы, сүйек-сүйегі салдырап ауырып қалған. Тұла бойы безгектей құрыстап, кеңсірігін қаңсытып аузынан ыстық дем шығады. Тонына оранып, тас бүркеніп жата қалса... Бұл сағатта одан артық тілегі жоқ. Сылқ етіп құмның үстіне отыра кетті.


Орнынан көтерілу оңай болмады. Дүзген сындырып әкеп от жағу керек. Дүзгеннің тікенегі алақанын тіліп кетеді. Қанша сақ болайын десе де қара көлеңкеде жіп-жіңішке қысқа қылқанды анық көре алмайды. Қолғабын киіп еді, бәрібір инедей тікенек алақанын пісіп-пісіп алады. Және қуаты кетіп қалған ба, дүзгенді түбінен сындыра алмай, ұш жағындағы шырпысын үзеді. Ауық-ауық мөңіреу тартып қимылсыз отырып қалады.


Құлағына бір ызың келеді. Ащы шектен бұратылып шыққандай азалы үн. Өң мен түстің арасындай еміс қана естіліп еді. Енді сол дауыс күшейіп барады. Қоспан селт етіп оянғандай төбе шашы тікірейіп, бойы мұздап қоя берді. Тағы да қасқыр ұлиды. Қойшы біткеннің қас жауы Қоспанның кеудесін сүйретіп келіп құлаған жерін аңдып тұр екен.


Мынау қыстың айлы түнінде есілген ен шағылдың арасында жалғыздыққа шыдай алмай зарлы, ащы дауыспен қолқасын суыра ұлиды. «Мен де сендей жалғыз, шерлі едім» дегендей екінші жақтан басқа біреуі сарнап қоя берді. Бұлардың даусын естіп ұйқысынан оянып тағы біреуі үн қосты. Біріне-бірі ұласқан дауыстар енді нығайып, өрши берді. Бір емес әр тұстан естіледі. Жаңағы бір жалынышты, зарлы үннің ізі де жоқ. Жан-жақтан атой салып, қараңғы түнді басына көтеріп жауға шабар қол жинап жатыр. Бірде алыстан, бірде жақыннан азан-қазан ұлып, шұқанақ сайын өріп шығып, қаптай жортып жүрген сияқты, кісінің буынын қалтыратып, төбе құйқасын шымырлатып барады.


Қоспан тобығынан құм кешіп Тортөбелге қарай емпеңдеп келеді. Мал да бір жамандықты сезгендей құлағын түріп, елеңдеп тұр екен. Қой шетінде дегбірі қашып Майлыаяқ қыңсылайды. Мойнын иығына жиырып алып, тұмсығын көтеріп кірерге жер таппай жүр. «Ай, осы сенен қайыр болса жарар еді-ау» деп ойлап қалды Қоспан. «Не де болса нар тәуекел» дегендей Құтпан желкесін күжірейтіп қасқыр ұлыған жақты бағып қалған. Анадай жерде Тортөбел қарауытады. Жерден басын көтеріп, бір сүргінді күткендей құлағын едірейтіп, иесіне осқыра қарап тұр. Қоспан келіп айылын қыса тартқанда көнбісті жануар мізбақпады, тек құйрығымен шабын бір сипады. Қоспан сойылын қарына іліп, үстіне мініп жатып мойнынан сипап қойды. Қиын-қыстау қатерлі сапарды басынан бір кешкен серігі, әзірге мойымай сыр алдырмай иесінің де, малдың да жанын сақтап келе жатқан осы. Екеуі тағы да үлкен қатерге түскелі тұр. Оның немен тынарын кім білсін... Бөрілердің ұлуы қысқарып, шуы азайды. Бастары қосылған болар. Енді көп ұзамай шабады.


Қоспан сойылын оңтайлады. Қанша қауіп төнсе де бойына кірген ауырлық денесін әлі құрсап тұр. «Әттең майдандағы көп автоматтың ең құрыса бірі болар ма еді, дыр еткізіп бір-ақ жайпап салатын» деп ойлайды. Бірақ қасқырға қарсы бар қаруы сойыл ғана. Талайды көрген, мүжіліп қалған кәрі ағашын ыңғайлап отарын айнала берді.


Бөрілер енді күттірген, зарықтырған жоқ. Аздан соң жерге кіріп кеткендей дауыстары тына қалды. Төңірек жым-жырт. Қоспан демін ішіне тартып құм адырларын бағып тұр еді, Құтпан арс етті. Сөйткенше жондары қылаңдап құм төбеден бір-ақ ырғып, бергі ылдидағы қараңғылыққа сүңгіп-сүңгіп кіріп кетті. Қанша екенін де біле алмай қалды. Ең кемі — төртеу-бесеу. Қоспан атын тебініп айқай сала беріп еді, даусы қарлығып тамағына кептеліп қалды. Сонда да өңешін жырта айқайлап, айтақтай берді.


Талықсып келіп сулап қалған қойлар тыпыршып, топырлай түрегелді. Лезде-ақ ұйтқысы бұзылып дүрліге жөнелді. Қараңғыда көздері шоқтай жылтыраған қасқырлар оқтай зулап келіп отардың ішіне қойып кетті. Сойылын көтере ұмтылған Қоспан алдын бөгей алмай қуа шапты. Сөйткенше-ақ жарқырап екі-үш саулықтың қарны ақтарылып қалды. Қауіп-қатердің бәрін ұмытып жете бере қойдың шабына аузын көміп жіберген қасқырға Қоспан сойыл сілтеді. Жамбастан тиген соққыдан арлан шойырылып артқы аяғына отыра кетті де тісі ақсиып Қоспанның өзіне қарай бұрылды. Бірақ бұл кезде Тортөбел иесінің қайта көтерген сойылып серметпей екпінімен алып кетті.


Ұялы қасқыр ортасынан ойып кіріп қойды екі жаққа бөле қуған. Тегештей жайпақ шұқырдың ішінде айнала бөрліктіріп, есін тандырып жүр. Құтпапның арсылдап үргені алыстан естілгендей болады. Айнала дүрліккен ойран-топыр. Кейде ат тұяғымен өзі де қойын таптап кетеді. Қоспанның басы айналғандай дағдарып қалды. Содан кейін атының басын бұрып алып қайтадан ұмтылды. Жақындай бергенде екі қасқыр жалт бұрылып артқы аяғымен құм шашты. Қар аралас қиыршақ құм борап келіп бетке, көзге соғады. Алды қап-қараңғы. Тортөбел де жасқанып бұрыла берді. Осындайда қасқырдың арт жағыңнан тап беретін залымдығы бар. Қоспан ойқастап оң жаққа орағытып өтті де айнала беріп, тұтқиылдан шыға келіп сойылын тағы сермеді. Бірақ ешқайсысына дарымады.


Үрей билеп дүркірей қашқан қойлар құм төбеден аса алмады. Алды барып шағылға сирағы тығылып кептеліп қалды да соңғы толқын соның үстіне жапырылды. Естері шығып халі біткендерін тапап өтті. Бірсыпырасы аяқтарын созып, серейіп сұлап жатыр. Қараңғыда аядай жерге ұйлыға топырлап, артқысы алдыңғыны кимелеп жаныштай береді. Шырқырап маңыраған дауыстар естіледі. Ортада қалғандарының бүйірін сығып өлтіріп жатқан болар. Әлде бөрінің бірі арасына кіріп кетті ме, әйтеуір астан-кестен.


Тортөбел екпінімен ағызып өтіп қайта бұрылды. Енді Қоспанның тәсілін танып қалған әккі қасқырлар неше түрлі айла жасап оңайлықпен алдыратын емес. Қаға берісте топырлаған қойдың ішіне сүңгіп шабынан тартып жарып салады да, жалт беріп соққының астынан шығып кетеді. Жақындай бергенде артқы аяғымен құм боратып алдын көміп салады. Көз жұмып сілтеген шоқпар тимейді. Өзіне қарай тап берген қасқырдың қаншығына Қоспан сойылын сермеп қалып еді, асып барып сауырынан соқты. Қаншық аунап түсіп екі домалады да енді ұмтылғанша жалт берді.


Қасқырмен айдасып жүрген Құтпанды көрді. Ол қашқан бөріні ұзатып жібермей шап беріп тірсегінен алады. Содан-ақ екеуі лезде тістесіп, ырылдай ырсылдап ұмар-жұмар домаланып кетеді. Майлыаяқ көрінбейді, тек oқта-текте баяғы сол қыңсылаған ащы даусы тірілігінен хабар береді. Қоспан сойылын қаттырақ сілтеймін деп ауып бара жатып, аттың жалын таянып көтеріліп алды. Қасқырмен шапши тістесіп қалған Құтпанды таныды. Қоспанның алдындағы бөрі жалт беріп солай қарай шапты. «Апыр-ай, жарады-ау» деп ойлап қалды, бүйірлеп қиғаш кеткен Тортөбелдің басын бұра беріп. Енді атын тебіне бергенше бір тұстан Майлыаяқ шыға келді. Құтпанның ту сыртынан төніп қалған қасқырға екі-ақ ырғып жетті де шап беріп айқаса кетті. Ана қасқыр ырғып түсіп Майлыаяқтың өзіне бас салды. Бір сәтте астына жұмарлап басып алып еді, кенет астында жатқан итті тастай қашқысы келгендей артқы аяғын шіреніп шапши көтерілді. Оның бауырының астынан денесі салақтап Майлыаяқ та бірге көтерілді. Екеуі солай тіктесіп барды да сылқ түсті. Осының бәрі көзді ашып-жұмғанша, Қоспан атының басын бұрып қайта оралып жеткенше — Майлыаяқ жастығын алып жансыз сұлап жатты.


Тортөбел алқынып барады. Ойқастай шауып, оқыс тұра қалып жалт бұрылады. Қоспан қанша уақыт өткенін білмейді. Осының бәрі кейде бір сәтте ғана жалт еткен айқас болып елестесе, кейде мәңгі бақи таусылмайтын сергелдең боп көрінеді. Бұлт етіп жалтарған қасқыр алдырмайды. Қос бөрінің ортасына түсіп қалған Құтпанды екі рет арашалап алды. Бірақ қолы дағдысынан жаңылып қалғандай сілтеген шоқпары көздеген жеріне дарымайды. Қайта қасқырды өшіктіріп қоздыра түседі. Анда-санда үйме-жүйме топырлап, орғып, астан-кестен боп жатқан қойларды көріп қалады. Оған қайрылуға, олардың халін ойлауға да мұршасы жоқ.


Тай өгіздей арланды көзі шалып жүрген. Ол екі рет Құтпанмен де айқасып қалды. Бірақ әккі неме Қоспанның сойылын дарытпай қол астынан сытылып кете берді. Соны қуып жете беріп соңғы рет бар пәрменімен сілтегенде қолынан шоқпары түсіп кетті. Өзі де төңкеріліп ауып бара жатып бойын әзер түзеп алды. Енді темір үзеңгіні қару қылмақ боп жалма-жан сол жақ таралғысын ағыта берді. Осы кезде Тортөбел ыршып түсті, Қоспанды аударып кете жаздады. Ат баурынан бір нәрсе қылаң етті. Тортөбел ыршып аспанға атылып, шыңғыра кісінеді. Даусы құлақты тесіп барады. Қоспан еш нәрсені түсініп үлгермей тек үзеңгіден аяғын шығарып алды. Келесі сәтте атымен қоса қопарылып құлап бара жатты.


Құлаған аттың астынан аяғын тез суырып алып көтеріле бергенде — бір жақтан бұлт етіп шыға келген арлан қасқыр тура өзіне атылды. Қоспан да жан дәрмен қылып кеудесімен құлай ұмтылғанда қос қолы арланның мойнына ілікті. Қасқырдың алдыңғы аяғының тырнағы сырмағына қадалған екен, бар пәрменімен қарсы итеріп қалғанда мақтасын бұрқыратып өңірін айырып шықты. Енді қайтып тырнағын адамның кеудесіне іліктіре алмай алдыңғы аяғы ербең-ербең етеді. Бірақ сонда да бұлқынып қарсы шапшығысы келеді. Тегеуріні керім. Қоспанның саусақтары жып-жылы қылшығынан сытылып шығып кете жаздады. Қолын сәл босатыңқырап қайтадан қаттырақ қысып, бас бармағын алқымына батыра түсті.


Арланмен бір тізерлеп көтеріле берген қалпында ұстасып қалған. Енді түрегеліп кете алмады. Қасқыр артқы аяғына шіреніп қайта-қайта талпынады. Серпіні қатты. Кішкене оқыс қимыл жасап қозғалса-ақ жығып кететін түрі бар. Екеуі бір орыннан міз бақпай тіресті де қалды.


Арт жағында бір нәрсе тыпырлайды. Барлығып қырылдаған дыбыс шығады. Тортөбел екен жанталасып ышқынып жатқан. Бірнеше рет аяқ серпіп, жерді дүңкілдетіп тыпыршыды да сұлық тартты. Анда-санда тұяғымен құмды тырнаған дыбысы естіледі. Жануар жан тапсыра алмай қиналып жатыр. Қоспан арланды қос қолымен тіреп ұстап тұр. Қасқыр жырта қарыс аузын ашып, басын бұрып қолынан тістемекші болады. Бірақ жете алмайды, сала құлаш тілінің сілекейі жеңіне тиеді. Аздан кейін тағы да тыпырлап, алдыңғы аяғын сермеп қайрат қылды. Қыл мойыннан ұстаған саусағын бірте-бірте жоғарылатып алқымына таман әкеле жатыр. Бар дәрменін салып сығымдап қыса түседі. Жұқа терінің аржағынан мойын омыртқасының тастай қыры бармағына батып барады.


Осылай қанша тұрғанын өзі де білмейді. Тек қасқырдың әрекет қылуы азайып, әлсірей бастағанын сезеді. Танауына иттің исі сияқты күлімсі иіс келеді. Жыртқыштың бір жақ езуінен салақтап түскен тілі жыланның басындай қайқаң-қайқаң етеді. Орнынан көтеріліп дәрмені азайған қасқырды итеріп тастайын деп еді, қанша талпынса да қозғала алмады. Алдыңғы жағынан зіл қара тастай басып тұрған қасқыр денесін, сол жүрелеген күйі, жерге шегелеп тастаған. Бас бармағы жыртқыштың кеңірдегіне кіре түсті. Қаттырақ мытып жіберейін десе білегінен жан кетіп қалған — қолын қозғалта алмайды.


Құлағына Құтпанның ырылдаған даусы келеді. Ырс-ырс етіп бір қасқырмен әлі алысып жүр. Екеуінің дүбірі кейде дәл қасына тақап келіп, кейде алыстап кетеді. Бірде Құтпанның ырылы айбатты шығып, арс-арс етіп үріп қояды да, кейде үні әлсіреп өшіп бара жатады.


Арланның тілі салақтап түсіп кетті. Бүкіл денесі ышқына тартылып, серейген күйі тіп-тіке тұр. Қоспанның уысындағы мойын терісінің жылуы кетіп барады. Енді итеріп тастамақ боп ұмтылып көріп еді бір мүшесі қозғалмайды. Екі қолы ағаштай боп сіңірі тартылып, өлі қасқырмен бір тізерлеп ұстасқан қалпында — сол орында тапжылмай сіресті де қалды.


XIX


Бес-алты салт атты белуардан шөп тиеген екі шананы ертіп ен даланы кезіп жүр. Ауық-ауық екі-үш атты ойқастап ұзақ қырқаға шығып, маңайды сүзіп етеді. Бірақ тәулікке жуық кезсе де боран бүркеп бұлдыраған даладан көздеріне жалғыз қара түспеді. Қараңғыны сипалап келеді. Кейде бірін-бірі жоғалтып алып әзер табады. Алғашқыда серуенге баратындай көңілденіп, шуылдап келе жатқан балалардың екпіні басылып, еңселері түсіп кетіп еді, бүгін бесінге қарай күн ашылып қайта сергіді. Енді бұрынғыдай емес, шанадан қашып атқа мінуге таласады. Күмістей жарқырап жатқан ақ қарды сықырлатып, жан-жаққа жамырай шауып кетеді. Қаламүш айқай салып, тымағын бұлғап оларды әзер қайтарып алады.


Қарақияның талай қырқаларын арылтты. «Осы қалай» деген жердің бәрін тінтті, Қоспан ағасынан еш белгісі жоқ. Бұл топты Мінайдар атасы бастап келеді. Ат шаптырым атырапта ол білмейтін бір шұқыр жоқ. Қарт адамға түтеген боранда белгісіз ұзақ сапар қиын болар деп алып шыққысы келмеп еді. Шалдың өзі көнбеді. Қарт атасының бірге шыққанына қуанып келеді. Егер ол болмаса — тіпті қиын болады екен. Бұрқыраған боранның ішінде келе жатып әр қырқа мен төбені айнытпай таниды. Әрине басқа бір жайлы уақыт болса атасы әр төбенің тарихын, ол маңдағы өткен-кеткен оқиғаларды, көшкен ел, ұзатылған қыз, барымта, соғысты сөйлеп берер еді. Қаламүш атасына қайран болады. Мынау кең дала оның алдына жайып қойған кітап сияқты. Әр беті бір тарих. Кейде оның өзі де сол кітаптың бетінен шыққандай болып көрінетін. Қазір Мінайдар сөзге сараң, тек жол сілтеп, болжал-тұспалын ғана айтып келе жатыр. Қаламүш көбіне оны шанаға мінгізіп, пішенмен қымтап тастайды. Бірақ шал онысына көнбей:


— Балам-ау, сен мені жас балаша мәпелеп... қой әрі,— деп атқа мініп алады.


Алдағы қыратқа қиғаштау сыдыртып шыққан екі бала Жанұзақ пен Балақ бөркін бұлғайды. Қаламүш жақындап келгенде:


— Қой, қой!— деп айқайлайды.


Қаламүш еш нәрсе көре алмай «қайдағы қой» деп қастарына шауып келді. Екеуі аттарынан түсіп қар астынан бүйірі шыққан қойды аршып жатыр. Үңіле қарап, таныды. Өз отарындағы қара саулық.


— Келе жатсам бір нәрсе қараяды. О не екен деп...


— Жоқ, алдымен мен көрдім ғой. Жанұзақ-ау, анау не дегенім қайда.


— Жоқ, мен сен айтпастан бұрын көріп қалғанмын...


Екі бала таласып жатыр. Қаламүш тітіркеніп кетті.


Бірақ қорқынышқа ілесе «ағам осы маңда болар ма екен» деген үміт те жылт етті.


— Бұл қойдың өлгеніне екі тәулік шамасы болар-ау,— деді Мінайдар қойдың қатып далған денесін аударып көріп.— Бағытымыз дұрыс. Қоспанның беталысы Кішкене құм болды. Соңғы екі күнде жел бағыты да өзгеріп, ыңғай берді ғой. Сірә жеткен де шығар.


— Біз оған қашан жетеміз?


— Суыт жүрсек таң ата жетеміз. Түн ортасында аялдап аттарды жемдеп алармыз.— Мінайдар қинала ойланып қалды.— Көздерің жіті ғой, балалар, төңірекке зер сала отырыңдар.


Бұлар енді аялдамай үдере жүріп кетті. Атасы «Қоспан ендігі Кішкене құмға жеткен шығар» десе де Қаламүш елеңдеп келеді. Мүмкін бір жерде аялдап қалуы. «Осы қырқаның астынан шыға келмес пе екен» деп әр адырды асқан сайын алдына қарайды. Бір бүйірде, қаға беріс тасада қалып қоймады ма екен деп тағы елегзи. Күн батып барады.


Қаламүш баурайдағы үш-төрт кішкене төмпешікте секем алып, сол араға шауып келді. Жүрегі зуылдап қоя берді. Тағы да өліп жатқан қойлар. Қоспан ағасы тесік қапшыққа салып астық арқалаған адамдай ағызып-тамызып кетіп барады. Қай жерге барып жығылды екен?


Бұл жолы артынан шауып келген балалар да шуылдаспай тұнжырап тұна қалды. Бұлар өліктің ізімен келе жатыр екен.


XX


Бар денесін сығып, қатырып тастаған темір құрсау қозғалтпайды. Кеудесінен жаны кеткен қасқырмен бірге өзі де серейіп қатып қалған. Астына бүккен тізесі жазылатын емес. Көз алдында тілі салақтап, тісі ақсиған өлі арланның азуы. Ұмтылып талпынғысы келеді, бірақ білегінде жан жоқ. Бір кезде оң қолының саусағы сәл босаңсығандай болды. Салқын қылшықты сыпырып төмен қарай жайымен сусып келеді. Бар күшімен шірене ұмтылғанда бойындағы құрсауы үзіліп кетті де, орнынан ошарыла түрегелді. Оң қолымен сол қолының саусақтарын уқалап ақырын босатып алды. Арлан сол серейген күйі гүрс етіп құлап түсті.


Қоспан илікпей қалған сол қолын ұзақ уқалады. Біраздан кейін барып қарына жан еніп, саусағы қимылдап, шынтағы бүгілді. Бірақ зор денесінің салмағы үш-төрт есе ауырлап жерге шөгіп барады. Бар арман-тілегі — жату. Басына қорғасын құйып қойғандай ешбір ой селт етпейді, тек еңсесін төмен тартады. Шынтақтап құлай бергенде шекесі найзадай бір нәрсеге соғып, көзінен ұшқын жарқ етті. Басын оқыс көтеріп, жан-жағына қарады. Дәл қасыңа киген бір нәрсе қарауытады. Тортөбел екен. Басы ердің қасына тиіпті. «Тұру керек» деп ойлады. Бірақ орнынан тапжылмады. «Тұру керек, тұру керек...» Мән-мағынасын өзі ұқпай, осы бұйрық-ойды іштей қайталай берді. Бір кезде қолын таянып, қара тастай денесін жерден әзер дегенде үзіп алды. Селтиіп аз тұрды да зілдей аяғын сүйретіп жүріп кетті.


Аспанды торлаған шарбы бұлт әр жерге бір шудасын үзіп тастап жоғалып кеткен. Ай сүттей жарық. Құм арасындағы табақ шұқырға бұлдыраған көбік сәулесін толтырған. Әр жерде сұлап-сұлап жатқан қойлар. Көбінің шабы жарылып ішек-қарны ақтарылған. Анау ат жалдың ернеуінде де бір-екеуінің денесі қарауытады. Аяғының астында бір нәрсе былқ етті, сүрініп кете жаздады. Қасқырдың өлігі екен. Әрегіректе қылаң беріп бозарып жатқан Майлыаяқтың денесі. Онымен қабаттаса тағы бір қасқыр құлаған. Бас-баяғы үш қасқыр соғылыпты. Өзгесінің қанша екенін, қайда кеткенін Қоспан білмейді. Бірақ қойдың шығыны көп. Аттаған сайын өлік. Бейне қанды қырғын соғыстан кейінгі ұрыс даласы сияқты. Тірі қалған жалғыз солдат тәлтіректеп аралап жүр. Маңайында қыбыр еткен тірі жәндік жоқ. Жер жұтып қойғандай сыңар қой көзіне түспейді. Қайта айналып Тортөбелдің қасына келді. Төрт аяғының сіңірін созып серейіп, басын шалқайтқан қалпында жан тапсырыпты. Шабынан ақтарылған қарны ағарады. Қоспан сазарып біраз тұрды.


Кенет шошынып селт етті. Аяғының астында бір нәрсе дыбырлайды. Құтпан... Қай жақтан келіп қалғанын да білмеді. Қыңсылап денесіндегі жарақатын жалайды. Тағы бір тірі жәндік бар екен. Ит те болса серік, қара ғой... Қоспан Тортөбелдің айылын ағытып, ер-тоқымын алды. Жүгенін сыпырды. Қарысып қалған жағынан ауыздығын әзер шығарды. Тоқымды төсеп Құтпанды жатқызды да, өзі ілбіп қырға қарай кетті.


Жабыла шапқан қасқырдан шошынған азғана қой бөрліге қашып, шашырап құм арасына сіңіп кеткен. Қоспан қой іздеп келе ме, әншейін төк басының ауған жағына қаңғалап келе ме, өзі де білмейді. Соңынан Құтпан қуып жетті. О да жалғыз өзі кілең өліктің арасында жата алмады ма екен. Күлгін-буалдыр ай сәулесінен теңселген құмның арасында екеуі аруақтай қаңғалақтап келе жатыр.


Бір шұқырда он шақты қой жатыр. Қоспан қасына келгенде шеткі біреуі алдыңғы аяғына көтеріле берді де қайта жатып қалды. Келесі шұқырдан бес-алты қой және табылды. Алысқа ұзап қаша алмапты. Қоспан әр шұқырдан екеу-үшеуін теріп алып бір жерге жинамақ болады. Жүрісі сылбыр, басы мең-зең. Бір кезде тұла бойы ысып бара жатты. Аузынан шыққан демі өрттей шарпиды. Бірақ лезде тісі қарш-қарш етіп қалшылдап қайта тоңады. Жалын мен мұз арпалысып денесін кезек қариды. Кейде көзі бұлдырап түк көрмей кетеді. Бір жылы орын тауып жата қалса... Тіпті құмның ішіне сүңгіп кетсе... Кіресілі-шығасылы есімен тонын іздейді. Қайда қойып еді? Манағы қасқырмен алысқан кең шұңқырдың бір жерінде. Солай қарай жүрді. Жиі-жиі көзі бұлдырайды. Ай сәулесі тұтасқан буалдыр тұманға айналып кетеді. Сол буалдыр тұманды кешіп келеді, кешіп келеді. Шегіне шығар емес. Сөйтсе қолынан жетелеп келе жатқан Жаңыл екен. Үн-түнсіз, майда қимылмен жетелеп әкелді де жұп-жұмсақ мамық төсекке ақырын жантайта салды. Неткен жайлы рақат төсек.


Айлы түнде иесіз құмның арасында зор денелі адам жүр сенделіп. Құлдырап шұқырға түсіп аяғын әлтек-тәлтек басып қайта шығады. Соңынан екі елі қалмай арлан төбет еріп жүр. Қаңғалақтап табақ шұқырға жетті. Қарауытып жатқан бір нәрсеге таяу барып, соны шыр айнала берді. Бір кезде тәлтіректеп барып құлай кетті.


Жаңа ғана жаны тынышталып тәтті ұйқыға батып еді, біреу иығынан жұлқылайды. Үстіндегі жылы көрпесін сыпырып алған, арқасын аяз қарып барады. Жаңыл... Жаңыл қайда? Қоспан қалтыраса да тұрғысы келмей біраз жатып, басын көтерді. Әлденеге елегізіп Құтпан қыңсылайды. Төңірек бұлдыр. Аз отырып есін жиды. Өзінің халін анық түсінді. Жаңыл алыста. Арада алпыс-жетпіс шақырым қар басқан жолсыз дала жатыр. Шығанда елсіз Кішкене құмның ішінде жалғыз өзі... Аттан айрылған, жаяу. Бойында батпандап кірген сырқаты бар... Жеткен жерінің осы болғаны ма?


Жаңыл... Сүлдері Қостағанда, қыстауда болғанмен — бар ықлас-тынысы осы құмның арасында, қасында емес пе. Төрт күн соққан боранда жаны дызығып ақ дүлейдің ішінде Қоспанмен бірге жүргені өзіне аян. Қауіп-қатер төнгенде көзі үрпиіп, шошынып, талықсыған тыныс сағатында жұмсақ қолымен, тынысымен жылытып жанында тұрып еді ғой. Бір кездегі қара көзі ықлас, махаббатпен ғана мөлдіреп тұрған қара торы жас келіншек — қазір ат жақты бетінің қалың терісі қатпарлана бастаған, жанарына ой кірген кексе қара қатын болды. Үй алдындағы тал шыбықтың бойлап өсіп бұтағы қатайған, қабығы тозған терек болғанын кісі байқамайды. Оның балауса кезі де жадында сақтала бермейді. Сонау жылдарғы момын, күйеуіне ғана табынатын панасыз Жаңылдың есейіп, қиын кезде өзіне мықты тірек болғанын, жұртта қалып қойғандай боп торыққан шағында өмірдің үлкен сүрлеуіне алып шығып, демеу болып қасында келе жатқанын Қоспан мән беріп аңғармаған сияқты. Мүшесі сау адам қай қолының артық, кем қимылдағанына мән беріп, бағалап отыра ма. Жаңыл мен Қоспан бір денедегі екі қол сияқты. Бірінсіз бірінің сыңар болып қалуын Қоспан тіпті түсінбейтін, және олай болады-ау деп ойлап та көрген емес еді. Ал, қазір... Қоспан қатты шошынды.


Алысу керек. Тырмысу керек... Тіршіліктің бір сүйемі қалса да пұшпағынан тістеп алып, айрылмау керек. Қоспан тағы да теңселіп жүр. Денедегі ыстық азаймаса да басы сергіп, ойы айқындалып келеді. Бар қайратын жиып не де болса шыдауға бекінді. Арттағы ел өлімге қиып, қарап отырмаған шығар. Қаламүш... Кеудесінде жаны болса Қаламүш шыдап отырар ма! Айналайын, ен даланы тінткілеп, шарқ ұрып жүр ғой. Табар ақыры... «Дені дұрыс адамның құтылмайтын пәлесі жоқ». Кімнің сөзі еді. Иә, иә... Құтылмайтын пәлесі жоқ. От... От жағу керек.


Қоспан тонын жамылып құм-қыратқа шықты. Дүзген сындырады. Көзі қарауытып әлсіреп бара жатса тонға оранып қисая кетеді. Сәлден кейін есін жиып қайта қимылдайды. Осылай ұзақ әлектеніп отын жинап алып, ақыры от жақты. Қыстың ұзақ таңы атып болмады. Қоспан кейде ұйқылы, кейде ояу, бірде шатасып, бірде есі кіріп арпалыса берді. Бар мақсаты алысу, арпалысу ғана. Сандырақтап жатып та соны ойлайды. Бір сәтке қалжыраған денесіне ерік беріп, үстінен басқан зіл салмақтың астында шөгіп қалса — қайтып тұра алмайды. Бітіре алмаған, тындыра алмаған зор шаруасы қалған сияқты. Соны тындырмай тұрып тыным алуға болмайды. Осы бір мағынасы бұлдыр ой-сезім бар еркін билеп алды. Қандай істі тындыра алмағанын Қоспан өзі де білмейді. Бірақ әйтеуір ойсырап қалған бір шаруасы бар.


Кейде тұнған судай ойы сараланып айқындала түседі.


Шешілмеген бір жұмбағының мағынасын тапқандай. Онысы Қасболат. Сырмінез болып жүріп сырын алдырмаған бір жан. Сонау арасат кезде сол үшін басын оққа байлаған солдатын сатып кеткен жоқ па еді? Қиын-қыстауда опа бермеген адамнан қандай қайыр күтті? Әлде біраз жыл түртпек көріп, шетқақпай болған қамкөңіл маңдайдан сипағанға баладай алданып, елп ете қалғаны ма?


Қоспан қинала ойланып қалды. Көңілге алған үлкен сапарынан бөгеліп қалған адамдай қынжылады. Желкесін басқан кежірден арылып, өрісі ашылған кезде — ой түбінде қат-қабат жатқан қойшы мұңын, ел мұқтажын анық айтатын кезінде тізгінін Қасболатқа беріпті. Желдің бетіне өзі шығып, білекті сыбанып айқасатын шағында соның ығында кетіпті.


Қасболат... Сырын ұқтырмайтын тереңі бар ма еді соның? Былтыр күзде отарына үш жүз тоқтыны қосарда Құмар құлағына сыбырлап... «Біздің бастықтың түп тамыры босаңқырап қалған сияқты, соны қоймен нығыздамақ» деген жоқ па еді? Бір басының мансабы үшін үйелменді жұртты арандатып алғаны ғой мынау.


Қасболаттың бетіне тіке қарайтын, өткені мен бүгінгісі үшін жауап сұрайтын кезі жеткен жоқ па енді? Тіпті өзі үшін болмаса да анау еңбегі зая кеткен өзгелер үшін, Қаламүш үшін. Қаламүш... Ғалымжан... Қоспан ағасына дегенде шығар жаны басқа еді ғой. Тірі болса таппай қоймас. Қаламүш... Соңына ерген қарасы. Не бөтендігі бар еді. Артындағы тұяғы емес пе. Ағасының жолын қуып қой бағуға келді. Өмір-тірлігінің мұрагері. Тоқта, тоқта... Сонау Аттан шоқыдан бері қарай шашылып келіп, енді мынау жайрап жатқан сол Қаламүштің қойы емес пе? Соңында ерген жалғыз қарасына не бермек, қандай мұра қалдырмақ Қоспан? Баяғы ақ таяғы ма ұстататыны... Ол артынан өзі сияқты жас өрімдерді ертіп келмек еді ғой. Аялаған арманы бар емес пе еді? Қоспан ағасы сол арманына ара түсе алды ма?


Қасболаттың шаужайына неге мықтап тұрып жармаспады? Сонау Алматыға барғанда неге қақсап тұрып айтпады? Қандай кежір жөлкесінен тартып, еңсесін басқан?


Бітіре алмаған, тындыра алмаған шаруасы, жазатайым қаза болса арқалап кетер борышы...


Ақыры таң атты. Қоспан аурудан тұрғандай сүйегі салдырап қалған, сүлесоқ халде. Бірақ денесін сығып ұстаған құрсау үзіліп, басы жеңілдеп, ой көңілі сергіп те шықты. Осы бір дозақ түнде қауіп-қатер, азап-мехнатпен қоса ауыр-ауыр ойлар кешті. Бұл сапар өз өміріндегі бір белес екен. Енді соны артқа тастап шағыл құмды кешіп келе жатыр. Әлдекімге сілтегісі келгендей иығына артып алған ақ таяғын қыса түседі. Алдында осы күнге дейін тындыра алмаған үлкен шаруасы бар, алдында шығар күннің сәулесімен күмістей жарқыраған алып ақ дала жатыр керіліп.


Ақ ақырдың беліне қылаң етіп жалғыз атты шыға келді. Оған ілесе тағы біреуі көрінді. Ойқастай шауып және бір үш атты қатар шықты. Алдыңғысы Күреңқасқа. Қаламүш!.. Жеткен екен ғой, айналайын. Ағасын танып құйғытып келеді. Соңында жамырай шапқан жас өрім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу